• Ұлттану
  • 28 Қыркүйек, 2014

Астаналық ақын Жандарбек Бұлғақов Қарағандыда өткен айтыста бас жүлдені жеңіп алды

 

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қарағанды облысының әкімдігі партияның 15 жылдығы мен Қарағанды қаласының 80 жылдығына арналған «Ерлерім еңбек еткен жер» атты Республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметінен. 

Іс-шараның басты мақсаты - республикамыздың тәуелсіздік жылдарындағы даму көрсеткіштері аясында Қарағанды аймағының жетістіктері мен осындай өндірісі мен кәсібі орныққан өңірге қызмет еткен азаматтардың еңбегін жырлау, халықтың ынтымақ-бірлігін дәріптеу. Сондай-ақ, қазіргідей әлемдік саяси өзгерістердің мемлекеттігімізге тудырып отырған сын-тегеуріндерін сөз ету.
Айтыс барысында 5 жұп сынға түсіп, бақ сынады.

Сайыс нәтижесінде бас жүлдені еліміздің даму жолын өрнекті жырымен жырлай білген астаналық ақын Жандарбек Бұлғақов жеңіп алса, бірінші орынды Алматы облысының ақыны Сара Тоқтамысова, екінші орынды астаналық Жақсылық Орынбасаров, үшінші орынды жамбылдық Әсет Дүйсебаев пен қарағандылық Айтбай Жұмағұлов иеленді. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан қомақты сыйлықтар берілді.
Бұл ретте «Нұр Отан» партиясының Саяси жұмыс департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Өтелбай айтыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

«Бүгін міне, еліміздің Сарыарқа төрінде орналасқан Қарағанды қаласында халықтың ұлттық өнері - айтысты тамашаладық. Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орай Талдықорған, Ақтау, Тараз қалаларында дүбірлі айтыстар өтті. Бүгінгі айтыс сол, мерейтойдың жалғасы іспетті», - деді ол.

«Нұр Отан» партиясының негізгі мақсаты елдің мұң-мұқтажын біліп, кемшіліктерді жасырмай талқылап, оның оңтайлы шешімін тауып, мемлекеттік органдармен бірлесе орындау. Бүгінгі шара да соның айғағы», - деп ойын тұжырымдады Ғалымжан Өтелбай.

Айта кетейік, айтыстың қазылар алқасына ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Алдан Смайыл төрағалық етіп, ҚР Президенті сыйлығының иегері, сатирик-жазушы Көпен Әмірбек, «Асыл арна» телеарнасының Бас директоры, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, ҚР мәдениет қайраткері, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Қойлыбай Асанов әділ бағасын берді.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

 

285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз