• Ұлттану
  • 18 Қараша, 2014

Сенатор Ж.Ерғалиев: Ел бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтаудың тарихи сәті туды

Тәуелсіз еліміздің  тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын  өзіміздің күн сайынғы қажырлы еңбегімізбен қолдап та, қорғап та  нығайта берудің, ел бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтаудың тарихи сәті туды. Елбасы Жолдауынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев осындай ой түйіндеп отыр.

«Қазір бүкіл әлем Елбасы Жолдауының тарих маңызы жайлы өз пікірлерін айтып жатыр. Расында да, әлем өз қауызына сыя алмай, сол бүкіл әлем жаңа бір қауіп пен қатерлерге тап болып тұрған сәтте  Елбасы  бізді, тәуелсіз елімізді тағы да бір дүние қыспағынан алып шығар жол бастады. Ол  Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жолы»,- деп бастады сенатор өз сөзін.

«Бірін-бірі мұқалтқысы келген, бірінің-бірі жағдайын  жұқартқысы келген санкциялық саясат ұстанған бүгінгі әлем өз дағдарысының ауыр зардабын  тарта да бастағандай. Кей-кейде бұл мына дүние ағымы мен ағысының  өз дамуының жаңа бір бағыты мен жаңа бір жолын табу үшін жанталасып жатқандығы ма деп те ойлайтының болады. Алайда, осы бір жанталасты дүниенің  қабырғасын  сөге бергенше, қалыптасып отырған қазіргі жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты жоюдың бір амалын бірлесіп ойластырып, бірлесіп орайын келтіру де керек қой. Осыған Елбасының жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты қамтыған биылғы Жолдауы үлгі боларлықтай.

 

Елбасы бізді әрдайым алға қарауды үйретіп келеді. Айқын оймен айқын міндеттер белгіледі Елбасы! Ең бастысы, Елбасы әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыстың бүгінгі  жағдайында да барлық қазақстандықтардың әл ауқатын төмендетіп алмаудың, бұған керісінше, дағдарыс жағдайында да қазақстандықтардың әл ауқатын барынша арттыра түсудің жаңа концепциясын алға тартты.

Дүниежүзілік нарықта  мұнай мен экспорттық өнімдер бағалары айтарлықтай жоғары  болған кезеңдерінде  солардан  түскен табыстарды Ұлттық қорға жинап келген Елбасы енді келіп, өз елі мен халқының игілігі үшін жинаған сол қаржыны енді сол елі мен сол халқының игілікті мүддесіне жұмсауды жөн санады. Әуелгі 10 миллиард доллар  2007-2009 жылдарда кезіккен  дағдарысқа қарсы күреске бағытталса, биылғы жылдың ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін  2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша, яғни, екі бөліп, 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған да болатын. Енді келіп, Елбасы Ұлттық қордан осы бір триллион теңгенің екінші бөлігін, яғни 500 миллиард теңге көлеміндегі қаржыны Қазақстан бойынша басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін жұмсауға Үкіметке нақтылы тапсырмалар берді», - дейді Сенатор.

Елбасы өз Жолдауында осы Ұлттық қор қаржысын қалай және қайда жұмсауды да көрсетіп берді. Қазақстандықтар үшін аса маңызды өмірлік сала шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлінбекші. Ал 2015 жылы банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз ету керек. Бұл - Қазақстанға  жаңа инвестициялар тартуға қолайлы  жағдайлар жасауға қажетті шараның бірі.

«Қазақстан әлемдік, тіпті өркениеттің дамуындағы аса  маңызы бар тағы да үлкен бір абыройлы істі жүзеге асыру ниетінің үстінде отырған және сол үшін қыруар істі қолға алып отырған  ел.  Ол - 2017  жылы Астанада өткелі отырған   «ЭКСПО-2017» көрмесі! Әуелде   «ЭКСПО-2017» кешені құрылысына  25 миллиард теңге қаржы бөлінсе, Жолдауда сол істі одан әрі жалғастыруды несиелеу үшін  2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Ел абыройын асырар қандай іске болса да аса жауапты және аса ыждаһатты қарар  Елбасы  «ЭКСПО-2017» қарсаңында  Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы мәселені де орынды қозғап,  Астана аэропортының  мүмкіндігін кеңейту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Міне, Елбасының ел алдына қойып отырған осы бір міндеттері Қазақстанның алдағы уақытта дами түсуінің мол да зор мүмкіндіктері бар екендігін ұғындыра түседі. Құдай қаласа, өсеміз, өркендейміз! Елбасының Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен ежелгі қазақ жерінің бүгінгі қайнаған тіршілікпен байланыстырар күре жолдарымыз көп болсын, олар әлемдік талапқа сай болсын деуі де еліміздің бүгіні мен болашағы үшін айтылған сөз.

Мына қасиетті тәуелсіз еліміздің  тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын  өзіміздің күн сайынғы қажырлы еңбегімізбен қолдап та, қорғап та  нығайта берудің, ел бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтаудың тарихи сәті туды», - деп қорытындылады өз сөзін Сенатор.

ҚазАқпарат

227 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз