• Заманхат
  • 19 Сәуір, 2012

Саяқ

Қуандық Түменбай, жазушы

Саяқ жүрген адамда сыр көп. Ол топтан бөлініп, тегін жырақ жүрмейді, оңаша ой кешіп, қалықтап жүзген қиял кемесіне біреу тосыннан тас атпаса екен деп тілейді. Өйткені, ой кемесі – оның жан сүйеніші, алысқа алып ұшар қанаты, ол өңіндегінің бәрін оңаша ой кешіп жүріп орындайды, түс көрсе де сенген адамына жалғыз отырып жорытады. Әуелде, студенттік күндердің таң мен кештің арасындағы қарбаласында, бұл неге саяқ жүреді деп сақтана қарасақ, үлкен өмірдің қым-қуытында байқағанымыз – оның болмысы тұп-тұнық әлемде саяқ ғұмыр кешкенді қалайды екен. Әйтпесе, кедергі деген алатаяқ сәт сайын сарт етіп алдынан шығып, ой орманын өрт шалып кетуі кәдік. Ол оңаша ой кешіп жүріп, адамдарға баға беріп, әр істің ақ-қарасын айырып, қоғамдық пікір түйіндейтін бір айтары бар азамат. Көкірек сөзін қашанда іркіп қалмайды, бірақ айтыстың ақырын күтпестен атын тепсініп, аяңға сап бүлкілдеп тартып бара жатады. Оның жаны ақ парақтай таза, не айтса да кіршіксіз таза айтады, тіпті сынақта жауап бергенде сылдыр сөзге салынбай бар білімін жайып сап, телегей теңіз боп буырқанып кететін. Бозбала күндерде аяқастынан төбелес басталса қолын аялап, аяғын айқасқа салатын. Өйткені, қолы – он екі мүшенің қалам ұстайтын қасиетті жері, ол өзіне күнә артпауы керек. Сонан болар, бір төбелестен кейін «күш атасы – аяқта» деген тәмсіл қалды. Ал артында тәмсіл қалдырған адам тегін емес. Ораздың 50 жылдығында болдым. «Жұлдыз» журналында өтті, өзі сонда қызметкер. Ешкімге құлай бермейтін Мұхтар Мағауин Оразға құлады. Мағауин – бас редактор, Ораз – оң қолы. Ораз не жазса да шынайы жазады, көлгірсуді білмейді, қолынан келмейтін іске тәуекел етпейді, яғни «көтере алмас шоқпарды беліне байламайды». Сол кезде ол Шоқан жүрген жолменен Қарқараны қайта басып өтті. Ұларқұстың үнін тыңдады. Әлмеректі іздестірді. Оның Қонаевқа қалам тартуы осы Әлмерек бабадан басталды. Қонаев жолай әуежай маңында құрылыс жүргізіп жатқан жерге тоқтап: «Жігіттер, байқаңдар, бұл жерде Әлмерек әулие жатыр» деп ескерту жасағаннан кейін сол жерге әулие-баба кесенесі тұрғызылды. Осының бәрін оқырманға дәлелдеп, шынайы жеткізіп берді. Ілім-ғылымда құмырсқадай із кескен Мағауин осы жағын бағалап, Оразға оңаша шығармашылық даңғыл жол ашып қойды. Әз-Тәуке хан тұсында Албан тайпа­сының биі болған, Төле бидің замандасы Әз-Әлмеректің жарыққа шығуы ұлттық рухани әлемде жаңалық әрі құндылық еді. Өйткені, тарихи тұлға халыққа танылып, энциклопедияға енді. Мәдени-рухани Әлмерек қоры құрылды. Әулие атында мешіт өмірге келді. Алматы маңындағы Әлмерек әулие күмбез-кешені қазір имандылық пен ғибадат орны болып отыр. Қаламгер Әлмеректен басқа, бұрын аты аталмайтын, Стамбулда дін білімін алған Бура молда, Қонаевқа бата берген Бөйт сопы, Арқадағы Файзолла ишан мен Сатыбалды ишан, Қонаевтың атасы Жұмабай қажы және Нұрлы Әулие (Белағаш) жайында ізденіп, оларды жарыққа шығарды. Жалпы, әулие молдалар жайында алғаш қалам тартқан Ораз Қауғабай десек, артық айтпаймыз. Айтпақшы, тағы бір тарихи тұлға Қашаған бидің Шоқанмен бірге жүргені жайында тұңғыш Орекең жазды. Сондай-ақ Ресейдің отарлық саясатына қарсы болып, тарихтан аттары өшкен Тазабек пен Саурық батыр, Шалтабай ақын осы қаламгердің еңбегі арқасында жарыққа шықты. Бұл тарихи тұлғалар жайында жазғандары 90-шы жылдары «Жұлдыз» журналында жарияланды. Қонаевты жазушылар да, естелік айтып жұртты еліктірушілер де көп-ақ. Ораздың талғамы олай емес, ол Қонаевтың жұрт біле бермейтін қасиетін айтады. Ол жұртты жауыр қылған «Саяси Бюро мүшесі, үш мәрте Социалистік Еңбек Ерін» қайталамайды, ол – киені көріп, әруақты ардақ тұтқан адамды іздейді. Ораз осы жағымен халыққа жақты. Ол Қонаев жанының тылсым құпиясын өмірі жеткенше зерттейді. Ол осы жолға бар болмысын арнайды. 90-шы жылдары Ораздың қатарлары: «Ойбай, Ораз АҚШ-қа өтіп кетіпті» деп даурығысып қалды. «Ол тегін кетіс емес, бас­қа елмен бұрыннан байланысы бар» деп үйренген ауыз күбір-күбір етті. Сөйтсек, ол журналист ретінде АҚШ-та, Стамбулда, Анталияда сынақ жарылыстарына қарсы күрескер жұртшылықтың қатарында шеруге қатысып қайтыпты. Саяқ жүрістің соңы әлемдік маңызы бар оқиғаға ұласты. Бұл туралы «Ана тілі» газеті егжей-тегжейлі жазды. АҚШ-ты көріп келген азаматқа сәлем беріп, қолын ұстаудың өзі бізді біртүрлі сезімге бөледі. Ораз – әулие. Әулиелігі – артында бір көзге көрінбейтін арқа сүйер тіреуші тұрады. Өзі мектеп бітірген киелі Түркістанға қимас досына күйеу жолдас боп барып, «қонақкәде» деп домбыра ұсынғанда, өмірде қолына домбыра ұстамаған жігіт нотаға бағынбайтын әулекі әуенді даңғыр-дұңғыр еткізіп: «Бұл әлі ешкім тартпаған «Жетісу» күйі дегенде, жұрт елтіп, «Шіркін-ай! деп бастарын шайқап, саз сиқырына арбалып қалыпты. Ол – тылсым дүниемен тілдесіп, таза сезімді араға сап әлдилеп отыр. Максим Горькийдің «Макар Чудрасын» оқып, қара сөзбен жырлағанда да ЖенПИ-дің қыздары жылап, Забар мен Раданың махаббатына тәнті боп аһ ұратын. Кейін айтыла-айтыла келе: «Теңізден соққан дымқыл жел теңіз бетін баяу тербейді» деген автордың алғашқы сөйлемі сақталды да, қалғаны Орекеңнің өз атынан шыққан қызыл тілдің қаймағына айналып кетті. Әрине, бұны ВААП (авторлар құқығын сақтау агенттігі) білген жоқ. Бұл да Ораздың таңғажайып әлемі еді. Ол өзінің Жетісуын жырлап келеді, Ұлардан бастап, Үшқоңырдың үп еткен желіне дейін ерекше махаббатпен жазды. Студент кезде ата-анасымен көрісіп, жайлау төріне шыққанымызда да оның өз жерінің тау-тасына деген ғажайып құштарлығына қайран қалдық. Жетісу – оның Отаны, арқа сүйер киесі. Арқалыққа күйеу боп барып, қайын-жұрттың алдынан өткенде араға ши жүгіртіп, ары-бері тартқылағысы келген арқаның азаматтарына: «Сіздер Жетісумен, Қонаевпен құда боп отырсыздар» дегенімде бәрі қоғадай жапырылып қоя берді. Жетісу мен Қонаев – бірі Отаны, бірі – тәу етер Көкбөрісі. Осы мақаланы Батық пен Қонысбай жазса басқа арнаға қарай бұрылар еді. Менің білетінім – ол саяқ жүрсе де Жер бетінің дүрсілін жұдырықтай жүрек дүрсілімен бірге санап, «ақырып жүріп, анық басқан» жан. Ол дүние-боққа ешқашан қол былғамайды. Артылса алады, артылмаса арзан бағамен алғанын талғажу ғып жүре береді. Ол ешкімге мылтық кезенбейді. КазГУ-де үш жыл оқитын әскери сабақтан да қан қысымын сылтауратып құтылып кетті. Себебі, мылтықтың үңірейген ұңғысын ұнатпайды, оқ атылмаса екен деп тілейді. Оның қаруы – қаламы, сосын Құдай жаны сырымыз осы.

429 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз