• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2012

Телевизиядағы деректі фильмдер

Мәдина БАКЕЕВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының магистранты

ХХI ғасыр – ақпараттық ауқымдылық, БАҚ-тағы жаһандану, ақпараттық технологиялар мен сандық тарату саласының ғасыры. Миллиардтаған адам күнделікті кәсіби күйбең-тірліктің құрсауынан шыға алмай жүргендер, көбірек пайда табу үшін теледидар экрандарынан берілетін ақпараттарды «сіңіріп» алады. Күйбелеңнен зеріккен адамдар әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан жаңа, қызықты, өздері куә бола алмаған оқиғаларды, мәселен, Жапониядағы жойқын күшті цунами (Бір айта кетерлігі, тап осы жаңалық соңғы он жылдағы ең көп сұранысқа ие болған ақпарат болып табылды) сияқты тосын жаңалықтарды қабылдайды. Тарихқа айналған сол кешегі күнді боямасыз, нақты мағлұматтармен өрнектеп бүгінгі замандастармен сырластыру, өмірде орын алған оқиғаларға куә кейіпкерлермен жүзбе‑жүз сұхбат сыры, деректі фильмнің мазмұнын шындық пен ақиқатқа жақындата түседі. Сонымен, «сұраным ұсыныс тудырады» демекші, адамзат ақпараттық технологиялар саласындағы прогресс үшін миллиондаған қаржы жұмсайды. Мысалы, ТВ тарату алпауыттарынан (ВВС, СNN, FOX сияқты телеарналар) үлгі алар болсақ, қазіргі үрдістің әлемдік телекеңістіктегі басқару тетігін уысында ұстап тұрғанын көреміз. Телебағдарламалар формасы студиядағы «сөйлейтін бастардан» деректі зерттеулер мен деректі фильмдер арқылы жұмбақ-сырлары толық ашылып, зерттеле қоймаған Жер шарымызды назарға алды. Осының өзі қазіргі ақпараттық мас-медиа кеңістігіндегі қажырлы, қызыққа толы өнімнің бірі болып табылады. Дегенмен, телеэкрандарға шығып отыратын деректі фильм­дердің басым бөлігі ол – журналистік зерт­теулер. Әйтсе де, оларға деген сұраныс күннен күнге арта түсуде. Тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, осы журналистік зерттеулер уақыт өте келе телевизиялық документалистикадан кинодокументалистика саласына ауысты. Мұндай фильмдер ең үлкен кинемотографиялық жүл­делерге ие болып, көрсетілімдерден миллондаған доллар пайда әкеледі (мысалы, режиссер Майкл Мурдың «Фаренгейт 9/11» фильмі). Осылайша, сыншылардың және көрермен қауымның қызығушылығын арттыра түседі. Көбінесе осы картиналардың арқасында Батыста кино тарату саласындағы кино, телевизия, видеокөрсеткіштер және басқадай арналарды қамтитын деректі фильмдерді шығару мен тарату инфрақұрылымы қолға алынып бір жүйеге келтірілді. Деректі фильм немесе соның бір бағыты қоғамдық өмірмен біте қайнасып өткеннен кейін көрермендерді қайта өзіне тартып, оны қолға алған адамдарға айтарлықтай пайда әкелетін индустрияға айналды. Қазақстанда 90 жылдары тәуір деректі фильмдер болса, олар тіпті отандық немесе шетелдік фестивальдерде ерекше аталып өткеннің өзінде (мысалы С. Дворцевойдың «Бақыт», А. Байғожинаның «Қызыл Империя», «Дінмұхаммед Қонаев. Өмірі мен ақырының жылнамасы», В. Тюлькиннің «Шыбындар билеушісі», «Ай­қыш тәжірибесі») көпшілік күткендей алға баспады. Бәлкім, бұл авторлардың субъективті саяси көзқарастары мен көрермендердің қызы­ғушылығымен сәйкес келмегендіктен болар. Я болмаса, өнімнің техникалық жағынан өте сапа­сыз, автордың кәсіби біліксіздігі мен сауатсыздығынан болса керек. Бұл мәселе әлі де көкейтесті, өзекті тақырыптардың бірі. Мұнда мәселенің жауабын тауып қана қоймай, деректі фильмдерді қайта жаңғырту қажет. Қазіргі таңдағы отандық деректі фильмдердің тыныс-тіршілігін БАҚ-та бір шолып өткені болмаса, оны зерттейтін күрделі жұмыстар әлі жарыққа шыққан жоқ. Қазіргі таңның деректі фильмдері туралы тарауларда БАҚ беттеріне шыққан мақалалар, режиссерлер мен сыншылардың берген сұхбаттары және киножурналистика саласында істеген авторлардың мол тәжірибесі пайдаланылған. Деректі фильмдер таралымы мен оның кинематография тенденциясына әсерін зерттейтін мардымды жұмыс болмады. Қазақстанда отандық және шетелдік докумен­талистиканың тарихын кешенді зерттеу еңбек­тер жоқтың қасы. Осылайша, еліміздегі кино­өнер саласы түбегейлі зерттелмеген, дамымаған. Жастар, болашақ киногерлер ара­сында осы жанрға деген қызығушылық мүлдем жоқ. Документалистиканы насихат­тайтын немесе жастармен өз тәжірибелерімен бөлісетін (жоғарыда аталған авторлардан бас­қалары) адамдар жоқ. Бәріне топырақ шашпайық, жанашыр жандар бар. Бірақ олар өте аз. Соның өзінде, олардың ізбасарлары да көңіл көншітерліктей көп емес. Десек те, заман талабы сол елімізде бірте‑бірте кинобейнефильм жасау дәстүрі жақсы жолға қойылары сөзсіз. Әлі де талай дарындардың шабыт серпінінен семсердей жарқылдап шыққан талантты туындыларына куә болармыз. Қазіргі документалистер жайына көшсек, мәселе басқа. Олардың көбі неге көркем фильмдерге ауысып кетті? Бұның жауабы айдан анық. Деректі фильмдерге қарағанда көркем фильмдердің өрісі кеңірек, алға басуы да ауқымдырақ. Өкінішке орай, біздің телеарналарда дерек­ті фильмдер, бағдарламалар, журналистік зерт­теулер, циклдік хабарлар қоры аз, сапасы да төмен. Бұл жайт ғарыштық технологиялар дәуі­рі жүріп тұрған кезде өте өкінішті жағдай. Осы орайда, осы кемшіліктің орнын толтыру үшін көрермендерімізге отандық арналарды тамашалау, отбасыларымен бірге отандық деректі фильмдерді көру үшін кинотеатрларға бару (осының өзін елестетудің өзі қиын екен...) мүмкіншілігін беруіміз керек сияқты. Сонымен қатар телевизиялық аудиторияның өзі өзгерді. Ол өте талапшыл, батыстың телевизиялық форматтағы бағдарламаларды сіңіріп алған телеарналардың көптігі мен олардың ақпаратты беру формасының сан-алуандығына құныққан, өте талғампаз көрермен. Олармен салыстырғанда, бірнеше жыл бұрын түсірілген өзіміздің деректі фильмдеріміз тым ұзақ, реңсіз және ең бастысы – тым көркем, осының өзі көзге оғаш көрініп, талғамсыздық пен бейәдептіліктің қатарынан орын алатын. Күні кешегі документалистер фильм түсіру мүмкіншілік жоқтығынан салдары суға кетіп, көркем фильмдерге ауысты, сабақ берумен айналысты, кейбірі тіпті, елді тастап шетелге кетті... Меніңше, бұл тақырыптың өзектілігі өзін-өзі айшықтап тұр: «Біздің деректі фильмдеріміз қайда?», бұл елімізде тұрып жатқан азаматтардың көкейінде жүрген басты сұрақтың бірі ғой! Деректі фильмдер телеэкрандардан көрсетілмейтін бол­ды. Телеарналардан сапалы, көрнекті өнім түсіруге қаржы алу немесе өз өнімін арнадан көрсеткені үшін қаламақы алудың өзі көптен бері мүмкін болмайтын. Жаңа мыңжылдыққа дейін шығарылған өнімнің барлығы дерлік мемлекет тарапынан қаржыландырылып, түсіру барысына әрең жететін. Бұл мәселемен документалистер ғана емес, масс-медиа мен мемлекетіміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі тікелей айналысулары қажет. Біздің басты мақсатымыз – көрермендерді отандық ТВ мен жергілікті масс-медиаға қызығушылығын жаңаша тарату форматы (мы­салы, сандық тарату), бағдарламалар мен хабарлар, циклді деректі фильмдер, телефильмдер, соның ішінде танымдық, ғылыми-танымдық, ойын-сауық, тарихи фильмдер арқылы тудырмақпыз. Жергілікті БАҚ өздері шығарып отырған өнімге қызығушылықтың дамуына, өнімнің сапасына, теле­визиялық бағдарламалар аясындағы про­гресін әлемдік телетарату тенденциясының заманауи формаларын енгізу арқылы дамытып отыру керек. Қалай дегенмен, біздің түпкілікті мақсатымыз, бұдан шығатын нәтиже, яғни отандық көрерменнің өз өніміне, деректі фильмге өнердің бір тармағына деген қызығушылығын, сұранысын ояту. Батыста телевизиядағы деректі фильмдерге көрермендердің сұранысы көп болғандықтан олар өте танымал. Танымалдылық документалды жанрдың сәттілігінің тұғыры. Қазіргі таңда әлемдік телевизияда көптеген бағдарламалар, танымдық хабарлар «сөйлейтін бастардан», «бітпейтін пікір-таластардан» бас тартты. Одан да таңғажайып оқиғаны тамашалап, соның куәгері болу күнделікті күйбең-тірліктен шаршаған көрермен үшін бұл әлдеқайда қызықты емес пе? Деректі фильмнің құрамдас немесе негізгі бөлігі нақты деректер мен шынайылыққа құралған. Мұндай фильмдердің рейтингісі көрермен қауымның өздері танып білмеген, белгісіз, беймәлім, жұмыста немесе үйде отырып, соның куәсі бола алмай қапы қалған оқиғаларға деген сұраныстары арқасында көтеріледі. Деректі фильмдер әлемді тануға, рухани баюға, өрісіңді кеңейтуге, күнделікті тірліктен пайдалы ақпаратқа көбірек көңіл бөлуге мүмкіншілік береді. Ғылым саласындағы қарқынды жаңалықтарға атсалысып, жер шарымыздағы барлық тіршілік иелері арасындағы нәзік байланысты сезіну мүмкіндігі. Бұл деректі фильм жанрының шексіз мүмкіншіліктерінің, қажырлы да өте қызықты тұстарының кішкентай бөлігі ғана. Егер теледидарларын күнде қосып жүрген көрермендердің таңдауына назар аударсақ, олардың көбінесе деректі зерттеулер топтамасын көрсететін «Discovery», «Channel», «History»,» National Geographic» арналарын таңдайтынын байқаймыз. Олардың хабарлары циклді деректі фильмдер, ғылыми зерттеулер, деректер мен гипотезалар, пікірлер мен ой-түйіндер. Бірақ осының бәрі документалды жанрда түсірілген деректі фильмдер. Ондай дүниелерді тамашалау әлемдегі алты құрлықтың көрермендері секілді қазақ­стандықтардың да пешенесіне бұйырары хақ. Бізде де талғамы таза, рухани сұранысы Ұлттық мүддені көтеретін телекөрермен бар. Олардың ықылас‑ниетін орындау да бір парыз. Соның нәтижесі анық емес пе? Батыс арналарының табыстылығы таралымында ғана емес, өнімдерінің мән-мағынасында, олардың көрсету формасы мен көрермендерді өзіне тарту тәсілдерінде. Олар көрермендерге расымен де қызықты өнім ұсынады. Телевизияның дамуында деректі жанрдың маңызы орасан-зор. Табыс, жоғары рейтингтер мен көрермендердің қызығушылығы сол арқылы жүзеге асатыны хақ.

666 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз