• Ұлттану
  • 28 Қыркүйек, 2014

Жамбыл облысының ТЖД «Мерейлі отбасы» Ережеповтарға құрмет көрсетті

Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Мейрейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысушы Ережеповтар отбасына құрмет көрсетті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен. «Ережеповтар отбасын құттықтауға ардагерлер мен жастар, ТЖД-нің жеке құрамы мен басшылығы, облыстық әкімдік пен «Нұр Отан» партиясының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат басқармасы өкілдері келді. Салтанатты шарада, облыстық ТЖД басшысы, полковник Марат Күлдіков, Өрт сөндіру қызметінің жетекшісі Талғат Сабыров отбасы құндылықтарын насихаттаған үлгілі шаңыраққа алғыс білдіріп, сыйлықтар тарту етті», - деді ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Сәуле Мұнатаева.

Оның айтуынша, Ережеповтар отбасының ер адамдары адам өмірін сақтауға қызмет етіп келеді.

«Отағасы Толыбай - өрт сөндіру қызметінде ширек ғасырдай уақыт қызмет етіп, алғыс алған, «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған жан. Бүгінде Толыбайдың мамандығын үш ұлы жалғастырып отыр. Үлкен ұлы Ільяс - Талас ауданында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы бболса, Елжан «СПиАСР» ММ-де әскери-ұтқыр және арнайы қызметтің бас маманы, ал Жанболат - Көкшетау техникалық институтында курсант. Шаңырақтың сәнін, мәнін келтіріп отырған Толыбай ағаның жанжары Раушан 30 жылдан астам уақыт оларға қолдау көрсетіп келеді», - деді С. Мұнатаева.

ТЖД қызметкерлері мерейлі отбасы үшін арнайы концерт ұйымдастырып, Абай өлеңдерін оқыды. Кеште өрт сөндіру қызметі мамандарының жеке шығармалары мен танымал әндер орындалды.

«Ең әуелі еңбек ету керек, бұл - біздің отбасымыздың ұраны. Ал жақындарыңның қолдау, көмегінсіз кәсіби жетістікке жету мүмкін емес», - деді Толыбай аға.

Еске, сала кетейік, 19 қыркүйек күні Астанада «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткен болатын. Бұл конкурста еліміздің барлық өңірлерінен 1 298 жанұя бақ сынады. Елордаға өңірлік конкурстардың жеңімпаздары атанған 16 отбасы жиналды. Елбасынан оларға автокөлік тарту етті. Ережеповтар отбасы анасы Раушан, ұлдары Елжан мен Ільяс сол көлікпен Тараз қаласына келді. Ал Толыбай аға Астанадан Көкшетауға аттанып, баласы Жанболаттың ант қабылдау рәсіміне қатысты.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

 

207 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз