• Ұлттану
  • 31 Қазан, 2014

Дер кезінде айтылған сын үлкен қателіктердің алдын алады - қоғам қайраткері Ирак Елекеев

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің І және ІV шақырылымдарының депутаты, қоғам қайраткері, «Хабар» телеарнасындағы «Көзқарас» бағдарламасының жүргізушісі Ирак Елекеев мемлекет дамуы, қоғам мен халық арасындағы байланыс, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі туралы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ ол өзінің жеке көзқарастарын ортаға салды.

- Ирак Қасымұлы, бір сұхбатыңызда жас кезіңізде журналист болуды армандағаныңыз туралы айтып едіңіз. Ондаған жылдар бойы заңгер болып қызмет жасадыңыз, енді бүгінгі таңда бір кездегі арманыңызға қол жеткізіп отырсыз. Журналистика қыр-сыры мол бір әлем ғой. Осы салаға араласу барысында қандай ой түйдіңіз?

- Бұл саланың өзіндік ерекшелігі көп болатынын бұрын білген жоқпын ғой. Журналиске ел алдында үлкен жауапкершілік жүктеледі. Оның үстіне телеарнада бағдарлама жүргізушісі болып, күнде тікелей эфирде ел алдына шығу, әрбір сөзіңді ойланып айту оңай емес екен. Байқамай айтып қалған сөзің бүкіл елге зиянын тигізуі мүмкін. Немесе түтіні шығып жатқан мәселеге от қойып жіберуі ықтимал. Сондықтан елдің ауызбіршілігін сақтау үшін салиқалы ойлар айтуың керек. Бұрын депутат болған кезімізде лапылдап сөйлей беретін едік. Сонда «Менің кейбір өткір пікірлерімді журналистер неге жазбайды?» деп ойлайтын едім. Е-е, оның астарында көп мәселе бар екен. Қоғамды бірлікке шақыру, халықты бір мүдде жолына бағыттау оңай іс емес.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының алға қойып отырған «Қазақстан - 2050» стратегиялық жопары тұрғысында келелі ой айту кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы орайда, журналистер өзіндік пікірі бар лауазымды тұлғалармен сұхбаттасқанды жөн көреді. Біздер көбіне депутаттарды шақырамыз. Ал мемлекетті басқару ісіндегі жауапты азаматтар студияға келіп, өзінің айтатын ойларын халыққа неге жеткізбейді? Көрермендердің сұрақтарына жауап беріп, өз ойын ашық білдіруге болмай ма? Елбасының саясатын жүргізетін Үкімет мүшелері, басқа да азаматтар неге халық алдына шықпайды? Меніңше, олардың ой-пікірлері халыққа жетпей жүр.

Өйткені қабылданған жаңа заң болсын не Үкіметтің шығарған қаулылары болсын, халық соның мәні мен маңызын біліп отыруы тиіс.

Қоғамдағы толғақты мәселенің бірі деп нені айтар едіңіз?

- Бүгінгі таңда ауылдықтарды жайылымдық жер мәселесі толғандырып отыр. 1990 жылдары адамдар қолындағы малын да сатты, кейбірі қалаға көшіп кетті. Бүгінгі таңда ішкі көші-қон біршама тұрақтанды. Қазір мал басы көбейіп келеді. Ал бірақ мал жаятын жер жоқ. Үлеске алған пайларын да әркім кезінде дұрыс пайдалана алмады. Ақшасы барлар алып алды. Одан ешкім де пайда көріп жатқан жоқ. Игерілмей жатқан жер учаскелері қаншама?! Осындай мәселелерді неге көтермеске?

Қазір министрлер ауылдық жерлерге бармайды. Егер олар тікелей эфирге келсе, мен оларға «Ауылда қашан болдыңыз? Қай ауылға бардыңыз? Ауыл тұрғындарының қандай мәселелеріне назар аудардыңыз?» деп сұрақ қояр едім. Бұл үлкен қозғалыс болар еді. Басқа министрлерге де ой салары сөзсіз. Жақсы, олар ауылға бармай-ақ қойсын, бірақ ауылдан телефон соғып отырған азаматтың сұрағына жауап берсе де, көп мәселе айқындала түсетіні анық.

- Бүгінгі таңда кабинетте өскен «лауазымды тұлғалар» бар. Өзіне жүктелген сала бойынша сұраққа да жауап бере алмайды. Бұл жөнінде не айтасыз?

- Жазушы Төлен Әбдікпен сұхбат жүргізгенімде, осы туралы сөз болды. Төлен ағаның бір шығармасы бар, онда министрдің бір күндік өмірі сипатталған. Қолынан министр болудан басқа ешқандай жұмыс келмейді екен! Содан мен: «Төке, осы кімнің образы?» деп сұрадым. «Ол болған оқиға ғой. Министр қызметінен түсіп қалып, келесі күні жүрегі ұстап, қайтыс болып кеткендер де болды. Себебі олар кабинеттегі жұмыстан басқа ештеңені білмейді.»,-деп жауап берді. Иә, ондай адамдар арамызда бар. Өмір бақи министр болғандай, әрең сөйлеседі, адаммен санаспайды. «Мемлекеттік тілді меңгерсейші!» деп бетіне айтады. Оған мән бермейді. Біздің мақсат - біреуді әшкерелеу емес, осындай келеңсіздіктерді жою. Меніңше, осындай мәселелерге мән берген дұрыс.

- Бұрын өзіңіз журналистерге сұхбат беріп жүрдіңіз. Енді елге белгілі адамдардан сұхбат алып отырасыз. Қандай айырмашылықты байқадыңыз?

- Сұхбат барысында адам ашылады ғой. Кейбір адамдардың тек өз қызметінің білгірі ғана емес, ой өрісі де кең екенін байқадым.

Кейде билікте жүрген кейбір азаматтар қазақша сұрақ қойсаңыз, ойын толық жеткізе алмай, кішкене тосылып қалады. Ал орысша сұрақ қойсаңыз, сайрай жөнеледі. Тоқтату қиын.

Ой-өресі жоғары адаммен сұхбаттассаң, сөзден сөз, сұрақтан сұрақ шығып жатады. Ал кейбір азаматтар бар сөзге сараң. Ойы бітіп қала береді. Бірнеше сұрақ қойғаннан кейін алға тартып отыруға шаршайсың. Өзің көбірек сөйлеуіңе тура келеді.

«Көзқарас» бағдарламасының бір ерекшелігі - халықпен тікелей байланыста болатындығы. Көрермендер телефон соғып, өздері сұрақ қойып жатады. Яғни, сұхбат барысында келген қонақтың, білдей лауазым иесінің бет-бейнесі, ойлау қабілеті анық көрінеді. Менің кемшіліктерімді айтқандар да болды. Тікелей эфирдің қиындығы өте көп.

Мысалы, мен оқиға болып жатқан жерден сұхбат алсам, маған оңайлау болар еді. Ал менің жұмысымның бір қиындығы қонақты студияға шақыруым керек. Сол күні маңызды шаралар болып жатады. Келетін адамның жұмыс уақытында бірнеше сағатқа шығып кетуі де қиын.

Көрермендер тарапынан ұсыныстар да көп түседі. Айталық, бүгінде етек алып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы өз ойын білдірген азаматтар «Ең бірінші басшылардың жауапкершілігін арттырудан бастау керек»,- дейді. Тіпті бір адам: «Жоғары жаққа бармай-ақ қойыңызшы. Балаңа балабақшадан орын алу үшін ақша беруің керек. Бір мектептен екінші мектепке балаңды ауыстыру үшін де ақша беруің қажет. Оқушылардан жиі ақша жинайды. МАИ-ге ақша беруің керек. Осыларды жойып алсақ та, жетер еді» деген ұсыныс айтты.

- Сыбайлас жемқорлықпен күресте тапсырыс бойынша ұсталып жатқандар бар деп ойламайсыз ба? Нағыз қулар ұсталмай жүрген сияқты.

- Өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, мемлекеттік сатып алу жүйесінде көп әңгіме бар. Құқық саласының қызметкерлеріне қатысты айтылатын сындар өте көп. Оны біздер айтып та жүрміз.

Халықтың пікірін білу үшін адамдармен араласып, ортасында болып, сөйлесуің керек. Бұл әрекетің қызметіңе де оң әсер етеді.

Өзіңіз ел ішін аралап тұрасыз ба?

- Иә, жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына барып келдім. Содан кейін Алматы облысында, сондай-ақ Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында болдым. Сот процестеріне де қатыстым. Маған әртүрлі сала бойынша жұмыс істеуге тура келеді. Шынын айтайын, кейбір сала бойынша менің хабарым жоқ. Мысалы, операға байланысты хабар дайындау үшін мен Опера театрына бардым. Елбасының бастамасымен «Астана Балет» мемлекеттік театры құрылып, үлкен ұжым жұмыс істеп жатыр. «Астана Операдан» айырмашылығы қандай екенін білуге бардым. Өзің білмей тұрып, өзің сөйлеп отырсаң, халық алдында ол да ыңғайсыз.

- Қазір Парламент депутаты емессіз. Бірақ жеке өзіңізге тұрғындардан өтініштер түсіп тұра ма?

- «Хабар» агенттігі ғимаратының алды босамайды. Әртүрлі мәселелер бойынша күніне бес-алты адамды қабылдаймын. Соның ішінде бірқатары несие ала алмай жүргенін, басқа да қиындықтарға тап болғанын айтып, дұрыс бағыт беруімді өтінеді. Азаматтардың Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қатысты сұрақтары да бар. Заңгер ретінде құқық саласына қатысты көмек сұрайтындар көп. Қолымнан келгенше, кеңес беріп, көмектесуге тырысамын. Маған бір көмекші қажет болып жүр.

- Тегін қызмет көрсетесіз бе?

- Әрине, тегін. Қарапайым азаматтардан қалай ақша аласың? Телеарна ғимаратына экскурсия жасауға келген жасөспірімдер мені өздерімен бірге суретке түсуге шақырады.

- Елдің беделін арттыру бағытында қандай ұсынысыңыз бар?

- Бір мәселені ғана айтайын. Астанаға әлемнің әр елінен құрметті қонақтар келіп жатады. Оларды шақырған Сыртқы істер министрлігі немесе басқа мемлекеттік орган іссапар бағдарламасына «Осы адам отандық телеарнаға не газетке сұхбат берсінші» деп жазбайды және оған қажетті уақытты бөлмейді. Осы мәселені жиі көтеріп жүрмін. Міндетті түрде «Көзқарасқа» берсін деп отырған жоқпын. Олар сұхбат берсе, Қазақстан туралы, Астана жайлы және басқа да халықаралық мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салар еді ғой.

Айталық, біздің бағдарламада Болгарияның бұрынғы Президенті Петр Стоянов, Хорватияның бұрынғы Президенті Степан Месич, Испанияның бұрынғы Премьер-министрі Хосе Мария Аснар, Латвияның бұрынғы Премьер-министрі Казимир Прунскине және басқа да белгілі тұлғалар болды.

Ал көрші Ресей елін алсақ, Путинмен кездесуге барған Президенттер студияға келіп, сұхбат береді. Бізде неге солай істемеске?

Дұрыс айтасыз.

- «Хабар» агенттігінің Бас директоры Айдос Үкібаев Оңтүстік Кореяның Президентінен барып сұхбат алды. Телеарна тарапынан сұхбат алу туралы өтініш жасалғанда, олар «Телеарнаны басқарып отырған ең бірінші басшысы келсін» деген ұсынысты алға тартқан екен. Олардың тәртіптері сондай. Ол да жоғары деңгейді, мәдениеттілікті көрсетеді емес пе? Сондықтан бізге келген мәртебелі қонақ та «Қазақстан» болсын, «Хабар» болсын, елді түгел қамтып отырған телеарнаға сұхбат бергені жөн. Көрермендердің сұрақтарына да жауап беруіне мүмкіндік болады. Сонда халықпен арада тығыз байланыс болар еді.

Біз қазір Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кірдік қой, бірақ көп адам ол туралы, оның пайдасы қаншалықты екенін білмейді. Осы мәселе төңірегінде жан-жақты айтып беруі үшін лауазымды тұлғаларды шақырып жүрмін, кейбірі әлі келген жоқ.

Баспасөздің беделі, сөз бостандығы туралы ойларыңызбен бөліссеңіз?

- Бұрын төртінші биліктің абыройы жоғары, БАҚ-тың сөзі далада қалмайды деп ойлап жүрдім ғой. Ал қазір қоғамда бір немқұрайлылық бар. Көкейкесті мәселелерге көп мән бермейтін сияқты. Оң әсері болып жатқан да шығар. Бірақ анық байқалмайды. Бұрын Кеңес одағы тұсында кемшіліктер болды ғой, бірақ «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» гаеттеріне сын мақала шықса, ойбай, басшылар қалтырап-дірілдеп қалатын еді. Және ондай материал ескерусіз қалмайтын.

Ал қазір шығып жатыр ма, жоқ па, ешкімнің шаруасы жоқ. Керек болса, жауап та бермейді. «Мынау дұрыс, мынау қате»,- деп жұлқынып отырған бір адам жоқ. Осыған да мән бергеніміз жөн-ау. Сөз бостандығы болып, кемшіліктер міндетті түрде айтылуы керек. Дер кезінде айтылған сын, одан шыққан нәтиже үлкен қателіктердің алдын алады.

Өмір жайлы ойлағанда, қандай тоқтамға келесіз?

- Әр адам «Мен Алланың алдына барғанда не айтамын?» деп ойлануы керек. Өйткені әр адам істейтін ісін ойланып істеуі қажет. «Мұның арты қалай болады?» деместен, бүгін мақтаншақтықпен немесе жауапсыздықпен істеген қате ісі ертеңгі күні отбасына ұят келтіріп, ұрпақтарына жайылады ғой.

Мен әуелі Құдайдан қорқам, одан кейін ақын-жазушылардан қорқамын. Менің айтқан сөзіме істеген ісім сәйкес болмаса, ертең ел алдында күлкіге қалуым мүмкін. Осыны әр адам ойлануы тиіс. Бүгінгі күнмен, пендешілікпен өмір сүруге болмайды.

Ау, мен бұл өмірге құл болып келген жоқпын ғой! Мен адам баласымын. Біз неге осыны ойламаймыз? Қазір әділ сынды, көріп тұрған кемшілікті айтудан қорқатындар көп. Айтатын жерде шындықты айту керек. «Ай, ертең балама, немереме зияны тиіп кетер-ау» деп жалтақтап сүрген өмірің өмір ме?! Ондай адамға: «Айналайын, сен өмірге келгенде оны ойлаған жоқсың ғой» деп айтар едім.

- Журналистиканың өзіндік стиліне үйрендіңіз бе? Қиындықтар кездескен жоқ па?

- Маған қиындау, бағдарламаға дайындалып, түнгі сағат екіге дейін отырамын. Қайдан білейін, рейтингісі көтеріліп жатыр дейді. Бағдарлама уақыты кешкі уақытқа ауыстырылды. Ол көрермені бар екенін көрсетеді. Азаматтар қызығушылықтарын танытса, қонақтар орынды пікірлерін айтып жатса, неге рейтингісін көтермеске?! Маған қазақ және орыс тілінде жүргізу оңай емес. Менің асып бара жатқан дикциям да жоқ. Бірақ мені халық сол күйінде қабылдады. Әңгіме сонда ғой.

- Рақмет әңгімеңізге.

ҚазАқпарат

 

205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз