• Заманхат
  • 13 Қаңтар, 2015

Отан соғысы жылдарындағы көркемөнердің дамуы

Ұлы отан соғысы кеңес халқының оның қарулы күшінің қуат шамасын ғана емес, моральдық қайрат жігерінде сынға саяған қатал да қатыгез кезең болды. Халықтың моральдық қайрат жігерінде молайтып, рухын асқақтатуда көркемөнер ерекше орын алды. Соғыстың бірінші күнінен бастап мәдениет пен өнердің алдында барлық күш-жігерін, іс-тәжірибесін отан қорғау ісіне жұмылдыру міндеті тұрды. Өнер, әсіресе әуесқой көркемөнер өте ауыр соғыс жылдарында өзінің өміршеңдігімен, таусылмас қорымен көзге көріне білді. Қазақстанның бүкіл Одақ бойынша дәнді дақылмен және мал шаруашылығы базасы болуы көркемөнер қызметін тікелей жұмыс нысандары бойынша талап етті. Көркемөнердің әр түрлі жанрларынан құралған ықшам топ қалаған уақытта, қалыптасқан жағдайға сай келген жерде (госпитальда, соғыс шебінде, дала қосында, шақыру тірегінде, фермада, цехтарда т.б.) өнер көрсетуге бейім болды. Қазақстан жағдайында көркемөнерпаздардың міндетті қызмет формасына жаралы жауынгерлер үшін дайындаған концерттік бағдарламаларын қосуға болады. Әннің құдіреті, оның жан-дүниесін әсерлендіріп, адамды сәулелі өмірге өршелендіретін, тебірентіп толғандыратын сыйқырлы әндер көп болды. Сондықтан да, әсем ән, жаралы жауынгерлердің көңіл серігіне айналды. Лирикалық толғаныс пен сезімдерге толы жан сүйсіндірер халық әндерімен кеңес композиторларының әндері жаралыларға шуақ әкеліп, қуанышты сәттер құшағына бөлеп, тән жаралыларының жазылуларына септігін тигізді. 


Соғыс жылдарында ерлік пен қайсарлық, махаббат пен үміт, бейбіт еңбек пен тұрмыс тағдыры т.с.с. нәзік те сыршыл, асқақ өлеңдерге жазылған кең дүниені тербететін де, тебірентетін де бүкіл халықтық сүйіспеншілікке бөленген сазды әндер көркемөнерпаздар репертуарының көркемдік құнын жоғарылатып, идеялық ұстанымын бекіте түседі, оның берік қорын қалайды. Уақыт талабы көркемөнерпаздардың үнемі ізденіс, қауырт қимыл, жауапкершілік пен саналы әрекет үстінде болуын талап еткен. Лирикалық сезімге толы отан, туған жер, сағыныш туралы, ерлік тақырыбына арналған әндер, күйлер, көркем сөздер, концерттердің тақырыптарының аясын кеңейтіп, көркемдік ажарын аша түскен. Соғыс жағдайы көркемөнер жанрына да өзгеріс енгізді. Хор оркестрлары, әдеби музыкалы монтаждардың орнына жеке қос дауыста орындаушылар, камералы музыкалы топтар, үгіт бригадалары кеңінен орын алды. Драма үйірмелері кейіпкерлер саны үш-төрттен аспайтын бір актілі пьесалар қоятын болған. Мысалы, «Найзағай», «Ант», «Дабыл» қойылымдары колхоз, совхоз драма үйірмелерінен берік орын алды. Өйткені, олар қызыл әскерлер мен партизандардың ерлігін шынайы тұрғыдан көрсеткен туындылар болған. Кейбір драма үйірмелері К.Симоновтың «Орыс адамдары», С.Мұқановтың «Жеңіс әні», М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясы» сияқты шығармаларын да сахналаған.
«Барлығы – жеңіс үшін, барлығы – майдан үшін» деп басталған бүкіл халықтық патриоттық қозғалысқа Қазақстан көркем­өнерпаздары да лайықты өз үлестерін қосты. Көркемөнерпаздар әртүрлі ақылы концерттік бағдарламаларда түскен қаржыдан қорғаныс қорына, майдандағы жауынгерлердің ауыр жағдайда қалған отбасыларына, балаларына көмек қорына аударып отырды. Мысалы, «Қарағанды көмір» тресінің өнерпаздары соғыстың алғашқы айларында тоғыз концерт ұйымдастырып, одан түскен қаражатты қорғаныс қорына аударып отырды. Патриоттық қозғалыстарға бұқаралық-үгіт бригадаларына жұмысына қазақ халқының белгілі ақын-өнерпаздары да аянбай еңбек етті. Әйгілі күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов жасының егде тартқанына қарамастан көркемдік үгіт бригадасының жетекшісі ретінде ел аралап өнер көрсетеді. Содан түскен қаражатқа ұшақ құрастырып, майданға жібереді. Қажымұқан ұшағы атанған ұшақпен қазақ ұшқышы Қожай Шалабаев бір жүз жиырма рет әуе шабуылына қатысып Берлинге дейін жетіп елге аман-сау оралады. Халық ақыны Нұрпейіс Байғанин өз өнерімен бір айда елу бас ірі мал, он екі мың сом ақша, бір жүз елу жылы киім жинап, қорғаныс қорына аударады. Еңбекшілердің демалыс уақытында да тамаша ән сазы мен көңіл серік болған бүкіл республика жұртшылығына белгілі ақын, жезтаңдай әнші, сазгер Нар­тай Бекежанов бастаған көркемөнерпаздар бригадасының аты тек сыр өңіріне ғана емес республикаға танымал болды. Ән, терме, толғау, жыр орындау өнерінің асқақ шебері Нартай Бекежанов әншілік сазгерлік өнерге мүлде ұқсамайтын жыр орындаудың жаңа бір мектебін қалыптастырушы дара тұлға бола білді. Нартай мен оның шәкірттері - әріптес өнерпаздары орындайтын Нартай әндері ішкі иірім-қайырымы, ырғағы мен екпіні, бет алысы, шарықтауы, тұйықталуы қасиетімен тыңдаушыларын ерекше сезімге, көңіл-күйге бөлейтін болған. Тыл еңбеккерлеріне көркемдік мәдени қызмет көрсетуде Орынбай Тайманов (Шымкент облысы), Шашубай Қошқарбаев (Балқаш), Әбдіғали Сариев, Қуат Терібаев (Алматы облысы), Кенен Әзірбаев (Жамбыл облысы), Доскей Әлімбаев (Ақмола облысы) т.б. өнер тарландары белсене араласып атсалысты.
Қиын-қыстау жағдайға қарамастан көркемөнер үйірмелерінің концерттік қойылымының үгіттік-көркемдік бригадалармен жылжымалы театрлар қойылымдарының сан жағынан өсуіне, ал, мұның өзі үйірмелердің көбеюіне объективті жағдай туғызды. Екінші жағынан көркемөнердің жұмысына Қазақстан жеріне жиырма үш театрмен өнер мекемелері қызметкерлерінің тәжірибелік көмегі де орасан зор болды. Нәтижесінде 1942 жылдың қаңтар айында республика бойынша екі мың көркемөнер үйірмесі болған болса, 1943 жылы төрт мың, 1945 жылы тоғыз мыңға жетті. Соғыстың екі жарым жылында госпиталь, шақыру тілектері, тыл әскерлері алдында Қазақстандық өнерпаздар жиырма мыңнан астам концерттер, спектакльдік қойылымдар көрсетті. 

Л. Аманқұлова,
Абай атындағы  Қазақ ұлттық 
педагогикалық университетінің
 Мәдениеттану мамандығының 
1 курс магистранты 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Омаров Е.О. Көркемөнерпаздардың шығармашылық тарихы. – Алматы, 1994. 108 бет.
2. Сапарова Ю.А. Қазақстандағы көркемөнер шығармашылығын қалыптастыру негіздері. Астана, 2006. 
3. Камалова Н.К. Клуб бірлестіктері. Алматы, 1993. 19 бет.
4. Сапарова Ю.А. Становление и развитие художественного самодеятельности в Казахстане. ІІІ Учебно-методическое пособие, 1994. 116 стр. 

418 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз