• Заманхат
  • 03 Қазан, 2014

Талғамы терең тарихшы

Тұрғанжан Төлебаев, 
тарих ғылымдарының докторы, 
профессор

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ ғылымына шет елдерде жүрген бауыр­ларымыздың үлкен шоғыры келіп қосылып, ғылымның әр саласын жаңа сатыға көте­руге ат салысып келеді. Солардың ішінде Нәбижан Мұхаметханұлының тарих ғылы­мына қо­сып жүрген үлесі зор. Ол өзінің сонау көне заманнан бүгінге дейінгі қазақ тарихы мен Қытайдың сыртқы саясаты туралы зерттеулері мен ғылыми еңбектері арқылы терең білімді, кең ауқымды тарихшы екендігін көрсете білді. Бірден айтуы­мыз керек, мұндай орасан кең хроно­логиялық ауқымдағы өзекті мәсе­­лелерге тарихшылар қалам тарта қоймайды. Ол үшін ең алдымен білім, ол мәселелерді ғылыми негізде меңгеру керек. Ал, ол оңай шаруа емес. Сондықтан да, та­рихшыларымыздың көпшілігі белгілі бір кезең немесе мәселе көлемінен көп аса алмайды. Осы тұрғыдан алғанда Н. Мұ­­хаметханұлы энциклопедиялық тарихи білімі бар ғалым. Бұл оның ғалым – тарихшы ретіндегі бірінші ерекшелігі. 


Екіншіден, ол екінің бірі бара бермейтін ежелгі және ортағасырлық қазақ тарихының күрделі мәселелерін зерттеуге үлкен үлес қосып келеді.  Үшіншіден, ол қазақ этнологиясы мәселелері туралы да зерттеулер жүргізіп жүрген ғалым. Төртіншіден, қазіргі Қытай аумағындағы қазақтардың тарихын зерттеу арқылы, қазақ тарихының географиялық аумағын кеңейту қажеттігін дәлелдеп жүрген тарихшы. Бесіншіден, осы бағыттарда ауқымды да, терең зерттеулер жүргізуіне қытай, жапон, орыс және т.б. тілдерді еркін меңгеруі, ол тілдердегі дерек көздерін шебер пайдалануы да оны басқа тарихшылардан ерекшелендіріп тұр. Енді, осы тұжырымдарымыздың  дәлелді екендігін оның еңбектеріне талдау жасай отырып көрсетейік. Н. Мұхаметханұлы «Қазақ тарихынан зерттеулер» [1], «Тарихи зерттеулер» [2], «ХVIII-ХХ ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары» [3], «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» [4], «Қазақ тарихының өзекті мәселелері» [5], «Дипломатиялық қатынастар және қытайтану мәселелері» [6], «Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы» [7] сияқты оннан астам моно­графиялық еңбектері мен 250-ден аса мақа­лалары жарық көрген. Бұл шағын баяндамада аталған еңбектердің барлығын қамту мүмкін еместігін ескере отырып, Біз оның соңғы жылдары жарық көрген жекелеген монографиялық еңбектеріне тоқталып өтеміз. Мәселен, 2010 жылы жарияланған «Қазақ тарихының өзекті мәселелері» [5, 312] атты еңбегі оның тереңге тарта отырып, тарихи шындықты айқындауға ба­ғыт­талған қарымы мен қабілетінің жоғары екендігін көрсетеді. Еңбек қазақ тарихы мен этнологиясының күрделі, тіпті пікірталасты мәселелеріне арналған бес бөлімнен тұрады. Н. Мұхаметханұлының тарихи мәселелерді терең де жан-жақты сипаттауды мақсат ететіндігі үйсіндер мен қаңлылар тарихы туралы жазған көлемді мақалаларынан айқын көрінеді. Ол тарихи сипаттауды этимологиялық мәселелерден бастап, әр мемлекеттің саяси құрылысы, сыртқы саясаты және көрші елдермен қарым-қатынасы, экономикалық-әлеуметтік жағдайы, мәдениеті тарихы мәселелерін баяндай отырып қорытынды жасау негізінде жүйелейді. 
«Қазақ  халқы және мемлекетінің бас­тауы» аталған бірінші бөлімінде үйсін, қаңлы және алан мемлекеттері тарихы баяндалады. Отандық тарихи әдебиет­тер­де үйсін атауының қытайшадан орыс­ша аудармасының «усунь» болып трас­крип­цияланғандықтан дұрыс қолданыл­май келе жатқандығын, ал, қытай деректерін тікелей пайдаланатындардың бұл атауды қазақ тілінің ерекшелігіне сәйкес транскрипциялап «үйсін» деп отырғандығын айта келе, осы пікірталасты шешуді мақсат етеді. Қытай тілін жетік меңгерген ол қытай еңбектерінде термин жасаудың үш тәсілі туралы айта келе, олардағы деректер бойынша үйсіндердің арғы тегіне тоқталады. Қытай деректерін және белгілі қытай жә­не жапон ғалымдардың еңбектерін жан-жақты талдай келе қазақстандық тарих ғылымы үшін жаңа тұжырым жасайды. Ол бойынша б.з.б. ХVІ-VIII ғғ. Күн иілер, Күн роңдар үйсіндердің ар­ғы тегі, ал, б.з.б. III ғ. сақтардың бір тармағы болып есептелетін Үйін шың роң – үйсіндердің басқаша атауы делінетін тұжырымдардың тарихи не­гізі бар екендігін атап көрсетеді.  Үй­сін­дердің өз билеушілерін күнге теңеп Күн­би атауы, ал, олардың арғы тегінің өз­дерін б.з.б. ІV ғ. дейін «Күн әуле­тіміз» деуі тарихи шындыққа жақын, қи­сынды екендігін дәлелдейді. Мұны­мен қа­тар қытай деректеріндегі У сүн немесе У сунь жазуларын бастапқы дыбыс­та­луына қарай транскрипциялағанда Үй­­сін бо­лып шығатыны және оның То­ны­­­көк жазбаларында да солай аудары­ла­­тыны ту­ралы қорытынды жасайды.  Н. Мұ­ха­мет­ханұлының түпнұсқалық де­рек­тер мен зерттеушілердің тұжы­рым­дары негізіндегі терең талдаулар мен бұл­­тартпас дәлелдері бұған дейінгі пі­кірталастарға нүкте қойды. Үйсін атауын сан-саққа жүгіртудің тарихи шын­дықтан алыс екендігі осылайша дәлелденді.
Бұдан соң автор үйсіндердің қай өңірде ел болып ұйымдасқандығы туралы мәселе көтеріп, оған былайша тоқталады: «Қытай деректерінде айтылатын Күниілер ең алғаш б.з.б. бірінші мыңжылдықта Гансудың (қазіргі Шыңжанның шығысындағы про­­винция-Н.М.) солтүстік-батыс өңі­рін­­де өмір сүргені анық. Олар б.з.б. ІІІ ға­­сырдың басында Дуньхуан аймағында тұрғындар ретінде Үйін немесе Үйсін болып аталғаны белгілі. Б.з.б. ІІ ғасырдың басында үйсіндер белгілі бір ел немесе этникалық топ ретінде аталған», – деп тұжырымдайды [5, 11]. Сол үйсіндер Нанды би атты билеушісі кезінде Чилянь тауы мен Дуньхуан аралығында ұлы үйежылармен қанаттас отырады. Сол кездері ұлы үйежылар үйсіндерге шабуыл жасап, жерін басып алады да, үйсіндер ғұндарға қарай ығысады. Ғұн тәңірқұты Нанды бидің ұрпағы Күнбиді жас нәресте асырап, ұлы үйежыларға қарсы қол беріп бірнеше рет соғысқа аттандырады. Сондай соғыстардың барысында қайтадан өзінің бабаларының жеріне, Іле-Жетісу аймағына ие болып, б.з.б. ІІ ғ. бұрыңғы мемлекетін қалпына келтіреді және ол Қытайдың батыс өңіріндегі ең күшті мемлекет болады. Автор бұл мәселелерді көптеген деректер мен зерттеушілердің тұжырымдарына талдау жасай отырып  баяндайды.
Бізде, әсіресе, оқулықтарда, саяси тарих ретінде билеушілер туралы жазу әдетке айналған. Ал, Н. Мұхаметханұлы үйсіндердің тоғыз сатылы басқару жүйесін сипаттай отырып, олардың саяси тарихын терең, әрі кең түрде баяндайды. Бұл өте дұрыс. Зерттеуші үйсін мемлекетінің басқару жүйесінің тоғыз сатылы болған­дығын, оның үш негізгі әкімшілік ай­маққа бөлінгенін жан-жақты, әрі терең талдай отырып дәлелдеген. Осы зерт­теу­лерінің нәтижесінде: «Үйсіндер Қаз­ақстанда мемлекеттіліктің алғашқы үлгісін қалыптастырды», – деген маңыз­ды тұжырым жасайды. Осындай ірі мемлекеттің V ғасырда сыртқы күш­тер­дің әсерінен әлсіреп, VІ ғ. орта шенінде Түрік қағанатының құрамына енгенін көрсетеді. Жалпы, үйсіндер тарихын жан-жақты және кең түрде зерттеген бірден-бір зерттеуші – Н. Мұхаметханұлы. Бұны біз оның осы пікір жазылып отырған еңбегіндегі «Үйсін мемлекеті жөнінде», «Қытай жыл­­намаларындағы қазақтар», «Атау керек айғағы», «Тәңірілік ұғым және күн би лауазымы» атты  тақырыптарынан да кө­реміз. Үйсін тарихына қатысты қытай, орыс, қырғыз және ұйғыр зерттеушілерінің еңбектеріндегі тұжырымдар мен көзқарас­тарды да зерттеп, зерделей отырып  жасаған қорытындылары тарихи шындықты бейне­лейді және ұлттық тарихта өзіндік орнын алуы, соның негізінде үйсін атауына байланысты кейде айтылып қалатын кейбір дәлелсіз пайымдаулар алынып тастауы да, керек деп есептейміз. Қаңлы мемлекеті тарихы мәселелерін қаңлы атауынан бастай отырып, алғашқы рудың өсіп-өніп, кейіннен мемлекетке айналғанын, ол ыдырағаннан соң оның халықтары кейінге дейін өз атын сақтап қалғандығын айқындайды.
Қаңлылардың үйсіндер мен ғұндардың ығыстыруы нәтижесінде ұлы үйежылар Жетісудан оңтүстік-батысқа қоныс аударған кезде олардың құрамынан бөлініп шығып, Талас бойында мемлекет құрғанын көрсете отырып, өзбек, орыс, қытай және жапон зерттеушілерінің көзқарастарына талдау жасайды. Қаңлы мемлекетінің саяси тарихын этноаумағын айқындаумен бастай отырып, бес дәрежелі басқару жүйесінің болғандығын, қытай деректері негізінде олардың әрқайсысының атауын, атқаратын қызметі мен басқару жүйесіндегі орнын дәлелдеп көрсеткен. Мұнымен қатар: «Қаңлы мемлекеті өзінің оңтүстік өңірінің географиялық ерекшелігіне орай, оларды бес әкімшілік басқару аймағына бөліп, бесеуіне бес билеуші князь тағайындау арқылы оларға билік жүргізді. Ал, елдің солтүстік өңірін қаңлы патшасы өзі тікелей басқарды», – дейді. Автор, әсіресе, қытай-қаңлы қарым-қатынастарына кеңірек тоқталған. Үйсіндер мен қаңлылардың экономикалық даму туралы мәселелерді сипаттау барысында ауыл шаруашылығын жеке, қолөнерін жеке баяндайды. Бүгінгі таңда «қазақи қой» деп аталып жүрген қойлардың сонау қаңлылар өсірген қойлар екендігін айқындауы үлкен жаңалық болып табылады және Біздердің үй жануарлары тарихына назар аударуымыздың да қажеттігін көрсетеді.
Қаңлылар тарихындағы келесі бір маңыз­ды мәселе – қаңлы жазуы және жаз­­баша заңы жөніндегі мәселелер. Н. Мұ­ха­­метханұлы: «Қытай деректерінде қай­таланып жазыла берген «қаңлыда жазу болған» және «қаңлыда жазба заң бол­ған» дейтін мәліметтерге қарағанда, жоғарыда айтқан бағанадағы қаңлы жазуы заң актісі болуы әбден мүмкін», – деп тұжырымдайды. Еңбекте қаңлылардағы музыка және би өнерлерінің, әртүрлі му­зы­калық аспаптар жасау ісінің жақсы дамығандығы дәлелденген. Тарихтан оқу­лық­­тар жазу барысында осы мәсе­лелерді де ескерген дұрыс. Қаңлы мемлекеті Қа­зақстан аумағында сегіз ғасыр өмір сүр­ген алғашқы толық қанды, яғни, барлық белгілері қалыптасқан, мемлекеттің бірі деген қорытынды жасайды.
Кітапта арнайы сөз етілген келесі бір мемлекет Аландар немесе Яньцайлар. Цыма Сянның б.з.б.1-ғасырға тән «Тарихи жазбалары» бойынша бұл елдің Қаңлылардың батыс-солтүстігінде өмір сүрген көшпелі, әдет-ғұрпының ұлы үйежілерге, үйсіндер мен қаңлыларға ұқсас болғандығын айқын­дайды. III-ғ. соңында жазылған «Үш пат­шалық деректемесінде» Яньцайдың тағы бір атының Алан екендігі және олардың бұл кезде қаңлыларға тәуелділіктен құтыл­ғандығы айтылса, V-ғ. тән «Соңғы ханнамада» қайтадан қаңлыларға тәуел­ді­лікке түскендігі туралы жазылғаны нақты мәліметтер бойынша көрсетіле отырып негіз­деледі. Біз зерттеушінің қы­тай дерек­терін сыни тұрғыда талдау жасай отырып пайдаланғанын V және VII-ғасырлардағы жылнамаларында қаң­лылар және соғдыларды шатас­тырушылықтың болғанын дәлел­деген тұжырымдарынан көреміз. Моң­ғол­дар  Орта Азияны жаулап алғанда көпте­ген аландардың асулар деген атпен моңғолдар әскерінде жауынгерлік және Юань империясында қолбасылық қыз­мет еткендігін де ерекшелеген.
Кітаптың екінші бөлімі ежелгі және ортағасырлық қазақ тарихындағы пікір­таласты мәселелерге арналған. Оның алғаш­қысы «Үйсін мемлекеті» деп аталады. Автор мұнда үйсін, күн би атаулары туралы пікірталастар басты мәселе ретінде көтеріледі. Бұл дұрыс еді. Өйткені, автордың дұрыс көрсеткеніндей, кейбір тарихшылар орыс зерттеушілерінің қытайшадан орысша усунь деп аударғанын пайдаланады, оның қытай иероглифінен тікелей қазақшаға аударғанда үйсін болатындығын «бейне ол атау ең алғаш орыс тілінде жазылған іспеттес» түсінбейді. Қытай жазба деректеріндегі  Үйсін иероглифінің жазылуы және оқылуы, дыбыстық және фонетикалық транскрипциялануы туралы мәселелерге жан-жақты талдау жасай отырып: «Міне, осындай негізде мен қытай тілінде Усүн-Усунь болып жазылған атауды өзінің алғашқы аталуы бойынша «Үйсін» деп қолдануды дұрыс санаймын», – деп тұжырымдайды. Ал, күнби атауына жасаған деректанулық талдауларының негізінде оны үйсіндердің арғы тегімен байланыстыра түсіндіреді және: «Демек, үйсіндердің арғы тегі «Күн», «Күн әулеттері», одан «Үйіндер» одан «Үйсіндер» болып өзгерген», – деп қорытындылай отырып, оның әлеуметтік-тарихи мәніне талдау жасайды. Соның нәти­жесінде, Үйсін мемлекеті қазақ хал­қының ұлттық құрамының бір саласын қалып­тастырды дей келе: «Ал Қазақстан территориясында сақ, үйсін, қаңлы, алаңдардан басталған мемлекеттік құ­ры­лым, оншақты мәрте басқалай атаулармен қайта құрылып ыдырау бары­сында жетіліп отырды. Соның нәтижесінде Қазақстанда ХV ғасырда ұлттық мемлекет – Қазақ хандығы құрылды» – деп маңызды тұжырым жасайды.
Қазақ халқының және Қазақ мемлеке­тінің қалыптасуы туралы күрделі мәселе туралы жаза отырып: «Сондықтан, Қа­зақ халқының және Қазақстандағы мем­­ле­кеттік құрылым қалыптасу тарихында үйсіндердің алатын орны орасан зор. Бұны бізден бұрын басқа елдер жақсы түсінген. Сондықтан, олар қазақтың этногенезіне, мемлекеттің қай­­нар көзі болып табылатын ежелгі Үйсін мемлекетіне және Қазақстанның мемлекет тарихына қалам тартқанда оны жоққа шығаруға тырысады», – деп қорытындылайды және шетелдік та­рих­шылардың кейбір көзқарастарының сыңар­жақ, идеологияландырылған, ғылыми негізсіз екендігін дәлелдейді.
Н. Мұхаметханұлы өзінің терең білімі мен жан-жақты біліктілігі арқасында Қазақ­стандық тарихшылар бара бермейтін ежелгі Қырғыздар тарихы мәселелерін де зерттеген. Қырғыздардың арғы тегінің қытай деректерінде «гегундар» деп аталғанын және олардың алғаш ғұндардың солтүс­тігінде көшпелі тайпа ретінде өмір сүр­гендігін, ал, б.з.б. II-ғасырда ғұндарға ба­ғынғанын ерекшелейді. Қытай дерек­тері бойынша қырғыздардың ғұндардың билеушісі Жыжының кезінде «цзянкун», 91 жылы қытайлар ғұндарды жеңіп, сәнбилер ғұндардың иеліктерін өздеріне қосып алған кезде «гыгу», ал, V-ғасырда телілердің құрамында «хугу», VI-ғ. ортасында Түрік қағанаты құрылар кезде «чигу» аталған деп есептейді. VII-ғ. ортасында Шығыс Түрік қағанаты құрамында, VIII-ғ. ортасында Ұйғыр хандығы құрамында бола отырып, қыр­ғыз басшыларының дербестікке ұм­тылып отырғанын, ақыры 840 жылы Ұйғыр қағанаты ыдырағаннан кейін Қырғыз қағанатының құрылғанын баяндайды. Бірақ, Х-ғ. басында қырғыздар Қидандар өктемдігіне бағынады. Кейін­нен ХIII ғ. басында монғолдарға бағы­нады. 1290 жылы Юань империясы билі­гіне қарсы шыққандықтан оларға қарсы әскер аттандырылған кезде Хайду ханның тапсырмасымен қырғыздардың бір бөлігі Алатауға қоныс аудартады. «Сонымен «Алатау қырғыздары» – деген тарихи қоғамдық құбылыс пайда болды. Содан басталған қырғыздардың Тянь-шань тауын жағалап, батысқа қоныс аудару үрдісі онан ары жалғасып отырды. Ол процестің соңы ХVI-ғасырда біржолата аяқталды», – деп тұ­жырымдайды. Бұл еңбектен біз қазақ тұрмақ қырғыз тарихшыларының да анық­тай алмай жүрген біраз мәселелерінің  іс
Тараз қаласын кім және қашан салдырғандығы туралы күрделі мәселе де осы еңбекте өз шешімін табады. «Жыжы қаласы», одан соң «Даньлосы», «Далосы», «Талас қаласы» одан «Тараз қаласы» болып өзгергенін және бұл қаланы ғұнның билеушісі Жыжының негіздегенін қытай деректері бойынша дәлелдейді. Бұл жағдайдың төмендегідей болғандығы да қытай деректері мен тарихшылары еңбектері негізінде сипатталады. Ғұн билеушілерінің тартысы барысында жорыққа кеткен Жыжының ордасын қарсыласы басып алады. Оны естіген Қаңлы билеушілері Жыжыны шақырып алып, үйсіндерге қарсы пайдалануды ұйғарады. Оған өзіне қарасты ел-жұртымен көшіп келіп, Талас өзені бойына орнығуға мүмкіндік жасайды. Бірақ, Жыжы Орта Азияда өктемдік етуге ұмтылып, қаңлы елін қанауға көшеді. Күніне 500 адамнан жұмыс істеткізіп, екі жылда өзіне орда ретінде қала тұрғызады. Автор қала б.з.б. 40 жылдарының бас кезінде салынғанын айқындайды. Жыжының күшеюіне жол бермеу үшін б.з.б. 36 жылы Қытай билеушісі орасан зор әскерін оған қарсы аттандырып, өзін өлтіріп, қаласын қиратады. Осының барлығын баяндай отырып: «Бірақ, оның негізгі құрылысы сақталып қалды. Кейінгілер сол негізде қала құрылысын жалғастырып, дамытып отырды. Сондықтан, бұл қаланың аты «Талас қаласы» немесе «Тараз қаласы» болып өзгергендігі бұлжымас шындық», – деп қорытындылайды. 
Автордың келесі бір айқындаған мәселесі Талас өзенінің алғашқы атауы Дүлей су болғандығы. Оны ежелгі қытай деректерінде «Дулай шуй» – «дүлей су» деп жазғанын, көшпелілерге өткел бермей ағатын, кейде арнасынан асып тасыған кезде, тіптен, қауіпті болып кететін бұл өзенді ежелден-ақ оның бойындағы халықтардың Дүлей су деп атағаны, оны қытайлар сол негізде «Дулай шуй» дегендігі дәлелденеді. Бұл еңбекте қазақ­стандық тарихнамада алғаш рет Қазақ этногенезінің Қытайда зерттелуі туралы мәселе біршама толық әрі жүйелі түрде баяндалған. Қытайлар қазақтар туралы алғашқы мәліметті XVII-ғ. соңында алады. Ал, XVIII-ғ. ортасынан бастап қы­тайлар қазақтар туралы мәліметтерді арнайы жинай бастайды. Автор оның себебін қытай үкіметінің жоңғарларды талқандау жоспарымен байланыстыра түсіндіреді. Дә­лірек айқанда: «Чин патшалығы жоң­­ғар­ларға жорық жасағанымызда олар­дың батысында жатқан қазақтар тара­пынан қандай реакция болады деген мәселені анықтау үшін қазақтар жөнінде жан-жақты мәліметтер жинап, талдау жүргізгендігін олардың орда күнделіктерінде хатталған материалдардан айқын байқаймыз», – деп көрсетеді. Қазақтардың қытайлармен байланыстары туралы алғашқы еңбектер де осы XVIII-ғ. ортасында пайда болғандығы да дұрыс негізделіп, нақтыланады. Автор бұған әсер еткен орыстардың қазақ жеріне тереңдей енуі екендігін дөп басып көрсеткен.
Қытайда қазақ этногенезі мәселелері алғаш 1777 ж. жарық көрген «Батыс өңірде естіген, көргендерім» атты еңбекте сөз етілгенін, 1808 жылы «Ілені басқару істері» атты көптомдық туынды қазақтардың шыққан тегіне назар аударудың арта түскендігін көрсетеді. Ал, ХХ-ғ. 30-40 жылдарында білім мен ғылымның дамуы барысында қазақтардың генезисі мен Қазақ хандығы мәселелерінің ғылыми негізде зерттеудің басталғанын бірнеше еңбек бойынша айқындайды. Солардың ішінде, әсіресе, Нығмет Мыңжанидың еңбегіндегі ойлар мен тұжырымдардың тарихи шындыққа біршама жақын екендігіне ерекше назар аударады. Қытайда қазақ тарихы туралы мәселенің 1949-1979 жылдар арасында онша зерттеле қоймағандығын, тек 1980 жылдардан бастап жарық көрген еңбектерде қазақ этногенезі туралы қайта жазыла бастағандығын көрсетеді. Автор бұл еңбектерді энцик­лопедиялар, жалпы зерттеу еңбектері және арнаулы тақырып бойынша зерт­теулер деп үш топқа бөле отырып қарастырады. Бірінші топқа жататын, энциклопедиялар мен сөздіктердегі қа­зақ генезисі және Қазақ хандығы мәселелерінің саяси-идеологиялық аста­рын аша отырып: «Жоғарыдағы ұлт­тық анықтамалық құралдардың біртұтас қазақ халқын қазіргі кездегі өмір сүріп отырған мемлекеттері бойынша, екі ұлт немесе екі халық деп көрсетуі ешқандай ғылыми қисынға келмейтін бір мезгілдік идеологияның әсері екендігі айтпаса да түсінікті... Оның мәні – ондағы жас ұрпаққа Қытайдағы қазақтар өз алды­на жеке бір ұлт – деген түсінік қалыптастыруда болса керек деп ойлаймыз» дейді. Біздіңше бұл ашық та айқын айтылған тұжырым. Ал, екінші топқа тән еңбектерге талдау жасай келе, олардың тұжырымдарында көп алшақтықтың жоқ екендігін, сондай-ақ, үшінші топқа тән зерттеулер де қытай тарихшыларының көзқарастарының ортақтығын көрсетеді деп есептейді. Автор, сонымен қатар, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кейбір қытай тарихшыларының бұған дейінгі өз отандастарының қазақтардың арғы тегін сонау сақ, үйсін, қаңлы, аландардан бастайтын тұжырымдарын жоққа шығару әрекеттерінің басталғанын да атап көрсетеді. Мәселен, Ли Чэн атты тарихшының жазғандарына талдау жасай келе: «Автор қазақ халқын Алтын Орданың қармағындағы ру-тайпалардың бірігуінен бірнеше ондаған жылдың ішінде кездейсоқ құрылған халық дегенді аңғартады. Аталмыш автордың ғылыми қисынға сыймайтын, этникалық даму заңдылығына жанас­пайтын тұжырымдарды тықпалауы – Қытайда қазақ тарихын зерттеу сала­сындағы жаңа бір тенденцияның басталғандығын аңғартады», – деп ескер­теді.  
Автор қазақ хандығының құрылуы туралы пікірталасқа қатыса отырып, өзінің көзқарастарын көптеген зерттеушілердің еңбек­теріне сүйене отырып, ғылыми тұрғыда негіздеп айтқан. Ол, тіпті, осы мәсе­лені арнайы зерттеген Б. Кәрібаевтың  кемшіліктерін көрсетеді және Қазақ хан­дығының құрылған жылын 1465-1466 жыл деп есептейді. Н. Мұхаметханұлы эволю­ционизмнің кемшілігін ашық айтқан тарих­шылардың бірі. Ол мемлекеттің қалып­тасуы туралы айта келе: «Бұлай дегенде, оқырмандарда адамзат тари­хының әр кезеңінде қалыптасқан мемле­кеттердің барлығы түзу сызықпен жетілу-өрлеу үрдісінде болады екен дей­тін түсінік тумауы керек. Өйткені, тарихта қа­лып­­тасқан мемлекеттердің күйреп жойыл­ғандары қаншама», – дейді. Қа­зақ ұлттық мемлекетінің қалыптасуын Қа­зақ­стан аумағында мемлекеттіліктің пісіп-жетілуінің нәтижесі деп қарастыру керек­тігін негіздей отырып: «Сондықтан, қазақ мемлекеттілігінің тарихын б.з.б. ІІ ғасырдың орташенінде құрылған Үйсін мемлекетінен бастап қарастыруымыз керек. Ал, қазақ мемлекетін XІV ғасырдағы Ақ Ордадан бастап қарас­тырғанымыз жөн деп санаймын», – деп тұжырымдаған.
Кітаптың қазақ тарихына қатысты қытай деректері туралы мәселелер баяндалған үшінші тарауының зерттеушілер үшін пайдасы зор. Өйткені, мұнда әлі күнге дейін аз зерттеліп отырған, айқындалмаған мәселелері өте көп, ежелгі және ерте ортағасырлық қазақ тарихы бойынша таптырмас деректерге сипаттама беріліп, олардан қай кезең бойынша қандай деректер алуға болатындығы көрсетілген. 
Орталық Азия мен Қытайдың арасын­дағы XIII-XV ғасырлардағы қатынастар, дәлірек айтқанда, Алтын Орда мен Юань және Темір әулеті мен Мин патшалықтары арасындағы елшіліктер мен сауда-эко­но­ми­калық байланыстар туралы мәсе­лелер еңбектің төртінші бөлімінде баян­далады. Ал, бесінші бөлім мәдени-этно­графиялық мәселелерге арналған. Онда «атау-кере» ұғымының сонау үйсіндерден бері келе жатқандығын дәлелдейді және тәңірі және күнби ұғымдарының байланысын көрсете келе: «Қорыта айтқанда, ертедегі үйсін этносы және Үйсін мемлекетінің Күн би лауазымы – өздерін күн ұрпақтарымыз деп санайтын «Күн иелердің» әлеумет­тік дамуы барысында біртіндеп қалып­тасқан. Күн ұрпақтары қауым болып ұйымдасқан кезде өз билеушісін «Күнмо – Гуньмо» деп атаса, жеке дербес мемлекет құрған кезде олар өз патшасын «Күн ми – Гуньми – Күн би» деп атаған», – деп тұжырымдайды. Түріктер мәдениетінің қытай­ларға ықпалын қаған атауын және билеушілерге лақап ат қою арқылы әртүрлі мағынадағы ұлықтау мен ерекшелеу дәс­түрін қабылдауы арқылы сипаттайды. Абылай ханның тұсында қытайлармен дипломатиялық байланыстар барысында тотын жазуын қолдануы оның себептері мен маңызын айқындайды және Ресеймен байланыста шағатай жазуының да пайдаланылғанын дәлел­дейді. Ең­бек­тегі жекелеген тақырыптар Н. Мұ­ха­метханұлының уақыт талабына дер кезінде үн қосып отырғанын да бай­қатады. Мәселен, Қытайда бала санын шектеу саясаты кең орын алып, оны аз санды ұлттармен де байланыстыру саясаты тұсында 1992 жылы Үрімжіде «Қазақ отбасындағы баланың орны және қа­зақтардың дәстүрлі ұрпақты болу көз­қарасы», тәуел­сіз еліміздің шекарасы мә­селелері заңдастырылып жатқан тұста «Көш­пен­ділердің этнотерритория ұғымы және  Қазақстан  аумағының қалыптасуы» та­қырып­тарында, ал, бүгінгі қазақ тілі­нің мем­лекеттің дәрежесінің кері кету ке­зе­ңінде оның қауіпті салдарларын тарихи мысалдармен ескертетін «Мұ­ра­жайдағы мемлекеттік тіл және манчжур архивтерінің ғибраты» атты тақы­рыптар оның туған халқының тағ­дырына алаңдайтын патриот екенді­гінің айғағы. 
Сонымен, Н. Мұхаметханұлының осы бір еңбегі арқылы ғана оның тарих та­мырын тереңнен барлайтын, тарихты кеңістігі бойынша да уақыты бойынша да кеңінен қозғай отырып зерттейтін, соның нәтижесінде әртүрлі тақырыптағы мәселелерді еркін меңгерген ғалым екендігін көреміз. Бұл тұжырымды оның әрқайсысы жеке тарих­намалық талдауды қажет ететін  басқа да монографиялық еңбектері дәлелдей түседі.    

 

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз