• Заманхат
  • 18 Желтоқсан, 2014

ПЛАЗМА ФИЗИКАСЫНЫҢ АТАСЫ

... Алматы. Тау бөктеріндегі екі қабатты коттедж. Темір дарбаза пультпен басқарылып, жылжи ашылып, көлік аулаға кірді. Шағын алма бағы көз арбайды. Қоңыр-қызыл апорт мәуелі жемісімен қызықтырады. Аясына түрлі сәкі, тербелісті орындықтар қойылған екен, нәті немерелердің ойын көрігі қызатын алаңқай осы болса керек. Ұйыса өскен көк шөбі үлкен-кішінің делебесін қоздырып, жа­лаңаяғын қытықтай жөнелетіндей...

Осы қызықтың бәрінің иесі – отағасы Фа­зылхан Бәйімбетовтің жоқтығы сезіліп, ой ауырлап, көңілді мұң торлай баста­ғанда, іштен елу жылдай отасқан зайыбы Роза Сүлейменқызы Жәкежанова көрінді. Бәкеңді бір кездері ғашық еткен, шаңырағын мейірім шуағына бөлеген, жарының ғылыммен алаңсыз айналасуына жан-жүрегімен дәнекер болған, бүгінгі байсалды да сүйікті әже Роза. Сыңарынан айырылған аққудай жанарынан сағыныш жасы мөлтілдеп, сыңсығандай болды... Үнсіз егіледі... Ерін жоғалтқан бес айдан бері сылынып, жүдеу жүзі солғынданып, көз нұры бәсеңсіп, орны енді еш толмайтын ардағын жоқтауға біржола мойын ұсынғаны, тас-түйін бекінгені сезіледі... Басу айттық. Төрге өткенімізде, Фазылхан ағамыз тірі жандай боп, үлкен портретінен жайдары жымиысымен көріне қалды-ау... Анасы Мәкіш кейуананың суреті де ұлымен жанастырыла қойылыпты... Әке бейнесі де бұлдырайды...
Кешегі дәурен сүргендер – бүгін жоқ! Жансыз бейнелер. Суреттен ғана ишара жасайтындай. Ата-ана үш ұл өсірді: Назархан, Фазылхан және Сағынған. Соңғысы Астанада тұрады. Әкеден ерте айырылғандарды әулет үлкені боп қалған Назархан қара еңбегімен қыбырлап жүріп, оқытты, адам қылды. Фазылхан бауыры әлемге әйгілі оқымысты болды. Көзі жұмылғанша інісінің абыройымен масаттанып жүруші еді. Бәкене денелі, бойы кішкене, шалт қимылды шымыр жанның мал баққаннан басқа кәсібі болмайтын. Үн-түнсіз еңбегін істеп, адал терін төгіп, төлді құнттап өсіріп, ел байлығын еселегенін екінің бірі біледі. Мұнысын міндет қылмайтын. Биліктен ештеңе дәметпепті. Еңбегі жанып, бауырлары аман болса, соған тәубәшіл еді, басқа есепті білмейтін. Сұраншақтығы жоқ. Тіпті, маңдай ақысы – ақшаның мөріне қарап жатпайтын, шешесіне бере салады. «Фазылхан миымен жұмыс істейді ғой. Қуған ғылымы ауыр деседі, соның қажетіне жаратшы»,– дейтін анасына. Анасы Мәкіштің қолынан не жұмыс өтпеді. Иілмейтін еменді көріп, сол кісіні ойлаңыз. Күні-түн тізе бүкпей жүріп, шиеттей балаларын ер жеткізді. Әрқайсысы өз биігін алыпты. Малшы, ғалым және есепші... Бәрі де керек маман­дық. Мына дүниенің қабырғасына кірпіш боп қалана білген.
Туған жерден бірі елі ажырамай еңбек еткен Назарханның қоғам малын баққан кешегі Алтынсарин атындағы кеңшар (Қос­танай облысының Жанкелдин ауданы) жеке­шелендіріліп, берекесі қаша бастаған тұста Фазылхан інісі ауылға бара қалады. Мәкіш ана сандығын ашып, кішігірім той жасайды. Марқұм шешіліп, шешен сөйлейтін, ой тамызығы әманда маздап жанып тұратындай тапқыр, ақылгөй, арғы-бергіні саралап түйін­деп, қажеттісін ұстанымына лайықтай қоя­тын нағыз кесімді кісі екен. Фазылханның оңашадағы әңгіме ауанына қарап отырып: «Түбі бұл жер иесіз қалады ғой, көшіп жатқандар көп. Ата-баба аймағын өздерің ұстап қалыңдар», – дегенде, ұлының онсыз да үлкен көзі шарасынан шығыңқырап, ана сөзін басын изеп құптап қойған. Ана дөп айтыпты, ұлы сол ақылды кейін іске жаратыпты. Сол атамекенінде Фазылхан қора соқтырып, мал өсірткізіп, егін еккізе бастаған еді. Туған жерінің түтінін қайыра түтеткен. Әттең, демі үзілді... Аманаты ұрпағына ауысты. Қалада өскен ұлы Нұрлан әлгіндей жұмыстың барлық тауқыметін өзіне меншіктеп алыпты.
Ақырғы демі таусыларда қайран Бәкең тынысы тарылып, көзі алақ-жұлақ етіп жар­қылдап, Айгүл, Нұрлан, Баян балала­рының аттарын атап, еміреніп жатыпты... Сенесіз бе, сенбейсіз бе, өзі тәрбиелеп жүрген шәкір­тінің ғылыми атағын қорғағанын көре алмаймын-ау деп өкініпті, жарықтық. Бәл­кім есіне Розасына бірер күн бұрын күбір­леп ескерткен өтініші де санасын найзағайдай осып өткен болар? Ауыз бар­майтын емеурін еді. Бірақ, өмірмен түбі қоштасарын сезген ақылман, асыл жара­тылыс ішінде бүгіп қала алмапты. Өзін емес, анасын асқақтатқысы келген шығар. «Жазып алшы» деп қиылыпты Розасына. Жарының да жанын сыздататынын білсе де, айтпауына болмапты. Үзік-үзік етіп жаздыртыпты. Бастапқыда басын ала қашқан зайыбы көнген. Әр әріптің тікенін жүрегіне кірш-кірш сұғып отырып жазыпты: «Еңбек – өмір, негізің, Деген ұлы фәлсафа. Сүтіменен анамның, Сіңді менің қаныма!» «Фазылхан дерсің. Құлпытасқа жаздыртшы, сәулем!..» Ортақ өксік! Махаббат өксігі! Анасының сүтінен қанына тараған ұлы еңбекқорлық қасиетіне соңғы табынуы екен. Отанын тек жасампаз Еңбек көтеретініне сенгендігінің ишарасы екен... Қарапайым еңбекке ғұмыр бойы малынып өткен есті жанның, ғалымдық атағы мен абыройын әлемге жайған сол Еңбекке деген соңғы құрметі мен табынуы болыпты-ау, бұл өсиеті.
...Қытайдан жасаттырған құлпытаста бе­дер­леніп, Ана мен Еңбектің мәңгі дәріптелуі тұр! Өмірден еңбексіз мән іздемеген Ғалым­ның ересен қайраты мен ыстық жүрегінің тіршілікті қимаған лүпілі де Кеңсай самалы­мен араласып, бетті ызғырығымен қари­тындай... Рухы оның бір төмпешікке симайды ғой, енді қайтіп көрінбесе де ап-анық бейнесі көңілден кетпес... 72 жас ғұмырында өшпестей із қалдырып кеткен екен. Ондаған мемлекеттің ғалымдары өксік буған қаралы сөздерін Фазылханның отбасына тегіннен-тегін жолдады дейсіз бе?
Бәкең туралы өткен шақпен сөйлеу, әрине, ауыр. Бір жеңілі – оның жарқын өмірі, ғалымдық күрделі жолы, ұстаздық байсалды келбеті, отбасылық махаббатқа бөленген өнегесі, фәни дүниеге ақын көзімен қарап, жүрегінен жыр шоғырын ұшырған таза да пәк көңілі, бәрі-бәрі ұмыттырмай, сағынышымызды еселей түспек. Атағы жер жарғандай екен-ау. Сонда да қарапайымдылығымен елеу­сіз­деу жүруге тырысқан екен. Көкірек кермей, кішіпейіл күйінде өтіпті. Мақтан­бапты. Марапат күтпепті. Бізде кейде бәрі керісінше болып жатады ғой. Кеуде соғып, көзге түскісі келмегендерді күре­сінге лақтырып тастап кете баратын келең­сіз әдет бар. Әйтпесе, оның кеудесіне ең болмағанда бір үкіметтік медальдің қадалмағанын қалай түсінерміз? Әйтеуір, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алыпты. Осы сыйлықтың парқынан-ақ Бәкеңнің барлық болмысы аңғарылып тұрғандай: жалған ешнәрсеге дәмеленбейді, еңбегін сатпайды, таңдаған ғалымдық тура жолы бар, бұрысты дұрыстау үшін күреседі, әділдікті ту етіп жүрегіне тіккен тұлға еді. Өзіне жақпаған, негізсіз пайым естіді ме: «А-а!», – деп аңтарыла өткір, ұялы көзін алайтып жіберіп, жан-жүрегінің қарсылығын лезде сездіріп, айылын тез жия қоятын қайталанбас болмысты ерен мінез иесі екендігін танытатын. Жәбірленгеннің жанын жадыратуға ұмтылатын. Жазықсызға араша түсер болса, дөкейіңнен де ықпай, жөнсіздігін бетіне басып, ұялтып тастайтын. Ондайда сөзі де уытты, шыншыл, тауып айтып, ретсіздікті шідерлейтін. Осы лауазым иесі түбі пенделік бір шаруамды тындырып берер-ау, дейтін бақай есептен мүлде ада болатын. Ол әдепсіз, әкіреңдегіш жан екен, сазайын тартқызатын. Ал, көңілін терберлік жайтқа баладай қуанып, тілек қосып, бір жылы сөзге көзінің жасы мөлт етіп келіп қалатын нәзік иірімді құбылыс еді-ау! Дос-жарандарының тойына бір жапырақ өлеңсіз бармайтын. Шабыттанып оқып бергенде, көзінен жалын ұшқындайтын. Өзгенің қуанышын өзінікінен артық бағалауының көрінісі еді ғой. 
Сөйткен, Бәкең қазақтың көрнекті ғалым-физигі екен. Еліміздегі плазма физикасы мектебінің негізін қалаушы, атасы болыпты. «Бәйімбетов формуласы» деген атпен оның ғылыми жаңалықтары, дербес модельдері шет елдерде нақты көрінісін тауып жүр. Қазіргі уақытта АҚШ, Германия, Франция, Жапонияның бірнеше университеттерінде және ғылыми ұйым­дарында, Ф. Бәйімбетов пен оның шәкірт­тері алған жүйе бөлшектерінің әсерлесу моделі негізінде тығыз плазманың қасиет­терін теориялық және компьютерлік модельдеу арқылы зерттейтін ғылыми топтар жұмыс жасайтынын ескерген абзал. ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық университетінің про­фессоры, тек осы оқу орнында 38 жыл еңбек еткен кезінде оның жетекшілігімен 50-ден аса докторлық, кандидаттық диссертация қорғалыпты. Оның Т.С. Рамазанов, Н.Ғ. Жұмамұхамбетов, Ю. В. Ар­хипов, Б.М. Ыбыраев, А.Е. Дәулетов сынды шәкірт-ізбасарлары бүгінде ұстазы бас­таған ұлағатты істерді одан әрі табыс­ты жалғастыру үстінде. Ол өз ұжымында және Қазақстан жоғары мектебінің кең қоғамдастығында үлкен абыройға ие болып, елімізде және шетелде плазма физикасы саласының ірі маманы ретінде танымал болған. 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы, олар халықаралық рей­тингтік журналдарда жарияланған. Көп­теген беделді әлемдік симпозиумдар мен конференцияларда баяндама жасап, сана мен ақылдың тереңдігіне тамсантты.
Ұлы жаратылыстың ұлы да мінсіз бастаулары болады. Сондай сарабдал жолға түсе біліпті Фазылхан. Тағдыр тектіні таңдай біледі. Иығына батпан жүк артады. Иіл­мейтіндеріне ғана илігіп, пейіл білдіреді. Әйтпесе, ту-у Торғайдың түкпіріндегі мек­­­тепті үздік бітіргендердің санатында Алматыға келіп, ҚазПИ-ге түсіп, 1959 жыл­дың күзінде үшінші курсты бастағанына бір ай шамасында Фазылхан өзіне өзгеше таңдау боларын ойлады дейсіз бе. Есіл-дерті оқуға ауған шәкірттің білімге деген сусынын қандыру басқа жақтан бұйырып тұр екен. Ресейдің Новосібір қаласында КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімі жанынан университет ашылып, соған әр елден үздік оқитын студенттерді тарту жұмысы басталғанда, мұндағылар еш ойланбастан 9 баланың қатарында Фазылханды ұсынған ғой. Сөйтіп, ел намысын қорғайтын аса дарындылар жаңа оқу орнында бір курс төмен түсіп, білім жарысына белсене кірісіп кеткен еді. Новосібір университетінде білім алған уақытын ең бақытты кезең ретінде бағалайтын Фазылхан КСРО ғана емес, бүкіл әлемге танымал оқымыстылардан дәріс тыңдағанын әрдайым айтып жү­ретін. Қайсыбірін жіктерсің – М.А. Лаврентьев, С.Л. Соболев, С.А. Христианович, В.Л. Конторович, Ю.Н. Работнов, т.б. Бұлардың алдын көргендер ғылымға басыбайлы құмартпауы мүм­кін емес деген қағида қалыптасқан екен. Солай болып шықты. Университет тарихында тұңғыш Лениндік стипендиат атанған ол оқуын үздік дипломмен тәмамдады. 
Бір ақжарылқап әңгіме кезінде Бәкең атағынан ат үркерліктей ұстаздарынан ал­ғашқы эмтиханда «5» бағасын қалай алғанын айтқаны бар. Алты сағат бойы сынақ үстінде оты­рады. Емтиханды 2-3 профессормен қо­са 5-6 көмекшісі алып, әрқалай сұрақ қойып, есеп шығарттырып, жалпы білім деңгейін әр әдіспен безбендеп көріп, әбден «тартқылайды» екен. Кезегі келгенде жауап беріп, мүдірмей екпіндеген ол, бір кезде шым ете қалған оң жақ самайын сұқ саусағымен баса қойғанда жұққан қанды көріп шошып кетсе де, байқатпауға тырысады. Бірақ, онысын разылықпен баға қойып жатқан ұстазы сезіп қалып, таңғалғаннан жымия беріпті... Өзіне шамадан тыс күш түсіріп, зорығып кетіпті... Содан бері еңбектен – ләззат соруды өмірінің басты шарты етіп қойғандай, ол. Өмірден озғанша еңбекке ықыласын жоғалтпай, әлсіз күйімен қызметіне барып, ұстаздық парызына барынша адал болған ақиық аға еді. Түнгі сағат үшке дейін кабинетінен шықпайды екен. Жұмысқа кеттім дейді, оралады. Тағы ой еңбегіне түсіп кетеді. Тіпті, зайыбы Роза: «Мұншама шетелге қалай іссапарға шығып үлгерген», – деп таңғалысын жасырмайды қазір.
Ф. Бәйімбетовтің ғалымдық жолын­дағы ерекшеліктер санқилы. Ол 1965 жылы Тбилиси мемлекеттік универ­си­тетінің аспирантурасына тео­рия­лық физика мамандығы бойынша қабыл­данып, 1969 жылы кандидаттық, ал, 1985 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ол кездегі Грузияның ғылыми әлеуеті бүкіл әлемді дірілдетіп тұрғанын ескерсек, қазақ баласының он­да­ғы қандай сынақтан да кеуделеніп, қас­қайып шыққанын әлі талай мақтан ете берерміз. Ғалымның екі үлкен белесінің қор­ғалған тақырыптары былайша аталады: «Әлсіз турбулентті плазмадағы тасымал құбылыстар» (кандидатық жұмысы) және «Тығыз газдардағы және плаз­мадағы тасымалдау процестері мен релаксациялық құбылыстар» (доктор­лық жұмысы). Ди­с­сер­тацияның негізгі қағидалары мен нәтижелері алдын ала КСРО-дағы осы сала­ның білікті мамандарымен талдауға салынып, бүкілодақтық конференциялар мен ірі ғылыми орта­лық­тардағы ғылыми семинарларда баян­далған болатын. Зерттеліп жатқан мәсе­ленің маңыздылығын және оның кере­мет нәтижелерін ғұлама ғалымдар келісіп, мойындайды. 
Жылына 800, 900 (шетелде 200 сағаттан аспайды) сағат педагогикалық жүктемені қалтқысыз орындай жүріп Бәкең ғылым өріне талмастан қанат қағыпты. Қаншама қызметтік сатылардан абыроймен өткен. 1973 жылдан бері аталған университетте доцент, профессор, оптика және плазма физикасы кафедрасының меңгерушісі, физика факультетінің деканы, оқу жұ­мысы жөніндегі проректор, ғылыми жұ­мыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор болып, зор беделге бөленді. Бәкең туралы өткен шақпен сөй­леудің қиындығы уақыт өткен сайын сезіле түсуде. Амал нешік? Тек оның ғылымдағы өшпес іздерінің даңғылдана түсетінін ойлағанда, көңіл сәл-пәл жұба­ныш табады. Туған үйіндей болып кеткен университеті 175 орындық үлкен аудиторияны Ф.Бәйімбетовтің есімімен атамақшы. Қазір безендіру жұмыстары қолға алынғанының куәсі болдық. Ол туралы деректі бейнефильм түсірілмек. Өмірі мен қызметі баяндалатын естеліктер кітабы жарыққа шықпақ. Басқа да ұйымдастыру шаралары қызу шешімін тауып жатқаны көңіл марқайтады. Демек, күллі саналы ғұмырын ғылымға арнап, лайықты ізбасарлар дайындаған, сөйтіп өз елінің жарқын болашағына қалтқысыз қызмет етудің ерен үлгісін танытып кеткен тау тұлғалы оқымыстының бейнесі әрдайым жадта сақталмақшы. 
Қазақ ғылымының жарық жұлдызы Ө. Сұл­танғазиннің зайыбы Райхан апай Бәкең­нің өмірден өткеніне 40 күн толғанда көкірегі айырылып тұрып: «Өмекең Фазылханды данышпан дейтін. Мұндай сөзді екінің біріне айта бермейтін. Көзі жетіп, шынайы бағасын білгендіктен айтатын»,– деп сыр ақтарғанда, «өмір­ден кім озғанын білеміз бе?» дегендей, аңтарылып қалысқандарды көріп отырғанбыз.
Адамгершілігі мен ғалымдығына сызат түсірмей, екінің бірі армансыз өте алар ма екен, бұл жалғаннан. Ол туралы «нағыз азамат еді ғой» дейді күрсініспен. Ол туралы «нағыз ғалым еді ғой» дейді тамсанып. Белгісіздеу жүріп көп тындырған екен. «Белгілінің» тындырғандарын белден буып, намысын басатын дуалы ауыз екен. Ғылымның тазалығы үшін нақты өнегесімен бітіспес күрес жүргізіпті. Шы­найы ғалымның жоғары оқу орын­дарында табысты ұстаздық ету­­мен бірге тәжірибелік ісін тастамай, ұдайы зерттеу еңбектерін жазуы қажеттігін ескертіп отыратын. Қазір ше? «Құрметті» акедемиктер көбейді. Қал­талы шенеунік-ғалымдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ғылыми тақы­рыбына зер салсаңыз студенттің рефераты секілді, қынжылтады. Тіпті, компьютер арқылы тапсырыс берсеңіз, ғалымдық межеңізден шығады екенсіз. Орындаушы тап-тұйнақтай етеді. Бә­рін ақша шешкен заман. Бәкең бірде кейбір ғалымдардың өздерінің зерттеген тақырыптарын естен шығарып алғандай, енжар, немкетті жүре­тініне налыған болатын. Интернеттен мақала «құрастырып», ғылымға «сүбелі» үлес қоспаққа тыраштанып жүргендерін сезгенде, жүзіне әжуә, мысқыл ойнап шыға келетін. Туралықты, әділдікті сүйетін ол әлгіндей күйкі тірлікке төзбеуші еді. 
Әсілі, ғалым шыншыл болмай, ғылым шыншыл болмайтынын өнегесімен дә­лел­­­­деп кеткен сирек талант иесі еді біз­дің Факең! Осындайда: «Ғылым адамды, маман­дығы бойынша болса да, шындыққа тәр­бие­лейді. Себебі: табиғатты алдау мүм­­кін емес», – деген даналық сөз еске тү­седі. Айқай-сүреңсіз, өзін-өзі дәріптеусіз де ғалым атанаудың өнегесін көрсетіп кетіпті-ау! Нағыз еңбек сырт көзге елеусіздеу әрі белгісіз, жанын түлеткендей жүйелі, сол азабына орай өнікті болатынын ол нақты ісімен дәлелдепті. Бұл – өзгелерге сабақ болатын ғажап өнеге. Қазір өзінің ғылымға сіңірген еңбегін – жалаң марапат пен мадаққа айналдырып, әсірешілдік дақпыртымен із­де­нісі мен үлесін сап тиып алғандар, ойланса, қанекей. Осынша бедел, атақпен билікке жағынып, адам салып, медаль, орден сұрап алу қолынан келмеді дейсіз бе? Марапатқа аңсары ауғаннан гөрі, мархабатты бір іс тындырғанды қолай көрген ғой. Еңбегі сіңбей абырой алғанша, еңбек сіңіріп аталмай қалғанын күйттеген екен. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырында сүйген ісін жүрегіне салмақ түсіріп, жан-тәнімен атқара білген, соңына жарқын ғылыми жаңа­­лықтар қалдырған аса ірі ғалым болатын. Біртуар ойшыл еді. Ғылымды өмірінің мазмұны мен мақсатына балап, тер төкті. Ғылым оған тіршілік нәріндей аса қажет болды. Жан құмарына айналды. Енді, ғылымы Ғалымын әспеттеп, көтеретін екінші өмір, қымбат сәт туды. Сол рухани өршіл кезең, сағынта түсетін сәт ұзағынан болғай!
... Фазылханның қара шаңырағынан сыртқа шықтық. Сүйікті жұбайы Роза биік басқышта қаздиып тұр... Өтпестей болған, қос аққудай қимас ғұмыр кешкен сол бір есіл уақыт бастарынан қалай шапшаң ысырылғанына аң-таң. Армансыз да тәтті күндері жағаны шапшып ұрғылаған асау толқындай кері жылыстап кетіпті... Роза тұр. Жалғыз тұр! Көңілі астан-кестен... Дауыл алдындағы сәл тыншыма ма? Ұрпақтарының есендігін тілеген бәйтеректей бәйбіше қасиетті босағасынан қайғы бұлтын серпіп тастап, қуаныш пен қызыққа, бақытқа үміттеніп аттады... Еңбекпен керегесі керіл­ген үйде ақ тілек, періштенің құлағына ша­лынады-мыс!
...Үндемей жүріп, үнін алғы ғасыр­ларға асырған ғалым екен ғой, нағыз қазақ – Фазылхан Бәйімбетұлы!

Қайсар ӘЛІМ, 
жазушы, ҚР Президенті 
сыйлығының лауреаты 

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз