• Ұлттану
  • 20 Сәуір, 2012

ӘЛЕУМЕТТІК БАҒЫТТЫҢ БАСЫМДЫЛЫҒЫ

Серік ПІРӘЛИЕВ, профессор

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назар­баевтың әр жылғы халыққа Жолдауы – бұл стратегиялық мәні аса зор құжат және ел өміріндегі айрықша оқиға болып табылады. Осы орайда үстіміздегі жылғы Жолдау да тек қазақстандық халықты ғана емес, сонымен қатар, бүкіл адамзатты толғандыратын, шешілуі тиіс көптеген сұрақтарға жауап беретін және қоғамды дамытудың нақтылы бағдарламасы болғаны даусыз. Қазақстан эволюциялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл ретте Ұлт Көшбасшысының Жолдауы – алдыға қойылған сындарлы мақсаттарға жету жолында сенімді бағдар. Құжатта көрсетілген жаңа экономикалық міндеттер мен реформаларды жүзеге асыруға арналған бағыт еліміздің бұған дейін қол жеткізген жетістігін одан әрі бекітіп, республиканы әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына қосатыны сөзсіз. Президент Н. Ә. Назарбаев алдыңғы Жолдауларында Қазақстанды жаһандық экономикалық және саяси ықпалдар жағдайында өз күштеріміз бен қорларымызды қайтадан топтастыру жолындағы дамытудың стратегиялық бағдарламаларын ұсынған болатын. Жаһандық экономикалық дағдарыстың дауылы мен қауіп-қатері ел экономикасына жедел түрде реформа жүргізуді, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздігіміз бен тұрақтылығымызды бекіту жолында басымдықтар мен даму мақсатын айқындау үшін жедел шара қолдануды талап етуде. Осы кезеңде, Қазақстан өзгеріске ұшыраған әлеммен бірге сындарлы міндеттеріне қол жеткізу жолында әрекеттерін жалғастыра береді. Бүгінгідей қиын-қыстау кезең қиыншылығы әлемнің бүкіл елдерінің төзімділігін сынға салған шақта, әлемдік қоғамдастық алдында жаңа жаһандық мәселелерді шешу міндеті туындауда. Ал, діңкелеткен экономикалық дағдарыстан ішкі саяси тұрақтылығын сақтап қалған, бәсекеге қабілетті әлемдік державалардың аралығында өз халқының мүддесін жүзеге асыру жолында көкейтесті шешімдерді таба білген мемлекеттер ғана шыға алатыны белгілі жайт. Қазақстан күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда кез келген қиындықтар мен ауыртпашылықтарға төтеп бере алуда. Осы жолда қол жеткен жетістіктеріміз де қомақты, яғни, біздің экономикамыздың даму деңгейі өсті, республиканың алтын қорының мөлшері артты, банктердің ішкі қарызы төмендеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жаңа Жолдауы Қазақстанды экономикалық даму деңгейі жоғары мемлекеттер санатына жеткізу жолындағы алдыға қойылған бағыттың заңды жалғасы болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан – әлемге жемісті даму жолындағы мемлекет ретінде танылып отырған мемлекет. Сондықтан Жолдауда елімізді өркендеген елдер қатарына жеткізу мақсаты қойылып отыр. Биылғы Жолдау өзінің мәні мен мазмұны жағынан Қазақстанды алдағы он жыл ішінде дамытуға арналған бағдарламаны ойластырып, негіздеген тарихи құжат. Әлемдік тарихтағы аса қатал экономикалық дағ­дарыстың қысымын еңсеру жолында Қазақстан жете ойластырылған және тиімді саясатты ұстанып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, күн тәртібіне жаңа міндеттер қоюда. Олар барлық саланы, яғни, экономика мен саясатты, әлеуметтік блокты, денсаулықты, білім мен ғылымның сан алуан бағыттарын қамтитындықтан, кең салалы әрі күрделі болып келеді. Алайда бұл міндеттер жүйесін іске асыру барынша сенімді әрі шындыққа сәйкес келеді. Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі күнде көп­ші­лік қауым әлемдік қаржы дағдарысының ауыртпашылығына төтеп бере отырып, өздеріне жаңа мүмкіндіктер ашуда, бұрынғыдан да жақсырақ, лайықты және бақытты өмір сүру үшін ішкі күш-жігерлерін арнауда. Бұл қалыпты адамзаттық алға ұмтылу әрекеті болып табылады, ал мемлекет талапқа сай және бәсекеге қабілетті өз мүшелеріне әрқашан қолдау көрсетуге дайын. Нұрсұлтан Әбішұлы нағыз Ұлт Көш­басшысы ретінде әрбір қазақстандықты толғандыратын сауалдарға нақты әрі дәл жауап берді. Ол өзінің Жолдауында еліміздің ішкі және сыртқы саясатта қол жеткізілген жетістіктерін түгендемеді. Себебі олар барлығымызға мәлім. Президент тек өткен 2011 жылы ел экономикасының 7,5 пайызға өскенін, ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың АҚШ долларынан асқанын атап өтті. Бұлар әлемнің бірде-бір елі осындай қысқа мерзім ішінде қол жеткізбеген нәтижелер болып табылады. Қазіргі кезде бүкіл әлемдік қоғамдастық жаһан­дық күрделі қаржы дағдарысының зардабын басынан өткізіп жатқан кезеңде, біздің барлығымыз қандай да бір сынаққа дайын болуымыз қажет. Алайда Қазақстан 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысының салдарлары мен қысымын еңсеруде зор тәжірибе жинақтаған еді. Бұл кезеңде бірде-бір әлеуметтік бағдарлама қысқартылмай, керісінше, соңғы үш жылда зейнетақы мен жәрдемақылар, бюджет қызметкерлерінің жалақысы едәуір артты. Президент атап көрсеткендей, бүгінде бүкіл әлемге және әрбір мемлекетке аса маңызды жаһандық және ішкі сұраныстарды қанағаттандыратын сауалдарға жауап таба білудің мәні айрықша. Осы орайда біздің Елбасы аталған жайтты жүзеге асыру үшін Қазақстанды одан әрі дамытудың әлеуметтік-экономикалық бағдарламасын ұсынды. Мемлекет басшысы, әдеттегідей, халыққа ар­наған үндеуін нағыз қолайлы сәтте жариялады. Осы күнге дейін, Жолдауда айтылғандай, экономиканы жақсартудың жаңа міндеттерін жүзеге асыру, халықтың тұрмыс-жағдайын көтеру үшін елімізде барлық жағдайлар жасалып, жаңа кезеңдегі қазақстандық жолға алға қарай қадам басудың негізі қаланған болатын. Президент «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында 10 түрлі жұмыс бағыттарын көрсетті. Бұл – тұрғындарды жұмыспен және қолжетімді баспанамен қамту, өңірлерді дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеру, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, адам капиталының сапасын арттыру, индустриалды-инновациялық жобалар мен ауыл шаруашылығын дамыту сияқты міндеттер ауқымын жүзеге асыру елімізді жоғары деңгейде өмір сүретін елдердің қатарына қосуға жол ашары анық. Шикізат ресурстары мен инфрақұрылымды жоғары деңгейге жеткізу жолында жаңа ерекше жобаларды жүргізу туралы атап өтілді. Мәселен, алғашқы санаттағы Балқаш ЖЭС-інің құрылысы, қазақстандық бөліктегі халықаралық Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомобиль дәлізінің жұмыстарын аяқтау, Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл темір жол желілерінің жұмысын іске қосу, Жамбыл облысында кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін ашу, Атырауда НПЗ мұнайды түбірлі түрде өңдейтін кешенді құру, Қарашығанақта газды қайта өңдейтін зауыт салу, Астана және еліміздің барлық орталық облыстарын толығымен газдандыру тәрізді жұмыстар ауқымын жүзеге асырудың міндеттері алға қойылды. Міне, осылардың барлығы – шын мәнінде ерекше жобалар екендігі сөзсіз. Оларды өмірге ендіру өңірлер мен республиканың толығымен дамуына маңызды серпін берері анық. Сонымен бірге, бұлар біздің еліміздің әрбір азаматының тұрмыс-жағдайын көтеру мақсатын көздеу арқылы өмірге енгізіледі. Президент халыққа Жолдауында әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың он бағытының міндеттерін орындап, экономиканы нығайтамыз, қоғамымызды тұрақтандырамыз, халқымыздың тұрмыс-жағдайын көтереміз деп атап көрсетті. Әлеуметтік жаңғырту – бұл Парламент пен Үкіметтің, Қазақстанның барлық жауапты күштерінің – партияларының, қоғамдық бірлестіктерінің, шығармашылық және кәсіби одақтарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, еліміздің барлық патриоттарының іс-әрекетінің ең маңызды мәселесі. Біз барлық күшті Отанымыздың гүлденуі жолына топтастыруымыз қажет, – деді Президент. Мемлекет басшысы, әдеттегідей, барлық негізгі салалардың көкейтесті мәселелерін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар, оларды шешудің жолдары мен механизмдерін көрсетіп берді. Президенттің стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру жолында бүкіл қазақстандықтардың атсалысуына деген сенімділігі мен тұрғындардың барлық қабаттарына дерлік әкелік қамқорлық көрсетуі үлкен құрметті бойыңа ұялатады. Ұлт Көшбасшысы қазақстандықтардың бірлесіп, ХХI ғасырдың сұранысы мен міндет­терінің үдесінен шыға алатынына сенімді. «Алда тұрған жұмыстар ауқымы барлығына бірдей, яғни, қарапайым адамдарға да және Үкімет пен Парламентке, тұ­тастай алғанда – мемлекетке өте зор, күрделі әрі қиын. Осын­­дай үлкен мақсатты алға қоймай, біз дами алмаймыз. Біз әрқашан айтқанымызды істеп келдік. Барлық жоспарларымыз бен бағдарламаларымызды біз орындадық», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Әрине, отандастары сөзін желге ұшыр­майтын және оны нақтылы істермен көрсетіп келе жатқан өз Президентіне сенеді. Біз Қазақстанның дамуының жаңа кезеңінде де осылай жалғаса беретіне сенім­діміз. Бізді, білім беру саласының қызметкерлерін, үстіміздегі жылғы Жолдауда әлеуметтік са­ла­­ны жетілдіру мәселесінің ерекше қарасты­рыл­ға­ны қуантады. Біз, Мемлекет басшысының республикамыздың алдына қойған мақсатының ішінде әлеуметтік даму бағытының маңызды міндет екендігіне тағы да көз жеткіздік. Қаржылық-экономикалық дағдарыстың қысымын еңсере отырғанымен, Қазақстанның әлеуметтік бағдарламаларды дамыту саясаты жылдан-жылға жалғасын тауып, керісінше, әлеуметтік мәселелерді шешудің қажеттілігі артуда. Мемлекет басшысы әрқашан нақ осы әлеуметтік саланы зор басымдыққа ие деп санап, өз кезегінде қазақстандықтардың мүддесін ескеру жолында қызмет етуде. Өткен жылдардың әлеуметтік бағдарламаларына талдау жасап, жаңа әлеуметтік жобаларды ұсына отырып, Президент әлеуметтік-экономикалық дамуда адам ең басты субъект болған және ол солай болып қала береді деп атап көрсетті. Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың ұлттық моделі бұрыннан халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында экономиканың тұрақты өсуі мен мүмкіндіктерін пайдалануға негізделген. Ол еңбек қатынастарын реформалауға және халықты жұмыспен қамтуға, жинақтаушы зейнеткерлік қор жүйесіне көшуге, әлеуметтік жәрдем ақының жаңа түрлерін енгізуге, атаулы көмекті жасақтауға, әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Әлеуметтік саясат әлеуметтік тұрақты­лықты қамтамасыз етуге бағытталған, онсыз экономикалық өсу мүмкін болмайды. Осындай табыстарға жетуде, яғни, қоғамдық өмірдегі белгілікті тепе-теңдікке жету, кедейшілікпен күресу, адами капиталды сақтау, оның нарық және бәсекелестікке бейімделуі, әлеуметтік қауіпсіздік пен барлық қоғам азаматтары үшін бірдей әлеуметтік мүмкіншіліктерді қамтамасыз ету мәселелерінің ерекше маңызы бар. Сондықтан да Президент өзінің халыққа үндеулерінде тұрғындардың жұмысбастылық саласында қазіргі заманғы атаулы көмекті, адам құқығын қорғау, денсаулықты сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, білім және кәсіби оқыту, қылмыспен күресуді дәйекті түрде жүр­гі­зуде. Экономиканың жақсы дамуы нәтижесінде еліміздің қалың бұқара топтарының жағдайын тез арада жақсартуға жеткізу мақсатында Пре­зидент жыл сайын зейнетақыны көтеруге және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жалақыларын көтеруге қосымша шаралар ұсынып келеді. Жыл сайын мемлекеттік қызметкерлердің жалақылары, зейнетақы мен стипендиялар өсіріліп келеді – екі рет 25 пайызға, содан кейін – 30 пайыз. Қажетті тауарлармен, азық-түлікпен, қыз­мет көрсетуді қамтамасыз ететін еңбекке жа­рамды тұрғындардың лайықты деңгейдегі жалақылары, сонымен бірге, еңбекке жарамсыз адамдарға нақты материалдық көмек көрсету – бұл тиімді әлеуметтік саясаттың айғағы. Биылғы жылдың Жолдауының негізгі түйінінің бірі тұрғын үй бағдарламасы бо­лып табылады, ол тұрғын үй құрылысы тұжырымдамасын түгелдей өзгертеді. Жеке тұрғын үй немесе қазақстандықтарды ұзақ жылға жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету – мемлекеттің қуаттылығы мен дамығанын көрсетеді. Президент осы мәселе жөнінде Үкіметке тапсырма берді, енді менің ойымша, тез арада әрбір отбасы өзіне лайық қолжетімді тұрғын үй алуының тетіктері табылады деп ойлаймын. Бағдарлама жас азаматтарға несие алуға және оны қайтаруға сенімді болатынына мүмкіндік беруге тиіс. Оған қоса жалдамалы тұрғын үй. Өкінішке қарай, бүгін мемлекет барлық пәтерге зәрулерді қамтамасыз етуіне мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдай басқа да мемлекеттердің практикасында жоқ деуге болады. Ал, жалдамалы тұрғын үй – бұл қиын жағдайдан шығудың ең тиімді түрі болуға тиіс. Жолдауда білім мен ғылым саласында реформалар жүргізу қажеттілігіне ерекше көңіл бөлін­ген. Соңғы жылдар қазақстандық ғылым және жоғары оқу үшін көлемді реформалар жүргізудің кезеңі болды деуге болады. Ғылымды басқаруда түбегейлі жаңалықтар және ғылыми ізденістерге мемлекеттік қаржыландырудың ұлғаюы, түптеп келгенде, ғылыми саланың отандық моделін бірте-бірте әлемдік практикаға жақындатады. Көпшілікке белгілі, экономикасы дамыған біраз елдерде зерттеу мен өңдеуге кететін ішкі шығындардың үлесі ІЖӨ-нің жалпы көлемінің 3 пайыздан артығын құрайды. Елбасының анықтаған стратегиялық міндеті – ғылымды қаржыландыруды ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізу – ғылым саласына мемлекеттік қаржыландырудың күрт өсуін көрсетеді. Бұл ғылым мекемелері мен жоғары оқу орындарының өздерінің негізгі міндеттерін түсінуде түбірлі өзгеріс жасауды талап етеді. Қазақстанда білімді жаңғырту Елбасының адами капиталдың қажеттілігі мен маңыз­дылығын айқындап, білім саласында реформалар жүргізуде бастаушылығы мен оны жүргізуде үлкен қамқорлығы арқасында мүмкін болды. Білім «Қазақстан – 2030» атты ұзақ жылғы стратегиясының бірден-бір басым бағыты болып танылған. Бізде білім реформасының мақсаты білім жүйесінің жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу болып табылады. Тағы да Президент Н. Ә. Назарбаев республикамыздың ең дамыған 50 елдің қатарына қосылу міндетін қойды. Осы мақсаттарға жетуде білім жүйесін жетілдірудің үлкен маңызы бар. Президент биылғы Жолдауында білім жүйесін жаңғыртуда ең алдымен оқыту процесіне қазіргі заманғы әдістер мен технологияларды енгізуді, педагогтер құрамының сапасын көтеруге, біліктілікті бекіту үшін тәуелсіз жүйе құруға, мемлекеттік-жеке­меншік әріптестіктің тетіктері арқылы жастар үшін білімнің қолжетімдігін кеңейтуге, ауылдық жерлерден келген жастар мен төмен қамсыздандырылған отбасылардың жол ақысы мен өмір сүруінің төлемін өтеуге тапсырма берді. Назарбаев Университетінде қолданылатын оқытудың заманауи әдістері, оларды Қазақ­станның жоғары оқу орындарына енгізу мамандарды дайын­даудың сапасын әжептәуір көтереді. Енді жатақхана туралы айтатын болсақ, бұл өте маңызды мәселе, себебі, студенттердің жартысындайы ауылдық жастар немесе бас­қа қалалардан келгендер болып табылады. Студенттің жоғары оқу орнында оқыған кезін­де тұрғын -жай мәселесін шешу олардың оқуға деген ынтасының артуына көп әсер етеді деп ойлаймыз. Бұндай жағдайда оның қайда тұрамын, жалдамалы пәтерге қайдан қаржы табам деп басы ауырмайды. Студенттің ең басты міндеті – жақсы оқу, одан кейін лайықты маман болып шығу. Бір миллион шаршы метр тұрғын үй салу – міне, осындай міндет қойды Президент өзінің Жолдауында. Мұндай шара қазақстандық жастар үшін қосымша қызмет атқарады, ал олар еліміздің болашағы емес пе? Президент мамандардың біліктілігін арттыру мен аттестациялауға ерекше көңіл аударған және ол тәуелсіз институттар арқылы іске асуы қажет. Әри­не, кім оқытса, ол өзін-өзі бағалауы мүмкін емес. Бұл жалпыәлемдік практика екені белгілі. Біз ылғида өндірісте, басқа салаларда да кадрлардың төмен сапасы туралы көп айтамыз. Бұл жоғары оқу орнын бітірушілердің бакалавр мамандығын алып, практикалық қызметінде тәжірибесінің жоқтығының салдары болып табылады. Сондықтан да біліктілікті көтеру дәрігерлердің интернатурасы сияқты болу керек, сөйтіп, жас мамандарды өндіріс жағдайына жақындату қажет. Педагогикалық жоғары оқу орны болғаннан кейін педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жетілдіру қажет екенін біз түсінеміз. Біздің ойымызша, мұғалім болу үшін екі параметр керек: өз пәніңді өте сүю керек және балаларды сүю. Оларды бір-бірінен бөлуге болмайды. Балалармен жұмыс істейтін адамның талабын анықтау үшін арнаулы сұрыптау, қосымша шығармашылық емтихан өткізу керек шығар. Содан кейін педагогикалық немесе дәрігерлік жоғары оқу орындарында оқитындарды марапаттау жүйесін құру керек. Себебі, олар адамдармен жұмыс істейді ғой. Өздерінің талаптарымен осы жоғары оқу орындарына шын мәнінде келешек кәсіпқойларды қабылдасақ, оларға көтеріңкі стипендия төлеу қажет. Біз осындай адамдарды таңдауымыз қажет. Бұнсыз біз Президент өз Жолдауында айтқан мамандарды оқыту мен біліктілігін көтерудің жаңа жүйесін құра алмаймыз. ХХI ғасырда тәрбие жұмысы, әсіресе, оқу­шылардың арасында ерекше рөл атқарады. Осы мәселеге Елбасы өз Жолдауында үлкен маңыз берген. Сонымен бірге Президент кешенді жоспардың негізінде халықтың базалық құндылығын құрайтын білім жүйесінде патриоттық тәрбиені, ұлтаралық келісімді, төзімділік пен имандылықты күшейтуді белгілеп берді. Жолдауда аталып өткен маңызды мәселе – Қазақстан халқының бірлігін бекітуге бағытталған курсын жалғастыру және тіл саясатын сауатты жүргізу. Елбасы атап көрсеткендей, біздің еліміздің ең басты ерекшелігі мен артықшылығы - оның көпұлттылығы және көптілділігі. Конституциямызда анық жазылған – қазақ тілі мемлекеттік тіл, сондықтан қазақ тілін дамыту қажет. Жолдауда халықтың денсаулығына ерекше назар аударған, ең ауыр науқастармен күресті мақсатты жүргізу міндеттері қойылған. Елі­мізде дәрігерлік қызметтің қолжетімдігі мен оның сапасын арттыруда, салауатты өмірді насихаттауда, денсаулық жүйесінің дамуында көп нәтижеге жеткенбіз. Халықтың ден­­саулығын арттыруда жақсы көрсеткіштеріміз бар. Елімізде бала туудың саны және өмір сүрудің ұзақтығы артуда. Сыртқы саясат саласында Елбасы нақты басым­дылықты анықтайды: Еуразиялық эконо­микалық одақты қалыптастыру. Кедендік одақта жұмыс істей отырып, біз Ресей, Беларуссия, таға басқа көршілес елдердің нарығын игерудің келешегі зор екенін түсіндік. Сонымен, өзінің жыл сайынғы қазақстан­дық­тарға арнаған Жолдауларында өмірдің әлеуметтік стандартына өтуде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазіргі саясаттың стратегиялық мақсатын жүзеге асыруда. Ол еліміздің Президенті, Елбасы үшін ең бірінші халықтың мүддесі, азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері, келешек ұрпақтар туралы қам­қорлық екенін көрсетеді. Әлемдік экономиканың әртүрлі дағдарысы мен толқындарына қарамастан, біздің Президент Қазақстанды, мемлекетімізді жан-жақты дамытуда өзінің ұзақ жылдық стратегиясын сенімді іске асыруда. Біз Президентімізді өзіміздің лайықты істерімізбен қолдауымыз керек деп есептеймін. Бұл әрбір қазақстандықтың ар-намысы, абыройы.

402 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз