• Заманхат
  • 13 Қаңтар, 2015

Құрметті оқушылар!

Алдыңызға үшбу журналымды са­ла­­мын, кішкене екен деп қоңырай­ма­ңыздар! 
Газет һәм журнал халық үшін екен­дігіне шек айту жоқ. Халықтың қай дә­режеде алға кеткендігі – халық арасын­да таралған газет-журнал һәм кітап­тардан білінеді. Заман ғылым заманы болған соң әрбір жұрт қатарынан кейін қалмас үшін ақша аямай кітап-газет, һәм журнал бастырып халыққа таратудың әждә­һәтінда. Соңғы замандарда біздің қазақ жұртында аз-мәз тіршілік көрсетіп газет шығара беруді қолға алып қараса да не себепті іске ұқсатып шығара алмайды. 1907 ж. II Мемлекеттік думаның жиынымен Шәһмәрден Қошығұлов «Серке» есімді журнал шығара бастап еді. Ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылды.


Сол жылы Троицкіде Есмағамбет Айманбаев «Киргизская газета» есімді орысша-қазақша бір газет шығармақ болып алғашқы нөмірді шығарды да тоқтатты. Келер жылы Орынборда Ысмағұл Иманшалов бас болып, елдің бірқатар жақсыларының басын қосып газет шығару хақында кеңесіп еді. Баяғы қазақтың ынтымақсыздығы себеп болып, бұл да ыдырап кетті. Мен тағы талап етіп, осы кішкене журналды шығармақ үшін халқыма жармастым. Жұртқа атақ шығарып білім сату үшін емес, бәлкі дәулет иесі ағалар мұны көрген соң ойға қалмас па екен деген ниетпен. Қолда пұл жоқ. Жұрт болып жұртшылық етіп, бұл журналға көбірек қыридарлық етпесе, әлбетте бұл журнал да қазақтың дүниеге шығара алмаған ісінің бесіншісі болар да қалар. Қазіргі үміт халықта. Бұл журнал айында бір мәрте шықпақшы, программасы мынау болмақ.
1. Сыртқы хабарлар.
2. Мұсылмандар тіршілігіне мысалдар, уақиғалар.
3. Фельетон (әңгімені 20 жылдарда С. Д. осы­лай атаған).
4. Кітаптар хақында һәм ғылым баптан кеңестер.
5. Басқарушыға келген хаттар һәм одан-бұ­дан. Журналға  «Айқап»  деп  есім бердік. Бұл сөзге түсінген де болар, тү­сінбеген де табылар. Біздің қа­зақ­тың «Әй, қап» демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолы­мыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынты­мақ­таса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтар үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап» ынтымақсыздығымыз-ай дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қы­рылыстық. Жеңілгеніміз жең­ген жа­ғы­мызға, «ендігі сайлауда кө­рер­міз, қап, бәлем-ай!» дедік. Осындай біздің қазақ­тың неше жерде «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық «Айқап» болды.
Журналға бастыруға жіберілген сөздер қазақша, ноғайша, орысша һәм түрікше болса да қабыл алынады.
Басқарушы, бастырушы М. Сералин
РЕДАКЦИЯДАН: Құрметті оқырман! Біз де сол «Айқап» журналын шығарған алашшылдар сияқты алдымыздағы ағалар жолын ұстанып, «Ақиқат» журналын шы­ғарып жатырмыз. Бар ниет-құлық, ба­­ғыт-бағдарымыз әрі ұстанымымыз ҰЛТ, МЕМЛЕКЕТ, ҚОҒАМ мүддесі. М.Се­ра­лин­нің жоғарыдағы оқырманға хаты біздің көкейіміздегі жүрген жайларды тілге тиек еткен. Ал, біз өз тарапымыздан айтарымыз, қазіргі жаһандандыру ат­жалмандай меңдеп келе жатқан ке­зеңде, ұлт болып ұйлықпай ұпайымыз түгел болмайды. Мем­лекет ұлтты емес, ұлт мемлекетті қалып­тастырады. Ендеше, ұлтымыз бүгінде ақ­­­параттық май­дан өтінде тұрғанда, «Ақи­қат» жур­налының да «Айқаптай» бас­ты ұстанымы ҰЛТ, МЕМЛЕКЕТ, ҚОҒАМ тағ­­дырынан тыс қалса, онда біздің кім бол­­ғанымыз?! Біздің де мақсатымыз әрі ұс­­танымымыз еліміздегі қоғамдық-саяси, мә­­­дени-экономикалық, әлеу­­мет­тік-тұр­мыс­­­­­­­тық өмірге белсене атса­лысып, Бай­тұр­­­­­­сы­­новша айтқанда, ұлты­мыздың «кө­зі, құ­лағы һәм тілі» болу.  
Әлқисса, Құрметті оқырман, «Ақи­қат» журналы өздеріңіздің рухани құн­ды­лық­­тарыңыз. Сол құндылықты маз­­мұнды да мәнді етіп шығаратын өз­де­ріңіз. Ал, біз, редакция ұжымы Сіз­дерге сол жолда қызмет етушілерміз. Журналдың сүйенері – СІЗДЕРСІЗДЕР. Құрметті оқырман! Ен­деше, Сіздер мен Біздердің арамызда бір-бірімізге деген СЕНІМ жүруі керек. Біз сіз­дердің журналды қолдайтындарыңызға сене­­міз, сондықтан да, сіздер біздерге де се­ніңіз­дер.
Журналдың Жаңа жылдық жаңа саны құтты болып, Жаңа жыл Сіздерге де бақыт, бақ әкелсін! 
Ізгі тілекпен редакция ұжымы 

328 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз