• Заманхат
  • 28 Сәуір, 2012

СҰЛТАНМАХМҰТ (1893-1920)

Он тоғызыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында дүниеге келіп, ұлы Абай іргетасын қалап кеткен классикалық қазақ әдебиетінің қабырғасын беркітіп, шаңырағын биіктетуге жабыла атсалысып, жарыса қалам сілтеген Мағжан мен Бейімбет, Сәкен мен Ілияс, Сәбит сияқты сайыпқыран қаламгерлердің арасында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың орны ерекше. Қаламдас, қадамдас, құрдастарының ішінде қалың елі қазағының азат, абат өмірін аңсап, қаршадайынан теңдік пен дербестік үшін күресіп, қараңғылық пен қанауға қарсы одан артық айқасқан қайраткер кемде-кем. Өйткені ол теңсіздіктің тепкісін кішкентай күнінен көріп, кейдейліктің зарын тым ерте тартты. «Бай – бір жұттық, батыр – бір оқтық» дегендей, байдың кедейленуі, кедейдің баюы көзді ашып жұмғандай бір сәттік қана құбылыс қой. Әйтпесе, атағы алты алашқа әйгілі, қарадан шығып хан деңгейіне көтеріліп, аға сұлтан болған атақты Айдабол Шоңның аты өзімен қатар аталатын інісі айтулы шешен, айтқыр би Торайғырдың немересі Әбубәкір Шоқпыт атанған қу тақыр кедей болар ма еді. Күнкөріс қамымен қайын жұрты Жауар Қарауылдың ортасына көшіп барған оның тұңғышы Сұлтанмахмұт сол жақта, яғни Омбының Көкшетауға қараған бетіндегі Шағрай болысының Жантай ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстанның Уәлиханов ауданы) өмір есігін ашады. Болашақ ақынның анасы жастай қайтыс болады да, жаны жабырқап жалғыз қалған Шоқпыт кішкентайын құшақтап, атақонысы Баянауылдағы ағайындарына қайтып келеді. Осында Сұлтанмахмұт хат танитын әкесінің алдынан Әліп-биді оқып, алғаш сауатын өз үйінде ашады. Одан Әлі, Мұқан, Тортай тәрізді молдалардан кезек-кезек дәріс алып, көне кітаптарды оқып, қисса-дастандармен танысып, медресеге түсіп, білімін одан әрі байытады. Оқи жүріп өлең жазған оның ақындық дарынын мойындаған Мұқан молда ақ батасын береді. Сөйтіп ол он төрт жасынан бастап белді бекем буып, ақындықтың асуы көп алыс та азапты жолына түседі. Шын ақын болу үшін адамзат ақыл-ойы жасаған асыл атаулыны санаға барынша мол сіңіру қажет екенін сезген ол сол тұста қазақтар үшін ірі білім ордасы саналған Троицк қаласына келеді. Келіп татар медресесіне түсіп, мұсылманша да, орысша да оқып, әсіресе орыс тілін терең меңгеруге күш салады. «Оллаһи, ант етемін Алла атымен, орыс тілін білемін һәм хатымен» деп өзіне-өзі серт берген ол аз уақытта орысша еркін сөйлеп, еркін жаза алатын дәрежеге жетеді. Бұған оның «Кедей» поэмасының кіріспесін орысша жазғаны айғақ. 1913-1914 жылдары ол қазақтың тұңғыш саяси қоғамдық һәм әдеби журналы – «Айқаптың» жауапты хатшысы болады. Қазақ баспасөзінің бастау қайнарында тұрған ол үнжария ісін өркендетуге белсене атсалысып қана қоймай, әдеби сынның алғашқы қарлығаштарының бірі болды. Өзінің де, өзгенің де шығармашылығына қатаң талап қойып, әсіресе өлең -жырдың «пайғамбардың жүрегінен төгілген құрандай, соқыр адам сыбдырынан айыратын шынардай» айқын ашық болуы керек деді. «Қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа болып, сай-сүйегін сырқыратарлық ащы, зарлы бебеулер қағып, көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқататын жырды ғана… мен анық ақсүйек, аты жоғалмайтын өлең деп білемін, - деп жазады ол. Халықтың қайнаған ордасынан шығып, оның мұң-мұқтажын, арман-мақсатын, талап-тілегін жақсы білетін, қоғамдық өмірдегі қайшылықтардың сырын терең түсінетін, аса талантты сұңғыла ақын дана Абайдың демократиялық дәстүрін жаңа жағдайда ілгері дамытып, қоғамға, заманға қызмет етуді қастерлі борышы санады. Сондықтан да оның дарын тынысы телегей теңіз, тақырып ауқымы саналуан, тарау-тарау. «Мұздаған елдің жүрегін жылытуға» кіріскен ол халықты өнер-білімге ерінбей еңбек етуге, арлы адалдыққа, шынайы әділдікке үндеді. Езгі мен қанау қамытын сыпырып тастап, кемсітушілікке, кедейшілікке қарсы күреске шақырды. Әйел теңдігі тақырыбын алғаш көтерген ақындардың бірі де Сұлтанмахмұт. Бұл тақырыпта ол түрлі-түрлі жыр жазып қана қоймай, өлеңмен роман да туғызды. «Сұлтанмахмұт поэзиясы қазақ қоғамындағы жаңа дәуір, ұлттық ояну дәуірі туғызған адамгершілік, әділдік, өнер-білімге құштарлық идеяларын айрықша қуатты жігермен, асқақ үнмен жырлаған, тақырыптық, жанрлық, бейнелік, стильдік ерекшеліктерінде жаңалығы, соны сипаттары мол поэзия, көбінше әлеуметтік публицистикалық лирика» деп бағалады оның шығармашылығын академик-ғалым Зәки Ахметов. Шынында да, Сұлтанмахмұт туындыларының дені публицистикалық жалыны лапылдап, алау атып тұрады. Небәрі жиырма жеті жасқа жетер-жетпес ғұмыр кешкенімен, артына көл-көсір мол мұра қалдырған оның мәңгі өлмес шығармаларына зер салған сайын көз алдыңа «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды» армандаған өршіл ақынның өр рухы келеді. Сонда бір талантты мүсіншінің «Торайғыр көлінің жағасындағы бір жартастың жоғарғы жағынан ойып, сәуле шашатындай дөңгелек ойық жасап, төменгі жағынан күнге қол созған ақынның мүсінін қашап, астына: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда, кім болам?!», деген шумағын жазса ғой, шіркін!» – деген арман жобасы ойға оралады. Мұңы жырлы, ойшыл да сыршыл ұлы ақынды қалай қастерлесең де лайық емес пе. Оның үстіне: Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді алашты ешкімнің, Қорлығына бермейміз. Өлер жерден кеттік біз, Бұл заманға жеттік біз! – деп дабылдатқан дауылпаз ақын көксеген дәуір енді туып, төбемізде тәуелсіздік туы желбіреп тұрғанда кімнен қаймығамыз, неден тайлығамыз!?. Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Болғанда атам қазақ, анам қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын. Ерікті ен даланың құсынша ұшып, Ер жеттік кеңшіліктің сүтін ішіп.

*** Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім. Шыр етіп жерге түскен минөтімнен, Сіңірген құлағыма таныс үнім. *** Ел болуға бірінші намыс керек, Мал-жанды намыс үшін салыс керек. «Қорланып өмір сүрген тіршіліктен, Өлгенім артық» деген намыс керек. Қайнаған намыс үшін жүрек керек, Бұрқ еткен бірауыздан тілек керек. Ел болып еркін жасап кетпек үшін, Ынтымақ, бірлік деген тірек керек. *** Адам баста көреді өлмеуді артық, Аз өмірде мұқтаждық көрмеуі артық. Сондықтан кім байлықты қолына алса, Өмір соның қолында – қалды қарпып. *** Қара көңіл адалға сене алмайды, Ақты қара қашанда жеңе алмайды. *** Өнерге сай боп келсін бірлік, ерлік, Сонда ғана аласың сен де теңдік. *** Сарқылмас ғылым теңіз шалқып жатқан, Соңынан қалмас оның дәмін татқан. Өмір бойы оқысаң бір таусылмай, Қиындығы қинайды жанға батқан. *** Ел үшін еңбек етсең халқың сүймек, Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп. Ер өлсе де еңбегін ел өшірмес, Неше мың жыл өтсе де тарих білмек. *** Жақсы, жаман болса да қаның бірге, Өлсең де, тірілсең де тәнің бірге. Әркімнің қолы жуық өз аузына, Егер де өлшестірсең салып кірсе. *** Кәпір бар, мұсылман бар – барлығы адам, Оларды алалайтын қандай надан. Өнер, білім, әділет кім қолдаса, Қай ұлт болсын – бәрі бір бауыр саған. *** Жықсаң бәйге береді алысқанда, Қару қып, қайратың сап қарысқанда. Жындылық – шаппай бәйге бер деп сұрау, Озсаң бәйге кім бермес жарысқанда. *** Ер бар ма елі үшін жан қиятын, Басшы бар ма етегіне ел сиятын. Жанның бәрі өз ісін мақұлдайды, Адам қайда сезетін ар-ұятты. *** Бақыт – құс ұшып жүрген қолға түспес, Билеуге оны ешкімнің күші жетпес. Қолыңа құдай айдап бір қондырса, Барам деп мен анаған ұшып кетпес. *** Білеміз ынтымақсыз іс оңбайды, Тартынып тіршілеткен кісі оңбайды. Біз де бар аққу, шортан, шаян қалпы, Ісіңіз бүйте берсең еш оңбайды. *** Дүние қызықтырған қызыл киік, Бар ма адам соны қуған көңілі сүйіп. Көпшілігі далақтап жете алмай жүр, Азшылығы кенелген қолға тиіп. *** Барлық адам баласы, Өзіндей көрсе өзгені – Озбырлық өшіп қарасы, Өзімшілдік өлгені. *** Оқу-білім өркеймек, Елге егіп пайдасын. Ел жетіліп көркеймек, Өнер қанат жайғасын. *** Бұлтты кетір ойыңнан, Жазды кетір бойыңнан. Ақылың болса айныма, Өз жасаған тойыңнан. *** Жаман жалданса, Қалай жүрерін білмей, Әкесінің басын жара жаздайды. Әйелін көрсетем деп, Абыройын ашып, Артын аша жаздайды. *** Өмірді үзіп алуы, Қараңғы көрге салуы. Мың жасасаң да көңілде Сөзсіз арман қалуы. *** Балалық жастан өтесің, Жігіттікке жетесің. Орта таудан аса алмай, Бір шұқырға тығылып, Шыбын ұшып кетесің. *** Қыздырманың қызыл тіл, Түбіңе жетер, соны біл. Әзірлеген С. ЕСЖАНОВ

809 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз