• Ұлттану
  • 14 Қазан, 2014

Елбасының ұлт, тіл, тәуелсіздік туралы сөздерін билбордқа жазып, көшелерге орнату керек - Н.Сәдір

Қоғамның белсенді азаматы ретінде Елбасының Ұлытаудағы сұхбатын оқып, өзім үшін көп ой түйдім, деді облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Нұрлан Сәдір мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оның ойынша, елімізде кен орындары аз емес. Бірақ олардың қоры қанша бай болса да, уақыт өте келе сарқылады. Сондықтан бұл жағдайда өндіріске байланысқа шоғырланған жұртты жұмыспен қамту мәселесі туындайды. Осы орайда Елбасының «Жезқазған - Бейнеу» және «Арқалық - Шұбаркөл» теміржолдарын салу туралы шешім қабылдап және оның жүзеге асырып, тұсауын кесуі, сөйтіп, сол маңдағы ел-жұрттың өркендеуіне жағдай туғызуы - қуантарлық жағдай.

Соңғы кезде Ресейдің үлкен лауазымды шенеуніктерінің аузынан шығып қалып жүрген «Қазақта бұрын мемлекет болмаған» секілді сандырағы бәріміздің намысымызға тиіп жатыр. Енді осы жалған пікірге Президенттің Ұлытауда берген «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек» деген сөзімен жауап беруге болады.

«Кезіндегі орыстандыру саясаты туралы осы сұхбатында Елбасы Н.Назарбаевтың білдірген батыл пікірлері көңілден шықты: «Біз, жалпы, діннен де, тілден де айырыла жаздаған елміз. Кеңес одағы кезінде тікелей орыстандыру саясаты жүргізілді. Қазақтың тілі бір шоғыр қазақтардың тілі болып қалды».

Бізге орыс империясының тізесін батып кеткен кез көп болған. Сол орыстың тілін үйренеміз деп қазақ тілінің қолданысы азайды деген мәселеге тіреледі ғой. Өзім мемлекет басшысының бұл сөздерін болашақта біздің тілімізге ешкімнің тізе батырмауына жол бермеу керек деген тұрғыда қабылдаймын.

Жалпы, осы сұхбатта айтқан кейбір пікірлерін, мысалы: «Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек», «Қазақстанның экономикалық одақтан шығып кетуге құқы бар. Мен бір рет айттым, тағы қайталап айтам, тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз - Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан, бұл жөнінен ешқандай күдік болмасын» деген сөздерін билбордқа жазып, көшелерге іліп қою керек. 

Кейбір БАҚ, әсіресе, шетелдік баспасөз Елбасының осы сұхбатта айтқан кей сөздерін өздеріне ыңғайлы қылып, ортасынан ойып алып жатқаны жағымсыз әсер қалдырды. Осының өзі біздің егемен болғанымызды қаламайтын күштер әлі де бар деген ой түюге итермелейді. Несі бар, бұндай қауіп бойымызды жинақы ұстауға, азаматтық тұғырнамамызды айқын да белсенді білдіруге бастайды», - деді Н.Сәдір. 

249 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз