• Ұлттану
  • 23 Қыркүйек, 2014

Елбасының Ұлы­таудағы айтқан қадау-қадау мәсе­лелері көкейімізден шықты - еңбек ардагері И. Ағытай

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау жерінде журналиске берген сұхбатының ғибраты, танымдық, тәрбиелік мәні зор болды.

Бұл ел күткен сөз еді, - дейді қостайлық еңбек ардагері Ибрагим Ағытай «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған пікірінде. Өйткені, заман оңалып, елдің әлеуметтік тұрмысы жақсарған сайын адамдар мемлекетіміздің, елдің болашағы туралы ойлауы тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, экономика дамымай ештеңе болмайды. Өткен уақыттармен салыстырғанда бүгінгі тұрмыс жағдайымыз жақсы деп, ауыз толтырып айта аламыз. Еш нәрседен тарығып отырғанымыз жоқ.

Бірақ әр қазақстандық қарын мен қара бастың ғана қамын ойлап кетсе не болады? Байлықтың соңына түсіп, мейманасы толып кететіндер де жоқ емес. Әр кісінің материалдық байлығы мен көкірегіне жиған рухани дүниесі тең болғанда ғана, оны дәулетті жан деп тануға болатын шығар. Халқымыздың бай дәстүрі мен тілінің өрістеуі, дініміздің аяқ асты болмауы - бар дәулеттің басы екенін білетіндер ғана бай адам.

Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының қасиетті Ұлытау жерінде отырып айтқан әңгімесін мұқият тыңдадым. Туған жердің қасиеті - тарихымызда, атамекенді жайла­ған, ұрпақтарына осынша жерді қалдырған батыр, дана аталары­мызда жатыр. Роза Рымбаева шыр­қайтын «Атамекен» әнін жүрегім шымырлап отырып тыңдаймын. Расында, «Мына далада кімдердің ізі қалды, соны тү­сініп жүрміз бе?» деген ой шырмай­ды. Мысалы, Торғай дала­­­сы­ның тарихын түгендеу үшін тұ­тас ғұмыр керек. Батырлар, ақын­­дар, шешендер, әншілер мен күй­ші­лер ұлан-байтақ даланы шарла­ды.

Бұрын Торғайда құймақұ­лақ, кеудесі алтын сандық әкелері­міз айналасын сілтідей тындырып әңгіме айтатын. Шежіре шертетін қарттарымыз болушы еді. Халқымыздың тарихында солар арқылы жеткен құнды деректер де аз емес. Торғайдан шыққан батырларды, ақындарды, балуандарды, өнерпаздарды дәріптейтін дәстүр біздің өңірде әлі күнге дейін үзілмей келе жатқанына шүкіршілік етемін. Кішкентай ғана Торғай кентінде бес-алты музейдің жұмыс істеп тұруы осы сөзімнің дәлелі болса керек. Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында туған жер тарихын насихаттауға көңіл бөлді. Даламыздың қойнауы тұнған тарих. Оны ұмытсақ тамырымыздың солғаны деп білген жөн болар. Елбасы осыған абай болуға шақырды.

Нұрсұлтан Әбішұлының дін мен тіл жөніндегі әңгімесі - ел күткен сөз еді. Бүгін дүниенің барлығы алақанда болып тұрған заманда тілді сақтау үшін де, жаһанданудың иіріміне түсіп кетпеу үшін де, жұрттан қалмау үшін де тіл білу керек. Ғылымы, білімі дамыған ел тілдерін білгеннен балаларымыз кем болмайды. Ана тілге құрметі бар отбасында бала қазақ тілін білмей қалмайды. Қазір Қостанайда қазақ тілінде білім беретін мектептер жетеді. Мемлекеттік тілдегі оқу бағдарламаларымен оқулықтарды жетілдіре түссе екен деген тілек бар. Ана тілінде тілі шыққан баланың кейін тегеуріні де мықты болады. Өйткені, ол ана тілін білген соң, халқының дәстүрін де, мінезін де, ділін де бойына сіңі­ріп өседі.

Дін - нәзік мәселе. Дін десе, қашан да адамгершілік, имандылық ұғымы бірге айтылады. Тәрбиесі мүлт кеткен жастар өзге ағымның жетегіне ерді. Сондықтан, отба­сын­дағы бала тәрбиесі әсте босаң­сымауы тиіс. Бұған мектеп, қоғам­дық ұйымдар қосылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы­таудағы айтқан қадау-қадау мәсе­лелері көкейімізден шықты. Бұл ел күткен сөз еді. Өйткені, онда ай­тылған мәселелердің барлығы да бү­гінгі қоғамда өткір қойылып отыр. Оны қаперден шығарсақ, ел тәуел­сіздігіне сызат түседі. Соны әр­кез естен шығармайық.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

 

238 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз