• Ұлттану
  • 31 Қазан, 2014

Павлодар облысында экспортқа өнім шығаруы үшін барлық жағдайлар бар - Ә.Исекешев

Павлодар облысында бизнес жүргізу мен өнімдерді экспортқа шығару үшін барлық жағдайлар бар: электр энергиясы, дамыған инфрақұрылым және ең бастысы көршілес Ресей, Қытай тәрізді елдердің нарығы, деп атап өтті ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев «ErtysInvest-2014» халықаралық инвестициялық форумы барысында.

Ресей, Франция, Хорватия, Швейцария, Испания, Германия, Украина және Оңтүстік Корея елдерінен келген бизнес өкілдері де облыс аумағында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға өз қызығушылықтарын білдірді. Форум аясында бірқатар келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылды.

Атап айтқанда, Павлодар әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауын пайдалану басқармасы мен итальяндық ATENA Consulting компаниясы қалдықтарды басқару жүйесін енгізу жүйесі бойынша жобаны жүзеге асыруға құны 40 млн. доллар болатын меморандумға қол қойды. Барлығы 8 меморандум жасалды. Ал Павлодар инновациялық еуразиялық университеті мен USAID (АҚШ) климат өзгерістерінің алдын алу жобасы арасында келісімге қол қойылды.

ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, Қазақстанның таяу жылдардағы экономикалық саясаты негізгі төрт секторды қолдауға бағытталады. Оның алғашқысы - шикізат секторы. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін жер қойнауларын пайдалану туралы жаңа заң қабылданады. Екінші топқа өңдеу өнеркәсібі жатса, үшіншісі - инновациялық сектор болмақ. Ал төртінші сектор - туризм мен шағын және орта бизнестердің көрсететін қызметтерін қамтымақ.

«Біз Қазақстанды бизнес жүргізуге қолайлы ел еткіміз келеді. Павлодар облысында бизнес жүргізу мен өнімдерді экспортқа шығару үшін барлық жағдайлар бар: электр энергиясы, дамыған инфрақұрылым және ең бастысы көршілес Ресей, Қытай тәрізді елдердің нарығы», - деп атап өтті Ә.Исекешев.

ҚазАқпарат

256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз