• Заманхат
  • 03 Қазан, 2014

РЕСЕЙДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ МӘСЕЛЕСІНЕ ОРАЙ

Мұстафа ШОҚАЙ

«Кеңестер Одағындағы ұлттық мемлекет мәселесі» жөнінде Славинский жасаған баяндамаға орай жазған мақаламызда («Яш Түркістанның» 91-санында) осы баяндамадан соң Керенский ортаға қойған бір мәселе бойынша сөз болып отырған тақырыпқа қайта оралатынымызды ескерткен едік. Керенский осы тақырыпқа жазған мақаласында «Кеңестер Одағы аумағында өмір сүріп жатқан ұлттарды тең құқықты ету үшін өткізілетін келіссөздердің негізгі шарттары» деп төмендегі екі мәселе төңірегінде ойлануға шақырады: 1. Келісімге қатысушы тараптар өздерінің көзқарастарын негіз­де­ген дәлелдер мен дәйектер арасынан қару қолдануды шығарып тастауға тиіс.

2. Келі­сімге қатысушылардың бәрі де ұлттық мем­­лекетін, саяси тәуелсіздігін қорғауда тең жағдайда болуы, бірінің ұлттық мүдде­сіне дұшпан болып отырған әрқалай күш­пен екіншісі келісім жасамауы шарт еті­луі лазым. Керенский осы ұсынысында одан әрі «орыстар, орыс еместер, тіпті, ста­линшілдер де (сол кезде) Лондонда жиналатын Британия халықтар одағы империумы конференциясынан ғибрат алуы керек» деп есептейді және оларды соған үндейді.
Керенский мен біз бір-біріне қарама-қарсы екі майданда тұрмыз. Біздің ата­мекеніміз Керенскийдің ұлты тарапынан бодандыққа түсіріліп, қазір соның тепкісінде жатыр. Егер бүгін Ресей өз атымен аталмай, Кеңестер Одағы деп аталып отырған болса, бұл істің мәнін өзгерте алмайды. Біздің еліміз қазір де бұрынғы патшалық Ресей шекарасының ішіне алынғаны сияқты, сол Ресей патшасы құрған мемлекеттің езгісінде қалып отыр. Басқаның желкесінде отырған адам астындағы адамның азабын түсіне бермейді. Сол тәрізді халықтарымыз бас­тан кешіріп жатқан қасіреттерді Керенский де жете сезінбеуі әбден табиғи. «Тең құқықты ұлттар» туралы айтылған талай сөздердің желге ұшып кеткені және бұдан соң да солай бола беретіні, міне, осыдан. Қашан біздің мойынымыздан орыс империализмінің жүгі лақтырылып тасталғанша, басқаша айтқанда, біздің еңсемізді езіп, бойымызды жаздырмай келе жатқан орыс үстемдігі жоғалғанға дейін бұл жағдай осы күйінде қала беретін болады. Керенскийдің «Кеңестер Одағы шекарасы ішіндегі тең құқықты ұлттар» деп отыруының өзі бұл тақырыпта онымен пікір сайысын жасауға ешқандай бір орын қалдырмайды. Біздің халықтарымыз Кеңестер Одағының болсын немесе бұрынғы Ресейдің болсын шекараларына қатысты мұндай әңгімелерге әсте құлақ аспайды. Кеңестер Одағының шекарасы туралы айт­қан пайымдауымен Керенский өзінің басқа бір жағдайлар астында кейбір өткір мәселелерді негіздеуге мүмкін болатын, әр түрлі талқылауларда басшылыққа алынуы тиіс деп есептеген «негізгі шарттарының» да құнын жойып жіберді.
Біздің қарсы алдымызда тұрған орыс­тар, бүгін ол большевик болғанымен де, бәрібір орыс. Қызыл диктатор Сталин, орыс­тың    мұғажырияттағы көрнекті өкілі Милюковтар өз тұжырымдамаларында Россияның «тарихи жеңістері һәм мемлекет шекаралары» қару күшімен құ­рыл­ды және қару күшімен сақталды деп отырған жағдайда, Керенскийдің біздің өз дәлелдеріміз бен дәйектерімізден қару күші мәселесін шығарып тас-тау­ды талап етуі ақылға сия қояр ма екен?! Айталық, Керенский біздің атаме­кеніміздегі халықтарымызға кеңестік Ресей билеушілері тарапынан ешқандай қа­ру қолданылмайтыны жөнінде кепілдік бере алар ма? Мұндай сұрақтың жауабы ешқа­шан екі ұшты болуы мүмкін емес.
Бұл күнде орыстардың бұғауында отыр­ған біздің халықтарымыз орайы келген тұс­тарда қолына қару алатыны шүбәсіз. Егер орыстарға құдай ынсап беріп, біздің ата­­мекенімізден өз еркімен шығып кетсе, онда әңгіме басқа. Амал  қанша, ондай күнді қиялдау қиын. Демек, қару күші мәселесі өз күшінде қала беретін болады. Біздің атамекеніміз Ресейдің қолас­тына қару күшімен енгізілді. Және де оларды Ресей қару күшімен ұстап отыр. Ендеше оған қайтарылатын жауап сол қару күшімен берілуі әбден табиғи. Енді Керенскийдің ұсы­ныс­тарындағы екін­ші мәселеге – саяси құқық, ұлттық тәуел­сіз елдердің мүдде­лерін тең тұрғыдан құру және біреуі­нің өмірлік мүддесіне жау күштермен екінші біреуі келісім жасамау жөніндегі тұжы­рымдамасына келейік.
Тарихи дамуымыздың қазіргі кезе­ңінде орыс емес халықтардың мем­лекет­тігі мен тәуелсіздігіне жау жалғыз ғана ел – Кеңестер Одағы. Ендеше біз онымен ешқандай келісімге келе алмайтынымыз өз-өзінен түсінікті. Ол – ол ма, біз Кеңестер Одағының жыртысын жыртып, оның шекараларының мызғымастығы жөнін­де сәуегейсіп жүр­ген кез келген елмен, мейлі ол батыстық болсын, мейлі шығыстық болсын, ке­лісе алмаймыз. Бұл күндері біздің мем­ле­кеттерімізде ұлттық тәуелсіздік мәсе­лесі былай тұрсын, саяси және ұлттық бос­тандықтың ең қарапайым нышандары туралы сөз болуы мүмкін емес. Біз бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алуға мәжбүр болып отырмыз. Содан соң біз ұлттық тәуел­сіздігімізді құрметтеп қана қой-май, бізбен тең тұрғысы келетін күштермен ғана келісім жасау жөнінде пікір алысулар өткізуге әзір екенімізді мәлімдейміз.
Өз ұсынысында Керенский біздің ал­ды­мызға көлденең тартқан «Британия ха­­лықтар одағы» түрінде бірдеңе құру мүм­­­­кіндігі болғанда, ол туралы әңгіме қоз­ғауға тұрар еді. Ресей шекарасы ішінде Ре­сейдің өзімен бірлесе отырып, Британия ода­ғы тәрізді одақ құру, сірә, мүмкін бола қояр ма екен?!
Біз оны мүмкін емес деп үзіл­ді-ке­сілді теріске шығарамыз. Біз­дің ха­лық­тарымыз орыс отаршылда­ры­ның езгісінде отыр­ған және оған қарсы күрес жүргізіп жат­қан кезде мұндай қиялдарға берілу орын­сыз болып қана қоймай, аса залалды да. Егер Ресейде шынымен Британия халықтар одағы тәрізді бірдеңе құру мүмкін болса, онда кейбір халықтар үшін ұлт-азаттық күресі күн тәртібінен түсіп қал­ған болар еді. Өйткені, Британия им­периуміндегі Канаданың жағдайын алсақ, бұл ел қай жағынан алғанда да, Еуропа мен Америкадағы шағын мем­лекеттерді былай қойып, Австрия мен Че­хословакия тәрізді іргелі мемлекеттерден де әлдеқайда жоғары. Ресеймен Британия халықтар одағы тәрізді құрылым жасау мүлде мүмкін емес. Мұндай қиялға берілгендер Британия халықтар одағына біріккен елдердің бәрі дерлік англо-саксон нәсілінен екенін естерінен шығарып алады. Канада, Австралия, Оңтүстік Африка, Жаңа Зеландия – олардың бәрі де англо-саксон нәсілі мәдениетінің ошағына айналып гүлденген жерлер. Британия халықтар одағы – Британияның мемлекеттік және саяси мәдениетін таратады. Ал мұндай мәде­ниет орыс халқында жоқ.
Ағылшындар мен орыстардың ұлт­тық мемлекеттігінің мәнінде, мента­литетінде, құрылымында өзгешеліктер көп. Ағылшындар, ең алдымен, саны онша көп болмаған саудагер халық. Олар өздері бодандыққа айналдырған ха­лық­тарының жерлеріне көшіп барып, ол жерлерді біржола қосып алуға ұрынбайды. Ағылшындарда миллион­даған жүмыссыздар барын білеміз. Ағыл­шын үкіметі осы жұмыссыз жүр­ген тұрғындарының бірде-бірін өз отарларына еріксіз апарып қоныстандырған жоқ.
 Ресей – мүлде басқа. Орыс хал­қының басым көпшілігі шаруалар. Орыс­тар­дың саны да көп. Олар көшу­ден де жа­лық­­пайтын көшпенді – мұғажыр отаршылдар. Қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартып алына басталады.
Британия халықтар одағы құрылы­мындағы басты фактордың бірі – еркін сау­да байланысы болса, орыс халқының әде­ті – басқалардың жерін басып алумен қой­май, оны орыстың жеріне айналдырып жіберуді көздейді. Сол себепті осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлт­тардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайды.

«Яш Түркістан»,
1937 ж.,  № 92-93.

379 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз