• Заманхат
  • 19 Сәуір, 2012

Сұрапыл нәубет

Сарбас АҚТАЕВ, жазушы

3. Қазақтан қызғанған қызыл бидай Алған атағынан тартқан азабы көп, кеңес түрмесінен де, неміс түрмесінен де көрмеген тепкісі мен теперіші жоқ, дұшпан тұтқынында ату жазасына да кесіліп, Ұлы жеңістің арқасында аман қалған, елге оралған соң, Отанға опасыздық жасады деген жалған желеумен Итжеккенге айдалып, он жылдан астам Сібір лагерьлерінде зардап шегіп, запыран жұтып жүрсе де қыңбаған, сынбаған асыл сүйек ақын ағамыз Хамза Абдуллиннің бір айтқаны әлі есімде. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары жазмыштың жазуымен қапияда жау қолына түсіп қалып, тұтқын тақсіретін тартып жүргенінде неміс жерінде құрылған Түркістан ұлттық комитетінің түркі азаматтары үшін шығарған «Яны Түркістан» газетіне қызметке қабылданып, іссапармен ол бірде Италияға барады. Бір күні теңіз жағалап жүріп қаламгердің көзі кемемен әкеп суға төгіп жатқан астыққа түседі де, қасындағы әріптесінен бұларың қалай деп сұрайды. «Бұл отызыншы жылдардың басында Кеңестер елінен сатып алынған бидай. Оның қазір өзі емес, орны керек. Әрі ол он жылдан аса тұрып ескірді, әрі қару-жарақтарға қоймасы қажет», – деп жауап беріпті италияндық. – Отызыншы жылдары алапат аштықтан қынадай қы­рылған қыр халқының көзінен бұлбұл ұшқан алтын дән ғой бұл. Большевиктердің қазақтан қызғанған қызыл бидайын капиталистердің кепиет қып теңізге төгіп жатқанын қарашы, – деп көзімнен жас атып кетті. Бақсақ, Украин жерінде, Еділ бойында, Қазақ даласында өз халқы аштан өліп жатқанда кеңес өкіметі ештеңеден шімірікпей Еуропа елдеріне астық сатқан ғой. Имансыздықтың, ынсапсыздықтың бұдан асқан сорақы түрі жоқ шығар – деп ауыр күрсінген еді талайды көріп, көкірегіне шер толған ақын ағамыз. Шынында да, отызыншы-отыз бірінші жылдары Кеңес өкіметі шетелдерге жүз миллион центнер астықты экспортқа шығарған. Ашаршылықтың шырқау шегіне жеткен отыз екінші-отыз үшінші жылдардың өзінде ол отыз миллион тонна алтын дәнді Еуропа елдеріне сатқан. Осы соңғы астықтың жартысын ғана жұртқа үлестіріп бергенде елдің оңтүстік аудандарының бәрін сұмдық нәубеттен құтқарып қалуға қаптал жететін еді. Сондықтан отызыншы жылдардағы алапат аштықты кеңес билігі қасақана қолдан жасады демеске лажың жоқ. Тіпті талғажау іздеп, тұрған жерінен көшіп, жұрт жаппай босып, апталап, айлап нәр татпай жол-жөнекей өліп жатқанда, ол туралы тіс жарғызбай, жоғарғы билік баспасөздің де аузын аштырмай қойды. Анығын айтқанда, елдегі элеваторлар мен базалар аузы-мұрнынан шығардай толы болмағанмен, қаңырап бос тұрған жоқ еді. Бірақ олардағы астық пен азық-түлікті мемлекеттің резерві деп жалпы жұрттан қызғыштай қорып маңына да жолатпады. Әйтсе де олардың басшыларымен тіл табыса білгендер қатаң бақылаудың өзінде уысты құлақ бірдеңе алып, аштықтан онша запы шеккен жоқ. Мәселен, менің өз әкем Көкшетау элеваторының директорын араққа суарып, соның рұқсатымен бір түнде екі шана астықты қоймадан алып шығыпты. Соның арқасында ақар-шақар біздің әулет аштықтан аман қалды. – Бірде молда-ағаның үйіне барсам, бәйбішесінің беті күлтілдеп, балалары ашығып бұратылып жатыр екен, бұларға бірер пұт бидай не болады деп ойладым да, көрші селодағы орыс мұжығына екі пұт ұн беріп, айғырын сатып алып, әкеп сойып бердім. Ертеңіне барсам, жеңешемнің көзі жылтырап, балалардың да бетіне қан жүгіріп қалыпты, – деп еді әкем марқұм сол бір ауыр күндерді еске алып. – Бәлкім, сол ағайын-туғандардың, ауыл-аймақтың ақ тілеуі шығар жазықсыз жазаға ұшырап, халық жауы аталып итжеккенге айдалып кеткенде сонау Колымадан аман оралғаным. Елдегі астық қоймаларының бүйірі шертіп тұрмағанмен омсыройып та қалмағанының тағы бір мысалы мынау. Қазақ даласын жұлықтай Түркістаннан Сібірге тікелей темір жол тартылып, сол жолмен қара айғырлар арқырап, отарбалар ағыла бастаған кез еді ол. Батыстан шығысқа қарай жүйткіген сол пойыздар жолаушылар ғана емес, түрлі кендер мен құрылыс материалдарына қоса азық-түлік, киім-кешек, тіпті астық та тасып жатты. Алайда сол азық-түлік пен астықтан қыр халқына уысты құлақ ештеңе бұйырмай, жұрт жаппай ашаршылыққа тап болып, аранын ашқан ажалдың аузында тұрды. Алыстағы ауылдарда, қиырдағы қыстауларда аштықтан есі шығып, тіске басар түк таппаған соң күре жол бойларына, қала маңдарына қарай жөңкіліп, босып кетті жұрт. Қайтсек тірі қаламыз деп күнкөріс кө­зін іздеп, құмнан көшкен, қырдан босқан халықтардың қалың бір нөпірі жаңадан тартылған темір жолдың торапты нүктесі – Шу қаласына қарай жөңкіліп, Мойынқұм шағылдарынан, Талас-Мерке төңірегінен аш-жалаңаш, жаяу-жалпы шұбырған жұрт шағын қаланы басты да кетті. Темір жол бекетінен басқа өндіріс орыны жоқ қалада оларға бөліп бере қояр не бар дейсің. Бір күн аш, бір күн тоқ кент тұрғындарының өзі бірді екі ете алмай күнін әрең көріп отыр. Аштықтан ісіп-кеуіп, аурудан ыңырсып, көшелерде аяқ басар жер қалдырмай сұлап жатқан кембағалдардың зарлы үні аудандық партия комитетінің хатшысы, жиырма жетілер шамасындағы басшы Досмұхамед Қармановтың арқасына аяз­дай батып, жанын шабақтап, жүрегін тілімдеді. Қала коммунистері мен жұмысшы жастарды, жатақтарды жауып, ара-тұра ас-су ұйымдастырғанмен, онысы аштардың жұмырына жұқ болар емес. Қалыптасқан қиын жағдайды айтып облыс, республика басшыларына талай мәрте телефон шалды, орталыққа да баянхат жазды. Бірақ ешқайсысынан жылт жоқ, жәрдем түгіл дұрыстап жауап та бермейді. Ал болат жолдың бойымен Батыстан Шығысқа астық та, азық-түлік те ағылып жатыр. Тым құрыса солардың бірер вагонын осы бекетке түсіріп алса ғой. Осы ой жас басшының да жанын жай тапқызбай, қатты мазалады. Бірде оған жай-жапсарды айтып, пойыз бастығымен келісіп көрсе қайтеді, адам ғой, аяушылық сезімі оянып аштарға қарасар деген ой келді. Бекетке тоқтамай өтпейтін пойыздардың бір-екеуінің бастығымен сөйлесіп көріп еді «о не дегеніңіз, бұл Сібірдегі кеншілер мен Қиыр шығыстағы әскерлерге арналған азық-түлік, оны жол-жөнекей үлестіре алмаймын, ол дегенің бас кететін іс, үлкен қылмыс» деп азарда-безер болып, аяқ-қолына отырғызбады. Үшінші күні берсе қолынан, бермесе жолынан дегендей, нар-тәуекелге бел буып, милиция бастығын бас қып, оншақты белсенді жастан қарулы жасақ құрып, келесі азық-түлік пойызын күтті ол. Олар тоқтасымен оның әскери күзетін қарусыздандырып, пойыз бастығына тағы да мән-жайды баяндап, көәімек сұрады. Азарда-безер болып ол да маңайына жолатпаған соң Досмұхамед оны да тұтқындап, қапталған бидай мен ұн тиелген үш вагондағы астықты түсіріп алуға өзі бұйрық берді. Әзір тұрған жігіттер бұйрықты әп-сәтте орындады. Бекет басына астық толы қаптар таутөбе боп үйілді де қалды. Шаруа тындырылғанша, еш жермен, еш­кіммен хабарласпау тапсырылған бекет бастығының бөлмесінде отырған пойыз иесіне «Халық қара шыбындай қырылып жатқан соң, лажсыздан осындай амалға баруға тура келді. Бұл үшін барлық жауапкершілікті мойынға алып, қандай жаза болсын, көтеруге әзірміз» деген аупартком мен аудаткомның мөрі басылып, басшыларының қолы қойылған қолхат тапсырылып, одан әрі сапарын жалғастыруына рұқсат берілді. Жұрттың қалай құлақтанғанын кім білсін, бекет басы лезде құмырсқаның илеуіндей құжынап, ығы-жығы болды. Ай-түйге қарамай, үйілген қаптарға ұмтылып, сүйрей тартып, жарып жіберіп, шикі бидайды апыл-ғұпыл асап, аузынан ақ көбік аққан аштарды көргенде хатшы көзінен жас қалай ыршып кеткенін сезбей де қалды. Аш халықтың аз уақытқа болса да көңілін демдеп, көрер күнін көбейткеніне іштей разылығы да бар оның. Бірақ бұл батыл қадамы үшін жоғары жақтың арқасынан қақпайтынын және біледі. Арнаулы комиссия құрып, алынған ас­тықты аш-арықтарға, қаланың жарым-құрсақ жатақтарына, жан-жақтан ағылған босқындарға қыл үстінен бөліп бергізіп, разы халықтың мыңда бір алғысынан құлағы тұнып Досмұхамед кабинетіне кірсе, телефон кеңірдегін жыртқандай безек қағып шырылдап жатыр екен. Тұтқаны көтерсе: «Мәскеуден: тікелей байланыста – Министрлер кеңесінің төрағасы – В.М.Молотов жолдас. Қазір қосамын» деген әйел дауысы естілді. Қуырдақтың көкесі енді болды, аржақтан ашулы да айбарлы дауыс құлақты жарып жібере жаздады: – Ей, енеңді ұрайын қырғыз, ажалыңа асығып жүрсің бе! Отан шебінде ел қорғап тұрған жауынгерлерге арнаулы тапсырмамен азық-түлік апара жатқан пойызға қарақшылық шабуыл жасағаның үшін қандай жаза күтіп тұрғанын білесің бе?! Сендейлерді ату да, асу да аз. Тек түсіріп алынған астықтың бір түйіріне де тиіспеңдер. Қазір мен бас хатшыға хабарлаймын, – деп үрейді ұшырып, зілдене сөйледі үкімет басшысы. Болар іс болып, бар астық үлестіріліп жіберілген соң, ноқталы басқа бір өлім деп Д.Қарманов та кібіртіктемей ағынан ақтарылды. – Қымбатты Вячеслав Михайлович, кеші­рерсіз мені, бұл қарақшылық емес, елге жанашырлық. Әлгі астықты аштықтан есі шығып есеңгіреген жұрт сол сәтінде пышақ үстінен талап әкетті. Ойдан да, қырдан да, таудан да, құмнан да аш-жалаңаш шұбырып, ас-су іздеген халық темір жол торабындағы қалаға қаптап кетті. Көше толы өлік, аштықтан ісіп-кеуіп құлап жатқан кісілер. Өлгенін көміп, құлағанын көтеріп үлгермейсіз. Жағдайды айтып, хат жазбаған, телефон шалмаған жеріміз қалмаған шығар, бірақ ешқайсынан иненің жасуындай да алған көмегіміз, көрген жәрдеміміз жоқ. Сондықтан сорлаған халықтың өмірін аз күнге болса да сақтай тұру үшін, әлгі өзіңіз айтқандай, әбес қадамға амалсыздың күнінен бардық. Жоқтықтан зардап шегіп, аштықтан бұратылған халықтың өлім аузында тұрған халін көрудің қандай ауыр екенін өзіңіз де түсінерсіз. Қайталап айтайын, бұл біздің жұртым үшін жан пида деп, лажсыздан, амалдың жоқтығынан, теріс екенін біле тұра барған қадамымыз. Ол үшін партия қандай жазаға бұйырса да ризамын. Осы пікірімді көсемнің өзіне де жеткізгейсіз, – деп Досмұхамед шынын айтып, тілегін қоса білдірді. – Ей, қырғыз, қырғыз! – деп қайталады үкімет басы. – Барлығын да Иосифтің өзіне хабарлаймын. Бізде бәрін бір-ақ адам шешетінін білесің ғой. Саған қандай шара қолданып, қандай жаза берілетінін өзі шешсін. Әзір орныңнан тапжылма. Тек халық арасында дүрбелең мен дүрдараздық тууына жол берілмесін. Ал өзің жайында қандай шешім шыққанын менің көмекшім хабарлайды, – деді Үкімет басшысы. Ертеңіне «әзірше жұмысын істей берсін» деген хабар түсті. «Әзірше» депті, кім білсін, ауыр жазаға тартудан белгісіз бір ауданда болған жағдайға бола шу шығарса, аштық қысқан халықты көтеріп алармыз, одан да жабулы қазан жабулы қалпында қалсын деп, бой тартқан да шығар. Алайда жаңбыр бір жауса, терек боп екі жауар қазақы дағды қала ма, Қазақстан партия ұйымы Д.Қармановтың мәселесін бюроға салып, оны партия қатарынан шығарып, ісін сотқа беру керек деп дүрлігіп барып, ақыры орталықтан ондай нұсқау болмаған соң, соңғы сөгіс беріп, тағы да сынап көрелік деп, орнында қалдырды. Халық үшін қылша мойным талша деп құрбандыққа барудың үлгісі сынды осы әңгімені мен жетпісінші жылдардың аяқ шенінде қарт коммунист, сталиндік зұлматтың зардабын көп тартқан қайраткер азамат Досмұхамед Қармановтың өз аузынан естіген едім. Әлдеқалай денсаулығым сыр беріп, Кабминнің ауруханасына түскенде, жүрек дімкәсімен емделіп жүрген сол кісімен біраз уақыт, бір палатада жатқаным бар. Үй алдында адыр болса, ерттеп қойған атпен тең, үйіңде қартың болса, жазып қойған хатпен тең дегендей, көкірегі толы тарих, қазыналы қария екен. Сол кезде жасы жетпіс беске қараған ол Сыр бойындағы Шиелі ауылында орта шаруа Қаһарманның отбасында дүниеге келіпті. Көпұлтты, әсіресе орыс ағайындар басым елді мекенде өскен еті тірі жігіт екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде білім алып, одан техникумда оқып, мамандық меңгеріп, қырда өркен жая бастаған жаңа өмірдің көсегесін көгертуге құлшына кіріседі, партия, комсомол, кеңес жұмыстарына белсене араласады. Коммунис­тер қатарына кіріп, партия қызметіне тартылып, аудандық деңгейдегі басшы жұмысқа көтеріледі. – Сонымен, Шудағы үлкен шудан кейін ол жерде тағы қанша уақыт жұмыс атқардыңыз? – деген сауалыма ол тағы да тарихи оқиғаларға байланыстырып жауап қатты. – Қанша дерің бар ма. Жұртшылық алдындағы беделіме қараған болар, айғай-ұйғайсыз және бір жыл жұмыс жасатып, сонан соң ғана басқа жаққа ауыстырды. Ол Балқаш кен-металлургия комбинатының құрылысы қолға алынған кез еді. Екпінді құрылыс атанған оған өлкелік партия комитетінің жолдамасымен ғана Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарынан бес жүз коммунист пен бір мыңдай комсомол жастар жіберіледі. Солардың сапында мен де келдім. Орта дәрежелі кен инженері мамандығым бар маған бірден аға инженерлік қызмет ұсынылды. Бірақ комбинат құрылысына одақтың орталық облыстарынан келіп, басынан қатысқан маман­дардың мысы да, сұсы да басым екен. Көбі жер­гілікті ұлттың өкілдерін алымсынбай, ше­кеден қарайды. Арасында бірде-бір қазағы жоқ комбинат басшылығының да түпкілікті халықтың ұл-қыздарына деген көзқарасы онша емес. Жан-жақтан жұмыс іздеп көшіп келген қазақтарды құрылысқа алғанмен, тұрмыстық жағдай жасалмаған. Көбі отбасымен қысы-жазы киіз үйлерде тұрып келген. Осының бәрі болашақ мыс алыбында көп тұрақтамауыма себеп болды, – деп бір тұжырды ойын. Бір күні комбинат директорының орнында қалған бас инженер С.С.Иванов жаңа қаланың сәнін бұзады деп айналада тігілген киіз үйлерді жықтырып, елу-алпысын өртетіп жіберіп, тұрғындарын барақтарға күштеп кіргізеді. Әрі тар, әрі лас бөлмелерге әрқайсының бес-алты баласы бар қазақ отбасылары сыймай ұлардай шулайды. – Бұларыңыз қалай, барақтың тар бөлме­сінде оншақты жаны бар отбасылар қайтіп өмір сүреді, тазалық болмай, ауруға шалдығып, шетінен қырылады ғой, – деп мән-жайды айтып бұйрық берген бастыққа барса: – Немене, калбиттер коммунизмге де киіз үймен бармақ па едіңдер?! – деп келе­ке­леп, кекесінмен жауап қатады Иванов. Дос­мұхамедтің қаны басына шапшып, шам­данғаннан өзін-өзі ұстай алмай, бас инже­нерді жағадан алып жұлқи тұрғызып іштен бір түйеді де, бүкшие бергенде, көк желкеден бір періп үстел астына кіргізіп жіберіп, кабинеттен шығып жүре берді. Қарапайым қазақтан таяқ жедім деуге арланып, Иванов айғай-шу шығармай, ешқайда арызданған жоқ. Алайда оның отырса опақ, тұрса сопақ етіп, еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтінін сезген Досмұхамед комбинат басшылығымен келісіп жұмыс істей алмайтынын айтып, жоғары жаққа бұрынғыдай партия қызметіне жіберуді өтініп арыз жазды. «Қарасай-Қази» жырында: «Қарасай жүрген жағынан ойбайлаған шу шықты» дейтіндей, жүрген жерінде шындық үшін шырылдап, шу шығарып жүретін мінезі шалдуар, бірақ білікті де іскер азаматты өлкелік партия комитеті шалғайдағы шөлейт құмды Балқаш ауданына бірінші хатшы ғып жіберді. Алыс ауданда жұмыс істеудің ауыр екені белгілі. Аштықтан есеңгіреп қалған жұрт есін әлі жия алмаған кез. Аупарткомға арыз айтып, ақыл сұрап келетіндерде қисап жоқ. Көбі және көмек сұрап, жәрдемдесуін өтініп келеді. Барлығының бабын тауып, көңілінен шығу оңай шаруа емес. Сондықтан түн қатып, түс қашып, дамыл-тыным көрмей жұмыс істеуге тура келді. Сондай күндердің бірінде Досмұхамедтің алдына жанында ұзын бойлы, талдырмаш, қараторы бозбала бар шегір көз ақсары орта жастағы кісі келді. Меңліахмет Қонаевпын деп таныстырады ол өзін. – Мынау балам Димаш Мәскеудегі іргелі институттардың бірінде оқушы еді. Каникулға келіп, енді қайтарға қаржы таба алмай жүрміз. Жиделідегі ағайындарға келіп едім, кешегі ашаршылықтан әлі оңалмапты. Сондықтан өзіңізге жүз салғалы келіп отырған жайымыз бар, – деді ол. – О не дегеніңіз ағай, үлкен жерде оқып жатқан балаға қол ұшын бермесек, бо­ла­­шағымызға балта шабамыз ғой, – деп Д.Қар­манов табанда бухгалтерді шақырып алып: «Мына ағайға 500 (бес жүз) теңге ақша бер, түбі менің жалақымнан ұстарсыз», – деді. Рахметі мен алғысын жаудырып Қонаевтар кетті. Осылай қысылып келгенде көмек қолын ұсынып, талайларды разы ғып, жақсылық жасап еді. Әйткенмен жасаған жақсылық та, алған алғыс та, жан аямай қылған қызмет, еткен еңбек те оны отыз жетінші жылғы зұлматтан құтқара алмады, қайта мойнына ұлтшыл деген жарлық іліп, қыл сағақтан түскен бұғалықтай қысып, кінәсін тереңдете түсті. Сөйтіп, коммунист Досмұхамед жазықсыз жала жабылып, халық жауы атанып, Сібірге айдалып кете барды. – Халық жауы деп «елу сегізбен» айып­тал­ғандарды Сібірде де бір лагерьде ұзақ ұстамай, екі-үш жылдан соң бірінен соң біріне ауыстыра беретін еді. Лагерің ауысқан сайын атқарар қара жұмысыңның түрі де өзгереді, тұрмыс халің де басқа арнаға түседі. Сондықтан Итжеккенде он бес жылдай айдалып жүргенде жер астына түсіп, шахтадан кен де қаздым, өзен бойлай жүгіріп, сумен бөренелер де ағыздым, тіпті падашы боп мал да бақтым, – деп сәл кідіріп ой жібін әрі қарай өрді. – Мал баққаным ақталып, бостандыққа шығар алдындағы жылдар. Мені Якут-Саха өңіріндегі бір бұғы шаруашылығына жіберді. Шаруашылықтың бұғымен жергілікті сиырларды будандастыратын ғылыми-тәжірибелік фермасы бар екен. Өзінде үш-төрт маман ғалым жұмыс істейді. Алайда соңғы екі-үш жылда сиырлар бұзаулай алмай, пышаққа ілегіп, төл мүлдем аз алыныпты. Бұның себебін зерделеп көрсем, бұғымен будандастырылған сиырдың бұзауы тым ірі болады екен де, жануарлар соны туа алмай өліп кететін көрінеді. Сонда есіме өзіміздің үйдегі керсиыр түсті. Оның да бұзауы ірі болушы еді, туа алмай қатты қиналатын мәлік. Бала кезіміз ғой. Әкем марқұм бұзаудың сирағы шыққан бетте-ақ бәрімізді жауып жіберіп, жатқан сиырды төңкеріп жоңарқасына қойғанда төлі сылқ етіп түсе қалатын. Сол әдісті қолданып, барған жылы алпыс сиырдан елу бұзау алып, озат зек атанып, фермаға басқарушы боп тағайындалғаным да бар, – деп кеңкілдей күлген-ді қария. Оның күлгенде сәл қысылып, жүзін нұрландырып жіберетін көзіне, жасы жетпістің бесеуін белдеулесе де, тікірейіп тұратын ша­шы түгел ағармаған кең маңдайлы басына, тық-тық басып, тіп-тік жүретін балуан бітімді тұлғасына таңырқай қарап, өз әкемді көз алдыма келтіргенмін. Осы кісі сияқты ол да қуғын-сүргіннің талай құқайын көрді ғой. Қазақ даласын жайпаған, халқының жарымынан астамын жалмаған алакүлік онтоғызыншы ғасырдағы үш алапат аштықтан аман шығып, абақтының азабы мен түрменің тозағын көріп, көзі тірісінде қияметтің қыл көпірінен өтсе де сағы сынбаған, еңсесі түспеген неткен сүйегі асыл, рухы биік жандар десейші! Аштыққа алдырмайтын, тоқтыққа тасымайтын, жоқтыққа жүнжімейтін қайсар да қайратты перзенттері бар халықты аздырып, тоздырар күш жалғанда жоқ шығар. Отызыншы жылдардың басында қолдан жасалған сұрапыл нәубет те халқының үштен бірін жалмағанмен, қазақтың пейілін тарылтып, ниетін қарайта алған жоқ емес пе! Ол алапат аштықтың қолдан қасақана жасалғанына қазір ешкім де күмән келтірмесе керек. Ашаршылық кең-байтақ Кеңестер елінің үш аймағында ғана болды. Сайып келгенде, ол орыс шовинизмінің сасық саясатынан туды. Аштық Ұлы Русьтің бастау көзі бізбіз деп, орыстарды онша менсінбейтін украиндардың жерінде, кеңес үкіметі енді ғана бас көтерген герман фашизміне іш тарта ма деп қауіптенген немістер отырған Еділ бойында, жерінің кеңдігі, кенінің молдығы отаршылдардың құлқынын ежелден құртып жүрген қазақ даласында аранын ерекше ашты. Осыған орай екінші орыс думасында «Қазақтар қанды қол Шыңғысхан мен Ақсақ Темірдің ұрпақтары, оларды Америкадағы қоңырлар құсатып қыру ләзім» деп сандырақтаған Марков дегеннің сөзі ойға оралады. Қазақтың өз қырында өскен қызыл бидайын өзінен қызғанып, жинап ап теңіз асырып, халықты қасақана аштыққа ұшыратқан большевиктер сол Марков сияқтылардың мұрагерлері емес пе екен! – деп те ойланып қаласың.

501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз