• Заманхат
  • 13 Қаңтар, 2015

ҰСТЫНДАР

Аян НЫСАНАЛИН,
ақын

Қаздай қалқып ерінбей,    
Өлең тердім жасымнан.
Майлықожа, Құлыншақ
Пірім еді бас ұрған!
            Жамбыл


Мәделі, Майлықожа, Майкөт ақын,
Шығарған өнерімен жұртқа даңқын.
            Кенен
Көтеншіде Құлыншақ,
Өлең сөздің ұстасы.
Майлықожа, Мәделі –
Бұлар оның тұстасы.
            Бұдабай    

Бір кезде біздің ауыл шетінде оты ұзақ өшпей, өзіне бір тылсым күшпен тартып тұратын дүкен болатын. Ұста Темірші ата (біз солай дейтінбіз) қып-қызыл шоқтай қызған темірді үлкен балғамен иіп, қышқашпен қысып, қамырдай илеп, қалыпқа салып, әлдебір қат қажетті бөлшектерді жасай беретін еді. Біз, балалар әуестеніп анда-санда сонда тоқайласып, толағай дәремет даритындай дәу балғаға таласып, кезек күтіп, сол қызықты айналшықтап,  күн батқанын да байқамай қалатынбыз. Көрік гуілдеп соққанда ұшқындар жан-жаққа шашырап, бәріне жан бітіп, төрде құндақтаулы қоңыр домбыраға назар түсе бермейді екен. Бір күні Темірші ата таңқалдырып, қауырт жұмысын ысырып тастап, үсті-басын қағып мұнтаздай етіп, қолына домбыра алып, тыңқылдатып біраз отырды да құлақ күйін келтіріп, салалы саусақтарымен (қандай нәзік!) пернелерді басып құйғыта жөнелді. Нөсер құйды ма, жасын жарқылдады ма, дауыл тұрып, құйын құтырып, жын-ойнақ салды ма, әйтеуір, тып-тыныш жатқан жан айдыны астан-кестең болды да кетті. Ол бір дәуренде дүкен-ұстахана мектеп болғанын аңғармаппыз. Оның іші нұрға толып, айнала сыйқыр әуен төккендей бір құдіретті күй биледі. Шіркін!.. Сол сәттердегі сағынышты саз құлағымнан кетпейді әлі. Ол Қара аспан Қаратаудан асып сыпыра  соғатын Арыстанды-Қарабастың құйты желімен жеткендей ызыңдайды. Бұны балдәурен құшағында жүріп онша ескермеген екенмін.  Мен енді күй іздеп жүрмін. «Қалипа – Қалыш»!.. Ол Жетісу күйлерінің жампозы Байсерке Қылышұлының (1841-1906 жж.) ұлттық кітапханада мен тыңдаған туындысы емес. Біртүрлі еді. Әуен әлемі қол жеткізбей ынтықтырып бірте-берте биіктеп барады. Есіргенді де елең еткізетін Қалипа сұлу кім? Қалыш ше?
...Шымкент шаһарынан Бөріжарға қарай шыға беріс бұрылыста Ақбұлақ ауылы бар. Көне көздердің айтуынша осындағы ескі қорымда Майлықожа мен Мәделіқожа ескерусіз мәңгі тыныс­тап жатыр. Ақыл, парасат, ұлы ұғым ұстындары! Олар бір-бірімен араларында қыл өтпестей рухи қос, жекжат. Жетпістің желкесіне мініп, төсек тартып жатқанда нағашысының көңілін сұрай келіп, жиені бар өмірбаянын қамтып жыр төгіпті (Қалқожаұлы Жүсіпқожаның қолжазбасынан) деседі:
Ассалаумалейкүм,
Мәделі батыр ағамыз!
Жаудың оғы өтпеген.
Ақсауыт алтын жағамыз.
Кесел жеңіп, аздың ер
Қозғала алмай дәнәңіз...
Ағыбаймен найзаң тіресті...
Қараша болған хан елеп
Қалыңмалсыз қыз беріп,
Қалаған күйеу Сіз болып
Жақсы тілек тілесті...
Атасы Абылай, Қасым хан
Аруағы жұртқа басым хан
Тегін тиді Қалипа
Қалыңмалсыз қасыңнан
Хандардың қызы ілесті.
...Оқ жетпес қызыл ат мініп,
Дауылпаз дабыл қақтырып,
Екі қосын адаммен
Таңырқатып дақ қылып.
Басыңды салып қатерге
Бір ауыз байлам айтарға
Жан ұзырың тәрк қылып.
Тәніңе сауыт жапсырып,
Тәңіріне жанды тапсырып,
Өлімді ойға келтірмей
Жүрегің тасып мас қылып.
Тайдырмады Құдайым
Талабыңды пәс қылып...
Ескі жолбарыс сен едің
Ен қайратқа кең едің.
Естен қалып барасың
Ыңыранып қалдың мұңлы боп,
Жалығыпсың тірлік базарға
Жаныңды салған азарға
Дүниені алмай назарға.
Иманды ердің талабы
Өмірдің қысқа танабы.
Ақырет кетсең аман бол,
Өмір болса әлі де
Қор қылмай, Алла, пана бер.
Сағынып келдім, батыр аға,
Аман-есен бармысыз?
Көзсіз батырлығымен қоса ірі ақын Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы (1816-1888 жж.) өлең өлкесіне халық жанына терең ұя салған жыраулық дәстүрді одан әрі дамытып, еркін шықты. Ол «Басында қатыра судан болдық пайда» дейтін толғауында адам баласы өмірінің кезең-кезеңдерін әр жасқа тоқталып сұңғылықпен суреттейді: 
Бір күні бәйтеректей бесің келді,
Ойнадық балалармен қыр басында.
Көңілге түйіп көрген-білгендерді
Айналдық ата-анамен сырласуда.
Қарны ашып қарағымның қала ма деп,
Баланың ата қамқор шаруасында.
Бала үшін бауырын езген ата-анаға
Демеу боп тұралық та біз қасында.
Дүние бұл бір керуенсарай екен,
Не жетсін, шамаң келсе сыйласуға.
Кезекпен келтіріпті күн көрсін деп
Ұқсатып адамзаттың  тұлғасына.
Қарызын ата-анаңның өтеу парыз
Адам боп жаралғасын туу басында...
Жиырма алты мен отыздың аралығын
Орда бұзар жас дейді халқым енді-ай.
Отбасы емес, жалпы елдің 
            қамын жесең
Соңыңнан дос-жаран боп халқың 
                  ерді-ай.
Отбасы, ошақ қасы қалып қойсаң
«Атадан жасық туған жалқы»деді-ай.
Отыз асып, отыз бес барғаннан соң
Бір нәрсе ұят деген қайшы келді-ай.
Көңіл – гүл, тіл – бір бұлбұл, 
             нәпсі – бөрі,
Сабыр – алтын, ақыл – білгір 
            қойшы деді-ай.
Шабыт деген шүу асауға құрық салар алдында Мәделі ата-бабаның мол дәулеті арқасында ат мініп жер, ас беріп ел таныды. Үлкен той-томалаққа бағын сынап, Шығыс шайырларынан үйреніп, өлеңді ауызша да, жазбаша да шығарып, айтысқа түсті. «Мәделінің өз тегі сияқты нағашысы Шанашар руының білікті шешені Қызыл би болса, қайын жұрты да атақты Абылайхан әулеті екен. Әйелі Кенесарының қарындасы – Қалипа, – дейді зерттеуші Сабыр Қазыбайұлы «ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті (жыраулар поэзиясы) атты (2004 жылы) Ақтөбеде шыққан кітабында. – Мәделіден бізге жеткен әдеби мұра 1500 жолдай (?) екен... Ал, «Бес ғасыр жырлайды» (І том, 262-264 бет) Орынбай ақынға теліп қойған «Болыстыққа бір жан жоқ талас емес» деген өлең де Мәделіқожанікі екені даусыз». 
Алдыңғы ғасыр басында Ресей отар­лағанша түгел Түркістан өлкесін елу  жылдан аса Сырдан бастап, Жетісуды қаптап Қоқан хандығы билеп-төстеді. Тепкіге түсіп, бұлқынғандарды әртүрлі айла-тәсілмен бұқтырып отырды. Елдің беделді адамдарын алдаусыратып шақырып көзін жоюға тырысты. Қаратау Теріскейіндегі Шоқай мен Күнгейдегі Асқарды үзеңгісіне у жағып өлтірсе, Байзақ датқа мен оның баласы Ақмолданы зеңбірек оқпанына сыртында таңып, жазым етіп жазалады. Зекет пен пітірді күштеп көбейтті. Қыз салығын салды. Бұларға шыдамаған қазақтар дүркін-дүркін ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. 
Менің тағаларым Сапақ  датқа (Әжем 1856 жылы туған Қатшаның әкесі) мен Мұсабек батыр бар бір топ адам Қоқан ханы­ның Шымкенттегі қолжаулығы қалабасы  Мырзабиді қосып, қырықшақты басқақтарды құртып жібереді. Ішінде ақыл қоспай аса белсенділік көрсеткен Мәделіқожа бар. Оны ақынның өзі де бір өлеңінде  айтып кетеді:
Ақбұлақтың басында,
Қарабастау қасында,
Үш елдің ері бас қосып,
Үкімін айтқан халыққа ұнап.
Қоқанның бейбас бектері.
Жәпек бидің үйінде,
Қымызға тойып балқып ап,
Қазы менен қарта жеп,
Отырған кезде шалқып-ақ,
«Асқанға – тосқан» осы деп
Бектердің басын кескенбіз,
Шариғаттың шарты ұнап.
Жоқ. Жоқты табады. Жүз беске келіп, бес күн жалғаннан жұлдыз болып бақи­лыққа аттанған әжем жарықтық (кімдікі екенін қайдам) өлеңнің екі жолын аракідік құлаққа құятын: 
Өлтіріп Мырзабидің өтін алып,
Қолымның ет асадым қаныменен.
Бұның арты үлкен дауға ұласып, құн төлеп құтылып, М.Жүсіпқожаұлы 1858 жылы  Бұқарға жер аударылады. Майлықожаның нағашысын қағытып: «Алпыс үйлі қожаға құн төлетіп, зор болмадың Мәделі сор боп тудың» дейтіні содан. Ел-жұрттың сұсынан сескеніп хан да Мәделіге қатаң жаза қолдануға қаймығады.
Айт десең айтып берейін,
Ақ шындықты сөйлеуден
Тіл менен жағым талмағай,
Жазықсыз елді жазғырма,
Айыптың тұр алдыңда:
Мырзабиді өлтірген,
Басын кесіп алмадай.
Кешсең кеш, кессең, міне, бас,
Шариғат жолын сара дер,
Даңғыл жатқан сарлап-ай, – дейді батыр, ақын дұшпан алдында қасқайып. Туған топырақпен қоштасу оңай ма? Мәделі Жүсіпқожаұлы да көкжиекке көзі боталай қарап, басынан кембағал күйді өткерді.
Аман бол, Бөгенім мен Шаяным-ай,
Тоқтайтын ұқсамайды баяным-ай.
Байырқұмның сыртында құс салатын,
Аман бол қырғауыл мен қояным-ай.
Қайырып қаршығаны салған жерім,
Қырғауыл мен қоянын алған жерім.
Аман бол қызыл қоңырау шеңгелдерім,
Шалбарсызды қылушы ең өрім-өрім.
Аман бол тоғайдағы тораңғы тал,
Ішінде бүлдірген мен жидең де бар.
Қаршығам қоян қуған ар жаққа өтсе,
Желқайықтан жақсы еді ысқадан сал.
Аман бол тоғайдағы қамыс, мия,
Құмартып аралаушы ем жылқы жия.
Енді сен де аман бол оман дария,
Бізге жайлау болмады-ау, сұңқарға ұя.
Аралға ақ батпауық жарасушы ең,
Күштілікке арпамен таласушы ең.
Арықты жаздай мінген қоя берсе,
Беруге аттың майын қарасушы ең.
Бөрі ойнақ жылқы малға жағушы еді,
Сол жерден жоқшы малын табушы еді.
Арықты алты ай мінген қоя берсе,
Аптада қабырғасын жабушы еді.
Қосқудың жайлаушы едік, қыстаушы едік,
Камшаттан пешпент, бөрік 
                                       тыстаушы едік.
Арықты қыстай мінген қоя беріп, 
Бір айда құр аттай ғып ұстаушы едік.
Әрине, олардың ақын-жыраулық жолдары тақтайдай тегіс болған жоқ. Кедір-бұдыр кедергілерге тап болып, өмір өткелдері мен өткелдерінен өтті. Күрделі кезеңде Қоқан хандығының құлдығынан құтыла берейін дегенде орыс отаршыларының озбырлығына кезігіп, қанды қамыт киді. Аума-төкпе уақыт үніне жіті ден қойған дала мен дәуір перзенттері шығыс пен батыс арасында адасып қайта түпқазығын тапты, қал-қадірінше  сөз өнерін жоғарғы деңгейге жеткізді. Өзінше өрілген өлең өкілдерінен бұдан артықты күтудің керегі қажетсіз еді. Зар заман ақындарына тән сарыуайымшылдық сарыны бұлар шығармашылығында ішінара көрініс бергенмен өршілдік пен күрескерлік отын үрледі. 
Біздің халықта бажалар мен балдыздар, нағашы мен жиен, жеңгесі мен қайнысы, тетелестер өзара сөз сайыстырып, жарастықты әзілмен қалжындасса еш ерсілігі болмайтындай. Майлықожа  мен Мәделі арасындағы қақтығысу кездейсоқ емес. Бір-бірін көптен бері білетін кісілер күмілжімей зілсіз  күлкіге кептелдіріп, еріксіз езу жиғызады. Уытты уәж, астыртын астар, оқыс ой, шартта-шұрт шумақтар шымбайға батырып, сезімді шабақтайтындай ширықтырады. Көңілге кейіс көлеңке түсіріп, тудырмайды.
Мәделіқожа айтады:
Майлы ақын, қолыңдағы домбыра ма?
Жөндеп айт өлеңіңді болбырама.
Аулақ жайға апарып сындырсаңшы,
Адамды бұл қу ағаш оңдыра ма?
Майлықожа төтеннен тиіскенге саспай, әріптесін түйреп тәлім тигізгісі келеді:
Еш пенде дүниеге болмас тұтқа,
Ерден дәулет қашарда көшер жұртқа,
Ілгеріден қап жүрген нақыл сөз бар:
«Арты ашылған күледі жалаң бұтқа».
Мәделі қожа бұған қыңса ақын бол ма? Ол да ұстаса кетеді:
Ақын Майлы, сен не ғып 
            бойлап жүрсің?
Қолға алып домбыраңды ойнап жүрсің.
Байы өлген қатындармен жоқтау                 жоқтап, 
Сендағы өз пайдаңды ойлап жүрсің.
Атыңды қамшылайсың желсе екен деп,
Дүниені шақырасың келсе екен деп.
Мысықтай ақын Майлы тілеуің бар,
Тілейсің малды адамды өлсе екен деп.
Жоқтайсың неге жоқтау?
Басың аман,
Көре алмас жорғалыны аты шабан.
Жоқтауды мен сен ғұрлы білмес пе едім?
Сендерден біздің нәпсі болса жаман.
Айтылған сөз – атылған оқ. Бұл жеңіл,  ырғасу айтысудың үздік үлгісі демесек те, ой төркіні жәй екеуара салғыласуға, бәдіктікке ұрындырып, өнер өміршеңдігін мансұқ етіп, оның таза жарқын жаратылысына күмәнмен қарауға жатпайтынына сайғызады. Талай жиын-тойда әккіленіп, тіс қағып қалған Майлықожа әуелі тосырқағанмен кейіннен соған да зар болып,  томсырайған молаға, тап болғанда аяныш күйігі мен өкінішін өксікпен жан сырын ақтарады:
Сағындым-ау, Мәделі, кеңесіңді,
Бір кеткен соң білгеммін келмесіңді.
Жан беттеп алдыңызда тұра алмаған,
Үлектей ғып созғанда өңешіңді.
ХІХ ғасырдағы қадау-қадау қоғамдық-әлеуметтік келелі мәселелерді қозғай отырып, олар Мәделі мен Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898 жж.) төңірегіне Мұсабек, Құлыншақ, Шәді және басқа жыр жұлдыздарын топтастырып, тек қазыналы Қаратау атырабында ғана емес, арнайы мектеп қалыптастыруға зор күш жұмсады. Майлықожаның өз балалары Жолбарыс, Асан, Исабек  те әке жолын қуып, өмір мен өнер керуеніне ілесіп, ел ішінде әжептәуір атағы бар ақын атанып, жырдарияның ащылы-тәттілі дәмін татты. Кітаби шайырлар шоғырын көбейтпей, ауыз және жазба әдебиеттер арасына алтын көпір болып, поэзия жалауын жоғары көтерді.

306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз