• Еркін ой мінбері
  • 19 Сәуір, 2012

Ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік бәрінен де жоғары

Динара Жұмашева, Маңғыстау облысы білім беру

департаментінің бастығы

Аймақтардағы білім беру жүйесі – аса маңызды сала. Ел болашағы жастар десек, олардың мектеп партасынан бастап, жоғары және арнаулы білім беру орындарында-ақ таным-білігі мол, саналы, мәдениеті жоғары, тәрбиелі ұл-қыздар болып шығуы жолында жан сала еңбек етіп жүрген педагог-кадрлардың рөлі де ерекше. Ал, олардың қазіргі хал-ахуалы қандай? Тұтастай еліміз бойынша қолға алынған білім беру, осы салада жаңа технологияларды еңгізу шаралары аймақтарда қалайша жүзеге асып жатыр? Маңғыстау облысы білім беру департаментінің бастығы Динара Нағимуллақызы осындай сұрақтарға жауап береді. Мен 2010-2011 оқу жылдарында Ақтау қалалық білім бөлімін басқарған едім. Сол оқу жылында қалалық білім бөлімі 8 басым бағыт бойынша нақтылы жұмыстар жүргізді. Алғашқысы – қаладағы білім беру мекемелерінің басшылары ретінде тағайындалатын кадрлық резервтерді жасақтау. Оларды жергілікті және республикалық дәрежедегі кадрлар резервтерін даярлайтын курстардан өткізу. Әрі қарай, білім сапасының жүйелі мониторингін қамтамасыз ету, мектепішілік бақылауды жоғары дәрежеде жолға қою да басты міндет болды. Оқушылардың ғылыми жобаларға қатысуын жоғары деңгейде ұйымдастыру, әрбір орта мектепте оқушылардың ғылыми қоғамдарын құру және бұл жұмысқа мұғалім-зерттеушілерді кеңі­нен тартуға ерекше мән берілді. Ақтау қаласы білім беру ұйымдарының республикалық жетекші оқу орта­лық­тары­мен байланыс орнатуын жүзеге асыру, оқу үрдісінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдануды бақылауда ұстау, әр білім беру ұйымының өз алдына веб-сайтын құру, білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында «Қамқоршылық кеңестерін» құру, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етуді 70 пайызға дейін жеткізуге бағыт ұсталды. «Жасыл бақты Маңғыстау» акциясы шеңберінде аймағымызды гүлденген жасыл желекке орау мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шараларға белсенді түрде қатысу бастамасы кең етек алды. Аталған тапсырмаларды орындау кезін­де білім беру ұйымдары басшы­ларының кадрлар резерві жасақталды. Кадрлар резервін дайындау және Ақтау қаласының білім беру ұйымдарында оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді тиімді ұйымдастыру мақсатында «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы, облыстық білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты, «Достық» тестілеу орталығымен 4 жақты меморандумға қол қойылды. Халықаралық ғылыми жобалар сайысынан биология пәні бойынша 11- сынып оқушылары Ибраева Айгерім Швейцариядағы Цюрих қаласынан «Алтын медаль», Қарасаева Мадия ІІ орын алып, «Күміс медальмен» оралды. Сол сияқты, Венгрияда өткен олимпиадада экономикалық лицейдің 11-сынып оқушысы Ералы Назерке жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша, республикалық олимпиадаға жолдама алған 6 оқушының арасынан экономикалық лицейдің 11-сынып оқушысы Қожабекова Асыл, француз тілі бойынша ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, Экономикалық лицейдің 8-сынып оқушысы Нұрғазы Әнел республикалық ОН-ЛАЙН олимпиадада жаратылыстану пәндері бойынша Астана қаласынан ІІ орынды иеленіп қайтты. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысының нәтижесінде «Алтын белгіге» үміткер 20 оқушының 16-сы, үздік аттестатқа үміткерлер ішінде 27 оқушы өз білімдерін абыроймен дәлелдеді. Өмірзақ ауылындағы №27 орта мектебінде бірінші рет мектеп бітіруші түлектер арасынан Тәңірбергенова Мариям үздік аттестатқа ие болды. Бүгінде қалалық білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдарында өз веб-сайттары құрылып, жұмыс жасауда. Қалалық білім бөліміне қарасты 26 жалпы білім беретін мектептердің барлығы компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. 2007 жылдан бастап, қала мектептерін интерактивті тақтамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіле бастады. Бүгінгі күні барлық мектептер интерактивті тақтамен жабдықталып отыр. Мектептерде компьютерлік сыныптар және мультимедиялық кабинеттер түгелдей интернет желісіне қосылған. «Жасыл бақты Маңғыстау» акциясы шеңберінде аймағымызды гүлденген жасыл желекке орау мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шараларға белсенді түрде қатысу жөнінде берілген қала әкімінің кезекті тапсырмасы ел ертеңі – жас ұрпағымыздың денсаулығын нығайтуды көздейді. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, жеткіншектер үшін «Көктем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жанынан жазғы демалыс кезеңінде жасөспірімдердің еңбек лагері құрылды. Қала мектептерінің белсенді 10 оқушысы жыл сайын Астана қаласына саяхатқа, ал, 100 мүжәлсіз отбасы балалары мен дарынды, әртүрлі байқаулардың жеңімпаздары республика аумағындағы демалыс орындарында (Көкшетау) демалтуға жіберіліп отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 5 500 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ, жеңімпаз ұстаздар заттай бағалы сыйлықтар мен марапаттауға ие болды. 2011-2012 оқу жылын облыстық білім беру басқармасы бастығы қызметімен бастадым. Облыстық білім беру басқармасында қолға алынған жұмыстар, білім жүйесі, проблемалар, оны шешудің іс-шаралары дегенде, ең бірінші материалдық-техникалық жабдықтауға тоқталғым келер еді. 2011 жылғы білім беру саласының бюджеті 2010 жылмен салыстырғанда, 4,9 млрд. теңгеге ұлғайып, 29,4 млрд. теңгені немесе жалпы облыс бюджетінің үштен бір бөлігін құрап отыр. «Жол картасы» аясында облыстың 27 білім нысанында 1,4 млрд теңгеге, оның ішінде, 16 мектепке, 7 мектептің жылу қазандығына, оқушылардың 1 шы­ғармашылық үйіне, 3 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 229 459,0 мың теңгеге 99 білім мекемелері ағымдағы жөндеуден өткізілді. Ал, республикалық бюджет есебінен облыстың жалпы білім беретін мектептеріне 25 лингафондық-мультимедиалық (138 525 мың теңге) және 25 химия, биология (102 425 мың теңге) кабинеттері алынып берілді. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының облыс көлеміндегі орындалысын сөз етсем, 2007 және 2011 жылдар аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 44-тен 151-ге (өсім 107 бірлік), бала саны 9350-ден 21368-ге (өсім 12018 бала) артты. Ал, 2007-2008 оқу жылында облыста 123 жалпы білім беру ұйымдары жұмыс жасаса, 2011-2012 оқу жылында олардың қатары 132 болды. 2011-2012 оқу жылындағы жалпы білім беру ұйымдары – 138, ондағы оқушы саны – 95604, оның ішінде, күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер – 122, ондағы оқушы саны 93 338 (2010 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда, мектеп саны 2-ге, оқушы саны 2774-ке артты) болды. Кешкі мектептер – 5, ондағы оқушы саны 1364, жекеменшік мектептер – 5, оқушы саны  – 492, арнайы білім беру ұйымдары – 6, оқушы саны – 1377. Жаңа оқу жылында Жаңаөзен қала­сында 1200 орындық орта мектеп пен Мұ­найлы ауданында 640 орындық орта мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Түрлі пәндерді тереңдетіп оқы­татын дарынды балаларға арналған облыс­тық мектеп-интернат (200 орындық жатақ­ханасы бар) 600 орындық жаңа ғимаратқа көшірілді. Республикалық бюджет есебінен Мұнайлы ауданының Батыр селосында 960 орындық орта мектеп пен Қарақия ауданы Жетібай поселкесінде (200 орындық жатақханасымен) 624 орындық орта мектептің құрылыстары жалғасуда. Облыстың 14 елдімекенінде жалпы білім беретін мектеп жоқ. Облыс бойынша, мектепке шалғай орналасқан және мектебі жоқ елді мекендерден 9372 оқушы (тасымалдауды қажет етушілердің 100 пайызы) тасымалданып оқиды (оның ішінде, Ақтау қаласы – 4917, Жаңаөзен қаласы – 844, Маңғыстау ауданы – 273, Қарақия ауданы – 125, Түпқараған ауданы – 1135, Мұнайлы ауданында – 2078 оқушы). Жаңа оқу жылында мектеп партасына отырған 11098 бірінші сынып оқушылары толық мектеп формасымен қамтылды, оған жергілікті бюджеттен 43 807,0 мың теңге қаражат бөлінді. Қайта басылып шыққан 4, 6 және 11 сыныптардың оқулықтары толық күйінде сатылып алынды. Мектеп оқушылары оқулықтармен тегін қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен, жаңа оқу жылының басталуымен мектеп оқушыларын оқулықпен қамту мәселесі бойынша қиындықтар туындауда. Оқушы санының өсуіне байланысты, Мұнайлы ауданында оқулықтар жетіспейді. Сондықтан, Білім басқармасына бағынышты мекемелер (Қазақ-түрік лицейі мен Дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты) кітапханаларындағы артық оқулықтарды Мұнайлы аудандық білім беру бөліміне қарасты мектептердің балансына өткізу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың жалпы орта білім беретін 114 мектебінде ыстық тамақ ұйымдастырылып, оған 53564 оқушы тартылған. Ал, тегін ыстық тамақпен 18972 оқушы қамтылып отыр. 8436 аз қамтылған отбасының балалары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Облыс бойынша 1 - 4 сынып аралығында 39809 оқушы бар, оның ішінде, 1 сыныптағы 11 098 бала тегін ыстық тамақпен қам­тылған. Мектептерде оқыту сапасын арттыру бағытында да бірқатар нақты шаралар алынды. Бұл шаралардың іске асуына облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының, облыстық білім беруді ақпараттандыру оқу-әдістемелік орталығының құрылуы және оқыту сапасын бағалаудың мониторинг жүйесін жасақтаудың үлкен үлесі болды. Қабылданған шаралар облыс мектептері түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестіні (ҰБТ) сәтті тапсыруына және екі жыл қатарынан орта балл бойынша республикадағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ықпал етті (2007 жылы 10 орын). «Алтын белгіге» ие болған түлектер саны 2007 жыл мен 2011 жылдар аралығында 22-ден 71-ге (3 есе), ал, республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарының саны 6-дан 47-ге (8 есеге жуық) дейін өсті. Өткен оқу жылында әртүрлі білім додаларында облыс мектеп оқушылары биік межелерді бағындыра білді, олар өлкеміздің даңқын асқақтатты. Мектеп оқушылары 13 халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарында 12 алтын, 13 күміс және 22 қоладан алқа тақты. Білім сапасын арттыруда облыстың білім саласы біршама жетістіктерге жеткендігін де айтар едім. Білімді оқушы – білікті де, білімді ұстаз еңбегінің нәтижесі. Облыстың күндізгі жалпы білім беретін мектептерінде 7890 мұғалім бар, оның 5852-і жоғары білімді. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер үлесі барлық мұғалімдердің 41,9 пайызын (ауылдық мектептерде) құрайды, 2010 жылы сәйкесінше 39,8 және 38,1 пайызын құраған болатын. Алайда, бүгінгі таңда облыс мектептерінде 171 мұғалім жетіспейді. Оның ішінде, қала мектептеріне 125, ауыл мектептеріне 46 мұғалім қажет. Негізгі мұғалімдер жетіспейтін пәндер мыналар: қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті – 25 (оның ішінде, ауыл мектебіне 14), математика – 28, дене тәрбиесі – 32, технология – 17. 2010-2011 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарын бірқатар жастар облыс әкімінің оқу грантымен бітірді. Алғашқы түлектер – 51 жас маман ауыл мектептеріне жұмысқа орналасқан болса, 2011-2012 оқу жылында 58 жас маман ауыл мектептеріне жолдама алды. Биылғы оқу жылында облыс мектептеріне 210 жас маман келді, оның ішінде, 153-і жоғары оқу орындарын бітіргендер, 57-сі орта кәсіптік оқу орындарын бітіргендер. Жас мамандардың ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауыл мектептеріне 124 жас маман жолдама алды. Шағын комплектілі мектеп болғандықтан, сабақ жүктемесі аз және шалғайда орналасқан Бейнеу ауданы Сам орта мектебі (66 оқушы) мен Қарақия ауданы Аққұдық негізгі мектебінде (33 оқушы) ағылшын тілі пәні оқытылмай отыр. Оқушылардың сабақтан бос уақытын тиімді өткізу, шығармашылықпен жұмыс­танатын оқушылардың, дарынды балалардың талабын ұштау мақсатында жүргізілген іс-шараларымыз да аз емес. Облыста мектептен тыс қосымша білім беретін 14 ұйым жұмыс жасайды, 154 үйірмеге 7472 оқушы қатысып отыр. 31 аула клубына 12037 бала, ал, білім беру ұйымдарындағы әртүрлі бағыттағы үйірмелерге 11682, спорттық секцияларға 15958 бала тартылған. Әскери-патриоттық клубтарға 5007 оқушы қатысады. Осы шаралардың барлығына 52156 оқушы қамтылып отыр, бұл көрсеткіш барлық оқушыны сабақтан тыс уақыттағы шығармашылық, танымдық жұмыстармен қамтудың 55,9 пайызын құрайды. 2010-2011 оқу жылының аяғында Түпқараған ауданынан (200 орындық интернаты бар) «Дарын» қосымша білім орталығы ашылды. Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де – өзінше бір іргелі сала. Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 27 ұйым: 5 кәсіптік лицей, 11 мемлекеттік және 11 мемлекеттік емес колледж бар. Маңғыстау облысы әкімдігінің 2011 жылы 26 мамырдағы №172 қаулысымен кәсіптік лицейлер мен колледждерге мемлекеттік тапсырыс бекітілді. 2011-2012 оқу жылында жергілікті бюджет есебінен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына барлығы 2895 адам қабылданды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы 2020» және «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 750 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. 2011 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін 7189 адам бітіріп шықты. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында «Болашақ» студенттер қалашығының 150 орындық жатақханасы, спорт залы мен акт залының құрылысы аяқталды. 480 орындық оқу корпусының құрылысы да аяқталуда. Қазіргі жағдайда облыстық білім беру жүйесінде туындап отырған проблемалық мәселелер жоқ емес. Облыста 5 мектепте оқушылар үш кезеңмен оқиды. Олар – Бейнеу ауданындағы Атамекен және Манашы орта мектептері, Мұнайлы ауданында №3 орта мектеп, Түпқараған ауданындағы М. Горький атындағы мектеп - лицейі мен М. Әбдіхалықов атындағы орта мектептер. Үшінші кезеңде оқитын оқушы саны – 712. Мектептерде 1 компьютерге 28 баладан келеді (республика – 16). Компьютерлердің ескіруіне және мектептердегі оқушы санының артуына байланысты бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп барады. Орта және кәсіптік білім беру ұйымда­рының студенттері үшін жатақханалардағы орын да тапшылық етуде. Сондықтан, 2012 жылы Ақтау және Жаңаөзен қалаларында әрқайсысы кемінде 200 орындық жатақ­ханалар салу ұсынылады. Осы тілек қабылданып, іске асса, нұр үстіне нұр болар еді. Ұрпақ тәрбиесі – ең үлкен әрі абыройлы іс. Бұл саладағы жауапкершілікті ешқашан бәсеңдетпейміз.

555 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз