• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2012

Ресей империясының сыртқы саяси бағыттарын зерттеуде жаңа ұстанымдарды қолдану

Айгүл Әбділдабекова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

Ресей империясының макро­жүйесінде Қаз­ақстанның алатын орны ерекше. Оның айрықша қаралуы кезеңдік және гео­графиялық факторларға байланысты. Зерттеу­шілер импе­рия­лық көлемдегі ұлы­державалық ортақ саясат болмағанына тоқталады. Сонымен қатар, биліктің орыстандыру, ассимиляциялық және синхрондық немесе асинхрондық отарлауы саясатында арнайы жүйелілік сақтал­мады. Оның басты айғағы ретінде Ресей империясының Қазақстанда жүргізген институцианалды басқару, қоғамдық саясатына қатысты көзқарастарды қарастыруға болады. Жоғарыда айтылған пікірді нақты қандай методологиялық ұстаным аясында тарихи талдау жасауға болады? А.Каппелердің зерттеулерінде осы мәселеге қатысты көптеген мемлекет тарихшыларының пікірлеріне баға берілген. Автордың осы мәселеге қатысты пікірінде «Болашақта империя тарихын зерттеуде аймақтық ұстанымның инновациялық маңызы арта түседі. Түрлі кеңістіктегі поли­этникалық империялардың мәнін зерттеуде ұлттық-мемлекеттік дәстүрлі этноцентризмнен шығу мүмкіндігін аламыз. Ұлттық тарихтан ерекшелігі, мұнда этникалық және ұлттық фактор алғашқы ретінде қарастырылмайды, діни және түрлі этникалық топтың бейбіт өмір сүруі этникалық конфликтпен қатар қарастырылады. Басты бағыттардың ауысуы Ресей тарихына қатысты қалыптасқан дәстүрлі орталықтық көзқарастың өзін тоздырғанын байқатады» /1/. Империялық саясатты түсіндірудегі ай­мақ­тық ұстанымның жақтаушыларының бірі – Ресей тарихшысы А.В.Ремнев /2/. Ол ай­мақтық тарихты ол жердің халықтарының тарихымен алмастыруға болмайды, аймақтық әлеуметтік-мәдени орта, экономикалық және саяси-әкімшілік жүйе тұрғысынан қарастыру қажет деп пайымдайды. Тарихнамада қалыптасқан жаңа бағыт аймақтық ұстанымға кәсіби тарихшылар арасында күмәнмен қарайды, оның басты себебі нақты тұжырымның анықталмауында болып отыр. Тіптен «аймақ» түсінігі анықталмаған, түрлі территориялық ауқымға қатысты қолда­нылуында болып отыр. Аймақ түсінігі бір мемлекетке қатысты немесе түрлі мемлекетке қарасты аймақта кетеді. Ресей империясының Қазақстанды отарлау тарихы түрлі ұстанымдар тұрғысынан зерттеліп келеді. Алайда, Қазақстанның оң­түстігін осы аймақтық ұстаным тұрғысынан қарау қазіргі уақытта маңызды болып табылады. Патшалық Ресейдің сыртқы саясатындағы бағыттары, оның ішінде, Қазақстанды отарлауына қатысты зерттеулерде аймақтық ұстаным Ұлы жүзге қатысты нақты қарастырылады. Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей бодандығына енгеннен кейінгі жағдайы қазақ даласына іш­керілей енуге барлық мүмкіндік туғызды. XІX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы зерттеушілер бұл тақырыпқа қатысты түрлі көз­қарастарын білдірді. Мәселен, А.И.Левшин Ішкі істер министрлігі мен Орынбор шекаралық комис­сияның мұрағаты, сондай-ақ, П.И.Рыч­ковтың «История Оренбургская» деген еңбегіне сүйене отырып, Ұлы жүздің XІX ғасырдың басында, яғни, өзінің үш томдық зерттеуі жазылған уақытқа дейінгі жағдайы туралы деректер береді. А.И.Левшиннің Ұлы жүзді сипаттауы өз кезеңіне жақын уақытта өткен тарихи оқиғаларды баяндайтындығымен ма­ңызды. Автор 1732-1734 жылдардағы Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге өз еркімен бодандыққа кіру шараларына Ұлы жүздің қатыспағанын, оның аумағының күшпен бағын­дырылғанын дұрыс көрсетеді. Ал, елші­лік құрамында Ұлы жүздің қауым басылары Оралбай мен Оразгелді батырдың болуын А.И.Левшин Әбілқайыр ханның өз билігін Ұлы жүзге де жүретінін сендіру үшін жасаған шарасы деп түсіндіреді. Бірақ императрица Анна Иоанновнаның сарайына бұл фактілер белгісіз болғандықтан, 1734 жылы Ұлы жүзге де Ресей бодандығына алынғаны туралы грамота тапсырылды. Автордың пікірінше, бірін­шіден, грамотаның Ұлы жүздің ханы Жолбарысқа емес, бір топ билер мен қауым басыларының атына берілгендігі Әбілқайыр хан ойлап тапқан айланы әшкерелейді. Екін­шіден, грамотада былай делінген: «Подданный наш Абульхайыр-хан, всеподданейше нам доносил, что он Вас в подданство наше и принял, и с тем прислал ко двору посланцев ваших Аралбая и Арасгельды-батыра» /3/. Бұл сөздер кейіннен жалған екені белгілі болған Әбілқайыр ханның хаттары мен оның ұлының ауызша сендірулері негіз болды. Бір жағынан, Кіші жүз ханы Ұлы жүзден алыста тұрды, оған ешқандай ықпалы болған жоқ, екінші жағынан, Ұлы жүз Ресейдің бодандығына кіруге ант берген емес. А.И.Левшин Орынбор экспедициясының басшысы И.К.Кирилловқа берілген бодандыққа алу туралы грамотаның тиісті жерге жеткізілмегенін айтады. Шека­раға келіп, нақтылы жағдайды білген И.К.Ки­рилловтың грамотаны ары қарай жеткізуден бас тартуына тура келген. Сонымен қатар, А.И. Левшин Ұлы жүз ханы Жолбарыстың бодандыққа алу туралы өтінішті кейін жаса­ғандығын айтады. Автор мұның себебін ханның Орынбор қаласында сауда-саттық жүргізуге қорғаушы мен көмекке ие болғысы келгенімен түсіндіреді, осы тілегін орындату үшін хан бодандыққа тек өз халқын ғана емес, көршілес халықтарды да алып баратындығына уәде берді: «Условие, Юлбарсом объявленной, показывает, что он думал не о покорности, а только о торговых выгодах. Опыт оправдал это заключение: он не присягал на верность и даже никогда не был на границах наших» /4/. Автор жіберілген басқа да өтініштер туралы деректер келтіреді, бірақ олардың тұтастай жүздерге билігі жүрмейтін сұлтандар мен рубасылар тарапынан жазылғанын айтады. Зерт­теушінің ойынша, бұл өтініштердің негізінде қорғаушы табу емес, сыйлықтар алу жатыр. Сонымен бірге автор Ұлы жүз 1732 немесе 1738 жылы шынайы тілек білдіргеннің өзінде де, Ресей бодандығына кіре алмас еді деген қорытынды жасайды. Мұның себебі не? Осы жерде аймақтық тұжырымның алғашқы орынға шығатынын көреміз. Автор бұл жүздің орыс шекараларынан алыс, жоңғарларға жақын жерде орналасуында, өйткені, «Жоңғарлардың билеушісі қазақтардың ата жауы болғандықтан, кез келген ыңғайлы жағдайда оларды ығыстырып, өш алуға дайын болды, ал, Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге қосылуынан кейін жоңғар билеушісі Ұлы жүзге өз руластарына ере алмайтындай ойсырата соққы беруді көздеді: ол мақсатына жетіп, Ұлы жүзге шабуыл жасап, күйретіп, өзіне бағындырды»/5/. А.И.Левшин Түркістан мен Ташкент арасындағы шағын қалалар XІX ғасыр басына дейін жоңғарлар басқыншылығы кезінде де өз дербестігін сақтап қалғанын айтады. Жоңғар хандығы күйрегеннен кейін, Қытай шекарасына жақын көшіп жүрген Ұлы жүздің бір бөлігі Қытайға бағынып, Ташкентке жақын үшінші бөлігі Қоқан хандығына қарады. Бұл жағдай автордың аталған еңбегі жазылған кезеңде де осы күйінде сақталды. Зерттеуші 1819 жылы өздерін ешкімге тәуелді санамайтын Абылай ханның ұлы Сұйық сұлтан бастаған бірнеше мың үй Ресей билігін мойындағанын көрсетеді. Сонымен бірге, автор мұның алдында Ресей шекарасына көшіп келген Шөрегей (Чурыгей) (1789 ж.) мен Түгүму (Тугуму) (1793 ж.) сұлтандарға қарасты қазақтардың Ресей бодандығына алынғанына назар аудартады. А.И.Левшин Ұлы жүз туралы баяндауларын осы фактілермен аяқтайды. Автор патшалық Ресейдің жаулап алу саясаты туралы мәселені қарастырмағаны байқалады, бұл саясат біршама кейінгі хронологиялық кезеңде жүзеге асқаны белгілі. Ұлы жүздің кейбір сұлтандарының Ресей бодандығына кіруін өз еркімен қауіпсіздік мақсатында жасалған қадам ретінде сипаттады. Бұдан кейінгі оқиғалар желісінде ешқандай еріктілік болмағанын көрсетті; Ұлы жүз аумағы әскери күш көрсету нәтижесінде қосылды. А.И.Левшин Кіші жүз бен Орта жүздерге қатысты қолданған концептуалдық пікірді сақтайды, бірақ сол кездегі тарихи жағдай айтарлықтай өзгеріске ұшырап, Ресей өзінің басқыншылық саясатын ашық жүргізуге кіріскен еді. Бұл мәселе Н.И.Крафттың еңбектерінде де осы қырынан ашылды. Автор Үлкен Орда Әбілқайыр бастамасына қосылмай, кейін оны жоңғарлар жаулап алды, соңында Қытайға бағынып, «үстіміздегі ғасырдың басында Қытай билігінің әлсіреуінің салдарынан қоқандықтар тарапынан үлкен қысымға ұшырады; ал, Орта жүз қырғыздарының орыстардың қол астындағы тыныш өмірі туралы естіп, Үлкен орданың қырғыздары орыстарға бодан болудың жолдарын іздей бастады» /6/ деп көрсетті. Сонымен, И.И.Крафт Ресей өзінің тәртібін енгізудің пайдасын көргеннен кейін, Ұлы жүз сұлтандары бодандықты өз еркімен қабылдады деген қате пікір білдіреді. А.И.Левшиннің зерттеулерімен салыстырғанда, автор еңбегінің кейіннен — патша өкіметі күш көрсету арқылы қазақ даласын басып алуға кіріскен кезде жазылғанына қарамастан, бұл мәселені үстірт зерттейді. Ұлы жүз бен Ресей арасындағы қарым-қатынас Ш.Ш.Уәлиханов еңбектерінде де қарастырылды. Ұлы жүздің ХІХ ғасыр басындағы жағдайын сипаттай келе, ол қытайлықтар мен қоқандықтар тарапынан қауіп болғанымен, «1853 жылы орыстардың Іле өңірін алуы бұл жерлердегі тәртіпсіздіктерді біржолата тыйғанын, соған байланысты, бұл елдің жақын арада өз саудасы мен байлығы арқылы гүлденіп кете алатынын» /7/ айтады. Патшалық Ресейдің қазақ даласына ішкерілей енуі өз шекарасын көшпелі халықтардан қорғау, біртіндеп бодандық қабылдап жатқан қазақ руларына қолдау көрсету мақсаттарымен байланысты түсіндіріледі, сондай-ақ, автор осылай жылжуға Ресей мәжбүрліктен барды деп санайды. Егер, Ресей бастапқы кезде қоныстар салмай-ақ, кең ауқымды шекаралық линияны ғана ұстап тұрса, «осы ғасырда орыстардың әрекеті басқа сипата болар еді, 1810 жылы Іле өңірі атымен белгілі Орал өзеніне жақын жатқан кеңістік даладан бөлініп алынды, 1824-1834 жылдар аралығында Сібір ведомствосының қырғыз даласындағы алғашқы қоныстарының негізі салынды»/8/. Ш.Ш.Уәлихановтың патша өкіметінің мұндай саясатына айыптаусыз, әрі түсіністікпен қарайтыны байқалады: «1845-1847 жылдар аралығында Үлкен орда Ресей бодандығын қабылдайды, ал, Жетісу Алатауының етегінде Ресей билігін бекіту үшін Қапал қаласы салынды» /9/. И.Казанцев 1819 жылы Сұйық сұлтанның өз еркімен Ресей бодандығына өтуін айта келе, қадам басқан сайын көрген қиыншылықтары мен шығындарына қарамастан, елдің ауқаттылығы, қауіпсіздігі, өркениетін қамтамасыз ету үшін Ресей «жабайы елдердің» ішіне ілгерілеп енуге мәжбүр болды дейді. Орыс тарихнамасы Ұлы жүз Ресейден пайда көрген басқа жүздердің тәжірибесіне қызығып, ерікті түрде қосылды деп бағалайды. Тек соңғы зерттеулер ғана патша өкіметінің жаулап алу саясатын ашып көрсетеді, бұл зерттеулерді осы оқиғалардың тікелей куәлары – әскери адамдардың жазуы аса маңызды фактор болып табылады. Сонымен, көрсетілген еңбектерден кейін жазылған жұмыстарды талдауға көшпес бұрын оларда патша өкіметінің ортаазиялық хандықтарды жаулап алу акцияларының соғыс аспектісі алдыңғы межеге шығатынын ескерту керек. Ұлы жүзді бағындыру міндетінің жүзеге асуы орыс әскерінің оңтүстікке қарай жылжуы мен орнығу кезеңдерімен байланысты қаралады. Авторлар негізінен соғыс әрекеті мен соғыс операцияларын жүргізу тактикасына көңіл бөледі. Жұмыстардың аттарынан-ақ мәселесі белгілі болып, сипаттама түрінде жазылды. Мысалы, А.И.Макшеевтің «Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских» атты жұмысы көлемі жағынан үлкен болса да, онда Ұлы жүзге бірнеше абзацтар ғана арналған. Бұл абзацтарда Ұлы жүз жерінің бір бөлігі жоңғарлардың, кейін қытайдың, екінші бөлігі қоқандықтардың ықпалында болып, Жетісу өңірінде көшіп жүргені, үшінші бөлігі өз тәуелсіздігін сақтап келіп, 1847 жылы Ресей бодандығына кіргені, осының нәтижесі ретінде Қапал бекінісінің салынуы туралы ғана айтылады. «Түркістанға ішкерілей жылжу 1847 жылы Қырғыз даласының оңтүстік бөлігінде алғашқы бекіністерді салудан басталды» /10/. Автор орыстардың қазақ жеріне ішкерілей жылжуының бір себебі «қырғыздарды оңтүстіктен толықтай қоршап қою» мақсатынан туындағандығын сөз арасында айтып кетеді. Сонымен, А.И. Макшееевтің жұмысында патша өкіметінің Орта Азияның оңтүстігіндегі соғыс әрекетінің барысы жан-жақты баяндалған, ал Ресейдің Ұлы жүзді қосып алуы өз еркімен бағыну актісі ретінде көрсетіледі. Бірқатар әкімшілік-саяси реформалар жүргізіп, өз билігін күшейтіп алған Ресей қазақ жерін ортаазиялық хандықтарды жаулап алу алдындағы дайындық алаңы ретінде пайдаланды, ал, патша әскерінің Ұлы жүз аумағындағы соғыс әрекеттерінің бояуы солғындатып беріледі. А.Беляевскийдің «Материалы по Туркестану» атты зерттеуі де осы сарында баяндалған. «1824 жыл мен 1838 жылдар аралығында алғы әскери топтар қазақ жеріне қандай да бір қарсылықсыз‚ тіпті, қырғыздардың басым көпшілігінің қол­дауымен ішкерілей түсті» деп жаза келіп, ары қарай орыс ықпал ете алатын аймақтарды нақтылай көрсетеді. Патша өкіметінің оңтүс­тікке қарай қозғалуы, Ұлы жүздің қытай билігінің әлсірегеннен кейінгі қоқандықтардың ығыс­тыруы салдарынан өз еркімен Ресей бо­дандығына кіру үдерісі, Беляевскийдің пікі­рін­ше, Қытайды ашуландырып алмас үшін біраз уақытқа тоқтап қалды. Бірақ 1845 жылы «Ұлы жүздің де бодандығы қабылданып, онда Орта жүздегідей орыс өкіметінің қолдауымен орыс әскерін астықпен қамтамасыз етіп отыратын казактардың қоныстары салынды /11/. Бұдан кейінгі қазақ жерлеріне ішкерілей ену себептері «өз бодандарын адамгершілік тұрғыдан қорғау» ниетімен түсіндіріледі. Автор орыс билігін күшейтуге бағытталған Түркістан өлкесін құруға арналған шараларды өте жоғары бағалайды, патша әкімшілігінің шенеунігі үшін бұл таңқаларлық жайт емес. М.А. Терентьева, Ф. Щербина, М.Юдин, М.В.Лавров, П.П. Румянцевтің жұмыстары да осы сарынмен жазылған, ондағы баяндалған ұстанымдар қарапайым: - Ресейдің Орта Азияға қарай жылжуының негіздемесі; - тарихқа қысқаша шолу; - материалдың қысқаша фактологиясы; - Ресей билігін күшейту шараларын баяндау. Сонымен, қазақтардың Ресейге қосылуға мүдделі болғаны және Ресейдің өз шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Орта Азияны жаулап алғаны туралы пікір барлық авторларда сол кезеңде үстемдік етіп тұрған концептуалдық ұстанымға сай берілді. Орыс зерттеушілерінің жұмысында патша әкімшілігі тарапынан айтылған сын пікірлердің табылмауы – заңды, жазалаушы әскер әрекеттері туралы фактілер жасырылып, олар айтылған күннің өзінде мәжбүрліктен туындаған әрекет ретінде түсіндіріледі. Аталған жұмыстарда тарихи оқи­ға­ларды Ресейдің мүдделеріне қарай патша өкіметінің саясатын ақтау үшін бұрмаланып баяндалғанын баса айту керек, баяндаудың мұндай тәсілі кейін жазылған зерттеулерге де тән болды.

1606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз