• Ұлттану
  • 29 Қыркүйек, 2014

Қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін курста «Тақырыптық сөздік» бөлімі ашылды

Soyle.kz қазақ тілінің онлайн-курсында 3500-ге жуық сөз бен 700-ден аса жиі қолданылатын тілдесу үлгілері толықтай дыбысталып, тақырыбы бойынша топтастырылып берілген сөздік ашылды.

Мемлекеттік тілді дамыту қоры Soyle.kz интернет-порталының «Тақырыптық сөздік» атты жаңа бөлімін ашты.

«Тақырыптық сөздікте қамтылған 3500-ге жуық сөз бен 700-ден аса күнделікті өмірде жиі қолданылатын тілдесу үлгілері толықтай дыбысталып, тақырыптық принцип бойынша топтастырылып берілген. Жинақталған 50 тақырып күнделікті өмірдің негізгі салалаларын және тілдегі негізгі сөз таптарын (етістік, сын есім, үстеу, көмекші сөздер, есімдік) қамтиды. Сөздікте барлық сөздер шағын тақырыптарға бөлінген, бұл есте сақтауда қиындық тудыратын сөздерді кезең-кезеңмен меңгеруге мүмкіндік береді», деп хабарлайды мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметінен.

Жаңа сөздерді игерту мақсатында түрлі амал-тәсілдер қолданылатын 6 жаттығу ұсынылады. Олар сөздердің қазақша аудармасын, айтылуын, жазылуын есте сақтауға, дұрыс жазып, дұрыс сөйлеуге көмектеседі.

Айта кетейік, Soyle.kz - ҚР Тұңғыш Президентінің қоры, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samsung Electronics» компаниясының қолдауымен ашылған қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін тұңғыш курс, мұнда тілді жан-жақты үйретуге бағытталған озық әдістер мен амал-тәсілдер қолданылады. Ашылған 9 айдың ішінде елімізден және шетелдерден 160 мыңнан астам адам сайт жұмысымен танысып, олардың 13 мыңға жуығы қазақ тілін үйреніп жатыр.

Жыл соңында бүлдіршіндерге лайықталған қызықты тапсырмалар мен материалдарға толы «Балаларға арналған қазақ тілі» бөлімі ашылмақ.

Хабарлайды ҚазАқпарат.

 

287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз