• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2012

Мемориалды – консервативті театр

Ресей социологтары театрдың түрлеріне анализ жасап театрды алты түрлі бағытқа бөл­ген: 1. Мемориалды – консервативті театр (Ме­мо­риально – консервативный театр) (Клас­сикалық драматургиядан құралатын қор­ды сақтап, ойнау тәсілі ұлттық сахналық мәде­ниеттен тұрады) 2. Дәстүрлі театр (Традиционный театр) (Өзінің шығармашылық қызметінде дәстүрге, бүгінгі күн мен өзекті әлеуметтік-мәдениет құндылықтарына сүйенеді.) 3. Білімдік – ағартушы театр (Образова­тельно-просветительский театр) (Олар үшін көрерменнің көп болуы маңызды, ортақ мә­дениет пен көркем құндылықтар түп - нұсқасы деңгейінде) 4. Коммерциялық театр (Коммерческий театр) (Көпшіліктің арасында кең тараған құндылықтарға сүйеніп, қоғамдағы өзекті про­блематиканы, жалпының қолы жетерлік сахналық формада шешеді) 5. Жаңашыл-эксперименталды театр (Новаторско-экспериментальный театр) (бүгінгі күннің өзекті проблемаларына бағытталып, көпшілік қабылдайтын құндылықтармен ше­шім беріп және дәстүрлі емес «жаңа» сахналық форманы қолданады) 6. Экспериментально – авангардный театр (сахнада өмір сүру тәсілінің жаңа түрін табуға бағытталып, драматургиялық және сахналық формалардың жаңа жолдарын іздеп, көрсету және сахнада ойлаудың өзіндік құнды жолдарын қарастыру таетрдың басты міндеті, ерекшелігі, театрға көрермен көп иә аз келсін оларды күйзелтпейді). Қайсыбір театр түрін құндылығы тек эстетикалық тілекті қанағаттандыру дәре­же­сімен ғана өлшесек – онда біржақтылыққа бой ұрар едік. Театрдағы қандайда бір жақсы шығарма көрермен қауымды-адамдар психо­логиясының сан-қырларына үңілтіп, өмір­ді әртүрлі қырынан тереңірек тануға көмектесіп жатса – міне сонда ғана оның ғұмыры ұзақ, кәдеге жарағандығы. Қазақстан театрларының көп бөлігі мемо­риалды-консервативті театр бағытын ұстанған. Қазақ театрларында бір қағида қа­лып­тасқан: егер классикалық шығарма қою керек болса, атадан балаға үлгі болып келе жатқан Абай айтқандай: «Сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» бір таусылмас сарқын байқалады. Мысалы Абайды ойнау керек болса иллюстрация жасап үстіне шапан, басына тақия киген образ елестейді. Абай тірі адам емес, ескерткіш сияқты. Бірақ Абай қазақ ауыз әдебиетіндегі үлгілермен шектеліп қалған жоқ, сонымен қатар шығыс әдебиетін де, батыс әдебиетін де зерттеді. Бір сөзбен айтқанда Абай екі бағытты ұстанушы. Сондықтан Абайдай біртуар тұлғаны жас буынға әртүрлі қырынан терең зерттеу режиссураға тиесілі. Қазақтың кәсіби драматургі Мұхтар Әуезов 1945-1946 жылдар шамасы болуы керек «Еңілік – Кебек» пьесасын қоюға дайындық үстінде өзі келіп қарап отырып: «Қашан тымақ пен қамшыдан құтылар екенсіңдер?» деп есіктен шығып кетіпті. Ондағы айтпағы сыртқы көрініспен, киіммен қазақилықты көрсетпей, ішкі жан дүниемен көрсету керек дегені сияқты. Сон­дықтан Абай сынды бүкіл қазақ халқының асыл перзентіне айналған нар тұлғаны сомдайтын актер, әуелі оның өмірбаянын жақсы танып, рухани жан-дүниесін терең зерттеп, үлкен ұқыптылықпен келуі шарт. Кешегі кеңестік кезеңде «социалистік қоғам дамуында еш кемшілік жоқ, өзге елдерге өнеге көрсетіп, үлгі болатын мемлекет» деген түсінікпен өмір сүрдік. Ал, мұндай «кемшіліксіз қоғам», өзіндік пікірі жоқ «ләппай тақсыр» адамдар, «біз осындаймыз» деп өтірік мақтану мен кеудемсоқтық бір күні орға жықпай ма? Сол тұста үлкен мінбелерден басшылар баяндама жасағанда халықтың бас шұлғып, шыбындаған аттай қол шапалақтап отыра беруі жайында небір анекдоттар шықты. Тіпті журналистердің өзі әр мақаласының ішінде «КПСС-тің пәленінші съезінің шешімдерін ойдағыдай жүзеге асыра отырып» деп жазбаса жарияланбайтын. Міне, тап осындай кезеңде Қадыр Мырзалиевтің Алдар көсенің хикаяларына ұқсас «Сақал саудасы» деген пьесасынан айтуға рұқсат етілмейтін кемшіліктерді әшкерелеп, режиссер Н.Жақыпбаев мюзикл жасап, Алдар көсенің образы арқылы қоғамдағы жемқорлықты, парақорлықты айыптамақшы болған. Бірақ театр бөлімінің бастығы Әшірбек Сығай «мынауың кеңес өкіметіне қарсы дүние» деп қойылымды өндіріске қабылдағысы келмеді. Ол тұста цензура өте күшті болатын. Әрбір жаңа спектакльді министрлік арнайы қабылдап алатын. Мемориалды - консервативті бағыт осы совет өкіметі кезеңінен бастап қалыптасып, сол тоталитарлы, авторитарлы мем­лекеттің құрамында болған бүкіл елге соның ішінде қазақ өнеріне де әбден сіңді. Әлі содан арыла алмай келеміз. Сахналық бейненің мазмұны мен түрі өмірдің ағымына қарай өзгеріп отыруы – заңды құбылыс. Өмір болмысының жылжуы мен дамуына ілеспей, дәл бүгін болып жатқан өзекті мәселелерді қозғамай, қалыптасқан таптаурын деңгейінде қалу театрдың өміршеңдігіне қауіпті. Ресей елінде де бұл бағыттағы театрлар жеткілікті. Пушкиннің өзі сол кезеңнің заманауи ақыны болса да совет өкіметі одан классик жасады. Бұл елдің санасын жаулаудың, табындырудың бір әдісі қазіргі тілмен айтқанда манипуляция. Қазақ классиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты бірқатар драматургтердің шығармасын оқы­ған режиссер, немесе әрбір өзге оқырман өз Әуезовін, өз Мүсіреповін көреді емес пе. Әр­бір адамның көзқарасы, қабылдауы әртүрлі. Өмір де әртүрлі жаңалықтарымен, әртүрлі бағыт-бағдарымен, әртүрлі құбылыстарымен қызықты. Сондықтан классикалық драматургияны немесе өзге шығарманы қояр алдында, белгілі бір үлгіні қайталап, қалыптан шықпау қауіпті деп есептейміз. Әр мезгілдің сахналық шығармасы өзіндік бейнелеу тәсілдерін, өзіндік қойылу жолдарын, өзіне тән театрлық бояуын, яғни уақыт талабына сай көркем шешім табуы шарт. Мұхтар ДҮНГЕШОВ, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының докторанты

399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз