• Ұлттану
  • 11 Қыркүйек, 2014

Сыбайлас жемқорлық қылмысына барғандар лауазымына қарамастан жазаланады - «Қазақстан-2050» ДКЖК

Жемқорлықты жұрт алдында жазғыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі қағидаттар болуы тиіс. Бұл туралы Астанада «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қызмет көрсету саласында әкімшілік кедергілер, субъективті факторлар барынша азайтылу үстінде. Яғни, қарапайым жұртшылық қажетті құжаттарға «жалғыз терезе» жүйесімен қысқа уақыттың ішінде қол жеткізуде. Анықтамалардың бірқатары «электронды үкімет» арқылы адами факторсыз берілуде. Сонымен қатар төлемдердің кейбірі электронды түрде атқарылуда. Мемлекеттік органдар тарапынан берілетін рұқсаттар саны қысқартылуда. Елбасының тапсырмасымен ол елу пайызға дейін азайтылатын болды», - деді Б.Байбек.

Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлық қылмысына барғандар шені мен шекпеніне, лауазымына қарамастан жазаланып жатқандығын атап өтті.

Еске сала кетейік, 2014 жылдың шілдесінде «Нұр Отан» партиясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасын әзірлеп, қалың бұқараның талқылауына ұсынған болатын.

«Мемлекет пен азаматтық қоғамның әріптестігі, ашықтық, жариялылық пен мемлекеттің қоғамға есептілігі, заң үстемдігі, жемқорлық құқықбұзушылық үшін жазаның қолданылмай қалмайтындығы, нөлдік төзімділік пен жемқорлықты жұрт алдында жазғыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі қағидаттар болуы тиіс», - деп атап өтті ДКЖК отырысында.

Белгілі болғандай, бағдарлама жобасы 6 мыңнан астам алаңда талқыланып, оған 800 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Барлығы 800-ден астам ұсыныстар мен толықтырулар түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы партиялық бағдарлама биылғы күзде Саяси кеңестің отырысында қабылданады деп күтілуде.

Шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, елдегі саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысуда.

206 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз