• Ұлттану
  • 11 Қыркүйек, 2014

ЗЕРДЕЛІ ЗЕЛИНСКИЙ (Поляк ақыны Густав Зелинскийдің «Қазақ» және «Дала» поэмалары туралы сыр толғау)

Ғабит Зұлхаров,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

Кейінгі жылдарға дейін поляк пен қазақ­тың әдеби байланысы жайында қалың оқу­шы қауым тартымды дерек білмей кел­ген еді. Сырттай қарағанда шынында Евро­па­ның қақ ортасында жатқан Польша елімен Қазақстанның тікелей мәдени байланыс жасауына мүмкіндіктер аз сияқты. Алайда, тарихтың ашылмаған, ұғылмаған құпиялары қашан да көп қой.

Бұл ретте қазақ елімен Батыс Еуропа елдерінің әдеби қарым-қа­тынас тарихында қазақ жеріне айдалып кел­ген поляк ұлт-азаттық қозғалысы өкіл­де­рінің, прогресшіл, демократияшыл көз­қа­рас­тағы поляк революционерлерінің орны ерекше. ХІХ ғасырда  қазақ даласында Т. Зан, Я. Виткевич, А. Сузин, Л. Турно, А. Януш­кевич, Г. Зелинский, Б. Залесский, С. Гросс сынды поляк азаматтары ұзақ мерзімді айдауда болған. Жіктеп айтсақ, поляктың белгілі революционері, демократ-публицист Адольф Янушкевич (1803-1857) сол кездегі халқымыздың өмірі туралы «Қазақ даласындағы сапар жазбалары» атты тарихи танымы барынша басым кітап жазып кетті (Париж, 1861ж). Ал, поляктың дарынды суретшісі Бронислав Залесский (1820-1880) Қазақстанның баты­сын­да то­ғыз жыл айдауда болған кезеңінің баянды белгісіндей «Қазақ даласының тіршілігі» атты суретті альбом жасауға мүмкіндік тапты (Париж, 1865 ж). Кезінде Семей қаласында айдау мерзімінің бір­та­­лайын басынан кешірген, право ғылым­дарының кандидаты, ұлы ақын Абайдың рухани серіктерінің бірі бола білген Северин Гросс (1852-1889) «Қазақтардың байырғы әдет-ғұрыптары» деген ғылыми еңбек бастыртып шығартты (Петербург,  1886).
Біз бұл мақаламызда поляк халқы­ның парасатты перзенттерінің бірі – революционер-демократ ақын, қазақ дала­сында айдау мен сүргіннің алуан аза­бын көрген Густав Зелинскийдің (1809-1881)  қаламынан туған тамаша шығармалары  –  «Қазақ» және «Дала» дас­тандары  туралы біраз сөз қозғамақпыз. Зелинский Варшава университетін бі­ті­­ріп, енді ғана қоғамдық өмірге ара­ласа бастаған кезде Ресейге тәуелді, ба­ғы­нышты Польшада ұлт-азаттық қоз­­ғалысы басталғанда, ол мұның бел­сенді ұйымдастырушыларының бірі болды. Елде «Халық кегі» атты құпия патриоттық ұйыммен байланысқаны үшін ол 1834 жылы сотталып, сол заман­ның сөзімен айтқанда, «қырғыз даласына» жер аударылды. Сегізжылдық айдау кезінде ол Есіл бойындағы қазақ ауылдарында, Аягөз, Балқаш, Жетісу жерлерінде де айдауда жүрді.
Зелинский қазақ жерінде айдауда бол­ғанда халқымыздың тұрмыс халі, әдет-ғұрпы және салт-санасымен жете танысады. Өз халқының тәуелсіздігі үшін күрескен ақын қазақ елінен де Польшадағыдай екіжақты езудегі қайғылы тағдырын жанымен сезіп, түсіне білді. Қазақ даласының сұлу табиғаты, дала өміріндегі әлеуметтік қайшылықтар, жай халықтың ауыр тұрмысы, шер-мұңы, үміт-арманы, олардың ақжарқын адалдығы, адамгершілік қасиеттері поляк ақынын барынша қызықтырады. Ол осынау өлкенің табиғатына ғашық болып, көшпенділермен достасып, олардың өмірінен шабыт алып, оған өлең жолдарын арнайды. Шы­ғыс елдері туралы экзотиканы көбірек қалайтын дағдымен жүрмей, по­ляк ақыны алдымен сол дәуірдегі Қа­зақ­­станның салт-тұрмысын нақты сурет­теуге ниеттенген. Г.Зелинский өзінің шығар­машылық өмірінде көптеген кө­лем­ді дүниелер жазған. Солардың ішінде оның арқалы ақын атағын шығарған «Қазақ» және «Дала» дастандары. Бұл жерде бір еске ұстар жай: Густав Зелин­ский қаламынан алдымен «Қазақ» (түп­­нұсқада «Киргиз») дастаны туып, ол 1842 жылы Вильно қаласында жеке кітапша болып басылған. Ақынның бұл екі дастаны сол кездің өзінде-ақ тез әйгіленіп, Европа халықтарының көптеген тілдеріне аударылып үлгерген. Мысалы, бір ғана «Қазақ» дастаны неміс тілінде 4 рет (1851-1855, 1858 және 1888 жж),чех тілінде 1863 жылы, ал, француз және ағылшын тілдерінде 1870 жылы қатар басылып шығыпты.
Шығыс қазақстандық орыс жазушысы Г.Д.Гребенщиков (1883 жылы туып, 1964 жылы Америкада өлген) оны фран­цуз тілін­дегі нұсқасынан орыс тіліне тәржі­малап, 1910 жылы Томск қаласындағы «Бытовая Сибирь» серіктестік баспасынан жеке кітап етіп бастыртып шығартқан екен. Қазірде осы кітаптың бір данасы Семей қаласындағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайында сақтаулы тұр. ХІХ ғасырдың соңғы жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында «Қазақ» дастанының Европа­да ғана 22 рет басылып шығуының өзі-ақ оның жоғары бағаланғанын анық аңғартса керек. Зелинскийдің «Қазақ» дастанын ақын Әбдікәрім Ахметов, «Дала» дастанын ақын Тайыр Жароков қазақ тіліне аударуда мейілінше көп еңбек сіңірді. Бұл екі дастанның басы біріктіріліп, 1964 жылы ғана төл тілімізде «Қазақ» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Алайда, содан бері 45 жыл өтсе де бұл дастандар Қазақстанда қайта басылым көрген емес. Ендеше, жазылғандарына бір жарым ғасырдан асып кеткен бұл екі дастан жайында біраз сөз қозғағанның ешбір сөкеттігі жоқ сияқты. «Қазақ» дастаны ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстан өмірінің кейбір маңызды мәселелерін елестетеді. Сәби ке­зінде әке-шешесінен амалсыз ажырап, бір бай орысқа сатылып кеткен қазақ баласының ер жеткенде елін сағынып, тұтқыннан қа­шып шыққаны, жолында бір бай ауылға кез­десіп, қонақ болғаны әңгімеленеді. Әке­сін барымта кезінде өлтіріп, жігітті бала күнінде сатып жіберген адам қонып отыр­ған үйдің иесі болып шығады. Бұл құпияны әңгіме арасында қартайған, бүгінде би болған адамның өзі байқаусызда айтып қалады. Өзіне қатты қиянат жасаған зор­лық­шының кім екенін жаңа таныған жігіт көп толқиды. Қонып отырған үйдің қызы – Жәмилаға деген құштарлығы мен қыз әкесіне деген өшпенділік жігітті қатар қи­найды. Мына келген жігіттің кек алуға беттегенін сол ауылдың әулие бақсысы түс көріп, биге ескерту жасайды. Би мен бақсы ақылдасып, абайсызда жігіттің көзін жоюды көздейді. Бұл арам пиғылды сезген жігіт сүйген Жәмиласымен қашып құтылмақ болады. Бидің өзі бастаған қуғыншылар жете алмайтын болған соң, далаға үш жақ­тан өрт қояды. Ақырында жас ғашықтар алаулаған отжалынның ортасында күйіп өледі. Дастанның қысқаша мазмұны осын­дай. Кейбір жерлерінде романтикалық поэ­зия­ға тән шарттылықтар сақталғанымен, дас­тан­ның өн бойынан қазақ даласының сол кездегі шындығы анық аңғарылады.
Дас­танның шартты түрдегі басты кейіпкері – Жігіт. Ол құлдық торынан қа­шып шыққан, азамат өмірге ұмтылған асқақ арманның, ізгі сезімнің адамы. Бұл туралы дастанның алғашқы шумақтарында-ақ:
«Құтылмаған қанды тырнақ тезінен,
Бала бүркіт бейнелі жас кезінен.
Жүрегіне ұялаған ізгі арман,
Бір шынығып, бір түлеген өзімен.
Аңсағаны – еркін өмір, бостандық,
Құлдық торын тас-талқан ғып 
            тас­тарлық.
Ұшу еді жас жігерін қанат қып,
Түссе жолы туған елге бастарлық», – деп құлдықтан қашып шыққан жігіттің жүйрік атын, шетсіз, шексіз кең даламен өзі туған жеріне қарай қыран құстай ұшып келе жатқандығын, сезім сапырылыстарын ақын шебер суреттейді. Бұл суреттер тегін­де алыста жүріп айдау көрген, сүйікті елін сағынған ақын жүрегінің де тынымсыз дү­бірімен үндес. Азаттықты аңсап, еркін­дікке ұмтылған жігіт пен ақын жүрегі бірге соғып тұрғандай.
Дастанның оқиға желісін ақын драмалық шиеленіске құрып, шиыршықтай өріп, негізгі кейіпкерлердің бейнесін биіктетер әр қырынан аша жырлайды. Сағынған ауы­лында сый-құрметке бөленген жігіт жау­таң көзді сұлу Жәмилаға ғашық болады. Жәмила дастанда былайша суреттелген:
«Қанша кезсең қазақтың кең 
            дала­сын,
Сырдария, Аягөздің арасын.
Жетісу мен Үргенішті шарласаң,
Бұған теңді қайдан іздеп табасың.
Көрген адам қарап қалар сүйсініп,
Күлгенінде бетке шұңқыр жиылып.
Ауызында ақық тісі тізіліп,
Еріні пәк, көрмеген бір сүйіліп».
Ақын суреттеуінде әділетсіздік пен зұлымдық араны ақ махаббаттың да жолын тосады. Өктем озбырлығымен өлім тұзағына түсіреді. Өлім құшағына түскен қорғансыз қос мұңлықты ақын күйініп:
«О, дүлей күш, көзсіз еді бұл неден,
Жалын анау қыз бұрымын өрлеген.
Соңғы демін ғашық жарлар бірге                     алды,
Жас жандары зарлап шықты кеу­деден», – деп суреттеуі де қазақ дала­сын­дағы жүгенсіз үстемдік пен әділет­сіз­діктің нышаны белгісіндей көрінеді. Зе­линский қазақ халқының таланттылығын, өнерпаздығын жете танып, жоғары бағала­ғанын оның қазақ әндерін мына бір сурет­теуі­нен көруге болады.
«Шіркін, қазақ әндерін-ай, әндерін,
Жұлып кетер жүректің әр, нәрлерін.
Кейде ызғарлы, күз даладай көңілсіз,
Кейде аспандай, неткен шексіз нәрлі                     едің!
Кейде әндетсе еркін дала ұлдары,
Кетсе шырқап, кеуде кере бір бәрі.
Бар табиғат тына қалып мүлгиді,
Сахара әні-қазақ әні тыңдары».
Ал, Г. Зелинскийдің «Дала» дастанында белгілі бір сюжет желісі жоқ. Дастан ұзақ тол­ғау­дан «Дала», «Таулар», «Бәйге», «Жыр» атты төрт бөлімнен құралады. Дас­­тан­ның алғашқы бөлімінде автор қазақ дала­­сының жыл мезгілдері – қыс, көктем, жаз және күз кездеріндегі көріністерін ел өміріне ұштастыра, байланыстыра ше­бер жырлайды. Қазақстанның көп жер­лерін көріп, мол әсер алған поляк ақы­ны табиғат тамашаларын, ғаламат құбы­лыстарын сүйсіне де тебірене де жыр­лағанда, олардың дәл суреттерін бірер бояулар арқылы нақышын келістіріп қолданады. Дастанда Тарбағатай; Ала­тау тауларының, Лепсі, Аягөз өзен­дерінің, Балқаш көлінің аттары аталады. Қодар атты батырдың да жақсы істері келтіріледі. Ақын Қодарды ата-бабасының даңқымен әйтеуір ел билеп отырған ақсүйектің бірі де­мей, оның өз күшімен, өз ісімен аты шық­қанын баса баяндайды. Қодардың қай­раттылығы сонша, қарсы шаппақ бол­ған жолбарысты жалғыз өзі ғана жай­ратады.
«Дала» дастанын оқу үстінде қазақ жеріндегі әр құбылысқа ақынның айрық­ша мән беріп, үлкен ой түйіндеуге ұмты­латындығына және соның өзін жалаң баян­дамай, сезімге орап, көзге көрінерліктей сурет­­теп отыратынына риза боласың. Ақын айтатынын да, ойлайтынын да әрқашан кесек турап, еркін жеткізеді. Айталық, дас­танның «Дала» атты бөліміндегі алғашқы шумақтарында:
«Алдыңды орап тұтқын қып,
Ауын құрар ақ боран.
Тұрар жер жоқ ықтық қып,
Ұйтқыр құйын қаптаған.
Тірідей молаң қаланып,
Тұрар қорған ақ қардан»,  – деп.
Қазақ даласындағы боран сұрапылдығын батыл бейнелесе:
«Көрдің бе сен көктемнің,
Соққан жібек самалын,
Қыста ұйықтаған шөптердің,
Майда оянып қалғанын» – деп әз көктемді әдемілеп өлең өрнегімен кесте­лейді. Тіпті, бұл жолдар ойлы оқырман түгіл талантты суретшінің қылқаламына сұрапыл тұратыны айтпаса да түсінікті. Дастанда жанды сүйсінтер шымыр шу­мақ­тар жеткілікті-ақ. Тамаша ақынымыз Тайыр Жаро­ковтың аудармасын оқыған адам «Дала» дастанынан эстетикалық ләззат ала­­ды, құйылып тұрған өлең өрнектерін кө­ріп парасатты поляк ақынына, оны ажар­ландырып аударған қазақ ақынына алғыс сөзін қосарлап арнайды.
«Жасыл Балқаш көлі көздей                     мөлдіреп,
Жаға талы кірпігің.
Жарқырап тұр құм жастанып                 қолтығы,
Әлсін-әлсін бетін самал үргілеп.
Көкжиекпен көл тоғысы уылжып,
Жібек жел де күлдірлемей күмілжіп.
Түп-тұңғиық тыныштықтың                 төрінен,
Отты жолмен келе жатыр күн                 жылжып».
Міне, Тайырдың осындай тамаша тәржі­масында поляк ақынының өрелі өлең кестесі айшықты өрнек тауып оқушысын риза етеді. Поляк ақынының қазақ халқына деген бауырмалдығы, аяныш сезімі дастанның өн-бойынан анық аңғарылып тұрады. Зелин­­ский шығармаларының бағалы жері осында деп білеміз. Сыршыл, романтик ақын өзінің жан дүниесін айналасында болып жатқан болмыстармен бай­ла­ныс­тыра жырлағанда, олар жаңа­ша жарқырайды. Жалқылықты жал­пы­лық­қа айналдырып жіберу немесе тұтас көрсету, ара-жігін байқатпау жа­ғына келгенде қарадүрсіндікке ұрынбай әр ойы орнықты шығады. Әр шымыр шумақтан тарам-тарам жол шығып, ой алғырлығы, сезім пәктігі тұтасып, өмір-өнерді қорғаушы күшке айналып кете береді.
«Дала» дастанында қазақ елінің аса кәделі тамаша бәйге – ат жарысы көркем кес­теленген. Біздің поэзиямызда бәйге І.Жансүгіровтың «Құлагер» дастанында жә­не басқа бірен-саран шығармаларда ғана көсілте жырланған ғой. Бақсақ, бұдан бір жарым ғасырдан бұрын поляк ақыны бәйгені үлкен шеберлікпен, поэзия тілімен өрнектеп үлгерген. Тіпті, қазақ халқының өмірінде жылқының орны бөлек екендігін төмендегіше түйіндегеніне қалайша таң­қал­массыз. Ендеше, тағы да, зерделі Зелин­скийді тыңдалық.
«Ат үстінде туып қазақ сәбиі,
Ат үстінде айтылады әлдиі.
Жерге тәй-тәй баспас бұрын сол                     бөбек,
Атқа шауып, алуды ойлайды бәйгені!
Апыл-тапыл баспас бұрын алдымен,
Атқа мініп үйренеді жай күні.
Ат-қазақтың ауасы да даласы,
Атсыз бір күн тұра алмайды баласы.
Онсыз оның ашылмайды аясы.
Қайғысын да, қуанышын бөліскен,
Ат көзінің бейне ағы мен қарасы.
Кісінесе тілдескендей иесімен,
Аттан артық сықылды оған бағасы».
Ие, «Далада» халықтың түрлі әдет-ғұрпының көңілге тез ұялар көріністері көп-ақ. Күндіз бәйгенің қызығын көрген ел адамдары кешкі намаздан кейін үлкен үйге жиналып атағына, жасына қарай отырысып, «таудай болып үйілген» етті әп-сәтте тауысқанын да қағыс қалдырмай қалтқысыз суреттейді.
«Кей жігіттер мұжып жамбас,                 жауырын,
Сүйек ұстап шегіністі аулаққа.
Қолы шапшаң мұжығанда жілікті,
Флейтаны отырғандай ойнап та».
Айтқан сөзін, тартқан күйін жұрт сілтідей тынып тыңдайтын қазақ жы­рауын Зелинский ақындықтың, ерекше өнер­паздықтың үлгісі ретінде көрсетеді. Өзінің туған елі – Польша ақындарына сонау сахарадан көрген қазақ жыршысын өнеге етіп алға тартады.
Міне, поляк ақынының дастандарынан осы секілді талай шындықтың беті ашы­лады. Екі дастанның да құндылығы осында. Бұл орайда, «Дала» дастаны ең соңғы шу­мақтарының өзі де оқырмандарын жа­лық­­тырмайды. Қайта ертеңгі өршіл өмірге ұм­тыла беруге меңзейді. Егер, мұны ақынның өз ойымен аяқтасақ, онда бұл төмендегідей жыр кестесімен зерленеді:
«Жолаушылап жолымнан мен                            адасып,
Сізге мейман болып келдім тау асып.
Соққан салқын самалына даланың,
Кеуде кере көкірегімді кең ашып.
Кездестірсем Сіздердей көп ұрпақты,
Тату-тәтті тұрған егер жарасып.
Риза болып өзіме-өзім айтар ем,
Тұр,-деп мұнда ата рухына жол                     ашып.
Батыр Қодар, алда бағың ашылсын,
Жыршыдағы үзбей үміт арманын,
Ән мен күйін асулардан асырсын.
Бәлкім, алда алуандаған сан жылдан,
Домбырадан күй төгер ол 
            жаңғыр­ған...»
Әрине, шығармалары мұндай баянды, баталы сөз қозғаған поляк ақыны Густав Зелинский мұрасын шаң баспақ, ұмытылмақ емес.

965 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз