• Тарих толқынында
  • 11 Қараша, 2014

ТҮРКІСТАНДАҒЫ БАСМАШЫЛАР ҚОЗҒАЛЫСЫ

Мұстафа Шоқай

 

Басмашылар қозғалысының 
бастауы
Әр нәрсенің өзіндік тарихы бар. Әрбір сөздің орны да солай.  Этимологиялық көзқарас бойынша «басмашы» сөзі түркілердің  «basmak»  етістігінен пайда болған. Бұл «қысу»,   «басу»,  «бұзу» деген мағыналарды береді. Сонымен, өзбек тілінде «basmaji» – «басбұзар», «тонаушы», «қылмыскер» деген сөз. Әйткенмен, бүгінде бұл  өзінің алғашқы мағынасын жоғалтты. Қазіргі кезде бұл сөз Түркістандағы Кеңеске қарсы ауқымды қозғалысты білдіреді. Түр­кіс­танда бұл «басмашы» сөзі өзінің (кеңестік емес қолдану түрін айтып отырмын) мағынасын жоғалтып, халықтық көтерілістің, кеңестерге қарсы күресте қарулы бас көтеруге белсенді қатысу синониміне ие болды. Ол мұсылмандар әлемінде ерекше маңызы бар арабтардың «musayid» сөзінің мәніне айналды. Қазан төңкерісі «басмашы» (басбұзар) сөзінің қасиетті іс жолындағы күресуші деген мағынаға ие болуына ықпал етті. 


Кеңес Одағының аумағындағы кеңеске қарсы қозғалыс түрлерімен салыстырғанда ең жандысы Түркістандағы басмашылар қозғалысы болды. Кеңес әскерлерінің Түркістан Қоқан Автономиясы (1918 жыл­дың ақпаны) үкіметіне қарсы  қанды қақ­тығыс күндерінің жеңілісінен соң да басмашылар қозғалысы ұзақ жылдар бойы көптеген халықтар арасында танымалдығын сақтап қалды. Орталық Азияның әртүрлі аумақтарында уақыт кезеңдерімен шағын көтерілісшілер топтары бой көрсетіп отырды. Қазан «революциясының» он жылдығын мерекелеу қарсаңында Хиуа ханы Саид Асфендиярды тағынан құ­латқан бұрынғы хиуалық түркімен көсемі Жунаид хан бандасының пайда болуы кеңес үкіметін біршама әбігерге салды. Көпжылдық қақтығыстан соң кеңес үкіметі Жунаид ханмен келісімге барды. Бірақ, Жунаид ханның бұрынғы жақтастарын қуғынға салып, сонымен қатар, олардың кейбіреулерін дарға асқан соң ол қайтадан Кеңестерге қарсы көтеріліс туын көтерді. Оған қарсы барлық кеңестік Түркістан  жұмылдырылды, теміржол бойын Кеңестер «қауіпті аймақ» деп жариялады. Революциялық  әскери  комитет шақырылып, большевиктерге қарсы қозғалысты басу және  басмашыларға қарсы үгіт жұмыстарын жүргізу үшін өткендегідей  Төтенше  Комиссия құрылды. Кеңестік газеттер Жунаидқа қарсы күрес барысының нәтижесін атап көрсетіп отырды. Бірақ, кеңес өкіметінде қозғалысты толығымен жойып  жібергендігі  жайында сенім жоқ еді.
Жунаидтың да  кез келген басқа құр­башы (атаман) сияқты кеңес әскеріне қарсы өзінің  жорығын  жаңартуға, қайта бастауға ешқандай мүмкіндігі болмады. Қызыл армияның жазалаушылық қимылдарының нәтижесінде  мұсылман тұрғындары арасында көптеген жандар құрбан болды, ал, большевиктер болса Орталық Азияда  өздерінің әскери жағдайын айтарлықтай нығайтып алды. Алайда, орыс әскерлерінің Орталық Азияны қайта жаулап алуы екі жаққа да өткен ғасырдың екінші жартысында орын алған жағдайдан айтарлықтай көп қырғын келтіргендігін айта кету керек. Түркістан  мұсылмандары қарсылық ұйымдастырудың барлық мүмкіндігінен айрылса, ал, орыстар оларға үрей туғызуда басымдылық танытты. Осы жағдайда көпшілік мұсылман халқының оморфтық (құрылысы дұрыс түзілмеген формасы) қарсыласу күшінің  кенеттен пайда болуы екі себеппен түсіндіріледі. Біріншіден –  тәуелсіз халықтың құрылуы кезеңінде ұлттық сананың өсуімен; екіншіден – бұл ең  маңыздысы,  өзін өзі сақтау  түсінігінің  күштілігінен. Кеңес өкіметінің «отаршылдық» қаталдығы тарихтағы ерекше және шектен шыққандық болды. Егер, мен «Қазан революциясының ерлік кезеңдері» деп аталатын уақыттағы большевиктердің Түркістандағы саясатын тек большевиктердің дерек көздері негізінде жазар болсам, онда жағдай одан бетер барлық «отаршылдық» соғыстар тарихындағы ешбіріне сай келмейтін үрейлі болып көрінер еді. Істің ақиқатына келер болсақ,  «империалистік жаулап алушылық» деп аталатын басқыншылық әрекет барысында қырылған барлық адамдар саны кеңестік диктатураның Түр­кістандағы тек алғашқы екі жылында ғана орын алды.  Бұл «Пролетариат диктатурасының өкілдері тек орыс­тар ғана бола алады деген теорияның практикаға енді енгізіле бастаған кезі еді» (1920 ж. 20 маусымдағы «Московская правда» газетін қараңыздар).
Орталық Азиядағы осы бір ерекше және теңдесі жоқ таптан тыс  және ұлтқа қарсы қатты кеңестік режимде жалғыз ғана және даусыз да талассыз зымияндық сыр болды. Ол мұсылмандардың басмашылдық  қозғалысының пайда болуында еді. Кеңестік әдебиетте басмашылық қозғалыстар  туралы мәліметтер өте аз. Оған бар-жоғы бірнеше ғана кітапша мен газет мақа­лалары арналған. Екінші жағынан, басмашылар қозғалысы айтылмаған, Түркістан жайында  байсалдылықпен  жазылған бірде-бір мақала жоқ. Бірақ, осы кітапшалар мен газет мақалаларының бір ғана қарама-қайшылық ерекшеліктері бар. Атап айтсақ: большевиктер бас­машылық  қозғалыстың себебін та­буға тырысады, бірақ, сол себептің Түр­кістандағы Кеңестік «ұлттық» саясат­тан, кеңестік орталық агенттерінің әре­кетінен  туындағанын мойындаудан қашқақтайды. Соңғы уақытта  бас­машылық қозғалыстың «пайда болуы» себебін кеңес публицистері зерттей отырып «Түркістандағы мұсылман тұрғындары ескі тәртіп кезіндегі им­периалистік езушілік» өрісіне ұзақ экскурс жасайды. Олар бір жағынан «ұлттық жер иелері класы мен саудалық буржуазия» шағын өкілдерінің үлкен аумағын шоғылдандыруға алып келген майда жер иелерін меншігінен айыруда (экспроприация­лауда), «сауда капиталының қиратқыштық күшіне» сілтеме жасаса, екінші жағынан патшалық үкіметтің отаршылдық саясатының нәтижесінде жергілікті тұрғындарды аянышты да ауыр халге  әкелгендігін көрсетеді. Майда жер иелерінің жерін алып қою және империялық режимнің талқандаушылық отаршылдық саясаты бұқараға әсерін тигізді. Бұл ешқандай да күмән тудырмады. Егер, еш  таласы жоқ осы айғақтар басмашылар қозғалысының тууына тікелей себеп болса, онда кеңестік уақытта  большевиктер өкілдеріне қарсы ешқандай  да толқулар болмас еді. Олардың ойларының қыйсыны бойынша, жергілікті халықтың шексіз формадағы қанаушылыққа ұшырауына Кеңес өкіметі кінәлі  емес. Керісінше, егер, халықтық толқулар большевиктер келгенше орын алса, шыға бастаған боль­шевиктік декреттері және патшалық тәртіптің барлық әділетсіздіктерін жойып, Түр­кістанға толық бостандық беруге салтанатты уәде еткен «Түркістан мұсыл­ман­дарына» жолдауы қайда қалды. Ең бастысы, ұлттың өз тағдырын өзі шешу туралы декларациясы шығуымен барлық толқулар бірден тоқтатылуы тиіс болатын. Бірақ, толқулар кеңестік тәртіптің орныққанынан кейін басталды емес пе?
Ескі мемлекеттік құрылыс ке­зінде әлбетте, тол­қулар болды. Соң­ғы­­сы түркістандықтар әскер қа­та­рына шақырылмайтындығы жөнін­­де шыққан  патша Жарлығына қара­мастан 1916 жылдың жазындағы мұсыл­мандарды әскерге алу жөніндегі белгілі 25 маусым Жарлығына байланысты орын алды.  Жаппай әскерге алу даладағы егіс жұмыстарының қызған шағында жүргізілді. Әскер қатарына 19 бен  43 жастар арасындағылар еш куәландырылусыз, жасы жеткендігі жайында еш құжаттар жинастырылмай-ақ шақырылды (Түркістанда ол кездері туу туралы тіркеулер жүргізілмейтін).  
Ең бастысы әскерге мұсылман халқы ғана шақы­рылды да, Түркістанда тұра­тын орыстарға оның қатысы болмады. Олар сондай-ақ, әскери міндеттіліктен босатылды. Міне, осындай жағдайлар мұсылмандарды бей-жай қалдыра алмады, көтеріліс толқыны Түркістан мұсыл­мандарының арасына кеңінен тарады. Империя үкіметі өздерінің абыройын сақ­тап қалу үшін бұл істе Түркістандағы өкіл­дерін кінәлады. Осындай толқулардың қысымымен орыс үкіметі әскерге алудың жеңілдіктерін жасады. Мұсылмандарды тек окоп қазуға алып, соның нәтижесінде толқулар тартылды. 1917 жылдың Ақпан оқиғасы кезінде көріністер қалай басталса, көтеріліс те солай тоқтатылды. Тек, Жетісу облысында үкіметтің саясаты нәтижесінде шыққан қырғыз-қазақтар көтерілісі орыс қоныстанушыларына қарсы ұлттық күреске ұласты. Орыс қоныстанушылары ұйымдастырған қырғыз-қазақ арасындағы бүлік күшейіп, кескілесуге жетті. Көмекке майданнан қашқан сатқын орыс «революциялық солдаттары» келді. 
Ақпан революциясы кезінде басмашылар қозғалысы туындаған (Ферғана) ауданда тыныштық орын алған еді. Мұның басты себебі, Қоқан Автономиясының талқандалуы болатын. Бірақ, бұл бұрынғы режим саясатының емес Кеңес өкіметі әрекетінің салдары  болатын. Бұрынырақ шыққан кеңестік ақпарат құралдары кей кездері басмашылық қозғалыстың пайда болғандығының себебін дәл әрі анықтап жазды. Түркістан мәселесін әртүрлі көзқа­распен анықтап қараған Кеңес авторлары басмашылық қозғалыс өзін қорғаған мұсылман халқының мұсылманға қарсы саясатқа қарсылықтарының қажетті нәтижесі екендігі жөнінде бір пікірге келеді және оның шықпай қалуы мүмкін емес екендігін айтады. Оқырмандарды кеңестік деректемелердегі дәйексөздермен  қажытқым келмейді. Олардың кейбіреулеріне ғана тоқталамын.
«Түркістандағы басмашылық қоз­ғалыс­тың әлеу­меттік табиғаты» мақа­ла­сы­ның авторы Скалов «Қоқан Автономиясын талқандау, талан-таражға салу, «кеңестік партизан» мен «дашнақтардың»  қатаңдығының арқасында қалаларды, теміржолшыларды, жұмыс­шыларды, армияны және т.б. азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін дихандардың  соңғы бір  үзімдерін аяусыз реквизициялау мен тәркілеу дихандарды бүлікшілік жасауға мәжбүрледі» – деп жазды. Кеңес дәуірінің тағы бір авторы – Георгий Сафаров өзінің «Отарлау революциясы. Түркістан тәжірибесі» кітабында «басмашылық қозғалыс ұлттың тағдырын шешу жолындағы күрес, сондай-ақ, кезекті отарлау мәселесінің салдарынан пайда болды. Ол біріншіден, Қоқан Автономиясының талқандалуына әкелсе, екінші жағынан, оның пікірі бойынша соңынан Ферғана мақта өнеркәсібінің қирауы экономикалық дағдарыстан болған және өзбек-сарт буржуазиясы мен ұлттық шаруа бұқарасының кедейленуіне жеткізген. Осының барлығы дәстүрлі өмір тәртібінің бұзылуына әкеліп соқтырған». Айқыны, екі жыл көлемінде жарық көрген екі большевик автор өздерінің еңбектерінде «Қоқан Автономиясының» талқандалуын, мұсылмандық Түркістан ұлттық орталығының күйретілуін» кеңес өкіметінің жіберген қатесі деп бағалайды. Сафаровтың пікірімен сайып келгенде бұл отарлаушылдықтың қатесі. Басмашылық қозғалыстың пайда болуын Орталық Азияда аграрлық реформаны бөгеудің (кідіртудің) нәтижесі деп түсіндіруге тырысқан басқа да авторлар болды. Бұл аргумент ауыл шаруашылық деңгейі жабайы, индустриясы дамымаған Шығыс елдерінде революция тек аграрлы болуы мүмкін деген лениндік тезистен пайда болған. Түркия мен кеңестік Орталық Азия тәжірибесімен бұл тезистің қателігі  дәлелденді. Бұл елдер аграрлық реформаға  көшердің алдында ұзаққа созылған ішкі қайта құру кезеңін бастан өткізді. Алайда, кеңестік Орталық Азияның тәжірибесі күшті диктатуралық өкімет «аграрлық революцияны» жер реформасы жолымен жүргізуге қабілетті екендігін көрсетті. Есте қаларлығы сол, Орталық Азияда «аграрлық революцияны» жүргізе отырып, большевиктер фетваға шабуыл жасаудан, яғни, мұсылман діндарларын жазалаудан бастады. Өзбекстанда «революцияны» жүргізу кезінде Кеңес үкіметі «өзбек революцияшыл шаруаларына» қарсы қатал шараларды қолданды. Олар­ға берілген жерлерді бұрынғы иеле­ріне қайтаруға мәжбүрледі («Правда Вос­токаны» қараңыздар. 1928 жылдың 11 қаңтары, Ташкент). Демек, аграрлық мәселесінің басмашылар қозғалысымен ортақ ешнәрсесі жоқ екендігі айқын.
Қоқан Автономиясын талқандау. Ақпан, 1918 ж.
Барлық кеңестік дереккөздерде бас­­­ма­шылар қозғалысы, Қоқан Авто­но­миясының (ақпан, 1918 ж.) талқандалуы  Түркістандағы уақытша үкіметтің қыз­ме­тімен, оның ішінде басмашылық қозғалыстың ұйымдастырылуы осы мақала авторының (бұрынғы осы үкімет­тің басшысы) есімімен байланыстырылады. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені, тұтасымен алғанда басмашылық қозғалыстың ұйымдастырылуына не Қоқан үкіметінің, осы үкіметтің  президенті ретінде не менің ешқандай қатысымыз болған жоқ. Ол стихиялық жағдайда шықты. 1917 жылдың қарашасында Түркістан мұсылмандарының Төтенше Конгресінде Қоқан үкіметі сайланды. Оған орыс халқы да қатысты.
Қоқан үкіметінің, не қару-жарағы, не ақшасы болмады. Қоқан Автономиясының негізін қалаушысы біздер, орыс орталық өкіметіне, яғни, Петроградтағы Кеңес Үкіметіне қарама-қарсы келмей, орыс революциясының сеніміне зор арқа сүйедік. Олар ұлттың «өзінің мемлекет құрылысын өзі шешуге» түрткі болған революцияның  уәжіне адал еді. Біз жергілікті басқаруға мұсылмандардың қатысу құқығынан айырған Түркістан Кеңестері ІІІ Кон­греcі айналасындағы қалыптасқан жағ­дайларға Кеңес орталығының көңілін бір­неше рет аудардық. Біз Сталиннен арандатушылық сипатта жауап алдық. Оның бізге берген жауабы: «Түркістанның жергілікті пролетариаты Түркістан Сов­наркомын тарату жөнінде орталық кеңес өкіметіне жүгінуі тиіс емес. Олардың пікірі бойынша Түркістандықтар үшін бұл әскери доктринаға сүйенетін жат әрекет. Бұл үшін жергілікті пролетариат пен шаруалар күшін қолдану қажет.  Ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқы туралы Кеңестің  мәлімдемесіне сенген қарусыз мұсылман тұрғындарына басынан аяғына дейін қаруланған  және мұсылмандардың негізгі азаматтық құқы­ғын сақтамаған орыс солдаттары мен жұмысшыларының қолдарымен қимыл жасаған Түркістан Совнаркомын күшпен тарату туралы ұсыныс жасау былайша айтқанда, қатерлі істі арандату болып табылар еді. Осы  жауапты алғаннан соң,  бірнеше күннен кейін,  Қоқан Автономиясының қорғаушылары Қоқандағы кеңес өкіметінің өкілдерімен  жанжалға түсті. Біздің жеңіске деген ешқандай сеніміміз болмады. 30-шы қаңтарда (ескіше стиль бойынша) боль­шевиктер Қоқандағы мұсылман квар­талдарына  оқ жаудырып, дереу қаруларын (аңшы мылтықтарын қоса)  тапсыруды және Автономия басшыларын  ұстап беруді  талап етті. 31қаңтарда Қоқан қаласын кеңес әскерлері қоршап, оқтың астына алды. Автономиялы Түркістан өкіметі өзінің өмір сүруін тоқтатты.
Мұсылман халқының  бас көтеруі ішкі себептерден басталды. Оның көшбасшысы Эргаш болды. Ол бұрын Сібірде айдауда болған, Қоқан мұсылмандарын қорғауды ұйымдастыру үшін Түркістан Кеңесіне сайланды. 
Бүлік шығарған Қоқан халқы жақын жатқан ауыл тұрғындарымен толықты.  Тез арада жиналған еріктілер, сондай-ақ, көрші қалалардан да келіп жатты. Бір үзім нанды орыстармен қатар тауып жеу құқығынан айырғандарға мұсылмандар аңшы мылтығымен, ішінара ескі үлгідегі винтовкамен қаруланып қарсылық танытса, басым бөлігі қолдарына  соқаларын, балталарын  тіптен, таяқтарын ұстап шықты.
Кеңес әскері Қоқанды 1918 жылдың 19 қаңтарында (ескі стиль бойынша)  басып алды. Төменде 1918 жылғы «Оқиғалар хроникасында»  жарияланған дәйексөздерді келтіремін: «20 ақпан. Ферғана облысы. Қоқан Автономиясы үкіметі таратылды (жойылды). Қоқан Автономиясы үкіметін қолдаушылар ішінара  қарусыздандырылды. Оған келіспей, қарсы шыққандар саяси бандитизм кампаниясын (басымашылықты) жүргізуге дайындалды.  

Ферғанадағы  басмашылық қозғалысы
Автономия үкіметінің жойылуы мен  басмашылар қозғалысының шығуы тек уақыт кезеңіндегі ұқсастық. Белгілі бір дербестік, мәнді саяси топ пен басмашылар қозғалысы арасында ешқандай да байланыс болған жоқ.  Автономияны  қолдауға шыққан басмашылар қозғалысы кезінде  оның өмір сүруі,  күрестің жалауына айналуы  тоқтады. Автономия өзінің саяси мәнінен айырылды. Бұл «Кеңестік отарлаушыларға» қарсы қозғалыс ішкі себептер сипатына ие болды.
Бұл қозғалыстың төмен қарай құл­дыраған кезеңі еді. Көтерілісшілердің әрбір көсемдері ең алдымен тек өзде­рінің мақсаттарын көздеді. Қоқан қа­быр­ғасында болған шайқас кезінде құрбашылар көтеріліс көсемі ретінде Эргаштың өкіметі мен күшін мойындады. Қоқан құлаған және Автономия үкіметі жойылған соң Эргашқа қарсы бүлік басталды. Оған  Маргилан қаласы құр­башыларының бірі Мад Эмин қарсы шықты. Эргаш та, Мад Эмин де немесе басқа кез-келген басмашылар көсемдері белгілі бір саяси бағдарламаларды жасауға немесе енгізуге жағдайлары бол­мады. Олар тек бағдарламалары бір­күндік күреспен шектелген ержүрек жауынгерлер еді. Эргаш пен Мад Эмин басында басмашылар қозғалысының біршама ықпалды көсемдері болғанымен қозғалыстың мәнін «түсінбейтін» жетекшілер екендігін көрсетті. Бұл барлық басмашылар көтерілісінің көсемдеріне тән болатын. Кеңес Армиясының бірқатар бөлімдерін тас-талқан етіп жеңген олар кеңес үкіметіне қарсылық танытты. Басмашылар көсемдері ретінде олар  кеңес үкіметінен мұсылмандар үшін  шариатты қайта өрлетуге, сауда  еркіндігін беруге, «Құрбашы» шенін та­нуға және өз жігіттерінің арасынан  сенімді оққағарларын таңдап алу құқығын талап етті. Осы талаптары қана­ғаттандырылған соң олар ешнәрсе ойламастан, бірден Кеңестер туы астына кіріп, өздерінің жолын  қуушыларға қарсы шықты. Мад Эмин өзінің соңғы  күнін кеңес тыңшысы ретінде аяқтады. Ол өте  ықпалды құрбашы Шир-Мұхаммедті  (немесе Kur-Muhammed) большевиктер жағына шығуға үгіттеді. Шир Мұхаммед басмашылар қозғалысының жалғыз ғана белгілі көсемі болып қалған, ешуақытта да  большевиктермен ымыраға келмейтін,  кеңестік режимге бас имеген  және Түркістан үкіметі мұсылмандарының  сенімді майдандас серіктерінің бірі болатын.
Басмашылар көсемдерінің айналасына кейбір жергілікті зиялы қауым өкілдері жинала бастағанда ғана  әлдеқандай саяси бағдарлама пайда болды. Өкінішке орай, осы жағдайды толығымен жазу үшін барлық қажетті материалдарды алуға менің жеткілікті уақытым болмады. Бірақ, Түркістан большевиктерінің жазғандарынан басмашылар қозғалысының  жаңғырған саяси бағдарлама идеясын көз алдыңа келтіруге болады. Ресейде тәуелсіз экономикалық  саясаттың ТЭС (1922) енгізілуіне байланыс­ты біруақытта дерлік Түркістандағы кеңес үкіметі айтарлықтай саяси жұмсақтыққа жол беруге мәжбүр болды. Мен тек осы шегіністі атап өтемін. Оның барлығы Скаловтың «Түркістандағы таптың теңес­тірілу тәжірибесі» мақаласында толық берілген. Олар: шариғат сотының қай­та өрлеуі, мұсылман діни қауымының бұрынғы қалпына келуі, жер реформасын енгізуді тоқтату. Сірә, осы шарттардың парасатты болғандығы соншалықты «қазан идеологиясынан» шегініс зор болса, онда Түркістандағы «қазан революциясының» жеңісі туралы айтудың өзі қиын. 
Кеңес өкіметі өзінің өмір сүруін жалғастырса, ол тек басмашылар  қоз­ғалысы көсемдерінің оны мемлекеттік өкімет  деп тануының нәтижесі. Әйтсе де, бұл өкімет те мұсылмандар үшін  оншалықты жайлы бола қойған жоқ. Басымашылардың көсемдері шын мәнінде кеңес өкіметін таратуды емес, олармен келісім жүргізіп, оның «бағ­дарламасын» өзгертуді талап ете отырып, оның мұсылмандар үшін ыңғайлы  болуын жақтады. Кеңес өкіметі үшін  мұсыл­мандарға шариғат  сотын,  еркін сауданы  енгізуге  уәде беру  түкке тұрмады. Сол кезде кейбір көсемдер күрестің мақ­са­тына қол жеткізілді деп шешті. Бұл ставканың жасалынуында басмашылар қарсылық шеруден  бас тартпағанның өзінде, кеңестер үшін  уақытша  болса да күресті тоқтатуға  қол  жеткізуді меңзеді.  Көтеріліске шығушылардың нақты ұлттық идеологиясы мен Түркістанның ұлттық мемлекетін құру бағдарламасы  жасалынған болса,  лениндік идеологиядан  шегініс  жасаған большевиктерді жеңу ешқандай қиындық тудырмас еді. Басмашылар қозғалысы барлық бұқара топтары өкілдерінен, бірінші  кезекте сауда әсерінен өздерінің әдет-ғұрпын жоғалтқан жұмыссыз шаруалар мен қала кедейлерінен  тұрады десек, онда бұл әділдіктің орнатылуы деп білер едік.
Басмашылар қозғалысы үнемі қол­дауда  болды, әсіресе, оған  сауда буржуазиясы  мен мұсылман діни  қауымдары өте белсенділік  танытты. Сірә, осындай үлкен көлемде жүргізілген ұлттық қозғалыс кеңес өкіметін жеңіліске ұшыратуы айқын еді десек, бұл тек алғашқы алдамшы көзқарас қана. Фактілер басқаша  айтады. Бұл шын мәнінде ұлттық немесе ұлттық-саяси майдан болған жоқ. Біздер, түркістандықтар үшін қол жеткен ең ірі табысымыз 1917 жылы Автономия болып жариялануымыз еді. Автономия деп айтқанымыз болмаса ол «бір жұтым оттегі» ғана болатын. Ол тек екі айдан  сәл ғана өзін артық ұстап тұра алды. Дербестік алу жолындағы қозғалыстар Қоқандықтарды және Наманған, Марилан мен Скобелев (қазір бұл Ферғана ауданы) қалаларын қамтыды. Қалған аумақтар автономиялық үкіметке іш тарту  білдіргенімен, бірақ олар барлығынан кесіліп тасталған еді. Барлық байланыс жүйелері теміржол қатынастары, телеграф, пошта,  телефон байланыстары кеңес өкіметінің қолында болды. Күрестің шын мәнінің ашықтан-ашық із-түссіз жоғалып кетуі, бұл жағдайда Автономияның құлауы, Қоқанды ерлікпен қорғағандарға саяси «шалыс жасау», яғни, былайша айтқанда Эргаш пен Мад Эмин сияқты экстремистік  бандалар мен авантюрист құрбашылардың соқыр құралға айналуынан болды. Олар, мақсатқа жетуді ығыстырып тастап қана қоймай, сонымен бірге елдің кедейленуіне  әкеліп соқтырды. Мысалы,  Ферғана облысы «ықпал өрісінен тәуелсіз» болуы үшін бөлініп кетті де, әрбір құрбашы өз қалауынша билік жүргізіп, өзінен басқа  ешбір өкіметті танудан бас тартты. Осындай жағдайда болған басмашылар көтерілісін жеңіп, басып тастау еш қиындық келтірген жоқ. Әлбетте, мұның өзі тез арада бола қоймағанымен, оның себебінің негізінде кеңес өкіметінің халықтың большевиктерге деген өшпенділік жолын қолдаған тонаушылық сипаты жатты. Басқаша сөзбен айтқанда, өз көсемдерінің сатқындық іс-әрекеттеріне, кеңестердің саяси қуғын-сүргіндеріне қарамастан басмашылар қозғалысы 1918 және 1919 жылдарға дейін  өмір сүрулерін сақтай алды.

Бұхарадағы  басмашылық қозғалысы 1920 ж.
1920 жыл Түркістан басмашылар қоз­ғалысы үшін бетбұрыс жылы болды. Бесінші қыркүйекте Бұхара Кеңес өкі­метінің билігіне ауысты, одан соң Халықтық республика атанды. Сөйтіп, Кеңес өкіметінің ықпалында барлық Орта Азия қалды. Бұрын басып  алған Орталық Азия елдеріндегідей, большевизм басмашылар қозғалысының Бұхарада да өсуіне қозғау салды. Кеңестік «отарлаушылық саясатына» ымырасыздық білдірген  бұқара халықтың, жаппай қарсылық көрсету формасы ретінде  басмашылар қозғалысының тұншығып қалуынан қауіптенген зиялы қауым өкілдері қозғалысқа  терең қызы­ғушылық таныта бастады. Жасырын  конференциялар  Ташкентте, Самарқанд пен Бұхарада өткізілді. Бұл коференциялардың мақсаты сырттың әсерінсіз туындаған басмашылық  қозғалысқа саяси сипат беру болды. Ресейдің құрамында автономия болу  тиімсіз идея  еді. Мұндай жағдайдағы  жалғыз мүмкіндік ұлттың  тәуелсіздік идеясы болатын. Басқа ешқандай  да ұран большевиктермен  жүргізілген  күресте табыс әкеле алмайтын. Бірақ, тәуелсіздікті жақтаушылардың жеткілікті күші, нақтырақ айтқанда, қару-жарағы да, киімдері де, материалдық жағдайлары да  жоқ еді. Орталық Азияның Біріккен Ұлт-Азаттық комитетінің Өкілдері – Садриддинхан,  Керімов және басқалары 1921 жылы өздеріне көмек көрсету жөнінде  Құлжадағы Британ консулына өтініш жасады.
Бұл жағдай Түркістанның кеңес  өкі­метіне қарсы күресіндегі бірден-бір көрі­ніс сипаты болса керек. Әйткенмен, ол өтініш өз мақсатына жетпеді. Арнайы жіберілген  жаушы  Құлжаға барар  жолда  Әулие-Ата қаласында большевиктер тарапынан тұтқынға алынды. Оның соңы Ұлт-Азат­тық комитетінің барлық мүшелерінің тұтқындалуына әкеліп соқтырды. Кеңес­тік прокурор шариғатты негізге ала отырып үкім шығарды. Исламға қарсы әрі жек көретін, мұсылмандардың Мекке мен Мәдина сияқты қасиетті жерлерін қорлаған ағылшындар елінен көмек сұрау мұсылманның шариғат нормасы мен міндетіне кірмейтін. Оларға Мекке мен Мәдина сияқты мұсылмандардың қасиетті орындарын масқара етті деген айыптар тағылды. Ұлт-Азаттық ко­ми­тетінің мүшелеріне «дәлелденген кінәларына» қарамастан (кеңестік заңдарға сәйкес қозғалыстың  жақтаушыларына өлім жазасы қаупі төнген болатын) әртүрлі ұзақ мерзімді түрмеге жабу жазасы берілді. Бірақ, олар ол  жерлерден қашып шықты. Осы бір сәт басмашылар қозғалысының тарихындағы бетбұрыс болып саналады.  1921 жылы  көтеріліске шыққан Ферғана, Самарқанд және Бұхара облыстары, сонымен қатар Орталық Азия Біріккен Ұлт-Азаттық комитетінің мүшелері Конгресс шақырды. Осы конгресте Түркістанды тәуелсіз Демократиялық Республика  деп жариялау жөнінде шешім қабылданды. Бұл оқиғалардың барлығы – Азат ету комитетінің қызметі мен конгресс жұмысы өкінішке орай, кеңестік өкіметтің «ақ» майданды жою кезеңінде болды.  Халық  өз ұстанымын беріп қойды. Ұлттық сана әлсіздене бастады. Хандық билік ету тұсында халқымыздың ұлттық санасы күшті болғанмен алайда, құлшынысты қайта жаңғыртуға жеткі­ліксіз еді. Енді, басмашылардың көсемдері өздерінің «ықпал өрісінен» бас тартып, жоғарғы билік пен өкіметті тануға бет бұрды. Солардың қатарында болған «Шир-Мұхаммед» үлкен беделді иеленді  (бүгінде ол тірі, Кабулда тұрады).
 Энвер мен Жемал.  
1921-1922 жылдар
1921 жылы Орталық Азияда басмашылар қоз­ға­лысы барысында басқа да айтарлықтай оқиға болды. Көтеріліске  Энвер паша қосылды. Ол Бұхараға ойла­­маған жерден келіп, большевиктік ортаны үлкен толғаныста қалдырды. Шын мәнінде Энвердің Орталық Азияға ойда жоқта және кеңестік басшылардың келісімінсіз келуі большевиктер үшін ойламаған жағдай болды. Шығыс ха­лықтарының атақты Баку конференциясынан кейін (1920 жылдың қыркүйегі) большевиктер Энверге сенімсіздікпен  қарай бастады. Олар оны «өте қауіпті» деп санайтын. Сол уақытта Энвердің Бакуге келуі Әзербайжанда көптеген наразылық шеру толқынын туғызды. Шеруге шыққандар өздерінің қуаныштарын да, реніш-қайғыларын да оған жеткізуге асықты. Энвер пашаның Конгресс залында көрінуі бұрын-соңды болмаған әсер қалдырды. Мұсылман делегаттардың бар зейіні төрелік жасаған  ІІІ Интернационалдың көсемдері Зиновьев пен Радеке  емес, Энвер отырған жақта болды. Ол кіріп келгенде мұсылман делегаттары оны кіші түркілердің көсемі ретінде қарсы алып, төрелік етіп отырғандардың тәртіпке шақырғандарына еш мән  бермей, Энверге құрмет көрсетті. Большевиктердің қоршауында қалған Энвер өз орнында емес екендігін түсінсе де Кон­ференцияға «Марокко, Алжир, Тунис, Триполи, Египет пен Үндістан революциялық ұйымдар Одағы атынан келген оған бұл ма­ңызды сәт болды. Осы конференцияда Энвер Түркістандық делегаттардың аузынан соңғы үш жылда большевиктердің жасаған айуандығы туралы естіп, жасаған қиянаттары жайында хабардар болды. Кеңес тыңшылары халықтың бір тобын екіншісіне қарай айдап салып, арандатып отырғандығын, жергілікті шаруаларды қорлап, тіл тигізгенін, жерлерін тартып алып, жергілікті тұр­ғындарды ең төменгі тап ретінде (кон­грес­тің стенограммасынан, 227 бетін қа­раңыз) қарағандығын Зиновьевтің өз аузынан естіп-білді». Әлбетте, бұл Энверді большевиктік Мәскеуден теріс ай­нал­дырып, оны Орталық Азияға алып келді. Мұнда Бұхара революциялық Үкіметі саяси басқаруда да, Мәскеуге деген өзінің көз­қарастарында да белгілі бір пікірдің жоқ екендігін көрсетті. Бұхараны кеңестік әскер жаулап алған соң Бұхара қазынасындағы барлық қазына-байлықтарын Мәскеуге «Бұхара ханының ризашылығы» ретінде алып кеткен. Большевиктерден билікті алған кіші бұхаралықтардың бір ғана осы айғақтың өзі  көңілін салқындатты. Бұхара Халықтық Республикасы Орталық Атқару комитетінің Президенті Осман Ходжа Мәскеу оппозициясы қатарынан табылды. Оған Бұхараның әскери комиссары Абдулл Хамид және басқа да жергілікті  кеңес өкіметінің көрнекті өкілдері кірді.  Энвердің кенеттен келуінен олар тағдырдың көлеңкесінде  жападан-жалғыз қалғандарын байқады. Көп ұзамай   Энвер «аңға» кеткен тәрізді болып Бұхарадан аттанды. Бұдан соң Орталық Азиядағы кеңестік  саясатқа қарсы шықты. Энвердің соңынан Осман Ходжа бастаған көптеген бұқара көсемдері ерді. Шығыс Бухария (Қазіргі Тәжікстан) Энвердің қимыл жасайтын алаңына айналды.
Үлкен ынтамен қарсы алынған Энвер Орта Азиядағы орын алған жағ­дайды толық білмегендіктен орны толмастай қате жіберді. Өзінің билік құрған кезінде жауыздығымен және бүлік жасағандығымен ешкімге танымал бола алмаған бұрынғы Бұқараның әміршісі Саид-Мир-Әлім ханның қолынан Энвер «ұлы  уәзір» лауазымын қабылдады. Ферғана мен Самарқанд басмашылары жексұрын бұқар әміршісінің уәзірін танудан бас тартты. Екінші жағынан бұрынғы кіші түркілер көсеміне әміршінің өзі де сенімсіздікпен қарады. Энвердің қолға алған қимылдары күйреді. 1922 жыл­дың басында ол Бандлиуван қаласы жанын­дағы шайқаста қаза тапты. Сөйтіп, ол өзінен кейін Орталық Азиядағы большевиктерге қарсы қозғалыс тарихында із қалдырмады.
Басқа қызықты жәйт Жемал пашаның басмашылар қозғалысын басқаруға әрекет жасауы. Оның жоспары біршама ерекше болатын. Ол басмашылар қозғалысын большевиктерге қарсы күрес деп қараған жоқ. Басмашыларды Үндістанға дейін баратын революция армиясының болашақ жауынгері қатарынан көрді. Мен Жемальмен кездесуімді есімде жақсы сақтап қалдым. Бұл 1922 жылдың көктемінде, осы Еуропада болатын. Энвер ол кезде тірі. Өзінің ескі досына алдында жағдайларды дұрыс болжай алмайды және Орталық Азиядағы  кеңестерге қарсы жүргізіп отырған саясатына ренішін білдірген еді. Ол менен Түркістандағы достарыма қазіргі саясатты өзгерту қа­жет­тігі және «барлық мұсылмандардың жауына қарсы» яғни, ағылшындарға қарсы күш біріктіру жөнінде хат жазуымды өтінді. Басмашылардың көсемдері құрбашылардан да осы жағдайды өтінгені маған белгілі. Бірақ, оны ешкім тыңдаған жоқ. Керісінше, Ұлттық қозғалыс барысына араласпауына кеңес берді. Жемальдың Түркістан басмашылар қозғалысын өзінің мақсатына пайдаланғысы келген әрекеті жүзеге аспады. Осымен «Шығысты азат ету революциясы» аяқталды деуге бола­ды.

Қорытынды: басмашылардың 
жаңа рухы
Негізгі көзқарасқа сәйкес Түркістан басмашылары қозғалысының қысқаша тарихы осындай. Бір тудың астында басталған Қоқан Автономиясын қорғау,  Автономия үкіметі  талқандалған соң барлық халықтық қозғалыстар ел арасында бейберекетсіздікке ұшырады. Бұл қозғалыстарды  ұйымдастыратын және оның идеологиясын жүргізетін белгілі бір саяси орталық болмады. Егер, салыстырмалы тыныштық жағдайында 1917 жылы автономия туы астына біз халықты жинай алсақ, ал, қазір ондай мүмкіндіктер жоқтың қасы. Адамдар саяси бағдарламаны тыңдауға құлықсыз. Туындаған сезімдері, болашақ тәртіп туралы сөз таластырудан гөрі өздерінің большевиктерге деген қастық  ызасын сыртқа шығару болды. Олардың пікірінше, Автономия үкіметінің жеңіліске ұшырауы қолдарына қару ұстап күреске шықпай, тек күту тактикасын ұстанып,  келісімге келуге әрекеттену.  Барлығы бос әурешілік деуге болады. Басмашылық қозғалыстың саяси ұйымы болуы үшін мейірімсіз қатаң  жылдар керек еді. Оның үстіне өз қүшімен елді азат ету мүмкін емес екендігіне көздері жетті. Сондықтан да, ағылшындарға хат жолдап, лажсыздан көмек қолын беруін өтінді. 
Түркістандағы басмашылар қозғалысы – бұл біздің саяси әлсіздігіміздің куәсі. Халық большевизм мен большевиктерге наразылығын білдірді. Бірақ, олардың күшті ұлттық саяси санасы жоқ болатын. Адамдардың өздері шариғат  сотын қайта қалпына келтіруге, еркін сауданы жүргізуге, мешіттер мен медреселерді ашуға  ешқандай әрекет жасаған жоқ. Олардың орнына  оны кеңес үкіметі жасауын талап етті. Басқаша сөзбен айтқанда, кеңес органдарының орнына өздерінің жеке ұлттық институттарын ұсынбады. Оның орнына үкіметтен шешім талап етті. Осындай шешімді алған соң олар тыныштанды. Басмашылар қозғалысының осыншама ұзақ өмір сүруінің қорытындысы кеңес өкіметі Орталық Азияда көптеген қылмыстар жасады, оның ішінде қан төгуге дейін барды.
Басмашылар қозғалысы кей кездері ғана  бой көтергені болмаса,  қазір негізінен құрдымға кетті. Түркістан тыныш, кеңес өкіметі бейбіт өмірдің дәмін татып жатыр деп айтуға болмас. Тіптен, олай да емес. Оқиғаларды үнемі сырттай  бақылап отырғандар, сірә, басмашылардың жаңа қозғалысы, кеңестерге қарсы күрес пен қарсылық таныту формасы қарсаңында екендігін көру қиын емес. Өйткені, большевиктер ұлттық қарсылық көрсетуге итермелеуді жалғастыра түсуде. Әлбетте, большевиктердің ұлттың қадір-қасиет сезіміне тиіп, керек десе, өздері ұлттық  жаугершіліктің  тұтана түсуіне ықпал еткендігінде еш күмән жоқ. Түркі халық­тарының Түркістанда ұлттық орта­лығын құру мәселесі 1919 жылы Түркістан мұсыл­ман коммунистерінің ІІІ Конференциясында алғаш  ұсынылғанын еш ұмытуға болмайды. Мұсылман коммунистерінің бұл бастамасына жауап ретінде кеңес үкіметі барлық Орталық Азияны республикаларға бөліп, «ұлттық-тайпалық» шекараларды жасауға ниеттенді. Бұл шара сөз жоқ алғашқы кезде табысты да болды, Түркістан халқының ұлттық және саяси  санасының өсуіне  теріс әсер еткен жоқ. Орталық Азия республикаларында Мәскеуге  ұлттық оппозициялары болды. Олардың қойған талаптары біреу ғана, ол Мәскеудің саяси билеушілігінен босану. Түркістан мен Қазақстандағы сияқты Өзбекстанда да олардың айтары біреу: кеңестік Мәскеудің отары болуды қаламайды.
 Авантюристік элементтерден тазаланған басмашылар қозғалысының көсемдері де, сондай-ақ, Түркістан коммунистері де Мәс­кеу мен кеңестік орталықтың басқару жүйесіне (централизм) қарсы күрестегі ха­­лықтың ерлігін  ұғынып, бағалай бастайды.

The Asiatic Rview. London.1928.XXIV. 
Садыкова Б.И. Мустафа Чокай. – Алматы:Алаш, 2004. – С.203-220.
Последние новости. Париж. 1924.30.VIII ( №1333).
Мақаланы орыс тілінен аударған 
Есенкелді  Төреқұлов

2305 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз