• Ұлттану
  • 08 Ақпан, 2012

НАРЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР және ұлттық менталитетіміздегі жер мәселесі

Жұмали ШАРАҚЫМБАЙҰЛЫ,

профессор

Өмірбай МОЛДАБАЕВ, аға ғылыми қызметкер

Нарықтың мағынасы жөнінде экономикалық әдебиеттерде әртүрлі түсініктер беріледі. Онда экономикалық категорияның сан алуан қырлары көрсетіледі, рыноктың дамуы мен оның рөлінің өзгеруіне байланысты ол туралы түсініктер де көп өзгеріске түсті. Алғашында рынок – сауда жасайтын орын, базар және нарықтық алаң деп түсінілді, қазір де қатардағы халық солай санайды. Дегенмен, оның анықтамасы қалыптасып үлгерді: рынок – тауарларды сату-сатып алу орны, сауда мәмілесін жасайтын жер. «Рынок» сөзін оның орналасу орнына қатысты қолданған дұрыс. Ал осы орында жүргізілетін жұмыстар туралы мәселе көтергенде «нарық», «нарықтық қатынастар» сөздерін пайдалану дұрыс.

Дегенмен, нарық туралы мұнан да кең түсініктер бар: ХІХ ғасырдың аяғында француз экономисі Антуан О. Курно: «рынок» терминін экономистер қандай да бір нақты нарықтық алаң деп қарастырмаған, белгілі бір ауданда немесе кеңістікте сатып алушылар мен сатушылардың қарым-қатынастары еркін жүргені сондай, бір-біріне ұқсас тауарларға бағалар оп-оңай және тез арада бірдей болып шыға келеді деген. Өз кезегінде американдық экономист Уильям Джевонс та рынокқа кеңірек түсінік берген: «Алғашқыда рынокты қала ішіндегі ашық орын деп қарадық, онда тамақтық азық-түліктер мен әр түрлі заттар сатуға қойылады. Кейінірек бұл түсінік жалпылана келе біршама кеңейтілді, яғни ол адамдардың әрқилы топтарының бір-бірімен тығыз іскерлік қатынастармен байланысатын яғни қандай да болсын тауар бойынша ірі мәмілелер жасалатын орын».

Ал, көптеген экономистер «рынок» түсінігіне «тауар өндірісі мен ақша айналымы заңдары ұйымдасқан алмастыру» деген сипаттама береді. Енді бір авторлар рынокты «жай ғана алмастыру емес, тауар мен ақшаның өзара тұрақты іс-әрекетіне негізделген экономикалық қатынастардың жиынтығы» деп қарастырады.

Батыс елдеріндегі экономикалық әдебиеттерде де «рынок» туралы әрқилы ұғым бар. Мысалы, Ф. Котлер рынокты «потенциалды және араласып жүрген тауар сатып алушылардың жиынтығы», экономистер Э. Долан мен Д. Линдсей оны «адамдардың сауда үшін бір-бірімен әр түрлі іс-әрекетке түсуі» деп баға береді. К. Макконнелл мен С. Брюдің айтуынша «рынок – сатып алушылар (сұраныстың өкілдері) мен жекелеген тауарлар мен қызметтерді сатушыларды (жеткізіп берушілерді) бір-бірімен жолықтыратын құрал немесе механизм».

Ресей және Қазақстан ғалымдары рыноктың жоғарыдағы түсініктерімен келісе отырып, оған біршама толықтырулар енгізді. Ол сипаттамалар рыноктың өндірістік үздіксіз қырын ашпайды. Сондықтан, рынокқа тауарлы-ақша қатынастарына және бәсекеге негізделген үздіксіз өндірістік байланыстарды қалыптастыру мен дамытудың механизмі деп қарау қажет.

Сонымен, нарықтық қатынастарға көшкен елдердің ғалым-экономистері рынокқа мына төмендегідей интерпретация береді: рынок – экономиканы ұйымдастыру мен жұмыс жүргізудің қоғамдық формасы, мұндағы шаруашылық жүргі¬зу субъектілері өздеріне сатып алушыларды, сатушыларды, бағаны таңдауды, ресурстардың көз¬дерін қалыптастыру мен пайдалануды өз ерікте-рімен шешуімен сипатталады. Осының бәрі әрбір рыноктың өзіне тән ерекшеліктері барын көрсетеді және американдық, қытайлық, жапондық, ресейлік, қазақстандық және басқа да рыноктар жөнінде сөз қозғауға негіз болады.

Қазақстандық ғалымдардың пікірлерінше (Ғ.Калиев, Т. Есіркепов, Р. Ауытов, М. Оспанов, Х. Ертазин, Ғ. Мәдиев, Ж. Шарақымбаев және т.б.) рынок пен нарықтық экономика бір-бірімен өте тығыз байланысқан құбылыс, оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Нарықтық экономика дегеніміз – ерікті, өзінен-өзі реттелетін, кәсіпкерлер мен меншік иелері және өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы экономикалық қатынастардың жиынтығы. Ол өзара тиімділікке негізделеді және ең төменгі деңгейде болса да мемлекет тарапынан реттеліп тұрады.

Нағыз нарықтық қатынас немесе рынок өте күр¬делі, кең көлемді түсінік. Ол мемлекеттік, коопе¬ративтік және жеке саудалардың бәрінде бірдей жүреді. Ашық және еркін сауда (сату) объектілері тек қана тамақ, киім, тұрмыстық тауарлармен шек¬теліп қоймайды. Сондай-ақ жер, ғимарат, құрал-сайман, отын, электр қуаты, тұрғын үй, алтын, бағалы заттар, ақша, күміс, жұмыс күші т.б. сатуға, сатып алуға болады.

Көп жағдайда «нарық» (рынок) экономикалық категория есебінде, қоғамның шаруашылық негізі ретінде ғана қарастырылып келеді. Мұндай түсініктің методологиялық тұрғыдан дұрыс екені анық. Дегенмен нарықтық қатынастардың басқа да әлеуметтік-рухани жақтары бар, яғни нарықтық экономиканың қалыптасуы, әсіресе оның дамуы көп жағдайда әлеуметтік-рухани мәселелерге тікелей байланыстылығын ұмытпауымыз керек.

Сондықтан, нарықты тек алмасу, сату-сатып алу, баға ақша айналымының орны ғана емес, сонымен қатар, нақты экономикалық жүйедегі адамдардың (жеке және заңды тұлғалардың) өзара қарым-қатынасы, дүниетанымдық қөзқарастары, түсінігі және ментальдық болмысы деп қарастыру керек. Қазақ халқының еңбекке, жер мәселесіне деген қатынасының ментальдық астарына (қыр-сырына) әлеуметтік-экономикалық, саяси-философиялық жағына терең зерттеу (үңілу) қажет.

Ұлттық менталитет тұрғысынан еңбек мәселесін қарастыратын болсақ, әрбір ұлттың еңбектегі өзіндік ерекшелігін, қолтаңбасын байқауға болады, ол өте күрделі және терең зерттеулерді қажет ететін мәселе.

Сондықтан біз бұл мақаламызда қазақ халқының менталитетіндегі жер мәселесіне ғана тоқталамыз. Оның өзінде де «бұл мәселені толық, жан-жақты ашып көрсете аламыз» деуден аулақпыз...

Әлем халықтарының тарихында, олардың жалпы болмысында жер мәселесі, оның төңірегіндегі қатынастар ерекше орын алды. Біздің дана халқымыз: «Жер тағдыры – ел тағдыры» деп бакер айтпаған болар. Халықтың байлығы да, бақыты да, болашағы да осы жерге байланысты. Сондықтан жер – ана барлық халық үшін де киелі, қасиетті ұғым.

Қазақ өзін ата-мекенінен, тіршілік етіп отырған жерінен өз болмысын ажыратпаған. Ол үшін жер мен ел біртектес ұғымды білдіреді. Олай болса, қазақ менталитетіндегі басты ұғымдар – жер, атамекен, атажұрт. Қазақ үшін бұл ұғымдар киелі де қасиетті.

М. Әуезов «Абай жолы» романында қазақтың осы бір психологиялық, әлеуметтік көңіл-күйін, шынайы сезімін өте нәрлі де көркем және аса бір шеберлікпен бере білген. Абай оқудан қайтып келе жатып, Қарауыл ауылының тұсынан өте бергенде оны ерекше бір сағыныш сезімі билеп: «Мен сені сағындым, өзгелер жаман жер десе де, мен олай демеймін. Тіпті қойныңа тыққан ұры-мұрыңмен де бөтенсің демеймін» – дегенін, өзін қазақпын деп есептейтін ұлт өкілдері оқыған болар. Туған жерге деген сағыныш сезім негізінде жерді қадірлеу, қастерлеу, одан рухани ләззат алу, туған елдің салт-дәстүріне деген құрмет көрсету жатыр. Бұл қасиет, әр қазақ баласының байындағы ментальдық қасиет десек асыра айтпаған болармыз. Бірақ ең өкініштісі, бүгінгі қазақтың бойынан, менталитетінен осы қасиеттер жоғалып бара жатқаны кімді де болса мазалайды.

Белгілі ғалым-философ К. Нұрланова қазақ менталитетіндегі жер мәселесіне байланысты былай дейді: «қазақтың дәстүрлі мәдениетінде «адам-жер-әлем» қатынастары арқылы адамдардың – табиғатқа, адамдардың – әлемге, адамдардың – өмірге деген ерекше де өзгеше қатынасы бейнеленген. Олар рухани өмірдің көзі».

Қазақстанда жер мемлекет меншігі және жеке адамдардың да меншігі болып саналады (Қазақстан Республикасының Жер Кодексі, 3-бап). Жерге деген мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің түрлері мойындалған және олар бірдей деңгейде қорғалады (сол құжаттың 20-бабы). Демек, жерді қорғау, ол үшін жанын құрбан ету әрбір азаматтың қасиетті борышы деп түсіне отырып, оның табиғи құнарлығын сақтау және тиімді пайдалану мәселе¬сіне де көңіл бөлуіміз керек. Жерді қорғау «...оны қоршаған ортаның белгілі бір бөлігін қор¬ғауға, тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылық айналымынан негізсіз шығаруға, сондай-ақ топырақ құнарлығын қалпына келтіру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық экономикалық, технологиялық және басқа шаралар жүйесін қамтиды» (Жер Кодексі, 139-бап).

Нарықтық экономиканың қалыптасуына байланысты ауыл шаруашылық бағытындағы жерлерді жеке меншік иелеріне сату процесі Заңды түрде жүруде. Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ-ның зерттеулеріне қарағанда 2004-2010жж. арасында республика бойынша әртүрлі меншік иелеріне 864,5 мың гектар жер сатылған (оның 492,9 мың гектары – шаруа (фермер) қожалықтарына, 371,6 мың гектары – ауылшаруашылық кәсіпорындарына). Жерді жеке мен¬шікке сату бағытында алғашқы орындарда Алматы (462598 га), Қызылорда (87125 га), Шығыс Қазақстан (51191 га) облыстары келді. Сатылған жерлердің құны 2004ж. небәрі 1 млрд. 33 млн. тең¬ге болса, 2010ж. ол 15 млрд. 495 млн. теңгеге жетіп отыр.

Ал енді жер мәселесіне келсек, әртүрлі меншік формаларының (мемлекеттік, кооперативтік, жеке) пайда болуына байланысты оған деген түсініктердің өзгергенімен жерді қорғау жұмыстары бір қалыпта қалып отыр. Осы бағытта қазақ халқы ата мекенін, мемлекет жерін қорғауды өз ұятын, арын, қазақ намысын қорғау деп түсінген. Оны қорғауда әскер күшімен бірге сөз күшін де, шешендік өнер мүмкіндігін де пайдалана білген.

Қазақ арасында жері мен елін қорғаған хандар, батырлар, ақын-жыраулар, тілі өткір шешендер көп болған. Оған «Бетегелі сары арқаның бойында соғысып өлген өкінбес» (Доспамбет жырау), «Жауға қарай аттандым, Жеткіз деп құдай тілекке» (Ақтанберді) деген жыр қатарлары дәлел бола алады. Шалкиіз, Бұхар жараулар да өз шығармаларына ел бірлігі мен тыныштығын арқау еткені тарихтан белгілі. Дана қазақ өз жерін анасындай қастерлеген, өз баласындай сүйе білген, оны ата-мекенім, атажұртым деп, әнге, жырға қосқан, оған деген сағынышын білдірген. Белгілі композитор Е. Хасанғалиевтің «Ата мекені» осы ел сүюдің, жерін құрметтеудің айғағы болар. Оған Мұхтар Шахановтың елін, жерін қадірлей білетін бүкіл әлемге белгілі «Төрт тұғырын» қосыңыз.

Алаш баласының арқыратып арғымақ мініп, егеулі найза қолға алғанда көкірегінің көксеуі – еркіндік, азаттық-тұғын. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр далада не болмады? Толарсақтан қан кешіп, атан сойып ант ішкен бабаларымыздың қаһарлы жүзінде тарам-тарам әжімге айнал¬ған ұлы қайғы – сағым ойнаған сары даланың тұтас¬тығын ойлап, «түн ұйықтамай, күн отырмағаны» жерін қорғаудың айғағы, күннің өшпес өрнегі емес пе?!

Демек, қазақ менталитетінде жер ұғымының тұтастық тұрғысынан бейнеленуі, оның рухани және материалдық бастаулар көзінің бір-бірімен ажырамастай қауышып жатуы қазақ манталитетінің негізгі ерекшелігі болып табылады. Сол ерекшеліктер күні бүгінге дейін сақталған. Мәселен, қазақ: «жердің беті», «күннің көзі», «жердің төсі», «судың беті», «айдың жүзі» – деген сөз тіркестерді жиі қолданады. Қазақтың ойлау жүйесіндегі символдық сипатқа ие болған осындай сөз тіркестер, қазақ халқының табиғат пен ғаламшардан өзін бөліп қарамағанын, өзін синкреттілік, тұтастық тұрғысынан сезініп отырғанын тағы бір дәлелдей түседі.

Қазақ менталитетінде жерге байланысты көптеген тыйымдар бар (жерді шұқыма, жерді орынсыз қазба, жер томпайтпа және т.б.). Бұл тыйымдардың дәстүрлі менталитеттегі басты ерекшелігі адамдардың жерге деген қатынасын реттеп отырудың басты тетігі болуы. Жерге деген адамдардың қатынасын тыйымдар арқылы реттеу дәстүр, салт, тәрбие арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырды. Қазір адам мен жер арасындағы қатынастарды реттеудің салт-дәстүрлік императиві жойыл¬ған, санадан өшірілген. Оның орнын әлеуметтік-экономикалық, экологиялық заңдар басқан. Ең қызы¬ғы, қазақ менталитетіндегі дәстүрлік тыйым мен экологиялық тыйымдардың пәрменділігін салыстыратын болсақ, біріншісі, екіншісіне қарағанда әлдеқайда тиімді де, басым екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан, халықтың санасында сақталған дәстүрлік тыйымдарды білім саласында (ғылым саласында да – мәселен, жер реформасын жүргізуде), оған жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызы зор екенін есте ұстауымыз керек-ақ.

Алғашқы Алаш партиясының өкілдері (Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтар) жер мәселесіне деген либералдық-демократиялық көзқарастарын жариялай отырып, қазақ халқына деген жанашырлығын таныта білген, бұл бағытта қазақ менталитетін ескерудің қажет екенін ұсынған еді. Олар жерге деген жеке меншікті орнатпас бұрын қазақты нарықтық қатынастар жүйесіне бейімдеу керектігін, тауар-ақша айналысын кеңінен пайдалана отырып, ұлттық буржуазияны қалыптастыру қажеттігін алға тартқан болатын. Қазақ халқы осы мәселемен өткен ғасыр соңында тағы кездесіп отыр. Егер сол ғасырдың басында бүкіл қазақ жері мемлекет менішігіне көшсе, енді ғасыр соңында жекешелендіру саясаты мен нарық талаптарына сай жерге деген жеке меншікті орнатуға талпыныс туды. Бұл жөнінде академик К. Сағадиев: «Демек, бүгінгі таңда да біз жер реформасын жүргізгенде жерді жеке меншікке беру ұранын көтеріп, алғы кезеңге көз жібермей отырғанымыз жөн болмақ па? Қазақ қоғамында қазір жоғарыда «Алаш» партиясы атап көрсеткендей, ұлттық мүддесін қорғауға бейім буржуазиямыз қалыптасып үлгірді ме? Бұл тұрғыдан салмақтасақ жерді меншікке беру мәселесіндегі қызу айтыс-тартыстар әлі алдымызда болатын түрі бар», деп жазған.

«Соңғы кездері қоғамда күн сайын дүрбелең. Тіл мен ұлт мәселесі, жер сату, бәрі-бәрі бүгінгі қғамның негізгі дауына айналды. Бұған не айтасыз?» – деген «Рейтинг» ақпараттық сараптамалық апталығының тілшісіне берген жауабында Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза былай жауап берген:

– Мұның ішінде ең қиыны – жер мәселесі. Басқасы шешілетін дүние ғой. Біз пәленбай гектар жерді лақ еткізіп бере салғымыз бар. Мүмкін ол бос жатқан жер шығар. Ал, бабамыздың салып кеткен жолына, істеген әрекетіне қарасаң, бәрін беруге болады, бірақ бір сүйем жер беруге болмайды. Онсыз да Қазақстанның картасына қарасаң, шекарасы ирек-ирек, шетінің бәрін біреулер мүжіп кеткен сияқты. Қасқыр талағандай жалбырап тұр. Әсіресе, Қытай жағы жырым-жырым. Ал, шындап келгенде, шекарамыздың шеті мүжілмеген кезде Қазақстанның картасы үлкен, семіз табан балықтың формасындай болған («Рейтинг» апталығы, №42-43 10.XІ.2011ж.).

Міне, бұл да «жер-ананы» қорғау керек дегенді аңғартса керек. Әсіресе қазіргі кездегі жерге байланысты әртүрлі меншік иелерінің орын алған жағдайында бұл мәселенің маңызы артып отыр.

Қазақ халқы ежелден-ақ сағым ойнаған сары даланың тұтастығын ойлаған, түн ұйықтамай, күн отырмай жерін қорғаған.

Қазақтың жер туралы түсінігі патшалық Ресей тұсында үлкен өзгерістерге ұшырады. Оның негі¬зінде патшалық Ресейдің қырғыз (қазақ) жерін бөлісудегі аграрлық саясаты жатқаны тарихтан белгілі. Ресей бүкіл қырғыз жерін мемлекет жері деп жариялағанда қазақ зиялылары бұндай күш көрсету саясатына өздерінің наразылықтарын білдірген болатын (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов т.б.). Олардың басты наразылығы, негізінен, қырғыз даласына орыс мұжықтарының ағылып келуіне, олардың ең шұрайлы жерлерге қазақтың рұқсатынсыз қоныстануына, бүкіл қырғыз жерін мемлекеттік меншік болып жариялануына қарсы бағытталды. Бұл ұсыныстар кейіннен «Алаш» партиясының бағдарламасына еніп, жер мәселесін шешудегі негізгі принциптерге айналғаны белгілі. Бағдарлама негізінен сол кездегі ұлт менталитетіне сүйене отырылып жасалғанын және олардың ұлттық мүддесі мен табиғатына сәй¬кес келгенін айта кетуіміз керек.

Біздер – осы мақаланың авторлары, Қазақ ұлт¬тық аграрлық университетінің топырақтану факуль¬тетін бітіргендіктен жерді қорғау, оның әлеуетті құнарлығын сақтау, оны арттыру мен тиімді пайдалану бағытындағы қазақи менталитетті принципті түрде әдейі көтеріп отырмыз. Осы мента¬литетімізді жоғалтып алмайық, қайта оны дамыта түсейік деген ұсыныс айтамыз. Сайып келгенде, экономикалық қатынастардың дамуы сол қатынастарды жүргізетін адамдардың ішкі болмысына тікелей байланысты. Сондықтан, экономикалық қатынастар жүйесін әлеуметтік-философиялық тұрғыдан қарастыра отырып, жоғары және арнайы оқу орындарының (орта мектептерде де) бағдарламаларына осы бағытта 1-2 сағат лекция қосылса артық бол¬мас еді. Ғылыми-зерттеу жұмыс¬тарын да әр салаға сәйкес келетін ұлттық мен¬талитетіміздің ерек¬шеліктерін пайдалана отырып жүргізсек, алын¬ған нәтижелердің құндылығы да арта түсетіні анық.

447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз