• Заманхат
  • 05 Ақпан, 2015

«ТУ СЫРТЫМНАН КӨКЖОРҒА КІСІНЕДІ...»

Тоқтарбек Қамзин,
ақын

Шығармашылық қашанда өз заманының, дәуірінің, сол кезеңде қалыптасқан қоғамдық үрдістердің жемісі екені баршамызға аян. Қо­ғамдық процестер мен өмірлік қағида­лардың шығармашылық иесінің санасында трансформациялануы арқылы дүниеге тың туынды келеді. Яғни, ақын шығармасынан дәуір шындығын іздеген кезде лирикалық кейіпкердің жан әлемінің жүйесі және ақын дүниетанымының призмасы арқылы қарауымыз керек. Объектіге деген субъек­тивті көзқарас шығармашылық психологиясын айқындайды. Осы ретпен ақын Жанат Әскербекқызының өлеңдеріндегі көне ертегілік, эпостық образдар мен желілерге назар аударалық. Ақын ауыз әдебиетіндегі әйелдер образын поэзияда өрнектеген кезде, жалаң эклектизмге бой алдырмаған. Ол сомдаған образдар лири­калық кейіпкердің рухымен үн­дес, өзектес. Санамен түйсінетін нәзік желі­лерді ақын тап баса білген. Сол ар­қылы өлең­дерінің поэтикалық қуатын арт­тырған. Мысалға Бекторы образына тоқ­та­лайық. 


Бала күнімізден біздің санамызда қалып­тас­қаны – ескі қағида тұрғысынан жіктесек, Бекторы – «жағымсыз кейіпкер». Бекторы пері болса да пендеге – Төстікке ғашық бо­лады. Есте жоқ ерте заманда мифтік сана бойын­­ша адам затына үш әлемнің бірдей есігі ашық болған. Ер Төстік ертегісі осы тұр­ғыдан алғанда ертегілердің ішіндегі ең көнесі, байырғысы болып есептеледі.  Яғ­ни, Жанат Әскербекқызының өлеңін­дегі Бекторы – этно-архаикалық образ. Ықылым замандар мен қазіргі уақытты жалғастырып тұрған ақындық қиялдың жүйріктігі де осында. Алайда, Бекторы образы ақын өлеңінде уақыттың талабына сай және лирикалық кейіпкердің көңіл ауанына байланысты іштей өзгешелікке ұшыраған. Яғни, этно-архаикалық образ жаңарған, ақын поэзия арқылы жаңа мағына  алып келген. Ақын Бекторының ертегіде көрінбеген, жария етілмеген тағы бір қырын – медальдің екінші бетін интуициясымен сезінген. Бекторының пендеге ғашық болуының өзі оның жан әлеміндегі арпалыстың нәзіктігін, тіпті періге тән емес әлсіздігін көрсетсе керек. 
Өлеңнің өне бойында үш желі бар. Бірін­шісі Бекторы – объект, екіншісі – лирикалық кейіпкер, үшіншісі – ақынның бірінші мен екіншіге қарым-қатынасы.  Бекторы арқылы лирикалық кейіпкердің жанындағы болмашы нәзік сәулені танимыз. Өлең композициясында жоғарыда біз атаған үштік бір-бірімен араласып, қоса-қабат жүріп отырады. Кей тұстарында Бекторы мен лирикалық кейіпкердің мұңы ұқсайтын тәрізді де болып көрінеді. Ақындықтың ішкі қуаты да объект пен лирикалық кейіпкердің сіңісіп кетуінде. Сол арқылы нысанаға алынған объект көркем образ дәрежесіне көтерілген. 
Өлең оқуға жеңіл – сегіз буын, екі бу­нақ­тан тұрады, қанға сіңді қара өлең ұйқасымен өрілген. Асылы, сол ерте­гілер­дің өздері де уақытында өлең үлгісінде жа­зылған болуы керек. Себебі, айтуға – көр­­кем, түсінуге – нақты, баян­дауға жеңіл тү­­седі. Сонымен қатар, ертегілер басталарда айтылатын ұй­қасты қайырымдарды қайда қоямыз. Қош, өлең мәтініне назар аударсаңыз, алғашқы шумақтан ақынның ті­келей объектіге қатынасы бірден байқа­лады. 
 Пендеге айтпа өкпені, 
 Перінің қызы Бекторы.
Қайтесің мыстан-пиғылды
Тәңіріңе сиын көктегі.
Бұл шумақта лирикалық кейіпкердің сұлбасы нақты байқалмағанмен, ақынның бірден образға көшуінің өзіне лирикалық кейіпкердің жан әлемі әсер еткен. Осы шумақ­тан байқайтынымыз ақынның көркемдік логикасының өрімін өзгерте отырып, бірінші жол мен екінші жолдың орнын ауыстыруға болады. 
Перінің қызы Бекторы,
Пендеге айтпа өкпені.                           
Бұлар «қосылғаштар» тәрізді, қалай қойса да қосындысы біреу болып шығатын. Алай­да, бірінші жол – алдымен лирикалық кейіпкерге қатынасы бар тармақ. Пендеге өкпені алдымен лирикалық кейіпкер айтпауы керек сияқты. Аталған тармақ өлеңді бастау арқылы лирикалық кейіпкер санасындағы байқалмайтын  өкінішті жария етеді. Осыдан кейін барып перінің қызы Бекторыға кезек келеді. Өлең жолдарының ары қарайғы өрімінде лирикалық кейіпкер мен көркем образдан шебер өрімшінің қолына берілген тас­па тәрізді келісті комбинация жасалған. Бірде лирикалық кейіпкер көрінсе, бірде көркем образ алдыға шығады. Өлеңнің ырғағымен баяу тербетіле, көз алдымызға алма кезек көріне отырып, өлеңнің «жұп-жұмыр, айналасы тегіс келуіне» өз әсерін тигізеді. Өлеңнің оқуға жатық әрі тез болып көрінетін сегіз буынды болуы, бір жағынан образ бен лирикалық кейіпкердің өзара алмасуына жеңіл тиуінен де туындағандай. Бекторы мен лирикалық кейіпкердің арасындағы үндестік арқылы ақынның айтуға һәм айтылуға тиіс идеясы жүйеленеді. 
Сынықси күлмей сыр бүгіп, 
Көрсеттің несін сұм қылық, – деген жолдар көркем образды ашуға тікелей бағыт­талса, 
Шаңына көміп кетті ме,
Шалқұйрық мінген бір жігіт, – жолдарынан лирикалық кейіпкердің жанындағы драманы да айқын тануға болады. Төстіктің – Ер Төстік емес, Шалқұйрық мінген бір жігіт атауымен берілуі «шаң» сөзіне аллитера­ция үшін ғана емес, нақтылы Бекторыға қаты­насын «әлсіретуге», жалпыландыруға сол ар­қылы лирикалық кейіпкерді даралау үшін де қажет болған.  Жалпы алғанда, Төстіктен басқа өлеңдегі Сорқұдық, Кенжекей, құба інген боталайтын тұс – бәрі-бәрі жекеліктен  жалпылық сипатқа ие болған. 
Сорқұдық кімге сор мекен, 
Сорлы жер, сірә, шерге тең.
Төстіктей ерді қай күні
Шыққыр да көзің көрді екен?!
Ертегідегі жер атауы «Сорқұдық» – ақын өмір сүріп отырған уақыттың, қоғамдық ортаның өлеңдегі нұсқасы. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды атам» деп зарланатын Кенжекейдің бағы Бекторыдан бес елі артық. Соны терең түйсінген ақын «Сор құдық кімге сор мекен» деген сұраулы жол­ды көлденең тартады. Жауап беретін оқыр­ман­ның өзі. 
Пешенеңнің де соры бар, 
Кездеспес пенде оны ұғар.
Кенжекейдейін арудың
Кердеңдейтұғын жөні бар.
Бекторының басындағы хал-күй  – нақты, анық. Сондықтан, өлеңде ақын екінші жаққа – Бекторыға қарата сөйлейді. Біріншіден, бұл Бекторыны айқындай түссе, екіншіден, ақынның жариялылықтан қашуынан туындаған. Және ақынның сол арқылы лирикалық кейіпкерді салмақтандырғысы келгенін көреміз. «Кердеңдейтұғын» сөзі­нің эмоциялық мәні Кенжекейдің қимыл әрекетінен гөрі Бекторының һәм лирикалық кейіпкердің жанындағы дертті тырнағандай. Өзіңнің жаныңды ауыртып, жүрегіңді жаншып кеткен тәрізді. Өлеңдегі ішкі ақын­дық қуат-сезімдер гармониясы, композициялық жұмырлық, лирикалық кейіпкердің даралығы уақыттың алшақ­тығына қарамастан байырғы мен бүгін­гіні әсем үндестіре білген. Өлең со­ңы­на қарай Бекторының рөлі «әлсіреп», сезім «коэффицентінің» басым көпшілігі лири­калық кейіпкер өзегіне құйылған. Өлеңнің басында аты аталған пері қызы өлеңнің орта тұсынан асқан сәтте лирикалық кейіпкердің көңіл ауанына қарап, ыңғайына жығылады. Ақынның көркем образға қарым-қатынасы деректі ұғымдар мен ертегілік элементтердің өлеңде пайдаланылған тұстарында ғана қылаң береді. 
Қайрылмас ару құшқан ер,
Демемес тағы дұшпан ел.
Бошалап кеткен құба інген
Боталап қалған тұсқа кел.
Ақын ертегінің нақтылы эпизодтарына мән берген. Өлең көркемдігі үшін Кенжекейдің сертпен белін буған матаның босауы эпизодынан гөрі, «бошалаған құба інген боталаған тұс» – сағынышты жандардың жолыққан жері қымбат. Лирикалық кейіпкердің жан қалауы да сол.   Өлеңнің идеясы да осы болса керек. Бекторының, Кенжекейдің, лирикалық кейіпкердің бақытқа деген қарым-қатынасы – бақытқа ұмтылуы. 
Енді өлеңнің соңғы екі жолына назар аударалық:
Көңіліңді сөйтіп жұбат бір, 
Ақылды кекке шырақ қыл. 
...Жарты лашыққа аялдап, 
Жолаушы сусын сұрап тұр.
 Толықсып шықшы алдынан,
 Төгілтіп тұрып сал бір ән.
 Тағдырын шеш деп өзіңнің 
Төрелігіңе қалдырам...
Ертегіде жолаушының жарты лашыққа аялдайтын тұсы құба інген боталайтын кезден бұрын болатын оқиға. Поэзиядағы көркемдік шешім үшін жолаушының жарты лашыққа аялдауы өлеңнің соңында болуы тиіс. Жоғарыда біз айтқан Бекторы ықпалының «әлсіреу» тұсы нақты көрінетін кез де осы. Ертегінің композициялық құрылымының өзгеруі поэзиялық шығарманың композициясына ерекше реңк береді. Бекторы өзінің өлеңдегі миссиясын толығымен атқарып, лирикалық кейіпкердің сезіміне ерік берген. Лирикалық кейіпкердің жан әлеміндегі құлазу өлеңнің соңында Бекторының образынан байқала қой­майды. Ақын «ақылын кекке шырақ қылуға» лирикалық кейіпкерді шақы­рады, өлеңдегі психологиялық драматизм, динамикалық қозғалыс тыншу табады. Керісінше, Бекторы образы өзінің пері­лік сипатына қайтадан оралғанын көзі қарақты оқырман аңғаруы тиіс. Лирикалық кейіпкер тағдырын шешу үшін кімнің төрелігіне қалдырды? Ал жолаушының алдынан төгілтіп тұрып ән салатын кім? Ішкі жан әлеміңнің түйсіктерін іске қосатын сәттер де осы кез. Поэзияның құдіреті де осында. Түйсінесің, сезінесің. 
«Перінің қызы Бекторы» туындысы – образы соны, көркемдік ерекшелігі жоғары, сезімдік бояуы қалың өлең. Көркем образдың жаңалығы өлеңдегі айтылатын идеяны танытуға зор үлесін тигізген. Дыбыс һәм тұтас буындық аллитерациялар мен ассонанстар құрылым мен ұйқасқа, образ бен идеяға  өз-өзінен сұранып тұр. Ақын жаңа туындыны жазу барысында әлем-жәлем бояуларды тізбелемей, образдың функциялық ерекшеліктері талап еткен тіркестерді пайдалану арқылы көркемдік элементтер қалыптастыра білген. 
Поэзия – бөлшектерді бүтінге айналдыру, қайшылықтарды қиюластыру болса, Жанат Әскербекқызының «Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді»  өлеңінен бөлшектерден құралған тұтас сезімдік суреттер картинасын көреміз. Образдар мен тұтас образдық тіркестерден тұратын өлеңде Қыз Жібек лирикалық кейіп­кердің логикалық прототипіне айналған. Алайда ақын Жібектің образын суреттегісі келмеген. Себебі, эпостағы арудың басындағы трагикалық хәл нақты – Төлеген өлген. Тө­леген өлсе де рухымен қалаулысын қол­дайды. Сондықтан да, жалғыз қалған Жі­бек емес, жетім қалған, қаңғырып қалған сүйіспеншілік сезім. Лирикалық кейіпкердің мүдделі болатыны да сол тұрағын таппаған сезімнің хәл-күйі. Ал, Көкжорға – кейіпкер сезіміне эталлон. Өлең сюжетін – детальдар, метафора, кейіптеулер т.б. көркемдік құралдар өреді. Метофоралық тәсілдің бір ерекшелігі – айта-айта аузыңыз кепкен жасандылықтан арылтатыны өлең мәтінінен анық байқаймыз. Адамның жан әлеміне сүңгу, сезіміне араласу, көңіліне құйылу тұспалдық тәсілмен ақынның оң жамбасына келген. Сезім бояуы­ның жанды қозғалысы, психологиялық драматизм өлең құрылымын кернеп тұр. 
Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді,
Кісінеуі кімді еске түсіреді.
Иесінің жоқтығы – өңім еді,
Ер-тоқымсыз келгені түсім еді.
...Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді...
Шығарма басталысымен әрбір қазаққа бала күнінен таныс трагедиялық оқиға бірден еске түседі. Эпоста көрінетін ыстық сезімнің жалыны өлеңде өз өрнегін тапқандай. Ұлттық менталитетке сай иірімдер: жорыққа кеткен, жолаушы кеткен жанның жансерігі – аты шылбырын сүйрете иесіз келуінің қандай боларын қазақ жақсы түсінеді. Ыстық сезім туралы өлеңнің астарынан  қаңтардың ызғары ескендей...  
Бұл шумақта эмоциялық эффект басым. «Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді» деген жол Қызды да Көкжорғаны да елес­тетпес бұрын кісінеуден «ШОШЫП» кеткен белгісіз бейненің әлемтапырық жүзін көз алдыңызға әкеледі. Жорғаның лирикалық кейіпкердің «ту сыртынан» келуі сол «қорқынышты»  тануға және оны оқырман психикасына көшіруге бастау болады. Көкжорға – сезім. Ие мен ер-тоқым – бүтіннің бөлшектері деталь. Антоним болатын  өң мен түс-сезімдердің қайшыласуы. Көкжорға – сезімнің шоқтығына жармасып объект келуі тиіс болатын. Жоқ. Белгісіздік. Сол белгісіздікті білдіретін тыныс белгісінің де өлең көркемдігін арттыруға өзіндік себі мол. Бастапқы тармақтың шумақ соңында қайталанып екі жағынан бірдей көп нүкте қойылуы, Көкжорға – сезімнің қамалуы, лирикалық кейіпкердің қайда барарын білмей аңырып-аңырап қалуын көрсетеді. Сезім абстрактылы сипаттан конкретті көрініске көшкен. Шығармашылық шеберлік сезімнің түзілу эволюциясын бая­ғы­да игерген, енді қалғаны сезімдегі – динамика. Сезімді  қозғалыс арқылы образ дәрежесіне көтеру.  
Сор тіледі, қайсысы бақ тіледі,
Өзегімді ащы өксік қақ тіледі.
Еңіреген Ертісті артқа тастап,
Жағасынан Есілдің тапты мені.
Өлең жолдарында берілген нақты геогра­фиялық атаулар – Ертіс пен Есіл, тақырыпты тануға негіз болған лири­калық кейіпкер түйсінетін қоғамдық-әлеу­меттік процестер тәрізді. Жоғарыда біз айтқан, жанды қозғалысты көрсету үшін арақашықтық керек. Ол нақты географиялық атаулармен беріледі. Себебі, сезім де конкретті – Көкжорға. Сезімнің ағыны Көкжорғаның тайпалғаны тәрізді төгіліп кеткен. Бұл жердегі қақ тілінген өзек, еңіреген Ертіс, көз ілген үміт, дұшпан жел, озбыр жел сияқты образды тіркестерді жекелеп айтудың қажеті жоқ, себебі, ол тіркестер тек қана лирикалық кейіпкердің жан әлеміндегі арпалысты таныту үшін алын­ған спецификалық ойлар. Өлеңнің соңы­на қарай сезім тұлғаланған. Есілге келіп мұң шаққан лирикалық кейіпкер объектіні көретін тәрізді. Қоршаған ортаның тұспалы болып тұрған дұшпан желдің қылығы да жаныңды ауыртады.  Лирикалық кейіпкер мен образдың даралығы үшін қажет анимистік сипат­тағы жел сәтті алынған. Өлең композициясын шұбалаңқылыққа кетірмей сәтінде қайыруға негіз болған да сол. Кенеттен басталып, ғайыпқа сіңеді. Бес шумақтың өне бойында шашау шыққан әріп те, дыбыс та жоқ. 
Ж.Әскербекқызының шығармашылы­ғында анық байқалатыны – метафора, меңзеу, тұспалдау тәсілінің басымдылығы. Ақын жариялылыққа бармайды. Дерексіз ұғымдарды заттандырып, жалқы ұғымдарды жалпыландырады. Өзі суреттеп һәм сомдап отырған оқиға-образдан, объектіден тыс қалып, оған салқын қарамайды. Керісінше, өз объектісінің өзегіне терең бойлауға, жан әлемін тануға ұмтылады.  Бұл әрине ақынның толық шығармашылығына қатысты пікір.

 

799 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз