• Ұлттану
  • 19 Қараша, 2014

Арзан мұнайдың дәуірі басталды ма?

Мұнай бағасының күрт құлды­рауына не себеп? Расында, арзан мұнайдың дәуірі басталды ма? Әлде мұнайды саяси ойынға тетік еткен алпауыттардың ойыны ма? Мұнай бағасының төмендеуінде саяси астар бар ма? Бар болса, кімге ба­ғытталған?

Әлде әлемдік экономика өсуін тоқтатып, тежелу үрдісін бас­тан кешуде ме? Қара алтынға сұра­ныс содан төмендеді ме? Сұ­рақ көп, жауап тұщымды емес. Деген­мен, мұнай бағасының құлдырауына байла­нысты қазір әлемде бірнеше болжам ай­тылады.

Біріншісі, әлемде мұнайдың тым көп өндірілуі. Яғни «араб көктемі» бұлғағы тұсында тас-талқан болған Ливия секілді мұнайлы елдер, қазір аз да болса, ес жиып, мұнайды мол өндіре бастады. 2003 жылғы АҚШ бастаған коалиция әскерінен күйреп, қырық құрау болған Ирак та (әлемдегі ең арзан мұнай осы елде өндіріледі) жыл басынан бастап қара ал­тынды қара жерден молдау сорып, әлемдік мұнай нарығына тастады. Ядролық бағ­дар­ламасына байланысты Иранға салын­ған санкция жұмсарды, біразы тоқта­тылды. Осылайша, сыртқа мұнай сата алмай келген Иран енді сыртқы рынокқа қара алтынды молдап жібере бастады. Осының бәрі жалпақ дүниеде мұнайдың көбеюіне әсер етіп, тұтынушылардың сұранысынан асып түсті. Бұл жерде айт­пай кетуге болмайтын тағы бір мәселе, ол АҚШ-тың мұнай өндіруде Сауд Ара­биясын ысырып алға шығуы. Соңғы екі-үш жылда ол елде тақтатас (сланцы) мұ­на­йын өндіру күрт артты. Демек, мұ­най­дың аса көп өндірілуі сұраныстан асып түсіп, бағаның құлауына әсер етті. Бұдан тыс 2007 – 2009 жылдағы дағдарыстан әлем әлі бетін тіктеп кете алған жоқ. Әлемдік эко­­номикада баяулау бар. Осы жағдаятта қара алтынның бағасына белгілі деңгейде әсер етеді. Бұл – мұнай бағасының құла­уы­­ның бір себебі. Екінші бір мәселе, мұ­най бағасының саяси астары. Оның екі ба­­ғы­тын анықтауға болатын сынды. Бі­рін­шісі, Украинадағы жағдай. Ресейдің ара­ласуы. Қырымды аннекциялауы. Ба­тыс салған санкцияға қарсы шара қолда­нуы. Тал қармап жатса да, Мәскеудің Ба­тыс­қа қыр көрсетіп қалуға ұмтылуы. Осы­ның бәрін безбенге салған Батыс (АҚШ деп ұғыңыз) Ресейді оқ шығармай-ақ әлсірету, күйзе­ліске ұшырату жолын таңдады. Ол мұнай бағасын құлату еді. Өйткені Ресей бюд­жетінің басым бөлігін мұнай мен газдан түсетін доллар құрай­тыны белгілі. Қара алтынның бағасы түсті дегенше, Ресейдің жағдайы шатқаяқтады дей бер. Расында, қазір Ресей сондай күй кешуде. Медве­девтің ел бюджетін «қайта қарайтын күн туды» деп мәлімдеуі, президент Путиннің Кремльде отыра беруге байыз таппай, Қытай, Оңтүстік Шығыс Азия, Латын Аме­рикасын аралап, ел экономикасын арашалайтын нарық іздеп, табанынан таусылуы, рубль құнсызданып, инфи­ляцияның өршуі, банк саласының ты­ғырыққа тірелуі, көптеген әлеуметтік, қор­ғасын саласына арналған бағдар­ламалардың қысқаруы – соның куәсі. Бір сөзбен айтқанда, Ресей экономикасы күйзелісте. Ал бұдан оңалу ұзаққа созыл­мақ. Яғни бірер жылдың жұмысы емес. Осылайша, АҚШ әлемде мұнай өндіруден алда тұрған Сауд Арабиясымен келісе отырып, діттеген мақсатына жетті. Көп­шілік сарапшылар Барак Обама КСРО-ны құлатуға Рейган (КСРО-ны құлату үшін кезінде АҚШ Сауд Арабиясымен келісіп, мұнай бағасын 9 долларға дейін түсірді. Осының өзі-ақ мызғымас одақ­тың түбіне жеткен) жасаған сценарийді қолданды деседі. Солай сияқты. Екінші мәселе, Сауд Арабиясы АҚШ-пен келісе отырып, Ресейді тұқыртуымен қатар, АҚШ-тың өзіне қарсы астыртын әрекет етіп жатуы да мүмкін. Оған себеп, Ва­шингтонның Эл-Риядты мұнай өндіруде алғашқы орнынан ығыстырып шығаруы. Өйткені АҚШ-та тақтатас мұнайын өн­діру құлашын кеңге жая бастады. Осы­лайша, араб әлемімен бәсекеге түсті. Тіпті суырылып алға шықты. Туғанынан көзін мұнаймен тырналап ашқан арабтар бұған көнгісі жоқ. Әу баста Барак Оба­мамен Сауд Королі көктемде құпия кездесіп, Ресейге қарсы мұнай бағасы арқылы ықпал етуді ойластырғанда, қара ал­тынның бағасы 80 доллар көлемі деп есептеуі мүмкін. Өйткені тақтатас мұна­йын өндірудің құны осы шамада жүзеге асырылуда. Бұдан түсіп кетсе, өзін-өзі ақтамайды. Ал федералдық бюджеті 100 доллар деп есептелген Ресей үшін мұнай бағасының 80-ге түсуі үлкен соққы. АҚШ пен Сауд Арабиясының есебі де осы төңіректе құрылуы мүмкін. Бірақ мұнай бағасы бүгінде 77-нің ар жақ бер жа­ғында дірілдеп тұр. Бұл ненің белгісі. «Бұл-Эл-Риядтың Вашингтонға қарсы жасаған әрекеті. Егер мұнай бағасы 70, не болмаса 60 долларға құлайтын болса, АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру өзінен-өзі тоқ­тамақ. Себебі өндіру құнын ақта­майды. Жағдай осылай болса, Сауд Ара­биясы мұнай өндіруден әлемде қайтадан бірінші орынға көтерілмек. Эл-Риядтың мұнай бағасын 80 доллардан да төмен түсуіне мүдделі болып отырған себебі осы» деседі сарапшылар. Мүмкін. Деген­мен, кейбір сарапшылар, «тақтатас мұнайын өндіру технологиясы тез дамып, қолданысқа енуде. Демек, мұнай бағасы 50-60 доллар­ға түссе де, тақтатастан мұнай өндіруге бө­гет бола алмайды» дейді. Бәрі мүмкін. Халықаралық зерттеу мекемелері де қара аспанды төндіруде. Олардың есебінше, мұнай бағасы жыл соңына дейін 70-тің деңгейіне дейін құласа, алдағы жылы 60 доллардың көле­мінде болуы мүмкін деп сәуегейлік жа­сауда. Қалай айтсақ та, бүгінде мұнай сая­саттың қол жаулығына айналған сияқ­ты. Мұны ешкім жоққа шығара алмас.

businessnews.kz.

308 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз