• Тарих толқынында
  • 19 Сәуір, 2012

ДОСМАМБЕТ АЗАУЛЫ

Ақжігіт ӘЛІБЕКҰЛЫ, әдебиеттанушы

Мәурәнаһр әміршісі Ақсақ Темірдің жарты жаһанға билігін жүргізген Алтын Орданы күйретуі бір мемлекет туы астына біріккен түркі тайпаларын бір-бірінен ажыратып, өз алдына жеке хандықтар құруға негіз болды. Тоқтамыс ханды тақтан тайдырған Едіге Ноғай ұлысына өз билігін жүргізді. Ноғай – бір халықтың немесе ру-тайпаның атауы емес. Ноғай – Батудың көптеген жорығына қатысқан және Алтын Ордаға билік жүргізген бес ханның тұсында қолбасшы болған кісі есімі. Алтын Орда шекарасының кеңеюіне, мемлекеттің өркендеуіне зор ықпал еткен. Ол өзінің әскери қолбасшылық дарынымен хандарға айтқанын істете білді. Оның келісімінсіз мемлекеттік маңызды шаруалар шешілмеді. Ноғай әскерінің құрамына кірген рулар, тайпалар өздерін «Ноғай әскері», «Ноғай жұрты», «Ноғайлы» деп атаған. Ноғайлылар арасында қыпшақтар, алшындар, қоңыраттар, маңғыттар, қарақалпақтар, татарлар, башқұрттар, қырғыздар және басқа да ру-тайпалар болды. Соңғы кездерде көптеген ғалымдар жазып жүргендей ноғайлылар тек Дон жағалауы мен Еділ-Жайық арасын ғана мекендемеген. Ноғайға бағынған ұлыс Алатау мен Донның, Сырдария мен Сібірдің аралығында созылып жатты. Ыстықкөлге саяхат жасаған атақты жиһангез-ғалым Шоқан Уәлиханов өзінің жолсапарлары туралы жазған естелігінде: «Ыстықкөл қырғыздарының айтуынша, қазіргі қазақтар мекендейтін жерлерде бұрын ноғайлар көшіп-қонып жүрген. Қазақтардың тегінде аздап ноғайлармен араластық бар. Сондай-ақ, жер сілкінгенге дейін Ыстықкөл жағасында ноғайлардың бірнеше қалалары болған, бірақ апаттан соң қирап қалған. Желді, дауылды күндері көл жағасына – қайранға үй мүліктерін толқын айдап шығарып тұрады деседі. Ыстықкөл бойындағы ноғай қалалары жөніндегі бұл дерек ең соңғы мәлімет болса керек» [1. 113-б.], – деп ноғайлардың Ыстықкөл маңында да қоныстары болғандығын көрсетеді. Тоқтамыстан билікті тартып алған Едіге Ноғай ордасы ретінде Еділ мен Жайық арасын белгілеп, астанасына Сарайшықты таңдады. Сыр бойындағы қарақалпақтар, Арал мен Каспий жағалауындағы алшындар, Арқадағы қыпшақтар, Еділдің жоғарғы ағысындағы татарлар мен башқұрттар тегіс Едігеге бағынды. Едіге мен оның баласы Нұраддин билік жүргізген кезең Ноғай ордасының «алтын ғасыры» саналды. Тарихи жырлар мен аңыз-әңгімелерде, кейінгі жыраулардың, шешен­дердің сөзіне қарағанда, бұл кезең қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заман болып суреттеледі. Десе де, Едігенің кейінгі ұрпақтары билікке таласуы нәтижесінде Ноғай ордасы Қазан, Астрахан, Қырым, Сібір, Қазақ хандықтары болып бөлінді. Қазақ пен ноғайдың екіге бөлінуін Ш.Уәлиханов былайша түсіндіреді: «ХVІІ жүзжылдық шапқыншылықтың ауыр зардабы мен ішкі қырқыстың қайғылы заманы болды. Осы кезде туған аңыз-жырлардың мазмұны қасіретті шерге толы. Мейірімсіз жау оларды атамекенінен ысырып, қазақ пен ноғайды екі айырады. Қалмақ ханы Хоуыр­лық шапқынынан соң ноғайлар Жайық пен Еділдің арғы бетіне өтіп, қазақтар 1636 жы­лы оңтүстікке ығысады. Қазақтың өзі екіге бөлініп: Есім хан Түркістанда мекендесе, Тұр­сын хан Ташкентке табан тірейді. Қазақ пен ноғайлардың жылап айырылысуы, сол кезде дүниеге келген аңыз-дастандарда, күй­шілердің қобызда ойнаған күйлерінде өшпес ізін қалдырды. Ол дастан-жырларды, күйлерді тыңдаған кәрілердің сақалдарынан тарам-тарам жас ағып, мұң-шерге батады. Ормамбет би өлген күн, Он сан ноғай бөлген күн, – деп жылайды дала жыраулары. Сол кезде туған мәтелде: қалмақтар «Ала тайдай дүрліктірген» деп түсіндіріледі. Құлжа шаһарында ойраттың өткенін жақсы білетін бір кәрі адаммен (Туульчи) сөйлестім. Ол маған Хоуырлықтың ноғай мен қазақты жеңгені туралы көптеген жырларды айтып берді. Сол заманда туған қазақ жыр-дастандары қан­шалықты мұңды болса, қалмақ дастандары соншалықты көтеріңкі көңіл күйде айтылады. Осы екі халықтың жырларынан мен ана мәтелдің (Ала тайдай дүрліктірген) кілтін тапқандай болам. Ноғайлар қалмақтардың шабуылын күтіп зәрелері қалмаса, қалмақтар ноғайларға бата алмай қорқады. Бір түнде ноғай ұлысының желісінен ала тай босанып кетіп, бүкіл жылқыны дүрліктіреді. Қалмақтар келіп қалды деп, ноғайлар бет-бетімен қашады, соны пайдаланған қалмақ тайшысы Сары-Манджу ор тоғайына тығылған ноғайларды шауып, осыдан бастап бұл жер біздікі деп жар салады» [1. 124-125-б.]. Осындай қиын-қыстау кезеңдерде «Но­ғайлы жырларына» арқау болған тарихи оқиғалар өрбіді. Едіге ұрпақтарының билікке таласуы, Еділ мен Жайық, Дон өзендерінің бойындағы қанды қырғындар, Орталық Азиядан батысты бетке алып жорық жасаған Жоңғар қалмақтарының шабуылы, ноғайлардың Сыр бойынан үдере көшуі, тарихи жылнамаларды есептемегенде, кейінгі ұрпаққа жыр, толғау, аңыз-әңгіме, шежіре күйінде жетті. «Едіге», «Орақ-Мамай», «Ер Қосай», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Ер Көкше», «Шора батыр», «Қарасай-Қази» жырлары ноғайлы дәуі­рінен сыр шертетін құнды мұралар. Бұл жырларда тарихи нақтылық сақталмаған күннің өзінде де XV-XVI ғасырлардағы оқиғалардан біршама мағлұмат бере алады. Жазба деректерге қарағанда Едіге би нәсілінің алғашқы буыны даңқты, қуатты болды. Әрі батыр әрі би Нұраддиннің баласы Уақас тұсында маңғыттар шекараларын кеңейтіп, Еділ мен Жайықтан өтіп, Сырдарияның орта ағысына дейін билік жүргізген. Мәселен та­рих­шылардың көрсетуі бойынша Уақас би 1446 жылы Өзкент қаласын басқарған. Тарихи жыр­ларда Уақас есімі Шарабас деп те аталады. Ноғай ғалымдары келтірген дерекке сүйенсек, Уақас би өлгеннен кейін балалары Хорезми би (1447-1473), Мұса би (1491-1502), Жаңбыршы би (1502-1504), Хасан би (1504-1508) арғы аталары салып кеткен жолмен билік жүргізді. Бір ескеретін жайт Едіге бидің шежіресін түзген тарихшылар Мұса мен Жаңбыршыны Уақастың бел баласы ретінде көрсетеді. Ал тарихи жырда Едіге ұрпақтары былайша өрбиді: «Өткен заманда бір Едіге деген белгілі адам болған. Көп әңгімесі бар. Онан туған Нұрадын, онан туған Шарабас, онан туған Аббас, Ғаббас. Аббастан Мұса хан туған. Ғаббастан Жаңбыршы туған, Мұсадан он екі бала туды. Екі қатыны болды. Бәйбішеден төрт бала: Орақ, Мамай, Алшағыр, Сыдық. Тоқалдан жеті бала туды: Смайыл, Шамай, Қаратал, Қабылан, Саймағамбет, Қо­нақ, Аймағамбет. Бір Мәтрөшке деген құлы бар еді. Оны да бала қылып, Мұса ханның баласы он екі болды. Жаңбыршының баласы екеу болды: Телағыс, Күніке» [2. 43-б.]. Мұнда Мұсаны Аббастан, Жаңбыршыны Ғаббастан таратады. Би ұлдарының бүлінуі Мұсаның балалары билікке келуімен басталды. Алдымен өзара, кейін Жаңбыршы балаларымен араздасқан Мұсаның ұлдары Ноғай Ордасының әлеуетін әлсіретіп алды. Едіге ұрпағының арасына алауыздық түсіп, болмашыны сылтау қылып, бірінен-бірі іргесін аулақ ұстауға тырысты. Би, мырзалардың ымырасыздығынан Ноғай Ордасы Үлкен Ноғай (Мансұрұлы ордасы деп те аталады), Кіші Ноғай және Алтыұл Ордасы болып үшке бөлініп кетеді. Оның үстіне бірнеше ғасыр өздеріне салық төлеп тұрған «аузы түкті кәпір» Еділдің сағасына дейін әскер тартып, 1550 жылдары Иван Грозный Қазан, Астрахан хандықтарын бағындырды. Бастары бірікпеген елді басып алу оңай. Ол аз болғандай ағайынды жұттың бірінен соң бірі қысуы, ноғай мен қыпшақтардың жан сауғалап, жан-жаққа үдере көшуіне әкеліп соқты. Бұл көш, бұл алшақтау екі ғасырға созылды. Еділдің төменгі ағысы мен Дон өзенінің Қара теңізге құяр атырауын мекендеген маңғыттар, құмықтар, татарлар, башқұрттар, адыгейлер, черкештер, қарашайлар және Кавказдағы бірлі-екілі ру-тайпалар өздерін «ноғайлы», «ноғай» деп атағанымен, уақыт өте «ноғай» атауымен тек Едіге бидің маңына топтасқан және оның ұрпақтары билік жүргізген маңғыттар ғана аталатын болды. Ал, Еділдің оң жағалауынан бастап, ұлан-ғайыр Арқа жерін қоныстанған ру-тайпалар жалпылама «қазақ» деген атауға ие болды. Орта ғасырлардағы түркі тілінде, тіпті, қазіргі ноғай, башқұрт, қарашай тілдерінде «қазақ – бөлінген, еншісін алған, еркін, азат, өз алдына жеке, бағынбайтын» деген мағына береді. Демек, Керей мен Жәнібек құрған хандықтың Қазақ аталуын еркін хандық, жеке хандық, тәуелсіз хандық деп түсінген абзал. Десек те, қара халық бұрынғы тату заманды ұмытпады. Бір хандықтың адамы екінші хандыққа көшіп, еркін жүре берді. Ер Тарғынның қыпшақтар арасында кінәлі болып, Қырым хандығын паналауы, одан Ақжүністі алып қашып, он сан ноғай арасына келуі, Асан қайғының Ноғай ордасын тәрк етіп, кең Арқаны аралауы, Қазтуған жыраудың туып-өскен жері Еділді қимай қоштасуы, Шалкиіздің қазақ пен ноғай арасында кең танылуы бұл сөзімізге дәлел бола алады. Бұл кезеңде дүниеге келген батырлық жырлар мен жыраулық поэзия Ноғай ұлысына (Ордасына емес – А.Ә.) қарасты барлық ру-тайпаларға ортақ. Ұлыс – қазіргі қазақтар, қарақалпақтар, татарлар, башқұрттар және ноғай атауын иеленген маңғыттар негізінде құрылғаны белгілі. Сол себептен де, ол кездегі жырларды, әңгімелерді «біздікі» деп меншіктемей, керісінше ортақ мұра, ортақ құндылық ретінде қарастыру, зерттеу аталмыш әдеби шығармалардың маңыздылығын арттырары сөзсіз. Ноғай мен қазақтың арасы әлі толық ажырап бітпеген заманда өмір сүріп, сөздері бүгінгі күнге дейін жеткен ақынның бірі Досмамбет еді. Досмамбеттің туған, қайтыс болған жылдары туралы ғалымдар бір тоқтамға келе қойған жоқ. Қазақ жырауларының шығармаларын бір кітапқа жинақтаған М.Ма­ғауин Досмамбеттің өмір сүрген уақытын XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың алғашқы ширегі деп көрсетеді [3. 19-б.]. Бұл пікірге әдебиеттанушы-ғалым Х.Сүйіншәлиев те қосылады [4. 177-б.]. XV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармаларын қамтыған жинақта Досмамбет XV ғасырдың 90-жылдардың орта шенінде Азау қаласында туып, 1523 жылдың бас кезінде Астрахан түбінде қаза табады деген дерек келтірілген [5. 30-б.]. Академик С.Қасқабасов өзінің «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» атты зерттеуінде жауынгер-ақын шамамен 1540-1545 жылдар аралығында қайтыс болған деген тұжырым жасайды [6. 28-б.]. Біз өз тарапымыздан Досмамбет 1493 жылы дүниеге келіп, 1523 жылы бақилық болған деген пікірді қолдаймыз. Бізге жеткен шығармаларында жауынгер-ақын өз есімін толық «Азаулының Аймадет Ер Досмамбет ағасы» деп көрсетеді. Ол Азау (Азов) қаласына белгілі дәулетті отбасында дүниеге келген. Өз есіміне туған жерін, қаласын, руын анықтауыш ныспы ретінде қосу тарихтан белгілі. Досмамбет те өзін «Азаулы» деп көрсетуі сондықтан. Ал Аймадет туралы кейбір ғалымдар жауынгер-ақынның руы немесе әкесінің есімі болуы мүмкін деген жорамал жасайды. Бірақ белгілі бір дерек болмағандықтан бұл басы ашық күйінде қалып отыр. Ғылым жорамал жасаудан тұрады десек те тірек етер мәлімет жоқтығынан Аймадет мәселесінде нақты тұжырым жасаудан қиналатынымызды жасырмаймыз. Жас кезінде туған қаласында білім алған Досмамбет әскери өнерді де жетік меңгереді. Өзінің жауынгерлік шеберлігімен ерте көзге түскен ол өз руының батыры әрі әскери басшысы болды. Тарихи деректерде Досмамбет қоластына Қаратаяқ ауылы қараған. Қысқа ғұмырында түрлі жорықтарға қатысқан ол «ер, аға» деп құрметтеледі. Аға – біздің ұғымдағы жасы үлкендікті білдірмейді. Ортағасырлық жазбаларға қарағанда түркілерде «аға» шені бір елді немесе әскери құрамды басқаратын адамға берілетін болған. «Ағалық» дәстүр әсіресе қыпшақтарға тән. Дәстүр бойынша билік пен мансапқа мұрагерлік жолмен емес, керісінше, қарым-қабілетімен, іскерлігімен, ақылдылығымен, әскери өнерімен көзге түскен адамды сайлау арқылы жеткен. Сайлау­шылар тек ағалар болған. Бұл дәстүр моңғол шапқыншылығынан кейін бұзылып, хан мен сұлтандар тек Шыңғыс хан ұрпақтарына тиесілі болып қалды. Ал, ағалық шен тек әскери лауазым ретінде ғана сақталды. Ағалық дәстүрдің бұзылмаған қалпын біз Мысырдағы қыпшақ-мәмлүктерінің билік жүргізген заманынан көре аламыз. Бахрилік мәмлүктердің негізгі бөлігін құраған қыпшақтар өз араларында ағалық дәстүр бойынша басшы сайлап, өзгелері оны қолдап отырған. Осы дәстүр арқылы билікті өз қолдарына алуға тырысты. Мәселен, қыпшақ сарбаздарынан жасақталған мәмлүктер өз іштерінен үлкен аға ретінде Ақтайды сайлап, бүкіл қыпшақ-мәмлүктерінің қолбасшысы ретінде оған бағынды, адал қызмет етті. Десе де, қыпшақтардың жоспарын білген тегі күрд Құтұз Ақтайды өлтіріп, бас қолбасшы өзі болады. Кейін сұлтан тағына отырады. Құтұздан қауіптенген қыпшақтар үлкен ағалыққа Бейбарысты сайлап, сәті түскен кезді пайдаланып бәрі Құтұздан өш алады. Сөйтіп Бейбарысты араларынан шыққан сұлтан деп жариялайды.Ағалық дәстүрмен кейін Қалауын, Мұхаммед Насыр және басқа да қыпшақ мәмлүктері сұлтандық құрған. Досмамбеттің ағалығы - әскери шен немесе, әрі кеткенде, рубасылық лауазым. Олай дейтін себебіміз ол өмір сүрген ғасырда хандық жүйе қалыптасқан еді. Оның үстіне, Тоқ­тамысты тақтан тайдырған Едіге өзі хан бола алмағандықтан би, мырза жүйесін енгізді. Хан, сұлтан болу Шыңғыс хан тұқымына бұйырса, би мен мырзалық Едіге би ұрпақтарының маңдайына жазылды. Бұл, әрине, Досмамбетті де ойландырды. Бұрынғы ағалық дәстүрді аңсады. Азаулының Аймадет Ер Досмамбет аға­ның: Хан ұлына беті жоқ, Би ұлынан несі кем! Алла өзі берген күнінде Хан ұлынан артық еді менің тапқан несібем! – деп хан тұқымы мен би ұрпақтарына деген ренішін жасырмайды. Ол бір-бірінен бө­лінген хан әулеті мен алауыздықпен ажы­расқан би, мырзаларды місе тұтпайды. Өзін олардан жоғары қояды. Олай деуге толық хақысы да бар! Себебі, дүниені дүрліктірген Алтын Орданы талапайға салған хандар мен қыпшақ-ноғай арасын бұзған би-мырзалардан гөрі Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жағаласқан, Азау үшін азуын айға білеп, түріктермен шайқасқан, қыс-жаз демей елдігін сақтау мақсатында түрлі жорықтарға қатысқан, елдің ынтымағы мен бірлігі жолында күрескен Азаулы Аймадет Ер Досмамбет ағаның еңбегі ерен еді. Бұған дәлел ретінде арғы тарихты қозғамай-ақ Досмамбет өмір сүрген жылдарда орын алған Ер Едіге би ұрпағы арасындағы алауыздықты айтсақ та жеткілікті. Тарихи деректер мен ноғайлы дәуіріне тән жырларда айтылғандай шамамен 1496 жылы Еділ мен Донның арасына кісі бойы қар жауып, жұт болары байқалады. Мұсаның Матрушкеден туған баласы Қарағұл өзіне қарасты ашыққан елді алып, Еділдің бергі бетіне көшіреді. Мамай мен Ораққа бағынышты ауылдар жұртта қалып қояды. Қарағұл Орақ пен Мамайды өз қасына шақырып: Ораққа барсаң сәлем де, Менің алты жерде ауылым. Жеті сан сары ноғайда Жетісіп тұр сауыным. Мінетұғын ат беріп, Сөйлетіп қойдым сөзімді Мұндағы ноғай тәуірін. Ораққа барсаң, сәлем айт, Менен көлік әкетіп, Көшіріп келсін ауылын. Бұл сәлемді естісе, Қуанып келер ер Орақ. Бірақ Мамай келмейді, Мен бұрыннан білемін Мінезінің ауырын. Құдай берген дәулеттен Аяйын ба мен онан. Бұл ноғайда білесің, Олардан артық көретін Қайсың менің бауырым?! [2. 61-б.] – деп сәлемдеме жіберсе, Орақ «мені тоқалдан туған құл қорлады» деп түсініп: Осыдан барсам о құлды, Жолықтырсам керек-ті Қырықтың қына тойында. Осыдан есен-сау болсам, Үйіне құлдың мен барсам, Бауыздармын оны да [2. 72-б.], – деп ашу көрсетеді. Ноғайлардың бұл бөлінуі жырда осылай көрсетілсе, тарихи деректерде би, мыр­залардың өзара араздығы қыпшақ пен ноғай арасына сына түсіргенін, тіпті, ішкі саясаттың жосықсыздығынан сыртқы жау көз алартып, бірде орыс, енді бірде түрік әскерлері шабуыл жасап ел берекесін кетіргені жазылған. Жауынгер-ақын Досмамбеттің туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілігін, азаттыққа деген арманын, артында қалған жырының мән-мағынасын түсіну үшін, сөз жоқ, ол өмір сүр­ген уақытта болған оқиғаларды, ақынның жүрген жерлерінің тарихын білу абзал. Дос­мамбет жырларының негізіне арқау болған және атауы бірнеше мәрте қайталанатын елді мекеннің бірі – Азау шаһары. Сол себептен де Азау қаласының арғы-бергі шежіресінен қысқаша айтып кетуіміз қажет. Азау – Азия мен Еуразияның түйіскен тұсында, Донның Қара теңізге құяр аты­рауындағы орналасқан саяси-стратегиялық ма­ңызы жоғары қала. Азау қаласының тарихы біздің дәуірге дейінгі ІІІ ғасырдан басталады. Деректерге сүйенсек б.д.д. ІІІ-І ғасырларда қазіргі қаланың орнында меото-скифтердің екі елді мекені болған. Бұл жөнінде грек тарихшысы Птолемей (ІІ ғасыр) айта келіп, оның бірі – Паниардис, екіншісі Патарва деп аталғандығын жазады. Скифтер мен гректердің арасындағы соғыстан кейін бұл жер гректердің иелігіне өтіп, олар басып алған жерін құл сататын колонияға айналдырады. Сібірден Қара теңізге құятын үлкен өзенді және оның атырауында орналасқан колонияны басқыншылар грек құдайының атымен Танаис деп атайды. Танаис сол дәуірде жергілікті көшпенді халықты құлдыққа сатумен аты шықты. Бұл елді мекен кейін итальяндықтардың да отарына айналды. Біздің дәуіріміздің алғашқы жүз жыл­дығында скиф-сарматтар өз бостандығы үшін күрес жүргізіп, Танаисты азат етті. Қала енді құл сатумен емес, жер шаруашылығымен, қолөнерімен танылды. Сонымен қатар, сауда жолының бойында, Еуропа мен Азияның нақ шекарасында орналасқан қала жат жұрттық кеме тоқтайтын айлақ ретінде де даңқы шықты. Гүлденіп көркейген Танаис сарматтардан кейін ғұндардың, хазарлардың, пешенектердің қарамағына өтті. Танаис атымен аталатын қала мен өзен жергілікті халықтың дыбыс ерекшелігіне байланысты әр кезде «Тана», «Тан», «Тең», «Тон», «Дон» деп өзгеріп отырды. Х ғасырда Тана қаласы І Владимирдің иелігіне көшіп, ол оны айналасындағы көрікті жерімен қоса баласы Мстиславқа енші ретінде бөліп берді. 1067 жылы далалық көшпенділер қаланы басып алып, оны өз тілдерінде «Азак», «Азау» деп атады. Моңғол шапқыншылығы тұсында қала Алтын Ордаға бағынды. 1395 жылы Ақсақ Темір әскері Азау қаласын басып алып, тонап, қиратты. Әсем қаланы жермен-жексен етті. Алтын Орданың соңғы ханы Тоқтамыстың бар билігін тартып алған Едіге мен оның ұрпақтары сол өңірге билік жүргізгенімен Азауға түпкілікті қожалық ете алмады. Ноғай Ордасы орналасқан жер саяси-стратегиялық аймақ еді. Еділ мен Дон бойын­дағы, Каспий мен Қара теңіз жағалауындағы қалалар, аймақтар сыртқы жаудың көз құртына айналды. Өздерінің сауда жолын кеңейту мақсатында көрші елдер дүркін-дүркін шабуыл жасап тұрды. Әсіресе, Донның Қара теңізге құяр тұсындағы Азау қаласы үшін көптеген ұрыстар болды. Қара теңіз жағалауындағы қалаларды өзіне бағындыруға күш салған Осман түріктері 1471 жылы Азауды басып алды. Түріктер қаланың сыртын айналдыра тас қамалмен қоршап, күмбезді, мұнаралы мешіттер, медреселер, ғимараттар салды. Досмамбеттің: Азау, Азау дегенің Әл-Ғұсман паша жұрты екен, Дін исламның кірті екен, – дейтіні осы тұс. Ақын туған қаласы жарты әлемге жар­лы­ғын жүргізген Осман империясына қа­райды, ислам дінінің бір тірегіне айналды деп мақтаныш сезіммен айтқанымен, Азауды түріктердің бас қаласы Стамбұлмен шендестіреді. Өзі өскен мекенді өзге жұрттың билеп-төстеуіне наразылық білдіреді. Айнала бұлақ басы Тең, Азаулының Стамбұлдан несі кем, – деп исламның сол кездегі қорғанына саналған Стамбұлдан туған қаласын кем санамайды. Стамбұл Мәрмәр теңізінің жағалауына орналасса, Азаудың да жан-жағы айдынға ұласқан сулы, тіршілікке жайлы нулы еді. Бір шеті Азау теңізі, төңірегі мыңдаған бұлақ, өзен. Ең үлкені, бастысы – Тең (қазіргі Дон) өзені. Жоғарыда гректер Танаис деп атаған қала мен өзен бертін келе тілдік ерекшелікке сай Тана, Тан, Тон, Тең, Дон болып өзгергенін айтқан болатынбыз. Демек, Досмамбет Азау қаласының өткенінен, елдің арғы-бергі шежіресінен мол хабары болған. Ол тарихы ғасырларға ұласқан Стамбұлдан өз қаласының шежіресі де кем соқпайтынын осылай тұспалдайды. Рас, Ақсақ Темір әскерінің қиратуымен гүлді қала күлді орынға айналғанымен аз уақыттың ішінде өз сәулетімен шығыс пен батысқа ағылған талай саудагерлерді, жиһангездерді тамсандырған болатын. Туған жерінің патриоты болған ақын Азау қаласына деген махаббаты мен сүйіспеншілігін құлаш-құлаш жыр арнамай-ақ екі жолға сыйдыра білді. Ноғай ғалымы А.Ярлыкаповтың көрсе­туінше Досмамбет Азаулы түрік сұлтандары мен орыс билеушілеріне елшілікке барған [7. 19-21-б.]. Елшінің міндеті – екі елді елдестіру, татуластыру. Сыртқы жауға одақ құрып соққы беруге үгіттеу, елдігін паш ету, саяси-экономикалық арақатынасты реттеу. Осы тұрғыдан келгенде Досмамбеттің «Алланың өзі берген күнінде, Хан ұлынан артық еді менің тапқан несібем!», – деп өктем сөйлеуі заңды. Себебі, мейлі ол ер үстінен түспеген жауынгер болсын, мейлі саяси айла-шарғысы мол елші болсын ел тәуелсіздігін сақтау жолында хан ұлдары мен би ұрпағынан дәрежесі жоғары. Мұны жауынгер ақынның өзі де білген. Досмамбеттің жоғарыда келтірген жыры терең мағыналы әрі астарлы. Ол өзін жырау деп емес Ер Досмамбет аға деп атайды. Азау ақыны жырауларша толғана жыр айтқанымен жыраулық деңгейге жетпеген. Бұл жөнінде С.Қасқабасов: «Досмамбет ұзақ жасамағандықтан классикалық типтегі жырау деңгейіне көтеріле алмады, яғни ол әрі мемлекеттің идеологі, әрі ханның ақылшысы, әрі дана абыз болған жоқ... Оның өлең-жырларында жыраулық дәстүрге тән әсіре нақылдылық пен фәлсафашылдық жоқ. Рас, ол да, бұрынғы жыраулар сияқты, өмір мен өлім туралы жырлаған, бірақ көп жасаған қарт тәрізді салмақтап, байсалды толғамайды, келешекті де болжамайды», – деп түсіндіреді [6. 28-б.]. Демек, жауынгер-ақынның жырау­лық деңгейге жетпеуі, біріншіден, ғұмырының қысқалығы болса, екіншіден, хан алдында ақыл айтқан данагөй емес. Оның шығармалары заман талабына сай жауынгерлік рухта туындаған. Ол Асан қайғыдай зарламайды, Қазтуғандай күңіренбейді, Үмбетей мен Бұқардай хан, мырзаларға қарата сөз айтпайды. Досмамбеттің жыры – ат жалында пайда болған шынайы ерлік жыр. Өз жырында жауынгер-ақын «Азаулыда аға болған ерлер көп еді» деп «аға» мен «ер» ұғымдарын екі бөлек қарастырады. Аға дәрежесі ер дәрежесінен жоғары. Кез-келген ер аға бола алмайды. Аға болу үлкен мансап, мол жетістік. Біз оны жоғарыда айттық. Десек те, Досмамбет «Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді!», – деген жолдармен өзге аға болған тұлғалардан да озық тұрғанын көрсетеді. Ноғайлы заманында «алмаға ат байлау» деген ұғым болған секілді. Азау ақыны осы өлең жолында өзінің өрлігін, өктемдігін, қайсарлығын, батырлығын, жөн-жосықты білетін кісілігін «алмаға ат байлау» теңеуі арқылы береді. Бұл метафоралық сөз тіркесінің түпкі мән-мағынасын нақтылау қазіргі әдебиеттанушы, тілші ғалымдарына аса қажет. Досмамбет өз жырларының әр тұсында Азаулының ер Досмамбет ағасы екенін қайталап отырады. Осы арқылы жауынгер-ақын Азау қаласында алар орнын, дәрежесін, тегін адам еместігін көрсеткісі келген секілді. Бұл ойымызды мына жыр жолдары да қуаттай түседі: Азаудың ер Досмамбет ағасы Азаудың бір бұрышындай нарты екен! Жауынгер-ақын өмір сүрген уақытта Азау үшін ноғайлылар мен Дон казактары одақтасып түріктерге қарсы бірнеше соғыс жүргізді. Осындай қилы заманда Досмамбет халқының тыныштығы мен тәуелсіздігін сақтау үшін түрлі жорықтарға қатысты. Жылдың мезгіліне, тәуліктің мерзіміне қарамастан жорыққа шықты, қосынын артты. Бұл жөнінде ол: Сере, сере, сере қар, Үсті кілең, асты мұз, Күн-түн қатса жібімес, Мен көлікке қосымды артқанмын, Көмбідей арушаларға Күректей мұзды тоңдырып, Кірмембес ауыр қолға бас болып, Күңіреніп күн түбіне жортқанмын! – деп толғанады. Қазақта «Қол бастау оңай ма, сөз бастау оңай ма?» дейтін сөз бар. Әрине, оның жауабы да белгілі. Қалың топтың алдында сөз бастау қиынның қиыны. Қиыннан қиыстырып, жүрекке тигізіп, аталы сөз айту екінің қолынан келе бермейді. Дегенмен, қол бастау да оңай шаруа емес. Жеңіс те, жеңіліс те қолбасының соғыс тактикасына байланысты. Жау алдында тізе бүкпес үшін оның айла-тәсілі мол болуы керек. Қолбасының қолына қаншама адамның өмірі, артындағы ата-анасының, бала-шағасының үміті, елінің абыройы, жерінің бостандығы тапсырылады. Онымен қоса қолбасшы білектің күшіне сенген ер болуымен қатар, қызыл тілді шешен де болуы шарт. Жаудың кезенген найзасы мен сүңгісіне, қарша бораған оғына, қылпылдаған қылышына қарсы әскерді жігерлендіріп, намысын қайрап жіберу қолбасшының міндеті. Олай болмаған жағдайда жігерсіз, қайратсыз жасық әскер қаптаған қалың қарсыласынан қорыққанынан қаша жөнелуі бек мүмкін. Досмамбет жер қайыстырар ауыр қолды бастап, күн түбіндегі елге сапар шегеді. Елінің азаттығы үшін шыққан жорыққа беті сумен шыланған кілең, асты жылтыр мұз боп қатқан сере қар да бөгет бола алмайды. Әдетте, мұндай қар аттың тұяғын тайғанақтатып, жүрісін қиындатады. Сондықтан Досмамбет қалың әскердің алдына қос артқан арушаларды жіберіп, күректей қатқан мұзды бұздырып, соңынан қолды бастап жүріп отырады. Ағарып атқан таңдай деп, Шолпанды шыққан күндей деп, Майқаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп, Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп, Жазда көп-ақ жортқан екенбіз. Батыр таң хабаршысы шолпан туар ме­зетте арғымақ атқа қонып, барымтаға шыға­ды. Барымта ешқашан өз руының, елі­нің, одақтасының малына жасалмайды. Ол қар­сыласын мінер атсыз қалдыру мақсатында орындалады. Барымтаға кім көрінген бармасы да анық. Оған ат құлағында ойнаған жампоз, сойылға берік білекті, жаудан қорықпас жүректі, қамшыгер, иненің көзінен өтер епті жігіттер баратыны белгілі. Мәселен, осы жерде «Абылай хан әңгімесі» жырындағы Са­балақтың (Абылай) Қанжығалы Бөгем­баймен бірге жасаған алғашқы жорығын еске түсірейік: Жөнелді ертең Бөкең қасына ертіп, Үшеуі келе жатыр екпіндетіп, Қалмақтың күні-түні ізіменен, Ел жата көп шеруге келді жетіп. Бөкеңнің бала тұрды атын ұстап, Батырдың өзі кірді қайрат қыстап. Әкелді бір топ атты жырып қана, Бәрін де кежімдеген аламыштап. Бала айтады: – Бөке, енді мен барайын, Бақ ашар құдай берсе мал алайын. Тұрыңыз атымды ұстап біраз ғана, Қимылдап, берсе Тәңірім, қарманайын. Бөкеңе атын тастап бала кетті, Бүкеңдеп қотанына барып жетті. Көрбала емес секілді жатқан жері, Кетеді жымырылып, тым-ақ епті. Кешікті таңның болды қараңғысы, Көрінді дүрсілдескен екі-үш кісі. Бөкең тұрды, жолдасы қашып кетті, Ақыры-ақ шыдамдылық батыр ісі. Көрінген бөтен емес екен бала, Тастамай келген екен істі шала. Сынапты екі түйе бастырып ап, Батырдың қылып жүрген ісін қара [8. 218-б.]. Демек Досмамбет те таң қараңғысын пайдаланып, Майқаңбақта жусап жатқан аттарға барымта жасаған. Мұндай жорықты бір рет қана емес бірнеше мәрте жасайды. Бұл барымтаны ұрлық деп емес, жау күшін әлсірету үшін жасалған деп түсінуіміз керек. Себебі, Азаулының бір бұрышындай нарты болған ер Досмамбет аға жасаған ұрлығын әлемге паш етіп жырламаса керек-ті. Досмамбет «Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда» деп бұрынғы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды армандайды. Оның арманы – Еділ мен Жайықтың бойын ел жайлатып, өз жерінде еркін жүру, Кет Бұғадай билерден кеңес сұрап, алқа-қотан отырып, бозбаламен күліп, ойнап, алаңсыз қымыз ішу, тыныш өмір сүру. Сән-салтанатын келтіріп, күреңнен тұлпар мініп, бес қаруын асынып, туған айдай нұрланып дәурен құруды қалайды. Сол үшін талай қалаға атой салып шабуылдады, тас қамалын қақыратып бұзды. Достары ерлігіне сүйінді, дұшпаны «Апырым, ер Досмамбет!» деп күйінді. Толғамалы ақ балтасын қолға алып, топ бастаған Досмамбет кезекті бір ұрыста қамшысын қолдан түсіріп алып, еңкейіп алуға қанды шайқас мүмкіндік бермей, соғысты жалғастырып кете береді. Әлде жеңіп, әлде жеңіліп (ноғайлар арасында тараған мәтінге қарағанда Досмамбеттің қолы кері шегінген секілді), соғыс аяқталғанда жауынгер ақынның қамшысы есіне түсіп, соны алып келуге жолға шығады. Мақаш Бекмұхаммедов 1908 жылы құрастырған «Жақсы үгіт» кітабында осы сапарға шығарда айтқан сөзі былай берілген: Қарағайлы көрік бойында, Қамшым қалды ойында. Бүлдіргесі бұлан терісі, Өрімі құнан пілдің қайысы, Шығыршығы алтын, сабы жез, Бейазының бойында Күзен, қарсақ жер ме екен?! [9. 23-б.]. Белгілі фольклортанушы В.Радловтың жазып алған осы жырдың келесі нұсқасына көз жіберсек Азаулы Досмамбет: Қарағайлы Күрдек бойында, Қамшым қалды жайында. Қамшым менің – құйма алтын, Бүлдіргісі – бөкпе алтын, Өзегі өгіз терісі, Өрмесі бұлан таспасы. Қамшыма мен барармын, Қамшыма мен барсам, Қайтып елім табалман. Қазақ, жазық тәнімді Қарға, құзғын жер-дағы. Оны атам есітсе, Алтынды аса таяғым Бүгін сынды дер-дағы...[10], – деп намыстанып, қайта жауға шабады. Әрине, біз жауынгер ақыннан қалған жыр жолдарына «мынаны айтқысы келіп еді» деп өз пікірімізше долбармен түсініктеме беруден аулақпыз. Десек те, астарлап сөйлеп, алысты меңзейтін көшпенділер үшін қамшы – өз мағынасынан бөлек, биліктің, күштің, мансаптың, бақтың, берекенің символы. Қамшысы сыну – сағы сыну, қамшысын жо­ғалту – бағын жоғалту, қамшысынан айырылу – билігінен айырылу. Мұндай теңеулер батырлық жырларда, жыраулар поэзиясында көптеп кездеседі. Мәселен, «Ер Тарғын» жырында Тарғын жапанда белден шойырылып, өлер хәлге жеткенде жары Ақжүніспен, аты Тарланмен қоштасып айтқан сөзіндегі мына жолдарға көңіл аударайық: ... Айналасы алты айшылық Еділге, Тарланды талай-талай салғанмын. Еділдің арғы жағына Аттанбадым олжа үшін, Сыңсып жатқан малы үшін. Аттанғанмын кәуірге Атамның ежелден ескі кегі үшін [11. 286-б.]. Ерлер байлық, дүние үшін жауға аттанбайды. Олар үшін байлық – қолдың кірі. Оларды намыс өлтіреді. Досмамбет жауға барса қайтып келмейтінін сезеді. Азаттық сүйген тәні айдалада қалып, қарға мен құзғынға жем боларын да біледі. Дүниені сүйген адам қамшыға бола мұндай тәуекелге бармасы анық. Демек, оны қалың жаудың ортасына айдаған күш жылтырауық қамшы емес, керісінше, жау қолында кеткен туған жердің тәуелсіздігі, өз жырында бірнеше мәрте қайталанған Азауының азаттығы. Егер осы тұрғыдан қарастырсақ Досмамбеттің дұшпанға кеткен есесін ойлап жау иеленген жерге қайта аттануы ерге тән қасиет. Ноғай ғалымы Ашим Сикалиевтің «Азавлы Досмамбет кимди ольтирген?» атты мақаласында жауынгер ақын туралы халық арасында тараған мына бір қызық деректі келтіреді. Оның көрсетуінше Досмамбет әйелін екі баласымен үйде қалдырып ұзақ сапарға шығады. Сол кеткеннен ол бес жыл сыртта жүріп, алтыншы жыл дегенде Азауға қайтады. Бұл Азауға түріктер шабуыл жасап, ноғайлар оларды қалаға енгізбей тұрған кез еді. Досмамбет түнде қалаға жақындағанда оның алдынан бес-алты әскер шығып жолын кес-кестейді. Олар Досмамбетті түрік жансызы деп, Досмамбет оларды басқыншы жау деп, бір-бірлерін танымай шайқаса кетеді. Соғыс өнеріне шебер Досмамбет олардың бір-екеуін жараландырып, қалғандары қашып кетеді. Тек біреуі қалып, кері шегінбейді. Досмамбет оны қылышпен ұрып, аттан жығады. Жығылған адамның өлген, өлмегенін тексеру үшін еңкейіп қараса, Досмамбеттің алдында сұлқ жатқан өз баласы Қосай болып шығады. Бұл оқиға Досмамбет өмірі мен шығармашылығына көп өзгеріс әкеледі. Жауынгер ақын баласына арнап «Менің Қосайым» атты жыр арнайды [12. 147-б.]. Дегенмен бұл деректің күмәнді тұстары да баршылық. Біріншіден, егер Досмамбеттің ғұмыры отыз жасқа жеткенде қиылғанын ескерсек, Азау түбінде баласымен шайқасқаны өмірінің соңғы жылдарына тұспа-тұс келгеннің өзінде ол 13-14 жасында үйленуі керек. Баласы да кемінде сол шамада болуы қажет. Екіншіден, Азау қаласы Әл-Ғұсман пашаға толық қарағанда Досмамбеттің Есеқай, Қосай атты екі ұлы әлі жас. Олар шамамен алты жылдың ішінде ғана ер жетіп, билікке араласа алады. Үшіншіден, Досмамбет хәл үстінде жатып, елге қарай оза кетіп бара жатқандарға қарата айтқан сөзінде де Есеқай мен Қосай тірі. Оның үстіне жауынгер ақын сүйген жарын еске алғанда «Қосақай, Қосай, ер Досайдың анасы», – деп үш есімді атайды. Соған қарағанда Досмамбетте Есеқай, Қосақай, Қосай, Досай деген ұлдары болған секілді. Демек, А.Сикалиев келтірген дерек жаңсақ немесе халық қиялынан туған. Ал, «Менің Қосайым» атты жырдың ноғай тіліндегі нұсқасын қолға түсіре алмағандықтан, біз тек «Четки» әдеби журналының 2009 жылғы №1 санында Александр Ануфриевтің аудармасымен жарияланған «Мой Косай» атты орысша нұсқасымен танысқандықтан мәтін туралы ешнәрсе айта алмаймыз. Досмамбеттің жалындаған жастық шағы жаугершілікпен өтіп, отызға жетер-жетпесте қан майданда қатты жараланады. Алдымен атының қылмайқанынан, кейін өзінің омыртқа буынынан оқ тиеді. Ол аз болғандай сақетер санына тиіп, сүйегін сындырады. Тұла бойын қан басып, қансырайды. Жанында жақыны жоғынан жағдайы төмендей береді. Қатқан жара, сынған жарықшақ жауынгер ақынды әбден қинайды. Десе де, ол осы хәліне мойымайды, еш өкінбейді. Себебі, ол жауынгерлік рухта тәрбиеленген, азаттықты ту етіп, елі үшін күрескен. Толғамалы ала балта қолға алып, түріктерге қарсы ер Едігенің ұрпағы Мамай әскерін басқарды. Бүгін, соңды өкінбен, Өкінбестей болғанмын, Ер Мамайдың алдында Шаһид кештім өкінбен!.. Шаһид болу тек дін үшін ғана емес, сонымен қатар, елін, жерін, отбасын жаудан қорғау жолында опат болса шариғат үкімі бойынша ол да шаһид есебінде болады. Азаулы Досмамбет өмірмен қоштасар сәтіндегі толғауында: Алғаным Әли ағаның қызы еді, Қас арудың өзі еді. Маңдайы күнге тимеген, Желге шашын үрмеген, Серпіліп адам бетін көрмеген, Қалай күні кешті екен! Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы Хан қызындай сұлтанның Айдындықтай ақ білегін жастанып, Ерең үйін тіктіріп, Омыраудағы он түймесін ағытып, Кейінгі қалған көпекке Қалай да белін шешті екен! − деп сүйіп қосылған жарын сағынышпен еске алып, оның өзінен кейінгі тағдырына күйінішпен налиды. Жаугершілік заңы қатал. Кім шайқаста тірі қалса сол опат болғанның қалған дүниесіне, әйеліне иелік етеді. Жау жақ жеңсе күңдікке түседі, жақтастары жеңсе әмеңгерлікке өтеді. Ер Досмамбет жырау өзінің қазасынан кейін әйелі басқа біреудің жары болатындығын түсінеді. Ер Досмамбет Әли ағаның қызы өзгеге кетер деп алаңдамайды: Зерлі орындық үстінде, Ақ шымылдық ішінде, Тұлымшағын төгілтіп, Ару сүйдім, өкінбен, − деп армандаған аруына қолы жеткендігін білдіреді. Оны мазалаған ой − содан туған ұлдарының тағдыры. Жауынгер ақын: Есеқай, Қосай екі ұл Алдыңызға жыр құшақтай, Жылай шықса не айтарсыз?! – деп жауынгер жолдастарының алдынан жүгіріп шығар екі ұлының тағдырына алаңдайды. Жолдастарынан олардың жас жүрегін жараламай, өзінің қазасын естіртпеуді сұрайды. Алдаусыратып жауап беруді өтінеді: Оларға айтарыңыз сол болсын, Жәмішіден қос айтып, Жараға мамық тосатып, Келе жата дегейсіз. Ол айтқанға тимесе, Бұрынғылар түскен жүрі жол Бұрылып соған түсті дегейсіз!.. деп жастай қалған ұлдарының жетімек көретініне өкінеді. Досмамбеттің қысқа өмірі тұтасымен жаугершілікпен өтті. Өзінің туған қаласын сыртқы жаулардан азат етуі үшін жанын да аямады. Шалқыған өмірі, дәрежесі, мансабы артта қалды деп еш өкінбеді. Елінің еңселі ел болып, Осман түріктерімен терезесі тең болуын көкседі. Туған қаласы Азаудың азаттығын аңсады. Хан ұлдары мен би ұрпақтарының ымырасыздығынан талан-таражға түскен Но­ғай Ордасын қалпына келтіру үшін түрлі жо­рықтарға қатысты. Еділ мен Жайық бойына ел қондыруды армандады. Жырларымен әрбір азамат туған жерін қалай сүюдің айқын үлгісін көрсетті. Оның жырларындағы Тәуелсіздік идеясы ғасырдан ғасырға жетіп, сан ұрпақты патриоттыққа тәрбиелері сөзсіз.

1532 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз