• Ұлттану
  • 19 Сәуір, 2012

Камалдың қамал бұзар қаламы (К.Смайыловқа 80 жыл)

Сейілғазы Әбдікәрімов, жазушы, мәдениет қайраткері

Республикаға танымал талант иесі Қамал Сейітжанұлы Смайловты барша халық жақсы білді. Ең алдымен адамгершілігі мол азамат ретінде таныды. Одан соң қаламы жүйрік журналистік қырын қызықтыра байқатты. Университетті бітіре салып газетте, журналда жауапты қызмет жасай жүріп алғырлығымен алға түсті. Республикалық жастар комитетінде де ұйымдастырушылық қабілетін жалауша желбіретіп биіктерден көрінді. Одан соң мәдениет пен өнер ордаларын басқарды. Іркіліп қалған істерге жан бітіріп ілгері жылжытты. Қазақ киносын одақ асырып әлемге танытуға бар күшін, жігерін салды. Өз уақытында дамытты да. Ұлттық киносының жетілуіне жетекшілік етті. Талай-талай ғылыми еңбектер жазды. Партия қызметіне барғанда да халықты ойлап байыпты болды. Көңіл төрінен жоғалтпады. Телевизия мен радиокомитетінің басшылығына келгенде ерекше серпіліс жасады. Ұлттық әдебиеттің, өнердің, музыканың кең қанат жайуына бірден-бір қамқоршы болды. Алматыдан алыс жатқан ауылдағы халық өнеріне жан бітірді. Сондықтан да «Тамаша», «Қымызхана», «Шабыт», «Шашу», «Күй дастан», «Халық таланттары», «Терме», «Айтыс» «Асыл мұра», «Халық қазынасы», т.б толып жатқан телевизиялық циклдар өмірге келді. Сонымен қатар тез өркендеді. Камал Сейітжанұлының қайсыбір еңбегін айтсақ та, болашаққа үлгі. Камекең туралы журналистер, зерттеушілер, жазушылар көп жазды. Мен де жаздым. Тіпті 1976 жылы университетті бітірердегі дипломдық жұмысым «Камал Смайылов кино сыншысы» болды. Мемлекеттік комиссия мүшелері менің сол дипломдық жұмысымды тым жоғары бағалағанын ешқашан ұмыта алмаспын. Бұл жолы Камекеңнің көсемсөзші өнеріне ойлана көңіл қойып отырмын. Камал Сейітжанұлы шын мәніндегі сыршыл публицист, жазушы. Әсіресе, ғылыми-техникалық революция тақырыбына көп көңіл қойып, қарымды қаламгер ретінде ерекшеленеді. Ал, Камалдың көсемсөз шеберлігіне тоқталсақ, оның тағы бір талантының қырын ашамыз. Әсіресе «Жалын» баспасынан 1982 жылы жарық көрген «Он бірінші» деген проблемалық мақалалар жинағы мен 1991 жылы шыққан «Оянған ойлар» атты өткір публицистикалық толғауына баса мән беріп тоқтағанды басты парыз деп санаған жөн. Қазіргі күні қолына қалам алып ақ қағаздың бетіне көркем сөзбен кестелей өрнек салып, қара сөздің майын тамыза мәнерлеп кітап жазатын жазушылар мен тылсым дүниені ой қиялымен қанатсыз ұшып әлемді шарықтаған шалқар шабыттың шылбырын ширатқан ақындардың өлеңдер жинағын, инемен құдық қазғандай тарих қойнауынан сыр шертетін архив парақтарын шексіз шыдамдылықпен асықпай ақтара зерттеген ғалымдардың ғылыми еңбектерін сол сияқты әдебиетшілердің зерттеу еңбектерін дер кезінде сол кітаптарын басып шығаратын баспагерлер бар. «Жалын» баспасынан (1991 жылы) Камал Смаиловтың «Оянған ойлар» деп аталатын көсем­сөз толғау кітабын оқыған едік. Бұл кітап қазір кітап дүкендерінің сөрелерінде жоқ. Күндіз де, түнде де қолыңа шырақ алып іздесең де таба алмайсыз. Ендігі сөз кезегі осы кітаптың төңірегінде болмақ. Қолына қалам ұстап, кітап жазған әрбір жа­­зушы болашақта не боларын нақтылы айта алмайды. Бірақ, адам баласының көп жылдар бойы жүріп өткен өмір өткелдерінің тарихи ізіне мұқият ойлана қарап және бүгінгі күндегі болып жатқан күнделікті өмірдің ағысындағы түрлі науқандарының адамды еріксіз ойландыратын, толғанатын, қимылдататын, ширататын әлеуметтік мәселелердің негізіндегі фактілермен салыстыра отырып, келешекке ой жүгіртіп, көз салған, қиял тізесімен таразыланған ойшыл суреткер ғана болжайды. Әрине дәл емес. Соның өзінде де баршаға мүлдем белгісіз болашақтағы сыры жұмбақ өмірдің бір бөлшегінде жиі кез­десіп отыруы табиғи заңдылық. «Оянған ойлар» кітабының авторы 1985 жылы сәуір айында жарияланған қайта құру мен жариялықтың ескен лебіне өзінің жеке көзқарасын білдірді. Біздің елімізге тигізген ықпалын тілге тиек ете отырып, қай жағынан дамыды, қай жағынан дағдарысқа душар болғанына тоқталады. Еліміздің болашақтағы тұрмысын ойлайды. Халықтың әлеуметтік өміріне, күн көрісіне бағ­­дарлама жасайды, « Қазіргі басты екі мін­дет – тағам-тамақ молшылығын жасау және тұтынатын тауарларды көбейту. 2-3 жылда тамақ жоқшылығын, 3-4 жылда тауар тапшылығын жою үшін бар жолы қаралып, бар амалы жасалып жатыр. Ауыр өнеркәсіптің біраз күшін соған бұрып, қорғаныс өнеркәсібінде жұмылдырып шетелмен сауданы да жандандырып, (жылына 30 миллион тонна астық, 1 миллион тоннадай ет, біз жейтін бар майдың үштен бірі шетелден сатып алынады), басқа да әдіс-тәсілдер ойластырып жатыр... « (7-бет) К.Смайылов дариялықтың жалауына жан бітіріп желбірете түседі. Жазушы, публицист «Қайта құру – қайта қарау, жаңаша ойлау» деген кітаптың алғашқы тарауында «Жоқ, ана 1932 жылдың қырғынын, 1937 жылдың қанды сойқанын, 1952 жылдың ұлтшылдық «науқанын» ұмыта алмаймыз. Солардың құр­бандары ұмытылмайды» деп жазады. Сонымен қатар, болашақты оймен болжайды, әлемді дүр сілкіндірген қой жылғы тамыз айында бол­ған КСРО-ның шаңырағын шайқалтып ортасына түсірген коммунистік партиясының бір топ бүлікшілерінің ісі болатынын сезгендей былай дейді: «Бұрын темір шымылдықтың арғы бетінде бұғып, мұзды мұхиттың аюы секілді өзінің майын сорып, аяздан қорғанып арақ ішіп, қатерлі ракеталармен әлемді тітіркендіріп қорқытатын қараңғы, кедей бір сұмдық ел бар деп айтатын Батыста Совет Одағы туралы. Апрель Жарлығы, бұл сөзін қоғамның өзі дәлелдеді. СОКП-та, ССРО да күйреді. Қараңғыда сейілді». Кітаптың әрбір бетін парақтаған сайын оқи бергіңіз келеді. Сонда бұл қалай? Оқушысын қызықтыра түсетін шымшытырық оқиғалы повесть емес, жастар өмірінің әлеміне саяхат шеккен «махаббат қызық мол жылдары» сияқты көркем шығарма емес, болғаны публицистикалық толғау ғой. Сөйтсек, өз дәуірінің сырын цифрмен жырлаған, шын фактілерін көз алдыңа әкеліп қолмен қойған көсемсөз шеберінің құдіреті екен. Мұны кітапты оқып болған соң білесіз. Әлемге аты белгілі суреткер мен саяси қайраткердің көпшілік біле берейтін кемшіліктерімен бірге қызықты сәттерін, ақтаңдақтар қасіретіне душар болып өмірі өксікпен өткен халқымыздың ардақты азаматтарының ерен еңбектерінен мы­сал келтіре отырып, бүгінгі күннің, қазақ елінің мәдениеті мен өнерінің, әдебиетінің бір топ жұлдыздарының шығармашылығына да тоқталады. Ал, «Есте қалар күндері» атты тараудың өзі-ақ не туралы айтпағы белгілі. Бүкіл қазақ хал­қына және әлемге белгілі болған 1986 жылғы желтоқсан қайғысын кітап авторы неғұрлым қысқа жазуға тырысқанымен нұсқалы ой айтқан екен. «Оянған ойлар» кітабын жазбас бұрын талан­тты публицист Камал Смайылов еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүрген кездерінен бастап, өзінің болашақ кітабына аса қажетті материалдарды танымдық тұрғыдан зерттеп, жинақтағаны байқалады. Халқының хал-жағдайын ұдайы ойлап жүретін азаматты өмірде өзі ел көрген өзекті мәселелердің барлығы ой түбінде жатқан сезіміне әсер етіп, мазалай бергендіктен қолына қалам алып тартымды дүние жазуына ықпалын тигізіпті. Самалдай есіп, желдей соққан әсіресе қызыл сөзден бойын аулақ ұстаған көсемсөз шебері публицистикалық толғау кітабын жазуда жаңа үлгідегі бағытын тапқан. Кітаптағы кез-келген тарауларға еншіленіп қойылған тақырыптардың әрқайсысы сол тараудағы айтпақ ойдың айнасына арналған. Авторды толассыз толғандырып келген айшықты пікірлерімен маңызды да мағыналы ойы тың идеялары қылдан жасалған шылбырдай ширатыла, өршелене түскен ой өрісі барған сайын кеңи түседі. Автордың бұл еңбегінің құндылығы мен ерекшелігі сонда - публицистика жанрына нәр беретін нақтылы цифрлар мен бұлжытпайтын фактілерді тиісті жерлерін орнымен пайдаланып, ойын шыңдай түседі. Камал Смаилов кітабын бір бағытта жазып, бірбеткей кетпейді. Кітап жан-жақты жазылған. Еліміздің экономикасын да, ауыр және жеңіл өнеркәсібін де, транспорт пен құрылысын да, су және ауыл шаруашылығында, тіпті, мәдениеті мен әдебиетінде, өнерді де, медицина мен ғылымына да тоқталып, дәмі татыған өзекті әңгіме қозғайды. «Қазақстан экономикасының хал-жағдайын айқындайтын бірнеше деректер келтірейік. Бұ­лардың көбісі бұрын ашылмайтын, айтылмайтын. Ауыр өнеркәсіп елімізде 60 пайыздан асса, (бұрынғы КСРО-ны айтып отыр – С. Ә) Қазақстанда 47 пайыз , оның есесіне ауыл шаруа­шылығы 16-да 23 пайыз шамасында екен. Әсіресе өңдеу салалары, нақтылы түпкілікті өнім беретін, тұтынуға даяр өнім бұйымдар шығаратын өнеркәсіп кенже қалған. Сол айғай-даурықпа, той-думанмен жүргенде Қазақстан жалпы өнеркәсіп өнімін шығару жөні­­нен бұрынғы 3-орыннан ығысып, 2-орынға жылжыпты, Белоруссиядан кейін қалыпты. 12 миллион халқы бар Белоруссия жылына 36 миллиард сомның өнеркәсіп өнімін берсе, 16 миллиард халқы бар Қазақстан 32 миллиард сомның өнімін берген екен...» (62- бет) Міне, осындай фактілер көп. Дәлелсіз жазыл­ған тарау бұл кітапта мүлдем жоқ. Еліміздің қай жағынан болса да дами алатын мүмкінділігін де ашық жазған. Қазақстанда түсті металлургияның 15 түрі өн­дірілетінін жазады. Әлемге әйгілі болған Жез­­қазған рудасын (онда мыс қана емес, күміс, қорғасын да бар – С.Ә) айтып жігерленеді. Қарағанды мен Екібастұздағы көмір қорына тоқ­талғанда еліміздің байлығына да көзіңіз жетіп еріксіз тамсанасыз. Батыс Қазақстанның газы мен қара алтынын оқып отырып, қанаттанасыз, сол сияқты Қостанайдың,Теміртаудың, Павлодардың, Өскеменнің, Лениногор, т.б. зауыттарының тірші­лік­терін тілге тиек етеді. Қаншама мың гектар дәнге толы теңіздей жайқалып өскен алтын астықты көз алдыңызға әкеледі. Сонда сіз толғанасыз. Барша халық өзінің табан терімен тапқан табысына өкіметтен ақша алатыны белгілі. К.Смаилов осы мемлекеттік қаржы жайын да назардан тыс қалдырмаған. Ақшаның қай жағынан құнды, қай жағынан қадірінің кеткеніне де ойланады, ақыл таразысына салады. Қазіргі кезде жұмыссыз қал­ған адамдардың, мамандардың, тағдырын ойлап, олардың қалай күн көру мәселесін көп­шілік талқысына ұсынады. Осы бір келеңсіз жағдайдан тез құтылудың небір тиімді жолдарын қарастырады, кеңес береді. Әсіресе, халық тұтынатын тауарларды қайткен күнде жеткілікті өндіру қажет екендігін баса көрсетеді. Еліміздің территориясындағы ядролық жарылысының негізгі нүктелерінде болып, сол жердегі тұрғылықты халықтың өміріне қауіпті екенін ашық айтып, жаны күйзеледі. Бұл не? Мұның барлығы публицист халық басына төтесінен төнген қатердің зардабына жолатпаудың амалын ойластырып, бозторғайдай шырылдағандығы азаматтық емес пе? «Ең алдымен, Қазақстанда қазақ жерінің бір бұрышында қалың елдің қақ ортасында қырық жыл бойы ядролық жарылыстың (15 жыл жер үстінде, 25 жыл жер астында) жүргізіліп жатқанын ашық та, айқын айту. Сол полигонның астанасы Курчатов қаласынан қырық жыл бойғы құпияны ашу, жария ету. Ол іс атқарылды...» – деп жазады (162-бет) автор. Кітап авторы бұдан соң, демографиялық тақырыпқа ойысып, біраз нәрсенің бетін ашады. Ұлтымыздың қасиетті тілін, ділін, салтын, тарихын бүкіл халық болып қастерлеп, дамыту керектігі туралы салиқалы ой қозғайды. Бүгінгі таңда көркем әдебиеттің, кино­ның, телевизия мен радионың, газеттер мен жур­нал­дардың беделінің артықтығын, көпшілікке рухани әсер етуін барынша қолдайды. Әсіресе, Қазақ телевизиясы ұйымдастырған «Айтыс», «Тамаша», «Терме» т.с.с қызықты бағдарламаларын халық­тың қызыға көруі, аңсауы тегін емес екендігін де ескерген жөн дейді. Жазушы, публицист Камал Смайыловтың «Оянған ойлар» кітабы еліміздің экономикалық жағдайы мен әлеуметтік хал-жағдайын білгісі келетін қазақ интеллигенттері үшін аса құнды еңбек. Жоғарыда ерінбей айтып шыққан талантты публицистің қыруар еңбектері Камалдың қамал бұзар қарымды қаламынан нөсерлеген дүниелер.

1061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз