• Еркін ой мінбері
  • 11 Қыркүйек, 2014

ТАЛАНТ ТАҒДЫРЫ немесе әдеби ұрлықты реминисценциядан ажырата білейік

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат» журналы

Қайтеміз, өткен шақты айтамыз да. Шын мәнінде де Өмірзақ Қожамұратов алдыңғы қатар ақындарды айтпағанның өзінде, қалың жыр сүйер қауым сағына күткен ақын еді. Бірақ, оны елеп-ескермей, тіпті, одан да тереңдете айтсақ ұмыт қалдырып, сыртқа тепкен өзіміз. Ия, бірлі-екілі аға ақындарымыз оның алғашқы аяқ алысына қуанып, үміт артқанын айтпасақ, онда, оларға қиянат жасағанымыз. Мысалы, аға-ақын саналған Әбділда Тәжібаев: «Өмірзақ арналы да ойлы лирик болатын нышан білдіреді, жақсы үні мен жақсы сырлары бар әуезді үндері оқушыны сезімге бөлейді, әсем ырғақтар бесікше тербейді. Әр алуан суреттер елестеп, әр алуан дыбыстар ойнайды. Өмірзақ әлі жас. Оның қазіргі жырлары қуантса, болашағы зор үміт күттіреді», – дегенде, оны көпшілік аға-ақындарымыз жас қаламгерге берілген артық «аванс» ретінде қабылдаған. Тіпті, жас ақындарды көрсе елден бұрын елпектейтін Әбу Сәрсенбаев ағамыз болса: «Өмірзақтың бойында ақынға тән байқағыштық, суреткерлік бар», – дей келіп, ақынның сыршылдығына баса назар аударғанын Әбділда Тәжібаев пікірімен үндестірсек, онда Қожамұратов назардан тыс қалмаған сияқты көрінер. Бірақ, соған қарамай осы бір мақтаулардан кейін-ақ ақын шығармашылығына үмітпен қараушыларға қарағанда, қызғанышпен қараушылардың саны артпаса кеміген жоқ.

Оны өз қатарлары Оспанхан, Мұқағали, Свет Оразбаев, Ізтай Мәмбетов, Зейнолла Серікқалиев, Сейфолла Оспанов, Дулат Исабеков сияқты әріптестері де назардан тыс қалдырған жоқ. Соған қарамай ақынның өлеңде де, өмірде де шын мағынасындағы бағы ашыла қоймады. Егерде, ашыла қалған жағдайда Мұқағали Мақатаев ол туралы: «Осы пақыр әзірге пойызға билетсіз мінген адам тәрізді. Өз құрбыларының қатарынан орын тимей-ақ қойды осыған, бірде-біріміз оған кел деп те, кет деп те ниет білдіре алмадық. Мынау барың, мынау жоғың демедік. Бұған Өмірзақ тұрарлық еді», – демес еді ғой. Көзі тірісінде бірлі-екілі ағалары мен қатарларының көңіл шуағына ілінген ақын өзін қалған әріптестері мен оқырмандарына толық дәлелдей алмады. Өйткені, оның алдында «қызғаныш» атты алдырмайтын алып тау жатқан болатын. Ал, өмірден өткен соң «көзден кеткен адам көңілден кетеді» деген принцип өз дегенін істеді. Әлі де солмыз. Тек бүгін ғана Қали Жолдасов деген азаматтың мұрындық болуымен тілге тиек етіп, әңгіме етіп отырмыз.
Неге Өмірзақ Қожамұратов көзі тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де елдің де, ақын қатарларының да есінен жазықсыз, қисынсыз, орынсыз аты-жөні жоқ шықты. Оны көзі тірісінде көріп-білгендер оның ірі ақын екенін білді. Бірақ, оның ақындық тұлғасын көзге іліп, сөзін құлаққа қыстырмады. Қазақ поэзиясына шын, шынайы таланттар аздық етпейді. Қазір де оны Мұқағали, Төлеген сияқты асқақтатып айтсақ неміз кетер еді. Қызғанып, бөліп жаратын ештеңе жоқ. Әйтпесе ақын Өмірзақ: 
Біле кет!
Ақылдан адасқандардың,
Ажалдан адаспайтынын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын, – демес еді ғой. Бұл – қазадай қасіретті де, табыттай ауыр да, тотияйындай уытты да ащы өлең жолдары. Күнделікті көп шындыктан биік, терең, кең, иманға негізделген ұғым түсініктегі жалқы ақиқатқа ден алдырған жыр жолдары. Міне, осындай ақын неге ұмытылып, ауызға аз түседі. Бірлі-екілі жастарымыз болмаса, олардың көпшілігі Өмірзақ Қожамұратовтай ақын бар екенін білмейді. Яғни, біз әлі күнге дейін белгілі бір тізімнен шыға алмай, көргенімізден таңбай, ұстағанымыздан айнымайтын деңгейде ғана шын да шынайы ақындарды іздейді екенбіз. Әйтпесе, Мағжанды жаппай біліп, ол ұстаз санаған, тіпті, оның тұңғыш кіта­бын шығарған Бернияз Күлеевті неге білмейміз. Сондай-ақ, Өмірзақпен үндескен Мұқағалиды, Төлегенді аузымыздан тастамай, тізім­нен қалдырмаймыз да, Өмірзақ Қожа­мұратовты елеусіз қалдырамыз. Мен оған Меңдікеш Сатыбалдиев, Марат Отаралиев, Свет Оразбаев, Құдаш Мұқашев, Жүсіп Қыдыровты қосқан болар едім. Соған қарағанда біздің жадымыздың «шығармалық жиып-тергені «соқыр көргенінен жазбайдының» кері болса керек.
Сезім – дербес, жеке бастық құбылыс. Бір сөзді, бір ойды, идеяны бәріміз бірдей әр қырынан айтып, жаза беруіміз заңдылық. Бірақ, таңдану, мұңдасып, мұң кешу, қайғы-қасіретін тарту, лап етіп жанып, жалп етіп өшу сезімін әрқайсысымыз әрқилы, яғни, жеке дара дербес кешеміз. Оның куәсі – Өмірзақ, Мұқағали, Төлеген жырларындағы бір-біріне ұқсамайтын, кей тұстардағы алуан сырлы өлеңдер. Өмірзақ Қожамұратов поэзиясының ерекшелігі де сонда. Оның поэзиясы ешқандай мектептік деңгейге келмейді, не шәкірттік кезеңге жатпайды. Ақын жырын біз тағдырмен байланыстырамыз. Өмірзақ Қожамұратов жырының жалаң газет бетіндегі мақалалардай оқылатын өлеңдерден артықтығы – көркемдігінде, образдылығында, саздылығында.
Боз қырау түскен бозаңда,
Бозамық тұман көз жұмсаң.
Боз ала таңғы азанда,
Бусанып тұрды боз жусан.
Сан рет өліп, тіріліп,
Сарғайып кеткен өмір-ау.
Санаңда тұрған ілініп,
Бозторғай күміс қоңырау.
Бұл – музыка, саз ырғақ, жанның таби­ғатпен үндескен тұсындағы ақынның көңіл-күйі. Блок «Поэт – сын гармонии» яғни, «Ақын – үндестік ұлы» дегенде осыны айтқан болуы керек. Абайдың «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деуі де саяды емес пе? Біз жоғарыда сөз басында Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновті, енді оларға тағы да біршама ақындарды қосып, Өмірзақ Қожамұратов үндескен дегенді аты аталған ардақты ақындарымызды кеміту үшін айтып отырған жоқпыз. Әдебиетте, жалпы өнер атаулыда «реминисценция» деген ұғым-түсінік бар. Оны латын тілінен аударғанда «естелік, есімдегі, еске түсіру» деген сөз болып шығады. Реминисценция – тарихи-табиғи шығармашылық   категория. Яғни, өткен, бүгінгі ақындардың поэтикалық байланысының бір көрінісі. Егерде, кейбір образдар, сөз орамы, тіркес, бірдей сөздер мен сөйлемдер, жолдар, жалпы ырғақ бір ақындардан ауысып, екінші ақындармен үндесіп жатса, ол ешқандай да көшіру немесе ұрлыққа жатпайды. Оны шығармашылық тілде «реминисценция» дейді. Шығармашылық психология, уақыттың тыныс-тіршілігі, алуан көріністер мен лептердің біртектілігі, тарихи-табиғи оқиғалар бірлігі ақын­дар­дың, бір-бірін қайталауына ерік-еркінен тыс әкеліп  соқтырады. Мысалы, Мұқағали Макатаевтың мына бір жолдарына назар аударалықшы. Ақын «Отыз    бесінші көктемім» өлеңінде:
Отыз бес күз,
Отыз бес қыс,
Отыз бес жаз,
Осал өмір емес-ау, отыз бес жас.
Отыз бес жыл өткердім,
Отыз бес жыл қуарып, 
Отыз бес жыл көктедім, – десе, 
Өмірзақ Қожамұратов: 
Жалаңтөс кіріп тасқынға, 
Нөсердің бұлтын ойнаттым. 
Осынау аспан астында 
Отыз бес рет тойлаппын. 
Отыз бес құздың басында, 
Отыз бес гүл-гүл жайнаппын. 
Отыз бес қыздың қасында, 
Отыз бес бұлбұл сайраттым. 
Отыз бес оқты қабылдап, 
Отыз бес оққа қарылдым. 
Жүрегі жүрген жалындап, 
Отыз бес,
Сенің арыңмын! – дейді. Осындағы екеуінің басынан кешкен оқиғаларының бір көрінісі, қас-қағым сәттегі көңіл-күйлерінің үйлесуі, өлең ырғағын былай қойғанда сөз сөйлемдерінің қайталануы әрі сөз саптауы адамды таң қалдырады. Мұқағалидың «Автограф», «Акқулар ұйықтағанда», «Мен басымнан қорқамын» секілді өлеңдерін оқып отырып, оның Өмірзақ Қожамұратовтың сол тақілеттес өлеңдерін бағыт-бағдарға алғанын байқауға болады. Екі ақын өлеңдеріндегі образдық және ырғақтық, кей тұстағы мазмұндас үндестігі еш ерсі емес. Өйткені, заманы, уақыты бір қос таланттың бағыт-бағдарлас болуы заңдылық. Төлеген Айбергенов жырларының да Өмірзақ өлеңдерімен астасып, қоян-қолтықтасып жатуы да сондай. Сол кездегі көзбен қарағанда енді бір жас ақын Зейнолла Тілеужанов өзінің «Лебіз» кітабында:
Күндерді алдап өлеңмен,
Жылдардан жанда сыз қалды.
Жылату оңай болғанмен,
Жұбату қиын қыздарды, – деп толғаса, 
ақын Өмірзақ Қожамұратов:
Аққудың көгілдіріндей,
Күнәдан пәк, ей, мүсін.
Жылатып алып біреуді,
Жұбату оңай деймісің, – дейді. Осынау жолдардағы сөз қайталану арқылы бір көңіл-күйді білдіру екі ақын тарапынан да шынайы поэзия тудырған. Бұл жолдар – өмірдің өзінен ойып алынған шумақтар. Негізі ақиқат. Енді, тағы да бір мысалға жүгініп көрелікші. Көпшілігіміз өлеңін жатқа оқитын Төлеген Айбергенов:
Сен өзімді көрсең,
Тұрысым осы менің.
Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең,
Шошыр едің, – десе, 
Өмірзақ Қожамұратов:
Білмеймін сені,
Мен сені,
Жолсерік болып тосып ем,
Сезімді көрсең мендегі,
Сен қазір, жаным, шошыр ең, – дейді. Осы бір төкпе жыр үлгісіне жататын шу­мақтар жаңа сарындағы ырғақ, дәстүр жал­ғастығымен мені қатты қызықтырады. Міне, бұнда да ақындар үндестігін байқай­сыздар. Енді, тағы да бір ақынға жүгініп барып мысалдарымызды тоқтатсақ деп отырмыз. Кеңшілік ақын «Тобық» атты өлеңінде:
Құдашаға мен де бір тобық бергем,
Сұраған соң ол дағы тауып берген.
- Не қалайсыз? – дегем мен үміттеніп,
Қалағанын айтуға қауіптенген.
Ән қалаған. 
Алдарқап, алаңдауға, 
«Құдашаны» кайырып тәмамдағам. 
Тәмамдамай қайтейін – іңкәр дүние,
Оған да арман, айта алмай маған да арман,– десе, 
Өмірзақ Қожамұратов:
Құралайдай қунақ қыз тобық берген, 
Тобық берген сәтінен торып келген. 
Ай, апталар түскесін арамызға, 
Ұмытқан да шығар деп жорып келген.
Аяғымды келтірді-ау аспанымнан, 
– Тілегің не? – дей бердім сасқанымнан. 
Ән тіледі...халімді біле тұрып, 
Қайран бола қойсын ба қашқанымнан.
Ән салған боп, домбыра                                                     дыңылдаттым, 
Ән емес-ау, өзімше ыңылдаппын. 
Құралайдай қунақ қыз құдашаны 
«Әләулайды» айтып-ақ   жымыңдаттым, – дейді. Бір оқиға, бір сезім легі жырға көшкенде осылай сөйлейді. Қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүрден өрген осынау өлеңдегі оқиға қозғалысы маған ұнайды. Бірақ, озық өлең үлгісі дей алмаймын. Ұйқастары әлсіз, жалаң, жалпы. Жоғарыдағы біз келтірген үш-төрт ақындардың бір-бірін қайталаулары неліктен? Бұл не? Бір-бірін конспектілеу ме? Әрине, жоқ. Бұл жоғарыда біз айт­қан реминисценциялауға жатады. Мұн­дай бірін-бірі қайталаулар әдеби,   шы­ғар­машылық процестерде кездесіп  оты­рады. Өйткені, поэзия – жанды қоз­ғалыс. Табиғаттың төрт мезгілі, уа­қыт­тың тол­қыма лептері қаншалықты қай­таланса, өлеңнің де соншалықты қай­таланып жатуы бек мүмкін. Яғни, заң­дылық. Мұны реминисценциялау дейміз. Тіпті, орыс ақындарының өзі бір-бірін жиі қайталаған. Мысалы, Пушкиннің «Гений чистой красоты» деген жолы Жуковскийден алынған. Байрон «Хочу я быть ребенком вольным» десе, Есенин «Я хочу быть отроком светлым» дейді. Дәл сол жолдарды Қуандық аға Шаңғытбаев «Бала қылшы балдырған баяғыдай», Мұқағали «Сәби болғым келеді» деп қайталайды. Бұл процесс поэтикалық бастаудың көзі. Арысы үндесіп, сөз сөйлемнің алмасып, қайталануы арқылы өлең өрісі кеңейіп, ішкі иірімі байыған. Тағы бір мысал. Сабырхан Асановтың «Өмір өтіп барады, өмір өтіп» жолдарын Жарасқан Әбдірашевтен жолма-жол кездестіресің. Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиевтің «Екі Тұмашы» мен Жарасқан Әбдірашевтің «Екі Жарасы» да дәл сондай. Анна Ахматова «И такая могучая сила» десе, Блок «И такая влекущая сила» дейді. Некрасов «Лес обнажился, поле опустел», – деп толғаса, Леонид Андреев: «Лес опустел, и поле обнажилось», – деп қайталайды. Жуковский «Последний бедный лепт» десе, Пушкин, Евгений Онегинде сол сөзді айна-қатесіз жаңғыртып, нақ сол күйінде тілге тиек етеді. Ендеше, біз бір-бірінің жолдары мен сөздерін қайталаған ақындарды ұрлықшы немесе көшіруші демей, оларға шығармашыльқ үндестіктен туған  бірін-бірі қайталау деп қарауымыз керек. Мұның барлығын   мысалға келтіріп  отырғандағым, жоғарғы   аталған   ақындардың барлығы  да Өмірзақ Қожамұратовпен үндескен. Бұл сөзіме   ешкім де намыстанбауы керек. Және оның астарынан бәле іздеп жатушылық та артықтық. Мен жоғарыда аталған ақындардың ешқайсысының беделін түсіріп, абыройын төккім келмейді. Менің сөз етіп отырғаным – таза әдеби процесс. Ал, егерде оны түсінбей, оның астарынан кімде-кім бәле қуса онда олар­ға алдарыңнан жарылқасын деймін де қоямын. Өйткені, өлеңдегі сауатсыздық қашанда да қай кезенде де кездескен, кездесе береді де. Бұны шегелеп, қадап, нықтап, тарата айтуымның себебі орыстың, тіпті, Қытай, Жапон прозаиктері «Біз Гогольдің «Шинельінен» шыққанбыз» дегенді ешуақытта намыс көрмеген. Және ол әлемдік әдеби айналысқа түсіп кеткелі қашшан.
Жалпы, реминисценция – құрылыс материалы сияқты, бір ақынның сөз, сөйлем, образ ырғағын пайдалану арқылы тосын да жаңа бір ой түйіп, мазмұн ашу. Өмір­зақпен жоғарыдағы мен тілге тиек еткен ақындардың айырмашылықтары осы тұста. Сондықтан да, сөз бен сөйлем қайталау еш қылмыс немесе ұрлық емес. Ол үнемі қозғалыс үстіндегі жанды организм, яғни, поэзияның бір тұстарда кездейсоқ немесе заңды қайталанып үндесуі. Мысалы, Мұқағалидың «Жан азасы» реквиемі Пушкиннің «Моцарт и Сальериімен» жолма-жолды былай қойғанда, басталған тұста-ақ деталь ұқсастығымен көңіл ау­дарады. Реті келгенде айтайық, қазір ұмытылып бара жатқан марқұм ақын Сейсен Мұхтарұлының «Келші қарғам, маңдайыңнан иіскейін» деген өлең жолдары Мұқағалида сөзбе-сөз қайталанады, тіпті, ұйқастары да «тиіспейін» болып қайталанғанын оқығанда таң қаласың. Бұл – ақындар табиғатының үндестігі мен оқиғалардың өмірде қайталанып, әрбір ақынның басынан өтетіндігінің белгісі.
Жалпы, Өмірзақ Қожамұратов – сұлу­лыққа құмар, табиғатпен үндескен ақын. Оның «Тау жаңбыры» деген өлеңіне назар аударалықшы:
Тұратын ылғи ой қаптап,
Ақын ғой мына тау деген.
Найзағай – қалам ойнақтап,
Төсінен бұлттың сауды өлең.
Немесе:
Төбемде еркін аунаған,
Жел айдап, бұлтты тоздырып.
Күндерім үшін жаумаған,
Арқамды кетті-ау қоздырып.
Осы бір жолдардан оқып отырып, табиғат пен ақын стихиясын қатар қою­ға болады. Өйткені, екеуі де – Алла жа­ратқан құбылыс. Олардың бір-бірімен сырласуы да, үндесуі де сонда. Өмірзақ Қожамұратов лирик қана емес, үлкен ойлы ақын да. Оның қысқа қайырым өлеңдерінен бастап, «Сезім дәптеріне» дейінгі аралықтағы жырларын оқығанда оған еріксіз көз жеткізесің. Ол тағы бір өлеңінде, яғни, махаббат жырында:
Сәуірдің желі біз күткен,
Сәруар гүлді желпігей,
Құлпырып шықты қыз біткен,
Қарға аунап тұрған түлкідей.
Қуанышыңа, қайғыңа 
Жатпаймын әсте таласып. 
Аспаным куә, Ай куә, 
Тұрғандарыңа жарасып, – дейді.
Немесе:
Ағызып барады ағын, 
Айды – алтын жұмыртқаны, 
Қағады барабанын,
Бақалар ымырттағы, – деуіне неге таң қаламыз. Осындағы жанды суреттер мені еріксіз қайран қалдырады. Бұл өлеңде де Айбергенов ырғағы бар. Өмірзақта мұндай өлеңдер өте көп. Оның барлығын шағын мақалаға сыйғызу еш мүмкін емес. Сондықтан да, құрметті оқырман, қалған жыр-ләззатын Өмірзақ Қожамұратовтың «Сезім сәттері» кітабынан алыңыздар. Біз бағыт-бағдар беріп, жол сілтеуші ғанамыз.
Мен азды-көпті Өмірзақ Қожамұратов туралы ойларымды алдарыңызға жайып салдым. Ақынның ендігі жыр-тағдырына уақыт төреші. Жалпы, Өмірзақ Қожамұратов – өзінің атақ-даңқымен емес, тіпті, қыз­метімен де емес, тағдырымен ақын. Ешқандай қызмет те, атақ-дәреже де ешкімді ақын ете алмайды. Сондықтан, мектеп пен пешене ұғымы – бір-бірі­не қосылмайтын ұғым, түсініктер. Ақын­дардың бір-біріне ықпал етуі мектеп болса, ал бір-біріне ұқсамаулары – тағдыр-пешене. «Пешенесіне жазылған» деген меңзеудің де сыры сонда. Ендеше, тағдыры ақын еткен Өмірзақ Қожамұратовтың жыр кешін өткізіп отырған Қали Жолдас секілді жігіттерге үлкен рақмет айтамыз. Ақынын ұмытпау ұлтын ұлықтаумен пара-пар іс-әрекет. Ендеше, нағыз ақын­дарымызды жас жігіттер сияқты ұлық­тай білейік, ағайын!
P.S. Назарларыңызға ұсынып отырған «Талант тағдыры» мақаламыз, кезінде өмірден өткен талантты ақын Өмірзақ Қожамұратовтың «Сезім сәттері» атты жаңа шыққан кітабына байланысты тұсаукесерде жасалынған баяндама еді. Баяндама жасалып біткеннен соң Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновтың кейбір жанашырлары маған: «Сен ұлы ақындарымызды жыр ұрысы аттандырдың», – деп дүрсе қоя берді. Мені таңқалдыратыны – біздің әдебиетімізде өздеріндей  сауатсыз адамдардың жүруі ешуақытта да поэ­зиямызды өсірмейтінін білмейді-ау, со шіркіндер. Тіпті, олардың әлемдік әдебиетте реминисценция деген ұғым-түсініктің барлығын білмеуі ұят-ақ. Мен егер де бүкіл дүниежүзі ақындарынан Мұ­­қа­ғали мен Төлеген Айбергеновтың, Өмірзақ Қожамұратовтың, Қуан­дық Шаң­ғытбаевтың, Кеңшілік Мырза­бековтың, Зейнолла Тілеужанов сияқты ақын­дары­мыздың бір-бірімен үндескеніндей жай­ларды мысалға келтірсем, онда бір мақала аздық етер еді. Сондықтан да, ақындардың бір-бірімен үндесулерін немесе бірін-бірі қайталауларын ұрлық емес, шынайы да, шын мағынасындағы табиғаттарының бір-біріне жақындығы ретінде қабылдау керек. Өйткені, өмірдің олардың өлеңдерінде образға оралып, бейнелі де адам түсінбейтін жағдайларда үндесуінің өзі Алланың олардың аузына сөз салуындағы бір құдіреттің нышанын көрсетсе керек. Мысалы, өмірінде тірі қазақты көрмеген орыс ақыны Осип Маңдельштамның:
«Божье имя, как большая птица,
Вылетело из моей груди» – (1912)
Деуімен, 1937 жылы атылып кеткен Николай Клюев деген ақынның:
«И сердце птичкой из груди,
Перепорхнуло в кущи роя» – (1937)
Деуінің біздің тірі орысты көрді ме, көрмеді ме білмеймін. Кемпірбай ақын­ның:
«Кеудемнен көкала үйрек қош деп                     ұшты,
Сол шіркін, кәрі жолдас өлең білем», –
Деуінің аралығында не жатыр? Міне, осынау үш ақын жырының бір-бірінің сөздерін қайталап, жыр мазмұндарының үндесіп жатуларының өзінде қандай құдірет бар?! Бұл – нағыз ақындарға берілетін ерекше қасиеттер. Оны адам емес, Алланың өзі қадағалайды, әрі нағыз ақындардың ауыздарына көзге көрінбейтін құдіреттер арқылы бірін-бірі қайталаған сөздер салады. Міне, осыны әдеби тілде реминисценция деп атайды. Ал, біздің сауатсыздарымыз болса бұдан ұлы ұрлық көреді. Қандай да ақын болмасын немесе жазушы, сыншы болмасын сауатты болмаса, әрі білімді болмаса онда өлеңді де, прозаны да, одан тіпті тереңдетіп айтсақ сыншылықты да қоюы керек. Сондықтан, әдеби ұрлықты реминисценциядан ажырата білу керек. Нағыз ақындықтың құдіреттілігі сонда.
Қазір, сол бір кештегі баяндамадан соң мені ата жауы санайтындардың саны көбеймесе, кеміген жоқ. Мен оларды бар болғаны әдеби мәселеде сауатсыздардың қатарына қосып, оларға «Алла алдарыңнан жарылқасын» деген тілеу тілеймін де қоямын. Олардың арасында өздерін ақын санап,  кеудесін қағып жүргендер де бар. Ал, енді поэзиядан алыс, қарапайым оқырманға өлеңнің қыр-сырын түсіну үшін «сауатты да, білімді оқырман болыңыз» деген тілек қана айтқым келеді. 

 

763 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз