• Келелі кеңес
  • 13 Қаңтар, 2015

Қазақ хандығы: Мәселелер мен ұсыныстар

Жания  Әбдібек, журналист

Қазақ  хандығының 550 жылдығына байланысты қоғамдық талқылаулардың жиі өтіп жүргендігі белгілі. Атаулы мерекенің тойлануына орай жақында «Ақиқат» журналының ұжымы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих және археология факультеті бірлесіп келелі кеңес өткізген еді. Шараға факуль­теттің ғылыми құрамы қатысты. Атап айтқанда, факультет деканы т.ғ.к., доцент Арман Жұмаділ, ҚР ҰҒА құрметті академигі, профессор Талас Омарбеков, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д., профессор Берекет Кәрібаев, т.ғ.д., профессор Гүлмира Сұлтанғалиева, т.ғ.д., профессор Гүлнар Хабижанова, т.ғ.к., профессор Эльмира Телеуова, т.ғ.д., профессор Болат Сайлан және Стамбул университетінің профессоры, Жалпы түрік тарихы кафедрасының меңгерушісі Муалля Уйду Югель, т.ғ.к., доцент Еділ Ноянов, т.ғ.к., доцент  Гүлмира Сәбденова, т.ғ.к., аға доцент Нәсия Тәсілова, PhD  докторлары Ғалия Ысқақова, Мәдина Байдәулетова, Мөлдір Өскенбай, Айнагүл Сағынаева және «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы қатысып, өз ойларын айтты. Келелі кеңесті академик Талас Омарбеков жүргізіп отырды. Назарларыңызға осында айтылған негізгі ой-пікірлерді ұсынамыз.

омарбековТалас Омарбеков: – Құрметті әріптестер! Ұлтымыздың үлкен ме­ре­кесін атап өтуді бас­тап жібердік. Қазақ хан­ды­ғының 550 жылды­ғын тойлауға тарихшылар да бел­сене атсалысуы керек. Басылым беттерінде Қазақ хандығының тарихына қатысты әр түрлі талқылаулар  жүріп жатыр. Біз де осы үрдістен қалмайық деп, бас қосып отырмыз.  Бүгінгі күн тәртібіне шығатын мәселелер бірнешеу. Олардың алғашқысы Қазақ хандығының құрылу кезеңі жөнінде: Қазақ хандығы қалай құрылды? Оның алғышарттары қандай, ішкі саяси-әлеуметтік құрылымы қандай болды? Қазақ  хандығының біздің даламызда өмір сүрген байырғы Түрік қағанатынан, кейініректегі Шыңғысхан құрған мемлекеттен, ұлыстық  басқару жүйелерінен айырмашылығы қандай?  Бұлардың бәрі мемлекетіміздің тарихы үшін аса маңызды мәселелер.Екіншіден, бұл маңызды мәселені бүгінгі күнмен тығыз байланыста қарастыруға тиістіміз. Мұның себептері де жоқ емес. Тәуелсіз тарихымыз  еркін жазыла бастаса да, Қазақ хандығының мемлекеттік статусына кейбіреулер мән бере қойған жоқ. Қазақ хандығын орыс тарапы мойындамай отыр. Ресей президенті В.Путиннің Қазақ мемлекеттілігі туралы не айтқанын жақсы білесіздер. Орыс басылымдарының бұл мерекені атап өтуге қарсылығы ара-тұра байқалып қалады. Мысалы, өзіміздің қазақстандық «Экспресс», «Литер» тәрізді  газеттер Елбасының биыл­ғы Жолдауын жариялағанда, онда айтылған«Қазақ хандығының 550  жылдығын мерекелейміз» деген сөйлемін алып тастаған. Неге бұлай болып жатқаны біздерді, тарихшыларды ойландыруы керек. Сондықтан, бүгінгі мәселе өте өзекті. Қазақ хандығы – қазақ халқының мақтан тұтар мемлекеті. Бірақ, оған қоғамның көзқарасы қандай? Оның  сол тұстағы көшпелі қоғамның барлық мүмкіндіктерін пайдалана білген толыққанды мемлекет болғандығын қалай дәлелдеуіміз керек? Үшінші мәселе, «Қазақ хандығы неге күйреді? Ресей империясына неге қарсы тұра алмады?»  деген­дей маңызды сауалдар туындайды. Ең соңында айтарымыз: бүгінгі бәріміз мақтан ететін Тәуелсіз Қазақстан өзін Қазақ хандығының саяси-этникалық мұрагері деп айта ала ма?  Егер, мұрагері болса, неге Қазақ хандығына басқаша көзқарастар бар, неге бұл мемлекеттің тарихын насихаттамаймыз? Неге кинотуындылар шығармаймыз? І. Есенберлиннің жолын жалғастырып, көркем әдебиеттер жазбаймыз?  Қазақ хандығы тарихына қатысты ірі де, іргелі ғылыми жобалар неге қолға алынбай отыр? Көріп отыр­сыздар, бұл мәселе төңірегінде ойланатын, ой қосатын  жайлар баршылық. Осы бағыттарда өздеріңіздің пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар, бәлкім қоғамдық ойға қозғау салармыз... АманханАманхан Әлімұлы: – Біз Марат Тәжин кезін­дегі Қазақстан тарихын қайта жазу мәселесі кө­терілгенге дейін, бір ай бұрын журналымызда  «Тарих, тарихшылар және билік» деген та­қырыпта келелі кеңес өткізген едік. Сонда, «Тарихтың жазылуы және оған биліктің ықпалы бар ма?» деген проблеманы көтердік. Содан, көп ұзамай М.Тәжин үлкен бастама көтеріп, тарихқа көңіл бөліне бастады. Демек, біздің журнал үлкен бастамаларға ойтүрткі бола алады. Пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз өте маңызды. Тарихтан белгілі,  кезінде Ресейдің тарихын Карамзин І Александрдің тапсырмасымен жазған. Мүмкін, бізге сондай күш керек шығар. Сонымен қатар, тарихты кім  жазуы керек? Қазір кез-келген ақын, жазушы өзін тарихшы санайды. Сөйтіп, делетанттар, графомандар көбейіп барады. Кейбір тарихи мәселелерге келгенде, әлі күнге дейін біз бір шешімге, түйінге келген жоқпыз. Мен Панкратованың Ілияс Омаровқа жазған хатын оқыдым. Сонда Панкратова: «Мен қазақ тарихшыларының үнсіздігіне таң қаламын. Грузиндердің князі, орыс патшалары керемет. Сонда, қазақтың Абылайханы керемет емес пе?» деген сұрақ қояды. Расында, біз ұлы тұлғаларымызды көрсете алмай қалғандығымыздан осындай пікірлер туындап жатқан жоқ па? Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, «Ақиқат» журналына кейде әуесқой та­рихшылардың мақаласын жариялап жібе­реміз. Кейде тарихшылар маған ренжиді. Бірақ, ол мақалаларды жариялау себебіміз, образбен айтқанда отқа май құйып отыру, сол арқылы тарихшыларды қоздырып, журналдағы жүріп жатқан әңгімелерге араластырғымыз келеді. Сөйтіп, шындыққа қол жеткізе аламыз. «Құранда» айтылғандай,  шындық талас-тартыс арқылы туады. Тарихты көркем әдеби тілмен жазғанды дұрыс деп есептеймін. Калашников, Ян секілді жазушылардың еңбектері мықты. Бірақ,  әуесқойлар немесе жазушылар өздерін кәсіби тарихшылармен қатар қоймауы керек. Сіздер тарихшы мамансыздар! Сіздердің ойларыңыз оқырманға ұнайды деген ойдамыз. Сіздерден жақсы әңгіме күтеміз. карибаевБерекет Кәрібаев: – Аманхан мырза, ойы­ңызды жалғастыра ке­тейін. Осыдан бір-екі  жыл бұрын  «Ақиқат» жур­налында Жарылқасын Боранбайдың маған қар­сы мақаласы шықты. Мен қарсы жауап дайындадым, бірақ,  жібермедім. Себебі, кәсіби тарихшылардың тарихшы емес немесе әуесқой тарихшылармен  сөз таластырғаны ұят болатын еді. Кезінде академик В.В.Бартольд: «Әуесқой тарихшы мен кәсіби тарихшының дауынан ешқандай шындық ашылмайды» деген екен.  Ал, жазушылар мен тарихшылар арасындағы байланыс туралы бір ой айта кетейін. Жалайырлардың шежіресі туралы деректер жинап, бірнеше кітап жазған жазушы Ораз Исмайлов деген ағамыз бар еді. Ол кісі: «Керей мен Жәнібек хандар туралы көркем шығарма  жазуға деректер іздестіріп  жүрмін» деп, менен қандай жазба деректердің бар екенін  сұрады. Мен деректер туралы және екі тұлға туралы өз ойымды айтып беріп едім, сонда ол: «Сіздер, тарихшылар, Алатаудың ең биік шыңында тұрған секілдісіздер, ал, біз тау­дың етегінде жүргендейміз», – деп еді. Сонда, жазушы тарихшыны жоғары қойып, өзін төмендетіп отыр. Ал, тікелей мәселеге келер болсақ, Қазақ хандығының 550 жылдық мере­кесіне байланысты өз ойымды айта кетейін. Жалпы, қазақ жерінде мем­лекеттіліктің басталғанына 3 мың жылдай уақыт өтті. Иранда мемлекеттілік  Кир заманынан,  Қытайда  одан да ертерек басталады. Неге біз скифтерден, сақтардан бастамадық? Біздің мемлекеттігімізді Қазақ хандығынан бастауымыздың мәнісі неде? Қазақ хандығына дейін қазақ жерінде 20 мемлекеттік құрылым мен  саяси  жүйелер  болған. Және солардың барлығы сол мемлекетті қалыптастырған тайпалардың атауымен аталды: Ғұн мемлекеті, Қаңлы мемлекеті, Оғыз мемлекеті, Түрік қағанаты, Түргеш, Қи­мақ, т.б. Және бұлардың барлығы Қазақстандағы мемлекеттілік тарихы­ның бір көрінісі, кезеңдері ғана. Ал, Қазақ хандығының ерекшелігі – «қа­зақ» деген тайпаның емес, Қазақ хал­қының мемлекеті болды. Яғни, Қазақ хандығының құрамына енген тайпа­лардың барлығының мемлекеті. Елба­сының өзі «Ғасырлар тоғысында» деген еңбегінде «Қазақ хандығы  бүкіл Орталық Азиядағы ең алғашқы құрылған  ұлттық сипаттағы мемлекет» деп өте дұрыс айтқан болатын. Қазіргі күнде Қазақстан мемлекетін құрап отырған қазақ этносы – Қазақ хандығының құрылуымен тарих сахнасына шықты. Солардың саяси құрылымы «Қазақ хандығы» деп аталды.  Қазақ халқының мемлекеті  ХІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін  жетті. Өкінішке орай, Қазақ хандығы ұлттық сипаттағы мемлекет болса да, орта ғасырлардағы қоғамдық қаты­настарға негізделген мемлекет еді. Мұндай мемлекеттер жаңа заманға сай қоғамдық қатынастарды жетілдіре ал­мады.  Германия,Франциядағы және т.б. елдердегідей  реформалар арқылы  жаңа сатыға көтерілу керек еді. Ресейге бағынбай тұрып,  Тәуке ханнан кейін-ақ  Қазақ хандығына өзгеріс енгізу қажет болатын. Өкінішке орай, олай болмады. Сөйтіп , Қазақ хандығы үш бөлікке бөлініп кетті. Жүз дегеніміз – Қазақ хандығының  әкімшілік-құрылымдық  бірлігі. Қазақ хан­дығы Тәуке ханнан кейін еліміз бейбіт жағдайда бір-біріне бағынбайтын, тек соғыс болған кезде ғана амалсыз бірігетін кіші хандықтарға бөлінді. Бұл жағдайды Ресей өте жақсы пайдаланып, елдің ішкі-сыртқы саяси жағдайларын  одан ары ушықтыра түсті. Ал, одан кейін не болғаны баршаға мәлім. Жалпы алғанда,  Қазақ хандығының үш жарым ғасырлық тарихы бар. Керей мен Жәнібек хандар оның негізін қалап берсе, оның түпкілікті жойылған уақыты  Орта жүзде  – 1822,  Кіші жүзде – 1824 жылға сай келеді. Бөкей Ордасында хандық 1845 жылы жойылды.  Уәли хан Орта жүздің, Шерғазы хан, Бөкей хандар Кіші жүздің соңғы хандары. Кейін Қазақ хандығын қалпына келтіруге Кенесары күш салып, 1841 жылы хан сайланды, бірақ, 1847 жылы қаза тапты. Қазақ хандығының тарихымыздағы рөлі, маңызы қандай? Біріншіден, Қазақ хандығының құрылуының бір ерекшелігі сонда, ол жеріміздегі этникалық үрдістермен қатар жүрді. Қазақ халқының этногенезі сонау қола дәуірінен басталады. Сол дәуірде қалыптасқан  көшпелі мал шаруашылығы этногенездің қозғаушы күші бола білді. Бұл көшпелі мал шаруашылығы түпкілікті түрде 1929-1930 жылдары жойылды.  Бұған дейін қазақ жеріндегі халықтың менталитетін, болмысын, дүниетанымын көшпелі өмір қалыптастырды. Қазақ халқының қалып­тасуының өз кезеңдері бар. Соңғы кезең XIV-XV ғасырларда өтті. Этникалық үрдіс пен саяси үрдістер бір-біріне өзара әсер етіп, алға жылжытып отырды да,  Қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығы – қазақтардың төл мемлекеті. Мемлекеті бар халық – ба­қытты халық. Мемлекеті жоқ халықтың  территориясы, экономикасы, тілі, діні, мәдениеті мен рухани өмірі болмайды. Тіпті, ондай халықтың болашағы да бұлыңғыр. Сондықтан, биылғы  мемлекеттік мейрам – Қазақ мемлекетін ұлықтайтын мереке. Биылдан бастап мемлекетшіл бағыттағы идеяларды насихаттап, жастарды патриоттық тәрбиеге баулуымыз қажет. Мына мейрам сол үшін болып жатыр. муалляМуалля Уйду Югель: – Біз Түркия тү­­­ріктері үшін Осман им­­периясы ұлы мемле­кет болып саналады. Тарихтан белгілі, Осман империясы жаугершілік соғыстарды жиі жүргізді. Қазір Түркияда Осман тарихын зерттеу саласында көп жұмыстар атқарылып жатыр. Кітаптар жарық көруде, мақалалар жазылуда. Өздеріңіз көріп жүрген  «Сүлеймен Сұлтан» туралы кинолар бар. Бірақ, оған қатысты даулы пікірлер жиі айтылып қалады. Осман империясы кезінде әйелдер кинода бейнеленгендей болмаған дегендей қарсылық болды. Біз, түркілердің түбіміз бір. Қазақ, ұй­ғыр, өзбек, т.б. бір тамырдан тарайды. Қа­­зіргі кезеңде бізге татулық керек деп ойлаймын. Әсіресе, тарихшылардың байланысын жақсартып, бірлесе кітаптар жазып, бірлескен тарихымызды жазуға атсалысуымыз керек.  Қазақтың мәдениетін «далалық мәдениеттің» жалғасы деп атау заңдылық. Қытайдың, орыстың, Византияның, арабтың деректеріне қарағанда, далалық аймаққа мәдениет сол жақтан келген. Ал, біздің ойымызша, мәдениет көшпелілер арқылы Батысқа тараған. Осыны дұрыс жеткізуіміз керек. Берекет Кәрібаев: – Орайы келгенде айта кетейін, Қазақ хандығы туралы ақпараттарды интернет кеңістікке де енгізуді қолға алып жатырмыз. Қазақстанда онлайн-кітаптардың «kitap.kz»  деген сайты бар. Осы сайтқа студенттер  Қазақ хандығы туралы жазған мақалаларымды жинастырып, онлайн-кітап етіп  шығарды. Сайттың «Тарих» бөліміне кірсеңіздер, «Қазақ хандығының тарихы» деген бөлімшеде Қазақ хандығы туралы көп мағлұмат бар. Қарап көрсеңіздер болады. султангалиеваГүлмира Сұлтан­ғалиева: – Бүгінде «Қа­зақ хандығының 550 жылдығын тойлау керек пе?!» деген сұрақ қойылып отыр. Менің ойымша, тарихшылар бір ауыздан бұл мерекенің өтуін қолдайды. Бұл мереке қазақ халқының ұлттық санасындағы бірлікті сақтау үшін және қазақстандықтардың тарихи санасының қалыптасуы үшін маңызды. Бұл тойдың мерекеленуін жастарды Қазақстан тарихын оқыту жолындағы әлеуметтік тәрбие деп қарастыруға да болады.  Бұл біздің тарихымыздың бір бөлшегі, біздің мақтанышымыз. Бірақ, қоғамда неге Қазақ хандығын тойлау, тойламауға қатысты пікірталас туындап жатыр?  Бұл біріншіден, мәселенің туындауы қазақтың көшпелі мемлекет болуымен байланысты. Себебі, әлемдік тарихтануда еуропоцентристік көзқараста мемлекетті тек отырықшы халықтар ғана құра алады деген ой қалып­тасқан. Бұл мемлекеттіліктің моделі секілді. Ал, отырықшы емес, көшпелі ха­лықтардың мемлекеттеріне күмәнмен қарайды. Осы орайда, Америкалық тарихшы  Эдвард Саидтың «Oриентализм. Западные концепции Востока» атты гуманитарлық зерттеулердің методологиясына  ықпал еткен еңбегін айтуға болады.Саид XVIII-XX ғасырдағы Еуропа ғылымындағы Шығыс туралы ориенталды стереотиптердің, батыс қоғамының санасын қалыптастырып отырған бинарлы көзқарастар туралы жазған. Осы контексте, Қазақ мәдениеті – көшпелілердің ірі мәдениеті. Және Қазақ хандығының көшпелі өмір салты негізінде құрылуы отырықшы мемлекеттерден бірден-бір айырмашылығы болды. Бірақ, бұл Қазақ хандығының маңызына еш әсер етпейді. Керісінше, біздің тарих Қазақ хандығын хандық биліктің институты ретінде бағалап,  әр ханның еңбегін насихаттауымыз керек. Қазақ хандығының қалыптасуына, біздің бүгінгі күнге жетуімізге әр ханның қосқан өз үлесі бар. Әбілқайыр хан Батыс территорияның сақталуына, Абылай хан Шығыс шекараның берік болуына ықпал етті. Хандардың осы еңбектерін жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Тарихи даталарды, мерейтойларды тойлау өте маңызды. Себебі, тарихи сананың, ұлттық сананың қалыптасуына мұндай мерекелердің әсері үлкен. хабижановаГүлнәр Хабижанова: – Қазақ мемлекеттілігін қазақ жерінде өмір сүрген саяси құрылымдардан: сақтар, үйсін, қаңлы, ғұн, тағы басқаларынан жеке алып қарастыра алмаймыз. Осыны зерттеу жұмысында ғана емес, оқу үдерісінде де ескеруіміз керек. Осыған байланысты, мына мәселе назар аудартады: жақында ғана Министрліктің тарапынан Қазақстан тарихын оқыту мәселесін қайта қарауға тапсырма берілді. Бұл біздерді, университет оқытушыларын ойландыру керек. Яғни, біз осы мәселеге қатысты өз ойымызды айта аламыз. Біздің қатеміз,«Қазақ хандығының айтулы тарихи мерзімін тойлау қажет пе, жоқ па?» деген сұрақтың туындауы болып отыр. Жалпы, халық бұл мәселенің маңыздылығын терең біле бермейді. Біз ежелгі Түрік заманындағы мемлекеттілігіміздің  қалыптасуы мен кейініректегі Қазақ хандығы арасындағы мұрагерлік байланыстарды халыққа жеткізу бағытында жұмыстар жасауға тиіспіз. Қазақ хандығы ХV ғасырдың ортасында бір күнде құрылған мемлекет емес. Бұл ұзаққа созылған, күрделі үрдіс болды. Менің ойымша, осы мәселе оқулықтарда солғын және үстірт  айтылған. Зерттеу жұмыстарында біз жиі айтатын мұрагерлік  туралы мысалдар да аз кездеседі. Және осы орайда зерттеулердегі басты бағытты мемлекеттілікпен қатар жүрген этногенез мәселесіне қарай бұру керек. Қазақ мемлекеттігінің құрылуына алып келген идея қазақ жерінде сақ дәуірінен бері жалғасып келді. Қазақ халқының этникалық құрылымы қарапайым емес, тіптен, аса күрделі. Ғұн, Үйсін, Қаңлы мемлекеттері, Түрік қағанаты, Батыс түрік қағанаты, Қарлұқ, Оғыз, Түргештер, Қарахан мемлекеті... Біз осы мемлекеттердің этникалық тұрғыда өзара мұрагерлігіне баса назар аударуымыз керек. Ресейлік ақпарат көздері посткеңестік мемлекеттер ешбір негізсіз өз тамырларын тереңнен іздеуде деген пікірлер таратуда. Мұның жөнсіз айтылғаны белгілі. Алайда, мұның өзі де ғылыми негізде дәлелдеуді қажет етеді ғой. Меніңше, мұны былай түсіндіруіміз керек. Тәуелсіздік алумен бірге жаңа деректер ашылуда. Сол деректер тарихымыздың тереңде екендігін көрсетуде. Бірақ, мұның бәрін ғылыми қолданысқа енгізе алмай жүрміз. Біздің зерттеулерімізде  археология, антропология деректері аз қолданылып жүр. Палеогеография, демография деректері де назардан тыс қалуда. Мәселен, Алматының тарихы 1854 жылы Верный портынан басталады. Бірақ, бұл мекенде қаланың болғандығы бұрыннан белгілі. Мұнда Алмалы, Талғар секілді қалалар болған. Егер, қалаларды өркениеттің бір элементі ретінде қарайтын болсақ, көшпелілердің де өзіндік өркениеті болғаны белгілі. Бұл туралы археологиялық деректер айтып береді. Әсіресе, соңғы 20 жылда көп істер атқарылды. Осы мәселелерді оқулықтарға нақтылап жазу керек. Этникалық құрылымдардың жалғастығын ерекшелеп көрсету қажет. Яғни, далалық мәдениетті этникалық құндылықтар жиынтығы ретінде қарастырған орынды. Осы айтылғандар Қазақ хандығы тәрізді мемлекеттің құрылуына негіз қалаған мәселелер. Яғни, біз әңгімелеп отырған мемлекет ұзақ ғасырларға созылған тарихи үдерістер нәтижесі. сайланБолат Сайлан: – Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы, хандардың билігі туралы көп мәселені ай­туға болады. Соның ішінде, соғыс өнеріне тоқ­­­талып кеткім келіп отыр. Абылайханның со­ғысу әдістері, Жәңгірханның Орбұлақ шайқасындағы жеңісі, Тәуекел ханның Самарқан мен Бұқараны жаулап алып, Ташкентті екі жүз жылға Қазақ хандығының құрамына қосып беруі – мықты әскердің күшімен жеткен жеңістер. Сондықтан, Қазақ хандығы кезіндегі соғыс тактикасы деген тақырыптың көтерілгені де дұрыс. Сонда, Қазақ хандығы тарихының тағы бір қыры ашылады. Өйткені, біздің тарихымыз кімнен кем? Өзге мемлекеттер хандарын дәріптеп, олардың жетістіктерін мақтана айтып, жазуда. Менің ойымша, Қазақ хандарының соғысу әдіс-тәсілдерін арнайы тақырып етіп көтеру керек секілді. жумадилАрман Жұмаділ: – Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау арқылы тарихымыздың көптеген мәселелеріне жаңа көзқараспен, тарихи шындықпен сарап­тау мүм­кіндігі   туды . Соның бірі – қазақ халқының сақтармен этникалық жақындығы бар ма, жоқ па деген мәселе! Кезінде сақ ханшасы Томириске ескерткіш орнату туралы мәселе қозғалғанда, кейбір тарихшы-ғалымдарымыз сақтар барлық Орта Азия және Кавказ халықтарына ортақ тайпалар, сондықтан да, бізге Томириске ескерткіш орнатудың қаншалықты қажеті бар дегенді айтты. Сақтармен генетикалық жағынан қаншалықты жақын­дығымыздың бары жақын уақытта шешілер. Біріншіден, Қазақстан жерінде сақ дәуірінен бері этникалық процестер үзілмей келді. Оған дәлел – Геродот жазып көрсеткен сақтардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі тү­ге­лімен қазақ халқында сақталуы. Егер, сақ­тардың қазақтарға қатысы жоқ болса немесе қазақ жеріндегі этникалық процестер арада үзіліп қалса, онда сақ заманындағы салт-дәстүрлер қазақ халқының бойында қалай сақталған болар еді?! Екінші мәселе, жоғарыда айтылғандай, біз өзіміздің әскери тарихымызды көтеруіміз керек. Әскери тарихымызды зерделеу – бүгінгі кенже қалып қойған саланың бірі. Айбынды тарихымызды айтып, мақтануымыз керек. Ол патриоттық тәрбиемен де тығыз байланысты.Үнемі төрт тараптан жау шауып, қауіп төнгенде ұлан-қайыр жерімізді қалай сақтап қалдық?! Мұны тек әскери істің озықтығымен түсіндіру жеткіліксіз. Бұл жерде хал­қымыздың, сарбаздардың ішкі өзегінің, психологиялық, дүниетанымдық құн­ды­лықтардың мықтылығын ескеру қажет. Көп жағдайда біз халқымызды басқалардан ерекшелейтін осындай тұстарды көрсетуді ұмытып кетеміз.Осы аталған қасиеттердің арқасында  қаншама «Ақтабан шұбырындыны» бастан өткерсе де, халқымыз мойымай, бүгінгідей кең территорияны сақтай алды. Сондықтан да, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын пайдалана отырып, халқымыздың дүниетанымдық құндылықтарына, салт-дәстүріне  ерекше көңіл аудару керек.Антикалық авторлар сақтардың екі нәрсені мақтан ететіні туралы жазады: бірі ат үстіндегі керемет мергендігімен болса, екіншісі, қай кезде де тек шындықты айтатын турашылдығымен. Қазақтың «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегені сияқты шындықты бетке тайсалмай айту – тек толықтай рухани және жан еркіндігі бар адамның қолынан келетін дүние. Сондықтан да, бірінші кезекке бас бостандығы мен рухани еркіндікті қою – тек көшпенділерге тән мінез. Осыдан  «Далалық демократия»басталады. Оның принциптері тез арада барлық көрші елдерге тарап, олардың саяси дамуына өз ықпалын тигізді. Мәселен, Еуропа тарихындағы атақты Артур королі өз рыцарьларымен дөңгелек үстел басында отырып, әр мәселені ортаға салып талқылауы тарихта демократияның ал­ғашқы көрінісі ретінді қабылданды. Ал, қарап отырсаңыз, мұндағы дөңгелек үстел – далалық атрибут, көшпенділердің күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымы. Демократияның көріністерінің бәрі әлемге далалық мәдениет арқылы тараған.  Рухани құндылықтарды көрсетудің маңызы неде: бүгінгі қазақ пен кешегі қазақты салыстыру үшін қажет. Біз қайда бара жатырмыз? Кешегі бабаларымыздың бойын­дағы қасиеттер бүгін біздің бойымызда бар ма?  Осы мәселені түсіну үшін хандық дәуірдегі рухани құндылықтарды сараптап шығу керек. телеуова-2Эльмира Те­леуова: – Қазақ хан­дығының құры­луына алып келген идеяға тоқтала ке­­тейін. Қазақ ханды­ғының құрылуы – Түркі дәуіріндегі ел идея­сының жаңғыруы деуге болады. Түркі дәуірі – Қазақ мемле­кеттілігінің тарихи бас­тамасы. Егер, заңи тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Бумын қағанның заңы «Төре», кейінгі Қазақ заңдарының тарихи бастамасы деуге болады. Қазақ хандығының құрылуын қақтығыстар тарихы тұрғысынан емес, заң шығармашылығымен және бірігу идеясымен байланыстырып қарастырған жөн. Біздің қазіргі қоғамда «қазақ», «Қазақ мемлекеті» деген ұғымнан гөрі, «Қазақ елі» деген ұғым басымдылыққа ие болып отыр. Бұл заңдылық. Себебі, түркі дәуірінде мемлекет ұғымы «ел» идеясымен қатар қолданылды. Ал, Қазақ хандығының құрылуы баспасөзде және әдебиетте қалай дәріптелуі керек?  Немесе интернет-ресурстарындағы көзқарастар қандай болуы тиіс?  Мәселен, «Facebook» әлеуметтік желісінде тарихи тақырыптар аясында үнемі пікірталастар өтеді. Жа­қында «Аманат» қоры жастар арасында «Қазақ хандығының 550 жылдығын қалай өткізу керек?» деген мәселе көтерді. Жастардың тарапынан жақсы пікірлер айтылды. Осы торапта Ресей Президенті В.В. Путиннің қазақ мемлекеттілігіне қатысты пікіріне жауап ретіндегі видео жарияланды. Қазақ хандығы мен Ресей империясы арасындағы қарым-қатынасы, Ресейдегі құжаттардан тиімді мәліметтерді қамтыды. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту, Ресей бодандығы кезеңімен байланыс­тырылып, Ресей патшалығы тұсындағы империялық саясатқа бүгінгі Ресейден тарихи тұрғыдан жауап іздеудің қажетсіздігін баса көрсетіп, саяси қақтығыстардың туындауына тосқауыл қойылуы тиіс. Тағы бір мәселе, Қазақ хандығын қазіргі кезеңде қалай дәріптеуіміз керек? Кей кезде халықтың тарихи жадысы ұмытылғанмен, тарихи ескерткіштері өз орнында қалады. Тарихи ескерткіштерге үлкен мән берілу керек.Тарихшылар Қазақ хандығының тарихына байланысты объективті деректерге сүйене отырып, оның әр қырынан ашуға ұмтылуы қажет. Қазақ хандығының құрылуы тарихи заңдылық болды. Себебі, Керей мен Жәнібектің көшіп кету мәселесін тарихи заңдылық ретінде қазақ халқы­ның қалыптасуының басталып және аяқталған кезеңі ретінде қараған жөн. Сондықтан, Қазақ мемлекеті – ғасыр­ларға созылған этникалық үдерістің нә­тижесі. Қазақ хандығын дәріптеуді қажет ететін ұғым – жоғары билік идеясы.Қазақ билеушілерінің арасында миртократиялық идеялар туралы айтуымыз керек, яғни, билік басындағы адамның моральдық жағынан жауапкершілікті сезінуі. Моральдық жауапкершіліктің қазақ хандығының алғашқы билеушілерінің бойында болуы, олардың үнемі дұрыс шешім қабылдауы, дауды бейбіт жолмен шеше білуі, жеке басының қабілетін өз бетінше бағалай білуі. Мысалы, ел ішіндегі беделінің төмендеуін білген Бұрындық ханның ешқандай қақтығыссыз Қасымға билікті беруі немесе билер арасындағы «жеңіп шығу емес, жеңілдеп шығу» идеясы қазақтың ертеден ақиқатқа жақын, «ар мен ождан, ұят» құндылықтарын бағалаған өмірге ұмтылғанын, бүгінде қоғамға осы сәтті пайдаланып дәріптесек болады. Жүсіп Баласағұнның «Бек болып туылсаң, бек болып қал» дегені бар. Бұл моральдық жауапкершіліктің болуына түркі қоғамынан бастау алуын көрсетеді. Қазақ хандығының белгілі 18 ханы бір-бірімен қырқысқан жоқ, конфликті көп жағдайда көшіп кету арқылы шешіп отырды. Қазақ хандығының тарихы туралы айтқан кезде, оның бүгінгі қызметіне ерекше тоқталуымыз керек. Бүгінгі қызметте, билікте отырған адамдардың моральдық жауапкершілігін арттыру қажет. Бұл мәселені дәріптеу бүгінде билікке ел алдында жауапкершілігі мол, жеке бастарында әділеттілік пен «ар мен ұят» қасиеттеріне жүгінген азаматтың келуі тиіс дегенге саяды. Бұл елдің би­лікке деген сенімін арттырады, жем­қорлықпен күресте моральдық бейне қа­­лыптастырады. Екінші дәріптелуге тиісті идея – бұл жастармен тығыз байланысты қазақтың «қарапайымдылығы». Араб саяхатшысы: «Түргеш қағаны өз ер тоқымын өзі жасап отыр екен», деп жазады. Бұл билеушілердің өте қарапайым болғандығын көрсетеді.  Джон Кэстельдің 1736 жылы Әбілқайырдың суретін салған(рисунок с натуры). Осы суреттің өзі Жоңғар соғысында жеңіске жеткен хан өте қарапайым бейнеленген. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген құндылықты қазақ ешқашан бойынан жоғалтпаған. Дала өркениетінде қарапайымдылық бірінші кезекте тұрды. Дала көшпендісі ат үстінде жүріп табиғат әлемін танып қана қоймай, онымен етене байланыста болды. Сонымен қатар, олардың әрбірі сөзге шешен, терең ойлауды ұғынып, сөз қадірін жақсы білген. Жаһандану заманында сыртқы ықпал қазаққа тән жақсы мінез-құлықты жойып барады. Оған тосқауылды тарихымыздағы тұлғалардың өмірін өнеге ретінде дәріптеу арқылы қол жеткіземіз. Қорытындылай келе, мен үш негізгі мәселеге тоқталдым.  Біріншісі, ел идеясы, екіншісі биліктегі миртократиялық идеяны, үшіншіден қазақ қоғамындағы шынайылық, қарапайым идеясын Қазақ хандығының тарихымен қатар дәріптеуіміз керек. сабденоваГүлмира Сәбденова: – Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын тойлау мем­лекеттік деңгейде өткізілуі өте дұрыс. Және осы Қазақ хандығының 550 жылдығы кезекті науқан секілді болып қалмаса, өз деңгейінде тойланса екен деген пікірім бар. Кезіндегі  «Ха­­лық тарих толқынында» деген бағдарламаны тарихшылар жақсы қа­былдады. Мемлекет тарапынан қолдау болады делінген еді. Алайда,  оның соңы түсініксіз болып кетті. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту тарихшылардың ұсынысы еді. Бірақ, тойдың өтуіне келгенде тарихшылар шет қалып жатқан секілді. Мерекені тойлау, оның іс-шараларын жоспарлау Астанадағы Мәдениет институтына жүктелген екен. Бұған байланыс­ты тарихшылардың реніштері де жоқ емес. Себебі, мәдениет институтында бұл мәселені жетік білетін мамандар аз. Олардың өзі біздің тарихшыларға, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және археология, этнология институтындағы мамандардан сұрап жатыр деседі. Бір ғана жылдың ішінде мемлекеттік мәселені идеология ретінде көтеруіміз керек болса, мәселені білмейтін мамандарға қалай сеніп тапсыруға болады? Қазақ хандығының тарихы туралы айт­қанда, дереккөз мәселесіне ұшырасамыз. Қазақ хандығына байланысты деректерді жүйелеу дұрыс ұйымдастырылуы керек. Шетелмен жақсы байланыстың нәтижесінде Қазақ хандығына қатысты көптеген деректер мұрағаттардан табылып жатыр.  Биылғы мерейтой қарсаңында, Қазақ тарихына қатысты деректерді анықтап, жүйеленіп, көпшілікке жарияласа деген ұсынысым бар. нояновЕділ Ноянов: – ҚР Президентінің Қазақ хан­дығының 550 жыл­дығын тойлау шарасын қолға алғанына өте қуаныштымын. Өзімізге көр­шілес Қырғыз Елі осыдан бірнеше жыл бұ­рын ЮНЕСКО-ның деңгейінде «Ма­нас» жырының 1000 жыл­дығын атап өтті. Осы ар­қылы Қырғыздың мың жыл бұ­рын халық болып қалыптасқандығын әлемге жария етті. Оңтүстіктегі көршіміз, Өзбекстанның президенті Самарқанда өткен Әмір Темірдің кезекті мерейтойларының бірінде «Өзбектердің мемлекеттілігі тарихы бірнеше мың жылдықты қамтиды» деген пікірін айтты. Ал, тарихқа сүйенсек  алғаш рет «Өзбекстан» атауы  Фазлаллах ибн Рузбеханнның «Михман наме-ий Бухара» еңбегінде аталады екен. Бұл ХVI ғасырдың басында жазылған тарихи шығарма. Яғни, атаудың пайда болғанына 500 жылдан енді ғана асқан. Бірақ, олар өз тарихына келгенде «Өзбекстан» атауымен шектеліп отырған жоқ қой. Бұдан қазақ жеріндегі мемлекеттілік мәселесін әріден бастаған да жөн деген ой туындайды. Елбасымыздың әр жылдарда халыққа арналған Жолдаулары мен телеарналардағы сұхбаттарында қазақ тарихы мәселесі үнемі көрініс тауып отырады. «Мәңгілік Ел», «Қазақ Елі» идеялары да осылай халыққа таралып отырды. Осы орайда «Қазақ хандығының 550 жылдығын» атап өту мәселесі дер кезінде қолға алынған дүние болып саналады. Тек атқарушы органдар дер кезінде көңіл бөліп, мерейтойды атап өтуге арналған 3 млрд. теңге қаржыны орнымен жұмсалуына көңіл бөлсе екен деген ой туындайды. Қаржының бір бөлігі Қазақ хандығының құрылуын суреттейтін көп сериалды фильм түсіруге жұмсалады екен. Қазақ хандығына қатысты кино түсіргенде тұлғаларға, ру тайпаларға байланысты жекеленген келеңсіздіктер көрініс тауып  қалуы мүмкін. Бірақ, осының бәрін тігісін жатқызып, жеткізе білу қажет. Осы жағынан алғанда Оңтүстік Корей Елінің тәжірибесіне көңіл бөлген жөн. Қазір біздің халық әр түрлі тарихи кезеңде болған  Кореяның «Силла», «Коре», «Когуре», «Пекче», «Пуе» мемлекеттерінің атауларын тарихи тақырыпқа түсірілген сериалдардан көріп біліп отыр. Ол фильмдерде мемлекет басшысы мен елдің уәзірлері, қолбасшыларынан қарапайым халқының еліне деген сүйіспеншілігі көрініс тауып отырады. Корейлер де әр түрлі тайпалар мен патшалықтар болған. Қазір біртұтас ел болып отыр. Оның қасында біздің үш Жүзге бөлінуіміз соншалықты көп дүние емес. Осы мерейтойды атап өтуде  Қазақ хандығымен шектеліп қана қоймай, әрідегі тарихымызға көңіл бөлуіміз  керек. Қазір Ресейдегі кейбір тарихи тақырыптарға арналған теле бағдарламаларында  өздерін скифтердің (сақтар) ұрпағы екендерін айтқысы келетінін көруге болады. Бұған ежелгі скифтердің Қара теңізден  Сібірге дейінгі жерлерді  қоныстанғанын, қазір бұл жерлерде Ресей халқы мекендеп отырғандығын негіздегісі келетін сияқты. Сонымен қатар, скифтерді  үнді-иран тілінде сөйлеген немесе еуропалық белгісі басым болған дегендей себептермен қазақтарға жолатқылары келмейді. Ежелгі Ғұн, Үйсін, Қаңлы мемлекеттері мен ортағасырлық түркі (Түрік, Түргеш, Оғыз және т.б.) және моңғол шапқыншылығынан кейін құрылған Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан мемлекеттерін  Қазақстан жерінде болғанына қарамастан  қазаққа қатысы жоқ мемлекеттер ретінде көрсеткісі келетін ғылыми еңбектер де жетіп жатыр. Ал, қазақты құрап отырған найман, керей, қоңырат, жалайыр тайпаларын кезінде түріктенген монғол тайпалары етіп көрсетуде орын алып отыр. Қазір Алтын Орданың мұрагері  татарлар болып алды. Сондықтан, келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау­мен қатар, тарихымызға тереңірек үңіліп, біздің жерде орналасқан мемлекеттердің тікелей мұрагері қазіргі Қазақ Елі екенін халыққа жеткізуге көңіл бөлуіміз қажет. Қазақ халқының тарихи санасы мықты болып, рухы өсетін болса, мәңгілік ел бола аламыз. Ең алдымен өткен тарихын қазақтың өзі терең сезінуі керек. Сонда ғана патриоттық сезім қалыптасады. Біз сол кезде ғана әлем таныған ел бола аламыз. Жоғарыда айтып өткен Корея  экономикасын дамытумен қатар елінің тарихына көңіл бөлу арқылы бүгінде әлем мойындаған елге айналып отыр. Бізге осы тәжірибе аса қажет болып отыр. Аманхан Әлімұлы: – Кино туралы жақсы ойлар айтылды. Қазақ хандығы туралы кино түсірілсе, «Көшпенділердің» кейпін киіп қалмайды ма?» деген орынды сұрақ туындайды көкейде. Кино мамандарының пікірінше, алдымен Қазақ хандығы туралы деректі фильм түсіріп, деректерді жүйелеп алуымыз керек. Содан кейін ғана көркем дүние түсіруге болады. Көркем фильмнің сүйегі дерек болуы керек, ал, жан кіргізетіні көркемдік дүниелер болғаны дұрыс. Арман Жұмаділ: – «Көшпенділер» фильміне қатысты талай сын пікір айтылды. Сіз дұрыс айтасыз. Алдымен деректерді, материалды жүйелеп алып, үлкен туындыға содан кейін кірісу керек. Мысалы, «Көшпенділерде» қазақтың өмір салтына келмейтін тұстар көп. Соның бір-ғана жеріне тоқталайын. Кинода қазақтар жауын жеңіп Түркістанды алған соң,  ұлан-асыр той тойлайды. Сонда Абылайхан жүріп келе жатып ас ішеді. Бір қолында шелпек, бір қолында сусын құйылған тостаған. Тақ бір кока-кола мен гамбургер ұстап келе жатқандай әсер қалдырады. Қазақ еш уақытта жүріп келе жатып ас ішпеген. Қазаққа дастарханнан үлкен қасиетті нәрсе жоқ. Соны киноны қоюшылар білмейді. Сондықтан, кино түсіргенде бір жүйеге келтіріп алу керек. Асы­ғыстықтың қажеті жоқ. тасиловаНәсия Тәсілова: – Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау күн тәрті­біне қойылып отыр. Бүгінгі таңда идео­логия­лық тұрғыда бұл біздің халқымызға қажетті мереке. Сондықтан да, бұл мейрам бүкіл халықтың тарапынан, мамандар тарапынан қолдауға ие болып отыр. Қазақ хандығы ХV ғасырда этникалық мәнде құрылған. Сол кезеңдегі жазылған Қазақстан деген термин «Бадай ал-вакай» деген деректе тұңғыш рет XVI ғасырда  кездеседі. ХVІ ғасырдың соңына қарай Ұлы Орыс империясы бі­ріге бастап, біртұтас мемлекетке айнала бастаған кезеңі Қазақ хандығының дәуірлеу кезеңімен тұспа-тұс келді. Екі мем­лекеттің де бірігу процесі бір уақытта аяқталып, тарих сахнасына шығады. Алайда, 3,5 ғасырдан кейін Қазақ хандығы  Ресей империясының отарына айналғаны белгілі. Бүгінгі таңда тарихымызға терең бойлап, мемлекетіміздің біртұтастығын сақтап қалуымыз үшін Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеумен қатар, оны халық арасында жоғары деңгейде насихаттау қажет. Жас ерекшелігіне сай оқу үдерісіне «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Қазақ хандарының тарихтағы орны мен рөлі» сияқты қосымша оқу бағдарламалары мен мультфильм, кинолар мен деректі фильмдер түсіріліп, оны мектеп бағдарламасынан бастап ЖОО оқыту қажет сияқты. Бұл мерекені тек науқанға ғана айналдырмай, керісінше барлық саланың мамандары жұмыла отырып нақты қадамдарға қол жеткізуіміз керек деп ойлаймын. Екіншіден, кез-келген мемлекеттік бағдарламалар, жоспарлар, мерекелер баспасөз беттерінде, мамандар арасында қызу талқыланғанмен, мектептерге, білім ошақтарына жетпей қалып жатады. Әсіресе, мектеп қабырғасындағы жастарға дұрыс насихат жүргізіле бермейді. Сондықтан, Қазақ хандығын дәріптеуді мектептің білім жүйесіне де енгізу керек секілді. Өйткені, мектепті бітіріп келген қазіргі студенттердің кейбір мәселелермен мүлде таныс емес екенін байқаймыз. Ескі сарынмен оқытылатыны, жаңалықтардан бейхабар қалатындай. Бұл мәселені мемлекет пен тарихшылар  бірлесе отырып, бір жүйеге келтіру керек. Мұндай мәселелер тар шеңбердегі отырыстармен ғана шектелмей, жүйелі түрде оқу процесіне енгізілуі тиіс. Арман Жұмаділ: – Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын пайдаланып, мектептердегі Қазақстан тарихы оқулықтары бір пысықталса, қайта қаралса. Өйткені, біз республиканың жан-жағынан кел­ген студенттерді оқытамыз. Өзге өңір­лерді айтпағанның өзінде Алматы мек­тептерінің өзінде тарихты кері оқытатын оқиғалар кездеседі. Мысалы, қазақ халқы 1930-жылдары ұшыраған ашаршылықтың себебін қазақтардың отырықшыланғысы келмегендіктен болды деп түсіндіреді. Ал, түрік қағанатының негізін қалаған Ашина руы – баукеспе банды екен. Бұл көрініс Алматының орта­лығындағы мектепте орын алса, шет аудандарда не болып жатқаны бір құдайға аян. Аманхан Әлімұлы: – Дұрыс айтасыз. Бұл мектептердегі оқулықтың жүйесіздігінің салдарынан туындап отырған сауатсыздық. Оқушыларды да аяуға болады. Мектептерде он жыл бойы бір тарихшының оқулығымен оқытады, ҰБТ-да сұрақ екінші тарихшының оқулығынан келеді. Кітап баспалары оқулықтарды сапасыз, дайындықсыз шы­ғарады. Сөйтіп, тапсырыспен мектептерге сатады. Соңында, әр мектеп әр түрлі баспа шығарған оқулықтармен оқиды. Әр түрлі кітапта түрлі деректер. Арман Жұмаділ: – Тағы бір мәселе, Шыңғыс хан, Қасымхан, Хақназар сияқ­ты бір орталыққа бағынған мемлекет құр­ған қағандар мен хандарды біз қалай бағалауымыз керек? Бұл қазақ тарихында даналар басқарған кез деуімізге тиіспіз. Халықты айрандай ұйытып, бейбіт заман орнатқан хандарды дәріптеуіміз қажет. мадинаМәдина Байдәу­летова: – Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығы мем­­лекеттік деңгейдегі ме­реке болғандықтан, осы мәселеге тарихшы ма­мандардың, журна­лис­тердің және қоғам­ның атсалысуын құп­таймын. Бізде өз­деріңіз айтып өткендей, «оқыту жүйесі, оқу­лықтарға қатысты, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау керек пе, жоқ па?» – деген секілді мәселелер көп. Бұл түптеп келгенде, оқыту жүйесінің әлі де болса солғындығын көрсетеді.  Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде тойлау мемлекетіміздің басты ұстанымы екенін естен шығармаған жөн.  Менің ойымша, бұл «Мәңгілік ел» идеясын ары қарай дамыту, жалғастыру мақсатында жасалып отырған шаралардың бірі деп қабылдауға болады. Бізде ұсыныстар, жоспарлар айтылады. Бірақ, олардың жүзеге асырылуы өте нашар. Олар қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатыр? Мәселе осында. Бастама бар, енді оны журналистер, тарихшылар және еліне шынайы жаны ашитын азаматтар болып еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі, дамуы үшін бірлесе отырып дамытып, қоғамға байыптап жеткізуіміз керек. Болашақта қоғамда «Қазақ хандығының айтулы мерзімін тойлау қажет пе, қажет емес пе?» деген сұрақтар туындамас үшін, мұндай маңызды жұмыстарды жас ұрпақтың санасына қазірден бастап сіңіруіміз керек. Қазақ хандығының 550 жылдығы арқылы еліміздің аса бай тарихын  жан-жақты насихаттау, оны санаға сіңіру аса қажет! Өйткені, бұл біздің болашағымыз, еліміз және мәңгілік тәуелсіздігіміз! оскенбайМөлдір Өскенбай: – Қазақстанды ше­телдіктер АҚШ тү­сірген аты­шулы, мә­дениеттен жұрдай «Борат» деген кино арқылы таниды. Не­месе Ресеймен бай­ланыстырады. Бұ­дан байқағанымыз, ше­телдерде, әсіресе, АҚШ-та Қазақ­стан ту­ралы нақты түсі­нік, көзқарас қалыптаспаған. Себебі, ақ­па­рат­тық тұрғыда жүйелілік, көзқарас қалып­тастыратын тұщымды дүние жоқ. Дәл осындай кезде Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау тек мемлекеттің көлемінде ғана емес, дүниежүзілік деңгейде тойлау қажет деп ойлаймын. Өйткені, әлемге өзімізді танытуымыз керек. Қазақ хандығы, Қазақстан туралы интернет-ресурстардың көбейгені жақсы үрдіс. Өйткені, әлем интернеттің аяқ алысын бақылап отыр.  Осындай ақпараттың ағынына еліміз туралы және оның бай да айбынды тарихы туралы сапалы,  маңызды ақпаратты қосуымыз керек. Бұл ел азаматтары үшін де маңызды. Себебі, қазіргі күн интернет пен ақпараттың заманы.  Бұл тек қазақ тілінде ғана емес, халықаралық тілдерге де аударылса деген ұсыныс айтар едім. Галия ЫСковаҒалия Ысқақова: – Қа­зіргі таңда Қазақ хан­­дығының 550 жыл­ды­ғын тойлау маңызды іс. Өйт­кені, бұл патриоттық се­зімді қалыптастыратын мереке болғалы отыр. Қазақстан халықтары – қазақ ретінде иденти­фикацияланбаған. Тіпті, кейбір қандас­тарымыз қазақ бола тұра, қазақ екенін мойынсұнғысы келмейді. Бұл ха­лықтың тарихи түсініктері, білімдері таяз екендігінен туындап отырған мәселе. Мәселен, мектепте ерте орта ға­сыр­лардағы хандықтар туралы сабақ өткенде, сол кезеңде қазақтар қайда болды деген сұрақтар туындайды. Бұдан байқағанымыз қазіргі жастар қазақтардың түріктермен, сақтармен қандай байланыстың бар екенін түсіне бермейді. Тәуелсіздік жылдары тарихшылар көп еңбек етті.Олар тек Қазақ хандығының саяси тарихын жазып қана қоймай, Қазақ хандығының ерекшеліктерін де айқындауда. Мәселен, жүзге, руға бөлініп, өзінің түп-тамырын білетін қазақтар ғана. Қазір бізге әрбір тарихи тұлғаны өз деңгейінде таныстыру, жан-жақты насихаттау керек болып отыр. Жастар тарихты саяси жүйелер желісіндегі жалықтыратын мәселе емес, ерекше тұстарының бар екенін тарихшылар жиі көтеріп жүр. Сондықтан, тарихшылардың еңбегі қоғамда еленуі керек деп ойлаймын. айнагулАйнагүл Сағы­наева: – «Қазақ хан­­дығының 550 жыл­дығын тойлау қажет пе?» де­ген сұрақ туындап отыр. Әрине, өте қажет. Себебі, «қазақ» ұғы­мының мем­лекеттік деңгейде танылуына 550 жыл толғанын тойлауымыз ұрпақтар сабақтастығы мен тарихымызды тереңірек тану үшін  керек. Сонымен қатар, 550 жылдық қарсаңында тарихымыздың кейбір бұрмаланған тұстарын ашып, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ақиқатын жеткізуге мүмкіндік туады. Тәуелсіздік алған аз ғана уақыт ішінде тарихымызды қайта қарап, ақтаңдақтарын түгелдей ашып үлгерген жоқпыз. Бабаларымыздан қалған «Елу жылда – ел жаңа» деген қанатты сөз бар емес пе? Мүмкін, бұл жағдай елу жылдан кейін шешімін тапқан мәселе болар деп ойлаймын. Талас Омарбеков: – Қазақ хандығының тарихы Қазақ хандығы өмір сүрген кейінгі орта ғасырларды ғана емес, үйсін, қаңлы, сақ, ғұн мемлекеттерін, бертін келе қаға­наттар дәуірін, Моңғол ұлыстары дәуірін қамтиды дедік. Өйткені, бұл біртұтас, бөлшектеп баяндауға келмейтін саяси-этникалық тарих. Кеңестік дәуірде осы тарих бөлшектенді. Әрбір қағанаттың тарихы басқалармен байланыссыз жеке-дара қарастырылды. Өйткені, евроцентристік көзқарас үстемдік алған заманда қазақ тәрізді көшпелі халықта тұрақты да сабақтас мемлекеттік жүйе болуы мүмкін емес екендігін дәлелдей түсу қажет болды. Осылайша, ерте орта ғасырлардағы мемлекеттілік тарихының кейінгі тарихпен байланысы үзіліп қалды. Үйсін, Қаңлылардың қазақтарға қатысы жоқ екенін, көшпелі ғұндардың Еуропаға біржолата көшіп кеткендерін, Орталық Азияда мықты қағанаттар құрған түркілердің Осман империясына қосылып кеткендерін жалықпай айтумен болдық. Осылайша, нақты тұрағы жоқ, мемлекеті жоқ халықтар ұрпағына қалай айланғанымызды да білмей қалдық. Моңғол дәуіріне қатысты дау онсыз да көп. Қазіргі жазушылар мен журналистерді түсінемін. Олардың біразы кеңестік жүйедегі идеологиялық құрсаудан  тәуелсіз тарихтың айдынына шыққанда бағдардан айрылып, әбден шатасып кетті. Мұндайда ескерер бір нәрсе, «Түрік» этнонимы оғыздармен бірге  Батысқа кетіп қалғаннан кейін, яғни, Орталық Азиядағы ешқандай ұлт енді өзін «түрік» деп атамағаннан кейін, Шыңғыс хан «Моңғол» этнонимын енгізді. Сондықтан да, бәріміз біраз уақыт «монғол» атандық. Бірақ, мұндайда мемлекеттік жүйедегі тарихи сабақтастық үзіле қойған жоқ. Тағы бір мәселе, Қазақ хандарының бәрі Шыңғысханның тұ­қым­дары. Дей тұрсақта, біз өзімізді моңғолдар басқарған деп айтуға намыс­танғандықтан Шыңғысты түрік етуге күш салудамыз. Осымыз әділдік бола ма? Бірақ, Шыңғыстан тарағандардың қазақ хандары аталатыны  тағы да рас. Алайда, қаласақта, қаламасақта Шыңғыс қазақ мемлекетін емес, монғол мемлекетін құруды мақсат етті ғой. Яғни, Шыңғыс ханның көшпелі империясының қалдығының бір пұшпағы қазақ елі болса, екінші бір пұшпағы монғол елі. Осыны мойындау бізге неге қиын болып отыр екен. Ал, енді түркі елдерімен түпкі тамырла­рымыз бір. Және түркі халықтарының тамы­ры бір болғандығын  әлі де  және басқа емес, түркілердің өздеріне дәлелдеуіміз қажет. Та­рих­ты осы концепциялардан айырмауымыз керек деп ойлаймын. Өз мемлекетіміздің түпқазығы, байырғылардан бастау алған Қазақ хандығы екендігін мақтаныш етуіміз керек. Әрбір ханның кезінде  қазіргі Қазақстан территориясы қандай болды деген сауалға жауап іздеп, олар басқарған аймақтардың жекелеген этно-саяси картасын жасап, әрбір ханның билік құрған кезеңіндегі тарих оқиғаларын нақтылап, қайраткерлердің өздерінің де тарихи тұлғаларын сомдай түсуіміз, кеңі­нен жазуымыз керек. Осындайда тағы бір айтар нәрсе, журналистердің жүгі бізден де ауыр. Өйткені біз, тарихты дерекпен жазып шығамыз. Ал, журналистер оны көркемдеп, тарихи танымдық тұр­ғы­да сипаттап, көпшілікке ұсынады. Қысқасы,біздің шығармашылық қауым Қазақ хандығы туралы жазылып жатқан көркем шығармалар, публицистік туындылар арқылы тарихи сананы қалыптастыруға атсалысып, елге тарихты ұтымды тілмен жеткізулері керек.

518 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз