• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2012

А.Сатаев кинематографындағы дін және мораль

Гүлзат КӨБЕКОВА кинотанушы, докторант PhD Ақан Сатаевтың жетекшілігіндегі «Sataifilm» студиясының кинотуындылары қазақ киносында тың бетбұрыс жасады. Жанрлық фильмдердің үздік үлгілерін жасап қана қоймай, діни-философиялық таным тұрғысынан мазмұны терең ойларымен қоғамның өзекті мәселелерін дөп баса алды. Адамның рухани азғындауының шегі күйреудің қай сатысына дейін жеткізетіндігін ашып көрсетті. Заманның ағымына қарай өзгеріске ұшыраған адамдардың таным-түсінігі мен рухани құндылықтарды басты ұстаным еткен «Рэкетир», «Ағайындылар», «Адасқандар», «Ликвидатор» фильмдері көрерменіне ой сала алды. Қазіргі уақытта көрерменіне ой салатын фильмдер аз. Неміс режиссері Вим Вендерс «Мен – саяхатшы агентпін» атты сұхбатында айтқандай «...соңғы уақытта Америка ойтар ойы жоқ өте көп мөлшерде фильмдер шығаруда. Режиссерлар маңызды жәйттар туралы айтып жатқандай кейіп танытқанымен, шын мәнісінде мағыналы ешнәрсе де айтпайды». Бұл үрдіс қазіргі уақытта тек Америкаға ғана тән емес, керісінше жаппай барлық елдің киносында қалыпты жағдайға айналды. Бүгінгі кинонарығындағы саннан сапаға өтудегі бәсекелестік үдерісі айтар ойы татымсыз дүниелерді экранға шығаруға әуестенуге бой ұрған да сипатқа ие. Жаһанданудың бүгінгідей аумалы-төкпелі заманында кинематографтың ықпалды құралдардың бірі ретінде адамзаттың келешегі үшін экранға игі идеяларды алға тартуды мақсат еткені маңызды. Р.Юренев өзінің «Идея үшін күрес» атты мақаласында «Киногерлердің қолындағы алып идеологиялық құрал –фильм» деп баса айтқан. Бұл тұрғыда «Sataifilm» студиясы жарыққа шығарған фильмдері арқылы қоғамның бейнесін шынайы суреттеумен қатар, адамгершілік қарым-қатынастар мен жақсылық пен жамандықтың мәңгі күресіне жауап беретін өмір заңдылықтарын діни көзқараста насихаттауға баса назар аударғандығымен де ұтымды. А.Сатаевтың кинодағы алғашқы тәжірибесі криминалды драма жанрындағы «Рэкетир» /2007ж./ фильмінде Қазақстандағы тоқсаныншы жылдардағы қоғам мен рухани құндылықтардың дағдарысын жаңа қырынан аша алды. Бұл тақырып уақытында «жаңа толқын» режиссерларының фильмдерінде кеңінен қозғалды. Тоқсаныншы жылдардағы қоғамдағы әлеуметтік дағдарыстар, нарық заманының жаңа талаптары, адами құндылықтардың рухани күйзелісін қозғайтын тақырыптың бүгінгі таңда әлі де болса режиссерлардың шығармашылығына арқау болуы көкейдегі сан сауалдың мазалауының нышаны. Нарық заманы өзімен бірге жаңа өзгерістерін де ала келді. Материалдық жағдайға деген санадағы түбегейлі өзгеріс адамдардың пейілінде мәнсапқа деген қызығушылығын оятты. Мәнсап жолындағы күрес адамдарды адами қасиеттерінен аттап, арды таптап өтіп түпкі мақсатына жетуге жол ашты. Осындай сипат фильмде тоқсаныншы жылдары бой көтерген жеке кәсіпкерлердің мүддесіне ортақ жұмыс жасайтын рэкеттердің қылмыстық тобының әрекеттері арқылы «Рэкетир» фильмінде алғаш рет ауқымды түрде ашып көрсетілді. Жұмыссыздық мәселесі бірізді шешімін таппаған заманның бейнесі шынайы суреттелген бұл фильмде базар халықтың күнкөріс қамының қиындықтарын өткерудің мүмкіндігіне айналуы, жаңадан негізі қалана бастаған ірі жеке кәсіп түрлерінің беталысы осы рэкеттік топтың байланысы негізінде қоғамның нарықтық заманға өтудегі алғашқы қадамдарының бағытын айқындайды. Қылмыс бар жерде жаза бар. Өмірдің заңдылықтары бір-біріне қарама-қайшы күштерге белгілі бір өлшемде шектеу қояды. Осындай өмір заңдылығы «Рэкетир» фильмінде жақсы ашылған. Көзсіз құмарлығын қанағаттандыру үшін қанау, әлсіздерге заңсыз жолмен қару күші арқылы өктемдігін жүргізу, кекшілдігін тұзақтай алмай адам өлімін қалыпты да үйреншікті дағдыға айналдыру фильмнің кейіпкерлеріне тән мінез-құлық. Бір мақсатты көздеген топтың әрқайсысының жиналуының өзіндік жеке себептері болса, қылмыстары үшін жауап беру жазаларының жолдары да әрқилы. Бір-бірінің әрекеттерінің ықпалы тұтас бір топтың күйреуіне әкеліп нүкте қояды. Режиссер фильмде дін мен иманды кейіпкерлерінің адасу жолына араша түсудің басты құралы ретінде қолданады. Басты кейіпкер Саянды өз қылмысы туралы ойлануға мәжбүр ететін де Аманның пенденің жасаған күнәләрінің өтемі болатындығы туралы айтқан діни насихаты болды. Бірақ, өз өмірімен жауап берген қылмысының жазасы жарық дүниенің мағынасын бағалауға кеш болады. Фильмде кейіпкердің өкініші арқылы жасаған қылмысты істері бұл бағытта жүргізген күресінің нәтижесіз аяқталатындығын, жазаның тосыннан тосқауыл қоюға қауқарлы күш екендігін дәлелдейді. «Рэкетир» фильмінен кейін А.Сатаев сериал түсірудегі алғашқы тәжірибесіне сәтті қадам жасады. Бүгінгі таңда телеарналар арқылы көрермендердің сұранысын өтеуде  алдыңғы қатарға шыққан Корея, Түркия елдерінің сериалдарының көркемдік деңгейіне көтерілуге қауқарсыздық танытып отырған отандық сериалдардың ішінде А.Сатаевтың «Ағайындылар» /2009ж./ сериалы аудитория назарынан тыс қалған жоқ. Бұл сериал Қазақстандағы телесериалдардың қатарында ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынасты нанымды көрсетуімен ерекшелене алды. Бір отбасындағы ағайынды үш жігіттің үш арнаға бөлінген өмірі арқылы туыстық қарым-қатынастың тыныс-тіршілігі,  тоқсаныншы жылдарға тән заманның бейнесі шынайы суреттеледі. Ағайын-туыстың арасында туындап жататын күнделікті тіршіліктегі кикілжіңдер, бауырлардың өзара араздыққа баруының себептері, мәнсаптың есебіне айналған жас отбасының, құда-жекжаттың қарым-қатынасын әр қырынан ашқан. Отбасы, ағайынның бірлігін алға тартқан бұл сериалдың адами құндылықтарды насихаттау тұрғысынан маңызы зор. А.Сатаев келесі «Адасқандар» фильмінде мистикалық жанрдың мүмкіндіктері арқылы адам санасындағы күрделі құбылыстарды асқан шеберлікпен ашып көрсеткен. Фильмде өмірлік жолынан адасқан нашақордың түйсігіндегі күйзеліске психологиялық зерттеу жасайды. Фильмдегі жабық кеңістік кейіпкердің ішкі дүниесіндегі түрменің күйі ретінде көрсетіледі. Екі әлемнің ортасында күйзелген жанын адамдық ары қыспаққа алады. Өз қолымен жасаған қылмысы өзінің арына тура қарауға мәжбүр етеді. Ақтық жаза қателігіңді арыңның алдында мойындағанда ғана шешімін табады. А.Сатаевтың фильмдерінде өз кейіпкерлерінің қылмысына шығарар үкімі қатаң. Мойнына адам қанын жүктеген күнәлі қылмыскер жер басып жүруге лайықты емес. Режиссердің алғашқы «Рэкетир» және «Адасқандар» фильмдеріндегі бас кейіпкерлері соңғы финалда өз күнәларын мойындаумен өлетіндігі осының дәлелі. Фильмдерінің негізгі ұстанымы - өмір деп аталатын пенденің мезгілдік қана тұрағындағы әрбір жасаған шалыс қадамының есебі екі дүниенің заңдылықтарымен өлшенетіндігін түсіндіру. «Адасқандар» фильмінің идеясы әлемдік деңгейде жалпы адамзатқа ортақ мәселеге ой салды. Бүгінгі таңда нашақорлық тақырыбында әртүрлі оқиғаларды баяндайтын фильмдер жетіп артылады. Бұл тақырып қазақ киносында да өзекті мәселе ретінде қозғалып жатса, бұл да бір біздің қоғамымызда белең алған індет. «Адасқандар» фильмінің артықшылығы - есірткінің тек ессіздікке бастайтын жол екендігін бас кейіпкердің адасып барып, Жаратқаннан кешірім сұрауымен өз адамдық арына тура қарауға талпыныс жасауында. Сонымен қатар, өмірдегі өз қателігі үшін Алладан қорқу тақырыбы қазақ киносында осы «Адасқандар» фильмінде алғаш рет көтерілді. Ақыл мен ардан адасу өмірдегі жолыңнан жаңылысудың түпкі негізі. Өз адамдық арының айнасынан айуандық кейіпінің келбетін танып кейіген нашақордың бейнесі «Адасқандар» фильмінде жоғары деңгейде ашылды. Заманауи уақыттың талаптарына сай жанрлық фильмдер арқылы көрермендердің сұранысымен есептесе алған А.Сатаев келесі тәжірибесі «Ликвидатор» /2011ж./ фильмінде қылмыс әлемінің астарлы жұмбақтарын ашуда батыстық фильмдерге тән тәсілді қолданады. Журналисттік қызметтегі ағасының өлімінің себептерін ашуды өз міндетіне алған бас кейіпкер Арсеннің осы ақтық жолдағы күресі арқылы оның мінезіне тән ерекшеліктер шебер ашылады. Адамның ішкі кегінің азғындау деңгейіне дейін жеткендігі бейнеленеді. Қоғам өміріндегі орын алған әділетсіздік, заңсыз жолмен қылмыскерлерге ақтық жаза үкімін шығару, кекшілдікпен өз діттеген мақсатына қан төгу арқылы жету, ақырында өзінің нақ сол қылмыскерлердің біріне айналған Арсен бейнесінің ішкі дүниесіндегі арпалыс ақыл мен ашудың табиғатына тән шиеленісті ашып береді. Кейіпкердің түйсігіндегі бір-біріне қарама-қайшы екі күш иесінің бейнесі оны осы бағыттағы күресінің соңғы финалына дейінгі әрекеттеріне ықпал жасап отырады. Дәл осындай бас кейіпкердің әрекетіне араша түсуге ықпал жасайтын ар мен ақыл, кек пен ашу бейнелеріне енген кейіпкерлер, сондай-ақ, өзі өлтірген адамдардың әруағының жанына тыныштық бермеуі «Ликвидатормен» бірге алдыңғы «Адасқандар» фильмінде де қолданылған болатын. Қылмыстық істің ақиқаты мен әділдігіне жету жолында өзінің кегін тізгіндей алмаған кейіпкердің ішкі күйзелісі шарықтау шегіне жетеді. Кектің де шегі бар. Адам санасынан тыс құбылыстарға қарсы тұруға дәрменсіздігі оны соңғы шешуші қадамында тоқтатады. Өзі өлтірген адамдардың әруағы жанын қыспаққа алады. Фильмнің соңғы финалындағы Арсеннің өзін қоғамға қауіпті адам санап, жер басып жүруге лайықты емес екендігін түсінуі өзіне шығарған үкімі. Сан түрлі астары бар қылмыстың ақырғы ақиқатына жеткенде кейіпкердің ақтық әділ жазаны Жаратушының еркіне қалдыруы фильмнің ұтымды шешімі. А.Сатаев кинематографы рухани құндылықтардың басты тірегі дін арқылы адами қасиеттердің белгілі бір өлшемдегі шегін көрсетуімен ерекшеленеді. Фильмдерінде қазіргі уақытта барлық қоғамда үйреншікті, тіпті қалыпты жағдайға айналып бара жатқан рухани азғындаудан туындаған құбылыстардың көріністерін ашық түрде суреттеу арқылы көркемдік шешімдерімен ойлануға мәжбүрлейді. «Рэкетир», «Адасқандар», «Ликвидатор» фильмдеріндегі басты кейіпкерлерінің бейнесін адамдықтың тура жолынан адасудың үлгісі ретінде алға тартады. Басты кейіпкерлерінің соңғы финалдағы өлімін көрерменіне оның өмірінің ақырғы нүктесіне дейінгі аралығындағы мағынасын түсінудің құралы ретінде қолданады. Итальялық режиссер, жазушы әрі философ Пьер Паоло Пазолини «Өлім өмірдің мағынасы ретінде» атты мақаласында: «...біздің өміріміз өзіміздің кім екенімізді тек өлімнің арқасында ғана айқындап береді» дейді. Кейіпкерлердің ажалына дейінгі аралықтағы өмірге деген қарым-қатынасын айқындаудың мүмкіндігін көрерменінің үлесіне қалдыру А.Сатаевтың фильмдеріне тән тәсіл. Оның фильмдеріндегі өмірдің нақ өзінің тетігінен ойып алынған оқиғалары көрерменнің санасына қабылдану әсері тұрғысынан адамның рухани бағытын айқындауға білгілі бір деңгейде ықпал етуге қауқарлы.

502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз