• Заманхат
  • 11 Қараша, 2014

ИТАЛИЯ ТУРАЛЫ АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Алғы сөз

Сағати көзбен болашағыма барлау жасасам шалғайдағы Италияның айнасы Тосканияның гүлбағы – Флоренцияда боламын деп осал талматүсіме де кірмеген еді. Сапарнамам сәрауар– пір, үлгі тұтатын қасиетті кенжем Динараның әкесіне деген құрметі арқасында іске асты! Ол жарық дүние есігін ашқанда:


Жайдарлы үніңмен, 
көңілімді аулайсың.
Айналдым өзіңнен –
өзімнен аумайсың!
Баптаған гүлімсің, 
ауламда қаптаған.
Жазбаған жырымсың,
ұйқасын таппаған.
Боларсың данышпан, 
ойлайтын тереңнен.
Даңқыңды алыстан –
армандап келем Мен! – дегенім бар-ды. Соның аз да болса іске асқанына, Алла тағалама тағзым етемін! Соның қамқор­лығының арқасында Алматы әуе­жайынан сондай-ақ, Еуропаның мәдени астанасы – Ыстамбул мен Боливия қалалары арқылы Флоренцияға аяқ басқанымды иншала бас­қаларға ғибрат етемін.
Алғы сөздің басталуы осы!

Өмірдің мағынасы ән ұраны – 
аңыз, ертегіден тұрады 
Пролетариаттың ұлы жазушысы Мак­сим Горький патшалық Ресейдің қудалауынан пана іздеп, 1906-1913 жылдары Италияда жүргенде автордың сөзімен айтсақ, XX ғасыр басындағы Италиядағы өмірдің нақты суреттерінен сыр шертетін ертегін жазады. «Ертегіде» кітаптың бас­ты кейіпкерлері еңбекқор халық екенін қарасөздің құдіретімен нақты түйіндеген. Өнер алды қызыл тілмен, хас жүректен шыққан ішкі сезім әуенін сыбызғыдан шыққандай сыңғырлатып, Италиядағы қатал шындықтың бет пердесін ашыпты. Табиғат дарытқан өнерінің алдында тұрмыс-тіршілігінің көрінісі арқау болыпты. Иә, көңілдегі орыс қаламгеріне еліктеген ой-тілегімнің қайсыбірін айтайын. Одан да содан бері ықылым кезеңдер өтсе де қаламгердің кейіпкерлерінің шырқау биіктерге көтерілгенін оқып, олардың бүгінгі әлеуметтік-қоғамдық қатынастары, салт-дәстүрінің өресіне таңданып, ұлы қаламгердің 1911 жылы жазған «Үйлену» деген әңгімесі ойға оралады. Онда Рим мен Генуей коммуналары арасына қатынайтын пойызға мен сияқты жасы ұлғайған қарт кіріп, жайғасқан соң:
– Қайда барасыз, – деген сауалға жымия күліп, тіссіз аузын асқита ашып:
– Үш аялдамадан соң түсемін. Немеремнің үйлену тойына бара жатырмын! –  деп басынан өткен қиыншылықтарын: он үш жасында әкесі қайтыс болып, анасы сырқат екен, содан дәрі-дәрмек пен қарыздарын өтеу үшін әкеден қалған жер мен үйін сатып, күнкөрісі қыл үстінде тұрған шақта өмірге құштарлығы мен жастық шақта кез келген жұмыс атқара алатынын танытып, он тоғызға толғанда өзі сияқты кедей Идаға үйленіп, сондай-ақ, тегеурінді, ісі мығым жұбайы отбасы, ошақ қасы функциясының шеңберіндегі шараларға орысша частушкасы: 
«... Я и лошадь, я и бык,
Я и баба, и мужик...» айтып, әзілге беріліп, ыйықтарындағы ауыр жүкті әйел мен еркектің сезім махаббатымен жеңгендерін айтып, Солтүстіктегі Лигуриец тұрғыны ширақ қимылмен пойыздан түскен. Мен де лигуриецтік шалдай әлі де мығым, өмірге құштарлығымды және кызымның отбасылық тұрмыстық жайын өз көзіммен көруге құмартқаным – ақын Олжас Сүлейменов айтқан: «Қазақтар нағыз толстойшыл халық» дегеніне қарсылығым емес, өзімді қысқа әңгімелерімен жанымды баурап алған, оқиға желісінің мәйегін шаққан чеховшылар қатарына жатқызамын. М. Горькийдің «Сказка об Италии» кітабын біріне-бірі ұқсамайтын, алайда эмоциялық әсері жадыңнан қалмайтын жиырма жеті шығармалары ішіндегі ең үздігіне жатқызамын! Осы әңгіме санамды сан жаққа жүгіртеді. Сезім-түйсігімді қайшылағандай қиялымды желпілдетеді. Ақырзаман туралы көп айтылатын кезеңдегі Ғаламшардағы мемлекеттердің ішкі саяси өзгерістері, әлеуметтік процестері, АҚШ-тың мұ­сылмандарға деген көзқарасына бай­ланысты қайшылықтар, әртүрлі діни секталардың жетегіндегілермен күрес – әмбесі бір тамшы көздің жасындай горькише болашақты жорамалдап жаза алатындай кейіпкерлерінің де айта алатындай сөздерінің жетіп жатқанын аңғартады. Мен де сондай кейіпкерлердің бірі екенімді қатты сезінгендеймін. Бас құдам, қызымның жанжары Франческоның әкесі Агостиноға, оның екінші ұлы Робертоға қазақи шапан кигізуге асығып келемін. Сондай-ақ, жиендерім, орысша-қазақша сөйлеуді анасынан үйренуге талпынған Марко мен Андриэнің бетінен сүюге құсша желпінемін.
Тамыздың 29-да таңертең Алматы әуе­жайынан Ыстамбулға бағыт алған әуе кеме­сіндегілерше сыртқа қарасам: арайлап атқан таң шапағының бояуына кенелген табиғат жыл тәулігіне екі мәрте гүлдейтінге ұқсайды. Жазғытұрым айнала-төңірек ақ ұлпадай гүлге бөленсе, ал, қазір сары-қызғылт гүлдер құлпырған, әсіресе, өрік ағашына дүрбімен қарасам жапырағы түгел гүл болып кеткендей. «Қып-қызылау, қып-қызыл!» деп мен таңғалғанымша әуе кемесі бұлттың үстіне көтеріліп, жер-әлемнің бетіне ақша бұлт шымылдық жапқандай...
Бес-алты сағаттан соң бай мәдени мұра­сының арқасында әлемдік метрополиялар арасында ерекше орын алған Ыстамбулға қонғанымызда әуежайдың айналасы алтын сәулеге шомылған, үлбіреп мизам ұшқан, ашық реңге малынғандай әрлене, шымқайлана түскен әсем көрініске тап болдық. Жиын-теріннің соңғы айы қазанға дейін бар шаруасын жайлай алмағандарға табиғат қосымша мәулет бере алмайтындай. Піл сауырлы қара жер барын бергендей, рахат құшағында дамыл тапқандай. Ырызықты даланың думаны тәмамданып, ендігі жерде екбеккер елдің сапардағыларын көңілді қарсы алатын сабан тойы басталғандай түс береді. Әуежайдағы ығы-жығы халықтан аяқ алып жүргісіз, тек түрік тілінде ғана сөйлесетіндерден оңды жауап ала алмай, орыс тілінде немесе қазақша тілдесетін жан таба алмай түн жарымға дейін қатты қиналдым... Содан жас кезімдегі бастан кешкен жетім­дігім ойға оралып, көпшіліктен бөлектеу, оңаша Болонияға ұшатындарды тіркейтін жердегі жолаушыларға қо­сы­лып, жолсапарда серігім болған, 1977 жылы Саратов қаласында жарық көр­ген М. Горькийдің «Италия туралы ертегі» кітабын ақтарып, ойымды кейіпкерлердің шытырман оқиғаларына бұрдым. Жазушының рухани кеңістігі мен интеллектуалды танымдылығы, нағыз сенсациялық ізденістерінің шындыққа айналғандарын көңілге тоқыдым. Италия туралы тәмсілдерінің өресі аса ауқымды, бояуы қалың палитрасы «Пармы балалары» әңгімесіндегі теміржолшылардың жалақыны арттыру туралы Гену қала­сындағы бекет алаңына жиналғандар арасындағы теңізші, генуелік Христофор Колумб (1446-1506) ескерткіші маңында, ол Американы қалай ашқаны жөнінде таласып, сөз жарыстырып жатқанда Италиядағы ұлт-азаттық көтерілістің кө­семі Гарибальди Джузепп (1807-1882) туралы Гимн әуені шырқалып, әуезге қосылғандарын өткір тақырыпқа айналдырып, шынайы шығарма жазып қалдырғаны, қажыған ойымды сергітті. Ақыры түн жарымда әуе кемесіне жайғасып, Ыстамбулды артқа қалдырдық. Жерорта теңізінің үстімен етіктің конышындай көрінген Италия аспанында қалықтап, Сицилия тұсынан Болония әуежайына қондық. Жолаушылардың соңында тысқа шықсам мұндағы жаз шалғыны мол өскен жоталар мен құйқалы қойнаулар маған ашық рең танытқандай әрлене түскен. Әне, алғашқы әсерім сол-ақ екен неше түрлі: негр, мулат, тағы басқа ұлт­тар­дың арасынан Динарамның ұшқан құсша желпініп:
– Көке, «коме стай?!», – деп құшақтағанын байқамай да қалдым. Мен де италянша:
– «Милле грация!» Рахмет,жақсы! – деп екеумізде қуанышқа бөлендік. Ол жеңіл мәшинесіне жабдықтарымды салып, әуе­жайдан жүз шақырымдай Флоренцияға жол тарттық. Маңайыма қарасам мұнда да ерсілі-қарсылы ағылған жеңіл және жүк мәшинелер толқынды теңіздегі шағалаларға ұқсайды. Рульдегі қызым мығым, көңілі шалқыған, тым көңілді. Мен болсам шыбын жанымды шүберекке түйіп алғандаймын: «О,Жаратқан! Өзің сақта жол апатынан, ағылған көліктегілердің бәрі де аман-есен калаған жерлеріне жетсе екен!», – деп іштей мұсылмандығыммен жан эволюциясының негізіне басамын.
Шынында, Италия жайдарлы қысы мен тамылжыған жазы өзгермейтін, өсім­діктері әртүрлі, жоталары таулы-тас­ты, ғажап көлдері көп екен. Егістіктерінде жү­зім, жүгері, қауын-қарбыз көрдім. Фло­ренциядан он екі шақырымдағы үй­леріне жақындағанда күйеу балам Фран­цеско «Папа» деп, жиендерім Марко, Андриэ өрістен қайтқан төлдерінің аналықтарына маңырап жүгірген қозы­лардай «Аташка, привет!» деп қарсы алды. Білген италянша-орысшамды қосып мен де: «Нон чэмале,неплохо!», – деп бет­терінен сүйіп, жиендеріммен қауыштым. Олар: «Прэго!» (Пожалуста,проходите!) деп же­міс ағаштарының саясындағы екі-үш қабатты үйіне кіргізді.
Италиядағы кездесулер Еуропа өрке­­ниеттілерінің нағыз ертегісіндей күй кештірді. Соның ішінде, Флоренция қос жанарымды баурап, әсем көрі­ністерге деген ыстық сезімдерімді оятып, әдемі әйелдерге құмартқандай ерітіп әкетті. Қайта өрлеу дәуіріндегі сәу­лет пен мү­­сін­деу өнері озат талабынан туын­даған заманауи мұражайлар, бейнелеу өнерінің кейіпкерлері тіріліп келгендей қиыла карап: «Мені де еске ала жүр, саяхатшы?!»дегендей қиял-қанатыңды оятады. «Біз де сендей о дүниелік болғанда, бізді ешкім елемес» деген қазымыр ойға батырды... Әлемдегі бизнестің қарыштап дамып, рухани жетістіктерді екінші орынға сырғытқанына қарамастан ита­лияндықтар өз мәдениеті мен салт-дәстүрін таза сақтағанға ұқсайды. Неше түрлі ұлттың қаны мидай аралас­қан­дық­тан болар, шетінен алғыр да іскер, әдетіне салты сай тез өркендегені бай­қалады. Жаңадан өркен жайған айдай әлемді ғажайып құрылыстары, болашақ бағдарламаларымен таңдандырған Қазақстан Республикасы дегенде ынты­мағы жарасқан елімізге ықылас-пейілдері жарқын және де шетінен үйіріле кетеді...
Қызым екі ұлы мен мені мәшинесіне отырғызып қаланың көрнекті жерлерін көрсетуге шыққанда жол-жөнекей күртік мұрынды жыбырлаған шомба қарт жолығып, жол шетіндегі егістігіндегі қауын-карбызынан дәм татырды.
Сосын, бетіме бадырайып қарап:
– Ұлттың кім? – деді.
– «Ио парло лилальяно!» – дегенімде ол қалайша,– деді таңданып.
«Я говорю по-италиянский» деген орысша жауабымнан басқа ұлтқа баласа керек...
– Қазақ деген көшпенді халық, бүгінде бүкіл әлемге танымал.Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасыр бұрын тәуелсіздігімізді жариялады.
Ол: 
– Онда үлкен коммуна ма? Қандай дінді ұстанасыздар? – деп сұрақтарын жалғастырды.
– Жеріміз ұшан-теңіз, оған бірне­ше Франция немесе бірнеше Еуропа мемлекеттері сыйып кетеді. Мен мұсыл­ман.
– Бұрын жалшылық шаруа мен шұғыл­данған көпшілігіміз құл болғанбыз. Ал, қазір барлық дәулет, жер мен су да – халық игілігінде. Көп сөйлеп кетсем сөкпе? Ел-жұртыңдағы мен сияқты шаруаларға сәлем. Италиянша: «Аррив эдэрчи!» деп қоштасты. Ол орысша «Досвидания» деген тілегіне менен бұрын жиендерім қуанды. Жұмыр жердің сонау бір шетіндегі католик дініндегі бүтіндей басқа бір жаратылыстағы елдің көпті көрген қайраткер шалымен сұхбаттасу көңілімді рахатқа бөледі! Құдайға шүкір, жанымдағы жиендеріме де лұғат әсерін танытқандай болды.
Мұнда жыл бойы жаз. Өсімдіктер көгереді де тұрады. Қызыл-жасыл гүлдері құлпырған ағаштардың бір бұтағы сәл солғын тартса, қаңтарда қайта шешек атады. «Шіркін-ай, Қазақстандағы бар түбектер үнемі осындай солмай көктеп тұрса ғой деп армандадым». Оңаша ойым отаным деген сүйіспеншілігімді оята түсті...
М.Горькийдің «Италия туралы ертегі­сі­нен» оқып, көңілге тоқығандай әр шығармадағы кейіпкердің өз кезеңі барлығын ұқтым. Иә, М.Горькийдің шығармасында бәрі де айтылып, қағазға түскен сияқты. Оның мана жолыққан кейіпкерімен менің де сезімтал жүрегім қоса соққандай. Неге солай толғап жаза алмай келе жатқаныма үш мың жылдық тарихы бар көшпенділігім кінәлі емес, өзімді қитарқы сындармен жерден алып, жерге саламын. Дәмегөйлігім басылып, арда туған дана қаламгердің данагөй рухына бас иемін! Орыстың ұлы қаламгерлері: А.Блок, Ф.Достаевский, А.Герцен, Н.Гумилев, А. Ахматова, композитор П. Чайковский шабыттың шырқау биіктеріне «Ойпырмай, ә!» Фло­ренцияның Арно өзенінің бойында қа­нат бітіргендеріне әлі қайран қаламын! Соған қоса Пиза қаласындағы Санта-Ма­рия сарайындағы көздің жауын алған суреттері. Атақты Рафаэль мен Пьерао делла Франческо мен Боттиллидің бояу­лары келісті қыл қаламның полотнолары – өнердің нағыз меккесіне айналған! Жерге ауып, кұлағалы тұрған Пизан мұнарасына сүйеніш болғысы кеп ынтыққандар қаншама!. Ал, мен байқұс Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан Момышұлының «Восхождение к Отцу» кітабын ұстап, Ұлы Отан соғысы кезіндегі Мәскеуге 200 ша­қырым қалған фашистерді тойтаруға бар күші мен намысын жаныған қазақтың нағыз ер жүрек Батыры Бауыржан Мо­мышұлының ерлігі туралы жанымда тұрған Молдавиядан келген Наташа Андронинаны сөзге тартқанымда ол: «Кі­тапта 28-гвардияшы-панфиловшылар ерлігі туралы жазылғанын оқығам. Өткен жылы Алматыдағы туыстарыма ко­наққа келгенде олардың атымен аталатын саяжайдағы соларға арналған алау – ескерткішке гүл шоқтарын қойғам» – деді. Қазағымның даңқты Батыр ұлы Бауыржан Момышұлының ерлі­гін мақтанышпен қасындағыларға әңгі­мелеген Наташа қазақстандықтарға аман-есендік тілеп қоштасты.
Флоренцияның оң жақ беткейіндегі Физаоладағы ауласында алма, жаңғақ, алмұрт, тағы да басқа жеміс ағаштары мен әр түрлі гүлдері құлпырған жасыл желектерге су құйып, ауланы тазалап жүр­ген қос жиендеріме қосылып, шиден жасал­ған сыпырғымен шаң-тозаңды сыпырып қолқабыс жасадым. Қоян-қолтық көршілестер, көшелерде әрі-бері жүргендер жатырқауды білмейді. Ақ жарқын күлімдеп тұрған адамдарды көрдім. Мейірлене. Флоренция маңындағы саяжайдағы жасаулы дастарқанда Франческоның әкесі, менімен кұрдас 78-ден асқан Агостина мен оның екінші ұлы Робертоға қазақи шапан жауып, бастарына бұрынғы хандарымыздың қалпағын кигізіп, ұялы телефоныма салтанатты сәтті бейне кө­рі­­ніске түсірдім. Тағдыр қосқан құдам­ның жұбайы Жулия, екінші ұлының жұбайы Венильда сөздерінде Италия мен Қазақстанның қарым-қатынасындағы өзара экономикалық қатынасқа ұлт пен дәстүр айырмашылығымызға қарамастан мәдени ынтымақтастығымызға сайма-сай келетін, «заманақыр таяп қалды» деген алып қашпа сөздерге тұсау қоятын құда-жекжаттық қатынасымыз нығая түсіп, біздің де әлемді таңғалдырған Тәуелсіз Қазақстан Республикасына барып, құрмет көрсетер күнді асыға күтеміз деп қысқа да мағыналы тілектерін біл­дірді.
Халық көп жиналатын әкімшіліктің алдындағы сәулетші Алимондо Чиампенидің (1876-1939) барельфі сонадайдан көз тартады. Шамамен 17948 тұрғыны бар мұндағылардың көпшілігі екі қабатты бау-бақшасы бар, өз күшімен салған үйлерді паналап, тиімді ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысады екен. Жүзімдіктен жиналған мол өнімнен дәмі ауыздан кетпейтін шараптарын басқа мемлекетке шығаратын болыпты. Бау- бақшадағы шұғыл жұмыстарын тындырып болған соң қарттардың көпшілігі шағын көше шетіндегі демалыс кафелерінде бас қосып, теледидардан әр түрлі қызық оқиғаларды тыңдап, футбол жарыстарын көріп, әлемге аты-жөні мәшһүр суретші Гаспаро Насуто, тағы басқалардың өнерлері жөнінде естігендерін басқаларға айтып, газеттегі суреттерін көрсетіп, жерлестерінің табыс­тарына ризашылығын бала-шағаларына үлгі етеді. Мысалы, 2013 жылдың жазында Алматыда өткен қуыршақ карнавалында суретші Гаспаро Насуто «Ең үздік әртіс» атағына ие болғанын қасындағы куыршақ өнеріне мән бермейтін дилетанттарға айтып, таң қалдырғанның куәсі болдым қастарында отырып, газеттерін ақтардым. Тілдерін жөнді ұқпасам да жымыйып күлімдедім.

Соңғы шегініс немесе 
көргендерімнің жалғасы
Италияны іштей ұнататындардың қата­рында ақын И.Бродскийді ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол бұл жердің әсем өзендері мен жаныңды рахатқа бөлейтін табиғат көркіне ерекше ғашық болған. Оның жырларымен казақтың Мұқағалиындай  дүл-дүл ақыны Аманхан Әлімұлы таныс па, жоқ па білмедім. Алайда, отандасымның жас кезінде жазған «Алма ағашы бүр жарғандағы» төмендегі шумақтары:
Табиғаттың бұлжымайды заңы кіл, 
Ақпан өтіп шешек атты тағы гүл.
Өзендердің бүйректері бүлкілдеп,
Еркіндікті аңсап жатқан шағы бұл, – деген алғашқы шумағы И.Бродскийше жырла­ғандай әсер етеді... «Көңілім заһирасына салдың ұя» деп Абай айтқандай, осындай жырлар жазған қос ақынды Ғазизаға балаймын, ғибадаты мол ғайнол-хаят мәңгілік жыр бұлағындай көремін! Раунақ нұрдан жаралғандай сезіміңді селт еткізетін қос елдің ақындарын өресі биік индивид, әрі дербес уникумға жатқызамын!
Композитор П.И.Чайковский дөкілше (алғыр құстың бір түрі) мәттақам, әрі сәруар пір жел соққанда қамыстың әуезін тыңдайтын қайым еліктегіш болған. Ән шығаруға қолайлы жерім деп Флоренциядан бауыры Модестуға жазған хатында ішкі эмоциясын тежей алмайтын сәттерін ашық айтқан. Бірінші би – халық, екінші би – тарих екенін қатты мойындаған италияндықтар шет елдіктердің жағдайына көңіл бөлетіндері, қолайлы жұмыс табуына мүмкіндіктер жасауға, тілді меңгеруге тегін курстар ашып, қоғамға жедел сіңіп, адаптациялануға септесетіндігі көңілге қонымды! Соған қоса жоғары оқу орындары мен орта білім алатын ұжымдар жанынан орысша сыныптар ашылған. «Радуга» сыныбындағы оннан аса балаға Ирина Владимировна Двизова дәріс береді. Орыс тілін тез де жетік меңгеруде шәкірттерінің ата-аналарының көмегі зор екенін, олар балаларына кешкісін жатарда орыс ақын-жазушыларының шы­ғармаларынан өлең, тақпақ және ертегілер оқып, үй тапсырмасын орындау­ларына жәрдемдесіп тұратынын айтты.
А.Пушкин, М.Лермонтов, А.Фет, Ф.Тют­чев, Н.Некрасов шығармаларынан үзінділер келтіріп, түсінбеген жерлерін италиянша айтып отырған Динар ұлдарының ұйқыға кетер алдында Марко мен Андриэні беттерінен сүйіп, шамды сөндіргенін байқадым. Орыстың ұлы ақыны А.Пушкиннің де өзін аялап, баптаған нянясы Арина Родионовнаны жақсы көріп, ол да кітап оқығанда, ертек, әңгіме бастағанда маужырап ұйқыға шоматынын еске алдым. Қазақ киностудиясы түсірген «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлде ойнаған актер Меруерт Өтекешованың 1986 жылы 23 сәуірде тосыннан жүздесіп қалғанымызда қасымда тұрған Динарама: «Бақытты бол!» деп қолтаңбасын бергені, оны мен көзімнің қарашығындай сақтап, Италиядан қайтарда қызыма жеке суреттер альбомына жапсырып: «Болашақта ұлдарына айтуын өтіндім. Кинодағы Меруерттей айдай таза, күндей нұрлы қыз тапсаң атын саған қолтаңбасын берген актердің атымен ата?!» – деп өтіндім.
Қаланың әшекейлі дүкендерінің бірінде алматылық Елене Еругловаға жолығып,  мән-жайды сұрағанымда, оның Виржиния деген қызы да орыс тілін оқытатын сыныпқа барады екен. Кейде алматылық таныстарына Виржинияға «Дружные ребята» газетін алдыратынын айтты. Еленаның тәуелсіз Қазақстанның Президенті, Қазақ елі мемлекетінің тұңғыш көсемі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген ыстық сәлемін жолдап, тұйықтан жол тауып елін, жерін барша әлемге танытқан Елбасымызға ұзақ ғұмыр тіледі. Айтқандарын ұялы телефоныма түсіріп алдым.
Азия – Еуропа – Қазақстан және Италия десек, қос мәдениет пен екі әлемдегі әлеуметтік жағдайды көз алдымызға кел­тіреміз. Қазір біздің азаматтарымыз визамен барып-келіп, өздерінің ыңғайына сай жұмысқа орналасудың жолын тапқан. Мысалы, алматылық суретші қыз Фарида анасы, М.Әуезов атындағы Академиялық қазақ драма театрында қызмет атқаратын актер анасы Раушан Дәулетшинаның рұхсатымен Флоренцияда қалып, алдымен мейрамханада жеңіл-желпі жұмыстар атқарып, Италия тілін меңгерген соң мейрамхананың директорлығы қызметіне тағайындалған. Мұндағы жерлестеріміз бір-бірімен өзара ынтымақты, әрі бауыр­малдығын айғақтағандай қонақ асын беріп, қазақтың ән-күйлерін айтып, ақар-шақар думан кешінің сәнін келтірді. Неше түрлі ұлттың қаны мидай араласқан ел болғандықтан шетінен өнерпаз, алғыр да іскер, әдетіне салты сай тез өркен жай­ған Қазақстанға ықылас-пейілдері жар­қын, шетінен үйіріле кететін жандармен жүз­дестім!
Ертесінде Пьяцалле Микеладжело ес­керт­кішінің көшірмесі Давидке қарап, адам еркіндігіне, жас балаша періште қалпына, денесіне қызықтым. Осы алаңнан Арно өзені бойын жағалаған қолөнер шеберлерінің, суретшілердің сатуға әкелген бұйымдарын көріп, жас кезімде Жаркент қаласында балалар үйіндегі тәрбиешім Ыбрайымжан Кішіковты еске түсірдім. Оның да өзіндік өнері: сурет салу және кішкентай фото аппаратымен тәртіпті, елгезек Шәкірттерін суретке түсіріп, асханадағы  кіре беріс дәлізге іліп қоятыны, мектеп мұғалімдеріне көрсетіп: «осы балаға оң көзбен қараңыз!» деген өтініш тілегін еске түсірдім. Нағыз өнерге айналған фотограф сырын жетік білетіндерге бұл қазір табыс көзіне айналған. Алаңға келушілерге: «Қарашы, қандай әдемі шықтыңыз! Пұлын беріңіз! – дегені фотокамера – қас-қағым сәтті бейнелеу құралы екеніне сүйсіндім. Сондықтан, М.Горькийдің Италияның жастары туралы шығармасына  моноспектакльше үндесіп кейіпкердің зайырлы қоғамдағы асқақ сезімнің сұлулығын негативке қалдырғандай суретке қиял-канатын желпіндірген. Рафаэльдің Мадоннасы мен Леонардо да Винчидің әйгілі Джокондасын тамашалап, Флоренциядағы күндерім аяқталарда олардың футбол жарыстарында елінің намысын халықаралық кездесулердегі шаттығы мен жеңілістегі сәтсіздігін нағыз жанкүйерлерше ерекше сезініп, Алматыда өтетін ашық аспан астындағы теңбіл доп додасына асығып келемін.
«Гүлзарлардағы өсірілген алуан түсті ай­шықты гүл әбден суық түсіп, қазанның аяғына дейін құлпырып тұрса екен!», – деп тіледім.
                                   Алматы – Ыстамбұл – Флоренция – Алматы 

634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз