• Заманхат
  • 13 Қаңтар, 2015

ЖҮЗИЗМ

Секен ДОРЖЕНОВ,
саясаттанушы

«Біреуге, тіптен, екі туып бір қалғаның болса да, шектен тыс жәрдем беруге әрекет ету қоғамның негізін аңдаусыз қопарып тастау».
Теодор Драйзе.

Рушылдықтың, тайпашылдықтың ғылымдағы қалыптасқан аты – трайбализм екені көпке мәлім. Бірақ, қазақ арасындағы айрықша кеңес өкіметінің кезінде өте үдеп кеткен жүзге, руға бө­лінушілік трайбализмге келмейді. Ол да бірталайымызға белгілі. Ал, енді, біз­дегі жүзшілдіктен туған қауіп жұқалап айтқанның өзінде бірталай. Большевизмнен бүкіл адамзат сақтанып отырса, исі қазақ рушылдықтан сақтанатын жөні бар-ау деймін. Себебі, жүзшілдік жер бетіндегі 10 миллион қазаққа орны толмас ауыр опат әкелуі ықтимал дегенді жазушылар да, ғалымдар да, журналистер де жазып жүр. Осы жәйтті еске алған болу керек, Президентіміз: «егер біздің жерімізді орыстар, украиндар, немістер басқа да туысқан халықтардың өкілдері тастап кетер болса, сол сағатта өз ішімізде жанжалдың бұрқ ете қалатыны сөзсіз» депті («Егемен Қазақстан», 1994, қазанның 25). Ленинизмнен бас тартқанымыз сияқты рушылдықтың «теориясынан» да практикасынан да жаппай жиіркенбесек, тіптен, қашпасақ басқа амал қалмады-ау, осы...


50 жылдардың аяғынан ғой деймін, жүз ру мәселелері жақсы-ақ көтеріліп (негізінен шежіре тарихты білу үшін керек) тегін білмейтін тексіздердің де көбейіп кеткендігінен де, оның түбі зиянды боларын түсіндіру үшін, айрықша 1991 жылдан бастап, мұндай ұлттық қасиетімізді еске түсіріп, бұдап әрі біле жүру үшін бірталай нәрселерді бітіріп-ақ тастадық. Бұл нәрседен этникалық сауатымыз, біліміміз жоғарыламаса төмендеген жоқ, Айрықша егемендік алған соң, бәленнің, түгеннің шежіресі, оныкі дұрыс, мұныкі бұрыс, деген заңды пікір таласушылықтар да басталып, жалғасып та жатыр. «Жетер, тоқтатайық!» деу ғылым үшін қиянат та болса керек. Сондықтан, шежірелік зерттеулерді жалғастыра берудің еліміз үшін зияны жоқ-ты. Бірақ, зиялылардың бірталайы, оның ішінде көптеген бастықтар қауымы одан қандай қорытынды шығарып жүр? Көбінше негативті, оның жарамсыздығы сонша­лықты ұлтымыздың, өзіміздің астымыздан өзіміз апан-құз қазғандаймыз да және де бұл қауіпті сезбей, айтпай, жазбай жүрген де жеріміз жоқ (Бұл жө­нінде толығырақ қараңыз: Сейдахмет Құттықадам. Рулық сана және қазіргі заман, «Ақиқат» 1994 №1, Қанағат Жукеш. Рушылдық-қатерлі дерт, «Қазақ әдебиеті», 1995, шілденің 18-і т.б.). Жүзге, руға бөліну, жөнінде жазған авторларды, шығарылған мақалалардың аттарының тізімін қағазға түсірсек, кәдімгідей бір библиографиялық еңбек те болатын сияқты. Сондықтан, оларды шұбыртудың қажеті ша­малы болар. Радио, теледидар арқылы да аз айтылып жүрген жоқ. «Тегінда күні кеше Ордабасыда өткен ұлы жиыннан кейін осы әңгімені (жүзге, руға бөлуді — С. Д.) тым қазбалай берудің өзі ыңғайсыз» («Егемен Қазақстан» 1993, қазанның 25-і) – деп билік тұтқаларын ұстап жүргендер ескертіп-ақ жатыр. «Бөлу, бөліну» жоғалған күні әлбетте, сөз де жоғалады. Әзірінше, Ордабасыға бір емес, он жолы жиналсақ та, «Қомақты өзгеріс бола қалды» деу ертерек сияқты.
Сөз етіліп отырған «бөлінушілік» нені бүлдіріп бара жатыр? Біріншіден, кадр таңдау мен тағайындауда. Негізінен осының зардабынан (басқа да себептерін ұмытып отырған жоқпын) дүниежүзіндегі көлемі жағынан бірталай үлкен де, оның астында өмірге, тұрмысқа керекті нәрселер бойынша да бүкіл Европа құрлығындағы байлық, жатса да (басқа ұлттар бөлінбеудің арқасында қай жерге жеткенін, нақты көріп отырсақ та) көп мәндегі сорлылықтан шыға алмай отырған жоқпыз ба? Ұлы адамзат көшінен басқа ТМД-дағылар  75 жылға, Шығыс Европаның бұрынғы социалистік мемлекеттері 45-50 жылға ғана кейін қалса, біз 100 жылға қалдық па деймін... Қазақстан, қазақтар қандай да болсын, кері кетушіліктің бар түрінен КСРО да бірінші орынға шықпайтын ба едік? Бұл жәйт өмірден орын алмаса КСРО-ның құрамынан шыққан мемлекеттер ғана емес, басқа алыс шетелдердің баспасөздері де қазақтың жүзге, руға «бөлінетіндігін» оншалықты жаза қоймас па еді. Қашанда шөптің басы жел тұрмаса қозғалмайды ғой. Екіншіден, неше түрлі атақ, наградалар беруде. Олай дейтінім: не бір атақ, дәрежеге лайық келмейтін-ақ адамдарымыз, олардың иегерлері болып жүрген жоқ па? Тәуелсіздікке қол жеткен бес жылдың ішінде біріміздің етімізді біріміз жеу жағынан ТМД-дағы тағы да бірінші орынға шыққандаймыз. Тарих үшін шындықты ашу, жазу керек. Оны біз істемесек те кейінгі ұрпақтар бәрібір жасайды, сондықтан, кезіндегі сатқындықтарды, көре алмаушылықтан туған жәйттерді жылы жауып қоюдың қажеті жоқ. Үшіншіден, жұп «мүшелді» жылдарға байланысты салтанатты тойларды өткізудегі жиіркенішті алалаушылықтар, мысалы, тойды өткізіп жатқанның екеуі де халық артисі немесе халық жазушысы делік, бірақ, біреуінікі ханның баласынікіндей, екіншісінікі, жетім қыздыкіндей. Біріншісіне, шетелдік жеңіл машинаға дейін беріледі, екіншісіне кілемнің берілу-берілмеуі неғайбыл. Басқа кәкір-шүкірлерді қозғамай-ақ қояйық... Төртіншіден, өткен-кеткен перзенттерімізді айтып жазуда, әйгілеуде, тарихта қалдыру үшін оларға ескерткіштер орнатуда, көше, ауыл, селолардың, мектептердің, аттарын берудегі қиғаштықтар, әділетсіздіктер. Ондай аттар соншалықты лайықты келмесе де, не әділетсіз берілсе де қанша жыл, тіптен, бірер ғасыр өтсе де ол есімдердің алынып қалатындығын көзіміз көріп отырған жоқ па? Сондықтан, қолдағы уақытша билікті пайдаланып, «өз жүзімнің адамы екен!» – деп, мұндай іске неге барамыз? Бесіншіден, тарихымыздағы еліміз жаппай сүйген хан, би, батырларымызды ана жүздікі деп, мына жүздікі деп «көкпарға» салу. Әзірінше, Абайға тиген жоқпыз, бірақ, атамыздан неше түрлі «кемшіліктер» іздеу әрекетінде жүзшілдіктің де лебі бар емес пе деген күдік келеді. Келешекте Әл-Фарабиді де додаға түсіретін шығармыз, себебі, оңтүстіктің топырағында дүниеге келгендіктен, бүкіл казаққа емес, бір жүзге ғана тиісті болмай ма? (Әл-Фараби бабамыздың кезінде қазақ елі болып қалыптаспағанымыз, үш жүзге бөлінбегеніміз, тарихқа «түзетулер»  енгізіп жүрген қай данышпанның есінде болар дейсің?!). Осы айтылғандардың өзінен-ақ (айта берсе әлі көп нәрсе бар),  қазақ не ұтады?
...Тереңірек, жан-жақтырақ ойлансақ, бұрын-соңды қателіктерді жіберуімізге негізгі себеп бәріміздің де Пенде болғанымыз емес пе? Уағында алданғанымыз, атақ-даңққа ұмтылып, оған тоймағандығымыз, кезіндегі жастығымыз бен мастығымыз ең пәлесі – таптық саяси сеніміміз, соған байланысты үстемдік еткен, жан-ділімізді жайлаған, дүниеде ешбір болмаған улы идеологияның талабынан ешбір шыға алмай қалғандығымыз. Осы айтылғандарға душар болып отырған тірі жүрген ағаларымызды ішкі ар-ұяттары жан азабына салмайды деп, ешкім айта алмаса керек-ті.
Кезінде 17 миллионнан астам халқы болған Германия Демократиялық Республикасының 6 миллионнан астам кісісі жансыздар болған екен. Боль­шевиктік құпияның бірталайы ашыл­ғаннан кейін, ол регионда «сөз тасушыларды» нағыз үлкен үрей басқан көрінеді, ал, олардың балалары, немере-шөберелеріне де ол оңай тие ме? Бұл дегеніңіз бүкіл Германия мемлекеті үшін ауыр нәрсе екенін түсінген бүгінгі немістер: «кезінде мәлімет берушілер, айыбын мойындаса» кешіргеніміз дұрыс деп жатқан көрінеді. Мұның аты да өркениеттілік болса керек. Сөз етіліп отырған жәйтті кешіргісі келмеген оппонентеріме: «кезінде жазғанымыздың, іс-қимылымыздың неше түрлі шаруамыздың барлығына 50-60 жылдан кейін мүлдем басқаша баға берілетіндігін, кім біліпті?» – деген сұрақ қойғым келеді. Рас, білгендер елі үшін басын ажалға байлап кете берді. Сол себепті де, олар халқымыздың даналары ғана емес қаһармандары да, (Тек батырлардан ғана тұратын ел-жұрт болмаса керек-ті). Олар ұлтымыздың мақтанышы, бетке ұстары, қаймағы, еш қайталанбас біртуар ұлдары, жер бетінде қазақ тұрғанда мәңгі өшпейтін, есімдеріне қанша әрекет жасағанымен кір, көлеңке түспейтін көзсіз ержүрек перзенттері. Олардан қалып тірі жүргендердің бәрі, кеңес өкіметін қарғыс атып ұрып жығатынын білген болса, түгел дерлік жай ғана адам емес, пайғамбар болмайтын ба еді?
КСРО ыдырамағанда дәл қазіргідей бәріміз бірдей ойлана алатын ба едік? Айта, жаза алатын ба едік? Сондықтан, бүгінгі таңдағы өмірімізге кедергі болған проблемаларға көңілді көбірек бұрсақ, еліміз үшін сол тиімді болмай ма? Қанша іздесек те, ұрандасақ та, бір-бірімізді қайрап сын айтып, тіптен, ұрыссақ та, жыласақ та таба алмай жүрген, ыдырап кеткен, жыртық-тесік, болмаса, шіруге де айналған бауырмалшылық, ағайыншылдық, туысқандық, қандастық... үшін өткен кеткен жәйттерді ең болмаса қиын-қыстау кезеңнен өтіп алғанша азайтсақ, не доғара тұрсақ қайтеді?
Еліміздің арасынан жиі кездесе беретін сауысқандық – сайып келгенде артта қалғандықтың, әлі де болса надандықтың бірден-бір көрсеткіші ме деймін. Оны басқа ұлт, ұлыс өкілдері бетімізге басса, мойындағымыз келмейді-ақ. Олардың кейбіреулері: «біз кетіп қалсақ, өздеріңше тыныш егеменді ел болып өмір сүре алмайсыңдар!» – дегенді орынсыз, әділетсіз айтады дейін десем, лауазымды адамдарымыздың іс-әрекет, ой-өресіне қарасақ, амалсыз келісесің. Апырау, сонда қазақ елінің бұрын басқа ұлттарсыз, ұлыстарсыз өзінше мемлекет құрғаны, қазіргі ұлан-байтақ жерімізді сан алуан жаулардан аман алып қалғаны, тіптен, бұрыннан ұлт болып қалыптасқаны... бәрі өтірік болғаны ма? Осы мәселелердің айналасындағы Ресейдің ХҮІІІ ғасырдан бергі шовинистері мен кейінгі большевиктерінің жетер жеріне жеткізген қазақтар жөніндегі тарихи «жаңалықтары» ешбір бұлтартуға келмейтін ақиқат болғаны ма? Әр түрлі себептермен (негізінен әлеуметтік) кетіп жатқан көптеген халықтардың өкілдеріне: «айналайындар, тарихи отандарыңа, кете көрмеңдер!» – деп күндіз-түні жылап еңіресек те тыңдамаса не болдық? Сондықтан, ел аман жұрт тынышта, ақ патшаның «рақымымен» қазақтарға бөлініп берілген резервациялардың да әлі де тәуірлеу деген бұрышынан пана іздемейміз бе? – деген сұрақ кімнің ойына болса да келсе керек. Тағы бір айта кететін жәйт, жүзге бөлінбейікші, ру сұраспайықшы деп: «қазақ жөн сұраса қалса, қарын бөле шығады» деген мәтелді «күлкіге» айналдырып жүрміз. Осымыз дұрыс па? Мәтелді теріс түсініп жүрген жоқпыз ба? «Қарын бөле шығудың көпшілік әмісе байқай бермейтін терең тамыры бар сияқты. Оның негізінде, түбінде – бауырмалдылық, туыстық, ағайындық деген, не қандай жағдай болса да, бұл үшеуіне нұсқан келтірмейтін, матасып жатқан «бөлуге» ешбір болмайтын, біртұтастық күшті де, ұлы да сезім жатқан жоқ па?
Ер жігіттің ғана емес (қазақтың қызының да) үш жұрты боларын бесікте жатқан қазақ, өз шешесін емген қазақ, өнегелі отбасының тәрбиесін көрген қазақ... білсе керек. Дегенмен де, мұның мәнісін бірер сөйлеммен еске салу біздің жағдайда артық емес сияқты; үйге кіріп келген, не жолыққан кісіден жөн сұрау біздің жүздеген жылдардан келе жатқан дәстүріміз. Қазақ болса болды, әйтеуір үш жүздің біреуінен болары белгілі. Соны білген әрбір адамымыз жолаушыдан, қонағынан қай елдің (жүздің, рудын) кісісі екенін, ата-бабасын, жайлауын, қыстауын... сұрайды. Әлбетте, жаугершілік заманда жансыз ба деген қауіптен де шыққан болу керек, қойылған сұрауларға мүдірмей жауап айтса, жаудың тыңшысы емес екеніне көзі жеткен. Бірақ, жөн сұраудың негізгі себебі, жоғарыда айтқанымдай бауырмалдылық (бәріміз ағайынбыз, туыспыз, қандаспыз деп большевиктік насихатқа тым ұқсатып айтып жүрген ұрандаушылық емес), бар қазақ бір кісінің ба­ласы екенін ылғи естен шығармау, оны кішілерге білгізіп отыру, сана-сезімге тастай етіп бекіту. Оған көп нәрсенің керегі де болмаған. Мысалы, жөн сұраушының не әйелі, не нағашысы не өзі кіші жүздің адамы делік. Ал, жолаушы қонақ та кіші жүз болып шықты деп есептейік. Түбіміздің бір екенін ескерсек, жолаушы (қонақ) үй иесінің не қайнысы, не нағашысы, не бауыры болып шықпай ма?! (Осындайда айтылатын, бірлігімізде, ынтымағымызға үлкен нұқсан келтіретін қалжың құрып кетсін!).
Біздің бала кезімізде орыстар, украиндар, немістер: «казахи – все родственники» дегенді айрықша көп айтушы еді. Себебі, ол кезде қазақ болса болды, бір-бірімізге қанымыз қатты бұрып тұратын. Большевизмнің у жайлаған теориясы үстемдік етті де, «бүйрек, қан» дегеннен жұрдай болдық. Неше түрлі «измдерден» қорқып жөн сұраудың түбінде бар қазақ бауыр, ағайын екенімізді жоққа шығарып, тіптен, оны мазаққа, күлкіге айналдырып, ғылыми, көркем әдебиетке де өз қолымызбен енгіздік, театрымыздың сахнасынан жөн сұрасқан қазақты кө­ріп, ішек-сілеміз қатқанша күліп жүрдік (Сонда, күлгеннің орнына еңіреп жыласақшы). Сөйтіп, отырып ақырындап бір-бірімізге деген туысқандық отының сөне бастағанын байқамай да қалдық. Сезсек, бір-бірімізге деген хас қазақтық бауырмалдылығымызға қазіргідей орны толуы қиын нұқсан келмес еді-ау. Сонымен қатар неге екені белгісіз, қай жүздің өкілі екенімізді сана-сезімімізге шегелеп, өз жүзімізді туысқан, ба­уыр санап, қалған екі жүздің баласын Америка «империализмінің» бір емес екі бірдей барлау орталығындай көруге жеттік. «Өзіміздің жігіттер» деген қазақтың қазақ болып жаралғалы, қалыптасқалы ешбір тарихында болмаған неожүзшілдік сопаң етіп шыға келді емес пе? Әй, шіркін-ай, «өзіміздікі» екенін компьютерлі техникадан да асып түсіп, ешбір  жаңылыспай тапқандар,  өздерінің, басқа жақсы қасиеттерін (ұйымдастырғыштық, шешендік, істің көзін тапқыштық т, б.) бүкіл қазақ елінің мүддесіне жұмсағанда қазіргі сасыған балшыққа белшемізден ғана емес, кеңірдегімізден батпайтын ба едік?
Республика көлемінде көзге түсіп жүрген ұл-қыздарымыздың барлығының аты-жөнімен қоса, міндетті түрде жүзін білетін «әмбебап жоғарғы интеллектуалды» кісілерге айналдық. Қай жерденсің деген сұраққа мысалы: «Қостанайдан туып өскенмін, кіші жүзбін!» немесе «Жамбылда туып-өскенмін, бірақ, орта жүзбін!» деу белгілі дәрежеде әдетке айналды. Облысымен жүзі тура келіп жатса, «бірақ» деген сөз жалғау айтылмайды, өзінен-өзі түсінікті. Әлдеқалай регионыңды айтып, жүзің жөнінде үндегің келмесе, бәрібір қоярда қоймай жүріп, бүкіл бір рудың үлкен бөлігі сол жерге бұдан 300 жыл бұрын көшіп барған болса да табады. «Сен ылғи Дулатпын деуші едің, Қоңырат екенсің ғой!» – деп, ары қарай бәрімізге түсінікті қорытынды шығарыла береді. Түк болмаса: «саған не көрінді, еліңді сатып!» – деген де «ұялту» сөзі айтылады. Сондықтан да, «бәледен» аулақ жүру үшін көп адамдар облысын ғана айтып қоймай, міндетті түрде жүзін, былайша айтқанда «тегін қосымшасын» да айтуды шығарды. Осындай «дәстүрдің» нәтижесінде, мысалы, үлы жүзден шыққан атақты біреуді тойлайтын болсақ, көбінше «Сіздің жерлесіңіз, туысқаныңыз!» – деп баяндаманы да ұлы жүздің өкіліне табыстағанға жеттік. 60, 70, 80 жылдық торқалы тойларда да осы бір «керемет» әдет орын алып дамуда десем, онша қателеспеспін. Соның бәрін көріп, сезіп кеше ғана ортамызда  жүрген, халық артистеріміздің бірі   «Қазақ әдебиетінің» бетінде: «бұдан ары ұлы жүзге тек ұлы жүз, орта жүзге орта жүз, кіші жүзге кіші жүз топырақ салатын шығар!» – деп жазғанды. Мұндай мысалдарды ондап, жүздеп емес, мыңдап келтіруге болады. Қозғалып отырған проблеманың ұлтымыз үшін үлкен зияны болмаса, әңгіме етпесек те болар еді. Ең қиыны, жоғарыда айтқанымыздай: кадр таңдау мен тағайындауда, мұндағы қиғаштық қазақ арасында жалғаса берсе, жақын арада емес, жер бетінде үш жүзден үш қазақ қалса да, біздің ел прогресс, цивилизация дегендерді көре алмайтын шығар. Олай болса, елімізді «бөлмедім» деп отырып бөлгендерді, жәй кісі болса «пасық қазақ», бастық болса «сасық қазақ», бұлардың бәрін біріктіріп «қазақтың жаулары» (шошымаңыздар, түрмеге, 20-25 жылға қамалатын не атылатын емес, лағнет айту мағынасында) десек те артық болмайтын сияқты. Себебі, басқа елден болған басшылар (Голошекиннен басқасы) қаншалықты зорлық-зомбылық, әділетсіздік жасаса да өз перзенттерімізді жүзге «бөлгеніндей» зиян келтірмесе керек. Қозғалып отырған мәселенің өзі «білінбей» отырып, кейбір жерде белгілі дәрежеде «көрінбейтін» саясатқа да айналғандай. Француздың дипломаты Талейран: «саясаттағы ақылсыздық қылмыстан да қауіпті» деген ғой, Олай болса, жүзге бөлуді қоздырып, жандандырып әкеліп, тіптен, XX ғасырдың аяғында да, неожүзшілдік отауларын тіккендер тірі болса ешбір жақсылық көрмесін, өлі болса көрінде өкірсін!
Айтпақшыдай, кейбір ауылды жерлерде жеке бір рулар жиындары – «съездері» өтетін де болды. Оны әділетті сынға алудамыз. Бұл көрініс, негізінен, көп мәселеде үлгіліліктің эталоны болып жүрген зия­лылардан, бастықтардан жұққан нәрсе сияқты. Ал, тіптен, Алманияда, Че­хияда, Австралияда... жүріп те, керей, арғын болып «бөлінуіміздің» себептерін қайдан іздейміз?! Шынтуайтқа келгенде, жоғарыдағы «жиыннан» онша қауіп те, зиян да жоқ. Өздеріне жарасса бір рудың съезі емес, дүниежүзілік құрылтайын неге өткізбейді. Тек қай жерде болса да ана ру, мына ру деп орынсыз сөз, айтыс-тартыс, жарамсыз іс-қимыл, әрекетке жол берілмесе болғаны емес пе? Бастықтар мен зиялылар қауымының ішінде «бөліну» жоғалғанда, ауылдағы «съездер» де өзінен өзі өтпей қалатынына кәміл сенемін (Мүмкін бұл көрініс ауылдағылардың жүзге, руға «бөлуді» қойдыра алмағанынан кейін, «көше сықақ театрын» жасауға кіріскені бо­лар). Сайып келгенде пәленің қайнар көзі де, құйрығы да, ошағы да облыс орталықтары мен астанада, аудан көлемінде бола қалса, ол да қай мәселеде болса да «сасып» бара жатқанның тікелей әсері болу керек.
Апыр-ау десеңші, даналық кені халықта екенін жанынан ешбір шығармаған Нұртас Оңдасынов сияқты қайраткерлер істегенде қызмет бабымен командировкаға шыққандар қалың ел арасынан келешегі зор болады-ау деген талантты жастарды да іздестіріп, тауып, көріп, тіптен, өз ақшасымен астанаға әкеліп, Мәскеуге оқуға жіберіп, үлкен жолға салушы еді (Бұл мысал бұрын айтылған, бірақ мұндай жақсылықты қайталап отырудың артықшылығы жоқ). Одан кейінгі бастықтарымыздан мұндайды кездестірмейтін болдық. Оның есесіне әртүрлі себептермен, республикамыздың түрлі региондарына «адасып» барып қалған өз жүзінің өкілдерін «иіскеп» тауып әкеліп, әр түрлі деңгейдегі «көсемдер» жасағанға машықтандық. Бір жаманы іздеу салып табылған «данышпандар» кейіннен республиканы негативті істермен бүкіл КСРО-ға әйгілемеді ме? Егемендік алып, нарықтық экономика жолына түссек те мұндай «қасиеттен» әлі де құр алақан емес сияқтымыз.
Құрметті оқырман: «Сіз өзіңіз тегін білмейтін тексіз», «кос­мополит» емессіз бе? Шыныңызды айтыңызшы, кім боласыз? дерсіз. Жауабым: «елім – қазақ, жерім – қазақия, Мемлекетім – Қазақстан, сүйегім – найман, жүрегім – дулат, мінезім – адай, қаным – садыр, жаным – шымыр, тәнім – беріш. Еліңіз, жеріңіз, мемлекетіңіз түсінікті, қалғаны не боп кетті?» дерсіз. Өте қажет болып жатса оған да жауапты келесі бір еңбегімде бұйырса берермін. Әлдеқалай ондай мүмкіншілік болмай қалса, өздеріңіз ойланып табарсыз. Астарлап сөйлеп оны түсіну жағынан алдымызға ел салмаған халықпыз деп жүрміз ғой. «Ол қасиеттен жұрдай болғанымыз қашан!» дегендерге де ешбір қосыла алмаймын. Ұлтымыздың өзіне ғана тән ғажайып қасиеттері   жер   бетінде   оның   бір   өкілі   қалғанша жоғалмайтынына да кәміл сенемін. Осы жәйттер мен айтпасам да түсінікті, бірақ, көптеген қандастарымызға түсініксіз бе де­ген де күдік келеді. Себеп? Біріншіден, большевизмнің алып берген «теңдігінің» арқасында бәріміз «бірдейміз», соның нәтижесінде сырттан қарағанда ғана емес, ішкі дүниеміз, мәдениетіміз, проблемамызды ойлау, қабылдау принциптеріміз де негізінен ұқсас. Екіншіден, не мәселе болса да, пікір айтуға құқықтымыз. Олай етуге ақылың, білімің жеткілікті ме? Жоқ па? Онда ешкімнің шаруасы жоқ. Е, сенің ойың қате ғана емес, тіптен, зиянды да шығар (айрықша қазақ елі үшін) онда да ешкімнің жұмысы жоқ, себебі, жоғарыда айтқанымыздай «теңбіз» көбімізде жоғары білім, бірталайымыз ғылым канди­даты, докторы, тіпті, академикпіз. Осындай білім, ғылым дәрежесі барлар жаңылысуы мүмкін бе?  Өркениеттілік көзқараспен қарасаң  әлбетте,  мүмкін. Ал, енді, біздегі қалыптасқан әдетпен, тәртіппен қарасаң әлбетте мүмкін емес, себебі, сөйлеп тұрған (не жазған кісі) есінде болсын, оңай емес – не профессор, не Президенттік аппараттың қызметкері, не парламент мүшесі, не министрдің, тіптен, премьер-министрдің өзі, сондықтан, қателесуі мүмкін емес.
Қойшы, сонымен қазағымыз, орысымыз, шүршітіміз, білімдіміз, наданымыз... түгел дерлік десе де болады, орынды, орынсыз, талқыланып, қаралып жатқан мәселені білетініміз, білмейтінімізге қарамай киліге беретін дертке де шалынғандаймыз. Неге? Ойбай-ау, «барлық елдердің пролетарлары бірігіп» осындай болдық қой. Анығырақ айтсақ, бұл әйгілі ұранның тұрмысқа асуының нәтижесінде қанден мен төбет ит шағылысып, дүниеге не қанден, не төбет емес, миллиондаған метистердің өмірге келгені белгілі. Қашанда, тіптен, алғашқы қоғамдық құрылыста да ешбір ел-жұрт көсемсіз болған емес, сол себепті, большевиктік будандастырудың арасынан да «таза», «ақсүйек» басшылар шықты емес пе?! Олардың да «тобырдан» оқшауланып тұруы үшін Мәскеуде Арбат, Алматыда Төлебаев көшелері берілді. Сыртынан екеуі де сәнді, таза болғанына қарамастан бір сасыған «иісті» (правасыздық, надандық, тоғышарлық, әділетсіздік, зорлық-зомбылық... сияқты) шығарып тұрушы еді, айрықша бас секретарь мен бірінші хатшылар өзгергенде, ол «иістер» тіптен қолқанды жұлып ала жаздаушы еді.
Жоғарыдағы «теңдікке» бүгін де жартылай болса да сөз бостандығы қосылды да, қалай тартсаң да өзің білетін болдың. Не мәселе көтерсек те, бірталай жерде «ырду да дырду» халге де жеттік, тіптен, парламенттің ішінде де осы көріністі байқау қыйын емес. Парламенттің мәжілісін жүргізіп отырғандар, оның қатардағы мүшелерінен екі-үш емес, бір бас қана жоғары болса, жөнсіз айтыс-тартыс та болмас па еді? (Депутаттыққа да тек ылайықты ғана адамдар сайланса да мұндай болмас па еді?). Ондай білім қайдан болсын? Ойланатын қауымның ұстаздары да, өздері де түгел дерлік 74 жыл «тордағы торғайдай» өмір сүріп тәрбиеленсе, әлі де жартылай абақтыда отырса... Ойлау бостандығы мен өркениеттілік принциптерімен қаруланған адамдардың тапшылығынан (ондайлар қаптап өсіп те кетер еді, егер нағыз мәндегі сөз бостандығы болса, ой бостандығына көрінетін көрінбейтін, тежеу, тиым салу - про­гресс дөңгелегіне, үлкен, жуан таяқ қою екенін әлі де түсінбегендігіміз) әрбір пікірдің астарынан орыс сөйлесе, шовинизм ұрығын іздеп, қазақ сөйлесе ұлтшылдық қана іздеп қоймай, жүздің «мүддесін де іздейтінді шығардық емес пе? Осыған байланысты көп жерде сөйлеп тұрған қазақтың (лауазымы, есімі белгілі болса да): «мынау қай жердің жігіті!» – деген сұрақ беріледі де, оны білген соң: «е, онда белгілі болды!» деген тұжырым жиі естіліп жүр, себебі, мінбеде тұрған кіші жүз Сиқымбаев әділетті айтқанымен, сынға алынып жатқан Тілеуқұлов ұлы жүз болғандықтан, осындай көрініс ашты да болса тұрмысымыздан орын алып жүр. Қысқасы, өз жүзіңдікі болды ма, өлде бар, оның атына сын айту болмайтын да «әдет» пайда болғандай (әлбетте, мұның бәрі жүзшілдік дертіне душар болғандардың ғана арасындағы көрініс екені түсінікті болар). Өз жүзіңнің адамы әділетсіз шешім, мүмкін зорлық-зомбылық, тіптен қылмыс істеп жатса да, үндемеуің керек, тіптен, «қорғауың» да қажет. Олай етпесең, бұл қылығың өз жүзіңе деген «опасыздық» делініп те қаралатын болды. Айтылған жәйттерді «асыра сілтеп, тұзын көп салып отырсыз!» деушілер де болар. Мүмкін. Тек жүзизім дертіне шалдыққандар да оны әртүрлі себептермен идеялық ту етіп көтеріп жүргендер де ойланса деген ғана тілек. Айтпақшыдай, қазақша бір ауыз сөз, ата-тегін білмейтіндерде, салт-дәстүр дегенмен де мақұрымдарда қай жүздің адамы екенін міндетті түрде біледі. Неге?..
Сонымен тарихты жасаушы халық болғанымен, қоғамның тезірек, баяуырақ дамуын, оның тоқырауын, дағдарысын, тіптен, кейде кері кетуін қашан да әр елдің өзінің арасынан шыққан зиялы перзенттері іске асыратыны белгілі. Коммунистердің ірілі-ұсақты көсемдерінше, сансыз негативті көріністерді жәйттерді, проблемаларды бар болса да «жоқ» деп, оларды мүлдем айтқызбай, керісінше «аналарды іске асырдық, мыналарды қатырып жатырмыз!» деп, көпіре бергенше (шынтуайтқа келгенде, көзге ілінетін ештеңе болмаса да) қозғалған індеттерден айықтыратын дәрілердің ең бір шипалы дегендерінен, ел боп, жұрт боп таппаймыз ба? Большевизм заманында әміршіл-әкімшіл аппаратты, одан бұрын патшалы Ресейдің шиновниктерінің бәрімізге белгілі мақ­саттармен руға, жүзге бөлуді астыртын қолдағаны, тіптен, үдеткені белгілі. Бұл жүзизмнің жапырағының жайылуының сыртқы себептері. Ал, ішкі себептері бар ма, бар болса қандай? Бүкіл халық болып бақытты өмірге жету қашанда онай болмаған, бірақ, оның жылдамырақ, баяуырақ тіптен төте жолдары болатындығы да мәлім. Жүзге «бөлінудің» шабандықтан, надандықтан, жабайылықтан, көрсоқырлықтан, то­пастықтан, тоғышарлықтан, тіптен, кері кеткендіктен басқа берері жоқ екенін түсінетін уақыт әбден болды білем. Әлде «қазақтар өз бетінше ел бола алмайтындар» – деген кейбір отандастарымыздың пікіріне қосылып, тағы біреудің қоластына кіріп немесе «Өркениеттіліктен де ештеме шыға қоятын түрі жоқ?!» – дегенді сылтау етіп: «феодализмге қарай!» деп ұран көтеріп, бетімізді солай бұрамыз ба? Әлде қазақ қана болған ата-бабаларымыздың аруағына сыйына отырып, ешқашан үшке де, төртке де батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік болып «бөлінбейтін» табанды, берік, батыл өркениетті ұлт боламыз ба? Бұл тарихтың бізге берген ең соңғы және ұлы мүмкіншілігі сияқты. Пайдаланамыз ба, жоқ па?
«У мен дерт» кітабы
1997 ж.

246 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз