• Заманхат
  • 11 Қараша, 2014

ҰЛТ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ «РУЫҢМЕН У ІШПЕ, ҚАЗАҚ!» немесе ұлттық идея туралы ой

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат»

Қазақстан Еуропа мен Азия, жалпы Батыс пен Шығыстың арасын жал­ғастыратын алтын көпiр болу үшiн, ең алдымен Еуразия кеңiстiгiнде қа­зақ ұлт ретiнде өзiнiң РУХАНИ және МАТЕРИАЛДЫҚ құндылықтарын көз­дiң қарашығындай сақтап қана қоймай, оны оңды-солды аты-жөнi жоқ шашпай, жан-жақты заман, уақыт талабына сай пайдалана бiлуi керек. Мiне, ұлттық идея мен идеологияның негiзi сонда жатыр. Бұл алысты-жақынды шетелге өзге емес, тiкелей олардың өздерiмен жариялы да ашық түрде байланысқа шыққанда ғана орындалатын қадiр-қасиеттер. Ендеше, бiзге қай мемлекетпен байланыспайық, араға делдал салмайтындай, ешкiмге жалтаңдамайтындай дәрежедегi эконо­ми­калық-мәдени, саяси-қоғамдық тәу­ел­сiз­дiгi мен егемендiгi толыққанды қа­лып­­тасқан мемлекет болуға тиiспiз.


Әрине, Еуразия кеңiстiгiнде өзiндiк отау тi­гiп шыққан ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТ­ТIЛI­ГIНЕ қарсы тұрушыларды былай қойғанда, оны ұлт ретiнде жойып жiбергiсi келетiндер де аз емес. Бiрақ, олардың қазаққа қарсы күресi заман, уақыт талабына сай су асты ағыс­тарындай әртүрлi қитұрқы iс-әрекеттер және құбылыстар мен құндылықтар арқылы жүр­гiзiлуде. Оның бiрден-бiр көрiнiсi – қазiргi әлемдi экономикалық-мәдени, әлеу­меттiк-тұрмыстық, қоғамдық-саяси iс-әре­кеттер арқылы ғаламдастыру терiсiн жа­мылып келе жатқан жайынқұлық нарық­тық қатынастардың адамзатты бiр қалыпқа тү­сiруге тырысуы. Жалпы, ғалам­дастыру деген ұғым-түсiнiк ұлтты жоққа шы­ғарып, жалпыхалықтық, жалпы­елдiк, яғни, бiр орталыққа бағынған әлем­дiк экономикалық-саяси, қоғамдық-идеоло­гиялық баланстағы қаржылық-интер­неттiк жүйе қалыптастырғысы келедi. Яғни, бұл Тургеневтiң «Отцы и дети» шығармасындағы Базаров тiлiмен айтқанда, «все люди должны со временем стать между собою схожи, как березы в роще» деген принциптегi, ұлтты жұтып қоятын құбылыс. Әрине, бiз заман ағымы әкеле жатқан ғаламдастырудан еш қашып құтыла алмаймыз. Оған бiз қарсы жүрмесек, ол бiзге барынша қарсы жүрiп, жұтып қояды. Сондықтан да, Қазақстан мемлекет ретiнде өзiнiң кiндiк ұлты қазақтың менталитетiне тән құнды­лықтар мен қасиеттердi жоғалт­пай, ғаламдастыруды тiк тұрып қарсы алуы керек. Әйтпесе, ғаламдастыру атты түсiнiк-тұжырымды, мақсат-мүдденi, бағыт-бағ­дарды ұсынушылар орыс философы Константин Леонтьевтiң: «Они (яғни, ғалам­­дастыру принципiн ұстанушылар – А.Ә) усиливают сходство строя и быта; они ускоряют все общую ассимиляцию нравов… Современная политическая борьба, оканчивая по очереди один за другим все племенные вопросы, приготовляет этим путь республиканскому космополитизму» дегенiндей жағдайдағы қоғамға бiздi ноқталап енгiзуге тырысып-ақ бағуда. Ендеше, әйгiлi философтың өз ұлтына жаны ашып: «Какую же роль должна играть Россия в этой трагедии явного всеразрушения…», – деп толғанғанындай, бiз де Қазақстанның ғаламдастыру атты саяси-қоғамдық құрылымға қалай енетiнiн үлкен-кiшiмiз болып ойлануымыз керек-ақ. Осы тұста, менiң есiме өткен ғасыр басындағы қазақ ұлтының тәуелсiздiгi мен егемендiгi үшiн күрескен Мұстафа Шоқай­дың: «Халқымыз жай әшейiнгi адамдар­дың жиынтығы емес, өзiне тән мәдениетi бар қауым (ұлт деген сөз – А.Ә.) екенiн, сондай-ақ, қазiргi жүрiп жатқан саяси талас-тартыстар тек «күн астынан бiр жағрафиялық орын» алу үшiн ғана емес, өз мәдениетiн күллi әлемге, соның iшiнде Еуропаға да таныту екенiн бiлуге тиiспiз. Бiздiң ең басты саяси мiндетiмiздiң бiрi, мiне, осындай», – дегенi ерiксiз есiме түседi. Осы бiр қанатты қағидаға, мақсат-мұратқа, бағыт-бағдарға, идея мен идео­логияға айналатын сөздер дәл осы кез­дiң өзiнде де, болашақта да өзiнiң құндылығын мән-мағынасын жоғалтпайтын қасиеттен өрген тұжырым негiзi. Оған қасиеттi Құранның 49-Хұжрат сүресi, 13-аятындағы «О, люди! Мы сотворили вас от (пары) мужа и жены. И создали из вас (семейные) роды и (разные) народы (ұлт деп түсiнiңiздер – А.Ә.) , Чтобы вы могли друг друга знать» (Порохова аудармасы – А.Ә.) дегендi қоссақ, онда мәселе, тiптi, күрделене түседi. Ендеше, бiз өзiмiздiң ұлт екенiмiздi Алла жаратты, табиғи-тарихи құбылыс ретiнде қабылдап, оны болашаққа нық та ұялмай-қысылмай жеткiзуге тиiспiз. Ал, өзiн философ санайтын Ғарифолла Есiм болса: «Егер, бiз «Қазақ ұлтымыз» деп сөйлер болсақ, онда елiмiзде өмiр сүрiп жатқан басқа этнос өкiлдерi де «бiз – ұлтпыз» деп айтуға құқылы. Сонда көпұлтты мемлекет болып шыға келе­мiз», – деп сәуегейлiк танытады да, әлемдiк айналымға түсiп кеткен «ұлт» сөзiнен бiздi бас тарт­қыз­дырғысы келедi. Яғни, Ғари­фолла мырза өзiне дейiнгi сан ға­сырлар бұрын өмiр сүрген әлем, соның iшiнде немiс философтарының халық – объект (obiekt), ұлт – субъект (subiekt) деген қанатты қағидаға айналып кеткен пiкiр-тұжырымдарын бiлмейтiн секiлдi. Немесе бiле тұра қасақана бiлмейтiндей пиғыл танытатын тәрiздi. Тiптi өзiмiздiң Мұстафа Шоқай: «Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни, жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бiр болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi», – дейдi емес пе? Ендеше, бiз осынау жолдан, ұлт сөзiн айтудан бас тартуға итермелеп отырған, өзiн философ санайтын Ғарифолла Есiмдi кiм деймiз? Сол Мұстафа Шоқай атамыз ендi бiр сөзiнде: «Атақты алман философтары Кант пен Фихтелер: Халық бiрiн-бiрi және өзiн-өзi басқара алмайтын, басқалардың бас­қаруында ғана болатын тобырлар. Ұлт – басқаларға тәуелдi болмаған, өзiнiң мекемелерiне (мемлекеттерiне деп қабылдаңыз – А.Ә.) ие және өзiнiң бiрыңғай мүддесi бар халықтар жиынтығы», – десе, неге бiзге де осыған жалпы ұғым халық емес, жалқы ұғым ұлт ретiнде қол қоймасқа? Бiздiң түсiнiгiмiзде халық, ел, жұрт жалпы есiм де, ұлт – жалқы есiм. Осы екеуiнiң арасын ажырата алмай, көптi жаңы­лыстырып жүрген Ғарифолла Есiм сияқтыларға не деймiз? Мұстафа Шоқай­ша айтқанда: «Қазiр бәрiмiздiң бiр ғана ортақ мақсатымыз бар. Ол – Тәуелсiз ұлттық мемлекет құру». Мiне, осы жолда тайлы-тұяғымыз қалмай әрқайсысымыз өз орнымызда ұлттың бiр мүшесi ретiнде қызмет етуге тиiспiз. Бiзге ұлттық идея мен идеология сол үшiн керек. Әйтпесе, кейбiр бiздiң бетке ұстар деген адамдарымыз ұлттық идея туралы ойларын жал­пыхалықтық, жалпы­адамзаттық, баяғы кеңестiк кезеңдегiндей коммунизм елесiн қуған коммунист – космопо­литтердiң наси­хаттаған ұстанымдарын бетке ұс­тай­тын­дықтарына ерiксiз таңғаласың. Олар нарық заманы жеке тұлғалардың қадiр-қасиетiн қаншалықты арттырса, сол жеке тұлға бiр мүшесi болып саналатын ұлттық қадiр-қасиеттi де сонша­лықты алға шығарғанын елеп-ес­кермейтiн сияқты. Солардың бiрi болғанда бiрегейi, Кеңес Одағының туы жығыл­маған сардарларының бiрi – Олжас Сүлейменов. Ол өзiнiң ұлт тiлiне деген көзқарасын ешкiмнен ешуақытта да жасырған емес. Оған жеке тұлғаларға тән жалпыхалықтық, жалпыазаматтық, өз сөзiмен айтқанда, «ғарыштық сана» керек. Оның, яғни, ғарыштық сана-сезiмнiң тек ұлы тұлғаларға, яғни, генийлерге ғана тән екенiн ол кiсi бiлмейтiн секiлдi. Тұтастай жалпыхалық, жалпыадамзат ғарыштық сана-сезiмге қол жеткiзе алмайды. Ал, жеке тұлға азамат ретiнде ғарыштық санаға қол жеткiзуi бек мүмкiн. Ондайдың жеке тұлғалығы, генийлiгi сонда. Олжас Сүлейменов демекшi, ол Украинада шыққан бiр кiтабына байланысты берген сұхбатында журналистiң «Украинская власть все мается в поисках идеи, которая могла бы объединить народ. А у казахского народа есть национальная идея?» деген сауалына ұзақ үнсiздiктен соң: «Национальная идея? У казахов? (Долго молчит). Проблема в том, что все эти поиски национальной идеи очень часто заканчивались обыкновенным национализмом. Это мы видели, видим и, возможно, еще увидим не раз. Противовесом национальной идее в таких многонациональных государствах, как Россия и Казахстан, должен стать интернационализм. Потому что иначе можно заблудиться и зайти слишком далеко, в тупик», – деп жауап бередi. Осынау жауапқа Қазақстандағы кейбiр өзiн саясаткер санайтын Олжас Сүлейменовтiң пiкiрлестерi қанағаттанып, оның осы бiр тұжырымдарына қосылатын шығар-ау. Бiрақ, бiз оған қосыла алмаймыз. Ұлттық идея ешқандай да, ешкiмдi тұйыққа тiрейтiн құбылыс емес. Қайта ол ұлтты өздерi қатарлы ұлттармен бәсекелестiкке түсiрiп, өркениеттi мемлекеттердiң қа­тарына қосылуға бастайтын бiрден-бiр жол. Ол ұлт тұтастығын күшейтiп, заман, уақыт талабына сай өзгенiң жақ­сысын қабылдау арқылы, оны эво­люциялық жолмен бәсекелестiкке лайық дамытып, ғаламдастыру дәуiрiн­дегi өзi­нiң күн астындағы орнын ешкiм­нен, ешқандай ұлттан кем емес дәрежеде алуына ықпал етедi. Оны орындауға ұйым­дастырып, бас-көз болатын – мем­лекеттiк аппарат, әмiршiлiк-әкiм­шiлiк жүйе. Ұлт­тық зиялы олардың кей­бiреулерi қор­қатындай бiз кезiндегi нацистiк Германия мен фашистiк Италия болмаймыз, бола алмаймыз да. Оған ешқандай да Керей-Жәнiбектен басталған мемлекет­тiлiгiмiз бен ұлттық қадiр-қасиетiмiзде себеп жоқ. Және мента­литетiмiз көтер­мейдi. Оны уақыт дәлелдеген. Содан соң, ұлттық идея қа­тып, сiресiп қалған ұғым-түсiнiк емес. Ол уақыт, заман көрiнiсiне әрi талап-тiлегiне орай эволюциялық жолмен дамып отыратын қадiр-қасиет. Егер, мемлекетiмiзде әртүрлi ұлттық мем­лекеттердiң диаспоралары тұрса, олар­ды бiз ешуақытта да сыртқа теуiп, қолдарын қағып, көңiлдерiн қалдырған емеспiз. Қайта олар бiзбен бiрiгiп, ұлттық идея мен идеология қалыптастыруға кө­мектесуi керек. Өйткенi қазақ зиялы­ларының ұлтшылдығы ешбiреуге қы­сым, қоқан-лоқы жасамайтын, үнемi өзiн-өзi қорғаумен, қорғаныспен келе жат­қан ұлтшылдық.  Ұлттық идея. Ұлтшылдық. Ұлттық мемлекет. Осы бiр сөз-сөйлем тiркестерi Ғ.Есiм, О.Сүлейменов қорқатын соншалықты құ­быжық па? Әрине, олай емес. Мәселе, олардың мән-мағынасын, мазмұн-мәтiнiн кiм қалай түсiнетiнiнде және қабылдай­тынында. Ұнамаса, ендеше олардың өз­дерiнiң пиғыл-ниеттерi ұлттық идея, ұлтшылдық, ұлттық мемлекетке терiс, ойлары арам. Ал, ұлттық идеяны iздеп, ұлтшыл болып, ұлттық мемлекет көз­дейтiндердiң мақсат-мұраты, талап-тiлегi, бағыт-бағдары өзге ұлттарға қы­сым жасайтын шовинистiк түсiнiктегi iс-әрекеттер емес. Мұстафа Шоқай бұл туралы: «Шовинизм» деп басқа ұлттардың мүдделерi есебiнен тар ұлтшылдыққа бой ұруды, басқа ұлттардың өмiрлiк мүдделерiн тек өз ұлтының мүддесi үшiн құрбан етудi айтады. Шовинизмнiң бой көрсетуi үшiн шовинизммен айыпталып отырған ұлт өзi өмiр сүрген елде үстем орынды иемденуi, мемлекеттiк билiктi қолында ұстауы шарт», – дейдi. Құдайға шүкiр, бiзде әзiрше жабайы, тұрпайы, бiртоға ұлтшылдықтан бастап, өзгелердi мүлдем жоққа шығаратын ақсүйектiк шовинизм жоқ. Жалпы, туа бiттi, тұла бойы интернационализмге толы қазақтан ондай келеңсiз жайларды күтiп, оған күдiкпен қараудың өзi – күнә. Оған Қазақстанды жайлаған әрбiр ұлт пен ұлыстар өкiлдерi – диаспоралар куә. Ал, олардың ойларына «қиқым» салып, жақсы мағынадағы ұлттық идея, ұлтшылдық, ұлттық мемлекеттiң қадiр-қасиетiн түсiргiсi келетiндер – қа­раптан-қарап жүрiп «қорыққан бiрiншi сiл­тейдiнiң» керiн келтiрiп жүргендер. Ондай пiкiрлердi қалыптастырып, елге таратып жүргендер – өздерiнiң батыс­шыл­дықтың балалық ауруымен ауыр­­­­ғандарын былай қойғанда, кеңестiк кезiн­­дегiдей коммунизм елесiн қуалап жүрген жандар екенiн бiлмейтiндер және өзiнiң туған халқының «қағынан» жерiн­гендер. Өз ана тiлiн бiлмей, өзгенiң тiлiн де қарық қыла алмай жүрген жандар. Солардың қатарына Қанат Қаб­дырахманов дегеннiң «Нацию сформируют русскоязычные…» деген пiкiрi де жатады. Ол мырза тiл ұлт дiлiнiң (мен­талитетiнiң десе де болады – А.Ә.) басты көрсеткiшi, табиғи-тарихи болмысының iшкi-сыртқы сезiм хабаршысы екенiн бiлмей, өз айтуына қарағанда «алтыға» оқығанына таңғаласың. Сондықтан, тiл – ұлттың бары, ұлттық идеяның басты негiзi. Тiлсiз ұлт болмайды. Тiлiн жоғалтқандар – өз қағынан жерiнген маргиналдар. Өзiн жазушы санайтын осы бiр автордың ауыл туралы тұжырымы да атүстi, сын көтермейтiн сөздер мен сөйлемдер. Ауыл – мәдениеттiң соңғы, тұяқ серiптiге келетiн көрсет­кiштерiнiң бiрi, қала – өркениеттiң шарықтау шыңы. Өркениет басталған жерде мәдениет шегiнедi. Мәдениет – табиғи-тарихи, киелi құбылыстар мен құнды­лықтардан тұратын категория, өркениет тарихи-прогрестiк ақыл-ойдың жемiсi. Қала сезiмдi қатқылдандырып, адам арасындағы қарым-қаты­насты салқындаттыратын, бiрқалыпқа түсiре­тiн «түрме» тәрiздес болса, ауыл адамды табиғатпен астас­тырып, көңiлiн шетсiз де, шексiз кеңiстiк арқылы қиялын шарықтататын әлi табиғи болмысы қала­дағыдай бұзыла қоймаған құбылыс әрi құндылық. Қанат сияқты өз ана тiлдерiн бiлмей, оны терiс көретiндер туралы Хасен Қожахмет «Санадағы сан ойлар» кiтабында: «Олжас Сүлейменов, Нұрболат Масанов сияқты қазақ­тардың орыс­шылдығы – өздерiнiң еркiн жүзуiне қолайлы орыстiлдi ортаның сақталуын қалайтын жеке басты эгоизм себебiнен. Ал, елiмiзде орысшылдықтың жалғасып, қоғамның мынадай дүбәра күйiнiң созыла беруi қазақ ұлтына, Қазақстан тәуелсiздiгiне қатерлi екенiн олар өз эгоизмiнiң көлеңкесiнен көруге шамалары жетер емес», – дейдi. Бұлардың ең қауiптiлiгi сонда, олар қазақ тiлiнiң еркiн, табиғи дамуына барынша кедергi болып қана қоймайды, оған өзгелердi де үндейдi, шақырады. Осы тұста менiң есiме Мұстафа Шоқайдың «Батыс (орыс деп те түсiнiңiздер – А.Ә.) тәрбиесiн алған зиялы­ларымыздың аянышты жерi – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы едi. Батыс тәрбиесi көптеген туыстарымызды халқымыздың жан-дүниесiне сiңген, ұлттық тари­хымыздың өн бойында жатқан шығыс зердесiнен айырды. Олар, яғни, Батыс тәрбиесiн алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған бiлiмдерiн өз халқының өмiрiмен «шығыс зердесiмен» бiрлестiре алмады. Бiз, әрине, бұл арада «Шығыс рухы» дегеннiң ғылыми, философиялық мағынасына тоқталып жатпаймыз. Бiздiң бүгiнгi күресiмiз үшiн осы «шығыс рухы» «ұлттық рухымыз» болуын және бiз қызметiн атқарып, тiлеуiн тiлеп жүрген халқымыздың тұла бойын осы шығыс рухы кернеп тұрғанын бiлуiмiз жеткiлiктi» дегенi тағы да түсiп отыр. Бiздiңше, Олжас Сүлейменов, Қанат Қабдырахманов секiлдiлерге осыдан артық айтатын сөз де жоқ. Өйткенi, КСРО кезiндегi жалпыадамзаттық және жалпыхалықтық коммунизм елесiне айналған идея мен идеология ұлттың барлық қадiр-қасиетiн жоққа шығарып, Олжас Сүлейменов, Қанат Қабдырахманов сияқтыларды тәрбиелеген едi. Сол жолда жұмыс iстеген Бұқаралық ақпарат құралдары туралы әңгiме өзiнше бiр төбе болары анық. Қазiргi адамның сана-сезiмiне әсер етiп жатқан рухани және материалдық құндылықтар аясын­дағы қарама-қайшылықтар тым күрде­ленiп кеттi. Материалдық құнды­лықтардың алға шығып, нарық қарым-қатынасындағы заңсыздық, еш­бiр тәр­тiп­ке бағын­байтын адами ара­лас-құ­раластықтың материалдық құн­ды­­­­лықтарға ден алдыруы рухани құн­­ды­­лық­тарды екiншi планға ысырды. Ұлт­тық идеяның қалыптаспай, аш iшектей созылып, тек пiкiрлер қайшы­лығының негiзi болып қалуының да сыры сонда. Сонымен бiрге, мәселе әлi де болса бiр кездегi социалистiк жүйенiң балалық ауруынан арыла қоймаған­дардың да оның орындалуына кедергi болып жүргендiгiн елеп-ескерсек, сондай-ақ, бiр кездегi «ха­лықтар достығының лабораториясы» атанған Қа­зақстан хал­қының ала-құлалығы, қолдан жасалын­ған қитұрқы саясаттың әртүрлi себеп-сал­дар­ларымен келiп қалған жұрт­­шы­­лықтың қазақты кiндiк – мемлекет құраушы ұлт ретiнде толыққанды мойын­дамауында болып отыр. Оған қазiр­­гi әлемдегi жүрiп жатқан «өркениет пен мәдениеттер соғысының» да ықпалы аз тиiп отырған жоқ. Сондықтан да, «Бiз кiмбiз, қайда, неге бара жатырмыз?» деген сұраққа жауап берiп, сол жолдағы мақсат-мұратымызды, бағыт-бағдары­мыз­ды, ұстаным­дарымызды анықтап алуға бiрден-бiр негiз болатын – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ, ҰЛТШЫЛДЫҚ, ҰЛТТЫҚ МЕМ­ЛЕКЕТ екендiгiн толыққанды және жақсы мән-мағынада түсiнгенде ғана iлгерi кеткен ел бола аламыз. Ресей мемлекетiн қазiргi дәрежеге жеткiзген «Москва – третий Рим», «Православия, Самодержавия, Народность», «За веру царя и отечество» деген ұғым-түсiнiктер болса, бiздi де болашақта қалыптастыратын ұғым-түсi­нiктер «ҰЛТ­ТЫҚ ИДЕЯ, ҰЛТШЫЛ­ДЫҚ, ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ» деген сөздер болуы керек. Сонда ғана бiзге Р.Юсупов сияқтылар: «….У нас (Қазақстанды айтып отыр – А.Ә.) не один, а целых три народа, только они называются по другому – жузы. Правда, время от времени один «народ» «подкусывает» другой, чтобы особенно не высовывался, но ничего, мы к этому привыкли. Поэтому назвать нас единым народом как-то язык не поворачивается. В итоге вместо «народности» по­чему-то выходит «жузовщина» демес едi. Әрине, егер қазақтың «шөптiң басы жел тұрмаса қи­мылдамайды» деген қағидасына сенсек, пәленiң бәрi өзiмiзден де бар. Руымызды бiлiп қана қоймаймыз – рушыл боламыз, жүзiмiздi бiлiп қана қоймаймыз – жүзшiл боламыз, атамызды біліп қоймаймыз – аташыл боламыз. Сондықтан да, бiзге қарай Р.Юсупов сияқтылар еш қысылмай тас лақтырады. Бiз жалпыхалықтық ұғым-түсiнiкке айналып кеткен «разделяй и властвуй» деген қағи­даны ұмытып кеткенбiз. Әйтпесе, әлдебi­реулердiң аузынан шығып, көпшiлiкке тарап кеткен руды, жүздi былай қойғанда «батыс қазақтарының жалпы жиналысын өткiземiз» деудiң өзi сол ұлт тұтастығына зиянын тигiзетiн бiрден-бiр қыңыр-қисық iс-әрекет емес пе? Бұл да ойланып, толға­натын жағдай. Бiздiң руыңды бiл – рушыл болма, жүзiңдi бiл – жүзшiл болма, дейтiнiмiз сондықтан. Қазақстан – Еура­зиялық кеңiстiкте орналасқан тәуелсiз де егемен мемлекет. Ол қазақтық-ұлттық негiзiн қалаған Керей-Жәнiбек кезiнде-ақ өзiндiк өр­кениет пен мәдениеттi қалып­тастырған мемлекет ретiнде алысты қайдам, оң-солымыздағы Ресей мен Қытайға танымал болатын. Олар оның iшкi-сыртқы саясатымен таныс болып қана қоймай, оған үнемi қоқан-лоқы жасап, кiлең қырына алып келген. Әлi де солай, бiрақ, қазiргi саясаттары су асты ағыстарындай құпияға толы құбылыс. Сондықтан да, ұлттық идея, ұлт­шылдық, ұлттық мемлекет ұлтты тұтастыратын (Қа­зақ­станда тұра­тын жалпы халықты да – А.Ә.) тетiк қана болып қоймай, оны революциялық емес, эволюциялық жолмен iлгерi дамытып, жайынқұлықты жұтып қоятын ғаламдастыру атты аждаһадан сақтап қалатын күш те болуы тиiс. Мұндағы басты мiндет – сырттан келетiн РУХАНИ және МАТЕ­РИАЛДЫҚ құндылықтарды са­­­рап­­тап-сара­лап, елеп-екшей алумен бiр­­ге, өзiмiздегi қан­сiңдi РУХАНИ және МА­­ТЕРИАЛДЫҚ құнды­лықтарды сырт­қа шығаруда да өзiндiк кескiн-келбет, мазмұн-мән, са­палық-сандық қа­лып­тарды арттыр­масақ, ке­мiтпеуiмiз керек. Яғни, бұл iшкi-сыртқы саясатта да, экономикалық-мәдениеттiк, қоғам­дық тыныс-тiршi­лiкте де өздерiмiздi өзге­лермен ашық бәсе­келес­тiкке түсе алатын мемлекет болып қалып­тас­ты­руымыз керек деген сөз. Бiр кезде Мұс­тафа Шоқай: «Бiз бұрын патшалық Ресей, қазiр Кеңестiк Ресей деп аталған зынданның темiр торларын аралап жатырмыз», – десе, ендi бiз «Шын мағы­насындағы озық елу мем­лекеттiң қата­ры­на қосылатын ел бо­ла­­тын­­дығы­мыз­ды дәлелдеп қана қой­маймыз, сонымен бiрге, iргелi, ұйым­шылдығы мен бiрлiгi жарасқан ұлт бола аламыз» деген мақсат-мұратпен, бағыт-бағдармен, ұста­ныммен ғалам­дастыру атты дәуiрге кiретiн мемлекет екенiмiздi iшкi-сыртқы саясатымызбен дәлелдеуiмiз керек. Қазiр одан басқа таңдау жоқ. Бiзге Алла патшалық Ресейдi күйретiп, КСРО-ны таратып, ендi iргелi ел-жұрт болатын мүмкiндiк берсе, мұнан кейiн ондай мүмкiндiктi бермеуi бек мүмкiн. Сондықтан, осынау Тәуелсiздiк пен Егемендiгiмiздi қолдан шығарып алмауға тиiспiз. «Руыңмен у iшпе, қазақ!».

«Жас Алаш». 30 желтоқсан, 2010 жыл

 

268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз