• Ұлттану
  • 08 Ақпан, 2012

ЖЫЛ ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ

Сарбас АҚТАЕВ,

жазушы

Жыл келді,

Жыл келді нұрланып,

Қарсы алдық

Тағы бір жылды алып,

Шаттығы шарқ ұрып көгімде,

Көңілде оттары тұр жанып, – деп тәуелсіздігіміздің қадамы – ырыс-құт, талабы тыныштық болар және бір жарқын, жайсаң жылын ақ пейілмен, шат көңілмен айқара құшақ жайып қарсы алдық. Әр күніміз апта жүгін арқалаған, әр аптамыз ай жүгін еңсерген қазіргі қарқынымызға қарағанда, бұл жылдың да табысы толағай, тынысы телегей боларында сөз жоқ.

Әдетте шығыс халықтары, оның ішінде қазақтар жаңа жылды наурыз айында күн мен түн теңелген, көк шығып, төл өрген кезде тойлайды ғой. Соған қарап кейбіреулердің қырқылжың қарт Еуропаға еліктеп, жаңа жылды қаңтар айының басында қарсы алатынымыз не, өзіміздің әз Наурызымыз бар емес пе деп кергитіні де бар. Әйткенмен кімге ауыл қонсақ, сонымен қауым боп, бауыр басып кететін кең қолтық елпілдек ел емеспіз бе, өркениетімен етене болғанымызға екі ғасырдан асқан кәрі құрлықтың ғұрпын мансұқ қып қайда барамыз. Оның үстіне айдай әлем жаңа жылды басқан ізі сықырлап, қар уыстап, аязбен тыныстап келетін кәрі құда – қыстың көзі қырауда қарсы алып, жаппай тойлап жүрген жоқ па. Олардан оқшауланып, өз алдымызға өгіз айдап, оңаша дастарқан жайғанда не мағдұр табамыз. Қайта отыз күн ойын, қырық күн тойым дейтін қазаққа жыл шашбауын үш ай көтеріп, мерекелесе, несі мін!?

Сонымен жаңа жылды жарқын жүз, жайдары көңілмен қарсы алып, құтты төрімізге шығардық. Ай айдың арнасы, жыл жылдың жалғасы болғандықтан өткенімізді екшеп, ой елегінен өткізу, ертеңімізді мегзеп, алдағыға көз жіберу ежелгі дәстүр ғой. Соған сайып, былтырғы жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізсек, жемісі мен жеңісіне толған көңілімізді ештеңе ортайтып, өскен мерейімізді ештеңе олқы түсіре алмайтындай. Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына Азия мен Тәуелсіз достастық елдері арасынан тұңғыш төрағалық етіп, оның Астана саммитін дүйім дүние таңдай қағып, таңырқағандай қып өткізген Қазақ елі сол екпіннен танбай, ерен қарқынмен бастаған жыл толайым табыстарға толы болды. Тек былтырғы жылы ғана үш жүз елу жаңа кәсіпорын іске қосылып, жүз мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ауыл еңбеккерлері кейінгі жиырма жылда болмаған бітік егін өсіріп, отыз миллион тонна астық жинады. Бұл бұрынғы өлшеммен есептегенде екі миллиард пұтқа тақау. Әлемде ұн сату жөнінен төрт жыл қатарынан бірінші орынды ұстап келеміз. Құрылыс саласы үшін күрделі кезеңнің өзінде он тоғыз миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Жарты миллионнан астам қазақстандық өзінің тұрғын жайын жақсартты.

Халықтың әл-ауқаты жөніндегі жаһандық рей¬тінгіде еліміз әлемнің алғашқы елу елінің қатарына қосылды. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі былтыр он бір мың долларға жетті. Бұл жөнінен біз Еуропадағы бірқатар елдер¬дің алдында тұрмыз. Соңғы төрт жылда ғана тұр¬ғын¬дардың ақшалай табысы екі есе өсті. Білім беру, ғылымды дамыту, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындар екі есе ұлғайды. Демек, халықаралық сарапшылардың Қазақстанды әлем экономикасының ең жедел өсіп келе жатқан үш¬тігіне қосуы тіпті де тегін емес.

Бақытымыздың бастауы, шаттығымыздың шыр¬¬қауы, беделіміздің асқары болған Ел Тәуелсіз¬дігінің 20 жылдық торқалы тойын осындай ерен де еңселі табыстармен мерейіміз өсіп, мәртебеміз тасып, шалқар көңілмен шалқып-толқып атап өттік. Бұл азаттық жолында аттан түспей, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей алысқан ата-бабаларымыздың арман-аңсарын ақиқатқа айналдырған бүгінгі ұрпағының еншісіне тиген ерен бақыт. Ал бақыт дегеннің қашанда ынтымақ-бірлігі жарасқан жерге ғана қонып, бағасын білгендердің басында тұрақтайтыны белгілі. Бақыт байыздап, жұлдызы жарқыраған сондай жер бүгінгі Қазақ елі екенін жолы жасампаздықпен жарқыраған жиырма жыл байтақ әлемге паш етті.

«Жұлдызды жиырма жылда біз елдің көшін аудармай, шаңырағын шайқалтпай, іргесін бекітіп, шекарасын заң жүзінде шегеледік, – деп атап айтты Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Ұлт көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев. – Мемлекеттік құрылымдарды негіздеп, алтын арқауы үзіліп қалған елдік дәс¬түрді қайта жалғап, оны берік орнықтырдық» Елтаңбамызды айшықтап, алтын күн астында қыраны қалықтаған көк байрақты шарықтатып, әнұранды әуелеттік. Бұл жылдары қазақ халқы ұлыстың ұйытқысына айналып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, тұтас елдің ортақ тілі деңгейіне көтерілді.

Алғашқы адымнан-ақ ана тіліміздің жанашыр жаршысы болып, ұлттың оянуына елеулі үлес қосып, қазақ жұртының басқалармен терезесі тең ел болуына тынбай атсалысқан, қилы кезеңдерді бастан кешіріп, қашанда халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, тәуелсіздікті ту тұтып, Алаш арыс¬тарының ақталуын аңсаған аға басылым – «Ақиқат» журналы да 90 жылдығын Ел тәуелсіз¬дігінің тор¬қалы тойы аясында атап өтті. Бүгінде мерейлі мүшелінен өткен байырғы басылымның сартап боп сарғайған беттерінде азаттық үшін айқасқан, теңдік үшін тірескен, әділет үшін күрескен, елінің ертеңі үшін қан кешіп, жан берген аға ұрпақтың, қайраткерлік пен қаламгерлікті тең ұстап, тел шыңдаған бізден әлдеқайда батыл да батыр ағаларымыздың сара жолы, сарабдал ойы, сындарлы сөзі, болашаққа деген берік сенімі сайрап жатыр.

Міне, біз де жаңа ғасырдың екінші онжылдығының босағасын ешбір елессіз болашаққа деген берік сеніммен аттадық. Еліміздің қауіп-қатерсіз, бейбіт, бейқұт өміріне, аршындап алаңсыз дамуына деген сеніміміз де кәміл. Бұл жылдың аса бір айшықты саяси оқиғасы елдің өкілетті органдарының сайлауы болғалы тұр. Бір қызығы, бізде өкілеттілікті мерзімінен бұрын тоқтатып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу дағдыға айналып барады. Бәлкім бұл да дұрыс шығар, қазақ өлімнен өзгенің бәрі ерте болғаны абзал демей ме?! Дегенмен, орталық билік органдарын жаңарту Мәжіліс пен мәслихаттардан басталатынын ұмытпаған абзал сияқты. Сондықтан Парламент мүшелерінің мерзімі¬нен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасы елдің болашақ тағдырын ойлаудың көрінісі деп, терең түсіністікпен құп алынды. Сайып келгенде, бұл сайлау саяси жүйені үлгілендірудегі маңызды қадам болмақ. Дауыс беру қорытындысы бойынша тұңғыш рет көп партиялы Парламент қалыптасады деп күтіп отырмыз. Сайлауға әзірлік, партиялардың сайлауалды іс-қимылы бұл мақсаттың ойдағыдай жүзеге асатынының айғағы.

Қош келіпсің,

Жаңа жылым, армысың!

Игілікке жұмсалсын тек

Бар күшің! – деп қазақ тарихында марапатынан алапаты көп қиямпұрыс қиын жыл болғанымен, жаңа өмір жасап азат қоғамның қабырғасын бер¬кітіп жатқан бізге зарары мен залалы көп тимеген Қоян жылын шығарып сап, ізгі ниет, игі тілекпен Ұлу жылын қарсы алып отырмыз. Арғы тарихқа үңілсек, ұлу да қазаққа онша қолайлы жыл бола қоймаған. Оған Биағаңның, кәдімгі майталман Майлиннің мына бір шумағы куә.

Ұлу келіп көтерді елдің обалын,

Мал жұтатып, сынын алды қораның.

Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты

Аты шулы былтырғы өткен қояның.

Бірақ бәрі де заманына, қоғамына, адамына байланысты ғой. Бес қаруын бойында ұстап, қайрат-жігерін жұмсап, қажымай-талмай еңбек еткен ел кез келген жылды табыспен тұлғаландырып, жұлдызын жоғарыдан жарқыратады. Өз тәуелсіз¬дігінің үшінші онжылдығын еңсесі бұрынғыдан да биіктеп, хош көңілмен, тоқ пейілмен бастаған қазақ елінің Ұлуды да табысы тұлғалы даңқты жылдардың қатарына қосатыны даусыз. Ақтөбе мен Атыраудағы, Жаңаөзен мен Тараздағы былтырғыдай оғаш оқиғаларды енді көз көрмек тұрсын құлақ естімесе екен дейміз. Ақ Жайық пен Қара Ертіс жағасында талай елді мекендерді қарқ қылып, халықтың қыруар мал-мүлкін ағызып алып кеткен алапат жырық қоянның жынды тасқыны мен алапат топанының бетін аулақ қылғай биыл.

454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз