• Ұлттану
  • 20 Қыркүйек, 2014

Ақтауда зейнеткерлер мен мүгедектерге төленетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері өсті

Ақтау қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға төленетін мерекелік төлемдер көлемі артты. Бұрын мұндай төлемдер оларға тек Мүгедектер күні ғана төленіп келсе, енді одан басқа жылына тағы төрт рет - Наурыз мейрамында, Қазақстан халықтарының бірілігі күні мен Конституция күнінде және Тәуелсіздік мерекесіне орай берілетін болды.

«Мұндай төлемдер жасау туралы шешім қалалық мәслихаттың биылғы жылғы 6 маусымдағы отырысында қабылданды. Егер өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға жылына 3 мың 400 теңге көлемінде (2 АЕК) мерекелік төлемдер төленіп келсе, келесі жылдан бастап оларға жылына 46 мың 300 теңге (5 АЕК-тен 5 рет) көлемінде мерекелік төлем төленетін болды, бұл 13,5 есеге көп. Оның 20 млн. теңгесі төленді, енді қосымша шамамен 171 млн. теңге көлемінде қаражат қажет», - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнәр Қайырлиева.

Мұндай шешім тек осы жазда ғана қабылданғандықтан, ағымдағы жылы бұл төлемдер толық көлемінде төленбеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар Конституция күніне орай тиісті төлемдерін алып үлгерді, алда тағы екі мереке бар. Ал келесі жылдан бастап аталған барлық бес мереке күндерінде төлемдер толық жүргізілетін болады, деп атап өтті Г.Қайырлиева.

Ол сонымен қатар мүгедек балалар мен 18 жасқа дейінгі бала жасынан мүгедектер үшін аталған 5 мерекелік күндерден басқа тағы бір күні - 1 маусымда, Балаларды қорғау күнінде де 5 АЕК мөлшерінде арнайы төлем төленетінін жеткізді.

Оның айтуынша, Конституция күніне орай берілетін әлеуметтік көмек сомасының көлемі де артқан: енді асыраушысынан айырылуы бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2 АЕК емес, 8 АЕК көлемінде болмақ. Мұндай жәрдемақыны анасы әр баласы үшін жеке алады (Ақтау қаласында 1712 адам мұндай жәрдемақы алады).

Бұрындары 1 қазанда атап өтілетін Қарттар күніне орай ақшалай көмекті қаладағы 1800 жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер 2 АЕК мөлшерінде алып келсе, ондай төлем биылғы жылдан бастап 70 жастан асқан зейнеткерлерге де (бұл шамамен 6 мың адам), ең аз зейнетақы алатын 120 адам мен еңбек өтілінсіз жасы бойынша зейнетке шыққан азаматтарға да жүргізілетін болды.

Г.Қайырлиева сондай-ақ ҚР Конституциясы күніне орай берілетін әлеуметтік көмекті республикалық және облыстық маңызға ие дербес зейнеткерлер (сәйкесінше 60 және 36 АЕК мөлшерінде) қайта алатынын мәлім етті.

Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтау қаласында 6262 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады, оның ішінде I топтағы мүгедектер саны - 580, II топтағы мүгедектер - 3354, ал III топтағы мүгедектер саны - 1525 адам және 16 жасқа дейінгі 803 мүгедек бала бар.

Айлық есептік көрсеткіш мөлшері жыл сайын белгіленіп отырады. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 АЕК - 1 852 теңгені құрады.

 

278 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз