• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2012

ТАРИХИ КЕСКІНДЕМЕЛЕРДЕГІ АДАМГЕРШІЛІК ҰСТАНЫМДАРЫ. (Сабақтастық байланыс. АҚШ мен Қазақстан кескіндемесі негізінде)

Карымсаков Арнур Т.Жургенов ат. ҚҰӨА 6D041300 -«Кескіндеме» мамандығы бойынша  ІІI курс, РһD докторанты «Біздің ұлттық идеямыз – тәуелсіздік, тәуелсіздікті сақтап қалу және ұлттық дәрежесін көтеру» [1]. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздік – киелі ұғым, әр елдің өзіндік ұлттық, халықтық қасиетін айшықтайтын  маңызды фактор. Қайсыбір халықтың тарихына үңілмейік, олардың әрбірінен тәуелсіздік жолындағы жанкешті күрестердің ізін байқаймыз. Өйткені, тумысында еркін, тәуелсіз жаралған адамзат өмір бойы осы тәуелсіздікке үздіксіз ұмтылып келеді. Олардың әрбірінің мұндай өзіндік ерекшеліктері ұлттық сипаты мен дәстүрлік ерекшеліктеріне қарай анықталады. Ал, біз тәуелсіздік сөзінің мағыналық көрінісін бейнелеу өнері бойынша мүмкіндігінше саралап бағуға тырысамыз. Зерттеу нысаны ретінде отанымыз Қазақстан мен күллі дүние жүзіне танымал АҚШ-ты алмақпыз. Бүгінгі таңда тәуелсіздікке қол жеткізген жиырма жылдық тарихы, өзіндік дара жолы бар Қазақстан Республикасының мәдениеті мен өнері де өзіндік айнымас келбетін қалыптастырып үлгерді. Көршілес елдер мен мемлекеттерге саяси, экономикалық қырынан танылып үлгерген Қазақстанның бейнелеу өнері де кенде емес. Жалпы тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан кескіндемесі санаулы жылдардың шекарасын белгілегенімен ауқымды мерзімдік кеңістік пен уақыттық аралықты қамтиды. Себебі бұл кезең қазақ кескіндемесінің жаңа қырынан даму барысы болып табылады. Аталмыш уақыт аралығында Қазақстан кескіндемешілері өз шығармашылықтарында көркемдік қолтаңбасын іздестіру, қалыптастыру мақсатында бірнеше мектептердің тәжірибелерін бастарынан кешіріп, соның негізінде өздері де эксперименттік қадамдар жасады. Кескіндемешілердің ізденіс барысын саралаған А.С. Ғалымжанова  докторлық диссертациясында төмендегідей анықтама беріп, басты мәселелерін сипаттап өтеді: «Таким образом, после обретения государственного суверенитета перед казахстанскими художниками встала необычная задача – задача создания собственной национальной  живописной традиции. В методологическом обращении эта задача  выступает как  проблема  создания  произведений живописи, в которых бы не столько воплощалось, сколько впервые возникали, создавались, творились, изобретались их собственные концептуальные  основания» [2,3]. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан кескіндемесі алуан сипатты, қыр-сыры, зерттеу нысаны ауқымды, қайта дамушы жас мемлекет үшін айтулы құбылыс болып табылатын елеулі жағдай. Бұл кезең Қазақстан бейнелеу өнері үшін жаңа парақтар мен жаңа есімдерді ашты. Тарихи қалыптасу барысында бұл беттердің әрбірі қазақ бейнелеу өнерінің даму деңгейі мен өсу дәрежесін көрсетіп, халықтың сана-сезімінің, талғам түйсігінің дамуына өз үлесін қосты десек артық айтпаспыз. Қазақ бейнелеу өнеріндегі тарихи тақырыпқа жазылған қандай да бір көркем туындыны алып қарамайық, олардың әрбірінен тәуелсіздік сарынын байқаймыз. Қазақ бейнелеу өнерінің көшбасында тұрған Ә.Қастеев, Қ.Телжанов, М.Кенбаев, т.б. суретшілердің тарихи тақырыптағы шығармаларына көз жүгіртер болсақ, онда бейнеленген тарихи тұлғалар  ел іргесін бекітуге күш салған азаматтар болса, ал, оқиға желісі емін-еркін өмір сүргісі келетін халықтың мұң-мұқтажын баяндайды. Ә.Қастеевтің «Амангелді», «Шоқан» мен «Тоқаш Бокин» портреттері, дана «Абай» да қараңғылықтың езгісіне түскен елін жарыққа, жақсылықтың сәулесіне қарай жетектеген тұлға ретінде көрінеді. Қ.Телжанов кәсіби шеберлігімен танылу арқылы орыстың реалистік мектебінен жинақтаған білімін ұлттық болмыс, ұлттық нақышымен байланыстыра білді. «Сүйінші», «Тыныштық», «Бостандық» кенептерінен  еркіндікке ұмтылған бабалар ерлігінің іздері сайрап жатыр. Ал, ақ патшаға қарсы ұйымдастырылған революция, 1918 жылдардағы елімізде орын алған ұлт-азаттық көтерілістердің салдары мен әсері 1950 жылдары қазақ кескіндемесі қазынасына келген суретшілер қатарының барлығының дерлік шығармашылығына азық болды. Кеңес үкіметі тұсындағы қалыптасқан саяси мәні бар ұрандар, әсіресе, «формасында ұлттық, мазмұнында соцреалистік» сипатта болуға міндетті талаптар мүмкіндігінше қазақ суретшілерінің шығармашылық мәнерлері мен   тақырыптарын бекітіп берді.  Тың игеру, кеңес үкіметінің ұлықты тұлғалары мен істерін ұлықтау цензура талабы болды. Дегенмен, жоғарыда аталған бейнелеу өнерінің қарлығаштары саналатын суретшілер қоғамда белең алған жағдайларға қарамастан, өзіндік келбетін, мәнерін, өз заманына деген еркін көзқарасын білдіре алған суретшілер қатарына  жатады. 1950 жылдары қазақ кескіндемесінің озық үлгілеріне айналған аталмыш суретшілердің жауһар шығармалары бейнелеу өнерінде эпикалық-романтикалық сарынға ие болды. Мұндай сарындағы туындылар қазақ даласына, оның өткен тарихына құрметпен қарау  негізінде туындап, суретшілердің ностальгиялық сағынышына негізделсе керек. Қазақ сахарасының шексіз кең даласы мен ашық аспан аясын мекен еткен халық санасындағы еркіндік осы шексіздік түсінігімен  ұғындырылады.  Сондықтан, қазақ кескіндемесіндегі дала бейнесі ұшы-қиыры жоқ кеңістікте көкжиегі аспанмен жалғаса көрініс табады. Ал, өткенге сағыныш бұл жылдары камералық көріністен гөрі, монументалдық сипатта көрініс тапты. Оның образдық, бейнелік жағынан монументалдық шешім табуы оқиға желісін, кешегі өткен бабалар өмірін, көкжиекке көсіле созылған қазақ даласын мақтан тұту сезімінен туындап, кеңес үкіметі тұсында сол далаға деген аяушылық сезімінен өз жалғасын тапты. М.Кенбаевтың, С.Мамбеев пен Р.Сахидың кенептеріндегі қазақ даласына көз жүгіртіп байқасақ, суретшілердің туған жерін сағына сүйсіну сезімінің куәгеріне айналамыз. Жылы түстермен бейнеленген мұндай көріністер жарықтың мол көзіне малшына кескінделіп, табиғат тарапынан да жайма-шуақ көрініс табады. Адам мен қоғамның ішкі қайшылығы негізінде шешім тапқан М.Кенбаевтың «Асауға құрық салу» немесе Қ.Т.Телжановтың «Атамекен» туындылары әлдебір драмалық, тылсым трагедиялық көңіл-күйді баяндап, туындыдағы эмоционалдық күшті эпикалық қозғалысқа жетелейді. Осылайша 1950 жылдардағы Қазақстан бейнелеу өнеріндегі қандайда бір жанр шеңберінде орындалған жұмыстар мазмұны бойынша тарихи маңызды күшке айналады. Баяндалушы оқиғаның жеке суретшінің меншікті көзқарасы тұрғысына қарағанда, жалпы халықтық сипатта бейнеленуі оны камералықтан эпикалыққа жетелесе, аңсау сезімінің монументалды асқақ шешім табуы өткенді аңсаудан романтикалыққа орын ауыстырды. Ұлт-азаттық көтерілістер мен революция тақырыбы, оның белгілі өкілдері мен халық батырлары, Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі жылдар тақырыбына, олардың өрбу барысы мен салдарларына арналған көркем туындылар қазақ кескіндемесіндегі тарихи тақырыптағы кезекті туындылардың негізін құрады. Портреттік және батальдық жанрлармен өзара байланыста шешім тапқан бұл туындыларды бір-бірінен бөле-жарып қарастыру мүмкін емес. Әсіресе шығармашылығының едәуір бөлігін осындай тақырыпқа арнаған кескіндемеші Нағым-Бек Нұрмұхаммедов болды. Өзін тек практик суретші ретінде ғана емес, сонымен қатар, тәжірибелі өнер тарихшысы, әрі теоретигі ретінде де бағын сынап баққан ол  – бейнелеу өнерінің теориялық саласындағы бірнеше көлемді еңбектердің авторы. Сонымен қатар, Нұрмұхаммедов – қазақ кескіндемесіндегі тарихи жанрда тыңғылықты жұмыс жасаған суретшілердің бірі. Ол шығармашылығының алғашқы жылдары-ақ «Даланы өрт шалды» (1959-63),  «Ерлік» (1966),  «Тоқаш Бокин отряды» (1969), «Қазақстан атты әскер полкі»  (1971-72) туындыларын жазып, тарихи-батальдық тақырыпта жұмыс жасаған болатын. Ал, шығармашылығының едәуір кемелденген тұсында, яғни, 1982 жылы «Қазақтардың жоңғар  шапқыншыларына қарсы күресі. 18  ғасыр» атты үлкен кескіндемелік туындысымен жұмыс жасауды аяқтап, ел басына күн туған алмағайып кезеңдегі ерлердің жанқиярлық ерлігін көрсетеді. Жиірек кенептерінде қою қызыл, жасыл, көкшіл түстерді қолданатын кескіндемеші тарихи тақырыптардағы сюжеттерін көп фигуралы композиция құра отырып ұйымдастырды. Шығармашылығының алғашқы кезеңінде жазылған «1920 жылы М.В.Фрунзенің Самарқан халық еріктілері алдында сөз сөйлеуі» (1953)  және «Д.А.Фурманов  халық еріктілері арасында. Верный қаласы. 1920 жыл.» (1954-1958) атты екі туындысы оқиғаның өрбу барысын бейнелеп, композициялары жарты шеңбер құрап орналасады. Сонымен қатар, шығармашылығының кейінгі кемелденген кезеңінде суретші тақырыпты психологиялық тұрғыда салмақтап, күрделендіруге талпынбайды. Халық арасынан абыржу, қобалжу, түсініспеушілік секілді көңіл күй байқалғанымен, бұл туындыдағы драмалық, трагедиялық жағдайды өршітпейді. Керісінше бейбіт жолмен түсінісу, ортақ келісімге келу сияқты азаматтық, адамгершілік позициялар алға тартылады. Сондай-ақ оқиғаның нақты орнын анық көрсету үшін автор қоршаған ортамен, кеңістікпен тыңғылықты жұмыс жасайды. Яғни, оқиға өрбіген орын туынды аясын (фон) толықтырып, композиция мен перспективада маңызды роль ойнайды. Екі кенепте де алдыңғы планда натюрморт бейнеленіп, ол кескіндемеші шеберлігінің дәлелі мен авторлық қолтаңбасы секілді көрініс табады. Қазақ кескіндемесіндегі тарихи тақырыптағы көркем туындылар нақты бір тарихи жанр шеңберімен шектеліп қалмады. Тарихи тақырып тарихи тұлғалар образын қайта жандандыруда тарихи портретте, тарихта нақты болған әскери жорықтар мен соғыс көріністерін бейнелеуде батальдық жанрмен мығым байланыс тауып отырды. Жоғарыда атап өткеніміздей, тек тарихи сюжетке негізделген композициялармен шектелу тарихи жанрдың негізгі мәнін, мазмұнын ашпайды. Ал, оны нақты тарихтан, әскери жорық көріністерінен бөле-жарып қарау мүмкін емес. Тарихи портрет, тарихи табиғат көрінісі және тарихи батальдың сюжеттер тарихи жанрдың құрылымдық бөліктері, оны жасаушы негізгі факторлар болып табылады. Қазақстан бейнелеу өнеріндегі тарихи жанрдың даму барысын АҚШ суретшілерінің шығармашылығымен салыстырудың да өзіндік зерттеу мәні бар. Екі елді тәуелсіздік идеясы мен тәуелсіздік үшін болған күрестер мен оқиғалар байланыстырады. Соғыс, революция, тарихи тұлғалар бейнесі бұл – ортақ белгілер. Тек бұл әр елдің тақырыпқа өзіндік ұлттық ерекшелік, құндылық тұрғысынан келуіне байланысты шешіледі. Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздік жолындағы тарихи тақырыптағы кескіндемелік жанрдың даму барысын тарихшылар  Солтүстік Америкада тәуелсіздік үшін болған соғыспен байланыстырады. Ал, 1860 жылдары болған оңтүстік штаттардағы азаматтық соғыстар оның қарқынды дамуына өзіндік үлесін қосып, негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бұл деректерді Д.Годди мен өткен ғасырдың ортасында Америка бейнелеу өнерін тыңғылықты зерттеген Ресей ғалымы А.Д.Чеюдаевтың пікірлерімен дәлелдей түсеміз. ХҮІІІ ғасырдың басында өзіндік көркемдік қолтаңбасымен таныла бастаған Джон Синглтон Копли портрет жанрында, әсіресе, салтанатты портреттер салуда көзге түседі. Америка қауымына танымал қоғам қайраткерлері мен ақсүйектерді бейнелеп, шығармашылық жолын таңдаған Копли Америка бейнелеу өнеріндегі ең алғашқы кәсіби кескіндемешілердің бірі болады. Кәсіби біліктілігін арттырып, өз шығармашылығын шыңдай түскен суретші келесі кезекте тарихи жанрға ауысады. Алайда, 1774 жылға дейін Америкада өмір сүрген кескіндемеші кейін Англияға қоныс аударып, Лондонда тұрақтады. Лондонда Рейнольдспен иық тірестіре жұмыс жасаған Копли 1781 жылы тарихи тақырыптағы «Майор Пирсонның өлімі» атты үлкен кенеппен жұмыс жасауын аяқтайды. Бұл тарихи тақырыптағы туынды Америка тарихына қатысты болмаса да, сол кезде колониялық жүйеге қарсы шығып, өз тәуелсіздігін даулаған Америка жұрты үшін маңызды роль ойнады. Коплидің біржолата Лондонға кетуі оның кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашылығының жаңаша қырынан көрінуіне мүмкіндік берді. Бенджамен Уэст – Америка кескіндемесінің тарихи жанрындағы есімі жарқын, көшбасындағы көпшілікке кеңінен танымал суретшілердің бірі. Уэст те Копли секілді шығармашылық ғұмыры Лондонда өткен кескіндемеші. Портрет пен тарихи кескіндемеде жемісті еңбек еткен оның кенептеріне тарихи маңызды оқиғаны барлық тарихи дәлдікті сақтай отырып орындау тән. 1770 жылы Уэст «Генерал Вульфтың ажалы» деп аталатын танымал көркем туындысымен жұмыс үстінде болды. Картинада Американың жерін отарлаушы қайсар генерал Вульфтың ақырғы дем шығару сәті шебер бейнеленген. Кенептен сюжеттің трагедиялық ақырын, өлім алдындағы шарасыздықты, сондай-ақ, батылдық пен адалдыққа деген құрметті пайымдаймыз. Кескіндемешінің мүлде өзгеше, Вульф трагедиясына қарсы мазмұнда шешім тапқан келесі туындысы «Уйльям Пенн үндістермен келісім шартқа қол қоюда» деп аталды. Мұнда көп фигуралы композиция теңіз бен орман табиғатының аясында көрерменге бағыттала, кенеп бетінде жарты шеңбер құрап шешіледі.  Табиғат фонынан аяқталмаған жаңа құрылыстардың да нышанын байқаймыз. Ешқандай жанжалсыз, бейбіт келісіммен ортақ шешімге келуге тоқтаған екі жақтан адами моральдық қасиеттердің позитивті ұстанымдарын  көреміз. Өйткені, екі жақ өкілдері барынша  сабырлы, салмақты, бейжай көңіл күйде бейнеленіп, баласын емізген ана бойынан болашағына деген сенімділіктің ұшқыны сезіледі. Үндістердің дәстүрлі мәдениеті мен қалыптасқан тыныштығын бұза енген өркениет үлгілері олардың бейбітшілікке наразылықсыз келісімінің белгісі. Картина фонында жүріп жатқан құрылыстар  жабайы, дәстүрлі мәдениетке өркениеттің біртіндеп ену белгісі болса, оның табиғатпен ортақ үйлесім тауып орналасуы келісімді үндестікті сипаттайды. ХҮІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Америка бейнелеу өнеріндегі тарихи кескіндеменің даму барысына көз жүгірте отырып, тәуелсіздік идеясының жетекші рөл ойнағанына куә боламыз. Америка бейнелеу өнерінің, әсіресе, портреттер мен тарихи тақырыптағы кескіндемелердің романтикалық сипатта көрініс табуы оқиға барысын идеяландыру, ұлықтау, қастерлеу сезімдерінен туындаған көркемдік мәнер болды. Бұл ерекшеліктерді Қазақстан бейнелеу өнеріндегі тарихи тақырыптағы кескіндемелік жұмыстармен салыстыра қарастыру барысында екі топтан да азаматтық және адамгершілік ұстанымдарының негізгі принцип болғанын байқаймыз. Осылайша бұл белгілер тарихи жанрдағы кескіндемелердің негізгі құрамдық бөлігі болғанын анықтаймыз. Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан бейнелеу өнерінің алуан түрлі сипатта болғанын жоғарыда атап кеттік. Дегенмен, тарихи кескіндемелер де осы адамгершілік позициялар негізінде өз жалғасын тапты. Осыған байланысты, бүгінгі Қазақстан бейнелеу өнеріндегі, әсіресе, кескіндемедегі жанрлардың даму барысын, олардың дамуының шекаралары мен жетекші рөлге ие болғандарын анықтау қазіргі қазақ кескіндемесі дамуының бір ерекшелігі болып табылады. Тарихи тақырыпқа қалам тартқан Қазақстан кескіндемесінің бүгінгі өкілдері  М.Муллашев, Ж.Қайрамбаев, А.Дүзелханов, Ө.Жұбаниязов, Д.Қасымов, Д.Әлиев, Ш.Ноғайбаев, М.Қаспақ, Қ.Әжібеков, Б.Мырзахметов. А.Ахмедияров, Т.Тілеужан, т.б. кескіндемешілердің шығармашылығында қазақ тарихы әртүрлі сипат пен мәнерде шешім тауып, кескіндеме дамуының негізгі ерекшеліктері мен шекараларын анықтап берді. Туынды сюжеттері шынайы тарихи оқиғалардан немесе әртүрлі мазмұндағы батыр тақырыбына арналған эпостық шығармалардан, халық ауыз әдебиеті мен аңыздардан алынды.  1990-2000 жылдардағы суретшілер дәстүрлі құндылықтардың әлеммен қош айтысуына қарамастан, сюжеттерді тарихтан, мифологиядан, фольклордан «қопарыстыра» бастады (А.Дүзелхановтың «Ғұндары», Қ.Әжібековтың «Құрылтайы» мен «Жеті жарғысы», Т.Тілеужановтың «Отырардың күйреуі», Б.Мырзахметовтың «Махамбеті» т.б.) [3.154]. Жалпы Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан кескіндемесіндегі тарихи жанрдан екі түрлі  сипат байқалды. Олардың біріншісі портрет жанрында кең қолданысқа ие болды. Яғни, Қазақстандық суретшілер өз кенептерінде тарихи тұлғалардың, тарихтан белгілі қоғам қайраткерлерінің портреттерін жиі бейнелей бастады. Екіншілеріне өз шығармашылықтарында тарихи тақырыптағы көлемді композицияларды айналдырып, тарих беттеріндегі қанды, жанды оқиғаларды қайта жандыруға тырысқан суретшілер тобы жатады. Осы аталған екі топтан бөлек тарихи негізді пайдалана отырып, этнографизм мен декоративизмге шалдыққан кескіндемешілер қатары да жоқ емес. Мұндай суретшілер өз кенептерінде қазақы киінген кейіпкерлер мен дәстүрлі тұрмыс-салт көрністерін пайдалана отырып, лирикалық, поэтикалық көңіл күйді жеткізуге ұмтылды. Бұл суретшілер композиция құруда қарқынды динамикалық қозғалыс пен әрекеттен бас тартып, бәсең-статикалық баяу көріністерге қызықты. Яғни, кейбір кенептер осының салдарынан ұлттық нақыштарды жарнамалау, дәріптеу немесе жариялау сияқты баяндауларға ұшырап, өткенді аңсау сипатына, фотореалистік мәнерге ие болды. Пайдаланылған әдебиеттер:
  1. // Егемен Қазақстан. 20 сәуір, 2005.
  2. Галимжанова А.С.  Концептуальные основания  казахской живописи второй половины ХХ – начала ХХІ века. Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора искусствоведения. – Алматы, 2010. С 3.
  3. Юсупова А.К. Тәуелсіздік идеясы және көркем әдебиет. – Алматы, 2011. С 254.

    800 рет

    көрсетілді

    0

    пікір

    Біздің Telegram каналына жазылыңыз

    алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз