• Еркін ой мінбері
  • 11 Қыркүйек, 2014

Қонаевтың атасы Қонай батыр кім? немесе «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бір мақалаға байланысты қисын мен дерек

Ораз ҚАУҒАБАЙ,
«Ақиқат» журналы, 
Қонаев университетінің 
профессоры

Қонай батыр Азынабайұлы қашан, қай жерде туылған. Дүние салғанда топырақ қай жерден бұйырған. Белгілі басылымда («Егемен Қазақстан») ай­тыл­ғандай ол Әлмерек, Қалыбек, Ескелді және Орақ батырлардың замандасы болған ба? Қонай ұрпағы Қонаев Әлмеректің көне мазар-қорғанын қалай көріп, әруаққа тағзым еткен. 

Меңліахметтің «шежіре дәптері»

Димекеңнің әкесі Меңліахмет ақсақал ақыншалыс әрі Ұлы жүз Үйсін шежіресін жақсы білетін, молдадан сауат ашқан сұңғыла кісі еді. Бәйдібек ұрпақтары жөнінде шежіре шертіп, әңгімелегенде атақты Бауыржан батырдың өзі бұған қайран қалған. Әсіресе, Ысты ата шежіресін оның ішінде Қонайдан тарайтын ұрпақ, үрім бұтақтардың туған жылдары мен ай-күндерін дәл көрсетіп, қағазға түсіріп, хаттап отырған. Мекеңнің өзі жазған «Шежіре дәптерінің» ататек деректері Қонаев туралы шыққан (2008) фотоальбомда жарияланды. Мекең өз әкесі Жұмабай Қонайұлының 1846 жылы туып, 1912 жылы қайтыс болғанын ай-күніне дейін көрсетіп жазады. Жұмекең – Жұмабай қажының мүрдесі Алматының күншығыс жағындағы (Татарка)ескі мұсылман қорымында жатыр. Жұмабайдың әкесі Қонай қай жылы туып, қайда қайтыс болған. Өкініштісі, «шежіре-дәптерде» Мекең атасы Қонайдың атын атағанымен бабасы туралы тіс жармайды. Мекең өз дәуірінде атақты болған Қонай жөнінде арнайы жеке жазып, бір себептерге байланысты оны өзінің «киіз кітабына» енгізбеген. Қолжазбаны Қонай туралы кезінде кітап жазуды ойлап дерек, мағлұмат жинап жүрген Шона Смаханұлына берсе керек. Өйткені, Қонайды «Жанай» деп кейіпкерінің атын осылай өзгертіп алған Шөкеңнің «Үміт жұлдызы» кітабы 1984 жылы «Жалын» баспасынан жарыққа шықты. 
Жетісудан жөңкіле көшіп, Арқадағы Тобықты Құнанбай еліне барған Қонай Шөкеңнің меңзеуінше Құнанбайдан 20 жастай кіші. Құнекең 1804 жылы туса, Қонай 1825 жылы туылады. Қонайдың екінші ұлы Жұмабай 25-26 жасында көрген перзенті, яғни, Жұмабайдың 1846 жылы туғанын еске алсақ (жоғарыда айттық) Қонайдың 1820-1825 жылдар аралығында туғаны күмән тудырмайды. Сондай-ақ, 1771 жылы туып, 1854 жылы қайтыс болған Бөлтірік ақынмен Қонайдың жігіт кезінде кездескен уақыты да осыған сәйкес келеді. Қонайдың туған жылын топшыладық. Ал, енді дүниеден өткен жылын да болжауға болады. Елуге толмай өмірден өткен көрінеді. Олай болса 1868-70 жылдар аралығында дүние салған деп айту жөн. 
Димекеңнің айтуынша ұлы атасы Қонай Арқадан атажұрты Алатау өңіріне келгенде аңдып жүрген жаулары Қаскелең маңында қапыда өлтіреді. Жол бойында бесін намазын оқып отырғанда қарақұсына соққы тиіп, жарық дүниемен қоштасады. Қаскелеңнің терістік жағындағы төбе-жотаның үстіндегі ескі қорым-зиратта Қонайдың мүрдесі болуы мүмкін.  Қазақ салтында марқұмды алысқа апармай қайтыс болған маңға қоятыны белгілі. Міне, сондықтан топырақ осы жерден бұйырған деп айтуға дәлел бар.
Өмірден өтерінің алдында Димекең Қаскелең арқылы Күртідегі туыстарына қонаққа барады. Жолда кетіп бара жатып тағдыры тағылым ұлы бабасының рухына дұға оқыған да шығар. 

Қонай Қоқан хандығына қарсы

Біз жоғарыда Қонайдың қай дәуірде, қай жылдары өмір сүргенін айттық. Шона ағамыздың көркем шығармасында Қонай он тоғызыншы ғасырдың ортасында Қоқан ханы Құдияға қарсы қол жинап, соғысқан батыр ретінде суреттеледі. Жазушы Қонай өмір сүрген дәуірді, уақытты шынайы бейнелейді. Батырдың тұлға болып қалыптасуы он тоғызыншы ғасырдың ортасы. Бұған дау жоқ. Осы жерде Қонайға қатысты тарихи шындықтан алыс кеткен, дерек, оқиғалары, тіпті, үйлеспейтін бір мақала жөнінде айтуды жөн көрдік. Өткен жылы «Егемен Қазақстанның» көкек айындағы (09.04.2013ж.) нөмірінде «Қалыбек батыр» атты мақала жарияланды. Авторы Досан Жанботаев ағамыз. Онда автор Қонайды он жетінші ғасырда, әз-Тәуке хан тұсында өмір сүрген (1658-1754) Әлмерек абызбен кездестіреді. Ол кезде өмірде жоқ Қонай Әлмерекпен қалай кездеседі. Бұл жаңсақ дерек. Ең қызығы ру басы, Қонайдың әкесі Азынабайды «болыс» деп жазады. Тарихи шындық пен дерек тағы үйлеспейді. Ресейдің «Сібір қазақтары туралы» Уставында болыстық лауазым мен әкімшілік атауы 1868 жылы далалық басқару жүйесіне енгізілгені белгілі. Қонайдың әкесі, ру басы Азынабай шіріген бай болған, болыс болмаған. Ресей отаршылдығы кезінде өмірден озып кеткен. Автордың батырлардың достығы мен сыйластығы жөніндегі жақсы ой-ниеттерін құптаймыз. Бірақ, шындықтан алыс кетуге болмайды. Сондықтан, тұлғаларға қатысты ағаттықты айтуға тура келіп отыр. 
Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында өмір сүрген Қонай, Әлмерек, Ескелді, Орақ­тардың тұстасы емес Ағыбай, Сұраншы, Сыпатай батырлардың замандасы. Қоқан ханына қарсы жасақ жинап, шайқасқан батыр, ел қорғаны. Қонай туралы кітап жазған Шөкеңнің шығармасында (повесть) бұл жайында жақсы баяндалады. Қонайдың Арқадан Жетісу жеріне қайта көшіп келгенде аты басында батырлығымен аңызға айналған Әлмерек жайында естуі мүмкін және оның ұрпақтарымен кездесуі де ықтимал. Өйткені әз-Тәуке хан тұсында Үйсін – Албанға белгілі болған, Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қалмақ батыр Шонжыны өлтірген Әлмеректің даңқы Жетісу, Хан Тәңірі өңірінде дүркіреп тұрған. Ал, оның ержүрек ұрпақтары Тазабек, Саурық және Шалтабай ақын орыс отаршылдарына қарсы жанқиярлық күресті бастаған кезі еді. 1846 жылы Тазабек би Пұсырманұлы Шұбарағаш – Ойжайлауда өткен билер кеңесіне қатысты. Ол кезде елі көшіп-қонып жүрген Қонайдың Тазабек батырмен кездесуі әбден мүмкін. 
Меңліахмет қария Әлмерек ұрпағы Құрман – Саурық батыр мен Шалтабай ақын жайында көп естіген. Ал, Әлмерек жайында айтудан жалықпаған. Өйткені, Әлмерек – Құрман Қожеке күйшінің қызы Көкшегір ана жайында жақсы білетін. Албан елінің ақ патшаға қарсы соғысы туралы кітап жазған («Қилы заман») Мұхтар Әуезов көпті көрген Мекеңмен жүздескен. Қаламгер Дөкең (Досан аға) мақаласында Әлмерек Қонайды бір топ батырмен Қарқараға қонаққа шақырғаны баяндалады. Бұл, тіпті, қисынға келмейтін нәрсе. Қонайдан 100 жыл бұрын өмірден өткен Әлмерек қайта тіріліп келмейді ғой. Әрине, авторды жаңсақтығы үшін кіналаудан аулақпын. Өзім ұзақ зерттеп, әбден көзім жеткен деректер бойынша Қонай жөнінде осылардың бәрін баяндап, арнайы мақала жазған едім. «Қазақ әдебиетіне», тағыда бір-екі басылымға ұсынған болатынмын. Өкініштісі, әлі жарияланбай жатыр. Өйткені Қонаев аты аталған дүниелерге неге екені белгісіз  редакторлар үрке қарайды.

Әлмеректің жарыққа шығуы

Шындық сол, Қонай Әлмерекпен ешқашан кездесіп, бірге жүрген жоқ. Бірақ, «әруақ әлемінде» адамды таңқалдыратын құбылыстар болады екен. Саясатқа байланысты түнекте жатқан Әлмеректің жарыққа шығуына бірден-бір себепкер болған Қонайдың тікелей ұрпағы Дінмұхамед – Димекең еді. Бұл өзі қызық, тылсым тарих.
Әлмерек абызды пір тұтқан Қонайдың немересі Меңліахмет ақсақал (Димекеңнің әкесі) 1921 жылы Әлмерек жазығында (қазіргі Әлмерек ауылы тұрған) діндарлар жиылып тасаттық берген жерге үлкендерге сәлем берсін деп тоғыз жасар ұлы Димашты ертіп келеді. Тасаттық діни жоралғысы біткен соң, осы маңға жақын Әлмеректің қорған-мазарына келіп, дұға оқиды. Өзімен бірге келген баласына «Мынау, елі Албан-Ата Әлмерек деген атақты, өзі ерекше қасиетті кісінің мазары» деп абыз жайында әңгімелейді. Күн ыстық болғандықтан мазардың төменгі жағындағы бұлақтардан екеуі су ішеді. Бұл оқиға бала Димаштың есіне ерекше сақталып қалады. Жұлдызы жанған жетпісінші жылдары Жетісу жеріндегі шежіре-тарихты, қасиетті адамдар жатқан қорым-зираттарды және белгілі молда, сопылардың өмір-өнегесін жақсы білетін Димекең ақын-жазушыларға, өзінің мұсылманша оқыған достарына Әлмерек жайында «сыбырлап» айтып жүреді. Жазушылар Одағында болған бір жиында шай ішу кезінде Димекең өзіне қызмет етіп жүрген қазіргі белгілі қаламгер Тұрсын Жұртбайдан қайда тұратынын сұрайды. «Аға, мен Алматының шетіндегі Гагарин кентінде тұрамын» дейді. «Қарағым, ол жердің байырғы аты Әлмерек болатын. Кейін Гагарин болып осылай өзгерді» дейді. Бірақ, толық ешнәрсе айтпайды. Жер-судың байырғы қазақша аттарын біліп жүр дегенді меңзейді. Ол кезде жас жігіт Тұрсын Әлмеректің басына бала кезінде «үлкен кісінің» келгенін қайдан білсін.
Әлмерек би батырдың өмірі мен өнегесі, ерлігі мен тағылымы жөнінде және оның атамекеніндегі жер-судың қасиеті жайында Димекең өте көп білген. Бұл жайында Әлмерек елі азаматтары белгілі қоғам қайраткерлері Әріпбай Алыбаевқа, Заманбек Батталхановқа және қазір көзі тірі Кеңес Аухадиевке Димекеңнің әңгімелеп жүретіні рас еді. Жетпісінші жылдардың соңында Тұрсын Гагарин кентінің бұрын Әлмерек атанғанына байланысты Димекеңнен естігенін курстасы әрі жақын досы, Әлмеректің тікелей ұрпағы  айтыс ақыны Айтуған Шайымға айтады. Ел ішінде көп жүретін ақын мұны жалпақ жұртқа жаяды. Кеген, Нарынқолдағы абыз ұрпақтары естиді. Сөйтіп, Димекең айтқан дерек бойынша Әлмеректің жатқан жері анық белгілі болып, кейін ескі қорған-мазарына келіп дұға оқушылар көбейді. 
Тәуелсіздіктен кейін 1998 жылы жазда ұрпақтары оншақты киіз үй тігіп, үлкен ас берді. Аста Тұрсын сөз сөйлеп, тележурналистерге біраз әңгіме айтты. Қонай ұрпағы Қонаевтың білгірлігі мен шежіре дерекке сұңғылалығы арқасында түнектен жарыққа шыққан Әлмеректің көне қорған мазарының орнына 2001 жылы жаңа кесене салынды. Кесенені көтерген ол кезде белгілі бизнесмен Серік Сұлтанғалиев еді.

Қонай Мұхаңның кейіпкері

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың кемеңгерлігі мен ерлігіне қайран қаласыз. Албан ұлт-азаттық көтерілісін қанын сорғалатып жазғаны әлемге аян. Атақты «Қилы заман» шығармасындағы басты кейіпкерлердің бәрі (Ұзақ, Әубәкір, Жақыпберді) Әлмеректің ұрпақтары. Ал, Қонай әулеті жөнінде М.Әуезовтен артық білетін адам жоқ. Қаламгердің атақты «Абай жолы» романында Қонайдың аты аталады. Ол ұры-қары, барымташыларға қарсы қол жинап, шайқасатын бір рулы елдің батыры ретінде өзін әйгілейді. 
Қонай Жетісуден Құнанбай еліне келгенде алғаш барымташыларды тәубесіне келтірген мықты, өжет және қайсар қазақ екенін танытады. Жалпы, сахарада қарақшылармен қақтығыстың сойқаны қатты болған. Бұл жөнінде қантөгіс шайқасқа өзі куә болған, Семей-Шыңғыстау өңіріне саяхат жасаған (1846 ж) поляк жазушысы Адольф Янушкевич шынайы жазады, әрі қаз қалпында баяндайды. Жорық шайқас кезінде ол Қонайды да көрген болар. Ол осы өңірдегі барлық белгілі адамдармен кездескен. Шөкең кітабында Қонай орыс ояз ұлықтарымен кездесіп, жекебасына қатысты көші-қон шаруасын айтады. Соған қарағанда, мұсылманша әрі орысша сауаты болғаны сезіледі. Ұрпақ туыстарының айтуынша Қонай өте ірі, дәу, Қажымұқандай күшті әрі алып адам болғанға ұқсайды. Міне, сондықтан «Абай жолы» романында Мұхаң көп кейіпкерлердің бірі Қонайды былай суреттейді: «Ұзын сары келген, бойында артық қырым ет жоқ дейтіндей сүйекті, сіңірлі Қонай да кең жауырынды, қараңғы кештерде алпамсадай бойымен биік аттың үстінде ол түйе мінген кісідей көрінетін». Аталған романның үшінші кітабында Қонай бейнесі осылай көзге түседі. Мұхаңның суреттеуіне қарағанда Қонайдың зор кісі, батыр болғаны еш күмән тудырмайды. Қонай қашанда қауіпті жерде топ бастайды. Шөкең шығармасында «Жанай» деп жазса Мұхаң кітабында  Қонайды азан шақырып қойған атымен атайды. 
Меңліахмет ақсақалдың айтуымен және ол кісінің «қолжазба деректері» бойынша батыр бейнесін жасаған Шөкең де Қонайдың жүректі, көк жал қасқырды қылқындырып өлтірген күш-құдіретін айтады. Сондай-ақ асқан мерген, елікке шалма тастап ұстайтын әбжілдігін де еске алады. «Үміт жұлдыз» кітабында Қонай (Жанай) Қоқан ханына қарсы Сұраншы батыр әскерінде жүз басы болып, қол бастайды. Арқаға Тобықты еліне келгенде Қонай Құнанбайға келіп, жауға бірлесіп майдан ашу жөнінде өтініш айтады. Қонайдың аға сұлтан Құнанбаймен етене жақын араласып, жақсы қарым-қатынаста болғаны Шөкең шығармасында шынайы әрі анық айтылады. Тобықты елінде тұлғасы таудай алып адамдар әр кездерде болған екен. Қонайдың Тобықты елінен алған әйелі осы рудан шыққан зор батыр, алып тұлға, аты аңызға айналған Мамай батырдың ұрпақтарынан таралатын, оның ұрпақ-зәузаттарының бірі екенін деректер дәлелдейді. Димекең мұражайында өткен бір шарада білетіндердің мұны жыр қылып айтқаны бар. Димекеңнің сұңғақ бойлы, ірі тұлғасы түп нағашыларына тартқан. Мұхаң Қонайдың ұрпағы Қонаевтың түр-тұлғасына қарап, кітабында батыр бейнесін, кескін келбетін дәл суреттеген ғой. Димекеңді түп атасы Қонайдан айнымай қалған оның көшірмесі десек артық айтпаймыз. 
«Абай жолы» романында ақынның туған жылынан бастап, дүниеден озған уақытына дейінгі (1845-1904) аралықтағы оқиғалар суреттеледі ғой. Олай болса Қонайдың Абай заманында өмір сүріп, өмірден өткені ерекше қызықтырады. Қонай жігіт кезінде бала Абайды көрген де шығар. Әкесімен кездескенде баласын қалай көрмейді. 
Түйіп айтқанда, Қонай Жетісуда даңқ­тары дүркіреп тұрған Әлмерек, Райымбек және Өтеген батырлардың көзін көрген жоқ. Оны Әлмерекпен кездестіріп, Ескелдімен жолықтырып, Орақпен «орайластыру» шындыққа еш жанаспайды. Мен екі тарихи тұлға (Әлмерек, Қонай) арасында жаңсақ кеткен ағаттықты  айтып, оның қайталанбауын еске алып отырмын.   

 

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз