• Ұлттану
  • 20 Сәуір, 2012

ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛЫ АРТҚАН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ЗОР

Сейілбек Мұсатаев, саяси ғылымдарының докторы

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Елбасының Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел

Жыл сайынғы игі дәстүрге айналған мемлекеттік ауқымдағы іс-шаралардың маңдай алдысы – Елбасының халыққа Жолдау арнауы және оны бүкіл қоғам болып талдау, ұлттық мәні бар алға қойылған міндеттерді жүзеге асы­руға бір кісідей атсалысу бо­лып табылады. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеу­меттік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуы­ның басты бағыты» атты биылғы ел халқына Жолдауы да қо­ғамымызда жан-жақты талқыланып, қазақстандықтар тарапынан кең қолдау табуда. Осындай игі шараны жақында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасы бірлескен дөңгелек үстел түрінде өткізді. Дөңгелек үстел басындағы зиялы қауымның басқосуын Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Ә.А. Масалимова кіріспе сөзбен ашып, модератор ретінде бастан-аяқ жүргізіп отырды. Тақырыптың маңыздылығын ескере отырып, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға орайластырылып өткізілген дөңгелек үстел материалдарымен «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының оқырмандарын таныстыруды жөн көріп отырмыз. Ә.А. Масалимова, Философия және саясаттану фа­культетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор: – 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 44-бабының 1-тармағына сәйкес, ел Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайды. Содан бастап жыл басында Елбасының халыққа арнаған Жолдауын бүкіл халық болып күту игі дәстүрге айналды. Жолдау ғаламдық саясат айдынында жүзген Қазақстанның ба­ғыт бағдарын айқындайтын, ішкі саяси, әлеу­меттік-экономикалық мәселелерге бүкіл қо­ғамды жұмылдыратын, билік органдарына іс-әрекет етудің басым-бағыттарын нұсқайтын әмбебап саяси құжат дәрежесіне жетті. Бүгін біздің ғалымдарымыз «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы ұжымымен арнайы кездесіп, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаң­ғырту – Қазақстан да­муы­ның басты бағыты» атты биылғы ел халқына Жолдауын талқылау үшін дөңгелек үстел басына жиналып отыр. Бүкіл әлем дағдарысты қалай еңсереміз деп алас ұрып жатқанда, біздің еліміз Елбасымыздың сарабдал саясаткерлігі арқасында әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуға күш салып жатыр. Бұл үлкен жетістік әрі мақтаныш десек болады. Құрметті әріптестер! Дөңгелек үстелді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер! Біздің бүгінгі басқосуымыз жемісті шығармашылық әріптестікке берік негіз болады деген сенімім зор! Ж. О. Кенжалин, «Қазақ газеттері» ЖШС президенті – редакторлар алқасының тө­рағасы, саяси ғылымдарының кандидаты: – Армысыздар зиялы қауым өкілдері! Бүгін біз қазақтың білім-ғылымының қара шаңырағында еліміз үшін аса маңызды саналатын Елбасы Жолдауын талқылап, сара­лауға жиналып отырмыз. Жолдаудың маңыздылығы зор дейтінім бұл құжат біздің еліміздің алдағы тыныс-тіршілігін айқындап береді, болашағымызды бағамдап, ел болып, жұрт болып атқаратын мақсат-міндеттерді айқындайды. Биылғы Жолдауда Ұлт Көшбасшысы он түрлі бағыттағы әлеуметтік-экономикалық жаңғыруды ұсынып отыр. Атап айтар болсақ: қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы, қолжетімді баспана мәселесі, өңірлерді дамыту, тұрғындарға мем­ле­кеттік қызмет көрсетудің сапа­сын арттыру, бас­қару­шылардың білікті саяси табын дайындау, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, адами капиталдың са­палы өсуі, зейнетақы жүйесін жетілдіру, ин­дустриялық-инновациялық жобалар, ауыл шаруашылығын да­мы­ту. Бұл дегеніміз – Қа­зақстанның кешенді дамуы деген сөз. Бұл тұрғыда Президентіміз әлеуметтік жаңғырту мәселесі барша қоғамға ортақ еке­нін баса айтты, бұл – жаңа Парламент пен Үкіметтің, Қазақстанның барлық жауапты күштерінің – партиялардың, қо­ғамдық бір­лес­тіктердің, шығар­ма­шылық және кәсіби одақ­тар­дың, бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның, Қазақстанның бар­лық патриот­тары қызметінің темірқазық мә­селесі. Жолдауда ерекше мән берілген мәселе­лердің бірі – жастарды патриотизм мен толе­ранттылыққа тәрбиелеу ісі. Әрбір қоғам­ның, әрбір отбасының ертеңгі келбеті ондағы жас­тардың қалай өсіп, ержетуіне байланысты. Соңдықтан, бұл мәселеге мән беру тұрмыстық-әлеуметтік көзқарас қана емес, саяси салмағы бар үлкен міндеттердің бірі деп атасақ, артық айтқандық емес. Қазақ халқы ежелден «Ат тұяғын тай басар» деп, жастарының жайына бей-жай қараған жоқ. «Отан от басынан бас­талады» деп жанұядағы тәлім-тәрбиеге ерекше мән берген. Сондықтан да ата-баба мирас еткен намыстылық, имандылық, отанды сүю, ынтымақ пен бірлікті берік сақтау үрдісін әрбір отбасында қайта жаңғырту қажет, сонда ғана дәстүр сабақтастығы жалғасын табады. Жас ұрпақ ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Осыны әрбір ата-ана ұмытпауы тиіс, отбасында патриоттық тәрбие беру азаматтық міндетке айналуы тиіс. Егемен елдің ертеңгі тағдыры, ең алдымен, қазақты, барша қазақстандықтарды тынымсыз ойландыруға тиіс. М. Салқынбаев, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты: – Бүгінгі таңда Ұлт көшбасшысына айналған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бас­тауымен Қазақстан қарқынды даму үстінде. Биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қаз­ақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы мемлекетіміздің алдында тұрған басым міндеттерді анықтап берді. Атап айтқанда, ең алдымен, жеделдетілген экономикалық мо­дер­низацияны жалғастырып, үдемелі инно­ва­циялық-индустрияландыру бағ­дар­лама­лары­на басымдық берілетін болды. Тағы бір қуантарлық жәйт – өңірлер мен ауыл шаруашылығын дамытуды Жолдаудың үшінші және оныншы бағыттарында Ел­ба­сы­­мыз өзекті мәселе етіп көтеріп отыр. Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы, Қазақ­станның экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл, бір жағынан, ауыл шаруашылық жерлердің аса үлкен кеңістіктері, іске асырылмаған өндірістік қуаттар, мемлекет ішкі нарығында қанағаттандырылмаған сұранысты пайдалану. Екінші жағынан, маңызы аз емес әлеуметтік фактор – Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылдық өңірлерде тұрады. Мемлекет Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында өндірісті жетілдіру, ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдеу, отандық тауар өндірушілерді, оның ішінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерді қолдау қажеттілігін іске асыру қазіргі өзекті мәселелердің біріне айналуда. Сонымен, Елбасымыз жаңа Жолдауында атап көрсеткеніндей, Қазақстан экономикасын жаңа деңгейге көтерудің шешуші шарты – өңірлердегі ауылдық жерлерді, жалпы агроөнеркәсіп кешенін барынша дамыту, ел тұрғындарының, оның ішінде, әсіресе, қала халқы мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған қабаттардың азық-түлікке қол жетімділігін, саудагерлерден тәуелді болмауын қамтамасыз ету. Дәстүрлі қалыптасқан «қала-ауыл» өзара тиімді қарым-қатынасын жаңаша жаңғырту қажет. Бұл жерде ең алдымен ауыл шаруашылық өнімдерінің алыпсатар делдалдың қолынан өтпей, қала тұрғындарына тікелей жеткізудің мөлдір тетіктерін ұтымды ойластырған жөн. Бұл елді жайлаған инфляцияны ауыздықтаудың да бірден-бір жолы екені даусыз. Түптеп келгенде, еліміздің ауыл шаруа­шылығын дамыту мен ауыл шаруашылық өнім өндірушілердің бәсекелестікке барын­ша қабілетті агроқұрылымдарын ұйым­дық-құрылымдық, саяси-құқықтық, ғылы­ми-техникалық және инновациялы-техноло­гия­лық жетілдірудің маңызы аса зор. Ауыл шаруашылығы саласы – Қазақстан эконо­ми­­ка­сының негізгі буыны, ежелден келе жатқан дәстүрлі ұлттық кәсібіміз, орны тола­тын стратегиялық табиғи байлығымыз. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен өлшенсе, ауылдың тағдыры ауыл шаруашылығы дамуымен тікелей байланысты. Г. Ө. Насимова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының меңгеру­шісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор: – Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев биылғы ел халқына арна­ған Жолдауында қазақстандық қоғамды жаң­ғыртудың жаңа кезеңіндегі стратегиялық ба­сымдықтарды, мемлекетті одан әрі нығай­тудың, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен азамат­тардың әл-ауқатын арттырудың кешенді іс-шараларын анықтап берді. Ұлт көшбасшысы ұсынған маңызды міндеттер мен оларды жүзеге асыру жолдары әрбір қазақстандықтың жеке мүддесімен астасып жатыр. Олардың қатарында тұрғылықты халықты жұмыспен қамту, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сияқты өзекті мәселелер бар. Мемлекет басшысы алға қойылған кең ауқымды міндеттерді шешу бойынша үкіметке нақты тапсырмалар берді. Әрине, әлеуметтік-экономикалық жаңғы­руды он түрлі бағытта жүргізуге бағытталған міндеттерді шешу үшін республикамызда тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім болуы аса қажетті шарттар. Сондықтан да, Президенттің Жаңаөзендегі жағдайға баса назар аударуы түсінікті, әрі дер кезінде жасалып отыр. Осыған байланысты, Жолдауда еліміздегі шағын қала­ларды дамыту, ауылдардағы өмір деңгейін көтеру мәселелеріне тағы да мән беріліп отыр. Шындығында біз Н. Назарбаев айтқандай, Жаңаөзен оқиғасынан дұрыс сабақ ала білуіміз керек. Бүгінгі таңда саяси тұрақтылықты қам­та­масыз етудің тиімді технологияларын әзірлеу, келіссөздер мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының арасындағы өзара әрекеттесу тетіктерін жетілдіру аса қажет. Елбасымыз патриотизм, мораль мен адам­гершілік нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тән мен рухты дамыту, заңға құрмет пен оған мойынсұну барлық білім беру мекемелерінде азаматтардың бойына сіңірілуі тиіс деп санайды. Патриотизм мен толеранттылыққа тәр­бие­­леуде маңызды рөл атқаратын – саяси білім беру процесі болып табылады. Қазіргі жағдайда патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеуге ықпал ететін оқытудың инно­вациялық технологияларын қолдануды бел­сендіру қажет. Жастарды оқыту процесі барысында біздің еліміздің бірегейлігін барынша насихаттап, қазақстандықтардың бірлігі мен достығына жоғары баға беруге, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың маңыздылығын негіздеуге ерекше мән беру қажет. Мұнда да ерекше рөл ойнайтын қоғамдық-саяси пәндер болып табылады. Оларды оқып үйрену арқылы жастарымыздың саяси мәдениетінің деңгейі артады, елдегі саяси процестерді ұғынады, ең бастысы – болашақ саяси басқарушылар тобын дайындауға берік негіз жасалады. Президентіміз: «Әлеуметтік жаңғырту – бұл жаңа Парламент пен Үкіметтің, Қазақстанның барлық жауапты күштерінің – партиялардың, қо­ғамдық бірлестіктердің, шығар­ма­шылық және кәсіби одақтар­дың, бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның, Қазақстанның бар­лық патриот­тары қызметінің темірқазық мә­селесі» деп Жолдауында атап көрсетті. Бұл – Елбасы қойған міндеттердің шешілуі қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілігін арттыру арқылы ғана мүмкін болмақ деген сөз. Қорыта айтсақ, биылғы Жолдау ел Прези­денті Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты тұтасымен қоғамды демократияландыру мен жаңғыртуға, қазақстандық халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын тағы да дәлелдейді. Ж. Алтаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгеру­шісі, философия ғылымдарының докторы, профессор: – Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент пала­таларының бірлескен отырысында «Әлеу­меттік-экономикалық жаңғырту − Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Бұл жолғы Жолдаудың әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бағытына арналғаны да кездейсоқ емес. Жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңіндегі еліміздің даму жолының негізгі басымдықтарын анықтау – қазіргі заман талабынан туындаған, Қазақстан қоғамының болашаққа қарай қадам басуы мен өркениеттік даму бағдарларына сәйкес келетін өзекті мәселе болмақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы жаһандану үрдісіндегі қазіргі Қазақстан қоғамының аса маңызды да, күрделі мәселелеріне арналған. Елбасының білім мен ғылым жүйесін дамытуға ерекше мән беруі, Жолдауда көтерілген мәселелердің басым бөлігі білім мен ғылым саласымен тығыз байланыстылығы ерекше атап өтетін жайт. Ол дегеніміз білім сапасын сапалы жоғары деңгейге көтеру, оқу үдерісіне заманауи озық технологияларды енгізу, кадрлық әлеуетті, оқытушы-профессор құрамының біліктілігін арттыру, оны халықаралық стандарттар деңгейіне дейін жеткізу. Сонымен бірге, Елбасы атап көрсеткен мемлекеттік тілді өркендетудегі салиқалылық пен байсалдылық, өзге ұлт тілдерінің де дамуына мүмкіндік беру рухани мәдениетімізді шыңдай түсетіндігі, қазақ халқының топтастырушы, біріктіруші рөлін бекемдей түсетіндігі даусыз. Елбасы бұл тұрғыда: «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» − деп атап көрсетті. Олай болатын болса, зиялы қауым осы тұрғыда еңбек етіп, сөзден іске көшуі қажет деп санаймыз. Елбасы Қазақстан қоғамының әлеу­меттік-экономикалық жаңғыруының жаңа арна­ларын өз Жолдауында кеңінен көрсетіп берді. Елбасы Қазақстан қоғамын әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуды біздің еліміздің дамуының басты бағыты ретінде қарастырып отыр. Негізгі міндеттер – адам капиталын қалыптастыру, бұл дегеніміз, ел тұрғындарын жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, сапалы медициналық қызмет, әрбір қазақстандық азаматтың білім алу мүмкіндігі. Адам капиталын дамыту − халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру деңгейін көтеру, өскелең ұрпақтың денсаулығына, тәрбиесіне, біліміне, мәдени болмысына айрықша ден қою қолайлы орта қалыптастыру арқылы жүзеге асырылатыны анық. Елбасы қазақстандық шынайы патриотизмді қалыптастыруда, елімізде салауатты өмір салты мен мәдениетті дамытуда кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды, жалпы алғанда, Қазақстан қоғамын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңғыртудың жан-жақты байыпталған тұжырымдамасын ұсынып отыр. Осының бәрі еліміздің рухани-әлеуметтік тәжірибесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Біздің мақсатымыз – осы тұрғыдағы міндеттердің нәтижелі болуына бір кісідей атсалысу. «Жастарға білім алудың қолжетімділігін мемлекеттік жеке-меншік әріптестік тетіктері арқылы кеңейту қажет. Ауыл және аз қамтамасыз етілген отбасы жастарының жолына және баспанасына кететін шығынды субсидиялау, жатақхана желісін дамыту керек. Қызмет бабындағы жастарға жұмыс орнынан қол үзбей, арнайы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету − маңызды мәселе», − дей келе, Елбасы бұл өзекті мәселені қарастыруды Білім және ғылым министрлігіне тапсырды. Бұл тұрғыда Жолдауда айтылған білім мен ғылым саласына байланысты ой-пікірлер біздің де жұмысымызға бағыт-бағдар беріп, алда атқарылатын іс-шараларды нақтылауға мүмкіндік беріп отыр. Ә. С. Балапанова, Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы: – Жаңа 2012 жыл Қазақстанның саяси өмірі үшін үлкен жаңалықтармен басталды – кезектен тыс Парламенттік сайлау өтіп, көппартиялық Мәжіліс қалыптасты, соған сәйкес, жаңа құрамдағы Үкімет құрамы та­ғайындалды, оның ізін ала Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қа­­з­ақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы ел халқына Жолдауын арнап отыр. Бұл Жолдаудың мәніне үңілсек, Қазақстан әлемдік ауқымда жүріп жатқан саяси процестерден ажырағысыз бірлікте екенін байқауымызға болады. Өйткені, әлеуметтік жаңғыртудың қажеттілігі туралы биыл американдық Конгреске арнаған Жолдауында АҚШ Президенті Барак Обама мен Ресей Федерациясының Жиналысына арнаған Жолдауында Ресейдің Президенті Д.А. Медведев те барынша назар аударып отыр. Егер де Жолдаулардың тарихына көз жіберсек, алғаш рет мұндай сипаттағы арнаумен 1790 жылы Джордж Вашингтон сөз сөйлеген, алайда араға 11 жыл салып Томас Джефферсон сөз сөйлеуден бас тартып, өзінің үндеуін АҚШ Конгресіне жазбаша түрде жіберген, ол өзінің әрекетін былайша түсіндірген: біріншіден, Конституцияда сөз сөйлеу емес, «жазбаша баян­дама» деп көрсетілген, екіншіден, АҚШ негізін салушылар аталған идеяны британдық монархтардың жаңа құрамдағы Парламенттің алғашқы сессиясын ашу кезіндегі дәстүрлі сөз сөйлеуіне ұқсатып енгізгендіктен, Джефферсон монархиялық дәстүрлердің американдық үлгіге айналып кетуінен қауіптенген. 1913 жылы АҚШ Президенті Вудро Вильсон Конгресс алдында сөз сөйлеу дәстүрін жаңғыртады. Жазбаша баяндамадан түпкілікті бас тарту тек радио пайда болғаннан кейін мүмкін болды (АҚШ-та алғаш рет Жолдауды радиотрансляциялау 1923 жүзеге асқан), теледидардың пайда болуы бұған соңғы нүктені қойды (алғаш трансляция 1947 жылы жүзеге асқан). Президенттер ірі теле-радиостанциялар арқылы прайм-тайм уа­қы­тында американдықтарға тікелей арнаумен шы­ғу қо­ғамдық пікір қалыптастыруға таптырмас мүмкіндік екендігін жақсы түсінеді. Бұл өз кезегінде сөз сөйлеу тәжірибесіне өзінің ізін қал­дырады: ол тым ұзақ болмауы тиіс, санаға ғана емес, сезімге де әсер етуі тиіс, онда статистика мен күрделі терминдерге емес, жарқын аналогияларға баса мән берілуі тиіс. Ресейде 1993 жылғы Конституция күшіне енген соң, мемлекет басшысының Жолдаумен Федералды Жиналыс алдында сөз сөйлеуі 1994 жылдан бастап жыл сайынғы тәжірибеге айналды. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың биылғы Жолдауында «Қазақстан әлемдік саясаттың лайықты қаты­сушысы ретінде бейбітшілікті нығайту мен қауіпсіздік жолдарын айқындауға белсенді қатысуын жалғас­тырады» деп атап көрсетті. Ғаламдану мен XXI ғасырдың қауіп-қатерлеріне жауап ретінде еліміз еуразиялық ықпалдасуды тереңдетпекші. С. Ш. Мұсатаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы: – Елбасымыздың Қазақстан халқына ар­наған биылғы Жолдауы қоғам алдына батыл міндеттер қоюымен ерекшеленіп отыр. Барша әлем қаржы-экономикалық дағдарыстан есеңгіреп, тығырықтан қалай шығу жолдарын іздестіріп жатқанда, Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың сарабдал саясаткерлігі арқасында біздің еліміз әлеуметтік-экономикалық жаң­ғыр­туды дамудың басты бағыты ретінде таңдап отыр. Ел Президенті жаңғырудың маңызды тармағы – халыққа мемлекеттік қызмет көр­сетудің сапасын арттыру, жаңаша мем­лекеттік басқару жүйесін құру туралы өткір мәселе көтеріп отыр. Яғни, «ХХІ ғасыр барған сай­ын күрделеніп бара жатқан бүгінгі заманғы мемлекетті бас­қаруға жоғары талаптар қоя­ды. Біздің маңызды міндетіміз – бас­қару­шы­лардың білікті саяси табын дайындау» – деп тұжырымдалған Жолдауда. Жаңаша үлгідегі мемлекеттік басқаруға бүгінгі таңда барлық өркениетті елдер ұмтылып жатыр, яғни, саяси менеджменттің ұстанымдарына негізделетін мемлекеттік қызмет құру стратегиялық маңызы бар міндет. Мұндай мемлекеттік басқару, ең алдымен, жұмыстағы нәтижелілікке негізделуі тиіс. Билік тармақтары тепе-теңдік пен тежемелік ұстанымына барынша сүйеніп, өз қызметтерін нәтижелі атқаруы шарт. Сонда ғана сапалы заңдар шығарылады, қабылданған заңдар нақты орындалады, бекітілген мемлекеттік даму бағдарламалары шынайы жүзеге асады, бақылау мен қадағалау да тиісті деңгейде болмақ. Сонымен қатар, Елбасымыз Жолдауында көрсеткен қазақстандық жаңаша мемлекеттік басқаруға мынадай сапалар тән болуы тиіс: қоғам үшін ашықтығы, яғни, оған БАҚ пен қоғамдық бақылаудың болуы, заманауи ақпараттық технологияларға негізделуі, қыз­мет көрсетудің мөлдірлігі, сәйкесінше оның сыбайлас жемқорлықтан таза болуы, қызметкерлердің кәсібилігі, жұмысқа қабылдау кезіндегі жарыспалық, бюрократиялық кедергілердің барынша аз болуы, сондай-ақ, мемлекеттік басқару барысында үнемділік, кәсіпкерлік, әлеуметтік серіктестік, көрегендік, тұтынушыға бағытталу сияқты сапалар да аса қажет. Мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың үш негізгі міндеті – merit system моделін өмірге ендіру, яғни, шенеуніктерді қоғамға сіңірген еңбегі мен абыройын бағалай отырып, жоғары мансап сатысына жылжытуды, мемлекеттік қызметкерлер үшін мотивациялаудың бә­се­­кеге қабілетті жүйесін құру мен клиентке бағытталған басқару мәдениетін қалып­тастыру. Л. М. Ким, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты: – Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту − Қа­зақстан дамуының басты бағыты» атты 2012 жылғы 27 қаңтардағы ел халқына ар­на­ған Жолдауындағы көрсетілген кешенді іс-шаралардың ішінен жетінші басым бағытты атап көрсеткім келіп отыр. Бұл – Қазақстандағы адами капиталды сапалы түрде өсіруге бағытталған міндеттер. Білім беру жүйесін жаңғыртудың қажеттілігі туралы Президентіміз мәселе көтеріп, жас­тардың жұмыс істей жүріп, қосымша арнайы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етудің маңызын көрсетеді: «Бүгінде көптеген адамдар ауыл­дан қалаға қоныс аударуда. Олардың жұ­мыс­қа орналасуы қиын. Әрбір жастың жұ­мыстан қол үзбестен мамандық пен білім алу мүмкіндігі болуы керек». Жоғарғы білім алуға қол жетімділікті кеңейту үшін арақашықтықтан оқыту жүйесін жетілдіру мен дамыту қажет. Арақашықтықтан оқытуды жүзеге асыру барысында заманауи оқу үрдісін барлық талапқа сай ұйымдастыруға мүмкіндік туады (оқу материалын оқытушы түсіндіреді, дәріс тыңдаушымен тығыз байланыс, пікірталастар, тест алу, аралық және ағымдағы бақылау, біріккен тапсырмалар орындау, ғылыми-зерттеу жобалар жазу, шығар­машылықпен айналысу, т.б.). Арақашықтықтан оқыту адамның тұрған жеріне қарамастан, шекарасыз, ашық және әркімге қол жетімді. Шетелдерде мұндай оқу жүйесі Ашық университеттер жүйесінде тұтас желі түрінде қалыптасқан. Бұл жай ғана өзіндік білім алу ғана емес, бұл заманауи технологиялық құралдарды қажетсінетін күрделі сала – жаңа ақпараттық технологияларсыз, бұқаралық коммуникация мен инфра­құрылымсыз арақашықтықтан оқыту мүмкін емес. Осылайша, жоғары оқу орындарының про­фессорлық-оқытушылық құрамы алдына Елбасы Н.Ә. Назарбаев нақты стратегиялық міндетті қойып отыр – бұл арақашықтықтан тиімді оқытудың қазақстандық жүйесін құру. А. А. Кеңесов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының аға оқы­тушысы, саяси ғылымдарының кандидаты: – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдау­ларының барлығы өткеннің есебі мен бола­шақ­тың басты бағыттарын көрсететін басты саяси құжаттардың бірі. Биылғы Жолдау «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қа­зақстан дамуының басты бағыты» деген тақырыпта жарық көрді. Бұл құжатта елдің жетістігі, қазіргі даму кезеңі және болашақтың жоспары анықталады. Демек, кеше – бүгін – болашақ формуласы бойынша жұмыс жасайды деген сөз. 2012 жылғы 27 қаңтардағы Жолдауы да осының төңірегінде болды. Аталған Жолдауда Елбасымыз 10 жылдық дамудың жоспарын анықтап, негізгі қадамдарды халыққа жеткізді. Жолдауда әлемдік қаржылық дағдарыстан кейінгі әлеуметтік жаңғыру ғана емес, сонымен қатар, экономикалық, саяси, құқықтық және т.б. жаңарулар туралы айтылған. Сондықтан, Елбасымыздың 2012 жылғы халыққа Жолдауы өзіндік жаңалықтарымен ерекшеленеді. Басты жаңалықтарының бірі – әлеуметтік жаң­ғыртудың қолға алынуы. Бұл 2030 даму стратегиясында көрсетілген өзіндік немесе Қазақстандық жолдың жаңа кезеңі және жаңа бағыты. Еліміздің алдыңғы 10 жылға арналған даму перспективалары мен басымдықтары. Мемлекеттік басқару саласындағы жа­ңа­лықтардың бірі Президенттік басқару кор­пусының жасақталуы. Елбасымыз Үкімет пен Президент әкімшілігіне осы жылдың соңына дейін Президент корпусына кандидаттарды дайындауды тапсырды. Н. Ә. Назарбаевтың сөзі бойынша, Президенттік корпус «бізді 21 ғасырға жетектейтін жаңа басқару элитасының негізі болып табылмақ». Біздің ойымызша, Жолдауды келе жа­т­қан дағдарысқа қарсы бағдарлама ретін­де қабылдауға болады.Елбасымыз экономи­ка­ны дағдарыстың сынына дайындау біз­дің міндетіміз деп жариялаған болатын. Дағ­дарысқа қарсы тұрудың амалы ретінде ак­тивтердің мемлекеттің қарамағына өтуін, Тәу­елсіздік жылдарында сатылып кеткен материалдық активтердің көп бөлігі мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Елбасымыз қазіргі таңда өзекті мәселелердің бі­рі мемлекеттік тілге тағы да тоқталып өтті. Қазақ тілінің толықтай дамуы, орыс тіліне ке­дергі келтірмей жүруі керектігін атап өтті. Аталған сұрақты саяси мәселеге айналдырудың қажеттілігі жоқ екендігін ескертті. 2012 жылғы Жолдау саяси тұрақтылықтың кепілі бола алатын құжат болып табылады. Себебі, Жаңаөзендегі оқиға, биліктің шағын қалаларға аса көңіл аудару қажеттігін көрсетті. Жолдауда аталып өткендей, «Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеу­меттік қатерге жақын екенін көрсетті.Алайда, бұл оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан сабақ алып, ұдайы ескерілуі керек.Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауды тапсырамын.Онда қаланың экономикасындағы әрбір нақты бағытты әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту ескерілуі қажет. Сонымен қатар, жергілікті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шараларын қаперде ұстаған жөн. Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіріп, барша жергілікті даму мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту аса маңызды» – екені мәлім болды. Қазақ елі 20 жылдық дамуда біраз белестерді бастан кешірді көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Әлі де болса, жетістіктерге қол жеткіземіз. Елбасымыздың айтуынша, қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.Біз бүгінде бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор, эко­номикасы қуатты ел құрудамыз.Бұл жолда біз үшін ең бастысы – тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы. Ж. М. Төлен, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану PhD докторанты: – Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы мемлекеттің алдағы күтілген әлемдік экономикалық дағ­дарыстан шығудың бағыт-бағдарларын ай­­қындайтын жаңа мақсаттар мен міндеттер қойды. Жолдауда Елбасы мемлекеттің жа­қын 5 жылдықтағы стратегиялық дамуын айқындайтын, әлеуметтік модернизация стратегиясын құрайтын басты-басты 10 бағытты атап өтті. Мемлекет дамуының басты бағытының бірі адам капиталының сапалы өсімі, оның ішінде, жастардың білімі мен біліктілігін арттыру мәселесін атап өтті. Мемлекеттің білім беру жүйесін модернизациялау – әлемдік талаптарға толығымен жауап беретін Халықаралық деңгейдегі оқу орындарын қалыптастыру. Соны­мен қоса, білім беруді қазіргі заманғы әдістер мен соңғы технологияларды пайдалана отырып дамыту қажеттігіне баса назар аударды. Осы орайда елімізде жастардың барынша сапалы, әрі әлемдік деңгейде білім алуына мүмкіндік жасалып отыр. Оған дәлел ретінде Халықаралық Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептерін атап өтуге болады. Сонымен қоса бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті өзінің білім беру жүйесінде аталған талаптарға сай әрі әлемдік үдерістерден қалыс қалмай, еліміздің ЖОО ішіндегі көш басында келе жатқан оқу орындарының бірі. Бұған дәлел ретінде университет үш деңгейлі білім беру негізінде магистранттар мен PhD докторанттарды әлемнің ең дамыған мемлекеттеріне (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Швейцария, Жапония, Корея, Ресей, т.б.) тәжірибе алмасу мен ғылыми зерттеулерге жіберіп, әлемнің үздік университеттерімен серіктестік орнатылып, ондағы профессорлар өздерінің дәрістерін осында оқуда. Жолдауда аталып өтілгендей жастардың білім алуы мен біліктілігін арттыруына қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жан-жақты мүмкіндік жасалуда. Білім берумен қатар, патриоттық, адамгершілік тәрбие беру, көпұлтты, көпконфессиялы елімізде жастардың бойында этносаралық келісім мен толеранттылықты қалыптастыру мәселелері бойынша да нақты міндеттер қойды. Біздің еліміздің ерекше басымдығы мен құндылығы ол Елбасымыз айтқандай, көпұлттылығымыз бен көптілділігіміз болып табылады. Яғни, Конституция бойынша мемлекеттік тіл, әрине, қазақ тілі, ал, онымен тең деңгейде ресми тіл ретінде орыс тілі де қолданылады. Көпұлтты, көпконфессиялы еліміздің басты саясаты мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтау мен көпвекторлы сыртқы саясаты, яғни, барлық елдермен, оның ішінде, көрші елдермен тату, ынтымақта болу. Осыған орай, әлем елдеріне үлгі болған Қазақстандық тәжірибе бірнеше ұлттардың басын біріктірген Халықтар Ассамблеясы мен бірнеше діндердің басын қосқан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін атап өтуге болады. Осы негізде ғана Қазақстан әлемдік тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің үлгісіне айналуда. Елбасы Жолдауының атап өтер ерекше тағы бір қыры ол XXI ғасыр талаптарына сай, мемлекеттік қызметкерді дайындауға орай, басқарушылардың квалификацияланған саяси класын дайындау мәселесі. Мемлекеттік қызметке білімі мен біліктілігі, кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі жоғары мамандарды саралап алатындығы атап өтілді. Елбасы айтқан басқарушылардың квалификацияланған саяси класын дайындау мәселесіне байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің саясаттану мамандығы негізгі бірден-бір қалыптастырушы мектептердің бірі болып табылады. Мұнда мемлекетті тиімді, әрі сапалы басқарудың әлемдік тәжірибелері салыстырыла-сараптай оқытылумен қатар, қазақстандық басқару үлгісі де қарастырылады. Осыған байланысты, «Мемлекеттік әкімшілік басқару», «Мемлекеттік қызмет», «Саяси менеджмент», т.б. арнайы курстар оқытылады. Сонымен қатар, студенттер өздерінің өндірістік тәжірибесі кезінде мемлекеттік қызмет орындарында: үкіметте, Парламентте, әкімдіктерде тәжірибеден өтеді. Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауы Қазақ­стан жастарының әлемдік үдерістерден қалыс қалмай, халықаралық деңгейдегі ЖОО оқып, білім алуы мен біліктілігін арттыруына барынша жағдай жасауға жол ашады. Жолдауда аталған жастардың білім алумен қатар, тәрбие, әсіресе, патриоттық, адамгершілік тәрбие беру, этносаралық келісім мен то­лерант­­тылықты қалыптастыру мәселелері қоғам­ның тұрақтылығы мен мемлекеттің тұ­тас­тығын сақтайды. Білімді, әрі білікті, патриоттық қасиеті бойында бар әрбір жас Қазақстанның болашақ дамуының кепілі боларына сенімдіміз.

368 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз