• Ұлттану
  • 11 Қыркүйек, 2014

ТҰҒЫРЫНАН ТАЙМАҒАН ТҰЛҒА немесе «Азамат мерейі»

Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ, 
спорт журналисі

Халқына қисапсыз қызмет көрсетуде ел мерейін өсірген азаматтар қазақ жерінде баршылық. Ел үшін туған жиделі жас жетпістің төріне шыққан Омархан Исаханов өз заманының сондай тұлғалы азаматы.
Омархан Тарбағатай тауының бөктеріндегі Үржар ауданына қарасты Науалы ауылының тумасы.


...Қыр жусанының танау қытықтап, аршыған жұмыртқадай көкірек сарайынды ашып сала беретін ғажайып иісін қанына сіңіріп, ауыл тұрмысының қат-қабат қызығы мен қияметін көріп, ыстығы мен суығына бірдей төзіп, бар тауқыметіне шыдап баққан қазақ балаларының бірі болып өсті.
Омарханның ат жалын тартып мінген балалық шағынан қазіргі мазмұнды да мағыналы өмір жолына зер салсаңыз ғибратқа толы парасат пен ізгілікке көз жеткізесіз. Иә, әр қазақ баласы үшін көкірегіне сағынышқа толы шуақ сеуіп, ерекше ыстық сезімге бөлейтін ауылдың орны бөлек. Омархандай ел ағасы болған азаматтар балалық шағын кеңестік дәуірдің еншісінде қалдырғаны белгілі. Ол заманның ең ардақты да абыройлы адамы, еңбек адамы болатын. Осы қағиданы зердесіне түйе білген Омархан еңбекке етене жақын болды. Адал еңбегімен ел елеулісіне айналып, құрметіне бөленген. Жақсы мінезімен, тынымсыз еңбекқорлығымен жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола білген ауылдың аяулы азаматтарының тұлғалары қашанда биікте.
Жасынан адамдардың қабағына қарап, бір тілім нанды бөліп жеді. Жұртқа жаны ашып тұру, біреуге қол ұшын созу, қысқасы, адамгершілікте болуды жүрегіне түйіп өсті. Оның бар оқулығы дала болды. Сол даланың адамдары бұған дархандықты, жомарттықты, кішілік пен кісілікті үйретті, тоқытты, оқытты. Сол дала тәрбиесімен келіп қазақтың дене тәрбиесі институтына оқуға түсті. Дене  тәрбиесі институтын таңдауы тектен-тек емес еді. 1959 жылдан бастап, мектеп қабырғасында жүріп спорттың бірнеше түрімен айналысты. Балалықтың балғын шағында боз кілем үстінде қазақша күрестен бағын сынаса, бертін келе жеңіл атлетика, волейбол, велоспорт түрлерін де өз өміріне серік етті.
Республикалық, облыстық жарыстарда ерекше көзге түсіп, ел құрметіне бөлене білген спорт түрі – ол шаңғы спорты еді. 10-15 шақырымдық қашықтықтағы сындарда шаңғымен сынаптай сырғи білген Омархан Жігітбекұлы үнемі жеңіс көмбесінен көріне біліп, спорттың бұл түрінен спорт шеберлігіне үміткер атанды. Осынау спорт түрлерінің бар қыры мен сырының құпиясын меңгеруге баулыған Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушылары Болат Тұрлыханов пен Илья Иванович Борило сияқты ұстаздарын ілтипатпен еске алады. Жасынан осы ұстаз­дарының қабағына қарап, адамгершілік сияқты қасиеттерді жүрегіне түйіп өсті. Сол дала тәрбиесін қия алмаған Омархан 1970 жылы дене тәрбиесі институтын тәмамдаған соң туған ауылына келіп, ұстаздық жолға түсті. Науалы ауылында ұстаздық ете жүріп, Үржардағы Болат Тұрлыханов ұстазына барып, қазақша күрестен шеберлігін шыңдай біліп, күрестің осы түрінен Қазақстан Республикасының Спорт шебері атанды. Мектеп қабырғасында жүріп, күні кеше ғана шәкірт болған балауса жас, енді ұстаздық өнердің тұтқасын ұстады. Ол жылдарда Науалы мектебі білім сапасы жағынан болсын, өнер мен спорт жағынан болсын ауданда үнемі алдыңғы қатарда жүретін.
Дене пәнінің мұғалімі бола жүріп, мектеп оқушыларын күрес, бокс, жеңіл атлетика, шаңғы спорты түрлеріне баулыды. Шаңғы спортынан 4х5 шақырымдық эстафеталық сында Науалы мектебінің командасы облыс чемпионы атануына Омар Жігітбекұлының қосқан үлесі өлшеусіз. Шаңғы спортынан аудандық, облыстық жарыстарда шаңғымен сырғанауда ел атын шығарып, жасындай жарқыраған Омархан Жігітбекұлын бүкіл ауыл орынды мақтан тұтатын. Сондай-ақ бұл табыстар Омар Исахановтың спорттық, бапкерлік жолдағы алғашқы бастауы десе де боларлық.  Үржар ауданы үлкен спортқа талай-талай  майталман спортшыларды берген құнарлы өңір. Оған бірден-бір дәлел кешегі Кеңес Одағының тарихында грек-рим күресінен қатарынан жеті рет КСРО чемпионы болу атағы (160 миллион халқы бар Ресейге, 50 миллион халқы бар Украинаға бұйырмаған) нарқасқа балуан қазақтан шыққан Дәулет Тұрлыхановқа ғана бұйырыпты. Оқығаны мен тоқығаны, көргені мен білгені мол Омархан Жігітбекұлына ауыл аясы тар болғандай көрініп, үлкен спорттық жолға түсуді ойлап, 1972 жылы астанамыз Алматыға келіп, Алматы малдәрігерлік  институтының дене шынықтыру және спорт кафедрасына оқытушы болып орналасты. 
1973 жыл Омархан Исаханов өміріндегі бетбұрыс жылы болды. Спорт әлемінің есігінен сығалап, қасиетті табалдырығын аттағаны сол жылдарда Қазақстан спортын басқарған Аманша Сей­сенұлы Ақпаевтың арқасында екенін ілтипатпен еске алады.
Спорт Комитетке дзюдо, самбо, қазақша күрес түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы болып бекітілгенде Аманша Ақпаев оған: 
– Ал, інім саған спорттың осы үш түрін аманат етіп тапсырып отырмын, мұнымен қоса ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән беретініңе  сенемін, – деп үлкен міндет жүктеген еді.  
 Намысқа тырысқан Омархан қай қиырға салса да, қиядан көрінді, қай тереңге салса да, бойлап та, ойлап та шыға білді. Қайраткерлік пен ерік-жігердің үлгісін көрсетті. Болашақ жеңімпаздарға қазақ халқының болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, спорт өнерін, мәдениет үрдісін ұрпақ бойына сіңіретіндей тәрбие көзін аша білді. Әлемде, ХХ ғасырдың 30-жылдары самбо күресінің тұсауы кесілген жыл болып табылады. Самбо күресінен ең бірінші Әлем чемпионаты 1973 жылы ұйымдастырылды. Тегеранда өткен бұл чемпионатта КСРО самбошылары 10 салмақ дәрежесінің тоғызында жеңіс биігінен көрінді. Бұл табысқа қазақстандықтар да үлес қосты. Мемлекеттік жаттықтырушы Омархан Исаханов қазақша күрес, самбо, дзюдо күрестерінің тамырына нәр бере білуінің арқасында спорттың аталған түрлерінен өмірге толағай табыстар келе бастады. Енді, сол табыстарға аз-кем тоқ­тала кетсек артық болмас. Самбо күресі бойынша Еуропа бірін­шілігі 1972 жылы ұйымдастырылды. Рига қаласында өткен Еуропа біріншілігіне КСРО құрамасымен бірге Жапония, Иран, Моңғолия балуандары қатысты. Бұл сын КСРО самбошыларының айқын басымдығымен өтті.
1981 жылы Қарағанды қаласында самбо күресінен КСРО-ның чемпионаты өтті. Оған 15 одақтас республикалармен бірге Мәскеу, Ленинград балуандары қатысты. Осы жарыста 48 келі салмақта қазақстандық екі балуан бақтарын сынады. 17 жасқа енді ғана толған Айтжан Шаңғараев пен Қанат Байшолақов осы салмақта ақтық финалдық айқаста екеуі өзара кездесті. Бұл бәсеке Айт­жан Шаңғараевтың жеңісімен аяқталды. Ол КСРО чемпионы атанды. Онымен бірге дәл осындай атаққа қол жеткізіп, алтыннан алқа таққан Тараздық Алмас Мұсабековті де атай кеткен жөн. Қазақстан құрамасы тарихта бірінші рет командалық екінші тұғырдан көрінді. 
Шаңғараевтар бірнеше ағайынды азаматтар, олар Айтжан, Қайрат, Мараттар. Бұлар Алматы қаласының түбіндегі Қарасу ауылының тумалары. Әрине, бұлардың спорттағы осындай толағай табыстары өзінен-өзі келе салмағаны белгілі, олардың осындай биікке көтерілуіне жол ашқан бапкерлерінің тынымсыз тер төгуі мен ізденістерінің нәтижесі екені даусыз. Бұл жерде самбо күресінің көсегесін көгерту жолында бүкіл саналы ғұмырын арнаған – Те­мірхан Досмұханбетовтың ең­бегін ерекше атауға тиіспіз. Ағайынды Шаң­ғараев, ағайынды Қаляқовтарды КСРО, Еу­ропа, әлем чемпиондары биігіне көтере білгені үшін Досмұханбетовке КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.Белгілі бапкер Марат Жағиттың шәкірті Алмас Мұсабеков 1986 жылы Еуропа чемпионы атанды.
Самбо күресінің Отанына айналған өңірдің бірі Қарағанды облысының Жаңа-Арқа ауданы. Аталған ауданның түлегі Айбатыр Махмұтов 1992 жылы Әлем кубогын жеңіп алды. Осы аудандағы Атасу ауылындағы «Жас сұңқар» спорт мектебінен 1973-1990 жылдар аралығында бүкіл әлемге аттары мәшһүр болған әлем және Еуропа чемпионы Қанат Байшолақов, әлемнің күміс жүлдегері Әлисұлтан Волобуев, Әлем кубогының жеңімпазы Айбатыр Махмұтов, Талғат Байшолақов және Жанат Байшолақовтар қазақ елінің мерейін өсірді. Әлемді аузына қаратқан осыншама чемпиондар шоғырын тәрбиелеген Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім, осы атақтардың лайықты иесі – Диханбай Дүржанұлы Биткөзов болатын. Ерекше еңбекқор азаматтың арқасында Жаңа-Арқа ауданын бүкіл әлем таныды. Сен тұр мен атайын дейтін атақты спортшылардың дақпырты еліміздің барлық аймағына жетіп, қазақша күрес, самбо, дзюдо күрестері қазақ жерінде кең қанат жая бастады. Осындай іргелі істердің басы-қасында болып, ылғи жайнап, маздап, жалындап тұратын от сияқты Омархан өзінің жануымен қоймай, өзімен бірге өзгелерді тұтатып, жадыратып жүрді. 
Айналасындағыларға шуағын шашатын белгілі де білікті азаматтармен жанаса жүріп, өз міндетін шүбасыз атқарды. Омекең, Абай айтқандай «ақылы мен еңбегіне» сенген адам. Екеуі екі жақтап оны биікке көтерді, құлашын кеңге серметті. Сондықтан да, болар, қатықсыз қара көжесі мен қара нанын адал жеген азамат.  Адал ас бойға сіңімді дегенді тірлігімен дәлелдеді. Күні бүгінге дейін бірі аға болғандардың аялы алақанын, бірі іні болғандардың жомарт жүрегінің жылуын жиі еске алады. Дзюдо күресін де үнемі назарында ұстап, осы жолда тер төгіп жүрген белгілі мамандармен тізе  қосып, күрестің бұл түріне де дем берді. Ауыз толтырып айтарлықтай табыс бар­­шылық. Оған айғақ 1975 жылы Марат Әзімбаев  Еуропа чемпионы атанса, теміржолшылар арасында Юрий Мали­новский әлем чемпионы  атағын жеңіп алды. Кеңестік одақтың төрінде жалындай жарқыраған өрендер аз болған жоқ. Олар Марат Әзімбаев, Ибрагим Оздаев, Александр Зверинцев, Бостан Жаңбырбаевтар қазақ елінің  мақтанышына айналды.
1982 жылдан бастап қазақстандық дзю­дошылар Халықаралық жарыстарында республика атынан жеке команда болып қатысу құқығына ие болды. Омар Исахановтың ұсынысы бойынша Алексей Атаев құрама командаға бас бапкер болып бекітілді.  Біреулер үшін мансап болып саналатын, мәртебе болып көрінетін қоғамдық, мемлекеттік істер, яғни отан алдындағы, халық назарындағы қалтқысыз қызмет Омархан үшін перзенттік парыз, азаматтық міндет болып табылады. Рас, халық сеніміне ие болудан асқан абырой жоқ.
Жүрегінен сылдырап аққан осынау ізгіліктің кәусар бұлағы Омарханды арман шыңына шығарып, жақсылармен жанас­тырды, отызында орда бұзды, қырқында қамал алды, тең құрбысының алды болды. Қандай қызмет атқарса да, шікірейген шенеунік болған жоқ. Қазақ намысы қай тұста желбіресе, Омархан сол жерден табылды. Ұлттық спорт түрлері жайында Омекең өз ойын былай білдірді:
– Кеңес дәуірінде қазақ халқы өзімен бірге ғасырлар бойы бірге жасасып келген ұлттық ойындары мен спорт түрлерінен айырылып қалуға шақ қалды. Құдайға шүкір, қаншама аумалы-төкпелі заманды бастан өткізсек те, Алла Тағала біздің пешенемізге асыл мұраларымыздан біржолата көз жазып қалуды жазбады. Империяның тегеуріні қанша мықты болғанымен, ол біздің ғасырлар бойы қалыптасып, халық санасы мен бол­мысында мықтап орын алған ұлттық спорт ойыны, мәдени өнерлерімізге деген сүйіспеншілігіміздің тамырына балта шаба алмады. Ал, Ұлттық спорт түрлеріне жататын қазақ күресіне келсек, оның алар орны ерекше. Бүкіл тарихи ғұмыры жаугершілік заманда аттың жалы мен түйенің қомында өтіп, ұланғайыр кең даламызды жаулардан, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ел тәуелсіздігі жолында басын бәйгеге тіккен ата-бабаларымыз үшін қазақ күресі тек ұлттық спорт түрінің бірі ғана емес, ел іргесін қорғайтын, ұрпақты ерлік-рухта тәрбиелейтін жауынгерлік тәлім-тәрбие мектебі болғаны даусыз.
Жалпы, халқымыздың қанына сіңіп, оның өмір-тіршілігінің ажырамас бір бөлігіне айналған, халықтың жауынгерлік айла-тәсілдерге жетіктігін, рухының биіктігін, қазақ мінезінің өзінің байтақ даласындай кеңдігін көрсететін ғажап өнер екенін, жатпай-тұрмай дәлелдеген Омархан қазақ күресі ұлттық спорт түрі болғанын кеңестік дәуірдегі кейбір кертартпалардың көзін жеткізе отырып, дамытуға атсалысты.
Міне, бұл орайда Қазақ халқының атын әлемге паш еткен Қабден Байдосов, Жақ­сылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлы­хановтар күрес әліппесін ең алғаш рет осы қазақ күресінен бастағаны анық. Қазақтың қырқа шалуын тамаша меңгерген Қанат Байшолақовтың  самбодан әлем чемпионы атануы қазақ күресінің арқасы. Спорт өнерін тұмардай қадір тұтатын жапондықтар өздерінің дзюдо, каратэ, сумо күресін, корейлер таэквондоны, қытайлар кунг-фу, у-шу ұлттық спорт түрлерін әлемге мойындатса, қазақ халқының көне ғасырлар қойнауынан бастау алатын қазақ күресі кеңестік дәуірде бесіктегі баланың күйін кешу Омархан Жігітбекұлының арқасына аяздай бататын. Дүниежүзінің барлық түкпірінде әлем халықтары мойындаған қазақ күресін көрсем деп армандайтын. 
Қазақ күресі федерациясының президенті Серік Адамұлы Түкеевтың тынымсыз ізденісі мен бел шешіп кірісуінің арқасында қазақ күресі бүгінде жаңа өмір кезеңіне аяқ басып, қабырғасы қатайып, дүниежүзілік ірі жарыстардың өзегіне айналды. Бұрынғы ҒІLA президенті Рафаэль Мартинетти ұлттық спортымыздың ерекшелігі мен дамуына жоғары баға беріп, қазақ күресі әлемдік күрес қауымдастығына қабылдануға лайықты деп шешіп, Серік Түкиевпен арадағы заңды құжатқа қол қойды. Бұл құжат қазақ күресін жаңа белестерге көтерді. Оған үш-төрт жылдан бері өткізіле бастаған «Қазақстан барысы» белдесулері айғақ. Әлемдік, Еуропалық біріншіліктер мен ойындардың өткізіліп келе жатқаны өз алдына бір төбе. 
Омархан Жігітбекұлы барлық өмір жолын елдің елдігі мен береке бірлігін нығайтуға, ынтымағын бекітуге арнап жершілдіктен, күншілдіктен әрқашан да бойын аулақ салатын, ешкімді мақтамай, ешкімді даттамай еңбегіне қарай бағалайтын. Сондықтан да, қазақ күресінен дзюдо, самбо күрестеріне ерекше еңбек сіңірген көптеген мамандардың ісін бағалауда «Ердің атын елі шығарады, елдің атын ері шығарады» деген аталы сөзге жүгініп, әрбір адамға өзінің лайықты бағасын беру, кімнің де болса арына сын екенін бір сәт те есінен шығарған емес. Бұл кісінің шапағатын көрген, аралас-құралас бола жүріп жоғарыда аталған күрестің үш түрін дамытуда аттары бүкіл әлемге әйгіленген белгілі спорт мамандары мен басшылардың аттарын атап, түстерін түгендейтін болса, олардың қатары 40-50-ден асып түседі екен. Сондықтан, еліміздің әр аймағында жемісті еңбек етіп жүрген Омекеңнің үзең­­гілестерін қадау-қадау атағанды жөн көрдік. Олар: Темірхан Досмұханбетов, Амантай Қарақов, Елемес Әлімханов, Керей Қойшыбек, Михаил Шепеюктер – бәрі Алматыдан. Оңтүстікте – Болат Қырықбаев, Жақан Оңалбеков; Таразда – Марат Жахит, Манарбек Ақайдаров; Оралда – Қамеш Ісмағұлов; Қарағанды облысында – Диқанбай Битқозов, Анатолий Малкин сияқты өз ісінің қас шеберлері күні бүгінге дейін жемісті еңбек етуде.
1973 жылдан 1986 жылға дейін аталған үш күрес түрінен еліміздегі тұңғыш мем­лекеттік жаттықтырушы болу тек Омархан Жігітбекұлының маңдайына жазылған бақыт болды. Қазақша күрес, дзюдо, самбо күрес түр­лерінен кеңестік дәуірде халықаралық, әлемдік деңгейде қол жеткізген табыстар ұшан-теңіз екен. Оның бәрін тізіп, атап шығу мүмкін емес. Адамның қайраткерлігі, тұлғалығы әркімнің атқарған ісі арқылы айқындалатынын Омархан ағаның өмір жолынан анық байқаймыз. 1981 жыл мен 2000 жылдар аралығында Омархан аға белгілі спорт маманы Елемес Әлімхановпен бірлесіп серіктес автор ре­тінде қазақ күресінің жаңа ережесін өмірге әкелумен бірге, қазақ күресіне қажетті спорттық киімдердің жаңа түрлерін, жаңа нысанның нұсқасын ұсынды. Бұл нұсқалар дүниежүзілік федерациясында (ҒІLА) бекітіліп, мақұлданды. Бүгінгі күндері қазақ күресінен ұйымдастырылып жүрген барлық деңгейдегі жарыстар сол спорттық киімдер үлгісі бойынша өтіп келеді. 1995-2005 жылдар аралығында Омархан Жігітбекұлы Қазақстан Республикасының туризм және спорт агенттігінің спорттық атақтар мен марапаттар бекітетін комиссияның бас маманы қызметін атқарды.  Онымен қоса агенттіктің қолданбалы спорт бөлімінің басшысы бола жүріп, осы бөлімге тиісті 16 спорт түрін, атап айтқанда: бокс, дзюдо, самбо, қазақ күресі, ауыр атлетика, семсерлесу, бессайыс, садақ ату, стенді көздеу, су спортының барлық түрлерінің дамуына ерекше үлес қосты.
Жоғарыда аталған жұмыстармен қатар агенттіктің жанындағы кәсіподақ қоғамдық комитетінің төрағасы қызметін қоса атқарды. Ол Қазақстан Республикасының 200-ден астам спорт шеберін, 4-еңбек сіңірген спорт шеберін, 25-республикаға еңбегі сіңген жаттықтырушыларды даярлады. Омар­хан­ның еңбек жолында өзін ғана емес, елін, қазағын биікке құлаш ұрғызу, төрткүл дүниеге таныту мақсаты мен адамзатқа тән кісілік үлес қосу мұраты жатыр. Омархан Жігітбекұлы күрес әлемінің барлық деңгейінде жемісті еңбек ете білген тұлға. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Әр дәуірдің өсіп-өркендеуіне адал еңбек сіңірген адам ғана қайраткер, әркез халық мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қойған, халықтың қорғаны болған және ұлт мүддесі үшін күресе білген ғана  – Қайраткер» деген.
Бұл тұрғыдан алғанда Омархан ағаның 1981-1985 жылдар аралығында КСРО Құрамасының Қазақстандағы жаттық­тырушысы болғаны соған дәлел. Сол қыз­метті атқара жүріп, қазақ жастарының әлемдік аренаға шығуына зор үлес қосты. Көп іс тындырса да менменсіп, көсемсіп кеуде соқпайтын «бетегеден биік, жусаннан аласа» – бірқалыпты, мінезі мен қалыпты жүріс-тұрысынан бір айнымайтын, азаматтар болады. Ондайлар кейде көптің көзіне түсе де бермейді. Қарапайымдылығымен қатарда жүреді. Көп тыңдап, аз сөйлеп, өзінің қортынды ойын бірақ айтады. Іске мығым ондай азаматтардың жан дүниесін білмекке суыртпақтап сыр тартқанда ғана барып, кеудесі сырға толы қойма, қазіргі қоғамның дамуына қосып отырған үлесі мен жемісті еңбегінің аса қомақты да мәуелі екеніне көз жеткізесің.
Жемісті еңбек жолындағы алған мәртебелері мен алған атақтары атан түйеге жүк болғандай екен. Атап айтар болсақ: КСРО-ның Еңбек ардагері медалі, Қазақстан спортының құрметті қайраткері (2003), Ұлттық Олимпиада комитетінің құрметті белгісі (2008), Денешынықтыру мен спортты дамытуға қосқан еңбегі үшін белгісімен, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығы, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының 20 жылдығы медальдарымен, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ау­да­нының Құрметті азаматы, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Спорт шебері, Қазақтың спорт және туризм академиясының Құрметті профессоры, Омархан Жігітбекұлы Исаханов 2007 жылы кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Мұның бәрі адал еңбектің арқасында келген мақтаулар мен марапаттар. 
Елбасымыздың «Біз ел боламыз десек өз кәсібін сүйетін адамдарды, еңбек ерлерін дәріптеуіміз керек. Еңбек елеусіз қалмағаны абзал. Әсіресе, қарапайым еңбек адамының маңдай терін көре біліп, дер кезінде арқасынан қағып, марапаттап жатса оның несі айып» – деуі тектен-тек емес. 
Иә, мақтасақ еңбек адамын мақтайық! Шіркін, задында адам сұлу болуға тиіс қой, тән сұлулығы ғана емес,  жан сұлулығына не жетсін. Ал, шын мағынасындағы сұлулық – сырбаздық. Бұл қасиетке уызында жарыған, кенен кісі ғана, табиғаты таза, санасы сара  адам ғана ие бола алады. Жүріс-тұрысы да бөлек, нағыз қазақ – осы қазақ дейтіндей, алты қарыс ақ маңдайы алты айшылық жерден жарқырап, мойылдай қара шашын шалқасынан толқындата қайырған, толыса біткен сұңғақ бойын тік ұстаған тәкаппар деуден гөрі текті азаматтың сырбаз қалпына саятын болмысына қарап, ағасы дейтіннің нағыз өзі. Келбетіне қарап жетпіске келген деуге аузың бармайды.  Сөзі мен ісі ылғи бір жерден шығатын инабатты, өзгеге оқыс қыжылы, қызғанышы жоқ, етек-жеңі кең адам ғана ие бола алады. Әділін айту керек біз көріп жүрген Омархан Жігітбекұлы осы санаттағы азамат. Сол Үржар сияқты паңдар елінде туып, өскен Омар ағамыздың тұлғасынан да тектілік, сүйекке біткен серілік пен ірілік байқалып тұрады. Қашан көрсең сол сырбаз да салқын, салмақты қалпы. Сындардай сұңғақ бойы қандай. Иілмей, бүгілмей тіп-тік болып жүреді.
«Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс», – деп бір ойшыл айтқандай өмірінің бар мәні ұрпағына дұрыс тәрбие беруде екенін жақсы ұғынған Омархандай әкенің еңбегі жемісін берді. 
Омархан Жігітбекұлы жұбайы Әлия Жүнісқызы екеуі өнегелі үш ұл, инабатты қыз тәрбиелеп, немере, шөбере сүйіп, еңбегінің зейнетін көріп, батагөй қария атанып отыр. Әке мен шеше тәлімін алып, ер жеткен ұл-қыздары түрлі салаларда жемісті еңбек ете жүріп, еліміздің беделді азаматтары атанды.  Омекең жасым жетпіске келді деп, қол қусырып қарап отырмай, еңбек жолын спорт саласында әлі де жалғастыруда. 
Елдің бірлігін сақтап, жұмыла еңбек етіп, терең білім алып, өзіміздің ұлттық қасиетіміз бен  болмысымызды, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, өз тілімізде сөйлеп, өз дінімізде болуын әр қазақ баласының мойнындағы ұлы парызы  деп білемін» – деді Омархан Жігітбекұлы. Бұл оның өмірлік кредосы. «Жанында жүр жақсы адам» дегендей Омарханның бұл болмысы кімге де үлгі боларлық.
Тұғырыңыздан таймаңыз – Омархан Жігітбекұлы дейміз!

353 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз