• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2012

ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ТАТАР БАСПАСӨЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ РУХАНИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІНІҢ КӨРІНІСТЕРІ

Еңсепов Асқар, тарих ғылымдарының кандидаты, Қызылорда «Болашақ» университеті, тарих және филология кафедрасының аға оқытушысы; Досмамбетова Айсұлу, Қызылорда «Болашақ» университеті, тарих және филология кафедрасының аға оқытушысы Ғасыр басында түркі жұртының оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу ұлтжанды  зиялылары халықтың рухани мұраларына ерекше ден қойып,  бар ерік-жігерін оқу-ағарту саласының күшеюіне бағыттады. Бұл жолда татар зиялыларының  атқарған рөлі мен орны ерекше. Татар зиялылары тек өз халқының ғана емес, бауырлас, діндес өзге де түркі-мұсылман халықтарымен тығыз байланыстар орнатып, олардың мұң-мұқтажына көпшіліктің назарын аудартуға талпынды. Осы бір талпыныс татар баспасөзінен айқын көрінді. Татар зиялылары еңсені басқан отарлық езгіден  халық  рухын көтерудің бір құралы баспасөз деп білді. Расында да жерінен, саяси бостандығынан айрылған талай түркі-мұсылман жұртының соңғы үміті, соңғы тірегі баспасөз болатын. Баспасөздің пайдасын білімі, өнері өзгелерден оқ бойы  озық тұрған татар зиялылары ертерек байқады. Сондықтан да, олар газет-журнал шығаруға ерекше ықылас білдірді. «1907 жылғы санаққа қарасақ, – деп көрсетті «Қазақ» газеті, Ресейде сол жылы  екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қандастарымыздың отыз шамалы газеті мен журналдары болды. Бізде біреуі де болмады. Сөз –­ қару, мұны бұзуға жұмсасақ, бұзады, түзеуге жұмсасақ, түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың өзі түзелуге бет алғанын көріп отырмыз. Алыстан іздемей, жақыннан-ақ алайық. Күні кеше өзімізбен шамалас, қатар халық – татар қарындастарымыз сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастап еді, түзеліп бара жатыр.  Орысша оқи алғаннан басқа, жастарын оқытып, көздерін ашып отырған татар. Бұл татардың бізден ілгері кеткендігі, олар бізден емес, біздің олардан үйреніп жатқанымыз, білім дәрежесінде біздің төмендігімізді көрсетеді»  [1, 11 б.]. ХХ ғасырдың бас кезі татар халқының оянып, жаңа ізденістер мен жаңалықтар жолына түсуінің бастау көзі болды. Әсіресе, татар әдебиеті барынша қарқын алып, кең қанат жайды. Орыс жазушысы М. Горькийдің дұрыс көрсеткеніндей, Ресейде татар баспасөзі мен әдебиеті, татар зиялыларының мәдени істері қарқынды дамыды [2, 99 б.]. Татарлар талай жылдар жасай алмаған әдебиетін жасап,  түркі жұртына танымал  әдебиет алыптарын тудырды. Бұған ғасыр басындағы Ресейдегі саяси оқиғалар, 1904 жылғы орыс-жапон соғысы, 1905-1907 жылдардағы революция және сол тұстағы саяси-әлеуметтік бетбұрыстар мен  қоғамдық күштердің  топтаса бастауы игі ықпалын тигізді. ХХ ғасыр басындағы қазақ-татар әдеби-мәдени байланыстарының дамуына  ХIХ ғасырдың екінші жартысында екі халықтан шыққан ағартушылар да игі алғышарттар жасады. Бұлардың қатарына татар ағартушыларынан Ш. Маржани, Х. Фаизханов, С. Кукляшев, Ғ. Махмұтов, Қ. Насыри және тағы басқаларды, ал, қазақтардан Ш.Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтарды атауға болады. Олар татар тілі мен қазақ тілін жақсы білетін, Батыстың да, Шығыстың да мәдениетін қатар меңгерген өз заманының озық ойлы, терең білімді жандары  болатын. «Қалың татар көрмей жүрген халқымыз емес, қашан да адал ниетті көршіміз, ақ тілеулі ағамыз. Сахарада көзін ашқан жас балапан жазба әдебиетіміздің балақ жүнін түлеткен де – солар, революцияға дейін азын-аулақ кітаптарымыз болды десек, соның қай-қайсысында да кәрі шаңырақ Қазанның аты жазылған, – деп орынды көрсетеді қазақ жазушысы Ғ. Мұстафин. Татар мәдениеті қазақ үшін көз көрмеген, аяқ баспаған бейтаныс  өлке емес. Оның самалын ертеден-ақ саялап, миуасын баяғыда-ақ татқанбыз. Тәтті екен  – тамсанғанбыз. Шөлдей, шөліркей ұмтылғанбыз сол жаққа» [3]. Заңғар жазушының бұл сөздерінен ғасыр басындағы қазақ баспасөзіне,  жалпы қазақ әдебиеті үшін татар әдебиетінің қаншалықты маңызды болғанын байқауға болады. Қазақ арасына татар баспасөзінің, әдебиетінің таралуына татар молдаларының, университет оқытушылары мен мектеп, медресе мұғалімдерінің  де қосқан үлесі зор. Мысалы, қазақтардың хат танып, мұсылманша сауат алуына татар молдалары бірқыдыру ат салысса, Шоқан, Ыбырай сияқты оқымыстылардың жан-жақты білім алуларына университеттік білімдері бар татар зиялылары Х. Фаизханов,       М. Бекчурин, У. Мусин, татар арасынан шыққан алғашқы ғылым кандидаттарының бірі  Салих Бекташұлы  Кукляшев сияқты оқытушылар өз үлестерін қосты. Татар молдалары арқылы Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты қазақ оқығандары татар тілін еркін  меңгеріп, татар тіліндегі  баспасөз материалдарын  оқып, біліп отырды.  Ы. Алтынсаринге Орынбор шекара комиссиясының жанынан  ашылған қазақ-орыс мектебінде білім берген             С. Б. Кукляшев кейіндері де талай үлгі-өнегесін, тәлімі мен тағлымын  көрсетті. Оны қазақ-татардың екі ағартушысының еңбектерінің аттары да байқатпай қоймайды. Мысалы, С.Б. Кукляшев 1859 жылы «Татар хрестоматиясын» жазса, Ы. Алтынсарин  1879 жылы «Қазақ хрестоматиясын» жарыққа шығарды.     Ы. Алтынсаринге татар ағартушы-ғалымы Қаюм Насыридің де ықпалы мол болды. Олардың идеялық-творчестволық байланыстары тамаша туындыларды  дүниеге келтірді. Нәтижесінде, тақырыбы сарындас, идеясы мен мазмұны үндес шығармалар туындады. Татардың ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаушы, татар прозасы мен балалар әдебиетінің  негізін салушы Қ. Насыри жаңа типті мектептер ашты, 1880 жылы  «Қазан татарларының сенімдері мен ырымдарын», дінді уағыздайтын «Отыз уағыз» атты еңбектерін жазды. Ы. Алтынсарин болса, 1879 жылы «Орынбор қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркін», «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамдарды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі» және  дін тақырыбындағы «Шарайт-ул ислам» еңбектерін  шығарды. Қ. Насыридің шығармаларын, соның ішінде, «Әбдуғалиссина хиссасы» атты әңгімелер жинағын қазақ оқырмандары сүйіп оқитынын «Дала уалаяты» атты қазақ газеті жария етті және осы баспасөз татар оқымыстыларының еңбектері жөнінде  қазақ оқырмандарын хабардар етіп,  таныстырып отырды [4, 701 б.]. Осы газеттің тағы бір нөмірінде: «Ноғайлардың (татарлардың) тілдері қазақтармен бірдей. Солары үшін әрбір ноғай қазақтармен тез жақын болысып кетеді» [4, 739 б.], - деп көрсетілді. Екі халықтың өзара рухани жақындаса түсуінде татар-башқұрт жерінде бой түзеген, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Хұсаинов, Рәмиев, Ямышев, Апаков сияқты  ауқаттылар ашқан баспаханалар өнімдерінің өзіндік орны барын да айта өткен жөн. Осы баспаханалардан шыққан кітаптар арқылы татар оқырмандары да қазақ ақын, жазушылары мен оқымыстыларының шығармаларымен жете таныс болды. Татар оқырмандарына қазақша шығармаларды таныстыруда татар зиялылары басты рөл атқарды. Олар өздері ашқан баспа орындары арқылы Шығыстың небір дастандарын, сонымен бірге, қазақ ақын, жазушыларының шығармаларын  кітап етіп басып шығарып, қазақтар арасына таратты. Мысалы, Абайдың өлеңдері татарлар арасына алғашқы кезде  ауызша белгілі болса, 1897 жылы Қазан қаласында оның 2 өлеңі «Князь бен Зағипа» атты жинаққа еніп, тұңғыш рет жарық көреді. Ал, Абайдың шығармаларымен татар оқырмандарын, сондай-ақ, күллі түркі жұртын татардың «Вакыт» газеті [5], «Шуро» журналы [6, 73 б.] таныстырып, алыс-жақын елдерге жарнамалап, мәшһүр етті. Осыдан соң қазақтың бас ақынының өлеңдері жекелеген жинақтарда шыға бастайды да,  ал, ақынның тұңғыш кітабы Қырым татары, баспагер Ілияс Борағанскийдің Петербордағы баспаханасынан 1909 жылы жарық көреді [7, 66 б.]. «Казах акыны Ибрахим Кунанбай-огълунын шиирлери» (Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері») атты бұл кітапта татар баспагері Ілияс Борағанскийдің де суреті қоса беріледі [8, 67 б.]. Бұл кітапта Абайдың басты өлеңдері түгелге жуық берілген деуге болады   Аталмыш баспаханадан Ш. Уәлихановтың ел арасынан жазып алған «Едіге» дастаны да басылып шығады [7, 68 б.]. Жалпы, Ілияс Борағанскийдің кітапханасынан 1901-1910 жылдары 68 кітап жарық көрген [9, 177-178 бб.] және онда негізінен  Шығыс мәдениетін насихаттайтын кітаптар жарыққа шығып отырған. Борағанский баспаханасынан шыққан бұл кітаптар қазақ арасына да таралды. Татар мерзімді баспасөздері тек қазақтың танымал ақындарын ғана емес, сонымен бірге, қазақ ақын қыздарының да өлеңдерін көпшілікке таныстыруды мақсұт тұтқанын байқауға болады. Мысалы, «Шуро» журналының 1912 жылғы 145  нөмірінде Жетісудың атақты батыры, әрі биі  Тойшыбек Қасаболатұлының қызы Данагүлдің  араб һәрпімен жазылған өлеңі басылған [10]. Өлең Ғазы сұлтан Болатұлы Уәлихановқа арналған [11, 188 б.].  Жетісулық ақын қыз Данагүл өз өлеңінде сұлтанға деген сезімін білдіреді. Татар зиялылары ашқан баспаханалардан шыққан қазақ авторларының шығармаларын татар оқымыстылары жоғары бағалап, олардың творчествосына қатысты пікірлерін баспасөз арқылы білдіріп жатты. Сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиетінің маңызын төмендетіп көрсеткісі келген кейбір керағар пікірлі жандарға тойтарыс беріп, қазақ поэзиясынан үлгі-өнеге аларлық тұстардың басымдығын да көрсете білді. Қазақтың тұңғыш бейресми, саяси бағыттағы мерзімді баспасөзін шығаруға татар зиялылары, дәлірек айтқанда, «Үлфәт» газетінің редакторы  Ә. Ибрагимов жәрдем беріп, көмек қолын созды. Сөйтіп, 1907 жылы «Серке» атты қазақтың төл газеті жарыққа шықты. Онда М. Дулатовтың «Біздің мақсатымыз», «Жастарға» атты мақалалары жарияланды. Алайда, оның ғұмыры аса қысқа болды. 1907 жылы полиция өкілдері газет  бетінде жарияланған мақалаларда қазақты орыс халқына қарсы үндеу бар деген сылтаумен  «Үлфәт» пен «Серке» газеті  жабылды  [12, 24-25 бб.]. Ұлттық мерзімді баспасөзді шығаруға деген талпыныстардың бұдан кейінгі барысы да көпке созылмады. Қазақ журналистикасы тарихында қазақтың тұңғыш ұлттық журналы ретінде орын алатын «Айқап» басылымы 1911 жылы дүниеге келді. 1915 жылдың қыркүйегіне дейін Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасынан шығып тұрған журналдың редакторы түрік бірлігін жақтаған қазақ зиялысы М. Сералин болды. М. Сералин татар хақының мәдениеті мен әдебиетін және оның өкілдерін аса жоғары бағалап, өзінің татар халқына деген зор ілтипатын жазған мақалалары арқылы көрсетіп отырды. Өзінің мақалаларында М. Сералин татарларды «ноғай бауырларымыз» деп атап, ел арасына бауырластықтың өнегесін де таратты. Журналдың бағдарламасында татар мерзімді баспасөздеріндегідей бас мақала, шетел хабарлары, мұсылман өмірінен мәселелер, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, әртүрлі хабарлар мен редакцияға хат атты  7 айдар болды  [13, 282 б.], соның  «Мұсылман өмірінен мәселелер» атты айдарымен татар халқының тұрмыс-тіршілігі, мәдени өмірі жайлары өзекті мәселелер шығылып тұрды. Журнал бетінде татар мерзімді баспасөздері: «Ил», «Йолдыз», «Вакыт», «Шуро» жайындағы хабарлар, әсіресе, ондағы қазақ халқының тарихына, тілі мен әдебиетіне  қатысты мәселелердің  қалай көтеріліп  жатқаны жайы баян етілді. Сондай-ақ, журнал қызметкерлері татар халқының біртуар ұлдары   И. Гаспиринский, Ш. Маржани, М. Бегиев, Ғ. Тоқай және т.б. өмірі мен қызметінен мағлұмат беретін хабарлар таратып, қазақтар мен татарлардың рухани ынтымағын насихаттады. Мысалы, М. Сералин «Жуырдағы орны толмас өлім» атты некрологында И. Гаспиринскийді Асан Қайғымен теңестіріп, оны бүкіл түркі-мұсылман жұртының көсемі, халық қаһарманы, ұстазы деп бағалайды. «Айқап» журналында жауапты хатшы қызметін атқарған С. Торайғыровтың да творчествосынан қазақ-татар бірлігі, достығы мен ынтымағының әсері байқалды. С. Торайғыров журналда қызмет істеп жүргенде, татар әдебиетімен, татар баспасөздерінде көтерілген мәселелермен молырақ танысады. Оның әсері ақынның көзқарастары мен шығармаларынан аңғарылады. Ақын татар тілін жақсы білген. Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, ақынның кейбір өлеңдері татар тілінің ықпалымен жазылған.  «Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр» деп жырлаған Сұлтанмахмұт халықты білім, ғылым жолында татарлардан үлгі-өнеге алуға шақырды. Ол Ғ. Тоқай, Ғ. Ғафури, Ғ. Ибрагимовтердің  озық ойлы пікірлерін қуаттап, өзінің де шығармаларында  татар мәдениеті мен әдебиеті үлгілерін терең игергендігін көрсетті. Сұлтанмахмұттың татарларға деген ыстық ықыласының лебі оның жерлесі, «Айқаптың», «Шуроның», «Вакыттың» және «Қазақтың» тұрақты оқырманы С. Дөнентаевты да шарпып өтті. Сәбит ақынның алғашқы өлеңдер жинағы – «Уақ-түйектің» баспа бетін көруіне татар жанашырлары жәрдемін тигізді. «Діндесіңді бауыр тұт, қарамай қазақ, сартына» деген ақын татар зиялыларының әсерімен ұлт бостандығымен қатар, діни бірлікті де уағыздады. Діни бірлік «Айқаптың» да беттерінде көтерілді. Журналда муфтилік мәселесі және татарлардан шыққан муфтилер туралы да хабарлар беріліп тұрды. Сөйтіп, қазақтың алғашқы ұлттық журналы қазақ-татар мәдени байланыстарының жаршысына айналып үлгерді. Осылайша, қазақ-татар  мерзімді баспасөздеріндегі ортақ тақырып, ортақ мәселе екі халықтың тілдегі, пікірдегі, діндегі және ділдегі ынтымақтастығының да арта түсуіне жол ашып берді. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР: 1 «Қазақ» газеті / Құраст. Ү. Субханбердина және т.б. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1998. – 560 б. 2 Горький  М. Собрание сочинении. – М.: ГИХЛ, 1953. – 218 с. 3 Мұстафин  Ғ. Армысың ағайын! // Қазақ әдебиеті. – 1962. – 26 октябрь. 4 «Дала уалаятының газеті». – Алматы: «Ғылым», 1994. – 816 б. 5  Әдәбиат вә тормыш  // Вакыт. – 1908. – 12 июнь. 6 Ысқақов  Б. Ы. Қазақ-татар әдеби байланысы. – Алматы: Ғылым, 1976. – 175 б. 7 Мухамметханов К. Абайнын биринджи китабыны нешир эткан адам // Ленин байрагы. – 1971. – 26 октябрь. 8 Керимов И.А. ХІХ асырнынъ сонъу ве ХХ асырнынъ башында къырым татар бедий сезюнин эврими. Филооложиий илимдеери докторы ильмий дәреджесини къазанмак ичин чалышма. – Симферополь, 1998. – 283 б. 9 Каримуллин А. Татарская книга начала ХХ века. – Казань: Татар. кн. изд-во., 1974. – 320 с. 10 Казак шагыйрә шигыринан // Шуро. – 1912. – №4. – 191-192-б. 11 Махаева А.Ш. Тойшыбек би және оның заманы. – Алматы: Баянжүрек, 2006. – 202 б. 12  Әбдіманов  Ө. «Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақстан, 1993. – 168 б. 13 Субханбердина Ү. Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар. – Алматы: ҚазССР ҒА баспасы, 1963. – 289 б.

1334 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз