• Ұлттану
  • 19 Сәуір, 2012

ИСЛАМДАҒЫ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

Гаухар Сыздықова, филология ғылымдарының кандидаты

Ислам даму барысында басқа әлемдiк дiндер сияқты өзiнің дiни және саяси бiртұтастығын сақтап қала алмады. Әлеуметтiк, саяси себептердің нәтижесiнде исламда көптеген бағыттар мен секталар пайда болып, мұсылман елдерiнде таралды. VII ғасырдың екiншi жартысында, Пайғамбар өлiмiнен отыз жыл өтпей жатып, Құрандағы дiни секталарға бөлiнбеу туралы ережелерге қарамастан, исламда жiкке бөлiну басталады. Бас кезде тек саяси партия сияқты көрiнгенiмен, олар келе-келе дiни секталарға айналып кеттi және бүгiнгi күнге дейiн өмiр сүрiп отыр. Секталардың пайда болуының объективтi себептерiнің бiрi – нақтылы қоғамдық топтардың қоғамдағы билiк үшiн күресi. Мұхаммед қайтыс болған соң ислам қауымында билiк үшiн күрес басталады, оның себебi Мұхаммедтің тiкелей мұрагерлерi болмауында және өзiнен кейiн тiкелей ешкiмдi тағайындамауында жатыр едi. Тарихшы ғалымдар былай деп көрсетедi: «Арабстанды бiрiктiрушi Мұхаммед қайтыс болған соң, елдегi бiрлiк бұзыла бастайды. Жетекшi рөлге таласқан меккелiктер мен мединелiктер арасында алауыздық пайда болады, кейбiр қалалар бұлардың бiрiне де бағынғысы келмедi, елде жаңа пайғамбарлар, тiптi әйел пайғамбарлар пайда болып, олар өздерiнің iлiмi негiзiнде Мұхаммедтің дәрежесiне көтерiлгiсi келдi. Нәтижесiнде исламның күшi әлсiреп, одан бүтiн тайпалар мен аймақтар кете бастады. Ендi ерекше маңыздағы басты мәселе – мұсылмандардың басшысын дұрыс тағайындау болды. Шын мәнiнде, оның жеке қасиеттерi мен қабiлеттерiне исламның одан әрi тағдыры тiкелей байланысты болады» [1]. Дәл осы кезеңде, яғни халифты сайлау барысында исламда дiни секталардың құры­луының негiзi қаланады. Пайда болған пар­тиялардың бiрiн Әлидi сайлауды табан­дылықпен талап еткен оның жақтастары құрайды, келесi бiр топ – Әбу Бәкiрдi халиф сайлауға ұмтылған оның iзiне ерушiлерден тұрды. Осылайша ислам дiнiнде сунниттiк және шейiттiк ағымдар пайда болады. Атақты шығыстанушы В.В.Бартольдтың көрсетуiнше: «сунниттер және шейiттер терминi кейiн пайда болған; бастапқы кезде жәй Осман ши’есi (партия секта) және Әли ши’есi туралы бiрдей айтылды. Әлидың жақтастары және оның қарсыластары да бiрдей пайғамбардың суннасына (мiнез-құлық, әдеттiлiк, үлгi) сүйендi, яғни ол орнатқан үлгiге сүйендi” [2]. Бартольдтың көрсетiп отырғанындай, бастапқы кезеңде өз позицияларын күшейту үшiн Құран мен Суннаға бiрдей сүйенген бұл топтар арасында догмаға байланысты ешқандай айырмашылықтар болған жоқ, ол кейiн пайда болды. Уақыт өте келе жауласудың саяси себептерi өзiнің өткiрлiгiн жойған кезде, айтыс таза догмалық салаға ауысып, исламды өзара ымыраға келмейтiн екi бағытта мәңгiге бөлiп тастайды. Мұсылмандардың көпшiлiгi ортодоксаль­дық бағыт ретiнде сунниттердi жақтайды. Сунниттер Құранмен қатар, Суннаға сүйенедi, оның талассыз дұрыстығын сөзсiз деп мойын­дайды, жоғары дiни және азаматтық билiктi әруақытта бiрiктiрушi халиф деп есептейдi. Олар алғашқы үш халиф – Әбу Бәкiр, Омар және Османды Мұхаммедтің занды мұрагерлерi деп таниды және олардың исламды толықтыру мен кемелдендіру салаларында атқарған iстерiнің бәрiн шүбәсiз деп санайды. Омейядтар мен Аббасидтердің халифатқа құқықтарын сунниттер толық заңды деп келiседi. Шейiттер төртiншi халиф Әлидің Мұхам­медке туыстығын алға тарта отырып, билiктi қолға алуға ұмтылды. Бұлар алғашқы үш халифтi заңсыз деп санап, оларды билiктi күш­пен алған басқыншылар деп атады. Шейiт­тер төртiншi халиф Әлидi бiрiншi имам санады, одан кейiн имамат мiндеттi түрде Әлидің ұрпақтарына өтуi керек. Дiни және саяси билiктің өз қолдарында болмағанына қарамастан, сол кезеңде Әлидің ұрпақтары имам аталынып, оларға шейiттер сыйынды. Он екi имамға сенiм тақуаларға сенiмнің негiзгi элементтерiнің бiрiн құрайды. Сунниттер шейiт­тердің имамдарын және имамдар туралы iлiмiн қабылдамады. Құранға сенiммен қанағаттанбай, пайғамбар туралы ауызша әңгiмелер құрастырып, оны «Сунна» деп атады және оны өз iс-әрекеттерiнде басшылыққа алды. Сунна Мұхаммед пайғамбардың жасаған қызметiн, қылықтарын және нақыл сөздерiн сипаттайтын қысқа әңгiмелер мен хадистер жиынтығы. Шейiттер мен сунниттер жалпы ұқсас­тықтарына қарамастан, олар бiр-бiрiнен жо­ға­рыда айтып өттiк, өзгеше догматтар, ри­туалдар және әдет-ғұрыптар арқылы ажыратылады. Шейiттер Құран «құдайдың рухы»; оны Алланың өзi айтып, жаздырған, оны ешкiм жасамаған және оның не бастауы, не шегi жоқ деп дәлелдейдi. Шейiттер қазiргi Құран нағыз Құранның өзi емес, ол алғашқы үш халиф тұсында жалған жазылған деген бүркемеленген ойды ұсынады. Нағыз Құран Әлидің және оның жақындарының қолында болған. Құран­ның пайда болуы, оның Әбу Бәкiрдің тұсында құрастырылғаны, Османның оны жүйеге келтiргенi, артық сүрелердің алынғаны, Құран­ның қабылдануы сияқты оқиғалар ислам тарихынан жақсы белгiлi. Бiрақ шейiттер бұл айтқандармен келiспей өз дәлелдерiн ұсынады: Құранды Мұхаммед пайғамбардың тұсында Әли құрастырып, тәртiпке келтiрген, оны пайғамбардың өзi оқып, мақұлдаған. Бiрақ Әли жеңiлген соң, екi Құранның болуы алауыздық тудырады деген оймен, өз жақтастарына Осман құрастырған Құранды қабылдауды ұсынады. Шейiттер Құранды мойындайды, бiрақ онда Мұхаммед және Әли туралы сөз болатын екi жұлдыз туралы сүрелердi сунниттер жасырған деп көрсетедi. Шейiттер сол сияқты Құрандағы «Алла жақсылық пен жамандықты жасаушысы» деген оймен келiспейдi. Аллаға тек жақсылық жасау ғана тән деп пайымдайды. Сунниттер болса, керiсiнше, Аллаға жақсылық та жамандық та жасау тән деп есептеп, олардың өздерiне Алладан жiберiлуiн мойындайды. Құранды түсiндiруде сунниттер оның тiкелей мағынасына көп көңiл бөлсе, шейiттер оны мистикалық түсiндiруге бой ұра отырып, осынысымен Алланың құдiреттiлiгiн тiкелей түсiнудi жоққа шығарады. Сунниттер мен шейiттердi қатаң ажырататын догматтың бiрi – тағдырға сенiм болып табылады. Сунниттердің көпшiлiк бөлiгi тағдыр туралы догматты сөзсiз мойындайды. Бұл догмат бойынша бiреулердің пешенесiне рахат жазылса, бiреулердi мәңгiлiк азап күтiп тұрады. Шейiттер, әсiресе олардың ортасындағы бiлiмдiлерi бұл догматқа сенбейдi және Мұхаммед адамдарды оған сендiрудi еш уақытта ойламаған деп көрсетедi. Шейiттердің сунниттерден тағы бiр айырмашылығы: олар бес рет намазды үш рет намазбен ауыстырды. Шейiттердің келесi бiр өзгешелiгi «жоғалған имам» туралы iлiмде көрiнедi. Бұл аңыз бойынша, соңғы он екiншi имам Мұхаммед Махди жоғалып кеткен, ол мiндеттi түрде құтқарушы ретiнде қайта оралады. Алланың еркiмен бұл имамның қайта оралуы шиизмнің бүкiл әлемдегi жеңiсiн қамтамасыз етедi; осы кезде жер бетiнде әлеуметтiк теңдiк пен әдiлеттiлiктің – «Алтын ғасыры» орнайды. «Жоғалған имам» туралы аңыздың әлеуметтiк-саяси мәнi – әйтеуiр бiр кезеңде имам мiндеттi түрде оралады, барлық әлеуметтiк теңсiздiктердi жояды, қанауды құртады деген қорытындыда жатыр. Дәл осы себептi шиизм iлiмiнде бағыну мен шыдамдылық идеясы кең тараған. Шейiттердің сунниттерден келесi бiр айырмашылығы «әулиелi” орындарға зиярат етуден көрiнедi. Меккеге зиярат жасай отырып, шейiттер Мұхаммед пайғамбар көрсеткен дiни оқуды қажет санайды. Олар Әли және Хұсайын, сол сияқты дiн үшiн азаптанғандар зиратына зиярат жасауды құрмет санайды. Зиярат кезiнде олар қажылық әдет-ғұрыптарды екiден: бiрiн өзi үшiн, екiншiсiн басқалар үшiн жасайды. Шейiттерде бастауын Әли және имам iлiмдерiнен алатын «қауiптен жасырыну немесе жасырын әрекет» догматы өмiр сүредi. Бұл iлiмде, әрбiр шейiт суннитпен кездескенде өзiн суннит ретiнде ұстауы керек, тiптi ортада сунниттерден шейiттер көп болса да, олар өздерiн суннит сияқты алып жүруi керек. Бұл догматтың қоғамдық-саяси себептерi хали­фатта шейiттердің көп жылдар бойы қарсыластарынан қуғын көруiнде жатса керек. Дәл осы қуғыннан құтылу үшiн, шейiттер өздерiнің шейiт екендiгiн жасырын ұстауға мәжбүр болған. Ұзаққа созылған суннизм мен шиизмнің күресi барысында жеңiске ресми, негiзгi iлiм ретiнде шиизмге қарағанда ортодоксальды және түрлi өзгерiстерге шыдамсыз – суннизм жеттi. Бұл құдай мен әлемдi образды, көрнекi елестету мәселелерiне де тiкелей әсерi тидi, бұдан былай көркем бейнелеу принциптерi қабыл алынбады; бейнелеуге тыйым салынды. Бұған қоса тек мұсылман идеологиясы ғана емес, сол сияқты мұсылман философиясы әлемдi тануда және бейнелеуде оған ұқсас байланысты теориялық жағынан негiздеуге ұмтылды. Құдайдан басқа ешкiм ешнәрсенi жарата алмайды және жаратпауы керек, тiптi жаратқанды бейнелеуге болмайды, өйткенi тек құдай ғана әрбiр заттың тағдырын шеше алады. Исламда сунниттiк, шейiттiк ағымдармен қабат, сан жағынан аз болса да, ерекше бiрбеткей – хариджиттер тобы шықты. Халифты сайлау туралы мәселеде, сунниттер мен шейiттерден айырмашылығы – хариджиттер исламның ережелерiн бiлетiн, тақуа әрбiр мұсылман шыққан тегiне, ұлтына қарамастан, халиф болуға құқықты деп санады. Хариджиттер сунниттер мен шейiттердің халиф тек ғана құрайыш тайпасынан сайлануы керек деген ойын қабылдамады. Аристократтық бастаудың қарсыластары бола отырып, хариджиттер сайланатын халифтi талап еттi және бiрiншi халифтерден билiгi мұрагерлiкке жол салмаған Әбу Бәкiр мен Омарды ғана мойындады. Саяси билiкке күрес нәтижесiнде пайда болған хариджиттер сектасы кейiннен iштей жiктелудің нәтижесiнде бiрте-бiрте жойылып кеттi. Ислам дiнiндегi шейiттiк ағымда исламның даму барысында көптеген секталар мен топтар пайда болды. Исламның сондай секталарының бiрi – мұсылмандық схоластикалық теология iзiн қуушылар – мутазилиттер болды. Мутазилиттер Бағдат халифатының бiлiмдi ақсүйектерiнің өкiлдерi болды. Олар Алла бұл дүниеде адамға қасiрет танса, о дүниеде оны мiндеттi түрде жұмаққа кiргiзедi деп дәлелдейдi. Олар Құранның мәңгiлiгiн терiске шығарды, адамның ерiк бостандығын жақтады, оның ақыл-ойын өнегелiлiктің жоғары өлшемi деп есептедi. Мутазилиттер де өз мүддесiне сай дiндi саяси мақсаттарына пайдаланды. Олар қарапайым дiнге сенушiлердің дүние танымына адам өзiнің қылықтары үшiн Алла алдында өзi жауап бередi деген идеяны енгiзуге тырысты. Таптық қоғамда бұндай идея мен көзқарасты насихаттау билеушi топтың мүдделерiн қорғайтын едi. Ислам дiнiндегi саяси мәнi бар секталардың бiрi – исмаилиттер сектасы болды. Бұл секта VIII ғасырда шиизмнен бөлiнiп, Бағдатта, таптық қайшылықтардың шиеленiсiп тұрған уақытында пайда болды. Кейiннен Орта Азия, Үндiстан жерлерiне тарады. Исмаилиттердің мистикалық - пантеистiк көзқарасына сәйкес, барлық болмыстың бастапқы себебi, барлық мәннiң бастауы мистикалық идея болып табылады. Олар адамдардың арасында «құдай ақиқаты» насихатын сақтаған және таратқандар исмаилиттық имамдар болып табылады деген саяси ойды алға тартты. Исмаилиттар мистикалық - пантеистiк iлiмге сүйене отырып, ортодоксальды исламның жұмақ және тозақ туралы догматтарын терiске шығарды, әлi күнге терiске шығарып отыр. Олардың пiкiрiнше, жұмақ пен тозақ әрқайсымыздың жанымыздың iшiнде тұр. Олар бес уақыт намаз, ораза, Меккеге зиярат сияқты әдет-ғұрыптарды, өлгендердің тiрiлуi және қорқынышты сот туралы дiни догматтарды терiске шығарды. Ортағасырлық араб мұсылман мәдение­тiнде мүлiктiк және дiн ұстаудағы антаго­низмдi жоюды ұйғарған, дiннен жоғары мұратты iздеуге бағытталған қоғамдық-сая­си түсiнiктер қарқынмен дамыды. Бұндай әлеуметтiк утопиялық мұратты iздеу толық түсiнiктi себептермен ортодоксальды ислам тарапынан белгiлi бiр реакцияны тудырды, ол сопылық (суфизм, араб сөзi «суф» – жүн, сол кезеңде аскеттер, жиhанкез дуаналар киген дөрекi жүннен жасалынған киiм) болды. Сопылық VIII-IX ғасырларда пайда болып, исламда кең тараған мистикалық бағыттағы ағым. Исламтанушы З.И.Қасымова атақты әрiптесi А.Е.Крымскийге сүйене отырып, былай деп жазады: «Сопылықтың тууын А.Е.Крымский бәрiнен дәлiрек түсiндiредi, ол бұл процестi белгiлi әлеуметтiк-экономикалық жағдайлармен, соның iшiнде теократиялық мемлекеттің қалыптасуымен, халықты қа­нау­дың күшеюiмен, халифаттағы билiк үшiн күреспен қабат жүрген өзара қырқыс соғыс­тармен байланыстырады. Сопылық фео­далдық ақсүйектер мен жаулап алушылар тарапынан болған қанау мен қысымға қарсы халықтың реакциясы ретiнде пайда болды» [3]. Исламдағы мистикалық-аскеттiк ағым ретiнде сопылық мұсылман дiнбасыларының төменгi қабатының арасында дүниеге келдi. Сопылық қоғамдық теңсiздiкке, соның iшiн­де атаққұмарларға, бай қалалықтарға, феодалдарға және дiнбасылардың жоғарғы қабатына қарсы күрестi. Олар өмiрiн тек алла жолына сарп еттi, бұл дүние қызығынан бас тартты, осыдан келiп олардың ешбiр өлшемге сай келмейтiн мiнез-құлықтары қалыптасты, олар күнiне бес рет намаз оқымады, оның орнына әртүрдегi: экстаттық транстан үндi-буддистiк медитацияға жақын iшкi күштердi терең жинақтауға дейiнгi аралықты зiкiр жорасын орындады. Сопылықтың шығу көзiне әртүрлi мәдениеттердің: Құран ережелерiнің, үндi-буддизмнің абсолюттi шындық - сезiм әлемiнен басым деген ережесiнің және христиандық аскетизмнің ықпалы тидi. Бұл көздердің синтезi исламның негiзiнде, араб мұсылман мәдениетiне үлкен ықпалын тигiзген сопылықтың пайда болуына әкелiп соқтырды. Сопылық iлiмнің ең маңызды мәселесi пантеизм болды. Ол iлiм бойынша адамдар құдiреттi бастаумен, яғни Алламен қосылуға ұмтылуы керек. Сопылықтың ықпалы, әсiресе өнегелiлiк, соның iшiнде мораль саласында қатты көрiнедi. Сопылықтың дiни идеологиясы Таяу және Орта Шығыстың Сан’ани, Жәми, Руми, Аттар, Газали, Сухраварди, Насими сияқты және т.б. ақындары мен ойшылдарының творчествосына күштi ықпал еттi. Сопылық ағымға жататын ақындар мен ойшылдардың көзқарастарында феодалдық құрылысқа, шах езгiсi мен бассыздығына наразылық, моральдық азғындыққа көзi жету, жын ойнаққа, құмарлыққа, байлықты аңсауға, бөтеннің еңбегiн қанауға, дiни ережелерге сынай қарау маңызды орын алады. Сопылықтың еркiн ойшылығы оның әртүрлi мемлекеттер мен халықтар арасына кең тарап, орнығуына мүмкiндiк бердi. Оның еркiн ойшылдығы мына формалардан көрiнедi: 1. ортодоксальды исламның шариатты сөзсiз орындауды және сақтауды талап ете­тiн ережелерi мен әдет-ғұрыптарына нем­құрайдылық; 2. басқа дiндегiлерге мұсылмандардың шыдамсыздығын мойындамау, оған қарама-қарсы әртүрлi дiндегi халықтардың теңдiгiн бекiту; 3. ортодоксальдық исламның бiрбеткей көңiл-күйдегi дiнбасыларын айыптау [3, с.16]. Сопылар, мұсылман дiнiн жаңалау арқылы әлеуметтiк реттеудің жаңа идеологиялық жүйесiн құруға ұмтылды. Исламда сопылық идеология негiзiнде, XIX ғасырдың ортасында Кавказдағы таулықтардың Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күрес жағдайында муридизм ағымы пайда болады. Муридтердің ең алғашқы имамы Қазы молла болды. Ол орыс генералы Розеннің қолынан қаза болған соң билiк шейх Шәмiл қолына өтедi. Ол өзiне имам және пайғамбар атағын қабылдайды. Шешенстан мен Дағыстан таулықтарынан 35 жыл өмiр сүрген мемлекет - имаматтың негiзiн қалайды. Муридизм ұсынған джихад (қасиеттi соғыс) идеясы ұзақ уақыт бойы таулықтармен сіңiрiлiп, патшалықтың отарлық саясатына қарсы күресте маңызды рөл атқарды. Муридизмнің жолын қуушылар Құран мен шариатта көрсетiлген дiни талап­тардың бәрiн толық орындап отырды. XVIII ғасырда мұсылман әлемiнде Сауд Арабстаныңда пайда болған ваххабиттер қозғалысы кең таралды, ол осы күнге дейiн, соның iшiнде, Орта Азияда да бой көр­се­туде. Бұл қозғалыстың негiзiн қалаушы Хатиб Мұхаммед ибн Абдул Ваххаб болды. Ваххабиттер қозғалысы Сауд Арабстаныңдағы қоғамдық-экономикалық, саяси жағдайлардың күрделенуi нәтижесiнде пайда болды. Олар исламды Құран мен Сунна негiзiнде феодализм сұраныстарына сәйкес қайта құрғысы келдi, әулиелер культiн мойындамады. Себебi әулиелер культi, құрбандық шалу сияқты әдет-ғұрыптарды Абдул Ваххаб исламның бiр құдайлық принципiнен бас тарту деп есептедi. Кедейлiктi ақтау үшiн ваххабиттер кедейлер о дүниеде жұмаққа тез өтедi деген идеяны пайдаланды. Ваххабиттер қозғалысының әлеу­­меттiк мәнi осылайша iрi феодалдардың мүдделерiн бейнелеумен түсiндiрiледi. Дiни сипаттағы ваххабисттер қозғалысы қоғамдық-экономикалық және саяси салаларда жаңа ешнәрсеге қол жеткiзе алмады, ескi әдет-ғұрыптарды жою үшiн ешқандай саяси шараларды iске асыра алмады. XIX ғасырдың ортасында Иранда сек­танттық ағымдар: бабизм және бехаизм дүниеге келедi. 1826-1828 жылдардағы Иран­дағы соғыс оның әлеуметтiк-эконо­микалық дамуына өз әсерiн тигiздi, соғыста жеңiлген Иран Ресейге 20 млн. алтынмен ақша төледi, нәтижесiнде шаруалардың жағдайлары нашарлап, олардың массалық бой көрсетулерi басталды. Бiрақ бұл оқиғалардың негiзгi себебi – елдің әлеуметтiк және саяси дамудағы артта қалушылығы едi. Бұл дiнбасылардың да қоғамдық жағдайына әсер етпей қоймады. Елдегi жағдай жаңа дiни iлiмге негiз салуға жағдай жасады. Олар Иранда тек дiнде ғана емес, өмiрде де түпкiлiктi реформалар жүргiзгiсi келдi. Қара­пайым халық Махдидің оралуын күттi, ол жер бетiне бейбiтшiлiк әкелiп, жұмақ орнатуы тиiс едi. Осындай жағдайда жаңа ағым – бабизм пайда болды. Баб iлiмiнің тез таралуы және оның табыстары: Құран, Библия мұсылман теологтарының еңбектерiмен жақсы таныс болуында және оларды өз идеяларын дәлелдеуде пайдалануында жатыр. Бабизм ағымының негiзiн шираздық көпестің ұлы Әли Мұхаммед Ширази салады. Ол жас кезiнен сауданы дiн мәселелерi мен аскетизмдi зерттеумен байланыстыра отырып, өзiн Бап, яғни халыққа жаңа дiни iлiм келетiн «қақпа» деп жариялады. Бабизмнің негiзiн ол «Беян» кiтабында баяндайды. Баб iлiмi Иран қоғамындағы жаңа туып келе жатқан сауда буржуазиясы тобының мүддесiнде бейнелегендiктен, зор­лыққа, феодалдардың жүгенсiздiгiне, ше­телдiк мемлекеттердің күштеуiне қарсы бағытталды. Сауда буржуазиясы өзiнің әл­сiз­дiгi себебiнен, феодализммен күресте дiнге арқа сүйеуге мәжбүр болғаны тарихтан белгiлi. Бұл жаңа тап билеушi тапқа қарсы күресте дiни позиция тұрғысынан бой көрсеттi. Иранда да XX ғасырдың ортасында саяси топтар феодализммен күресте «исламды тазалау» ұранын пайдаланды. Баб өзi өлер алдында iзбасары етiп Мырза Гусейн Әлидi тағайындайды. Ол өзiн Бехаулла (Алланың қосылуы) деп жариялайды. Ол Бабтың iлiмiне түзетулер енгiзiп, жоғары өнегелiлiктi дiни идеяларды алға тартады. Мырза Гусейн Әли жаңа дiни iлiм бехаизмнің негiзiн қалайды. Бехаулла «Өсиет» деген кiтабын жазады, бұнда негiзгi орын насихатқа берiледi. Оның пiкiрiнше, өсиеттер адамды iштей тазартады, оны жаман қылықтардан бой тартқызады. Баб және Бехаулла ұлттар арасына айырмашылық қоймай, махаббат, теңдiк және туысқандық идеяларын насихаттады. Бехаизм iлiмiнің көптеген позитивтiк жақтары бар. Оның iлi­мiнде адамдардың уақытын бос өткiзбей, белгiлi бiр iстермен айналысуына, яғни ма­мандық, қолөнер үйренуiне көп көңiл бөлiнедi. Бехаизм құлдықты айыптап, құл саудасына тыйым салады. Бехаулла бөтен ел­дермен бейбiт қатар өмiр сүру идеясын насихаттайды. Қорыта келгенде, исламның түрлi ағым­дарға, соның iшiнде суннизм және шиизмге бөлiнуi, Шығыс халықтарын бiрiктiру iсiнде терiс рөл атқарды, тарихта ол, әсiресе, отар­лыққа қарсы күресте, тұтас халықты, ұлтты жiктеуден көрiндi.

1607 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз