• Заманхат
  • 19 Сәуір, 2012

Рухани мұра

Кәмия Сүндетқалиева, ғылыми қызметкер

Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында Қа­зақ­стан Ғылым Академиясының мүше-кор­рес­понденті, Қазақстан Республикасының көр­­некті қайраткері, профессор Сәтбаева Шәмшиябану Қанышқызының «Бес томдық шығармалар жинағы» жарыққа шықты. Ғалымның «Әдеби байланыстар» «Өрнекті өріс», «Казахско-евро­пейские литературные связи XIX и первой поло­вины XX века», «Казахская литература и Восток», «Шокан Валиханов – филолог», «Чо­кан Валиханов и русская литература», «Шакарим Кудайбердиев» атты монографиялары және Абай, М.Әуезов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ы.Алтынсарин, Т.Шевченко, Л.Н.Толстой, С.Сейфуллин, Г.Плеханов және т.б. туралы зерттеулері жарық көрді. Оның басшылығымен көне сөз мұраларын зерттеуде ауқымды жұмыстар атқарылды. Ш.Қ.Сәтбаева Шәкәрім Құдай­бердиевтің және Ахмет Бай­тұрсыновтың шығармашылық мұраларын зерттеуде де өзінің жеке үлесін қосты. Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланыс­тары қазақ әдебиеттанушыларының әр­дайым назарында, соның ішінде Ш.Қ. Сәт­баеваның кітаптары ерекше орын алады. Ш.Қ.Сәтбаева классикалық салыстырмалы әде­­биеттанудың дәстүрлерін дамыта отырып, нақты жазушылардың шығармашылығын, әде­­би бағыттар мен мектептерді зерттеді. Әде­биеттанушы-ғалым салыстырмалы талдау ар­қасында тарихи, мәдени және эстетикалық тәжірибемен ортақтасқан әр түрлі ұлттық әдебиеттер контекстілеріндегі (қазақ, орыс, шығыс және батыс-еуропалық) тікелей әсер­лерді, саналы түрде алып пайдалануды, ти­по­­логиялық ұқсастықты анықтап отырды. Әрдайым интеллектуалды ізденіс – Ш.Қ. Сәт­баеваның өрнегі өзгеше қайталанбас ғылыми стилінің ерекшелігі. Қазіргі оқырман Ш.Қ.Сәтбаеваның жаңа­дан басылып шыққан көптеген зерттеу­лерімен танысуына мүмкіндіктері көп. Ш.Қ.Сәт­бае­ваның бес томдық шығармалар жи­на­ғы оның өмір­лік жолдасы, Қазақстанның көрнекті мем­­лекет және қоғам қайраткері Оразай Батыр­бекұлы Батырбековтың еңбегінің арқа­сында жарық көрді. Ол шығармалар жинағын шығару туралы идеясын ұсынушы, оның негізгі құрастырушысы болды. Дана уақыт категориясы туралы басылымның жауапты редакторы, С.Аманжолов атындағы Шығыс-Қазақстан университетінің ректоры филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ Пен-клубының мүшесі, өзінің ұстазының осы бес томдық жинағын шығаруға үлкен септігін тигізген Б.Б.Мамраев былай дейді: «Шәмшиябану Қанышқызы арқасында мен сол керемет уақыт туралы көп хабар алдым (Академия ғылымының құрылуы туралы сөз болады – С.А.) адам баласы мансапты, мақтауды талап етпей ғылымға адал еңбек еткен кез... Әрбір кітабының шығуына тынымсыз, тиянақты еңбегі себепкер болды. Ш.Қ.Сәтбаеваның ең­бек­қорлығы өмірінің соңына дейін жалғасты. Шамшиябану Қанышқызының көптеген ғылы­ми жоспарлары іске асуы керек еді...» Жылдар өтуде. Ш.Қ.Сәтбаеваның ғылы­ми қызметі тікелей байланысты болған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титуты биыл жартығасырлық мерекесін тойлап өтті. Шәмшиябану Қанышқызының оқу­шылары, оның ғылыми мектебін жал­ғас­тырушылар, Қазақстан жоғарғы оқу орын­дарының мұғалімдері, әдебиеттанушылар Шәм­шиябану Қанышқызының қазақ әдебие­тінің тарихы мен даму заңдылықтарын, оның ССРО құрамында болған халықтар және шетел әдебиетімен қарым-қатынасын зерттеуден тұратын негізгі бағыттары болған ғылыми жұмысының нәтижесі, еңбегі отандық әдебиеттану тарихындағы фундаментальды, классикалық бөлімінің бірі екеніне көздері әбден жетті. Ш.Қ.Сәтбаеваның монография­лары ой кендігімен, жан-жақты талдау терең­дігімен, бай фактілі материалдармен, нақ­ты дәлелдермен, мұқият ойластырылған құры­лысымен, тиянақтылығымен, ғылыми стилімен ерекшеленеді. Аға буын ғалым-филологтар салып кеткен әлем халықтары тарихындағы ортақты және ерекшеліктерді жан-жақты зерттеу арқылы мәдениеттер өзара байланысының тарихи дәстүрлерін сақтап қалу және оны әрі қарай өркендету өте маңызды.

620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз