• Заманхат
  • 08 Ақпан, 2012

«Кіші Ресей» қалай қазақыланды?

Есенәлі ЕРАЛЫ, журналист «Адам – керуен, өмір – жол», – дейді қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллин. Шынында да Өмір атты ұзақ жолдың үстінде қаншама адамдармен сапарлас боласың. Танысасың. Тілдесесің. Білісесің. Сырлас боласың, мұңдас боласың. Қызметтес боласың. Өмір – жол біткенше адам-керуен де тоқтамайды. Ал енді сол адамдардың жақсы, жаманын қалай айыруға болады? Жүсіп Баласағұни бабамыздан: «Кісі танымақ болсаң, ісіне қара» деген сөз қалыпты. Қаншама ғасырлар өтсе де бұл сөз өзінің мән-мағынасын жоғалтпаған екен. Бүгінгі күннің талабына да дөп келеді. Мен әріптесім, журналист, ақын, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Мырзахан Ахметті танымай тұрып, оның істерімен сырттай таныс болған едім. Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданында аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы, аудандық Мәслихаттың хатшысы, аудан әкімінің орынбасары сияқты лауазымдық қызметтерде істеді. Осы ауданнан шыққан қаламгерлердің ауыздарынан Мырзаханның атын жиі естіп жүрдім. Өйткені ол осынау жуалылық қаламгерлердің бірінің авторлық кешін немесе оқырмандармен кездесуін ұйымдастырып, енді бірінің баспадан шыққан кітаптарын таратуға белсене кірісіп жатса, енді бірде баспасөз саласында қызмет істейтін әріптестері үшін баспасөзге жазылу науқанына барын салып, оларға көмектесіп жүретін. Ауданда өткен мәдениет пен өнер саласына қатысты қандай да бір шара болмасын Мырзахансыз өтпейді. Бәрінің басы-қасында сол жүреді. Менің айтпағым бұл да емес әрине. Сөздің реті келген соң айтып отырғаным ғой. Мақаламның тақырыбы айтып тұрғанындай, аудандағы орысшаланып кеткен елді мекендердің, жер, су атауларының бұрынғы тарихи атауларын қайтаруға, қалпына келтіруге Мырзаханның сіңірген еңбегін айтпақшы едім. Мұның да өзіндік себебі бар әрине. Жолымыз түсіп осы ауданның біраз ауылдарында болып, елдің азаматтарымен арада болған әңгімелерде Мырзаханнның аты-жөні жиі ауызға алынған. Бәрінің де айтатыны: – Орыстанып кеткен ауылдардың бұрынғы атауларын қазақшалауға Мырзаханның еңбегі көп сіңді. – Жуалының төл перзенті, атағы айдай әлемге батырлығымен де, жазушылығымен де белгілі болған Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабына, Қазақстанның Халық жазушысы, жер¬лесіміз Шерхан Мұртазаның шығармаларына арқау болған, тіпті Адамзаттың Айтматов тебірене суреттеген Жуалы жері бір кездері «кіші Ресейге» айналғандай еді. Мырзахан Ахметтің күш салуымен қазақыланды ғой, – деген сияқты шынайы пікірлер. Әріптесіміздің атына бағыштап айтылған жақсы сөз біздің де жанымызды жақсы әсерге бөледі. Мырзахандай елге жасаған жақсылығын міндет етпей жасайтын, оны азаматтық міндетім, туған ел алдындағы парызым деп білетін азаматтың көз алдымызда-ақ биіктеп бара жатқан тұлғасын, кісілік келбетін айтпауға біздің де азаматтық ар-ожданымыз жібермеді. Еріксіз қолға қалам алдық. Бұл өлкенің бір атауы – Мыңбұлақ. VІІ ғасырда Қытай саяхатшысы Сюань- Цзянь былай деп жазған екен: «Мыңбұлақ жерінің оңтүстік басын мұзарт басқан биік таулар қоршайды... Суы мол, орман-тоғайы тұнып тұр. Көктемнің соңғы айында жайқалып өскен түрлі-түсті гүлдер шебердің қолынан шық¬¬қан әсем кілемдей көздің жауын алады. Мұн¬дағы сай-сай болып аққан мөлдір бұлақтардан аяқ алып жүргісіз. Сондықтан да «Мыңбұлақ» атанған. Түріктердің ханы жылда ыстық жақтан ығысып, жазда ұдайы осында демалады. Мұнда мойнына қоңырау таққан бұғы, елік көп кездеседі. Адамдарға үйренгені сонша, қасына барсаң да қашпайды. Хан еліктерді жақсы көрді. Солардың жайылып жүргеніне қарап, рахаттанып отырады. Ол өз қол астындағы елге арнап жарлық шығарды. Онда кімде-кім бір елікті өлтірсе, табанда өлім жазасына тартылады делінген». Бұл өлке ежелден-ақ жат жерліктердің көкейін тесіп келгені рас. Ресей билеушісі де сұғын көп қадаған. Өйткені өңірдің табиғаты, өсімдік дүниесі мен топырағының құнарлылығы, жер асты байлығы олардың көкейіне құрт түсірген еді. Сондықтан осылай қарай ғылыми экспедиция дегенді желеу еткен орыстар ағылып келе бастады да, аз жылдарда-ақ Жуалы өңірін орыс мұжықтары иеленіп шыға келді. Көптеген елді мекендер Алексеевка, Петровка, Зыковка, Юрьевка, Евгеньевка, Кременевка, Казанка, Ясная поляна, Самсоновка, Братск, Гаваевка болып орыс атауларын иеленіп алды. Бұл атаулар 90-шы жылдардың басына дейін сіресіп, өзгеріссіз жетті. 70 жылдан астам уақыт кеңестік жүйенің қамалын бұзып, елді мекендердің тарихи атауларын қалпына келтіруге ауданда алғашқылардың бірі болып Мырзахан Ахмет кіріседі. 1989 жылдың ақпан айында аудандық «Жаңа өмір» газетіне редактор болып тағайындалған ол тәуекелге бел буып «Ауыл-село атауларын қалпына келтірейік» деген тақырыппен көлемді мақала жариялайды. «А. Мурзин» деген әдеби бүркеншік атпен шыққан бұл мақалаға екінші автор болып қол қоюға ұлтжанды азамат, белгілі заңгер Ораз Айтбайұлы деген пікірлес ағасы өзінің келісімін береді. Сол 1989 жылдың 13 маусымында жарияланған мақала аудандағы «мылтықсыз майданның» басы болды. Жуалы өңіріндегі ауыл-селолардан бөлек, ауылдық кеңестер де, колхоздар мен совхоздар да түгелге жуық орысшаланып кеткен екен. Мақалада олардың бәрі де жіпке тізгендей түгел аталған. Мақалада автор өзінің жүрек түкпірінде көптен бері бұлқынып жатқан сезімдерін сыртқа шығарған екен. Енді сол мақаладан үзінді келтіре кетейін: «Жуалы өңіріндегі көптеген елді мекендер Евгеньевка, Алексеевка, Петровка, Кременевка, Андреевка, т.с.с. болып аталады. Бұл бүгінде құлағымызға әбден сіңісті болып кеткен атаулар. Бір қарағанда мұның ешқандай сөкеттігі жоқ болып көрінгенімен, осы есімдердің иелері кімдер, олар халық алдында еңбегі сіңген адамдар ма? Олар сондай құрметке лайықты жандар болса – аялайық, құрметтейік, ағайын. Бірақ әңгіменің мәні бұдан тереңірек жатқан сияқты.Тарихи деректерге сүйенер болсақ, көп нәрсенің қатпарлары ашылғалы тұрғандай. Мұндай атаулардың қалыптасуы, біздіңше, өткен ғасырлардағы патшалы Ресейдің көршілес жатқан бұратана халықтарды күшпен отарлау саясатының салдары. Бұған келтірер дәлеліміз де баршылық. Айталық, патша армиясының генералы М.Г. Черня¬евтің Оңтүстік Қазақстан аймағын Ресейге қосуда жүген¬сіздікке жол бергені кімге құпия? Орыс генералының опасыздығынан көшпелі халықтың қаны жөнсіз төгілді, жаз-жайлауынан, қыс-қыстауынан айрылды. Осы әділетсіздікті көзімен көріп, жүрегі шайлыққан Шоқан Уәлиханов онымен тіл табыса алмай қайтып кетпейтін бе еді. Әлбетте, патша армиясының баскесер генералының отаршылдық саясатты жүзеге асыру мақсатында жасаған қантөгісі царизм үшін ілгері қадам болғаны анық, ал адам¬гершілік пен иман тұрғысынан қарасақ, ол қаскү¬немдік пен қаскөйліктен басқа ештеңе де емес. Сол кезде оңтүстіктегі елді мекеннің біріне баскесер Черняевтің аты берілген екен. Ол күні бүгінге дейін солай аталады. Түлкібас ауданының орталығы да бүгінде Ванновский есімді баскесер генералдың атында. Олардың тума-туыстары да бір-бір елді мекенге ие. Біздің ауданымыздағы ауыл атаулары да осындай себептерден қалған». Осы мақалада аудандағы ауыл-селолардың ежелгі атаулары қалай болғанын сұрастырып, көпшілікті ортақ әңгімеге тартатын тұстар да бар. Газетте жарияланған бұл мақала оқырманның кө¬кейінен шыққаны даусыз. Редакцияға хаттар жауып кетті. Олардың авторлары ауылдарының ежелгі атауларын айтып, ауылдарының тарихи атауларының қайтарылуын армандайтынын білдіреді. Қаншама тарихи деректер мен мәліметтер беретін оқырмандар хаттары да «Жазылған жайдың жаңғырығы» деген айдармен тұрақты жарияланып тұрды. Мұндай хаттармен келген пікірлер топтастырылып, аудандық «Новая жизнь» газетінде де басылып жатты. Әрине бұл орыс тілді шенеуніктерге ұнаған жоқ... 1990 жылдың көктемінде Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің облыстық ономастикалық және топонимика комиссиясын құру туралы шешімі шығып, осыған дейін басталған іске тың серпін бергендей болды. Мырзахан Ахмет 7 адамнан комиссия құруға байлам жасап, оның мүшелерін іріктеуге кіріседі. Оған мүшелікке бойында қазақтың қаны ойнайтын, ұлттық мүддені білетін, ақыл-парасаты жететін азаматтарды тарта білді. Сөйтіп комиссияның құрамы аудандық атқару комитетінің мәжілісіне бекітілді. Комиссия төрағасы болып М.Ахмет сайланады. Комиссияның алғашқы отырысында-ақ жергі¬лікті кеңестердің ұсынысымен Алексеевка селосы – Көлтоған ауылы, Луначарка селосы – Рысбек батыр ауылы, Луначарка селолық кеңесі – Боралдай ауылдық кеңесі, Кантемировка селосы – Қошқарата ауылы, Некрасов селосы – Ақтасты ауылы болып өзгертілді. Келесі мәжілісте комиссия Кременевка селосын – Шақпақата, Самсоновка селосын – Күреңбел ауылы деп бекітті. Дегенмен комиссия қарауына ұсыныс түсіруге асықпағандар да болмай қалған жоқ. Кеңес өкіметінің шаңырағы шайқалып, одақтың ыдырауы жақындай түсіп, әрі-сәрі күй кеше бастаған аумалы кезең болатын. Сондықтан әліптің артын күткендер тым-тырыс отыра берді. Алайда тіршіліктің бұлайша кертартпалығына алаңдаушылықпен қараған Мырзахан «кіші Ресейді» қазақыландыру бағытындағы ісін аяғына дейін жеткізбей тоқтамайтынын аңғартып, газетінің бетінде жиі-жиі мәселе көтеріп, мақалалар топтамаларын жариялап тұрды.Тіпті ауыл-ауылдарды аралап, елді мекендерге тарихи атауларын қайтару қажеттігі туралы ел-жұртпен кездесіп, арнайы әңгімелер өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. – Қарағым-ау, ауылымыздың атын өзгертіп қайтесің? Аузымыз үйреніп қалған Андреевкамыз, Самсоновкамыз жақсы емес пе? – дегендер де болды. Ауылдың үлкендері, қариялары деген¬дердің өздері осылай десе амалың қайсы? Айтқанға түсінбесе, мен де көндім деп көңілжықпастыққа салынбады Мырзахан. Үгіт-насихаттың басқа, тиімді жолын тапты. Облыстық телеарна арқылы сөйлеп, жоғарыдағыдай қарияларды, ауыл тұрғындарының сөздерін мысалға келтіре отырып, көпшіліктің жүрегіне жетердей, намысына қамшы болып тиетіндей сөздерді түйдек-түйдек айтуына мәжбүр болды. Мұның әсері болмай қалған жоқ. Осы хабардан кейін-ақ ауылда тұратын қаншама тұрғындар, қария-ақсақалдар аудандық газеттің редакциясына келіп: – Кеше теледидардан сөйлеген сөзіңді естіп, қатты ұялдық. Енді ауылымыздың атын өзгертпесек болмайды, – дейді. Әрине аудан басшыларына, орыс тілді қауымға жақпай қаламыз ба деп қауіптеніп, жалтақтық, солқылдақтық танытқан ел ағалары да көп болғаны рас. Оның үстіне осы кезеңде тіл мәселесі де қозғалып, біраз шаруалар қолға алынған болатын. Мырзахан Ахмет аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайланды да, енді ономастика мен тіл саясатын қоса жүргізуге міндеткер болып қалды. Халықпен болған кездесулерде, алқалы мәжілістерде ол осы екі мәселені де қатар көтеріп отырды. Мәселені көтеріп қана қойған жоқ, бел шешіп, білек сыбанып жұмыс жасады. – Атқарылған жұмыстардың бәрін өзім ғана істедім десем мақтанғандық болар. Маған осы істе ауданда жаңа құрылған «Азат» қозғалысының төрағасы Жамбыл Шоқыбасов, «Семей-Невада» қоз¬ғалысының төрағасы Жарылқасын Қананов және осы қозғалыстың мүшесі болған, өмірден қыр¬шын кеткен талантты ақын Бауыржан Үсенов, Жиден Тәтенов сияқты көптеген азаматтар көмекке келген еді. Әрине көптің аты – көп, көпшіліктің үні – асқақ. Сол азаматтардың көмегімен ономастика мәселесін жеріне жеткізуге, ауданда туған тіліміздің туын жоғары көтеруімізге қол жеткені ақиқат. Сөйтіп, бас-аяғы екі-үш жылда Жуалы өңіріндегі елді-мекендердің басым көпшілігі өзде¬рінің тарихи атауларына ие болды, – дейді Мырзахан әріптесіміз. Осылайша аудандағы елді мекен¬дердің, ауылдық кеңестер мен шаруашылықтардың елуге жуығының аты қазақшаланды. Ал 1991 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы Естемес Аманбековтің тікелей қолдауымен және ұсынысымен Бурный ауылына Жуалының дауылпаз перзенті, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Міне, 90-шы жылдардың бас кезінде болған осындай зор ұмтылыстардың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің, патриоттық құлшыныстардың арқасында «кіші Ресей» атанып кеткен Жуалы өңіріндегі елді мекендер өздерінің тарихи атауларына ие болған еді. Таяқтан тайсалмасаң, Семсерден сескенбесең, Жеңдім дей бер... деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, шынында да сіресіп қалған тонды бұзып, қалыптасып қалған атауларды өзгертуде «таяқтан тайсалмаған, семсерден сескенбеген» Мырзахандай ұлтжанды азаматтың жасампаз еңбегін қалайша ерлікке бағаламассың! Бір қызығы, ол осының бәрін мен істедім деп айтқан емес, айтпайды да. Ол үшін елі айтады. Солардан естіп -білген соң ғана біз айтып отырмыз. «Отанға деген сүйіспеншілік ата-анаңа, бауырларыңа, туып-өскен ауылыңа, қалаңа, өз ұлтыңа деген махаббаттан басталады», – дейді Бауыржан Момышұлы. Меніңше, ұлы Баукеңнің осы сөздері Мырзахандай елі үшін басын тәуекелге тігіп, жан-тәнімен қызмет қылып жүрген нар азаматқа арналған сияқты. Иә, дәл солай.

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз