• Ұлттану
  • 18 Тамыз, 2014

Мемлекеттік туды брезент ретінде пайдаланған алматылық жүргізуші жауапкершілікке тартылды

Алматыда жүк көлігінің жүргізушісі мемлекеттік туды брезент ретінде қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Интернет бетінде жүк көлігіне брезент ретінде жабылған Мемлекеттік туға қатысты шыққан фотосуретке байланысты Алматы қалалық ІІД тексеру жүргізіп, сол көліктің жүргізушісін анықтады. Ол - Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны, 1988 жылы туған азамат болып шықты» делінген хабарламада.

«Бұл азамат сол жүк көлігімен бір құрылыс нысанынан қоқыс шығарғанын және оны алдында тауып алған Мемлекеттік тумен жапқанын айтқан. Алматы қаласының Медеу аудандық ІІБ учаскелік инспекторы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 354-1 бабында қаралған құқықбұзушылықтар, яғни Мемлекеттік туды қолдану тәртібін бұзғандық әрекеті бойынша әкімшілік өндірістік іс қозғады. 1x2 метрлік Мемлекеттік ту аталған азаматтың мекен-жайынан табылды» - деді Алматы қ. ІІД ресми өкілі, полиция майоры Салтанат Әзірбек.

Тиісті ведомствоның ақпараты бойынша, жоғарыда аталған бапта көрсетілген тәртіпке сәйкес, заң бұзушыға 200 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделген. Таяу уақытта бұл азаматтың үстінен шешім шығару үшін іс Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотына тартылады.

310 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз