• Тарих толқынында
  • 06 Наурыз, 2012

Кешегі-бүгінгі шынайы Шекспир

Жаңагүл СҰЛТАНОВА, Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Адам таң қаларлық жәйт, қаншама заманалар алмасып, ғасырлар ауысып, адами құндылықтар негізіне алуан түрлі өзгерістер еніп жатқанына қарамастан, ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспир пьесаларының салмағы мен мазмұны әрбір дәуірмен үндесіп, үйлесіп, сол уақыттың талабы мен қағидаларына қабысып, мезгілден мезгілге ұласып, ұдайы бірге жасасумен келеді. ХVІ ғасырда өмір сүрген қарымды қаламгердің бұдан 5 жүз жылдан бұрын жазған драмаларында көтерілген өзекті мәселелер дәл бүгінгі күн үшін де бөтендік бітім танытып отырған жоқ. Мұның орнына Шекспир шығармаларына деген қызығушылық пен ынта-ықылас барған сайын күшейе түсуде. Драматургтің қай шығармасын алсақ та, біз оның барша дәуірдің әлеуметтік мәселелерін көтере білгенін көреміз. Шекспир шығармаларындағы мәселелерді біз өз заманымыздан да таба аламыз. Өйткені, оның жазатыны адам баласының табиғатына тән құбылыс. Сонымен бірге Шекспирдің өмірі туралы білгісі келетін ортаның ауқымы артты. Қазіргі таңда Шекспир әлемдегі ұлы жазушылардың бірі болып табылады. Шекспир басты шығармаларының бәрін халық театрларына арнап жазды. Сол кездердегі қауым театрды сауық-сайран құратын орта ретінде бағалап, төменгі дәреже санаған. Сондықтан қала басшылығы Лондон төңірегінен басқа жерлерде театр салынбауын жіті қадағалап, сахналық көріністердің көпшілікке көрсетілуіне тыйым жасап  отырған. Бұл өнер ордасы қала сыртындағы шет жерлерге салынған. Ол құнарлы жерлерде сауық-сайран құратын мекенге айналып, аю айдайтын арена мен тауық төбелестіретін орындар болған. Енді сол дәуірде өмір сүрген Шекспирдің жеке өз басына келсек, алдымен оның Стратфорд грамматикалық мектебінде оқып, латын және көне грек тілдерін жетік меңгергенін айтар едік. Оның драма саласындағы қызметі 1590 жылы басталып, Лондонның "Глобус" театрының актері болумен шығармашылығы жалғасын тапқан. Бұл кезеңде Шекспир пьесалармен қатар көптеген сонеттер және поэмалар жазды. Оның шығармаларында трагедиялық сарынның молаюына себепкер жәйттер көп болды. Ол заманындағы әлеуметтік мәселелерді суреттеуге тырысты. Сол сияқты тарихқа сүйеніп, уақиға барысын тереңдете түсіп, өз ойын тарихи негіздер арқылы жеткізіп, саралап отырды. Оның қалыптасуына Көне Рим драматургтері Вергилий, Сенека, Гораций, Плавт шығармашылығының әсерлері көп еді. Алайда, ол заманда театрға арнап шығарма жазған қаламгердің көпшілік арасындағы беделі оншалықты жоғары болмайтын. Сол кепті Шекспир де киді. Оның кейін 5 ғасыр бойы дүниені дүрліктіріп тұратын пьесалар жазғанынан былайғы жұрт сондықтан да хабарсыз болды. Ал Шекспир пьесалары көп жағдайда белгілі бір оқиғалардан туындады. Мәселен, "Ричард ІІІ", "Асауға  тұсау", "Гамлет", "Отелло", "Король Лир", "Макбет" атты пьесаларының желісіндегі қоғамның жаңаруы, қоғамдық зұлматтар мен азғындық өмірдің өз ортасынан алынды. Шекспир туындылары шындыққа қалтқысыз сенуді, өмірді сүюді уағыздайды. Оның пьесалары қазақ тіліне аударылып, республикалық көптеген театрларында, әлі күнге дейін құндылығын жоймай, қойылып келеді. Айталық, М.Әуезовтің аударуымен қазақ топырағына жеткен "Отелло" мен "Асауға тұсау" туындылары күні бүгінге дейін сахнадан түскен емес. Пьесалары қазақ тілінде талай рет кітап болып басылды, сонеттері жеке жинақ болып шықты. Шекспир кейіпкерлерін сахнада шебер бейнелеуде Шәкен Айманов, Хадиша Бөкееваның жемісті еңбектерін айтқан болар едік. Шекспир фамилиясы оның өзі жазып жарыққа шығарған пьесасының мұқабасында бірінші рет 1597 жылы ғана пайда болды. Бұл "Махаббаттың мәнсіз машақаты" деп аталатын комедия еді. Ал келесі жылы әдебиет пен театр сыншысы Фрэнсис Мерез дейтін біреудің "Раllаdіs Таmіа, немесе Ақыл қазынасы" деген кітабы шықты. Оның мазмұны ағылшын әдебиетіне шолуды құрайды. Мұнда зерттеуші отандық қаламгерлер шығармаларын Көне Рим және итальян авторларымен салыстыра отырып талдау жасады. Сол қатарда Шекспирдің еңбегіне де лайықты баға берілді. Автор оны "пьесаның екі бірдей түрінен де өте жоғары қабілетті" драматург, яғни трагедия мен комедияның тізгінін тең ұстаған қаламгер ретінде көрсетті. Сол талдау барысында ол Шекспирдің он пьесасын атап өтті. Алайда, осыдан кейін болашақ ұлы драматургтің аты бірден бүкіл халыққа таралып кетті деп айтуға болмайды. Оның есімі бұрынғысынша әдебиетшілер мен актерлардың тар шеңберіне ғана белгілі болып қала берді. Бұл үшін Мерездің әлгіндегі кітабы шыққасын алты жылдан кейін Король ауласы жанында қойылған спектакль үшін ақы төлеп тұрған бір шенеуніктің тіпті "Қателіктер комедиясы", "Венеция көпесі", "Өлшемге – өлшем" және "Отелло" пьесалары авторының фамилиясы қалай дұрыс жазылатынын білмегенін айтсақ та жеткілікті. Бұған қосарымыз, Шекспирдің драматург ретіндегі қоғамда алатын рөлі оншалықты құрметті де қастерлі бола қойған жоқ. Әлбетте, өнерден хабары бар азын-аулақ топ оны көзі тірісінде бағалап қалуға әрекет жасады. Бірақ, ол кездегі талпынысты бұдан бір жарым ғасыр өткеннен кейінгі және содан бергі уақыттағы Шекспир шығармаларына деген көзқарастың шарықтау шегімен мүлдем салыстыруға келмейді. Әдебиетсүйер қауым оны ХVІІІ ғасырдың ортасынан классик деп таныды. Осыдан бастап Шекспир таланты мен туындыларына табыну басталып, одан әрі кең өріс ала түсті. Ал ХІХ ғасырдың басында оның даңқы дүниеге тамаша сонеттер әкелген асқан ұлы ақын ретінде қайта естіле бастады. Шекспир тірі кезінде мұндай құрметтің бірде-бірін көрген жоқ және көруі мүмкін де емес еді. Сондықтан оның замандастарының бірде-бірінің ойына қаламгердің өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы мәліметтер жинап, кейінгіге жазып қалдырып кету келмегеніне таң қалуға болмайды. Шынтуайтына келсек, ондай бір ғана автор болған екен. Шекспирдің замандасы, драматург Томас Хейвуд (1573-1641) сол тұста "Ақындардың өмірдеректері" деген кітапты жазып бастаған көрінеді, оның ішінде біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкеріне қатысты да жолдар болған, онда қаламгердің екі жүзден астам пьеса жазып шыққаны айтылады, бірақ туынды ақырына жетпей тоқтап қалған. Осылайша Шекспирдің тірі кезіндегі сияқты, ол қайтыс болғаннан кейін де оның өмірбаяндық мағлұматтары мүлдем белгісіз дерлік қалып қойған. Ол туралы Стратфорд кәріқұлақтары кейінірек әлденелер айтпақ болып, оларды актерлер ортасында ұрпақтан ұрпаққа беріліп, бүгінгі күнге дейін жеткен. Әйткенмен, Шекспирдің өмір жолы жайлы шынайы деректер әлі де жоқ. Ұлы драматург шығармаларын түбегейлі зерттеу жұмыстары ХVІІІ ғасырда қолға алынды. Осы тұстан оның өмірі мен творчествосын зерттеумен айналысатын әдебиетшілер мен ғалымдар пайда болды. Бұл орайдағы бірінші құрметті жұмысты драматург Николас Роу (1676-1718) бастады. Ол 1709 жылы Шекспирдің өмірбаяндық естеліктерімен ашылатын шығармалар жинағын бастырып шығарды. Бұл жолда зерттеуші драматургке қатысты шынайы да, күмәнді де алуан түрлі мағлұматтарды жинастырды. Сөйтіп, кейін Шекспирдің барлық өмірбаяндық деректеріне негіз болатын алғашқы ғұмырнамалық мәліметтердің басын құрай берді. Тап сол тұста тағы бір топ ғалымдар мен сыншылар Шекспирдің мейлінше аяқталған шығармаларын сүзгіден өткізіп, баспадан шығарумен айналысып жатты. Тағы бір қаламгерлер Шекспир өмірі туралы, оның дәуірі мен сол кезеңдегі жазушылар жайлы мәліметтерді жинастыруға кірісіп кетті. Әдебиетке шекспиртану үрдісі осылай келді. Бұл жерде ғалымдардың Шекспир шығармалары мәтіндерін қайта қарап, оларды жөндеуге бір кісідей атсалысқандарына да таңырқайтын ештеңесі жоқ. Оның дәуірінде баспа ісі өзінің балаң қалпында тұр еді. Англиядағы ең бірінші кітап 1475 жылы, Шекспирдің тууына 90 жыл қалғанда басылып шыққан. Кітап әріптерін теру мен басу барынша қарабайыр тәсілмен жасалатын. Сол сияқты ағылшын тілінің нормалары, тіпті біртұтас грамматикалық ереже де әлі қалыптаспаған-тын. Орфография ала-құла болатын. Қолжазбадан алынған таңбаларды қалай қаріпке түсіруді әріп терушілердің өздері білетін. Түпнұсқадағы сөзді түсінбеген баспашының оны өзінің түсінігінше жаза салуы үйреншікті нәрсе еді. Шекспирдің тірі кезінде де оның пьесалары осылай жарық көрген-ді. Сондықтан ХVІІІ ғасырдағы редакторларға мәтіндерді қаталерден тазартып алып, дұрыстап шығару үшін көп еңбектенуге тура келді. Осы жерде "Сонда Шекспир өз шығармаларының қалай басылып шыққанын қадағалап тұруға да жарамаған ба?" деген сұрақтың туындауы ықтимал. Өкінішке орай, зерттеушілер оның "Венера және Адонис", "Абыройынан айырылған Лукреция" атты поэмаларының мәтіндеріне қатысты ғана дәл жауап бере алады. Бұл туындыларды Шекспир өз қолымен баспаға өткізіп, оны кейін Лондон баспаханашысы атанатын өз жерлесі теріп, басып шығарыпты. Ал қалған шығармаларына келсек, олардың бірқатары "қарақшылық" жолмен, яғни өзге біреулердің бастамашылық етуімен жарық көрген. Демек, драматургте олардың қалай теріліп, басылғанын қадағалап, бақылауға мүмкіндік болмаған, оның еркінен тыс, мұның қатысуынсыз дүниеге келген. Бұдан басқа жағдайларда да Шекспирдің өз пьесаларын жариялауға рұқсат етіп тұруы қиынға түскен. Мысалы, театр оның кезекті бір пьесасының қолжазбасын баспагерге сатады, сосын оның терілуі мен басылуына сол егелік еткен. Шекспирдің 37 пьесасының 19-ы осылай жарық көрген. Ал 18 пьесасы оның көзі тірісінде мүлдем баспа жүзін көрмеген. Шекспирдің фолио деген түсініктегі алғашқы пьесалар жинағы ол өлгесін жеті жылдан кейін, 1623 жылы басылып шыққан. Оны қаламгердің достары, актерлер Джон Хеминг пен Генри Кондел дайындаған. Олай болса, Шекспир өзінің бірінші толық пьесалар жинағының жарыққа шығуына да бақылау жасай алмаған. Шекспиртану ғылымының да өз корифейлері бар. Бұл жердегі әңгіме драматургтердің туындыларын бір ізге түсіруші текстологтар туралы емес, жазушының өмір жолы жайлы деректерді жинастырушылар жайында болып отыр. ХVІІІ ғасырда осындай екі ірі тұлға болды. Олар өздеріне дейінгі зерттеушілердің жұмыстарын жинақтап, жаңа тұғырлы қолтаңба қалдыруларымен ерекшеленді. Мәселен, Джордж Стивенс (1736-1800) өзі 1778 жылы шығарған Шекспирдің шығармалары томына жазушының өмірі және оның уақытындағы театр туралы құжаттар мен түрлі материалдарды көп көлемде қосып берумен ерекше есте қалды. Бұл жұмысты онымен бірге бастап, кейін өз жолын тауып кеткен Эдмунд Мэлон (1741-1812) шекспиртанудың нағыз алыбы болды. Оның Шекспир шығармалары жөнінде дайындаған  екінші кітабы да өлгеннен кейін (1821 ж.) жарық көрді. Ол ХVІІІ ғасырдағы шекспиртану мен ХІХ ғасырдағы шекспиртану арасындағы көпірге айналды. Бұл 21 томдық еңбек Шекспир шығармаларына жасаған түсіндірме мен осы тектес зерттеулерге қосылған барынша бай жинақ еді. ХІХ ғасырдан шекспиртанушылар арасынан Джеймс Орчард Холлуэл- Филиппсті (1820-1889) бөле-жара айтуға болады. Шекспир өмірі мен шығармалары жөнінде талмай ізденуші болып табылатын ол драматург туралы бірінші кітабын 1848 жылы шығарды. Тағы үш он жылдан өткесін (1881 ж.) "Шекспир өмірінің очерктері" деп аталатын кітабын дайындады. Ақырында, 1887 жылы ол өз очерктерінің ең соңғы нұсқасын баспа жүзін көргізді. Ұлы драматургті жан-жақты зерттеушілер легі бұдан кейін де толас тапқан жоқ. Сол ізденіс күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Кешегі-бүгінгі шынайы Шекспир. Ол қандай? Бұл сұраққа бір толғаммен жауап беру мүмкін емес. Анығын айтайық, пьесалары актуальдығы мен бүгінгі күннің проблемаларын көтере білгендігі арқылы құнды болуымен қатар, Шекспирдің жеке өз басы әлі жұмбақ қалпынан аршылып алынбай тұр. АСТАНА.

752 рет

көрсетілді

21

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз