• Еркін ой мінбері
  • 11 Қараша, 2014

Ақсарай аңызы

Ранжит ДЕСАИ.

Сахиб тура он екіде қақпаны жабады...
Тұла бойым дір етіп, оянып кеттім. Сағат екіні соққан екен. Бозғылт сүттей кілкілдеген сағымда ақмәрмәрлі Тәж-Махал ғажайып бір сиқырлы елес секілді болып көрінеді. Сауырағаш бұтақтары арасынан жұпаргүл тәрізді он екінші туған ай жұмбақты түрде жымияды.


Енді, қазір, қақпаның бәрі жабылып қалған шығар, оларды таң атқанша ашпайды ғой деп ойладым, мен. Көңілім бұлдыр тұман, біртүрлі құлазып қалған, ал, құлағымнан қатты ескерткен күзетшінің үні әлі де кетер емес.
Күні ұзақ Агра шаһарын аралап қызық­таудан қолым тимеді, жарық ай сәулесіне шомылған Тәж-Махалды армансыз бір көру үшін бұ жаққа кешірек, түнделетіп барып келдім. Менің қиялым айтуға тіл жетпейтін түпсіз тұңғиық сезімге малтығып қалды да, ай нұрынан құрылған таңғажайып бір үлпілдеген нәзік өрмекке шырмалып, қалың түнде ұйықтап кеткенімді өзім де байқамаппын. Оянып көзімді ашқанда, сағат екіні соқты.
Мен тағы Тәж-Махалға, оның сұңғақ мұнараларына көз тастадым. Осынау сарқылмас қазына тек менің ғана билігімде, әбден толысып жетілген, осы бір сырлы дүние жалғыз маған ғана тиесілі деген ойдан ет жүрегім шым етіп, елжіреп сала берді.
Мен одан көз жазбай ұзақ қарадым. Осынау сөнбес сұлулықты барлап, мәңгі отыра бергім келді. Тәж-Махал алдындағы тоғам фонтандарының, шапшыма атқын-ағындары жарқ-жұрқ етіп, аялы ай сәулесін де тұсап тастағысы келетін тәрізді, со мезет мен жарық пен көлеңкенің құбылмалы ойынынан жаңа бірдеңені байқадым. Сол арадан беймәлім бір елес ың-шыңсыз ағып өткендей болды.
Таң салқыны мені тұман тілімен бір жалап қалды. Денем тоңазып, түршігіп кеттім. Тосын шайқалыстан басым тақтатасқа тиді. Тәж-Махал ішінен, әріден басқан аяқтың тысыры естілді, ол бірте-бірте жақындай түсті. Тоғам бетіндегі фонтандар көлеңкесі дір етіп, сауырағаштардың қою бүрлі бұтақтары теңселіп кетті де, таңғажайып сарайдың есігі жайлап ашыла берді. Мен көзім бақырайып, сілейіп қатып қалдым.
Есіктен ұзын бойлы біреудің сұлбасы көрінді. Әлгі кісі сыртқа шығып тоқтады да, бұрылып сарайға қарады. Мұнара көлеңкесінен оның ұзын тік мұрыны, селдір сақалы мен иығына құлап жатқан толқынды бұйра шашы күңгірт көрінеді. Үйіріле соққан жел оның шекпенінің етегін жалп еткізіп көтеріп түсірді, бір сәт күмістелген кебісінің сүйір тұм­сығы жылт етті. Тағы да үн-түнсіз, қи­мыл-қыбырсыз тыныштық орнады. Тек сауырағаш бұтақтары ғана әлсіз теңселіп тұрды. Кенет қолым дір етіп, жазылып кетті де, қара ағаш таяғым жылжып, тақтатастар үстіне түсті. Тырс еткен дыбыс тылсым түн тыныштығын найсап тасырлықпен бұзып жіберді. Ол жалт бұрылып:
– Кімсің, кәне? – деді.
Мен ештеңені көрмесем де, оның өзіме қарап тұрғанын сездім.
– Жолаушымын.
– Жолаушы? Сені осындай беймезгіл уақытта мұнда әкелген нендей шаруа?
Жауап бола қоймаған соң, ол қайтадан Тәж-Махалға қарай бастады. Бұ жолы ай сәулесі оның әппақ шөлмектей қатал жүзін ап–анық көрсетті, кенет менің кеудемді буған қорқыныш із-түзсіз ғайып болды.
– Мен ай нұрына шомылған таңғажайып Тәж-Махал көркіне көзім тоймай таңырқап, тамсанып тұрып, елеусіз ұйықтап кетсем керек. Күзетшілер, тегі, мені байқамай қалған секілді. Ұйқыдан оянып кетіп қарасам, күллі кақпалар жабылып қалыпты. Сөйтіп, лажсыздан осында қалдым, – дедім мән-жайды түсіндіріп.
– Қорықпай-ақ қой! Мен саған сендім. Мен өзіңді осы арадан көргеніме, тіпті, қуанып та тұрмын. Сен секілді жолаушыны бұл маңнан көптен бері көрмеп едім, – деді ол.
Оның мейірімді үні, сүйкімді сөзі мені бір түрлі сиқырлап тастағандай болды.
– Тәж-Махал саған ұнады ма?
– Ұнағанда қандай! Оған қанша қарасаң да көз тоймайды. Қарай бергің келеді де тұрады.
– Мұның дұрыс. Ендеше, Тәж-Махалға қараған кезіңде нені ойлайсың, көз алдыңда қандай сурет пайда болады? – деді ол маған.
– Мен ол туралы айта алар ма екем? – дедім абыржып. Осынау теңдесі жоқ сұлулық пен бұрын ешқашан да болмаған махаббат тарихын қалай сыпаттарсың? Мен Тәж-Махалға қараған сайын ажал тұзағына түсіп, жантәсілім етіп жатса да, касиетті махаббат шуағынан ақша жүзі нұрланып жатқан Арзуман-Бануды21 көремін. Арудың мұң-шер мен арпалысқа толы жанары мені өртеп жібергендей болады. Өзінің шексіз де адал махаббатының құдыретті қуаты мен көз жасынан сәулет өнерінің мынадай өлмейтін де өшпейтін жауһарын жасаған император Шаһ-Жаһанды есіме аламын. Лайымда, оның, ұлы патшаның даңқы арта берсін...
– Демек, сен тек Шаһ-Жаһанды, оның Ар­зуман-Бануға деген сүйіспеншілігін ғана еске алады екенсің ғой, солай ма?
Оның келемеждей айтқан сөзіне кәдімгідей шамданып қалдым.
– Мұның өзі басқаша болғаны ма, сонда? Тәж-Махалдың ұлы махаббаттың символы екенін күллі әлем біледі емес пе?
– Әлемде ес бар ма...Сіздер Тәж-Ма­халға қарайсыздардағы, падиша мен оның құмар-құштарлығын еске аласыз. Ал, сіздер осынау ертегідей сарайдың бүткіл бейнесін жүрегінің тереңінде аялап ардақ тұтқан бір бейкүнә жан жайлы, өзінің ыстық көз жасымен оның түр-пішінін құйғаны жайлы, оның ғұмыры мен тынысы сол сұлу сарайдың жалынында жа­нып кеткенін ілуде бір болса да, ойлап көр­діңіздер ме? Жоқ! Сіздер, тіпті, оның атын да ұмытып қалдыңыздар. Иса, Иса шеберді! Сен әйтеуір бір кездері сол кісі туралы бірдеңе естідің бе?
– Иса шебер дейсіз бе?
– Иә, Иса. Әрбір бөлшегі ел-жұртқа қуаныш сыйлайтын осынау салтанатты сарайды өз қолымен тұрғызған жанның, мына, сен, тіпті, атын да білмейсің. Ол байғұс барша қозғалатын және қозғалмайтын дүниелер көркін асыл таспен мәңгілік етіп бейнелеп, тіпті, жанаргүлдің күлтесі мен бұлбұлдың нәзік таңдайына дейін даралап, бедерлеп кеткен ғой. Сен оның аты-жөнін естіген жоқ па едің?
– Ол өзі кім болған? – дедім мен дауыс­тап.
– Табиғаттың сұлулығынан соқыр болып қалған есерсоқ сорлы еді бір. Иә, есерсоқ болатын.
Мен әліптің артын бағып үндемедім. Ол маған отыр деп белгі берді де сөзін сабақтай түсті.
– Иса,   Түркістанда,  даңқты   құры­лысшы-ісмерлер  отбасында жалған­ның жарығын көреді, құрылысшы кәсібіндегі асқан өнері үшін, жұрт оны жағалай жақсы көріп, зор құрметпен «Иса шебер» деп атаған кезде, ол әлі жиырманың беделіне де жетпеген еді. Бірақ, Исаның өзі болса, қолымен жасаған жұмысына – тас пен балшықтан қалайтын қарапайым үй-жайларды қанағат тұтып көрген емес. Оның кеудесінде уа, қайран дүние, сеңгір таудың текті тастарынан сұлулығына ел-жұрт қайран қалатын, қашықтан қарағанда, ауада қалқып тұратындай болып көрінетін таңғажайып сарай салсам деген бір арман маздап жататын. Күндердің бір күнінде ол түсінде Тәж-Махалды көрді. Шебердің көңіл-көкірегінде болашақ туындысының нобайы бірте-бірте баяулап жетіле берді. Енді, Иса содан басқа ештеңеге мойын бұрмады, содан басқа ештеңені де ойламайтын болды. Жылдар зулап өтіп жатты. Ақырында салтанатты сарай бейнесі әбден пісіп жетілген кезде сағыныштан сарғайған шебер со заматта оның нобайын қағаз бетіне сызып түсірді. Бұл – Исаның бір бақытты күні еді.
Ол үлкен үмітпен өз елінің сұлтанына қарай жол тартты. Сұлтан атақты шеберді ынта–ықыласпен қарсы алды, Исаның аңсай күткен арманы жөніндегі хикаясын оң қабағымен тыңдады, бірақ сол сарайды салу үшін қанша ақша тұратынын есептей келе, ұялғанынан ұнжырғасы түсіп кетті; бұған оның әл-дәрмені жетпейтін еді.
Бұ жолы меселі қайтса да, Иса көп то­ры­ғып, күйректікке салынбады. Ол өзге жерлердегі аса бай, кұдыретті елдер жайын есітіп, со жаққа жол салғанды жөн көрді. Иса Иран еліне келді, аяулы арманын кемеліне келтіріп, келістіре айтып, самал сарай суретін көрсетіп, Иран Шаһының көз жауын алды, бірақ, оны бұл арада да бедірейме сәтсіздік күтіп тұр екен. Сол сапарында талай Шаһтар, патшалар мен сұлтандар алдынан өтті, бірақ, олардың бірде-біріне Құдай тағала сол арманды жүзеге асыруды жазбаған болып шықты.
Хош, сонымен бір күні Исаның құла­­ғына Хиндустанның ертек–аңыз­дардағыдай сарқылмас қазынасы туралы хабар жетеді, бір өлең-жырдан көркем өнердің жомарт қолдаушысы, кең пейілді Шаһ-Жаһан жайын есітіп біледі, біледі де, өшкен үміті қайта жанып, ат басын Делиге қарай бұрады. Бірақ, Шаһ-Жаһан астанада жоқ екен. Осыдан сәл ғана бұрын падишаның ең сүйікті әйелі Арзуман-Бану ақырғы сапарға аттанған екен. Шаһ-Жаһан сол Аграда қалып, қамығып, зарығумен күн-түнін өткізіп жатқанға ұқсайды. Тек өткен өмір естеліктерін дәтке қуат санаған бекзат ғұмыры біртіндеп сөніп бара жатса керек. Бұ хабар Исаны алып соқты да, ол сары уайымға салынды.
Алайда, көп ұзамай шеберге Шаһ-Жаһанның өз махаббатын мәңгі есте қалдыру ниетімен ғашық әйелінің мүр­десіне салтанатты сәулетті мазар сал­дырғысы келетіні жөніндегі хабар да жетті. Өзінің айдай арманы кісі қасіретіне кызмет етіп, мәңгілік мұң-шердің кайғылы ескерткіші болып қалады-ау деген бір кермек ой оның жанын жегідей жей бастады. Бірақ, ол өзі көрген ғажайып түсті тек Шаһ-Жаһан ғана анық шындыққа айналдыра алатынын жақсы білетін, сол себепті де бұлқыныстағы бұла жүрегін тізгіндеп, падишаның құзырына көріну үшін жолға шықты.
Исаның сөзін ықыласпен тыңдаған Шаһ-Жаһанның жауабы әзір екен: 
– Сен маған алыс жерден үлкен үміт артып келген екенсің. Аһ, қайран дүние-ай, қайғының қаратасы құлап түспесе етті, мен бейбаққа!.. Енді маған сәулетті сарай емес, қайғының қытымыр ғимараты керек. Бұ пәнидің ешбір сәулетші құрылыскері менің тілегімді жүзеге асыра алмай ма деп қорқамын. Жүр кәне, ер соңымнан. – Шаһ-Жаһан оны мекен-жайына ертіп келді. 
– Міне, қара мыналарды, – деп падиша Исаға алыста жатқан жұрттардан келген шеберлердің алуан түрлі сызықтарын көрсетті. – Сенің ойың мыналардан да асып түсе ме?
– Иә, – деді Иса зор сеніммен.
Шебер алақанын сарт еткізіп еді, дәйекшісі жетіп келді. Иесінің жарлығын естісімен, ол зып етіп шығып кетті де, төрт жібекпен бүркелген бір үлкен патнасты әкеліп қойды. Иса бүркеуішті бір сілкіп сыпырып тастап еді, падишаның көз алдына таңғажайып сарайдың саздан мүсінделген бейнесі шыға келді. Иса именіңкіреп, Шаһ-Жаһанға қарап еді, ол үн қатпады. Таңғажайып туындыдан көзін алмай, тесіле қарап тұрып қалыпты. Әне, оның көзінен жас көрінді де, булығып жылап тұрып:
– Бану! О, Бануым менің... – деп сыбырлады. Сосын Шаһ-Жаһан көз жасын сүртіп, Исаны құшақтап тұрып: – О, Иса, бұл менің арманым. Сен ұлағатты шеберсің! – деді.
Мұндай марапатты Иса сан рет есіткен! Осындай сөзден кейін оның үміт-сенімі талай рет күйреген. Тағы да торығып қалмасам болғаны деп қорыққан жігіт:
– О, ШаһинШаһ! Мендей әдепсізді шын сөзіме бола жазалап жүрмеңіз. Осынау арманға хисапсыз көп байлық қажет. Бәлкім, сіздің күллі қазынаңызды сарп ететін шығар.
– Сен енді оны ойлап мазасыздануыңды қой. Бұл – менің қам-қарекетім. Осы бір түсім қашан өңіме айналғанша, енді, менің жаным сірә да бір тыным таппайтын шығар.
Сол түні Иса тұңғыш рет алаңсыз ұйық­тады. Ол бірақ, осы бір түн өз ғұмы­рындағы ең соң­ғы бақытты ұйқысы екенін білмейтін еді.
Келесі күні Иса падишаға қайтадан тағы келді. Ол Тәж-Махалдың шағын нұс­қасына сүй­сіне қарап отыр екен. Иса келіп отырғаннан кейін, Шаһ-Жаһан бұдан:
– Иса, мен сенің көкейіңдегі арманынды іске асыруға келіскеніме қуандың ба? – деп сұрады.
– О, ШаһинШаһ! Мен өзіме енді бұ пәниде бекер ғұмыр кешпеген екенмін дей аламын. Сізге шексіз алғысымды қалай білдірсем екен? – Иса! Мен Моғолдардың бар қазынасын жұмсаудан тайынбаймын, бірақ, осы сарай әлемдегі толысып жетілген ең сұлу, ел-жұрт таңырқап, таңдайын қағатын ең ғажайып сарай болуға тиіс. Лайымда, ол, Арзуман-Банудың өзі сияқты, айдай сұлу ару-сарай болғай-ды.
– 0,тыныштықтың панасы!Мен оған өнерімнің, ісмерлік шеберлігімнің бәрін де саламын да, сенің тілеу-қалауыңды толығынан орындаймын.
– Орындайсың ба? – деді Исаға Шаһ-Жаһан, оған шаншыла қарап. Тіпті, құрбандыққа бару қаупі төнсе де ме?
– Уа, билеушім, мен со бір арманым үшін үй-жайымды, отбасымды, отанымды кұрбан еттім ғой. Менің тағы нем қалып еді?
– Ана қолдарың ше?
– Менің қолым? – деп дауыстап жіберді шебер.
– Иә. Сенің қолың бар, – деді падиша қатуланып. – Сен Тәж-Махалды салып болғаннан кейін, қолыңды шауып тас­тайды. Соған риза боласың ба?
– Ол кімге керек, әміршім?
– Иса! Ол сарай Арзуман-Банудың жәдігері. Ол күллі әлемдегі ең ғажайып туынды болуға тиіс және сұлулығы жағынан ештеңе, ешқашан да онымен бәсеке-жа­рысқа түсе алмауы керек. Ойлан, Иса! Сен өз қолыңмен қоштасатын боласың әлі.
Иса пәлен күн бойы көп ойланып, көп толғанды. Көкірегіндегі таңғажайып қиялын өмір шындығына айналдыратын қолынан айрылатынын ойлаудың өзі жан төзгісіз азап-тозақ болатын. Дегенмен, бұның бір білетіні: қолын аяса – арманы ажал жемі. Ақырында шебердің жұлдызы оңынан туды!
Енді, Иса көкейіндегі Тәж-Махал үшін Аграның түскей бетінен, Жамна өзені­нің жағасынан көркіне көз тоймайтын сұлу жерді таңдап алды. Қымбат ба­ғалы мәрмәрді Жайпұрдан тасыды, тау болып үйіліп қалған қалың тас іші­нен ең тандаулы тұтас бөлшектерін – сарғыш шандырлы ақ мәрмәрді іріктеп-сұрыптап барып алатын болды. Жер-жи­һанның әр-әр мүйісінен мыңдаған ісмер құрылысшылар жиналды. Күнді күн қуалап, жыл соңынан жылдар жылжып өткен сайын марғау мінез, ми­мырт қимылмен бір басқышқа ілесе екін­­шісі жасалып, Тәж-Махал еңсесін көтере берді.
Нұр сәулетті сарайды тұрғызуға тым ұзақ жиырма екі жылдың қажырлы да қайсар еңбегі қажет болды. Шикра мен Фатехпурдан шағылып алынған қызыл тастан ғимарат айналасының коршау–дуалы мен бас қақпаны қалайды. Ақыр соңында Тәж-Махалды падишаның өзі келіп көреді. Кәріліктен тізесі дірілдеп, аяғы әлсіреген ол осынау теңдесі жоқ сұлулықты көрген сәттен бастап, бойына соны бір күш-жігер қосылғандай болып сезінеді. Ол кестелі шымылдықты бір серпіп ашып, паланкиннен түсіп, Тәж-Махалға келіп кіреді. Сарайдың төрт қабырғасына түгелдей асыл тастар шашырата қа­да­лыпты. Оның дәл орта­сындағы тас төбе­шікке екі сағана тұрғызыпты: оның бі­реуі – Арзуман-Бануға қойылса, екін­шісі – Шаһ-Жа­һанның өзіне арналған. Арзуман-ханымның қорымына асыл тастармен Құран Кәрімнің аяты бедерлене жазы­лыпты. Падиша тағы да қайғысына қамығып, жаралы жүрегі қансырап, тұн­шыға жылап жіберді. Жұрттың бәрі жым-жырт болып, бақытсыз билеушісіне мұңайып қарай берді. Сезім еркімен елжіреп кеткен падиша бойын жиып, көзін сүртті де сарайдан шығып кетіп қалды.
Шаһ-Жаһан бас қақпа алдына шығуы мұң екен, сол араға жиналған сан мың адам: «Шаһ-инШаһ жасасын! Падишаның даңқы артсын!» – деп үш мәрте қиқулап, дуылдасып жатты. Шаһ-Жаһан құрылысшылардың бәріне асқан жомарттықпен сый-сияпат жасады: әрбір жұмысшы қолына алтын сақина салса, әрбір шеберге асыл тастарды тарту етті. Ал, Исаны Шаһ-Жаһан айқара құшақтап:
– О, Иса! Мен саған нені тарту етем? Нені сыйлаймын. Одан да не тілейтініңді өзің-ақ айтшы, – деді тебіреніп.
– ШаһинШаһ, маған байлық та, бағлан­дық та қажет емес, атақ, дәрежеден де аулақ жүрсем деймін. Маған – қолым ғана...
– Жоқ! Жоқ, Иса, жоқ! Оны сен сұрама, мен – естімедім.
– Мені аясаң еді, әміршім! – деді Иса қиылып. – Менің мына қолдарым ен­ді қайтып Тәж-Махал тәрізді дүниені ешқа­шан да сала алмайды.
– Жоқ! – деді Шаһ-Жаһан даусын көтеріп. – Үніңді өшір, Иса. Менің тәуекел етер жайым жоқ. Тәж-Махал – Арзуман-Банудың ескерткіш мазары, мұнымен тепе-тең түсетін ештеңе болмауға тиіс. Сен қайғырма да қамықпа, Иса. Сен қолыңнан айрыласың, бірақ, ешқашан да ештеңеден мұқтаждық дегенді білмей өтесің. Сен менің сарайымда тұратын боласың, саған Жер-ананың ең ұлы шеберіне лайық құрмет пен қошемет көрсетіледі.
Исаның еңсесі түсіп кетті. Жанарынан жас парлады. Соған қарамастан Шаһ-Жаһан оған:
– Иса! Қолың шабылмай тұрғанда, сен тағы да жақсылап бір ойланып алып, Тәж-Махалда жетілмей қалған бір­деңе жоқ па екен, соны айтшы? –деді кекірейген күйі.
Иса басын әзер көтеріп, өзінің сүйікті перзентіне жаны ашығандай қамыға бір қарап шықты да:
– Мен бір нәрсені ұмытыппын. Рұқсат болса, соны өз қолыммен жасайын, – деді ол бәсең үнмен.
Шаһ-Жаһан басын изеді. Иса бал­ғасын алып, сатымен жеделдетіп өрмелей жөнелді. Күмбезге жеткеннен кейін, ол бір қолымен оның төбесіндегі ай-орақтан ұстап, қолын­дағы балғамен, шеге қаққандайын бір жерді үш рет соқты. Сосын, ол бір сәт қимылсыз тұ­рып қалды да, төменде жиналған қа­лың нөпірге, өзін қалт етпей бақылап тұрған Шаһ-Жаһанға қарап, көзінің жасын сүртті. Со елге ол енді қазір төмен секіретіндей бо­­лып көрінді.
– Онда не істелмей қалған екен? – деді Шаһ-Жаһан.
– Күмбездің төбесінде жартыкеш айдың жанындағы бір тас сылқылдап тұр екен. Соны бекіттім. 
Падиша жендетін шақырды. Иса ақыр­ғы рет өз қолына абайлап қарады да, бар күшін бойына жинап, тасметін кейіппен дарағашқа барып қолын төседі. Жендет құлашын жазып бір сермеп, оның қолын шынтағына дейін шауып тастады.
Тәж-Махал алдындағы тоғам фон­тандары атқылап қоя берді де, оның теңеуге тіл жет­пейтін сұлулығы жайындағы атақ-даңқы жалғанның жарығына жайылып жүре берді.
Сыбырлап жаңбыр жауды. Оның бірер лай тамшысы күмбезден өтіп, Арзуман-Банудың зиратының үстіне тамыпты. Падиша дереу Исаны шақырды, анау жайсыз хабарды естісе де селт етпеді, сабырлы қалпын сақтады.
– Әміршім, – деді ол. – Сол бір соңғы күнде мен осындай жәйт болсын деп әдейі істегенмін.
– Дәтің қалай барды?! Падиша ашу–ызадан дірілдеп-қалшылдап кетті.
– Неге? Неліктен? – Иса қырылдап күлді де қойды. – Әлемнің асыраушысы ашуыңды бас! Арзумен-Бануға деген махаббатың сенің көкірек-көзіңді соқыр етті. Сен өз махаббатыңды мәңгі есте қалдыру үшін Тәж-Махалды салдырдың. Бірақ, сенің сүйіспеншілігің қараниет-қарау махаббат болатын, сен мардамсыған менменсің, сол себепті де жер бетінде Тәж-Махалдан өткен таңғажайып ештеңе болмасын деп тіледің. Ал, сен сұлулықтың қатыгез қол­да солатынын, дөрекі зорлыққа, қы­сымға төзбейтінін білесің бе? Мен бір Тәж-Махалдың жолына бәрін де құрбан қылдым, менің махаббатым риясыз пәк­тұғын. Тіпті, сол үшін қолымнан да ай­рылдым. Және ең ақырғы ісімді де Тәж-Ма­халға бола істедім.
– Тәж-Махалға бола?
– Иә, ШаһинШаһ. Сен бұл дүниеде қожайынсың. Ал, егер күні ертең табиғат сенің текірек-көкірегіңді басып тастағысы келетін болса, сен оған қарсы тұра алар ма едің. Тәж-Махалды қас-қағымда тып-типыл сыпырып кететін қаптай соқ­қан қара дауылға қарсы қалқан болар қауқарың бар ма? Оны әп-сәтте от-жалынды тілімен бір жалап жоқ қылатын найзағайға не істей алар едің? Тап сондай кезде мына шолақ қолыммен мен оны қайта сала алар ма едім? Соны ойлаған кездері зәре-құтым қалмады. Міне, мен оған бәле-мәтер мен бақытсыздықтан сақтайтын таңба-белгімді қойдым. Енді, бұдан былай жауынды күндері Арзуман-Банудың сағанасына тамшылар таматын болады, ол – менің аққан көз жасым. Мен жаратушы жан иемнен асылымды қорғай гөр деп жалынам, оған басым жерге тигенше тағзым етіп: «Менің судан тұнық туындымды мүсірке, күллі ғұмырымның арман-мұратын құрта көрме. Менің ыстық көз жасым – саған шалған мәңгілік кұрбандығым. Менің Тәж-Махалымды сақта!» – деп мінәжат етемін.
Исаның нұрлы жүзін көз жасы айғыздады. Беті күйіп, іштей абыржып, Шаһ-Жиһан тұр сілейіп. Сол сәтте аспаннан тағы көк­ала бұлт сөгіліп, жаңбыр төгілді, Тәж-Ма­хал­дың күмбезінен тағы да тамшы тамды. Бұл Исаның қан жылаған жүрегінің тамшылары еді.
Содан бері қарай да жаңбыр талай рет жауып, талай рет басылды. Қызыл қорғанда Шаһ-Жаһан семіп бара жатты. Қашан актық демі үзілгенше ол Арзуман-Банудың мазарынан көз жазбады. Падиша да о дүниелік болып, ғашық жарының жанынан жай тапты. Иса көз жұмғаннан кейін оған арнап, Жам­наның жағасынан мазар салды, бірақ, өзен буырқанып бір тасығанда, оны жуып кетті. Содан бері қарай Иса бейбақтың жаны жай таппай сергелдеңге түскен. Дауыл ысқыра соғып, найзағай жарқылдап жатқан көздері Тәж-Махал төңірегінде тентіреп жүреді. Күмбез саңлауынан жауын тамшылары тамады, ол Исаның:
– Шолақ қолды шебер байғұсты мүсірке! Дәрменсіз дәруішке кектенбе, оны мүсірке! – деп Тәңірге жалбарынатын мұң-зары. Тап сондай сәттерде дауыл толастайды да, Тәж-Махал бұрыңғыдай жер-жиһанға ажар-көркін беріп, жайнап тұрады...
Әңгімеші сөзін үзді. Аз ғана үндемей қалды да, баяу, қоңыр үнмен қайта сөйлей бас­тады. 
– Сен Исаның тарихын көңіліңе тоқып алдың ба? Тәж-Махал падишаның өшпес–өлмес махаббатының гимні емес, ол – Иса шебердің ұлы еңбегі мен құрбандығы жөніндегі қасіретті де қасиетті жыр... Енді, жөнел. Жолаушым. Таң ағарып келеді. Мен кеттім. – Ол кетіп қалды. – Тоқта! Сен бұл тарихты қайдан білесің? – деп айқайладым мен оған. Ол тек мойнын бұрып бір қарады да, жүрісін жылдамдата түсті. Менің тұла бойым түршігіп, селкілдеп кетті. Мен оның қолын көріп қалған едім оны шынтағына жеткізе шауып тастапты. 

Аударған 
Әбілмәжін Жұмабаев 

21 Арзуман–Бану (1627–1658) – Ұлы Моголдар әулетінен тараған Шаһ-Жаһан патшаның әйелі, оның тағы бір есімі – Мұмтаз-и-Махал.

554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз