• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2012

МЕН ШЫҒЫСТЫҢ ҰЛЫМЫН

Өтеген КҮМІСБАЕВ, ақын, шығыстанушы, профессор Шығыстану дегенде ең алдымен менің есіме шығыстану шырғалаңдары оралады. Мұсылман елі болсақ та, біздің Шығысқа біржолата бет бұруымыз оңай болған жоқ. Бұрын біз шет елге шығатын болсақ, Мәскеудің елегінен өтіп барып, алысқа аттанушы ек. Шіркін Тәуелсіздік, қадіріңді білмей өтсек, кеше гөр. Сенің тұсыңда туған бала бүгінде жиырмаға келіп, Тәуелсіздіктің құрдастары атанып жатыр. Болашақта биіктерге апаратын, Тәуелсіз туын айдай әлемге танытатын да, табыстыратын да солар. Тек бірлігіміз бүтін боп, бүйірімізден суық жел соқпасын дейік. Қазақтың Шығысты тануы, білуі беріден басталған жоқ. Арқамызда Абай атамыз, атышулы ақын, жырауларымыз және солар сүйеніп өткен халықтың құдіретті ауыз әдебиеті тұр. Абай данамыз он алты жасынан бастап, Физули, Шамси, Сайхали, Хафиз, Фирдоусиді өлеңіне бекер қосқан жоқ. Жас Абай шығыстың шырайлы  шайырларынан қуат, қуаныш іздеді. «Медет бер иа шағири фариад» деуі тегін емес. Шығыс поэзиясының сәулесі Дулат, Бұқар, Ақтанберді, Шал жырларына түсіп тұрушы еді. Абайдың «Ескендірді», «Әзімді» жазуы тегін емес еді. Талантты шәкірттеріне Батыс, Шығыс романдарын бекерге таратқан жоқ. Үлгі алсын, жазсын деді. Мекке менен Медине жолдың ұшы Алыс дейді сапарға шыққан кісі! Ата-анаңды үйдегі сыйлай білсең, Сол емес пе пақыр-ау тиімдісі – деп, Шал көсілткен еді. Шығыстың аңыздары, хикаялары, әпсаналары Дулаттың «шаштаразында», Бұқар жыраудың тағылымы мол терең толғауларында кезіп жүреді. Көркем әдебиет қазыналарында ешқашан шекара болмайды. Сөз сөзге, әдебиет әдебиетке сүйеніп өседі. Бір елдің шежіресі, дастаны екінші елге ықпал етеді. Бір елдің ақын, жазушысы екінші жұрттың жазушысына, шайырына әсер етіп, жақсы шығарма әкелуіне себепкер болады. Батыс Шығысқа, Шығыс Батысқа әсер етіп, көркемсөзде керемет із қалдырады. Қазақ эпостарында шығыстық сарын болғанын ешкім жоққа шығара алмас. «Құранның», «Мың бір түннің» қазақ арасында атамзаманнан тарап кеткені де аян. Ертеректе ел аралап, оқырмандармен кездесулер өткізіп жүргенімізде әжелеріміздің ескі сандықтарының түбінде ақ шүберекке әспеттеп оралған Қазаннан, Түркиядан шыққан Құран Кәрім басылымдарын да байқап қалушы едік. «Ежелден таныс маған Шығыс жыры, Айнадай анық болды әлем сыры» деп, Шәкәрім атамыз айтып кеткендей Шығыстан келген хикаялар, әңгімелер, аңыздар сантараулы дастандарға бөлініп, жырланып кетуші еді. Баяғыда мектепте оқып жүрген бала кезімізде «Мың бір түнді» әке-шешемізден жастықтың астына тығып оқушы едік, сезіп қойса таяқ жейтінбіз. Бір күні майшамды көрпенің астына алып оқимын дегенімде кірпігім ілініп кетіп, үйді өртеп ала жаздағаным есімнен кетпейді. Сондағы көкемнің арқамды осқан ашулы қамшысы-ай десеңізші. Сөйтіп, Шығысты тану соқпақтарын бала кезімнен бастаппын. Менің шешем әкеме он төрт жасында күйеуге шығыпты. Сонда қыз жүгінің арасында «Құран» және Шығыстың екі дана кітабы қоса келіпті. Кеніштай есімді аяулы анам кетелер жағынан, яғни, атақты Тұрмағамбет Ізтілеуов шыққан топырақтан еді. Кейін сол кетелер ауылынан жүз ақын, жыраулар шыққан. Оқушы, кейін студент кездерімде солардың талайын түндер бойы тыңдап, құлақ құрышын қандырушы едім. Көкем Күмісбай сері, бүркітші, асқан әңгімешіл кісі еді. «Шырағым, менің көкірегімде ашылмаған сандық жатыр. Соның аузын ашып, сөз маржандарын алып қал, өзіммен бірге о дүниеге алып кетпейін» деуші еді көкем жарықтық. Көкем Кетенің жырауларын үйге шақырып, қазанға барын салдырып, сары самауырынды иығынан демалтып, кешті таңға ұластырып, ұланасыр жыр төктіретін. Рүстембек, Жиенбай т.с. атышулы ақпа жырауларды бала кезімнен тыңдап өстім. Қазақ дастандарымен қатар «Мың бір түннен», «Шахнамадан», «Тотынамадан» үзінділер айтылушы еді. Сонда жыраулар соның бәрін қазақ өлеңіне айналдырып, домбырамен дүбірлеткенде үйдің қасынан тұлпарлардың тұяғынан ұшқын атып жатқандай көрінуші еді, таңды таңға қосушы еді. Кейде домбыраның құлағын тістеп отырып, мүлгіп кетуші едім. Шығыстан келген жырлардың кейіпкерлері түсіме кіріп, алдаспанды жарқылдатып, әлдеқандай бір шапқыншылармен айқасып жатушы ем. Кейін университеттің тіл-әдебиет факультетіне оқуға келіп түскенімде мені Батыстан гөрі Шығыстың тартылыс күші жиі ойларға апарушы еді. Ақырында диплом жұмысымның тақырыбы «Қазақ эпостарындағы шығыстық мотивтер» болып, марқұм Есмағамбет Ысмайыловтың жетекшілігімен жақсы қорғап шықтым. Ұлы Мұхтар Әуезовтің абайтану дәрістерін тыңдағанымда мен үшін Шығыс әдебиетіне ашылған бір қақпадай әсер етіп еді. Сөзінің арасында аракідік Шәкәрімді, Мағжанды, Мыржақыпты қосып жіберіп, біз бұрын естімеген, білмеген есімдерді жарқ еткізуші еді. Қайдан білейік, қысылып, қымтырылып айтады екен ғой. «Шахнаманы», Махабхаратаны», «Жолбарыс терісін жамылған батырды», «Декамеронды», «Ләйлі-Мәжнүнді» айтқанда Мұқаң мерейлі бөлек күйге бөленіп, аспан төрінде қалықтап жүрген қырандай көрінуші еді. Біздің Шығыстануымыз осылай басталып еді. Ал Мұқаң Шығыстануды Ленинград университетінде оқып жүргенде қолға алыпты, филфакта жүріп, Шығыстану факультетінен дәріс тыңдапты. Бір журналист жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриел Маркестен: «Сүйікті кітабыңызды айтыңызшы» деп сұрағанда сөреден, «Мың бір түнді» алып көрсетіпті. Кейінде француздың әйгілі әйел жазушысы Жорж Сандқа да ыстық ықпалын тигізгенін білеміз. Қалмақан Әбдіқадыровтың араб тілінен тәржімалаған төрт томдық, «Мың бір түні» бүгінде еш жерден табылмайды. Ғажап аударма еді, үлкендерден жасырып, төртеуін де тығып оқып едік. Заман солай еді ғой. Тәуір кітапты таңдап, іздеп жүріп оқушы едік, біреуге бере қойсақ ант-су ішкізіп барып ұсынушы едік. Шығыс жырына ғашықтық осылай басталып еді. Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Рүстем–Дастан» кітабын тауып берсең, бір жылқы беремін деген сөзді де естідік. Кітап құмар болып өстік, жанға жақын кітап үшін астымыздағы атымызды түсіп беретін қазақтың баласы едік. Абайдың, Махамбеттің өлеңдерін жарысып жатқа айтушы едік. Бүгінгі алдыңда отырған студентке Абайдың кез келген бір өлеңін жатқа айтып берші десең, күмілжіп, үндемей қалады. Біз кезінде Абай өз алдына бір төбе ғой, орыстың Пушкинін, Лермонтовын, Крыловын сұңқылдатып жіберуші едік. Ал, Кеңес үкіметі кезеңінде шығыстанудың ең ілкі қадамдарының бірі – араб тілін оқудан басталды. Университет қабырғасында жүргенімізде бізге Ленинград университетін жаңа ғана бітіріп келген Мәрзия Маженова дәріс берді. Қараторы, сұлу жас келіншек қоңыр үнімен араб сөздері ережесін үйрете бастағанда сұлу қызға, араб әрпіне таңдана қарап қалғанымыз бар. Араб тілінен қазақ тіліне ауысқан сөздерді танып, тауып алып, таңырқағанымыз да бар. Сонымен, араб тілі, араб әлеміне, мәдениетіне жол ашты. Біз ілгері кеттік. Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми кітапханасында ескі қолжазбалар қорында араб, парсы, түркі, шағатай тілдерінде топтасқан, тоғысқан ескі қолжазбалар болды. Біз болашақ жас шығыстанушылар солай қарай бет бұрдық. Өйткені, бұл құнды қазыналар бұрын-соңды қозғалмаған, беттері ашылмаған еді. Шама-шарқымыз жеткенше ежелеп оқи бастадық. Мен 1969 жылы Москваға СССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтына стажер-зерттеуші болып барғанымда, араб әрпімен жазылған қазақтың отыз қиссасын арқалай барып едім. Сонда қойын дәптерімде бір жапырақ қағаз бар еді, соған академик Әлкей Марғұлан атамыз қазақтың он екі кітаби ақындарының  аты-жөндерін тізіп жазып беріп еді, ішінде Майлықожа, Мәделіқожа, Мәшһүр Жүсіп, Ақылбек бин Сабал, Жүсіпбек Шайхулисламов, Шәді төре есімдері бар-тын. «Осылар Шығыс сюжеттерін көп қуған шығармаларын оқы, зертте» деген Әлекең сөзі әлі есімде. Москвада аспирантурада әрі СССР Жазушылар Одағы басқармасында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші болып қызмет атқарып жүргенімде бір жылы Монғолиядан келе жатқан академик Әлкей Марғұланды қарсы алуыма тура келді. Ғалымдардың қонақ үйіне тоқтағаннан кейін үйге қонаққа шақырдым. Малая Бронная деп аталатын көшеде СССР Ғылым Академиясының ескі жатақханасында жолдасым Бөпен екеуміз бір бөлмеде тұрдық. Құс ұясындай шағын бөлме, қайран жастық-ай десеңші, академик Әлкей Марғұланды меймандыққа шақырып жүрміз. Ол кезде қойдың басы Мәскеуде тиын тұрушы еді. Басты әкеліп астық, дастархан мәзірін әзірледік. Марғұлан келеді деп, әйеліміз екеуміз мәре-сәре болып қалдық. Қонақ үйден Әлекеңді алып келдім, қарсылық білдірген жоқ. Алдына бас қойдық. Ол кісінің тағам татуы да ақсүйектік тегіне тартып тұрушы еді, тамағынан төмен қарай ақбантиктей орамал іліп алды да, қойдың басына сыпайы кірісті, құлағын бізге берді. Құлдық деп ырым жасадық, Бөпен тізесін бүгіп сәлем етті. Қызыларай қою сүтті шайды қанып ішті. Сәлден кейін біз де академикке үйреніп, әкеміздей көріп кеттік. Сұрастыра келе біз тұрған жатақты танитын болып шықты. Сөйтсе, баяғы жас студенттік жылдарында Мұхтар Әуезов екеуі дәл осы бөлмеде бірге тұрыпты, жарқын сөйлей жөнелді. «Біз Мұхтар екеуміз осы маңайда тұратын татарлардан мерекелерде қазы сатып алып, асып жеуші едік» деп, Әлекең жымиып қойды. «Ал, аспирант жолдас оқитын нең бар әкелші» деді ұстаз. Алдына бір құшақ қисса, хикаяттарды жайып тастадым. Ғұлама жерден жеті қоян тапқандай қуанып, бірінен кейін бірін қиссаларды ақтарды. Сонда алдында асығып келген асқартаудай ағаның Шәкәрімнің «Ләйлі – Мәжнүн» дастанын таң қылаң бергенше оқығанына қайран қалдық. «Рүстем – Дастанның», «Жүсіп – Зылиханың» кей тұстарын жатқа айтып отырды. Бала кезінен  жаттап өскен қиссалары екен. Риза болып батасын берді. Шығыстанудың шартарап, шырғалаң жолына қадам басуына Әлкей Марғұлан данамыздың берген батасы берік себеп болған еді. Осы күнге дейін Төлебаев көшесінде екеуміз отырып сөйлескен орындық көзіме оттай басылады. Ол күндерді мен қалай ұмытамын. Шығыстану ғылымының шыңдарына өрмелей бер, ерінбе балам деп, әлі күнге дейін Әлекең ақ батасын беріп тұрған сияқты. Ұлы ұстаздар ұмытылмайды, біз ешқашан ұмытпаймыз. Қазақ Шығыстану ғылымы да жас ғылым. Тәуелсіздік туының астында ғана қанатын жая бастады. Шығыс елдеріне тікелей жол аштық. Республика мектептерінде, университтерінде араб, парсы, түркі, қытай, кәріс, жапон тілдері оқытылды. Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде арнайы ашылған Шығыстану факультетіне  қазір жиырма жылдан асып кетті. Мұнда алты шығыс тілі оқытылады. Жыл сайын жүздеген бакалаврлар магистрлер бітіріп шығады. Біздің талантты шәкірттеріміз аудармашы, ғалым, елші боп елге танылып, қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Біздің бұл факультетке Иранның, Түркияның, Қытайдың, Кореяның, араб елдерінің, Жапонияның ұстаздары келіп, бағалы білім береді, елшілері жыл сайын дәрістер оқып, кездесулер өткізіп тұрады. Шығыстану факультеті араб, парсы, түрік, кәріс, жапон, қытай, урду тілдерінде сөйлейді, солардың тарихын,  мәдениетін, әдебиетін, дінін оқып зерттейді, тамаша, білікті ұстаздар сабақ береді. Жыл сайын біздің студенттердің үздіктері Шығыс елдері университтерінен тіл ұстарту практикасынан өтіп келеді, ұстаздар қауымы білімдерін көтеріп, кеңейтіп оралады. Мен осы факультеттің профессоры екендігімді мақтаныш етемін. Өйткені, Абай айтқандай: «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға, ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға». Тәуелсіз Қазақстанның Шығыстануы үшін шәкірт тәрбиелегеннен асқан бақыт жоқ.

713 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз